ӘЛЕУМЕТТІК БАҒЫТ: ОТБАСЫЛЫҚ ЖАҒДАЙ МЕН ҚОҒАМДЫҚ ҚЫСЫМНЫҢ ҚАРЖЫ ПИРАМИДАЛАРЫНА ИТЕРМЕЛЕУІ (ТҮРКІСТАН МЫСАЛЫНДА)
Қаржы пирамидасына еру — кейде жеке шешім емес, қоғам мен отбасы жағдайының ықпалы арқылы қабылданатын әрекет.

Түркістан облысында өмір сүретін тұрғындардың көбісі — әлеуметтік қысым, тұрмыстық қиындық, жақын ортаның ықпалына бейім ортада өмір сүріп жатыр. Бұл аймақта табыс табу мүмкіндігінің шектеулілігі мен қолдау тетіктерінің жеткіліксіздігі азаматтарды балама жол іздеуге итермелейді. Сол балама жолдардың бірі – өкінішке қарай, қаржы пирамидалары болып отыр. Бұл мақалада әлеуметтік факторлардың пирамидаларға сеніп қалуға қалай әсер ететіні баяндалады.
Отбасылық жауапкершілік пен табыс қысымы
Көп балалы немесе жалғыз асыраушы болып отырған ата-аналар үшін кез келген табыс көзі үміт сыйлайды. Түркістан өңірінде отбасын асырау, баланың оқуын қамтамасыз ету, үйге қажеттілік алу сияқты міндеттемелер иыққа түскенде, «тез табыс» іздеу табиғи қажеттілікке айналады. Қаржы пирамидалары осы әлсіздікті өз пайдасына жаратады. «Ақшаны өсіріп береміз», «көп күш салмай-ақ пайда болады» деген уәделер отбасылық қысыммен жүрген адамға сенімді болып көрінеді. Қаржы жетіспеушілігі – ойланбастан шешім қабылдауға жол ашатын фактор.
Жұмыссыздық пен әлеуметтік теңсіздік
Түркістан облысындағы кейбір шалғай ауылдарда ресми жұмыспен қамтылу деңгейі төмен. Жастардың, әсіресе әйел азаматтардың экономикалық белсенділігі шектеулі. Мұндай ортада қаржы пирамидасы балама табыс көзі ретінде көрінеді. Адам өзін қоғамға қажетсіз сезінген сайын, өмірден өз орнын іздеп, кез келген ұсынысты қабылдауға бейім болады. Бұл әсіресе ұзақ уақыт жұмыс таппаған азаматтарға тән. Олар үшін «көп еңбек етпей, ақша табуға болады» деген уәде – мүмкіндіктен бұрын, құтқарылу жолы секілді.
Жақын ортаның әсері мен сенім қысымы
Туыстар, достар, көршілер, әріптестер — адамның шешіміне әсер ететін орта. Түркістан облысында әсіресе ауыл-аймақтарда туыстық қатынас өте тығыз. Бір адам қаржы пирамидасына кірсе, ол міндетті түрде жақындарын да шақырады. «Сенбесең мені сенбей тұрсың ба?», «мен үшін кірші», «бәріміз табыс табамыз» деген сөздер психологиялық қысым қалыптастырады. Жақынының көңілін қалдырғысы келмеген адам, ішкі күмәні болса да, келісіп жатады. Осылайша жақын ортаның әсері қаржылық тәуекелге бастайды.
Ауылдық және қала шеткері аймақтардың осалдығы
Шалғай ауылдар мен қала іргесіндегі аудандарда ресми ақпаратқа, заңдық түсіндіруге, қаржылық кеңеске қол жеткізу қиын. Мұндай жерлерде пирамидалар туралы ескерту емес, «пайда көрді» деген әңгіме тез таралады. Түркістанның көптеген елді мекендерінде қаржы пирамидасы туралы нақты түсіндіру жұмыстары жүрмеген. Алаяқтар дәл осындай ақпараттық вакуумды пайдаланып, жүйені оңай енгізеді. Ауыл тұрғындары бір-бірінен естігеніне сеніп, нақты тексерусіз шешім қабылдайды. Бұл әлеуметтік осалдық — пирамидаларға жол ашады.
Тұрақсыз табыс пен несиеге тәуелділік
Облыс тұрғындарының бір бөлігі күнделікті өмірін несие, қарыз арқылы реттеп отыр. Жалақы мен табыс тұрақсыз болған жағдайда, борыш көбейеді. Осындай жағдайда адамдар несие жабу үшін де ақша іздеп, пирамидаларға жүгінеді. «Қарызды екі есе етіп жабамын», «ақшам өспесе, бәрібір төлей алмаймын» деген үміт оларды тәуекелге итермелейді. Қаржы пирамидасына кіріп, одан шыққанға дейінгі аралықта олар жаңа қарызға батуы мүмкін. Бұл — табыстың емес, күйзелістің үдей түсу жолы.
Әйелдер мен зейнеткерлердің әлеуметтік осалдығы
Әлеуметтік тұрғыда әлсіз топтардың бірі – жалғызбасты әйелдер мен зейнеткерлер. Түркістанда мұндай топтардың қаржы пирамидасына жиі алдануы байқалады. Олар сенімге тез кіретін, эмоционалдық тұрғыда иланғыш адамдар қатарында. Сонымен қатар, зейнетақысы аз немесе баласын жалғыз асырап отырған аналар балама табыс көзін іздеп, тәуекелге барады. Алаяқтар бұл осал топты арнайы нысанаға алады: жылы сөйлеп, ұялтып, «басқаларға көмектесесіз» деп сендіреді. Бұл — әлеуметтік осалдықтың психологиялық манипуляцияға айналған көрінісі.
Жастардың әлеуметтік жол іздеуі және статустық қысым
Түркістан өңірінде жастар арасында “жақсы өмірге тез жету” мен “әлеуметтік мәртебе” мәселесі өте өзекті. Көпшілік жас буын қоғамда өзін дәлелдеуге, құрдастарынан қалмауға тырысады. Әлеуметтік желілерде көріп жүрген жетістік бейнелері, материалдық табысты өмір сүру үлгілері оларға үлкен психологиялық қысым тудырады. Автокөлік, қымбат телефон, шетелдік саяхат секілді атрибуттарға қол жеткізуді арман еткен жастар үшін қаржы пирамидасы — тез табыс табудың оңай жолы болып көрінеді. Олар әдетте «қазір кірмесем, ешқашан болмайды» деген ұстаныммен әрекет етеді. Мұндай қысымда олар табыс табудың заңды немесе заңсыз жолын айыра бермейді. Ең сорақысы — өз ортасында “ақшам бар” деп көрінгісі келіп, несие алып, соңғы тиынын құйып жіберетіндер де бар. Бұл — тек қаржылық емес, әлеуметтік тұрғыдан да күрделі мәселе. Статус үшін құрылған үміт — талай жасты алдау құрбанына айналдырып отыр. Осы бағытта нақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен психологиялық қолдау шаралары ауадай қажет.