Қоғам

ТҮРКІЛЕР ТӨРІ ТҮРКІСТАН

ТҮРКІ ТІЛДЕС МЕМЛЕКЕТТЕР БАСШЫ­ЛАРЫНЫҢ САММИТІ АЛДЫНДАҒЫ ТОЛҒАНЫС

Ұлы дала елінде, Түркі әлемі төрінде, Қара шаңырақ Қазақстанда 2018 жылғы 19 маусымда тарихи тағылымы терең, таңғажайып жаңалық болды. Әлемдегі ең жаңашыл, бастамашыл мемлекет басшыларының бірі ретінде мойындалған, тұтас Түркі дүниесінің ақсақалы атанған Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысы құрылды. Шырайлы Шымкент шаһарына үшінші мегаполис ретінде республикалық мәртебе берілді. Түркістан шаһары өңір орталығына айналды. Түркі әлемінің мәдени-рухани  жауһары болмақ жасампаз жолға түсті. Түркістанымыз. Шаһарды үйлесімді үлгімен, өрелі де өрісті өнегемен, жедел және жан-жақты дамыту жөніндегі міндеттер айқындалды. 

Ел қуанды. Еңселенді. Халық шаттанды. Шадыман рухқа кенелді. Түркістан шаһарының мерейі түгел түркі жұртын, туысқан, көршілес те еншілес елдерді елеңдетті. Қазақстан Тәуелсіздік алғалы Тұңғыш Президент айрықша аңғартып келе жатқан асыл мұрат жүзеленді. Бағзыдағы бабалардың, бертініректегі Алаш ардақтыларының аманаттарына адалдық айшықталды. 

Түркістан ұғымы – ұлы ұғым. Түркістан дегенде, бүкіл Түркі әлемі, Түркі қағанаты, көк түркілердің дүрілдеген дүр дәуірлері, түркілік тегіміз, түркілік түбіріміз, түркілік тіліміз ойға оралады. Жадымызды жаңғыртады. Баршамыздың бойымызды серпіліс сезімі кернеп, рухымыз асқақтайды. Түркістан деген сөз ­рухани жаңғыруға, рухани жаңаруға шақырады. Елбасы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық еңбегін Түркі әлемінің зиялылары зерделей келе зау-заңғар, биік баға берді. «Рухани жаңғыру – түркі тілдес елдердің ортақ олжасы» деді олар. «Түркістан облысының құрылуы – сол Рухани жаңғыру стратегиясының нақтылы нәтижесі» десті бауырларымыз.

Түркістанымызды қайта түлету ­тура­лы Тұңғыш Президентіміз Тәуелсіздіктің әуелгі кезінен-ақ кемел ойларға беріл­гені белгілі. Бұл туралы басқалар да, Елбасының өзі де айтып та, жазып та жүр. Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанның ­тарихи мән-маңызын талай-­талай мәністеді. Көне, ерте дәуір, орта ғасырлар, жаңа заман жағдаяттары және Шабғар, Ясы, Түркістан турасында терең толғанды. Ата-бабалар аманаттарына адалдық, перзенттік парыз хақында Әзірет Сұлтан кесенесінің түбінде тұрып талай да талай ой қозғаған. 

Ел-жұртымыздың есінде ғой, 2000 жылдың алтын күзінде Түркістан қаласының 1500 жылдығы ­тойланды. Бұл дата, яки бір мың да бес жүз жыл – шартты түрде алынған мерзім еді. Қазекеңнің «Арық айтып, семіз шық» деген мәтелі мәнзелдес мәселе-тұғын. Әйтпесе, Түркістанның шын жасы тым-тым тереңде ғой. Күлтөбенің қазбаларынан табылған жәдігерлер де Түркістан қаласының жасы екі мың жылдан әлдеқайда асып жығылатынын шежірелей шертіп жатыпты.

Қалай дегенде де сол 1500 жылдық межелі мерекеге әзірлік барысында текті төріміз біраз-біраз түлеңкіреген. Еңселеніңкіреген. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Түркістан қаласын Орталық Азиядағы аса маңызды мәдени, рухани, ғылыми және сауда-экономикалық орталық ретінде одан әрі абаттандыру – алдағы айқын міндет» деп нақтылаған. Қазақстан Республикасының сол кездегі Премьер-Министрі, бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінде қазақтар үшін бір ғана мереке бар, ол – Түркістан тойы» деп шегендеген. Қазақстанның халық жазушысы, ұлтының сүйікті суреткері Шерхан Мұртаза: «Уа, халқым! Түркістанды түлету – перзенттік парыз. Күллі түркінің екінші Меккесі атанған Түркістанды гүлдендіру – баршамызға сын. Ұлтымыздың ұйытқысындай Түркістанды пір тұтқандар қор болмайды. Түркістан тарихында жарық жұлдызымыз Ахмет Ясауидің орны ерекше. Түркістанға асар жариялайық!»  деп үндеу көтерген.

Әлі есімізде ғой, 2011 жылғы 11 наурыз күні Елбасымыз Түркістанның Тарихи-мәдени орталығында республика зиялы қауым өкілдерімен жүздесіп, сырласқан. Ашық әңгіме өрістеген. Келешегі келісті, өркендеуі өрісті Түркістанды түлетудің жаңа көкжиектерін ойласқан. Рухани ұлы ұстазымыз, руханиятымыздың асыл тірегі Ахмет Ясауи туралы толғана келе, оны «Қазақ даласының Конфуцийі» деген. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында» сияқты көптеген кітаптарында Түркістанға баса назар аударғаны аян. Ал, енді «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және оның жарасымды жалғасындай «Ұлы даланың жеті қыры» туындыларында бұрынғыдан да бөлекше бәдіздеген.

Иә, Елбасы Түркістан мұраттары мен мақсаттарына сәйкес, 2018 жылғы 19 маусымда Түркістан қаласы хақындағы тарихи Жарлығын қабылдау арқылы тағы да кемеңгерлігін танытты. Түркістанды орталық етпек ойын ол кісі осы 19 маусымдағы тарихи-тағдырлы шешімінен 19 жыл бұрын Ахмет Ясауи университетінде алғаш рет айтқан еді.

Ізгілік ілімдерінің түркілік нақышты негіздерін нақтылаған данышпан ойшыл, дара діншіл, шандоз шайыр Ахмет Ясауи: «Іштерінде қулық толғандардың, кеуделерінде ар-ұят  солғандардың  жандары толқымас, жүректері тебіренбес» дейді. Бүгінгі Түркістанның түлегенін, гүлденіп, түрленгенін көрген ізгі ниетті, ақ пейілді адам толқиды. Тебіренеді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда өз еркімен Мемлекет басшысы өкілеттілігін тоқтатты. Бұл-дағы бірегейлік пен тектіліктің дәйекті дәлелі еді. Қазақстан дейтұғын елді әлемге танытқан, Түркі дүниесінің көшбасшысы атанған тұлғаның кенендігін, әл-Фараби бедерлегендей бәйекшіл де пәрменді парасат иесі екендігін жер жүзі мойындады. Ата Заңымызға сәйкес, халықаралық қауымдастық алдындағы абыройы асқақ, беделі биік тұлға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Мемлекет басшысы болды. Жаңа Президент ретіндегі ең алғашқы ақжолтай сапарын түркілер төрі Түркістаннан бастады. Екі жыл бұрынғы Әз Наурыз мерекесінің ертеңіне Түркістанға, қайран қазақтың қаншама хандары мен билері, ұлы көшбасшылары мен  басқа да батырлары, ақылмандары, аяулы ұл-қыздары мәңгілік мекендерін тапқан топыраққа тәу етті. Ясауи университетінде Мемлекет басшысы мерейлі басқосу өткізді. Ұлы Жібек жолы бойындағы елдер мен жұрттар үшін, жаһан үшін жасампаз да жарқын мақсаттар көздеген қасиетті қаламыздың мән-маңызын мәністеді. Ұнасымды ұстанымдарын мағлұмдады. «Әділеттілік. Сабақтастық. Өрлеу» деді Мемлекет басшысы. Сол  жиында мына бізге де сөз берілген. Ұстын етер ұстанымдары ұнағаны соншалық, толқып тұрып, адамзаттың Абайы ұнастырған үш иманигүлге балағанбыз. Үш ұстанымын.

Сол наурызда, сол жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының Түркістан турасындағы тапсырмаларына тәптіштей тоқталған. Бас жоспарды байыптаған. Шаһар құрылысына байланысты, әсіресе әкімдердің тындырар тірліктерін талдаған. Сөйтіп, Түркістандайын тарихи қала мен өзгеше өңірдің басшысы етіп Елбасы ерекше сеніммен тағайындаған, күрделі де қиын қызметті жоғары жауапкершілікпен атқарып жүрген Өмірзақ Естайұлы Шөкеев­тің жұмыс стиліне, іскерлігі мен жаңашылдығына ризалығын білдірген. Се­німге сенім септеген. Үмітке үміт үстеген.

Ежелден бермен қарата Ұлы Жібек жолының жарқын шаһары болған, болашағы жаңаша жобаланған Түркі­с­танның түлеуі жасампаз жылдамдықпен қарқын алған кезең өңірге Өмірзақ Шөкеевтің әкімдікке тағайындалуымен тұспа-тұс келгені рас. Түркі дүниесі түгелдей көз тіккен төріміз Түркістанның тыныс-тіршілігі Елбасының, Прези­денттің үнемі назарында. Күнделікті қадағалайды. Үкімет басшысы Асқар Мамин қайта-қайта айта бергіміз келетін 2018 жылғы 19 маусымдағы тарихи шешімнен кейін ай сайын, кейде, тіпті апта сайын дерлік келіп тұрады. Дегенмен, Түркістан шаһары мен өңірінің тікелей басшысы, қайнаған қиын да қызу жұмыстардың қалың ортасында күн-түн демей, тыным таппай жүретін Өмірзақ Шөкеевтің арқалаған ауыр жүгін тереңірек түсінген абзал. Сана сапасымен сезінбек керек. Тындырымдылығы бөлек, талапшылдығы ерек екенін ел біледі. Бағалайды. Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жолында жан аямайды.

Тоғыз жолдың  торабы, Орталық Азияның қақпасы атанған Арыс апатын алыңыз. Мемлекет болып, ел ­болып жұмылды. Сын-қатерлер шегінді. Қазақтың қазанат азаматы қандайлығын терең танытқан тектілердің бірі де өңір басшысы болды. Апталап, айлап, айналайын Арыста түнеп жүрді. Пандемия деген пәлекет, әлемді әлекке салған індет қайран Қазақ еліне де ауыртпалық әкелген өткен көктемде кенет мақтанышымыз Мақтааралға Өзбекстанның Сардобасынан, Бетпақдала коллекторынан бетпақ тасқын ақтарылды емес пе… Алты мыңға жуық үй-жайлар, мектептер мен балабақшалар, медицина, мәдениет мекемелері, кәсіпкерлік нысандары, жолдар мен көпірлер, алты мың гектардан астам егінжай мен жайылым су астында қалды. Мемлекетіміз, бүкіл байтағымыз тұтаса түсіп, тірлік жасады. Көршілес, еншілес ел де апат салдарын жоюға атсалысты. Әрине, бар-барша істің басы-қасында, өкпек желдің өтінде өңір жетекшісі жүрді.

Түркі дүниесінің мәдени-рухани астанасы болмақ шаһарға қазіргідей күрделі кезеңде жетекшілік жасау деңгейі титімдей де төмендемеуі тиіс. Түркістан тірлігін тізгін қағысынан, тұлпар шабысынан жаңылдырмау жауапкершілігі шын шеберлікті, шынайы шандоздықты талап етеді. Ауыр-ауыр жүктердің көпшілігі әкімдердің иығына артылатынын айтыңқырадық. Әкімдердің басым көпшілігі ел сенімін, жұрт үмітін ақтап келе жатыпты. Қай әкім не тындырды? Ұлт мүддесі, халық қамы жолында, көрешек үшін емес, келешек үшін қандай еңбек сіңірді? Әлеуметшіл ме? Әділетшіл ме? Әлде… Халық бағалайды. Тарих таразылайды. Түркістан өңірінің жетекшісі жөніндегі жұртшылық пікірі жоғары. Өмірзақ Шөкеев 1964 жылғы тап осы наурызда, тап осы Түркістан қаласында туған. Мәскеу экономикалық-статистикалық институтын бітірген. Түрлі салаларда қызмет істеген. Бірнеше облыста әкім, Экономика және сауда министрі, Астана қаласының әкімі, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, «Самұрық-Қазына» АҚ басшысы, Премьер-Министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі болды. 2019 жылғы ақпанда Түркістан облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Әдейілеп әдіптеңкіреп отырыппыз. Осыншама мектептен өткен Өмірзақ Естайұлын ­Елбасы Түркістанға жайдан-жай жіберген жоқ. Мұны Мемлекет басшысы да меңзеген. Екі жыл бұрын, Әз Наурызда келгенде. Жаңа әкім келгеннен кейінгі алғашқы айлардан-ақ қаладағы құрылыс нысандарының салыну қарқыны әлденеше еселенген. Сапасы артқан. Түркістаныңыз екі жыл бұрынғы наурыздан бастап, шын мәніндегі алып құрылыс алаңына айналған. Көне шаһардағы басымдыққа ие болған отыздан астам  негізгі-негізгі нысандардың құрылысын байтағымыздың өзге өңірлері, ұлттық компаниялар мен ірі-ірі бизнес өкілдері жүргізіп жатқаны аян. Бұл-дағы – Тұңғыш Президенттің Түркістанға кезекті келуіндегі, бәтуалы басқосудағы белгілеп берген тапсырмаларының, абзал аманаттарының нақтылы нәтижелері.

Енді қараңыз. Қарасаңыз – қуанасыз. Екі мың бесінші жылдардың арғы жақ, бергі жақтарындағы Елордамызды екі айдай ғана көрмесек, танымай қалатынымыз, таңғалатынымыз секілді, Түркістанымызға да бірер аптадай бармасақ, тұп-тура сондай күй кешеміз қазір. Иә, еңселі Елорда, кешегі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан – Түркі әлемінің жүрегі, ал Түркістан – Түркі дүниесінің рухани тірегі. Енді, міне, Түркістанымызда Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының Саммиті өтпекші. Шүкіршілік. «Қуана білгенге құт қонады, бағалай білгенге бақ қонады» дейді қазақ. Түркістан екі-үш жылдың ішінде дүрілдей дамыды. 2019 жылы 23 нысанның құрылысы бастау алған. Осы наурыз айына дейін 14 нысан іске қосылды. Былтыр және биыл әкімшілік-іскерлік орталығында – Облыстық әкімдік ғимараты; Басқармалар ғимараты; Департаменттер ғимараты; Нұр-Сұлтан алаңы; Конгресс-Холл орталығы; «Алатау-Media» орталығы; Оқушылар Сарайы; Орталық стадион; Бассейні бар спорт кешені; Олимпиадалық резерв мектебі; Халыққа қызмет ету орталығы; Музыка мектебі; Қалалық саябақ; Цифрлық кеңсе. Міне, әуелгі он төрт объектіңіз – осылар. Ғажайып ғимараттар мен өзге де нысандардың салынуына «Самұрық-Қазына» АҚ, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Алматы, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, ­Батыс Қазақстан облыстары, Petroleum Operating компаниясы айрықша атсалысты. Ал рухани-мәдени орталықта – Шығыс моншасы; Музыкалық субұрқақ; Неке сарайы; Амфитеатр; Қабылдау орталығы; Ахмет Ясауи музейі, «Ұлы дала елі» орталығы пайдалануға берілді. Бұларға Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Жамбыл, Атырау, облыстары мен «Самұрық-Қазына» АҚ үлес қосты.

Тұңғыш Президент саябағы. Нұрсұлтан Назарбаев аллеясы немесе Арбат; «Жібек жолы» саябағы, Желілік саябақ; Гүлзарлар кешендері… Бұларға қоса әкімшілік-іскерлік орталығында жиырма сегіз гектар дендросаябақ, тоғыз гектар аумақтың ортасында жасанды айдын көл салынып жатыпты. Әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтерген әлеуметтік нысандар мен сап түзеген тұрғын үйлерге жүз шақырымнан астам инженерлік инфрақұрылым тартылған. Мәдени-рухани орталыққа тартылып, толығымен тамамдалған инженерлік инфрақұрылымның ұзындығы қырық бір шақырымнан асады. Жеке салымшылар тарапынан кереметтің кереметіндей «Керуен-Сарай» кешені, халықаралық стандартқа сай «Rixos Turkistan», «Hampton by Hilton Turkistan»,«Нұр-Әлем» қонақүйлері сынды ірі де іргелі жобалар жүзеленді.

Түркістан қаласының Халықаралық әуежайы – әлеуетіміз бен туризм саласын қарыштай дамытуға алтын арқау болатын бірегей әлем. Әуежайыңыз 2020 жылғы 28 қыркүйек күні Тұңғыш Президент – Елбасының қатысуымен іске қосылды. Ал бірінші желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласына алғашқы әуе рейсі ұйымдастырылып, Түркі дүниесінің рухани тірегінен жұлдызы биік жүрегіне қарай ұшақ ұшып шықты. Ақ бұлттардың арғы жағында, көк туымыздай көгілдір аспанда қуана қанат қақты. Көктем мен жаз айларында байтағымыздың басқа қалаларына және алыс-жақын шетелдерге әуе рейстері орындала бастайды.

Апта сайын, ай сайын танымастай, таңғажайып түрге еніп, гүлденіп келе жатқан Түркістанда қайда қарасаңыз да қанат жайған құрылыстарды, жаңадан жасалып жатқан саябақтарды, кеңейтіліп жатқан көшелерді, бірінен-бірі өтетін гүлзарларды, қаптаған қалың қызғалдақты көресіз. Қызығасыз. Оңға қарасаңыз да, солға қарасаңыз да – бес қабатты, жеті қабатты, он жеті және жиырма бес қабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, бірсін-бірсін биіктеп барады-ай. Жаңа шағын аудандар. Жаңа алаңдар. Жаңа даңғылдар. Әлі аттары қойылып үлгермеген көшелер. Мерейлі мүсіндер. Еңселі ескерткіштер. Драма театрының алдында Әбу Насыр әл-Фараби, Оқушылар Сарайының алдында Абай бейнелері зораяды… Қаншама пәтерлер пайдалануға берілді. Сыңғырлаған кілттер иелеріне табысталды. Әкімшілік-іскерлік орталығының өзінде жалпы ауданы сегіз жүз мың шаршы метрге жуық немесе он мыңға тарта пәтерді құрайтын 177 көп қабатты тұрғын үй құрылысы қызғын жүріп жатыпты.

Әрине, Түркістанды Түркілер төрі Түркістан күйінде терең түсінбекке тағылымдайтын, ұлылығын ұждан ұнасымдарымен ұғындыратын әлеміңіз – Әзірет Сұлтан, яки Ясауи кесенесі. Аруағынан айналайын Ахмет бабамыз тұтас туындыларын түркі тілінде жазған. Ізгілік ілімдерін, адамдық қадір-қасиет хақындағы хикметтерін хұсни хаттардайын құнарландырып, қайткенде түркі жұртының көзін ашамын, көкірегін оятамын деп, ұйқы көрмеген көрегеніміз. Түркістанды түбегейлі түрде түлету тірлігіндегі тұлғаларыңыз тұжырымды түрін түйген. Әуелден-ақ Әзірет Сұлтан мавзолейі маңайындағы құрылыстар одан биік болмауы қажеттігі қағидаланған. Киелі кесенеден күншығысқа қараңызшы. Араласаңыз, абат ажарға абзалданасыз. Қанатты қағидалар текті түрде сақталған.

«Дәстүр мен жаңашылдықты, көне кезең мен бүгінді және болашақты үйлестірген бұл ғимарат – «Сапар» ­немесе «Визит» орталығы, – дейді Түркістан қаласының әкімі Рашид Абатұлы ­Аюпов. – Шаһарға келген қонақтарға, барша туристерге айқын да анық, жан-жақты ақпарат ұсынады. Мультимедиа ­залында бейнероликтер, көркем және анимациялық фильмдер көрсетіледі. Туристердің емін-еркін, емен-жарқын жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған». Айтса, айтқандай, «Қазақ хандығы» залындағы тарихи жәдігерлер кім-кімді де таңырқатады. Абылай хан тұсындағы кілем. Тайқазанның көшірмесі. Түркілердің теберік бұйымдары. Ағаштан оймышталған өнер туындылары. Домбыра мен қобыз. Қазақ қызының қарқаралы бас киімдері. Ішіктер мен тондар. Ақсары алтын түстес Хан тағы. Киелі Күлтөбенің орны. Он бесінші ғасырдағы Құран кітабы. Майшамдар. Білезік, жүзік, сырға, шолпылар. Құмыралар. Қазақ хандары мен билерінің, батырларының киімдері, сауыт-саймандары… Ең басты жауһар жәдігер – Кенесары ханның қазақы, қайқы қылышы. «Сапар» орталығында туристер қаланың қай-қандай нысанына болсын, билет ала алады. Қай жағынан да ыңғайлы да тиімді.

Екі қабатты ерекше ғимараттан сәл солтүстік-шығысқа таман жүрсеңіз, «Ұлы дала елі» орталығы қуана қарсы алады. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» еңбегін екшеп, ерекше екпін түсіріп тәлімдейтін, сәулеттік сән-салтанаты, мазмұндық мән-маңызы сан қырлы музей мәнзелдес шаңырақ. Тоғыз түрлі экспозициялық залы бар. Түркі мифологиясынан тамыр тартатын Бәйтеректі байыптаудың өзі рух байытады. Күлтегін ескерткішінің көшірмесі. Металлургия залы. Атқа міну мәдениеті залы. Аң стилі және Алтын адамдар. Баба заманның байрақтары… Елбасы залы. Болашақ залы. Кітаптар бөлмесі. Қайран қазақ қызғалдағы мен Алматаудың алмасы…

Осы жердегі халықаралық Туризм және меймандостық университеті де Тұңғыш Президент бастамасымен жаңадан ашылған. Алты жүзге жуық студент оқиды. Қазақстанның барлық өңірлерінің өрендері жаңаша да тамаша мамандық түрлерін меңгеріп шығады. «Туристік компаниялармен, әкімшілік, кәсіпкерлік құрылымдармен тығыз байланыста жұмыс істеудеміз. Университет бас­тамасымен 1100 полиция қызметкеріне ізгілік, ішкі мәдениет, меймандостық дәрістерін оқытып жатырмыз» дейді оқу орнының ректоры Майнұр Мырзамәдиева. ХТМУ әлемнің жиырма шақты елімен келісім-шарт жасасқан. Студенттер Германия, Түркия, Франция, Араб Әмірліктері, Грекия сияқты мемлекеттерде тәжірибеден өтеді. Биылғы күзде сегіз жүз студент қабылданбақшы.

Университеттен күншығысқа таман ардақты баба Ахмет Ясауи музейі салынып бітуге таяныпты. Ғимараттың сырт көрінісі бізге данышпан, дара тұлғаның ізгілік нұрына бөленген болмыс-бейнесін елестеткендей әсер етті. Сәулетшілер күн сәулесінің түсуіне сәйкестендіре жобалап, шандоз шайыр шаңырағының шұғылалы шуаққа бөленетін шақтарын мұқият ескерген. Музейге қойылар жәдігерлер Әзірет Сұлтан мавзолейінен және Түркия, Иран, тағы басқа шетелдерден жинақталуда екен. Драма театрының алдындағы әл-Фарабидің күлімсіреп тұрған ескерткішіне басымызды иіп, Керуен-Сарайдың, Шығыс базарының келешекте көріктене түсетін алаңдарын араладық.

Айтып та айтпай не керек-ай, Түр­кі­стандағы Облыс әкімдігі мен қос қапталындағы Басқармалар мен Департаменттер ғимараттары да басқаша. Ұлттық ұлағаттағы ою-өрнектермен, ақбоз түсті айшықтармен ажарланған. Бұрынғы кез-кезеңдердегі көк тіреген кеңселердей сұсты да емес, сесті де емес. Жылуарлы. Шерағаңның: «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген өсиетін өрелей өрістетіп тұрғандай. Сол маңайдағы келісті кес­теленген Конгресс-Холлға кіреберісте өңір басшысының орынбасары Сәкен Амангелдіұлы Қалқамановқа жолығып қалдық. «Конгресс-Холлды бұрын көріп пе едіңіз?» дейді ол. «Өткенде, әкім есеп бергенде байқағанбыз, енді асықпай араламақпыз» дейміз біз. «Мың орындық концерт залы қандай?! Концерт қоятын өнер иелеріне жасалған жағдай қандай… Төрт жүз адамға арналған мейрамханасы, екі бірдей конференц-залы, балдырғандар залы, құрметті қонақтар залы, би залы, фитнес залы, тағысын-тағылары бар. Технологиялық ­заманауи құрал-жабдықтар, техниканың бәрі дерлік Италиядан, Түркиядан әкелініп, майталман мамандар орнатып беріп кеткен» дейді Сәкен мырза.

Сәл әріректегі «Алатау-Media» орталығын да қызықтадық. Төрт қабатты, тап-тұйнақтай үй. «Түркістан» телеарнасы, төрт басылымның редакциялары, республикалық негізгі телеарналардың тілшілер қосындары осында орналаспақ. Әз Наурыз мерекесі құрметіне «Түркістан» телеарнасы жұмысқа жұмылып жатыр.

Мемлекет басшысы өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында Тұңғыш Президентіміздің Түркістан облысын құрып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіргенін керемет көрсеткен. Иә, біраз күннен соң Түркістанымызда Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының Саммиті өтеді. Түлеген Түркістанға күллі Түркі әлемі көз тігеді. Өзге де елдер елеңдеп, назар аударады. Қара шаңырақ Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін Түркістан шаһарында туысқан Түркияның Президенттері Тұрғұт Өзал, Сүлеймен Демирел, Абдулла Гүл, ­Реджеп Таип Ердоған, тағы басқалар болды. ­Абдулла Гүл Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркі әлемі ақсақалының Асатаяғын ұстатты. Түркістанға бауырлас Өзбекстан  басшысы Шавхат Мирзиёев және өзге де жетекшілер келіп жүр. Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының 2018 жылы Қырғызстанда өткен Саммитінде Елбасы Түркі дүниесінің даңқын асқақтатуды айрықшалап, түркілік рухты, Түркістанды бірлесе биіктетуге үндеген еді. Түркістан Саммиті тарихи тағылымға толы болғай.

Түлей түс, түрлене бер, Түркілер төрі Түркістан!

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы, Қазақстанның Еңбек   сіңірген қайраткері, «Алаш» және «Түркі әлеміне қызмет» Халықаралық сыйлықтарының ­лауреаты

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close