Білім

БЕРЕ БІЛГЕН БӨЛЕ БІЛЕР

Баяғыда бір жарлы болыпты, мінуге аты, ішуге асы болмапты, бала-шағасы көп болыпты. Мал дегенде маңдайына біткен жалғыз ғана қазы болыпты. «Аштық – атаң емес» деген, тесік тамақ шыдата ма, ақыр соңында сол қазды жемекші болып сойып, пісіреді. Бірақ оған салатын тұзы да, қосып жейтін наны да болмайды. Сонда жарлы тұрып әйеліне:

— Қатын, осы қазды тұзсыз, нансыз жегеннен де ханға апарып тартсам қайтеді? Сөйтіп, одан бірнеше күн тамақ қыларлық астық сұрасам қайтеді, – дейді. Қатыны:

— Мейлің, сүйтсең, сүйте ғой, – дейді. Жарлы ханға пісірген қазды алып келеді.

— Тақсыр хан, – дейді ол, – мынау сізге әкелген сыйлығым еді, аз да болса көптей көріп алыңыз, барымыз әзір, жоғымыз жай, – дейді жарлы.Хан: — Рақмет, сізге, рақмет! Ал енді, бұл қазыңды үй ішімізге бірдей етіп өзің бөліп бер! – дейді де жарлының қолына пышақ береді. Ханның ханымы, екі ұлы, екі қызы – не бәрі ханның өзімен алты жан екен. Сонда жарлы қаздың басын кесіп алып, ханның алдына қояды.

— Сіз үйдің басысыз, сондықтан сізге бас лайық, ал бас мойынсыз, хан ханымсыз болмайды, сондықтан сіздің ханымыңызға мойын – деп мойынды кесіп, ханымның алдына қояды. Екі аяғын кесіп екі баласына береді.

— Сендер атаның жолын қуып, ізін басасыңдар, сондықтан сендерге аяқ лайық, – дейді. Сонсон екі қанатын кесіп екі қызына береді.

— Сендер жат жұрттыққа жаратылғансыңдар, ертең бойжеткен соң ата-ананың қасында қалмай, құсқа ұқсап ұшып кетесіңдер, сондықтан сендерге қаздың қанатын беруге тура келеді. Ал жарлы-қонақ, кеудесі жарлыға қалмақ, – деп қаздың бар етін өзінің жанына қояды. Хан жарлының әділ бөлісіне таң қалып, қарқ-қарқ күліп, ырза болады. Өзін әбден сыйлап, тамаққа тойдырып, астық беріп үйіне қайтарады. Мұны бір мырза естіп, жарлы бір қаз апарып ханнан мұнша сыйлық алды, мен одан кеммін бе? – деп жарлының алғанына қызғаныш етеді. Сүйтеді де, ханға ол бірден бес қаз пісіріп әкеледі.

Хан: «Әкелгеніңізге рақмет, бірақ мұны алтауымызға тең қылып бөліп бер», – дейді. Мырза олай салып, былай салып көреді. Бірақ қаздарды тең бөліп бере алмайды. Сонсоң хан, баяғы жарлыны шақыртып алып: «Мына қаздарды сен бөл», – дейді. Жарлы, бір қазды алып хан мен ханымға береді де: «Сіздер үшеу болдыңыз», – дейді, енді бір қазды екі баласына беріп:

—«Сіздер де үшеу болдыңыз», – дейді. Тағы бір қазды екі қызына береді де:«Бұлар да үшеу болады, мына қалған екі қазбен мен де үшеу болдым», – дейді. Сонда хан: «Міне, әділ болсаң осындай бол! – Бізге де тегіс берді, өзін де ұмытқан жоқ», – депті. «Бере білген, бөле білер» деген мақал осыдан қалған екен. Хан жарлыға тағы да қазынасынан көп сыйлық беріп қайтарады, мырзаны қуып жібереді.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close