БЕРДІБЕК СОҚПАҚБАЕВ: БӨПКЕ ӘЖЕМ ЖӘНЕ БІЗ
Бөпке әжем де сүйегі асыл адамның біреуі. Үйдегі әйелге тән жұмыстың бәрін де Зәуре жоқта сол тындырады. Ертеден қара кешке тыным алғанды білмейді. Табиғат оны жасаған кезде мәз болып, күліп отырса керек. Бөпке әжем жомарт табиғаттың аузынан жаз күніндей жайраңдап түсе қалған. Салдырлаған ақкөңіл, ашық адам. Көрген-білгенін айтып сап, қарап отырады.
Көктем шығысымен Қағазбай мен Зәуре үй көрмейді. Осыдан жеті шақырым жердегі Үшқаға — егінжайға кетеді. Алты ай жаз — күзгі жиын-терін біткенше сонда болады. Осы уақыттың ішінде бізге тамақ жасап беретін, кірімізді жуып, үй ішіне қарайтын жетпіс жасар қаусаған кәрі кемпір Бөпке апам.
Әжемді біз «апа» дейміз.
Жоқ, «қаусаған» деген сөз оған жарамайды.
Таңертеңгі шайды апыл-ғұпыл береді де, апам қап алып, тезек теруге кетеді. Мал жайылатын қырқа жақты кезіп, түске таман бір қап тезек теріп әкеледі. Мұрнынан су кетіп жүріп, түскі шайды береді. Сосын, қол орақ, арқан алады да, сонау төменгі жазықтан бір арқа қурай немесе ши орып әкелуге кетеді.
Өрістен мал қайтатын кешкі мезгіл. Апам әлі жоқ.
— Әлгі Бөпке көріне ме, қараңдаршы, — дейді атам.
Біз үйдің үстіне шығамыз. Апам келетін жолға қараймыз.
Апам жоқ, түйе беліндей етіп нығарлап буған бір арқа нән қурай келе жатыр. Иә, иә, тек қурай. Олай-бұлай сәл ырғалып, кәдімгідей жылжып келе жатады. Тағы біраз жақындаған кезде, сіз қурайдың астында жыбырлаған аяқ бар екенін байқайсыз. Адам аяғы. Қурай тура біздің үйте қарай келе жатады.
Қурай әбден жақындағанда, сіз енді оның астынан ауыр жүктің салмағымен жерге тие жаздап келе жатқан, кимешек киген әйел басын қоса байқайсыз. Бұл менің әжем. Қажымас Бөпке әжем. Түйе беліндей нән жүкті арқасына қондырып алған. Үй іргесіне келгенде, ол қурай-мурайымен шалқалап бірден құлайды. Бұ дүниенің бір азабынан құтылғандай кеудесін кере күрсініп, кимешегін басынан сыпырып жібереді. Тер шүмек-шүмек аққан кәрі басын кештің салқын самал желіне тосып, жан шақырады. Түйе беліндей қурайға сүйеніп отырып, қолтырмаштап алған жібін ағытады. Дем алып, есін жинайды.
Үш мезгіл күніне тамақ пісіруге жұмсалатын және қыста үй жылытатын отын бұл үйге осылай жиналады.
Біз отқа қурай жақпаймыз, Бөпке апамның терін жағамыз.
Бөпке апам кәріліктің басына теуіп жүрген адам.
Бір күн жұмыссыз отырса, екі қолы алдына сыймайды. Есіне, кенет, Үштағы Қағазбай мен Зәуре түсіп кетеді. «Ол екеуі не күн көріп жүр екен? Хәлдерін білейін. Шайларына қататын қаймақ апарып берейін. Әнеугүні барғанда Қағазбай тісім деп жүр еді. Сонысы қойды ма екен, не болды екен?» — дейді де, әжем жеті шақырым жердегі Үшқа жаяу тартып жөнеледі. «Кешке мал келгенше, кеп қалармын», — дейді.
Ары жеті, бері жеті шақырым жаяу жүріп қайту оған түк те емес. Көршінің үйіне кіріп шығайын дегенмен бірдей ғана.
Апам сөзінде тұрады. Ойға алған жұмысының бәрін тындырып, мал қайтар кезде үйге ол да келеді. Бос қол және келмейді. Жол үстінде кез болған кебу жапаларды теріп, бір етек тезек ала келеді. Көпірдің сынық тақтайы кезіксе, оны да тастамайды.
Мен апамның «ойбай, ауырдым» деген сөзін өмірі естіген емеспін. Өле-өлгенше аузына дәрі салғанын көрген емеспін. Күтіну, демалу дегенді, марқұм, білмейтін еді.
Апам 1953 жылы сексен тоғыз жасында дүние салды. Бұл деген мойымайтын, тозбайтын болат адам еді.
Бөпке апамның бойындағы бір кемшілік — ол аяғына су жұқпас қыдырмашы. Үй жұмысынан қолы қалт етсе-ақ тоқтамайды, ауылды шарлап жөнеледі. Бас, аяғына ат шаптырым ұзын көшелердің о шетінен бір көрсең, бұ шетінен қылаң етіп шыға келгенін және бір-ақ көресің.
Жоқ, ол тектен текке қыдырмайды. Өз үйінің жұмысы аздық еткендей, елдің тынбай, бітпей жатқан іс-місі болса, жинап, тернеп жүреді. Біреуге жіп иіріп бермек боп, бір дорба жүн әкеледі. Біреудің жыртық қабын алып кеп, жамап отырады. Тағы біреудің қатып жатқан елтірісін уқалап, әуреленіп жатқаны.
Немесе, апам сол кеткеннен мол кетеді. Кешке дейін үйге оралмайды. Артынан іздеп барсаң, әлдекімнің көрпесін қабысып отырады.
Қызмет еткен үйінен апам бос қайтпайды. Пешпентінің дорба тәрізденген түпсіз терең қалталарына салып, кимешегінің ұшына түйіп, нан, бауырсақ, құрт, кәмпит, қант секілді бірсыпыра олжамен оралады. Кейде бір табақ үн, бір жілік ет әкеліп, бізге дәмді етіп кеспе істеп береді.
Апамның ел қыдырып, табыс табу кәсібін біз, балалар, намыс көруші едік. Әсіресе, жігіт боп қалған Қасымқан қатты ренжитін:
— Апа, қайыршы құсап бұның не? Ұят емес пе? Осы ел қыдырғаныңды қашан қоясың? — дейді.
Апам мойымайды:
— Қайыршы боп, мен біреудің бірдеңесін сұрап алды деймісің? Өзі берді.
— Сен алма!
— Е, неге алмаймын! Мен оның бір шекпендік жібін құдайы қып иіріп бермеді деймісің?
— Әне, қайыршы сөйтеді. Ел қыдырып, кім көрінгеннің жұмысын істейді. Ал сен істеме! Үйде отыр! Үйдегі өз жұмысың аз ба!
— Мен жұрттан не жұмыстарың бар деп сұрайды ғой деймісің. Жалынатын өздері. «Бөпке, айналайын, мынаны істеп бере салшы» дейді…
— Істеме! Жалынбақ түгіл, өліп кетсін!
— Мақұл, ендігәрі істемейін, — дейді Бөпке әжем. Онысын бес минуттан кейін ұмытып кетеді.
Ел қыдырудан оралған Бөпке апама жан-жақтан жамырап, ұрса тұрып, біз оның қалталарын ақтарып қараумен боламыз. Әкелген пісі-күйік нәрселерін талапайлап жеп аламыз. Сол кезде Бөпке әжем бізді әжуалап:
— Кәне, менің ел қыдырғаным сендерге жаман болды ма? Бір-бір қаужаңдасып қалдыңдар, — дейді.
Ел болған соң, біреу қыз ұзатқан, біреудің әйелі босанып, ұл тапқан. Біреу жегені желкесіне шығып, қамалып қалған. Біреу түрмеден келген. Біреуді ит қапқан, енді біреу қатынын сабаған… Осы хабардың бәр-бәрін де біз Бөпке апамнан еститін едік. Ауылдағы жаңалық атаулыны Бөпке апам елден бұрын біліп алады. Сосын көршілерге, бізге жеткізеді. Мен білгенді жұрттың бәрі білсе екен дейді.
— Әлгі Нұрбекті ит қауып алыпты. Барып, біліп келейін, — дейді де, жөнеп отырады.
Келген соң:
— Ит Нұрбекті қаппапты. Нұрбектің Жұмабек дейтін сотанақ баласы бар емес пе? Соны қауып алыпты. Балтырының мына арадағы көк етін оңдырмай бөліп түсіпті, — дейді. Ұзын балақ дамбалын түріп жіберіп, иттің дәл қай араны қапқанын саусағымен ұстап көрсетеді.
Қазақ тәуір деген тамағын кешке ішеді. Нағашым үйінде кешке қарай, әдетте, дәу қазан кеспе істеледі. О, Бөпке апам жасаған кеспе ерекше! Дүние жүзіндегі айтулы ресторандардың бір де біреуінен сіз ондай кеспе таппайсыз!
Ауыз үйдегі қара қазанда қара су шымыр-шымыр қайнап жатады. Осы жетеді-ау деген шамамен апам баспақтан бір уыс тұз алады да, тастап жібереді. Кеспе дәмді болу үшін қасықтың басындай тоңмай салады.
Кеспе істейтін ұнды апам елеп әуреленіп жатпайды. Кебек шықса, ұн азайып қалады дейді ол. Қамыр түйе терісіндей қалың иленеді. Кескен кеспенің жуандығы саусақтай болады.
Жіңішке етіп кесуге апам, біріншіден, асығады. Екіншіден, көзі көрмейді. Кеспе орнына саусағын қоса турап алмасына кім кепіл? Сосын сиырды кім сауады? Қурайды кім орып әкеледі?
Туралған кеспені апам қазанға себездеп, талдап салып жатпайды. Ұмар-жұмар тастай салады. Былай да жуан кесілген кеспе пice келе таяқтай болады. Қамыр түйін-түйін байланысып жүреді.
Кеспеге картоп салынады. Біз көз болып отырмасақ, апам картопты қазанға қабығымен салып жіберуге бар. Ортасынан бір-бір бөлінген картоптың әр түйірі торғайдай.
Сыпыраның бетінде қамыр кескеннен қалған ұн бар емес пе? Көже маңызды болады дейді де, апам кеспенің үстінен оны және себеді.
Тамақ қазанның сақыр-сақыр қайнауы әбден басылған соң түсіріледі. Ауыр қақпақтың астында тұншыққан бу бүкіл ауыз үйді алып кетеді.
Апам будың арасынан көрінбейді. Тек қазандағы кеспені темір шелекке қотарып құйып алып жатқан дыбысы ғана естіледі.
Қына түсті дөңгелек тақтай стол тағы да жұтынған тоғыз ауыздың (Зәуре мен Қағазбай жоқ болса, жеті ауыздың) қоршауында.
Әркімнің кеспе ішуге арналған тиесілі ыдысы бар. Біреудікі табақ, біреудікі құрсаулы үлкен кесе, тостаған… Үлкен ожауды шелекке малып алады да, апам кеспені ыдысына толтыра бір-ақ құйып береді. Кеспе дерлік кеспе емес. Ботқа дерлік ботқа емес. Қасығыңды шаншысаң, жығылмай, тіп-тік тұрады. Қарын шығару жағына келгенде, өзге тамақтың бәрін алып ұрады.
Ал іше бер. Тоймай қалсаң, апам тағы құйып береді. Тек сақ бол! Торғайдай картоптың сырты салқын болғанға, іші де сондай екен деп, алданып қалып жүрме. Түйіліп қалған қамырдың арасы да сондай — оңайлықпен суымайды. Tic етіңе ып-ыстық болып жабыса қалса, қолдыратып түседі.
Бөпке апамның кеспесіне қарнымыз шеңбірек атып тойып алғаннан кейін, енді біраздан соң шөлдей бастаймыз. Ауыз үйде шелекте тұрған суға дамыл жоқ. Біресе біріміз, біресе екіншіміз темір кружкамен іліп алып, сімірумен боламыз. Белтоған үйдің дәл қасында, су арзан. Шелегімен түгел қотарып ішсең де, ешкім ештеңе демейді.
РАМАЗАН ЖӘНЕ МЕН
Сарыбастауда бөтен біреудің үйінде жүргендей емес, нағашым үйіне келгелі көңілім өсіп, қоңайып қалдым. Сабақты да жақсы оқып жүрмін. Шынымды айтсам, Қостөбеге тіпті барғым келмейді. Не қызық көрем деп бармақшымын?
Рамазан екеуіміз егіз қозы тәріздіміз. Күндіз де, түнде де жұбымыз жазылмайды. Мектепке бірге барамыз. Бірге ойнаймыз. Бірге ұйықтаймыз. Екеуіміздің тату болуымыз да, араз болуымыз да оп-оңай. Болмашы нәрседен бала қораздарша кідің-кідің етіп, шекісе қаламыз. Арада жарты сағат өтпей, тағы да ауыз жаласамыз.
Рамазанға қарағанда мен қушыкеш пысықпын. Оны оп-оңай алдап кетем. Рамазанның жібі бос, аңқау. Алданғанын артынан бір-ақ біліп, дүрсе қоя береді. Қара күшінің менен гөрі артықтығына сенеді.
Денем кіші болғанмен, шақырамын, беріспеймін. Рамазандай емес, әдіс-айлаға шебермін. Үйдің дәл қасындағы көгал алаңда жатып кеп күресеміз. Бірде ол жытады, бірде әдісімді асырып, мен жығам.
Әр алуан өнер жарыстырамыз: жүгіру, тас лақтыру, биіктен, ұзындықтан секіру, т.т. Мұнда көбінесе мен озатын едім.
Тек озып қана қоймаймын. Пәлекештігім ұстап, Рамазанды неше саққа жүгіртіп мазақ етем. Қыршаңқы тіліммен ызасын келтіріп, шатып алам. «Кемиек» деймін.
Рамазанның кемиек екені рас, ол бұл сөзге қатты намыстанады. Есе қайырмақ боп, оның мені қорлап айтатын сөзі «мыртық». «Мыртық» десе, мен намыстанам. Рамазандай ұзын бойлы боп тумағаныма кәдімгідей қорланып қалам. Кейде күніне бірнеше рет қызыл шеке болып төбелесіп те аламыз.
Төбелестің шығу себебі тіптен оңай: айталық, мен күрескен кезде Рамазанды алып ұрдым. Жығып, жайыма кете бермеймін. Қияңқылық істеп, «күшің маған» деп, басынан аттап өтем. Балалардың ұғымында бұл жаман ырым. Рамазанның бар күші енді маған бітеді де, ол күшсіз қалады.
Рамазан ыза болады:
— Қайтар күшімді! Мен жаңа сенің басыңнан аттаған жоқпын ғой? — дейді.
Мен қайтармаймын.
Қайтарсам, өз еркіммен еңкейіп, Рамазанға басымнан аттатуым керек. Оған мен өлмей көнермін бе!
— Қайтар, иттің баласы!
Рамазаннан нендей пәле келсе де тосып алуға бармын. Ал бірақ оның күшін қайтармаймын.
Осыдан соң екеуіміз жат та кеп төбелесеміз. Әкең, шешең, жеті атаң деген сөздерге тежеу жоқ кетіп жатады.
Жаға, жең пәре-пәре болады. Кектескен қораздардай өлімтіктеніп, бірімізге біріміз беріспейміз.
Екеуіміздің төбелесіп жатқанымызды бір кезде Қасымқан көреді:
— Өй, иттің балалары, сендерге не жетпей жатыр!
Қасымқан жүгіріп кеп, балғадай ауыр жұдырықтарымен көк желкеден аямай түйіп-түйіп жібереді. Оның жұдырығы тиген жер талайға дейін зырқырап ауырып жүреді.
Үлкейгенде қызыл әскер болу Рамазан екеуіміздің көкейтесті арманымыз. Тек осы үшін тезірек өссек, тезірек мектеп бітірсек деп арман етеміз.
Рамазан мені қорлап:
— Сені әскерге алмайды. Кішкентайсың, — дейді.
— Мені емес, сені алмайды. Өйткені сенің қолыңнан түк те келмейді. Сені әскерге алса, ең мықтағанда, повар боласың. Ал мен командир болам, — деймін.
— Болмай қал, мыртық неме!
Командирлік орынға таласып, Рамазан екеуіміз тағы да төбелесеміз.
Қазақтың құмар асының бірі — қымыз.
Қаракер бие құлындаған. Өзі тәрізді әдемі қаракер құлын тапқан. Жер отыққан кезде атам, жылдағы әдетімен, жалғыз биені сауып, қымыз жасайтын болды.
Ол кезде, сірә, мал аздықтан болар, ауыл маңы қазіргідей шаңы бұрқырап, тақырайып жатпайды. Қорық-қорықтың түбі, арық-арықтың жағасы көгал шөп болады. Қаракер биені атам үйден онша ұзатпай, шідерлеп қоя береді. Құлынның алдына жас көк салып, қорада ұстайды.
Жалғыз бие ертеден кешке дейін алты-жеті рет сауылады. Әр екі, үш сағатта атам оның бауырына сүліктей жабысып алып отырғаны… Ағаш күбімен орта күбідей сүт алады. Отан сиыр сүтін қосады. Сонымен күбі аз толмаған қымыз болып шығады.
Кеште, жатар кезде бізге, балаларға, атам күбідегі саумалды әрқайсымызға пәлен жүзден санатып піскізеді. Бетіне қап-қара май түсіп, күбі сырты ып-ыстық болғанша пісілген саумалды өзінің ауыр тонымен балаша құндақтап орап тастайды.
Таңертең атам бәрімізден бұрын түрегеледі. Бет-қолын шаяды да, шампанша божылдап дайын тұрған қымыздан бір тостағанды өңешіне тастап алады. Рақаттанып кекіреді..
Жалғыз биенің қымызынан дәметіп, қыдырып келетін жұрт бірсыпыра. Олардың көпшілігі атамның достары — шалдар. Қыдырмашылар келмес бұрын, атам күбідегі қымызды ыдыс-ыдысқа бөлектеп құйып, жайғап үлгереді. Шалдар да құр ауыз қайта қоймайды.
Қасиетіңнен айналайын Қамбар атаның сүті, шынында да, шипа той. Үлкен бір кесе қымызға ақ талқанды қоймалжың етіп сеуіп, тастап алсаң, бұдан артық тамақтың не керегі бар? Күні бойы екі бетің албырап, балқисың да жүресің. Кекірсең, әдемі иісі мұрныңа келеді. Үнемі қымыз ішіп жүрген адамның бет нұры да, көзіндегі от та бөлек емес пе?
Атамның дүңгірлеген қошқар мүйіз кене торсығы бар. Өзіне деген қымызды соған бөлектеп құйып, жүктің астына тығып ұстайды. Күні бойғы тамағы да, сусыны да, міне, сол. Торсықтағы қымызды біз атама жалғыз ішкізбейміз…
…Рамазан екеуіміз, әдеттегіше, сабақтан қарнымыз ашып келдік. Үйде ешкім жоқ. (Ауыл қазағы ол кезде есік құлыптауды білмеген. Кетем деген жағына есікті ашық тастап кете берген).
Жей қоятын пісі-күйік тамақ іздеп, таба алмадық. Осындай оңашалықты пайдаланып, торсықтағы қымыздан ұрлап ішпекші болдық. Суық қолымызды бұдан бұрын да талай сұққан тәжірибеміз бар.
— Әуелі мен ішейін, сен терезеден қарап, бақылап тұр, — дедім Рамазанға.
— Мақұл.
Жүктің астынан өзім білетін қуыстан торсықты шешіп алдым. Шайқап-шайқап жібердім де, жұта бастадым. Шақтап ішпесе, болмайды, атам біліп қояды.
Енді кезек Рамазандікі. Мен қарауылда тұрмын.
Рамазан қорқақ. Торсықты қолына алысымен көздері алақтап, берекесі қашып кетті. Әне, енді ішейін деп жатыр.
Қуақылығым ұстап, басыма қияңқы бір ой келе қалар ма! Рамазан қымыздан қылқылдатып жұта бастаған кезде, қайтер екен ден, қарбаласып:
— Атам кеп қалды! — дедім.
Сужүрек Рамазанда үрей қалмаса керек. Аузындағы қымызды жұтып үлгерместен, бырш етіп қақалып-шашалды да қалды. Аузынан, екі танауынан кері атылған қымыз омырауын, үстін жауып кетті. Сасқаны сонша, торсықты орнына жөндеп қоя алмай жатыр.
Мен күлкіден өліп қалыппын.
Кенет, қарасам, атам, шынында да, үйге кіріп келе жатыр. Көзім атыздай болып, күлкім бірден тыйылды. Сыртқа періп ұрып жөнелдім.
Рамазан қаша алмай, қалып қойды.
Үйдің сыртында анадай барып қарап тұрмын. Рамазан жоқ әлі. Қылмысымен қолға түскен батырдың хәлі не болып жатқанын мен көрмей де жобалаймын.
Бір кезде Рамазанның сыңсып жылаған дауысы естілді. Әне, өзі де шытып келеді. Екі құлағын қолымен басып ұстап алған. Атам ыза болғанда, құлақтан созатын.
Мен өзім қолға түсіп қалмағаныма тәуба дедім.
ЖІБЕК БЕЛБЕУ
«Қымбатты, жаннан артық көруші, ай жүзді, алтын дидарлы ағайым Сатылған! Әкем Ыдырыс, тәтем Смағұл, інішегім Тұрдыбек! Қалай, бәріңіз де сау-саламат, Текестің кең даласында, жұпар ауасында денсаулықтың арқасында, Құдай деп, аман-есен, өкімет пен партияның тапсырмасын адал атқарып жүріп жатқан боларсыздар. Ал енді менен амандық білмек болсаңыздар, мен де аман-есен, оқушылық борышымды адал орындап, Сүмбенің жұпар ауасында, өз тең құрбымның тең қатарында жүріп жатырмын. Нағашым үйі түгел өздеріңіз көргендей аман-есен. Атам мен апам да аман-есен. Қағазбай нағашым да аман-есен. Үшта Зәуре жеңешем екеуі жұмыс істеп жүр. Мен өкімет пен партияның тапсырған оқуын жақсы оқып, мектепке Зәуре жеңгешемнің пешпентін киіп барып жүрмін. Жейдем әбден тозып кетті. Апам күнде жамаса, күнде жыртылады. Сымының құйрығы — ол да жыртылып еді, апам бір сары шүберек тауып, жамап берді. Сондықтан сіздерден өтініп сұрайтыным: қатынаған адамнан маған бір-екі езім сия және бес-алты қаламүш беріп жіберіңіздер. Және жейдем әбден тозып кетті. Бір жейде тіккізіп, беріп жіберсеңіздер екен. Және арифметика кітабын алуға ақшам жоқ. Маған қатынаған адамнан азырақ ақша беріп жіберсеңіздер екен.
Амандық хат жазушы Бердібек, 1935 жыл, 13 апрель».
Дәптердің бір парағына жазылып, үш бұрыш етіліп бүктеле салған, ешқандай марка жапсырылмаған менің бұл хатым осы арадан әуелі біздің Қостөбені басып өтіп, Нарынқолға почтаға барады. Сол арада сорттаудан өтіп, әлгі ізімен қайтадан кейін қайтып, Қостөбеге келеді. Талай жерді шарлап, айқыш-ұйқыш сапар шегіп, Сатылған ағайымның қолына тиеді. Жайдан жай тие салмайды, ол оны маркасыз хат болғандықтан, бір сомға сатып оқиды. Сондағы хат мазмұны жоғарғыдай.
Мен оқу оқып жүрген Сүмбе мен Қостөбенің арасы салт атты адамға түстік жер. Кісі үзбей қатынап жатады. Айтылмыш хатты мен солардың біреуінен беріп жіберсем де болар еді ғой. Әрі тез, әрі әуресі аз.
Жоқ, мен өйтпеймін. Адамзат почтаны не үшін ойлап тапты деймін де, реті келіп тұрғанда, пайдаланып қалуға тырысам. Почта арқылы барған хат мәндірек, жауаптырақ тәрізді.
Сүмбеде дүкен бар. Дүкенші жігіт мені жақсы таниды. Бір күні сол кездесіп қалды да:
— Атаң сатан жиырма бес сом ақша беріп жіберіп еді, жүр, берейін, — деді.
Мына хабарды естіп, Рамазан екеуімізде ес қалмады. Бір сом, екі сом емес, бақандай жиырма бес сом! Біз мұнша ақшаға өмірі ие болып көргенбіз бе? Жүрегіміз алып-ұшып, дүкеншіге ілесіп, оның үйіне келдік.
Heгe екенін білмеймін, дүкенші жиырма бес сомды түгелдей тиынмен санап берді. Әйтеуір, бақыр берген жоқ, он бес, жиырма тиындық күмістер. Соның өзінде қос уыстан асып кетті. Бұны енді қалай алып жүрем? Қалтама салып едім, бір қапталым салбырап түсіп кетті. Салбыраған қапталды қос қолдап көтере ұстап, танауымыз желп-желп етіп, үйге келдік.
— Сатылған Бердібекке жиырма бес сом ақша беріп жіберіпті! — деп Рамазан анадайдан жар сала келді.
Бала мінезді Бөпке апам:
— Рас па? Қане, көрсетші? — деп үйіріле қалды.
— Міне! — деп, қалтамдағы тиынды саудыр-саудыр еткізем.
— Маған бес-алты сомын берші, шай алып ішейін.
— Өзім кітап-қағаз алам.
Отырып, санаймын ақшамды. Дәл жиырма бес сом ба? Не артық, не кем емес пе? Рамазанның болысқысы келсе, қолын қағып, жолатпаймын.
Міне, енді Рамазан екеуіміз дүкенге келе жатырмыз. Жол-жөнекей кездескен балаларға мұрнымды көкке шүйіріп, бүгін жер бетінде бізден бай адам жоқ екенін айтамын. Қалтадан күміс ақшаларды уыстап алып көрсеткенде, кім де болса есінен танып қала жаздайды. Соңымыздан ілесіп, бірге жүреді.
Ақшаның төл иесі менмін ғой. Олар маған қызғанышпен қарайды. Дәл қазір дүниеге мен болып келмегенге өкінеді.
Дүкенге кеп кіргенде, менің соңымда шұбырған бес-алты атқосшыларым бар.
Бір қазақ түйе сатып, базар базарлағанда, он шақты қазақ тырп-тырп етіп, әлгінің қоржын-кешегін арқалап, артында босқа жүретін. Құлды сол тәрізденіп, түйе сатқан мықтының өзімін.
— Не алсам екен? — деп дүкен сөрелеріне тәштиіп көз тастаймын.
Қалтамда жиырма бес сом емес, қазына тұнып жатқандай.
Атқосшы балаларда кінә жоқ. Ананы ал, ананы ал деп, бірімен бірі жарысып ақыл береді.
Бір-екі оқулық, дәптер, блокнот, сызғыш секілді өзіме аса қажет заттар сатып алдым. Тағы не алсам екен?
— Анау барабанды сатып ал! — дейді кеңесшімнің біреуі.
— Бәкі ал!
— Белбеу ал!
— Анау айнаны ал. Қалтаңа салып, бетіңді көріп жүресің.
— Бет май ал.
Бәрі де қажет нәрселер. Ақшам жетсе, бәрін алар едім, ештеңе қалдырмас едім.
Бір кило қант сатып алдым. Бір-бір кесегін өзіміз жеп, басқасын үйге апармақпыз. Осындай байып тұрған кезде атам мен апамды да қуантпасам, адамшылық бола ма?
Кішкентай дөңгелек айна сатып алдым. Пластмассадан жасалған жиекшесі бар. Сықпа вазелин алдым. Кеңесшілерімнің тілімен айтқанда, бет май. Аяқ-қолым тілік-тілік боп, азап көріп жүрмін. Кешке, бәлем, сылап жатып тастамақпын.
Есептетіп көрсем, ақшам тағы да қалып барады. Енді не алсам екен?
— Белбеу ал! Беліңе тағып жүресің.
Ұшында күлтілдеген сәнді шашағы бар, ақ жібек белбеу менің көптен қызығып жүрген нәрсем. Әрі осы күні сән. Сылқым бозбалалар ақ көйлектің сыртынан шашағын салбыратып, буынып алады.
Қалған ақшама белбеу сатып алдым.
Атқосшыларымды шұбыртып, дүкеннен шытып келе жатырмын. Менен бай, менен бақытты адам жоқ.
Көшенің қақ ортасында тұрмын. Атқосшыларым қасымда. Сатып алған нәрселерімнің әрқайсысын олар бір ұстап көріседі.
Мен үшін ең қымбат мүлік — шашақты ақ жібек белбеу. Соны қоңыр пешпенттің сыртынан беліме буынып көріп жатырмын. Сылқым бозбалалардың әдетімен шашақтарын ұзынды-қысқалы етіп, жамбасыма салбыратып түсіріп:
— Қалай, жараса ма? —- деймін.
— Қатып кетті! — дейді кеңесшілерімнің біреуісі.
— Бұны бүйтіп пешпенттің сыртынан буына ма екен? Жейденің сыртынан буынады, — дейді екіншісі.
Тәуір, бүтін жейдем жоқ болса, қайтуші едім? Қашан тәуір жейде біткенге дейін буынбай, сақтап қоюым керек пе?
— Пешпент түгіл, шапанның сыртынан буынса да бола береді. Білсең, бұл қайыс белбеуден он есе мықты, — деймін. Бұл әншейін, өзімдікі дұрыс деп, бер жағымнан айтып жатқаным. Ал ар жағым басқаны арман етеді. Әуелі, басымды тақырайтпай, шаш қойсам. Шашымды бір шекеме қарай жылтырата тарап, қайырсам. Шалбарымның қыры пышақтай болса. Аяғымда жып-жылтыр қара туфли, үстімде аппақ қардай ақ жейде. Міне, осыдан кейін шашақты жібек белбеуді буынып, көшеге: «Ал қане, маған қараңдар!» — деп шыға келсем!
Ех, шіркін!
Бірі табылса, бірі жоқ. Міне, белбеулі болдым. Белбеуіме сән беретін басқа киімнен менде түк жоқ.
Кедей байыса, жомарт келеді. Бүгін мен жомартпын. Атқосшыларымды да бір-бір қуантып тастауды борыш санадым. Сықпа вазелиннен әрқайсысының алақанына күзгі торайдың саңғығанындай етіп шоқитып-шоқитып салып бердім. Беті-қолдары жарылып, су тисе, ашып, азап көріп жүрген бейшаралар мәз болысып жатыр. Олжаға батып, қуанысып жатыр.
Мейлі, қуансын! Менің бұл жақсылығым бірінен болмаса да, бірінен қайтар.
Қайтпаса және бопты.
Күс-күс қолдар мен қарала тұмсықтарға май жағылған соң, жылтырап шыға-шыға келісті. Жуып жақпаған соң, кір қоса езіледі екен. Бетті бір сүйкеп өтсе, бес саусақтың ізі баттиып түгел түсіп қалады…
— Өй, ақымақ неме! Шапанның сыртынан жібек белбеу буынған кімді көрдің? Буынсаң, жейденің сыртынан буын, — деп, мені атам да әжуамен қарсы алды.
Біріншіден, күн өлі салқын. Жейдемен жүрер кез емес. Екіншіден, жейде дейтін емес, қырық жамау.
Күн әбден жылып, қашан тәуір жейде біткенге дейін белбеуімді сақтап қойып, шыдай алар емеспін. Ертесінде мектепке, тәуекел деп, пешпентімнің сыртынан буынып барайын. Тым болмаса, бір рет көрсін балалар. Содан соң, мүмкін, тығып та қоярмын.
Балалар бір дегеннен-ақ қоршап алды. Бірі құптайды, бірі келеке етеді. Белбеуімнің шашағынан тартқылап, тәлкек етушілер көбірек. «Комиссар болып кетіпсің!», «Өкіл болып кетіпсің!», «Прокурор болып кетіпсің» деп мазақтайды.
Сабақ басталды.
— Бердібектің жібек белбеуі бар! — деп, біреулер ең маңызды соңғы хабардай етіп, мұғалімге айтып жатыр.
Мұғалім Назар дейтін жуас, сүйкімді адам. Миығынан күліп, жымиды да қойды.
Бір сабақ біткен. Үзіліске тысқа шығып келем. Әнеугі тақырбас Баймырза бастатқан бірнеше бала жан-жағымнан жабысып, қоршап алған. Бұлар мұнша неге жабысады?
Баймырза жүрген жерде бір сойқан қоса жүретінін жүрегім сезінетін тәрізді.
Далаға шыққан кезде, әлгінде үймелеп қоршап алған баланың бірі:
— Өй, белбеуіңнің шашағы қайда кеткен! — дейді.
Жүрегім су етіп, жалт бұрылып қарадым. Белбеуімнің екі шашағы бірдей жоқ. Біреу пышақпен шорт кескен де алған. Шолтиып жұқанағы қалған. Балалар енді одан әрмен мазақтап, ду-ду күліседі.
Мен ызадан жарыла жаздап тұрмын, кімге тиісерімді білмеймін. Баймырзаға:
— Сен! Сен кесіп алдың! — деймін.
— Оттама! Кесіп алсам, мә, қара! Тауып ал!
Баймырзадан табарсың!
Қайран ғана белбеуім-ай! Ішім удай ашып барады. Өзім де ақымақпын-ау! Мектепке неге буынып келдім! Атамды тыңдап, күн жылынғанша неге тығып қоймадым!
Сабақ біткен. Мектептен тарап келе жатырмыз. Баймырзаның үйі көшенің басқа жағында. Анадай ұзаңқырап алып, ол маған айқай салады. Өлген торғай секілді жалбыраған бірдеңелерді аспанға лақтырып: «Көрдің бе?» — дейді. Көрдім, таныдым, менің белбеуімнің шашақтары.
Боқтап, тұра қудым. Тұра қашты, жеткізу қайда. Қашып бара жатып та шашақтарды аспанға атады.
— Тоқтап тұр, ертең ағайға айтам!
Ағай не істейді? Кесіліп қойылған шашақтарды қайта жапсырта алмайды.
Қыруар ақша төленген қайран белбеу осылайша істен шықты.
МЕНІҢ КЕРБЕЗ ЖЕҢГЕМ
Үшіншіні Рамазан да, мен де мақтау грамотасымен бітірдік. Бұл біз үшін, әрине, зор қуаныш.
Қостөбеден тағы да бір жақсылық хабар келіп жетті. Сатылған ағайым үйленіпті. Бұл жолы ол ағайыңның көңілінен шығып, үлбіреген қыз алыпты. Қостөбедегі кәдімгі кербез Күлімбала сұлу бар емес пе? Оның есігін үйір-үйір болып торыған жігіт-бозбалалардың аузын аңқитып, соның дәл өзіне үйленіпті.
Күлімбала шал-кемпірдің ортасында бұлаң өскен жалғыз қыз. Әкесі қой бағады. Орта бойлы, толықша, қасы-көзі қиылған қараторының әдемісі.
Кәдімгі жұрт танып мойындаған Күлімбала сұлу.
Сатылған соны алыпты!
Жолшыбай бір арбамен Қостөбеге келдім. Үйдің іші тағы да жөнделіп қалған. Жаңа төсек-орын, біраз жаңа мүліктер пайда болған. Әйел болған осы деп, үлбіреп жас жеңгем отыр.
Ағайым бұл кезде колхозда есепші.
Ыдырыс пен Смағұл колхоз жұмысында. Үйде болғандарынан болмағандары көп. Жас жеңгем жұмыс істемейді. Қыз күнінде ол колхоз жұмысына араласпайтын. Бригадир кербез Күлімбаланы мазаламауға үйреніп алған. Жеңгем бойын күтіп, үйде отырады. Айнаның алдында бір сағат шашын тарап, қасын жөндеп тұрады. Ерінбесе, күйеуіне шай қайнатып береді.
Колхоз бізді, балаларды, үйде отырғызып қоймайды, оқу тарасымен жұмысқа қуалайды. Егіннің арам шөбін жұламыз. Көк егінді тазартып қарық қылғаннан да тап-тап бүлдіруіміз көбірек.
Шілденің дәл қайнап тұрған кезінде ағайымды колхоз Алматыға үш айлық есепшілік курсқа оқуға жіберді. Енді үйде жас сылқым жеңгем екеуіміз ғанамыз.
Бригадир — Көпекбайұлы Бәзіл. Қара күшке мығым, бойдақ жігіт. Таңертең үй-үйді кезіп, жұртты жұмысқа шығарады. Бұрынғыдай емес, енді ол біздікіне де келеді. Ат үстінен:
— Кім бар? — деп дауыстайды.
Бұл Ыдырыс пен Смағұл үйде бар ма, жоқ па деп тексергені оның.
Жоқ екенін біледі де, аттан түседі. Атын есіктің дәл көзіне қаңтарып қоя салады. Есектей жуас мал қойған жерден тыбыр етпейді. Аласа тар есіктен Бәзіл қолбиған үлкен денесімен екі бүктеліп, әрең сыйып кіреді.
— Әй, сен неғып жұмысқа шықпай отырсың? Бар! — дейді Бәзіл маған.
Оны-мұны сылтаумен мен дереу кете қоймай, бөгеле берем. Бәзекеңнің басында жаман ой бар екенін сезем.
— Сен келіншектің үйде отыруың жетті, енді жұмысқа шық, — дейді Бәзіл Күлімбалаға.
Бұйырып, шындап айтқан болады. Бірақ арғы көмекейі бос.
Күлімбала сызылып:
— Сонда не жұмыс бересің?
— Күрек ал да, ана Мәриялармен бірге арық қаз.
— Оған менің күшім келмейді.
— Онда қамба тазала.
— Шаңға тұншығып өлмеймін бе?
— Шөмеле сал.
— Күн өтсе, басым ауырады.
— Сонда не жұмыс істейсің? Тепсең, темір үзгендей күшің бар, — дейді де, Бәзіл жеңгемді бүйірден түртіп келіп қалады. Күлімбала: «Әй, шешек! Мына шешек қайтеді», — деп сылқ-сылқ күледі. Бәзекеңе керегінің өзі де осы. «Е, немене, өтің жаралып кетті ме», — дейді де, енді ол жеңгеме дүрсе қоя береді. Тышқанды бассалған мысықша нәзік жеңгемнің әптер-тәптерін шығарады. Ойнаған болып, құшақтай ма-ау, шымши ма? Төсекке алып ұрып, қытықтай ма, әйтеуір, білгенін істейді. Мені адам екен деп көзге ілмейді.
Жеңгем менен қаймығып қана: «Қой, ей, бала, қой» деген болады. Бірақ онысында зіл жоқ. Оның «қойы» «е, тағы түрт, тағы шымшы» дегенмен бірдей. Аю тұлғалы Бәзілге әлі келмесін білсе де, Күлімбала оған, өш алған болып, енді өзі тиіседі. Бәзілді өшіктіре түседі.
Он екі, он үш жасар бала бола тұрсам да, менің білмейтінім бит астында. Бәзілдің біздің үйге келуін жаратпаймын. Ол аттан түсе бастағаннан-ақ, кеудемде жеңгеме деген қызғаныш оты тұтанып, қолымнан келсе, Бәзілді шайнап жеп қоюға дайынмын.
Күндіз Бәзіл біздің үйде көп бөгеле алмайды. Жеңгем мен үйдің ішінің әптер-тәптерін шығарады да, жөнеп отырады. Кешке жатар кезде тағы да сопаң ете қалады. Бұл жолы от ат мініп, айқай салып келмейді. Жаяу. Үн-түнсіз, «кеш жарық» деп кіріп келеді. Жеңгем кесте тігіп, мен кітап оқып отырмын. Аласа есікті денесімен жауып, Бәзіл қалбиып тұрып қалады.
— Ыдырыс, Смағұл қайда? Келмеген бе? — дейді.
Олардың қайда жүргенін бригадир білмесе, кім білуші еді.
Бәзіл қасақана сұрайды.
— Келген жоқ, — деп жеңгем дұрыстап жауап қайырады.
— Сен келіншек, не істеп отырсың? Бұ не бұл? Күндіз-түні қадалып тігесің де отырасың? Колхоз жұмысына шық десе, шықпайсың. Тоқтап тұр, байың келсін.
Бәзіл, ешкім отыр демей-ақ, төсек үстіндегі жеңгемнің қасына, зілдей боп, сеткалы керуеттің белін қайыстырып, отыра кетеді. Әдемі жиналып қойылған жастықтар орындарынан шоршып-шоршып түседі.
Кешқұрым келген Бәзілге менің көз қарасым бөлек. Бірақ оны ол байқамаған болады. Жеңгеме залалсыз қалжың айтқан болып, ара-тұра колхоз жұмысын да сөз етіп қойып, асықпай отыра береді. Қолдан туралған көк темекіні таяқтай етіп шылым орап тартады. Желдеткіші жоқ үйдің іші ащы көк түтінге толып кетеді.
Жеңгем маған қамқорсығандық білдіріп:
— Ұйқың келсе, жатып, ұйықтай ғой, — дейді.
Бәзіл кетпей — ішімді сақардай қайнатқан қызыл көз пәле кетпей, — менің ұйқым келетін бе еді!
Ақыры Бәзіл кетпек болады, орнынан тұрады.
— Әй, келіншек. «Қуыс үйден құр шықпа» деген. Тіпті ырымға жаман ғой, тым болмаса, бір шыны суың бар ма?
Жеңгем ауыз үйден Бәзілге су әкеліп береді. Бәзіл жарымын ішеді де, жарымын Күлімбаланың бетіне шашып жіберіп, тұра қашады. Жеңгем: «Қу шешек, сені ме!» — дейді де, тұра кеп қуады. Ауыз үйдің, тор үйдің есіктері аңқиып ашылған күйінде қалады.
Дала қараңғы. Тас қараңғы. Қашушы да, қуушы да қара сияға батқандай жоқ болады.
Мен жеңгем тез оралса екен деп, күтіп отырамын. Ішім безгек болған адамдай бір суып, бір қызынады.
Жеңгем кешігеді.
Жүгіріп есік алдына шығамын. Олай-бұлай көз тігіп, құлақ түрем. Ешбір сыбыс естілмейді. Менің безгегім асқына түседі.
Бір кезде өкпесі өшіп, алқынып, жеңгем келеді:
— Қу шешекті сонау көшенің басына дейін қудым, жете алмадым. Бәлем, тоқтап тұр! Ертең осы үйге келерсің!
Жеңгемнің шашы мен киімдері, Бәзілді «қуамын» деп, одан бетер ұйпа-тұйпа болған. Арқасына шөп-шалаң жабысып қалған…
«КЕҢСЕ AHA АУЫЛДА!»
Жұрт түгел колхоз болып біріккен. «Жекеше» деген сөз енді ауызға да алынбайды. Бәрі колхоздікі: жер де, су да, адам да.
Қостөбеде тұрақты дүкен ашылған. Ауыл совет кеңсесіне телефон түсірілген. Жеке адамдар жаздырып алатын газет-журнал көбейген. Сауыны, малы жоқтарға бір-бір ешкі, бұзау, тана секілді мал үлестіріп берген.
Біздің үйге тигені тәйпиген қоңыр құнажын. Келер жылы бұзаулауы мүмкін. Ол бұзауласа, Құдай бізді жарылқайды, өзіміздің сүтіміз, айранымыз болады. Көже-қатығымыз болады.
Май, құртымыз болады.
Қазақтың қарны малмен ғана тоғаяды.
Қорадан мал иісі шыққанның өзіне береке кіріп қалғандай болады.
Осы жаз Қостөбеде жаппай отырықшылану басталған. Жаңа поселік — «төшке» салу қолға алынған. Киікбай ауылы мен Найза ауылының екі аралығы бос жатқан жазық еді. Қазір сол жазықта қыбырлаған көп адам балшықтан кесек құйып, екі пәтерлі, екі-екі бөлмелі, түзу көшелі еңселі үйлер тұрғызып жатыр. Осыны ауыл адамдары «төшке» дейді.
Қабырғасы қаланған үйлердің саны біртін-біртін көбейіп келеді. Іші-сыртын сылап, есік, терезе орнатса, төбесін жапса, қазіргі қожалақ тамдардан он есе артық, ақ сарайдай әдемі үйлер болып шығады. Нағыз жаңа ауыл, міне, сол.
Біз, балалар, бұған қуанамыз. Қаланып болған үйлердің ішін аралап, тамашалап қараймыз да: «Мынау біздің үй болады. Мына үйге біз кіреміз», — деп, үлкендердің атынан сөз сөйлеп, тон пішеміз.
Төшке салу жұмысы жаз бойына бір бәсеңдемеді. Қайта, көрші колхоздардан көмекшілер келіп, екі-үш айдың ішінде оннан аса үй тізіліп тұра қалған еді. Күндердің бір күнінде бұл жұмыс тоқтады. Неге екенін кім білген, қайтып қолға алынбады.
Күз өтті. Көктем өтті. Жаңа үйлер сол күйде ұмыт болды. Төбелері жабылмай, есік-терезе орнатылмай, қалып қойды. Бітпеген үйлерге бір де бір адам көшіп барып кірмеді. Жауын езіп, жел сабалап тоздырған қабырғалардың үстінде зая кеткен мол еңбектің жоқтаушысы тәрізденіп сұңқиып қарғалар отыратын болды.
Ешқандай пайдаға аспай құрыған сол үйлерге менің күні бүгінге дейін жаным ашиды.
Ат орнына адамдар жалаңаш аяқтарымен балшық кешкені, зілдей ауыр кесекті арық қабырғалары тырбың-тырбың етіп қайысып қалап жатқаны менің көз алдымда.
Түскі үзілістің кезінде жұртты, «көп отырып қалдыңдар» деп, «бол, болдың» астына алып, шақ-шақ еткен өкілдер көз алдымда. Сүйретпе шанамен балшыққа қосатын сабан тасып, ыстық күнде тілі салақтаған өгіздер, емшектегі балаларын көлеңкеге жатқызып қойып, кесек құйып жүрген әйелдер көз алдымда.
Мезгілімен ембей, шыр-шыр етіп жылаған жас сәбилер менің көз алдымда.
Соның бәрі не үшін? Қарға-құзғынға қонақтап отыратын жар жасап беру үшін бе? Текестің жары да соларға жететін еді ғой.
Айтпақшы, бітпей қалған сол көп жаңа үйдің біреуі ғана пайдаға асты.
Қостөбеде Ауғанбай дейтін бала-шағасы мол, кірме біреу бар-ды. Әлгінің меншікті тамы болмайтын да, әркімнің шаңырағын бір паналап күн көретін. Қысқа қарай Ауғанбай кесектен қаланған еңселі үйдің шеткі біреуісін өз күшімен жабады да, кіріп алады. Ауғанбай бұрын орыс арасында болған, үй салудың жон-жосығын білетін адам екен. Үйіне биік есік, үлкен терезелер орнатады. Іші, сыртын әдемілеп сылап, әктейді. Сонымен, Қостөбедеті ең биік, ең көрнекті үй Ауғанбайдың үйі болады да шығады.
Және оның тұрған орны қандай! Киікбай мен Найза ауылының қақ ортасында, оқшау. Төңірегі тап-таза көгал жазық. Бұрқыраған шаң, бықыған көң-қоқырдан оңаша.
Нарынқол жақтан келе жатқан адамға әуелі Қостөбеде бірінші боп жарқырап Ауғанбай үйі көрінеді. Ауылдағы ең тәуір үй, әдетте, не кеңсе, не мектеп. Қостөбеге тосын келетін жолаушының көбі, кеңсе екен деп, енді Ауғанбай үйіне түсіп, шатаса бастайды.
Сөйтсе, кеңсе емес. Бықыған жас бала, бықсып жанған от. Ауғанбайдың әйелі бала басты салақтау адам.
— Өй, кеңсе қайда? — дейді таңырқаған жолаушы.
— Кеңсе ана ауылда!
Шатасып жөн сұраушылардан Ауғанбай балалары біраздан соң мезі бола бастайды. Енді осы үйге беттеп келе жатқан тосын адам көрсе-ақ, алдынан жүгіріп шығып:
— Кеңсе ана ауылда! — деп айқай салуды олар әдетке айналдырады.
ШАЙТАН ЕКЕН ДЕП ҚАЛСАМ
Менің ертеңді-кеш үйде, жас жеңгемнің қасында күзет болып отыруым Бәзілге ұнамаған тәрізді. Бір күні ол маған:
— Шөпке барасың, шөмеленің атына мінесің, — деді.
Шөп ору — астық ору секілді ол дағы қарбалас науқан. Шабындық ауыл маңынан алысырақ болады. Шөп оратында істейтіндер сонда түнеп, сонда тамақтанады. Бәзекең мені көзімді ауылдан жойғалы отыр.
Қарсыласар менде шама жоқ. Бригадирге мінгестім де, кете бардым.
Текестің арты өңірі тоғайлы алқап, саздауыт. Шөбі қалың. Шөп машина еркіндеп жүре алмайды. Шөпті жігіттер тоғай арасындағы алаң-алаңнан шалғымен шабады. Мая салатын жерге шөмелені арқанға орап, атпен сүйреп жеткізеді.
Атқа бала мінеді, ол — мен.
Мая салушы Жылқыбай, менің ескі «досым».
Орта қазан Текестің бергі солтүстік қабағында, әрі биік, әрі ашық тақыр жазықта. Тоғай арасында маса көп, бұл арада аз.
Күлімбала енді үйде күндіз де, түнде де жалғыз өзі.
Түнде мен қоста жатып, жөндеп ұйықтай алмаймын. Үйдегі жас жеңгемді ойлаймын. Көзім ілініп кетсе, жаман түстер көрем. Түсімде Бәзілді көрем. Әне, ол шылымды бұрқ-бұрқ сорып, жеңгемнің керуетінің үстінде отыр. Күлімбала қасында. Ол да шылым шегіп отыр. Екеуі сықылықтап күле ме-ау. Бірін бірі құшақтап, бірінің аузына бірі түтін үрлеп ойнай ма-ау! Мен төр алдында өтірік ұйықтаған болып жатыр екенмін деймін.
Мен енді шыдамаймын. Айқай салып тұра ұмтылғанда, өз дауысымнан өзім оянып кетем. Сөйтсем, қос басында жатырмын. Қасымдағы адамдар қоса оянады. Жылқыбай маған зекіп ұрса бастайды: «Не көрінді, ей! Бірдеңе басып жатыр ма! Осы неменің дені сау емес қой деймін!».
Менің шошып оянуымды әркім әр саққа жориды.
— Шешесі түсіне кіретін шығар, — дейді біреулер.
— Етпетінен жатып, бастырылып қалған ғой, — дейді екіншілер.
Кейде шошып оянған соң, қасақана, әлдененің шалығы тиген тәрізденіп, бақырып жылай берем. Қос басындағыларды дүрліктіріп түгел оятам. Талайға дейін жұбанбай, әлек қыламын. «Не болды? Не түс көрдің? Айтшы».
Мен ештеңе де айтпаймын, үйге барам деймін.
Түсіме шешем кіретіні ол да рас.
Өсти-өсти мен, шынында да, ауру бола бастадым. Бірдеңеге қатты ренжісем, ашулансам, етім қызып шыға келеді. Екі шекем солқылдап, басым ауырып, жатып қаламын. Бұндай кезде дүниенің бәрінен безер болам. Нәр татып алмаймын. Айқай-шуды жақтырмаймын, тек өлі тыныштықты қалаймын. Басымды таңып алып, жатқанды білем. Не ұйықтап тұрсам, не құссам, сонда тәуір болам. Жұрт енді мені:
— Бұның басының сақинасы бар, — дейтін болды.
Күнде түсте тамақтануға Текестің суынан өтіп, Орта қазанға келетінбіз.
Орта қазан маса аз, дөңес жерге тігілген оқшау киіз үй. Мұқамедидің Қант дейтін әйелі тамақ жасайды. Таңертең шай, кеште шай. Түсте кейде шай, кейде талқан көже.
Оқта-текте өлген малдың еті келіп қалады. Тартқыласаң, тіс өтпейтін көк жасық шандыр.
Бір күні, әдеттегіше, түскі үзіліске шықтық. Атты-жаяулы шұбап, Текестің арты бетіндегі Орта қазанға келе жатырмыз. Мәссаған безгелдек! Тоғайдың ішін қаптаған су басып кеткен. Көктен түскен су емес, әрине. Шілденің нағыз ыстық кезінде тау басындағы қар ағыл-тегіл ериді де, Текеске құяды. Әншейінде моп-момақан болып жататын Текес өстіп шарасынан асып тасиды.
Бүгін күн ерекше ыстық болған еді. Соған орай Текестің тасуы да сойқан екен. Судың түсі қызыл күреңденіп өзгеріп кеткен. Тоғай ішіндегі су мұнша болғанда, Текестің өз арнасынан дәл қазір көлік өтіп болмайды. Атты да, адамды да жаңқа құрлы көрмей, ағызып әкетеді.
Шөпшілер Орта қазанға бара алмай, қаңтарылып тұрмыз. Не істеу керек? Көпір мен Қостөбенің тұсында. Көпір айналып баруға тым алыс.
Маяшы төрт адам. Шөмеле салушы төрт-бес әйел және бар. Бәріміз он шақтымыз.
— Мен барып, тамақ әкелейін. Судан өте аламын, — дедім.
— Қалай өтесің?
— Жүзіп өтем.
Жұрт жамырап кетті: «Қой! Сумен ойнама! Ағып өлесің», — дейді біреулер. Біреулер: «Өлгің келсе, бара ғой», — дейді. Үшіншілер: «Бұл өлмейді. «Текестің суы арық емес пе, Бердібек балық емес пе?» деп бекер айтылды деймісің. Барсын», — дейді.
Мен баратын болдым.
Тоғайдағы судың біраз жеріне дейін атпен кешіп келдім. Әрмен қарай терең, жұмыстан қажып жүрген арық атқа сену қиын. Атты сол арада қалдырмақ болдым. Бар киімімді шешіп, ердің үстіне байладым. Енді, міне, тыр жалаңашпын. Труси менде жоқ-ты. Шалбармен жүзе алмайсың.
Тоғай ішіндегі судың өзі көкірегімнен келеді.
Монтиып жататын Текес көк долы дарияға айналған. Жүрексініп біраз қарап тұрдым да, қойып кеттім. Құлаштап жүзіп келем. Өзіме өзім сенем.
Атын күндегіден қатты. Маған ырық бергісі келмейді.
Жаға жақын. Міне, қолым ілінді.
Тыр жалаңаш болып жағада тұрмын. Ар жағымда жүз метрдей жерде киіз үй. Орта қазан. Онда қазір тым-тырыс. Судың бұ жақ бетінде істейтін басқа шөпшілер тамақтанып, тарап кеткен.
Не істеймін? Тапайдың тал түсінде тыр жалаңаш қалай барам?
Бармай және болмайды.
Киіз үйге қарай жүгіріп келем. Кім болса, сол болсын, үйге тез кіріп, қолыма іліккен киім, бірдеңемен тәнімді бүркей қалмақпын. Есік түсірулі, тым-тырыс. Үйге жақындап қалдым.
Кенет, киіз үйдің есігі жалбаң етіп ашылды да, қолында тегеші бар Қант шыға келді. Ол үйде жалғыз екен. Тыр жалаңаш жүгіріп келе жатқан мені көріп, шайтан көргендей баж ете қалсын. Қолындағы қамыр салған тегеш құлап қалды. Менің бөгеліп,түсінісіп жатуға уақытым жоқ. Тоқтамастан, үйге зып беріп кірдім де кеттім. Керегенің көгінде Мұқамедидің ұзын шекпені ілулі тұр екен. Үстіме соны жамылып, далаға қайта шықсам, Қант жоқ. Сөйтсем, жаулығының ұшы желбең-желбең етіп анадайда безіп барады.
— Қант! Қайда зытып барасың? Бұл мен ғой!
Қант сенбегендей таңырқап қарап қалыпты.
Ақыры таныды. Уһілеп, бырбық қолымен жүрегін ұстай береді:
— Ой, қу шешек! Тырдай боп жүгіріп келе жатқанға, қайдан білейін. Шайтан екен деп қалдым.
Мен күлкіге қарық болып жатырмын.
Бірер шыны ыстық шай ішіп, әлденіп алдым. Енді ар жақтағы шөпшілерге тамақ алып қайтуым керек. Қазанға қарып пісірілген үлкен бір жаппа нан берді Қант.
— Бұны қалай әкетесің?
— Бір шүберек бер. Соған орап, арқама байлап алам.
Қанттың үлкен қызыл шыт дастарқаны бар екен. Қинала тұрып, әрең дегенде соны берді. «Дастарқаным ағып кетіп жүрмесін» деп таптап айта береді. «Байқа, су жаман, өзің атып кетіп жүрме» демейді.
Су бойына дейін Мұқамедидің шекпенін жамылып келдім. Қант анадайда қарап тұр. Нанды арқама келтіріп, дастарқанды мойныма байлап жатырмын.
Шекпенді сыпырып тастап, суға қойып кеттім. Жотамдағы нан су болмас үшін, кеудемді, мүмкін болғанша, көтере малтуға тырысам.
Шөпшілер риза болып, қаужаңдасып қалды. Төбемнен төгіліп жатқан мақтау сөздер қаншама!
КӨНЕ ЗАТТАР МУЗЕЙІ
Төртінші оқымаққа тағы да Сүмбеге келдім.
Нағашым үйі бұрынғы тамда емес. Ол арадан кешіп, басқа тамға кірген. Бүлкең-бүлкең еткен көп қаракөк қоян бар емес пе? Ескі үйдің түбіне солар жеткен екен. Іргеден үңгіп қазып алған қалың іннің бірінен бір күні түн ішінде сарқырап су кіре бастайды. Төр алдында жатқандар дүркіреп шошып оянады. Шам жағып қарайды. Сөйтсе, қоянекең інді қаза-қаза үйдің сыртындағы су ағып жатқан арыққа жеткен екен. Арықтағы су үйге қарай лап қойған.
Онсыз да асты шылқып жатқан су там енді тұруға жарамсыз боп қалған.
Осыдан соң атам қоян атаулының бәрінің басын кесіпті. «Енді қоян асырасам, екі көзім желкеме бітсін!» — деп, ант ішіп отыр.
Нағашымдар отырған қазіргі үй де бұрынғы үй секілді үш бұлың қоржынға ұқсас. Бір бөлмеде өздері тұрады, ортаңғы бөлмеде ас дайындалады. Кітап бетіндей ғана ойық терезесі бар оған жалғас үшінші бөлме қойма. Онда әр алуан зат сақталады.
О, бұл бөлмеде жоқ нәрсе жоқ!
Қап-қап арпа, бидай, қыста жағатын отын (қурай, тезек), сонау көшпенділік заманда баспана еткен киіз үйдің уық, керегелері, киіздері. Ескі ер-тұрман, т.т. Қысқасы, бұл бөлмеде не зат бар екенін түгел санап шығу мүмкін емес.
Одан да сіз кіріңіз де, өз көзіңізбен көріңіз.
Мынау үңірейген үлкен қуыс — есік. Төбеңізді соғып алмай, еңкейіп, байқап өтіңіз. Жарық бұл бөлмеге кітап бетіндей ойық терезеден емес, негізінде, осы есіктен түседі. Сыртқы есік жабық болса, бұнда тас қараңғы. Сыртқы есік ашық болса, осындай алакеугім.
Қапа болмай, аз ғана сабыр етіңіз. Кім де болса, көзі үйреніп болғанша өстеді — ештеңе байқай алмайды. Әне, енді көріне бастады. Анау бұрыштағы текшелеп жиналған зат — тезек. Отан қатарлас қаттап тізіп тастаған қалың бау — ши-қурай. Бұның бәрі Бөпке апамның қыста жағу үшін тасып жинай берген отын қоры. Анау үйіліп жатқандар әлгі айтқан киіз үйдің аташ, киіздері. Мынау үлкен фанера жәшікте үн сақталады. Анау кішірек жәшікте кебек, кебектің іші толы жұмыртқа.
Тоқтаңыз! Төбе жақты байқап алмай, ілгері қарай баспаңыз. Ондай ағаттық істесеңіз, өкінесіз. Кәне, жоғарыға қараңызшы. Белағаштың қуыс-қуысына, төбені жапқан сырғауыл мен талға жыпырлатып іліп тастаған, сүмеленіп шаң басқан мынау нәрселердің бәрі-бәрі де қажет заттар. Қажет болмаса да, атам қажет деп, тастамай, іліп қойған. Ескі бесік, ердің күмістеген жүген-құйысқаны, аузы салпиған ескі бәтеңке, ескі пиманың қонышы, тот басқан көсеу темір, сынық шалғы, сапсыз орақ…
Жоқ, бұл бөлме қойма ғана емес. Сембай әулетінің бәз заманнан бері пайдаланған көне заттарын сақтайтын музей тәрізді. Осындағы әр бұйым әр заманның куәсі, көзі есепті.
— Ата, анау бесік қашан жасалған? — деп сұраңызшы.
— Әкемнен қалған бесік, — деп жауап береді Сембай атам.
Сонда бұл бесікте, ең бері болғанда, үш ұрпақтың бала-шағасы тербеліп өскен.
— Ал мынау қамшы ше?
— Жігіт кезімде Бөпкені аларда осы қамшыны ұстап барған едім.
— Ал мынау ескі күміс белбеу?
— Бұл әкемнің әкесінің белбеуі екен. Қайын атасы зергер адам болып, оған оны сол сыйласа керек.
Қаңсыған көне заттардың әрқайсысының осындай әріге кетіп жатқан тарихы бар.
ҚАПАСҚА ҚАМАЛҒАНЫМ
Күнде кешқұрым, өрістен мал қайтатын кезде, бала-шаға табынның алдынан шығамыз. Жан сақтап отырған бір-бір сиырымызды тосып алып, үйге айдап келеміз. Әдетте, ала сиырды қарсы алуға Рамазан екеуіміз шығатын едік. Бір күні, Рамазан сырқаттанып қалды ма, есімде жоқ, қолыма жіңішке бір шыбықты ұстай салып, дағды болған қызметіме мен жалғыз кеттім.
Табын Сүмбенің сайының ішіне жайылады. Қарындары шеңбірек атып тойынған мама сиырлар қара жолдың бойымен шұбап келе жатыр. Бұзауын сағынған кейбір шыдамсыз құнажындар жіңішке дауысымен өңешін соза мөңіреп, «мен келе жатырмын» деп хабар беріп қояды.
Біздің жасамыс ала сиыр өзін маңғаз ұстайды, жөн-жосықсыз мөңіремейді. Әне, ол екеуіміз бірімізді біріміз алыстан таныдық. «Маған келе жатырсың-ау» дегендей, ала сиыр алдыма түсіп, айдалуға бейімделе берді.
Жалаңаш аяғыммен жолдың май шаңын бұрқ-бұрқ кешіп, қаннен-қаперсіз сиырдың соңында келе жатырмын. Қай жермен қалай жүріп отыруды ала сиыр өзі біледі.
Жолда колхоздың ат қорасы бар. Сол араға келгенде, кенет, ағаштан мылтық, қылыш асынып, жасанып алған үш бала жау көргендей еліріп, қалқадан уралап шыға келді. Үшеудің бірі менің ескі жауым Баймырза. Бұлар мені анадайдан көріп, бұғынып тосып тұрған.
Қарақшылар жолымды бөгеп, қоршап алды. Кеуделерімен қатып, қылыштарын көтере ұстап, қоқаң-қоқаң етеді. Баймырза бұйырып:
— Қайт кейін, — деді.
— Неге?
— Біздің көшемен неге жүресің? Ана өз көшеңмен жүр.
Шатақ іздеген Баймырзаға бұл тек сылтау ғана.
Жігітті намыс өлтіреді. Жалғыз бола тұрсам да, айбарымды сақтауға тырысамын.
— Сенің әкең салған көше ме?
— Қайт деген соң, қайт!
— Қайтпаймын!
Баймырза мен оның нөкерлері енді сөзден іске көшті. Көкірегімнен итеріп, тықсырып, күш көрсете бастады. Баймырза кеудемнен бір түйіп қалса, мен де бір түйіп қалам. Ол екі түйсе, мен де екі түйем. Түйген олай емес, бұлай деп, есемді жібермеуге тырысам.
Жерде жұдырықтай тас жатыр екен. Соны тез еңкейіп, іліп алдым. Ал бәлем, енді мен даты құр қол емеспін. Аналар қылыштарымен ұратын болса, мен бас, көз демей, таспен ұруға дайынмын.
— Ал ұра ғой, — деп Баймырза кеудесін алдыма тосып, қасқая қарайды.
— Сен ұр!
— Жоқ, сен ұр!
— Сен ұрсаң, мен де ұрам!
Төбелесқой Баймырзада өткірлік те, шапшаңдық та бар еді. Тас ұстаған қолымнан қалай шап бергенін байқамай да қалдым. Екеуіміз алысып жатырмыз. Баймырза маған қарағанда сүйектілеу әрі күштілеу. Айт десе, шап беруге дайын тұрған екі көмекшісі тағы бар. Мен лезде-ақ үшеуінің астында қалдым. Бір аяғымнан басып, атаманның өзі өр кеудеме атша мініп алды.
Менің ашуым шетіне жеткен. Беріспеудің бар әрекетін істеп жатам. Бұлқынып, тыпырлаймын, Баймырзаны желкеден теппек болам. Аузыма іліккен жерін бөксеріп, тістеп те алмақпын.
Бірақ үшеудің аты үшеу, әлімді келтірмейді. Баймырза кеудемді одан бетер жаншып, екі қолымды екі жаққа тарбита жерге тіреп, ұстап алған.
— Ағатай де. Жалын. Жалынсаң, тұрам, — дейді.
Басымды кесіп алып жатса, жалынармын. Жалынбақ түгіл, жеті ата, жеті бабасынан тартып, тілімнің жеткенінше тұздықтап тұрып боқтаймын. Құдай күшті мол етіп бермесе де, қалақайдай ащы тіл берген. Баймырза мен оның серіктерінің ар-ожданын пышақша тілгілейтін небір аяусыз уыт сөздерді тауып айтам. Өлген-қатқан, тірі жүргендерінен бір де біреуін құр тастамаймын.
Баймырза мен оның нөкерлері одан бетер егесе түседі.
— Бір жіп тауып әкеліңдер! Иттің баласының аяқ-қолын байлап, шұңқырға тастайық!
Нөкерлерінің бірі қораға кіріп кетті де, жіп тауып әкелді. Үшеулеп, қолымды артыма қайырып байлап жатыр.
— Байла! Байла, әкеңнің аузын… Бәрібір, түбінде өшімді бір алармын!
Ат қораның төңірегінде бір кезде балшық жасағаннан қалған терең апан шұңқырлар. Мені соның біреуіне тастап жібермекке үшеулеп сүйреп әкеле жатыр.
Ала сиыр әлгінде артына бірер қарап, бөгелгендей болып еді, енді ол да көрінбейді.
— Тастаңдар! Тастап өріңдер! — деймін сес қылып.
— Шұңқырға тастамай-ақ, өзін мына жәшікпен бастырып тастасақ қайтеді?
— Дұрыс!
— Бері тарт! Бастырып тастайық. Шыға алмай жатсын, бәлем!
Ат қораның алдында астық таситын үлкен арбаның қалың тақтайдан істелген зілдей ауыр қорабы жатқан. Мені соған бастырмақ.
— Бастыр! Бастыр, әкеңнің…
— Ағатай де! Ағатай десең, бастырмаймыз.
Өліп кетсем де, дегенімнен қайтатын мен емеспін.
Қораптың дәл қасына мені етпетімнен сұлатып жықты да, Баймырза тізесімен қимылдатпай басып тұрды. Ана екеуі қорапты оп-оңай аунатып, үстімнен көміп тастады. Табытқа салынған адам тәрізденіп, ауыр қораптың астында қалдым. Тек тұмсығыммен жер сүзіп жатырмын.
Жеңуші әрқашанда мәз. Жеңілуші қор. Үш қарақшы қораптың үстіне шығып, тасырлатып би билейді. Табандарының астында жатқан мені мазақ етеді. Кенет тысырлап өткінші жауын жауа бастады. Үш қарақшы мені тастап, кетіп қалды. Бірдеңе етіп қолдарымды босатып алсам, қорапты қалайда көтеріп, шығар едім. Иттің ғана күшігі Баймырза, бір білегімді бір білегіме қабыстырып, аямай, қатты байлаған. Қанша жұлқысам да шешілмейді, кендір жіп екі білезігімді қиып, ауыртып барады.
Жауын бір мезетте сатырлап күшейіп кетті. Тақтайдың жарығынан үстіме тамшы тама бастады. Тамшыдан қашып, қораптың бір қапталына тақалып, енді бір қырыммен жатырмын. Бұлай жату кішкене жайлырақ көрінеді.
Тірі болсам, Баймырзадан қалайда өш алатыным даусыз. Оның мына көрсеткен қорлығы есімнен, сірә, кете қоймас.
Жауын басылды. Қарақшылар тобынан хабар жоқ. Сиыр айдаған бала-шаға мана-ақ кетіп қалған. Төңірек енді тым-тырыс. Айқай салып бақырғанмен, ешкім ести қоймайды. Жақын маңда тұрған үй де жоқ.
Ат қора қазір иесіз. Колхоз мұнда жұмыс көлігін тек қыста ұстайды. Баймырзалар өздері келіп босатқанша, шыдап жатқаннан басқа лаж жоқ.
Ал олар келмесе ше? Ертең таңертең үй іші мені қайда жоғалып кетті деп іздей бастағанда бір-ақ келсе ше?
Мен өзімді батыр болуға дайындап жүрген адаммын. Егер патша кезінде, әділсіздік заманда тусам, онда революционер болар едім деп ойлаймын. Революционерлер оттан, судан қорықпайды. Айлар, жылдар бойына қол-аяғы кісенделіп түрмеде жатады. Аш-жалаңаш болады, неше түрлі қинау көреді. Сонда да дұшпандарының алдында тізе бүгуді, жалынуды білмейді. Өз дегендерінен қайтпайды. Өлімді қасқайып, бетіне түкіріп қарсы алады.
Сол үшін де революционерлердің аттары тарихта мәңгі қалады.
Иә, мен патша кезінде тумағаныма өкінемін. Ол кезде тусам, қазір атым тарихта жүреді. Балалар мен туралы оқып, менің ерлік істеріме таңырқасады.
— Неткен батыр адам! — деп бас шайқасады.
— Неткен қайсар!
— Неткен төзімді!
— Мен, Құдай ақында, мұнша азапқа төзбес едім. Шынымды айтқан болар едім, — дейді кейбір жаны тәттілер.
Менің рухым, менің әруағым бүгінгі жас ұрпақтың арасында қызу талас туғызады. Мен оларға кітап бетінен тек күлімсіреп қарағанды білем.
Осы кезде біздің Атымтаев дейтін аға пионер вожатыйымыз бар. Қалтаңдаған тарамыс арық қара жігіт. Өз жұмысына жанын салады. Сабақтан тыс уақытта бізге маза тапқызбайды. Күнде таңертең мектепке сабақ басталардан жарты сағат бұрын келеміз. Атымтаев таң асып шыққан атша бізді сылаң ұрып қарсы алады. Мектептің алдындағы ашық алаңға тізіп тұрғызады да, дене шынықтыру жаттығуларын жасатады. Жүгіртеді. Кешігіп қалсаң немесе келмесең, о, онда ол әкеңді танытады. Мәселеңді пионер жиынында қарайды.
Атымтаев саясатсыз бір ауыз сөз сөйлемейді.
Пионер жиынында не мәселе қаралмасын, Атымтаев әңгімені 1917 жылдан бастайды. Тап тартысы, Ленин, Октябрь революциясы. Барлық сөздің түйіні, міне, осыған келіп саяды.
— Патша заманы болса, сен оқу оқымақ түгіл, қой бағып, құл боп жүрер едің. Осыны неге түсінбейсің? Физзарядкаға неге кешігесің? Ұйықтап қаппын деген де сөз бола ма екен? Бұрынғы заман болса, бай сені таң бозарып атысымен оятып, малға қуар еді. Ұйқы қанбау дегеннің не екенін сонда анық білер едің, — дейді Атымтаев.
— Енді аз жылда бізден басқа елдерде де революция болады. Капитализм жер бетінен мүлдем құриды, — деп, Атымтаев күн демей, түн демей құлағымызға сіңірумен болатын еді. Яғни революция әлі біткен жоқ.
Революцияның көкесі әлі алда! Ол — дүниежүзілік пролетариат революциясы. Мен, тым құрыса, соған қатыссам деп армандаймын. Осыған іштей дайындалып жүрген адаммын.
Қораптың астында жатып, өзімді өзім сынаймын. Қиыншылыққа төзе алам ба, төзе алмаймын ба? Мына тар қуыс патшаның түрмесі болсын. Мен батыр революционермін. Ал Баймырзалар мені азаптаушы жендеттер.
Мен оларға еш уақытта да жалынбақшы емеспін. Өздері босатпаса, қыңқ деместен жата берем..
Бір күн түгіл, бір ай жатсам да шыдаймын.
Қайта олар келмесе екен, босатпаса екен деп тілеймін. Өйткені талайдан көксеген арманына жеткен адаммын.
Күн кешкіріп, қараңғы тартып барады.
Бір кезде біреудің келе жатқан дыбысы естіледі. Сөйтсем, Қасымқан екен. Менің қамауға түсіп қалғанымды жендеттер өздері айтқан.
Қасымқан оларды боқтай жүріп, мені түрмеден босатып алды. Өзімді өзім ақырына дейін сынап көруге мүмкіндік болмай қалды.
ӨЛЕМ-АУ, ӨЛЕМ!
Баймырзаның ызасы әбден өтіп бітті. Бір емес, екі емес, үш рет ол маған білгенін істеді.
Бірінші рет осы мектепке алғаш келген күні шалқамнан омақастыра жытып, миымды аузыма түсіре жаздады ма? Жаздады. Екінші рет қыруар ақшаға сатып алған жібек белбеуімді шашағын кесіп, істен шығарды ма? Шығарды.
Үшінші рет, бүгінгі істеп отырған ісі және мынау.
Күнбе-күн ол екеуіміздің арамызда талай болып тұратын ұсақ-түйек текетірестер бұл есепке кірмейді.
Жоқ, мен бұған төзе алмаймын — Баймырзаны шексіз басындырып қоя алмаймын. Шешем мені туғанда да қалжа жеген. Мені де ұл деп тапқан. Баймырзадан қалайда өш алуым керек.
Басқаларды қайдам, ал менің қайда жүрсем аңдысқан бір жауым болады. Қостөбедегі жауым Жанбосын еді. Мұнда келіп, Баймырзаны таптым.
Баймырзадан қалайда өш алуым керек. Қалай алам?
Баймырза жалғыз жүрмейді, ылғи да сойыл соғар нөкер жиып жүреді. Ендеше, маған да нөкер керек.
Бір нөкерім дайын, ол — Рамазан. Тек аздап жүрексіздеу.
Тағы бір нөкер таптым, ол — Іргебай.
Іргебайдың үйі бізбен көрші. Әкесі Жаппар қарт адам, аң аулап күнелтеді. Шешесі менің шешем тәрізді о дүниеге сапар шегіп кеткен. Екі әпкесі бар Іргебайдың. Үлкен әпкесі бойжеткен сойталдай қыз. Осы үйді үй етіп отырған сол. Кішісі мен құралыптас.
Іргеш бізден кіші — екінші оқиды. Біздің көшеде Іргебайдан қу, Іргебайдан шақар бала жоқ. Жаныңа келсе, денесіндегі мың бір құрты жыбырлап, тиіскісі кеп, құтырынып тұрады. Тиіспей қоймайды, тілімен болса да шағып алады. Бүкіл Сүмбеде боқтасуға Іргебайдан шебер бала жоқ.
Аңшылықтан өзге кәсібі жоқ Жаппардың хәл-тұрмыстары нашар-ақ. Екі бөлме үйдің ауыз бөлмесін жауып алуға күштері келмейді. Қар жауса, жауын жауса, ауыз үй толарсақтан саз болып жатады. Сонда өздері бір ғана бөлмеде тұрады. Тамақты сонда ішеді, отын-су да сонда сақталады. Жалғыз сиырдың бұзауы сонда байланады.
Әрі үй, әрі қора.
Есікті ашып кеп қалғаныңызда, жаман бір иіс кеудеңізден соғып, кіргізбейді.
Іргебай, міне, осы үйдің тұрғыны.
Таңертең тұрған соң Іргебай жуына ма, жуынбай ма, білмеймін. Ал бірақ оның қолы мен мойнына, құлағының ішіне жер жоқта картоп ексе болар еді…
Іргештің денесінде қысы-жазы, негізінен, екі-ақ киім болады: қап жейде, тақыр тері шалбар. Екі аяты алты ай жаз жалаң аяқ. Алдына жан салмай зымырап жүгіргенде, тақыр шалбар қаудыр-қаудыр етіп, маңайда жайылып жүрген малды үркітеді.
Іргебай ойын іздеп (әрі шатақ іздеп), Рамазан екеуімізге келуші еді. Бірінші боп өзі тиіседі, үлкен екен деп бізден жасқануды білмейді. Біз екеулеп Іргебайды жығып саламызда, аямай мытып-мытып аламыз. «Ағатай, ағатай! Енді өйтпейін де бүйтпейін», — деп, ол астымызда жатып ант-су ішіп, жалынады.
Босатсаң, періп ұрып жөнеледі. Және жай қашпай, жер-жебіріңе жетіп, боқтап бара жатады. «Әкеңнің аузы… кем иек! Кемтар иек! Кесіліп қалған сор иек» деп неше саққа жүгіртіп шұбыртып боқтағанда, шыдап тұру еш мүмкін емес.
Тұра кеп қашқан Іргебайды біз тұра кеп қуамыз. Аяғы аяғына жұтыспай, бұлдыраңдап жүгіргенде, тері шалбар мықынына түсіп кетеді. Ол оны ышқырынан екі қолдап шеңгелдеп ұстап алады. Жетсең, түлкіше бұлт-бұлт етіп, оңайлықпен ұстатпай, ыза қылады. Әбден құтылмасын білгенде ғана күн ілгері ойбайлап, лақтырған тымақтай боп домалап жата кетеді.
Көлденең қараған адам төрт мүшесінің біреуі қирап жатыр екен дегендей. Ойбайлаған дауысы Құдайға жетеді.
Іргебайды тағы да мытып-мытып аламыз, ол ағатайлап тағы жалынады. Енді одан мүсәпір, одан көнбіс жан жоқ. Айт дегеніңнің бәрін қайталап айтады.
— Ағатай де!
— Ағатай!
— Көкетай де!
— Көкетай!
— Енді тиіссем, ит, шошқа болайын де!
— Енді тиіссем, ит, шошқа болайын! Доңыз болайын! Хайуанның ішінде ең жаман тағы не бар? Соның-ақ өзі болайын! — деп Іргебай артығымен қайталайды.
Іргебайдың бойындағы бір қасиет — оған таяқ өтпейді. Бүкіл денесі ет пен сүйектен емес, темір пружинадан жасалғандай. Ұрып жатсаң, біресе ойбайлайды да, біресе сақ-сақ күледі. Мазағы, жалынғаны бәрі бірдей. Шымбайына батырып, мейлінше қатты ұрайын десең, өзіңнің қолың ауырады.
Араз кезімізде біз оны «апар-жапар…» деп келеке етеміз, ісіміз түссе, «Іргеш» деп еркелете қаламыз.
Мен, міне, оған Іргеш деп қиылып тұрмын: «Маған нөкер бол, оңбаған Баймырзаларға біз әлі танытамыз.
Олардың қарулары қару ма, тәйірі. Біз нағыз атылатын қарудың өзін жасап аламыз», — деймін.
Шатаққұмар Іргебайға тамақ бермесең, берме, төбелес тауып бер. Ол менің ұсынысыма қуана-қуана келісті.
Рамазан мен Іргебай — нөкер, мен — командир. Енді тек қарулану қалды.
Шындап қарулану.
Кәдімгі тарс етіп атылатын наганның өзін жасамақ болдым. Бәлем, Баймырзаның үрейін мықтап бір ұшырмақпын. Көзден атып жазым қып, пәлесіне қалып жүрмеймін, әрине. Басынан асыра гүмп еткізсем де, екі көзі алақандай болмай ма?
Менің атағы жер жарған конструктордың иығында тұру үшін жаралған тапқыш басым шын наганды қалай жасауға болатынын оп-оңай-ақ ойлап тапты.
Атамның көне заттар «музейінде» бел ағашта шылбыр тәрізді жіңішке, іші қуыс мыс түтіктер қыстырулы тұратын. Соның бірін дүниеқор қартқа білдірмей жымқырдым да, нөкерлеріммен бірге үй маңынан аулақ оңаша кетіп, іске кірістім. Түтіктен бір сүйемдей кесіп алдым. Бұл — болашақ наганның стволы. Ағаштан істелген ойыншық наганның үстіне әлгі стволды екі жерден сыммен буып бекіттім. Стволдың түп жағы қайырып жапырылған, бітеу. Дәрі аузынан салынады. Түбіне тақау арадан егеумен егеп, тебеннің көзіндей тесік жасадым. Дәріге осы арадан сіріңкемен от бермекпін. Сонымен, кісі өлтіруге жарайтын сұсты қару оп-оңай дайын болды.
Іргебай тақыр шалбарын қаудырлатып үйіне жүгіре жөнелді де, аңшы әкесінің оқ-дәрі сақтайтын қобдиынан бір уысқа жуық дәрі ұрлап әкелді. Шырпының күкіртін уатып салса да атылар еді. Мүмкіндік боп тұрғанда, шын дәрімен атқанға не жетсін!
Стволға әуелі шақтап дәрі салынды. Одан соң қағазбен тығындалды. Оқ орнына бірнеше түйір тас салынды. Және тығындалды. Енді айбынды қаруды тек атып сынау ғана қалды.
Үй маңынан алыс кетіп атпасақ, атам естіп, сезік алуы мүмкін. «Үлгілінің» бас жағындағы жаман тамдарға қарай келе жатырмыз. Құр далаға атпай, сауысқан, қарға атып, мылтығымыздың керемет күшін көзбен көріп білгенше асығыспыз.
Содан кейінгі кезек менің ата жауым Баймырзанікі.
Ауыл маңында не көп — қарға көп. Жарбиған бір қарға тамның қырында ары қарап қонақтап отыр. Бізден сезік алып, ұшайын демейді. Бізді тіпті адам орнына оқынбайды. Шамасы отыз метрдей жақын кеп, тұра қалдым.
— Ал ат!
Әскери адамдардың тік тұрып наган атқанын көргенім бар. Соларға ұқсап, бір аяғымды алғарақ жіберіп, көздеп тұрмын. Іргебай мен Рамазан екеуі екі жағымда.
Қарға тіпті селт етпейді. Тигізбей қал деп, мені келеке еткендей, жалпиған жон арқасын қайта тоса түседі.
Стволдың түп жағына, тесікшенің дәл аузына тақап бекітілген шырпы талын сіріңке қорабымен сүйкеп келіп қалайын. Бжт!
Бұдан соң не болғанын есіме алсам, күні бүгінге дейін денем түршігеді. Жарқ еткен қызыл жалын беті-басымды көміп кетті. Наган ұстаған қолымды әлдекім керемет қатты күшпен артқа қарай серпіп лақтырып жіберді. Көзімді тарс жұмып, мәңгіріп тұрып қалдым.
Көзімді қайтадан ашсам, көкала түтіннің ішінде түр екенбіз. Бармысыңдар, тірімісіңдер дегендей екі нөкеріме қараймын. Бар, тірі, бірақ екеуінің де түрлері түр емес. Көздері бақырайып, боп-боз боп, қандары қашып кеткен. Сия шашыраған тәрізді шұп-шұбар бірдеңе беттеріне жұғып қалған.
Менің қолымдағы наган қайда? Наган жоқ.
Неге екенін білмеймін, жарбиған жаман қарға өлмек түгіл, ештеңе де болмаған. Анадайда қалбақтап ұшып бара жатыр. Артына жалтақтап қарап қойып ұшады. Өлмесе, өлмесін, зәресі зәр түбіне кетіп, қорықты.
Наган табылды. О, ғаламат! Жерде жатыр, стволдың орнында оттан суырып алған мыж-тыж жаман қара темір…
Біртіндеп есімізді жиып, бірімізді біріміз, не болғанымызды зерттеп, қарап жатырмыз.
Іргебайдың шекесін оқ сызып кеткен, болар-болмас қан шығады. Қолына жұққан қанды көріп, дереу жылап жіберді.
— Өй, неге жылайсың?
— Өлем-ау, өлем! — дейді Іргебай.
— Осыған да кісі өле ме екен?
— Оқ тиген адам өлмегенде…
Іргебай жылап-жылап басылды. Сірә, өлмесіне көзі жетсе керек. Бірақ оның есесіне:
— Мен саған нөкер болмаймын! — деп, үзілді-кесілді бас тартты.
ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ КЕЗДЕСУ
— Алматыдан оқудан ағаң кепті. Саған бастан-аяқ жаңа киімдер әкепті! — деген мен үшін дүниеде теңдесі жоқ, қуанышты хабар жетті. Өзімді қоярға жер таппадым, Қостөбе, қайдасың деп, жаяу тартып жөнелдім.
Қол көтерсең, бірі болмаса, бірі тоқтай қалатын қазіргідей машинаның ағылып жатқан кезі емес. Арбаның өзі сирек. Даланың төсін шұбалып тіліп өткен шаңдауыт қара жолға түсіп ап, жалаң аяқ тартып келем.
Бастан-аяқ жаңа киімдер… Не киімдер екенін тез барып көргенше ынтықпын. Үстімдегі мынау жаман салабалардан құтылатын, маған да жаңа киімдер киетін заман болады екен-ay.
Мектепке бармаған кезім. Шешем қызыл ала шыттан қолмен көктеп, жейде тігіп берген. Соны киіп, қуанып, көршілерден байғазы сұрап жүрмін. Жанбосын кездесе кетті. Менің мақтаныш еткен жейдемді нұсқап:
— Қызтеке, қызтеке! — деп келеке ете бастады.
Мен әуелі түсінбедім. Сөйтсем, «қызылды тек қыздар киеді, сен енді қызсың» деген сөзі екен.
Мақтанудың орнына, сосын, қорланатын болдым.
Ескі былғары етіктің қонышын бастатып, аяғыма шап-шақ етік тіккізіп берген. Әлгіні киіп, құр ат мінгендей жетісіп қуанған едім. Жас кезімнен осы екі уақиға менің есімде қалыпты.
Бұдан басқа жаңа киім киіп қуанғанымды біле қоймаймын.
Сөйтіп, Қостөбеге жаяу келе жатырмын.
Бұл, сірә, октябрьдің іші болуға керек. Аспан сол күні құбылыңқы. Жентек-жентек түсі суық бұлттар шығысқа қарай ауыр сырғып көшуде. Бұлт қарасы біртін-біртін қалыңдай түсетін тәрізді. Менің бет алдымнан ызбар жел соғады, омырауымнан кірген жел қойын-қолтығымды аралап, денемді тітіретіп өтеді.
Қарасұр бұлттар әрі түнеріп, әрі төмендеп келеді. Әне, тысырлап тамшы тама бастады.
Мен бұл кезде Сүмбе мен Ұштың дәл екі арасында, қара моланың желкесінде келе жатырмын. Айдала. Жолдың асты-үсті құлазыған аңыз. Жаңбырдың тысырлауы жиілей бастады. Құлағымды, маңдайымды тамшылар сап-салқын болып шертіп-шертіп өтті. Бір тамшы тәмпіш мұрнымның ұшына тиді.
Жаңбыр лезде нөсерге айнала бастады. Үдеп, көп жауатын түрі бар. Не істерімді білмеймін, жақын маңда жүгіріп барып бас сауғалар пана жоқ.
Не болса да көндім.
Нөсер де ештеңе емес екен. Тамшы орнына аспаннан бармақтай-бармақтай бұршақ түсе бастады. Нағыз масқара енді болды. Түйе құмалағындай көк соқта шымыр бұршақтар жерді түтіп, тесіп жібере жаздайды. Баскиімсіз шекеге дөңк ете қалуы таспен ұрғаннан бір кем емес. Пешпентімнің жағасын екі қолдап созып, құлақтарымды бүркеймін. Тақырайған төбем сонда да ашық, бұршақ екіленіп төбеме, қолымның сыртына келіп соғылады. Қолы қатты біреу аямай шертіп жібергендей тыз еткізеді.
Бұл да ештеңе емес екен. Келесі бірнеше минуттың ішінде жер беті бұршақтан әппақ ақ қарға айналды. Жалаң аяқпын ғой! Енді қалай жүрем? Қар-бұршақтың суықтығы мұздай, табанымды қарып, өлтіріп барады, ызғары шекемнен шығады.
Ақ көрпесін жерге төсеп тастады да, бұршақ басыла қалды. Селдіреген сұйық бұлттың арасынан жарқыраған күн көрінді. Одан маған не пайда? Жол шетіндегі биік бір шидің ық жақ тасасында алақандай қара жерде бүрісіп, жан сауғалап тұрмын. Дүниені сел алғанда бір түйір томарға шығып аман қалған қоян тәріздімін. Енді мына жолмен кім өтер екен? Мені мына ауыр халден кім құтқарар екен?
Егер ешкім кезікпесе, қашан бұршақ еріп, жол қарайғанша өстіп тұра бергеннен өзге лаж жоқ.
Бірақ кездеспеуі мүмкін емес. Бұл аймақтағы үлкен жол тек осы. Халық үзбей қатынап жатады.
Ура! Мен неткен бақытты едім! Құдай мені өлтірмейін деген екен. Сүмбе жақтан бір аттық арба зырлатып келеді. Ұшқа тоқтамай, Қостөбеге бірден баратын арба болса игі еді.
Арба жақындап қалды.
Ұшқа барса да маған бәрібір. Ұшта Зәуре жеңешем мен Қағаз аға бар. Сол арада шай ішіп жылынып, жолдың қараюын тосам.
Арбаға биік қара ат жегілген. Жалғыз адам. Жолдың ауырлығын елеместен, екпіндеп қатты келе жатыр. Яғни жүгі жеңіл. Мен арбаның алдын торып, жолға қарай жүгірдім. Кім де болса, менің мына хәлімді көріп, отырғызып алатынына сенімім кәміл.
Рессорлы жеңіл арбаның үстінде маған қодия қарап отырған жасөспірім, сөйтсем, Жанбосын! Менің ескі жауым әрі жерлесім. Астында арбаның он бойына қарай ұзынынан сұлатып салып қойған бір қап ұны бар. Сүмбеге диірменге барып келе жатқанын бірден білдім.
Жанбосын мені танып, тоқтар емес. Атына одан бетер қамшы басып, зырлатып өте шықпақ. Мен ақ бұршақты жалаң аяғыммен шалп-шалп кешіп, арбадан қалмай, жалынып жүгіріп келем:
— Ағатай, Қостөбеге дейін ала кетші!
— Ат тарта алмайды, алмаймын.
— Ағатай, қарашы, аяғым үсіп кететін болды!
— Үсісе қайтуші ем? Жалаң аяқ неге шығасың!
— Ағатай, сөйтші!
Мен енді Жанбосыннан рұқсат күтпей-ақ, арбаға арт жағынан жабыса бастадым. Жанбосын өңін суытып:
— Түс! Түс! — дейді.
Мен тыңдамадым. Мені біраз бүрсеңдетіп жүгірткісі келген ойыны шығар деп ойладым. Арбаның кіндік ағашына мініп те алған едім.
— Түс деймін! Ұрам! Түсесің бе, жоқ па?
Мен әлі де болса Жанбосынның домбытуы шығар деп, түспедім.
Сөйтсем, әлгі ит нағыз жансыздың өзі екен. Шұбалған арба қамшымен тартып келіп жіберсін. Жұқа киімнің сыртынан шың етіп осып түсті. Жаныма батып кетті.
Бұл аз дегендей, тағы ұрғалы келеді.
Амалым жоқ, арбадан секіріп түсіп қалуға мәжбүр болдым. Жанбосын енді қарқылдап күліп кетіп барады.
Тілім жеткенінше сыбап боқтап жатырмын.
Анадай ұзаған соң, Жанбосын атының басын тежеп, тоқтайын деді. Маған қарап дауыстады:
— Кел, отыр!
Бәсе, ала кетпей, не көрініпті. Қап, боқтауым асығыстау болған екен!
Арбаға қарай жүгіріп келем.
Жақындап қалдым.
Жанбосынның бұл мазақтауы екен. Кенет, мен жеткенше, атына қамшы басып, қуа жөнелді. Мен ақ бұршақтың үстінде ақымақ болып бүрсеңдеп қала бердім.
Тағы да бір шидің қарайған түбін басып тұрмын. Табаным мен саусақтарым бұршаққа тоңып, қып-қызыл болып кеткен. Тызылдап ашып, жанымды көзіме көрсетеді. Шіркін-ай, тым құрыса, баскиімім болар ма еді. Ойланып-толғанбастан, аяқтарымды соған орап жылытар едім.
Кенет, Сүмбе жақтағы ойдан бір салт атты шыға келді. Бөрік, шекпен киген егде адам. Астындағы бие болса керек, сипап қана қамшыланып, бүлкек желіспен келеді. Нағашымдардың Үсейін дейтін жамағайыны болушы еді, сол екен.
Үсейін мені мүсіркеп кетті, артына міңгестіріп алды. Тоңған аяқтарымды шекпенінің ұзын етектеріне орап, биенің майда желісімен лезде Ұшқа алып келді.
Үш құп-құрғақ,бұл араға бұршақ та, жауын да тамбаған.
ЖАҢА КИІМДЕРДЕН КӨРГЕН АЗАБЫМ
Бастан-аяқ түгел болмаса да, ағайымның маған біраз сыртқы киімдер әкелуі рас екен. Тері жағалы қыстық бобрик пальто, калошымен жаңа сұр пима әкелген. Жүні сабалақтау малақай алып келген. Жазда киімнің бар-жоғы онша білінбейді, жалаң аяқ, жалаң бас шапқылап жүре бересің. Киімі жоқ адамның қор болып бітетіні қыстыгүні. Ағайым маған киім сатып аларда көптен-көп осыны ойлаған.
Өмірі киім киіп жарымаған, базар киімін иығына да іліп көрмеген мен байғұста қуанғаннан ес қалмады. Пальтоны да, малақайды да, пиманы да (әрине, калошымен) киіп алып, былай-былай жүріп қараймын. Жаңа киімнің аты — жаңа киім, үстіме қонымы да, денеме сезілуі де мүлдем бөлек. Айнаға қарап, өзімді өзім танымай қалғандай болам. Иә, «Адам көркі — шүберек, ағаш көркі — жапырақ» деп бекер айтылмаған. Күндегі жарбиған жаман емеспін, сүйкімді, әп-әдемі болып шыға келгем.
Шіркін-ай, дәл қазір далада қыс болса деп тілеймін. Қар борап, аяз шытынап тұрса. Мына киімдермен аяғымды шіреп басып көшеге шыққан болар едім. Жұртқа көрсетіп, мақтанар едім.
Жер қара, күн жылы кез. Бұл киімдермен қазір көшеге шықсам, мақтаншақтың өзі болып қаламын.
Үстім көпсіп, терлеп барам. Жаңа киімдерімді сонда да шешкім келмейді. Малақайдың құлағын біресе түсіріп, біресе түріп киіп қараймын. Иә, енді маған қыстың қандайы да қорқынышты емес.
Төсекке жатқаннан кейін де ойлағаным ағайым әкеп берген жаңа киімдерім. Үйде жеке өзім болсам, мен оларды киіп жатып ұйықтаудан да тайынбас едім.
Алматыда оқыған бірнеше айдың ішінде-ақ Сатылған ағайым кәдімгідей өзгеріп, мәдениеттеніп қалған. Ақ жейдеге галстук тағатын болған. Галстукті ауылда тек балалар тағады және қызыл галстук. Ал ағайымның мойнында көкала галстук. Мен үшін бұл сөлекет болып көрінеді.
Ауылдағы кемпір-шалдар Сатылғанға үдірейе қарасады. Қайбірі қасына шақырып алып:
— Қарағым, мойныңдағы не зат? — деп сұрайды.
Ағайым күліп жауап береді:
— Бұл галстук.
— Оқыған балалардың бәрінің мойнына өстіп байлап жібере ме?
Шын сұрақ болсын, кекесін сұрақ болсын, Сатылған ашуланбайды. Одан бетер күле түсіп, дұрыстап жауап береді. Қалада галстукті жұрттың бәрі тағатынын, магазинде еркін сатылатынын айтады.
Кемпірлер ауыздарын сылп еткізіп:
— Құрып қалсын, ит құсатып адамға қарты бау таққаны не сән екен, — дейді.
Мұндағы жұрттың ұғымында галстук тағу — ол өкіметші болудың, комсомол болудың және бір нышан-белгісі тәрізді. Ескілік салт-санадан алшақтау, орыстану. Әсіресе қарттар жағы Сатылғанның бұл мінезін құп ала қоймайды.
Қалада ағайым әрқилы болып суретке түскен, өзінің бірталай сурет-карточкаларын әкелген. Tөp жақ бұрышта үстіне кітап-журнал жиналған стол бар емес пе? Сол тұсқа қабырғаға газет қағып, газетке бірсыпыра суреттерді шет-шетін кіргізіп іліп қойған.
Үйге келген қарттар осы суреттерге көп үңіліп қарайды. «Адамның өзінен айнытпайды екен», — деп, ғажап қалып, бастарын шайқасады. «Орыстан өнер қалған ба» деген тәрізді сөздер айтады.
Мен әлі күнге суретке түсіп көрген емеспін. Колхоздарда сурет тартатын адам жоқ. Суретке түсу, қағаз бетінде түр-түсім қандай болып шығатынын көру — ол менің аңсаулы арманымның біреуі.
Кім де кім суретке түссе, мен оны бақытты деп қараймын. Сатылған ағайым, міне, бақытты.
Сүмбеде жаяу қайтып келе жатырмын. Ағайым әкеп берген жаңа киімдерімді түгел орап, көтеріп алғам. Аға-жеңгем:
— Қазір күн жылы, бәрібір кимейсің, тастап кет. Соңынан қатынаған адамнан беріп жібереміз, — деп еді. Көнбедім. Өлгенде көрген киімдерімді көзімнен таса етіп шыдай алатын емеспін.
Нағашыларыма көрсетіп мақтанғанша және асықпын.
Күн бүгін жылы, жарқырап тұр. Айдала, қара жолдың үсті. Не алдымда, не артымда менен басқа қыбыр еткен пенде жоқ. Мынау елсіз далада жаңа киімдерімді тағы да түгел киіп аламын. Тағы да қақаған қыс болып тұрмағанына өкінемін. Екі қолымды қалтама салып, біраз жер жүріп барам. Содан соң жүгіремін, Құдайдан қыстың тез түсуін тілеймін.
Жаңа калоштың ізі жолға мөр басқандай болып түседі. Мен оған үңіліп, тамашалап қараймын. Бір кезде Жанбосынның аяғындағы бұжыр табан бәтеңкенің ізіне сонша қызығатын едім. Мен үшін ол қол жетпес арман еді.
Сөйтсем, арманы қалай орындалғанын адам білмей де қалады екен.
«Ағасы бардың жағасы бар» деген рас сөз-ау. Мен осы жолы Сатылған ағайыма шексіз разымын.
Өмір бойы осындай дәрменсіз балалық халде тұрып қалмайтын шығармын. Мен де өсіп, ержетермін. Мал табармын. Сонда ағайымның осы жақсылығын он есе, жүз есе қайтармасам, ит болайын.
Сонау көз ұшынан адам қарасы көрінсе, үстімдегі киімдерімді дереу шешем де, орап алам. Күн жылы, жер қарада қыстық киіммен қорбиған қандай есуас демей ме?
Біраздан соң шаршай бастадым. Қалың пальто, пима, малақай, калош жаяу адамға бірсыпыра жүк екен. Сүмбеге қас қарая әрең жеттім.
Менің бір құшақ жаңа киімдер арқалап келуім нағашым үйіндегілерге ғажап әсер етті. Рамазан мен Қасымқан іштері күйіп қарайды.
Дәл сол күні Сүмбеде Қали дейтіннің үйінде той бар екен. Той десе, қу бас домалайды. Ел шұбап келіп жатыр. Мұндағы жұртқа шақырған, шақырмағаны есеп емес.
Бір үй той жасапты десе, еліріп кететін әдет бізде, балаларда да, бар. Бізсіз тойдың сәні келмейтін тәрізді. Міне, Рамазан екеуіміз тойға барамыз деп, қамданып жатырмыз.
Кеш, әрине, күндізгідей емес, салқын. Соны сылтауратып, жаңа киімдерімді түгел киіп бармақ болдым. Ауылдың бар баласы жиналады, көрсін, бәлем. Іштері күйсін. Қашан қыс түскенше тосып шыдай алатын емеспін.
— Бұл киімдерді қайдан алдың, ей? — деп олар сұрайды ғой.
— Ағайым Алматыға оқуға барған еді, сол әкеліп берді!
Алматы бұл араның халқы үшін жер түбі, екінің бірі бара алмайды. Бұл киімдердің Алматыдан әкелінуінің өзі-ақ біраз жұртты «оу!» дегізеді.
Алматыда оқып келген ағайым бар екенін Баймырза секілділер біліп қоюы және теріс емес.
Сонымен, Рамазан екеуіміз тойға келе жатырмыз. Рамазан пешпентшең, басында кепка. Самдағай. Мен болсам, солтүстік полюстен самолетпен келіп түсе қалған адамдаймын: үстімде қорбиған қалың пальто, басымда малақай, аяғымда пима калошымен.
Мен бұған дейін өмірі калош киіп көрген адам емеспін. Калоштың қажеттігі, менің түсінігімде, тек аяқтан сыз өтпеу үшін емес. Әрі пиманың табаны тозып, тесілмеу үшін. Яғни аяқ киім көбірек киіс беру үшін. Бұл бір.
Екіншіден, калошты және сән үшін де киетін тәрізді. Әсіресе, өңін кірбің шалмаған жаңа калош аяқта жалт-жалт етіп тұрса, ғажап емес пе?
Төңірек қараңғы тартып, көз байланып қалған.
Мынау сол ғой жасап жатқан үй. Сүйек-саяқ дәметкен иттер мен балалар есік алдында торуылдап жүр. Біз де келіп қосылдық. Қараңғыда менің қандай киім киіп келгенімді жұрт онша байқамайды. «Қорбиған мынау кім, ей», — деп, біреулер үңіліп қарап өтті.
Күресіп, алысып-жұлысып ойнай бастады балалар. Мен араласпаймын, аулақ тұрмын. Әлі киіліп жұмсармаған пима жүргенде тобықтарымды қажап, ауырта бастады. Арқа-басым терлеп, пысынай бастадым. Ойнауға да, алысуға да ешқандай икемім жоқ.
Той асынан балаларға да дәм татқызады. Біз мұнда, негізінен, сол үшін келіп жүрген жоқпыз ба? Аспаз әйелдердің бірі есік алдына шығып, айқай салды:
— Балалар, мұнда кіріп, шай ішіңдер.
Ойын да, алысып-жұлысу да жайына қалды. Ac үйге кіріп, іргені жағалап отырыса бастадық. Стол жоқ, бірімізге біріміз тақалып, жерге отырып жатырмыз. Балалар менің не боп кеткенімді енді анық көрді.
— Охо! Мынаған қараңдар!
— Өй, саған не болған!
— Жер қара, күн жылыда пима киіп алыпты, әуелі!
Көзге шыққан сүйелдей елден ерек оғаш боп келгенімді мен дағы анық байқадым. Оғаш түгіл, тіпті ұят екен. Өмірі киіп жарымаған сорлы екенімді бұдан артық әшкерелей қоймаспын, сірә да. Бір өзім екі адамның орнын алып, аяқтарым жөнді бүгілмей, әрең отырып жатырмын.
— Киімдерін жұртқа көрсетіп, мақтанайын дегені ғой! — дейді біреулер. Солай екенін ел түгел біліп отыр.
Қысыла бастадым.
Жерге дастарқан жайылған, бауырсақ төгілген. Енді ыстық шай құйыла бастады. Шай құюшы келіншектер маған қарап мырс-мырс күледі:
— Мына Қағазбайдың жиеніне қайдағы қыс келген?
— Қарағым, үйде тағы да кимеген киімің қалды ма?
— Баланы мүйіздей бермей, қойсаңдаршы. Аяқ астынан қар борап, күн суытып кетсе, үйіне қалай жетпек!
Қаншықтардың тілдері тікеннен де жаман, пісіп-пісіп алады.
Қалың киімнің пысынатуы, ұялып-қызаруым — бәрі араласып, жазамды бере бастады. Терлеп кеттім, бауырсақтан емін-еркін еңкейіп алып жей де алмаймын. Есем кетіп барады. Ыстық шайдан ұрттасам, одан бетер терлеймін. Менен басқалар жайылымға шыққан сиырларша жапырып барады.
Мен адам емеспін, буып қойған теңмін.
Ақымақ болғанымды ойлап қысылған сайын, тер аннан да, мыннан да сорғалап, еркім кетті. Моншада, ыстық буда отырғандаймын: тер арқамнан, шашымның ара-арасынан жорғалап, жыбырлап шыққаны өзіме ап-анық білінеді. Сүртінейін десем, орамал жоқ. Менің қалтама өмірі орамал бітіп көрген бе!
Терімді алақаныммен сүртем де, жамбасыма сүйкеймін.
Мұрын… Мынау кішкентай тәмпіш мұрын — бұл дағы нағыз оңбаған зат. Осындай жаның қысылған кезде өзіне өзі бекем болуды білмейді, бір винті босайды да кетеді… Мұрынмен, термен алысып отырып, енді ас алып көр!
Қазір менде бір ғана арман бар, ол — бәрін қойып, тезірек сыртқа шығып жөнелу. Бірақ оған жол жоқ. Тым құрса, есік жаққа шетке де отырмаппын. Сығылысқан балалардың ортасына түсіп қалғам. Алдым дастарқан, артым үй қабырғасы, қозғала да алмаймын.
Басымды кегжитіп тік ұстап, мұрнымды пыш-пыш тарта берем. Сәл еңкейсем, танаудың ішіндегі мүлікке ие бола алмай қалатындаймын…
Өлдім-талдым дегенде, шықтым-ау сыртқа! Бұрышты айнала беріп, зыңқ еткізіп мұрнымды босаттым. Пальтомның түймелерін ағытып, кеудемді самал желге тосып, жан шақырып жатырмын. Бүйткен жаңа киімдері құрып қалсын! Көрмеген азабымды көрсетті, өмірі естен кетпес халге душар етті. Бір қызықтың бір шыжығы болады деген осы екен.
АРБАСУ
Кісі үйі қанша жақсы болғанмен, адамның өз үйіндей болмайды екен. «Өз үйім, өлең төсегім-ай» деп бекер айтпаған ғой. Шаңырақтың басқалығы көңілге көлеңкесін түсіреді де тұрады.
Оқудан қарнымыз ашып келеді, әрине. Зәуре жеңешем Рамазан екеуімізге нан үзіп берді. Маған аздау, оған көптеу етіп үзіп беретін тәрізді. Көже құйғанда, Рамазанға шелектің түбінен алып, қоюырақ, маған сұйығырақ құятын тәрізді. Осының бәрі дық болып ішіме жинала береді. Ақымақтық десеңші.
Жарайды, солай-ақ болсын. Мейірбан ана жүрегі іштен шыққан шұбар жыланына бұрып-ақ тұрсын. Бұл заңды емес пе? Өз баласына бүйірі бұрмайтын пенде бола ма? Бұл үшін ішіме арамдық жинап бұртиюға менің қандай қақым бар? Соншама кінәмшіл болатындай мен бұларға немді өткізіп қойыппын? Қайта, кет әрі демей, ауырсынбай, пана болғандары үшін мың да бір рахметімді айтуға тиіс емеспін бе? Бергендерін ішіп-жеп, жарқылдап жүре беру парыз емес пе маған?
Жоқ, бұл ойдың бір де бірі менің ақымақ басыма жоламайды. Әлгіндей ұсақ-түйекке кінәмшіл болуым сыздауықша ісініп, асқына береді. Анда-санда Қостөбеге келгенде, нағашым үйін жамандап сөйлейтін әдет таптым: «Мені өз балаларымен тең көрмейді, алалап қарайды», т.т. «Жаман иттің басын алтын табаққа салсаң, шоршып түседі» секілді менің бұным нағыз есірік екен.
Сарыбастаудағы күнім ұмыт болды. Есімді жинап алдым да, енді дандайси бастадым. «Өз балаларыңмен бірдей, тіпті олардан гөрі де тәуір жағдай жасамасаңдар, кетем» дегендей қыр көрсететін болдым.
Қайда кетпекпін?
Сүмбеде, «Үлгілі» колхозында менің аталас әпкем Тынымжан тұрады. Күйеуі Әлғожа колхоз председателі. Тынымжан осыдан екі-үш жыл бұрын түскен үлбіреген жас келіншек. Әрі сұлу, әрі мырза. Одан он-он бес жастай ересек күйеуі Тынымжанды әлпештеп ұстайды.
Тынымжанның мырзалығы сонша, тамақты құс төсектен түспей отырып ішеді, отын-суға араласуды білмейді. Шешесі Әлипа қолында, тамақты сол жасайды.
Тынымжанды бауыр тартып, мен бұл үйге келіп тұрам. Дастарқаны мол, дәмді ішіп, дәмді жейді. Тынымжан әрі мейірбан, әрі ақкөңіл адам. Келген сайын құшағын жайып қарсы алады, мейлінше тойғызып жібереді. Басқа сыйдың маған керегі жоқ.
Нағашым үйінен кетсем, осы Тынымжан үйінде жүрсем деп арман етем.
Бірақ жайдан жай кете салу ыңғайсыз, сылтау керек. Шіркін, бір сылтау табылса!
Қыс.
Сүмбенің солтүстік-батыс жағы биік қырқа, шаңғымен сырғанақ тебуге қолайлы. Базарда шаңғы табылмайды, дүкенде сатылмайды. Кәдімгі қазақ үйдің уығын екі-екіден қабаттап шегелеп, қолдан шаңғы жасап аламыз.
Атамның көне заттар музейінде бір бума уық жатқанын оқушы біледі. Рамазан екеуіміз содан ептеп жымқырмақшы болдық. Екі уықты суырып алып, енді үшіншісін тартқылап жатқан кезде атам кіріп келіп қалсын.
Рамазан бұрын көрген екен, періп ұрып жөнелді. Құтылып кетті. Мен сасқалақтап, қаша алмай, қолға түсіп қалдым. Қылмыс үстінде ұсталған соң, аяу болсын ба? Атам зірк-зірк етіп, құлағымды шытырлатып соза бастады. Пәле алдымен менен шығатынын ол біледі.
Құлағым мүлдем жұлынған адамша қоймадан еңіреп шықтым. Енді бітті, бұндай нағашыдан бездім. Бұл қорлыққа шыдағанша, қаңғып жөнелгенім артық дедім де, үйге кіріп, кітап-қағаздарымды жинай бастадым. Нағашым үйінен кетудің сылтауы әдемі табылғанға ішімнен қуанышты едім.
«Үлгілі» колхозы сол көшенің бойында, төмен жақта. Аяғым қаздаң-қаздаң етіп, Тынымжан үйіне келе жатырмын.
Осылайша менің Тынымжан үйіндегі өмірім басталды. Тынымжанның шешесі Әлипа пысық ақсұр кемпір. Қарсыдағы ас үйде бөлек жатып, бөлек тұрады. Бұрын анда-санда келгенде, ол мені жаман қарсы алмайтын.
Пәлендей мен үріккендей қытымыр мінез көрсетпейтін. Сөйтсем, оның бәрі белгілі бір шекке дейін ғана екен.
Едірейген сары мұрты бар Әлғожа әрі табыскер, әрі сері жігіт. Үйінен қонақ үзілмейді. Күнара мал сойылып, тегеш-тегеш бауырсақ қуырылып жатады. Соншама көл-көсір мол дастарқаннан Әлипаның аңдыған-баққаны енді менің ішіп-жегенім бола бастады.
Мен таңертең оқимын, сондықтан ерте тұрам. Әлипа менен де ерте тұрады. Ақ шайнекпен бір шайнек шай ысытады. Кешеден қалған, дастарқандағы көп тураулы нанның тілдей екі жапырағын бөлектеп алдыма қояды. Тақ-тұқ болып, тойыңқырамай қалам. Тағы сұрауға ұялам.
Түсте үйге ішімде ит қыңсылап әрең жетем. Жалпы дастарқанның үстіне түссем, онда еркімше ішіп-жеймін. Әйтпесе, Әлипа маған тағы да тамақты бөлектеп беріп, жарытпай қатырады.
Кеште бұл үй қонақсыз болмайды, әсте, ет асылады. Ауыл белсенділері жиналып, арақ ішіп, қарта ойнайды. Дүкенде спирт көп, су қосып, спирт ішеді. Жарты стақанды қылқылдатып бір-ақ жұтады да, көздерін тарс жұмып, мұрындарын нанмен бітеп, тым-тырыс отырып қалады. Қиналғаны ма, жоқ әлде рақат тапқаны ма, маған түсініксіз. Босаған бөтелкелер төсектің астында мастарша қылжиып-қылжиып жатады.
Кешкі астың үстінде Әлипаға мені бөлек тамақтандырудың реті келмейді. Дастарқанға жалпы жұртпен қатар отырам. Менің дәл қасымда тақалып Әлипа отырады. Көзінің қиығымен оның аңдыған-баққаны енді мен болам. Қолым табаққа қарай қозғалғанда, Әлипаның көзі қуалап бірге қозғалады. Тоқ жүріп жатқан жалаңаш сымды ұстайтын адамша саусағымның ұшы дір-дір етіп, мен етті әзер іліп аламын. Аузыма асықпай салып, тоқмейілсіп, өте бір сабырмен шайнап жеймін. Әлғожа мен Тынымжанға бұл ұнамайды. «Әй, жөндеп ал! Жігіт адамша асап-асап же!» — дейді Әлғожа. «Сен өзге жұртқа қарама, жеп-жеп тойып ал», — дейді Тынымжан әпкем.
Осы сөздер қамшы болады да, менің қолым табаққа батыңқырап кетеді. Бұл енді Әлипаға ұнамайды, сүйекті қатқыл шынтағымен ол өзге жұртқа сездірмей бүйіріме түртіп келіп қалады. «Сұғанақ болма, байқа» дегені.
Табақтағы ет азая бастағанда, Әлипа қонақтарға «алыңдар, жеңдер» деген болып, менің алдымдағы етті ар қарай сырып-сырып тастайды. Менің алдым тақырайып бос қалады. Бұл — оның «сен енді тойдың, доғар» деген сөзі.
О, Әлипада айла көп! Тамақтан шет қатудың ол неше алуан тәсілін ойлап табады. Ет туралып болып, жұрт жаппай сұғынған кезде, ол кенет: «Қораның аузы жабылмады ғой деймін. Бөтен сиыр кіріп кетіп жүрмесін,барып, жауып келші», — дейді маған. Мен тұра кеп жүгірем. «Жабық екен» деп, қайта қайтып келем. Еттен енді ала бастағанымда, Әлипа тағы жұмсайды: «Самауырдың отын қарап келші, өшіп қалмап па? Сөне бастаса, үстемелеп жаңқа салып қой».
Мен өртке жүгіргендей замғаймын. Әлгінің бәрін бірер минутта тындырып, қайтып келем. Тез оралуым Әлипаға ұнамайды: «Не көрінді соншама, жау қуды ма», — деп алара қарайды. Тамақ желініп болмастан: «Ана үйден сорпа ішетін екі-үш кесе алып келші», — деп және жұмсайды.
Мен оралғанша тамақ жиналып қалуы мүмкін. Осыны ойлап, қалайда есем кетпесін деп, етке шеңгелімді мықтап бір батырамын. Көрші үйге жеткенше асап жеп барам.
Тынымжан әпкем шешесіне тартпаған алтын адам ғой! Мені әлсін-әлсін безектетіп жұмсай бергенге ол шыдамай кетуші еді.
— Немене, балаға тамақ жегізбейтін болдың ғой! Барма! Тамағыңды жеп ап, бір-ақ бар! — дейді.
Кәрі сүйек Әлипа кейде ауырып қалады. Сонда да пісі-күйік тамақтың кілтін қолынан шығармайды. Ыңқылдап жүріп, дастарқанды өзі жаяды, өзі жинайды.
Дегенмен, қытымыр кемпірге мен дағы есемді жібермеуші едім.
Күндіз сабаққа ас үйде отырып дайындалам. Әлипа бір кіріп, бір шығып, шаруа істеп жүреді. Кейде оны-мұны жұмыспен көршіге — Әлғожаның ағасы Қожаның үйіне кетеді. Тез оралмай, шай ішіп, бөгеліңкіреп қалады.
Мен бұл кезде сабақты қоя салып, жан бағыстың біраз әрекетіне кірісем. Ықтияттап буып қойған дастарқанды тез шешіп, тураулы нанның бірнеше жапырағын қалтама жымқырып алам. Сосын ойнаған болып далаға шығып кетіп, жеп келем.
Кейде дастарқанда тураулы нан болмайды. Тапа нандар кебежеде. Кебеженің аузы құлыптаулы. Түп жағынан ашылатын кішкентай ақ құлып.
Менің құлып ашу үшін жасап алған бірнеше істік сымдарым, шегелерім болады. Мынау ақ құлып бұйым ба? Бұның көкесіндей құлыптарды ашып та, жауып та, білгенімді істей алам.
О! Бар байлық кебежеде! Тапа-тапа нан, құрт, май, қант… Менің көзім тұнып кеткендей болады. Құрттың екі-үшеуі, бірнеше шақпақ қант лезде қалтамның түбінде жатады. Taпa нанның бүтініне тимеймін, тисем, пәле емес пе? Қай нанның қашан үзілгені Әлипаның көңілінде жаттаулы. Үзік нан болса, содан тана өте еппен, Әлипа сезбейтіндей етіп үзіп алам.
Ақ құлып басып қалсаң, шырт етіп өзі жабылады.
Осының бәрін мен бас-аяғы бірнеше минутта істеп үлгеремін. Қолдарым кебеженің ішін «реттеп» жатқанда, екі көзім терезеден сыртты бақылауда болады. Әлипаның қарасы көрінгенде, аласа столға жабысып, сабақпен басым қатқан боп, тұнжырап отыра қалам.
Әлғожа үйі сауынсыз болмайды. Бір сиыр және бірнеше қой, ешкі сауылады. Сүт мол, бірақ Әлипа татырмайды. Айран ұйтады да, дорбаға құйып, қатық сүзеді.
Қазанда бетіндегі қаймағы сап-сары болып, кісіні еріксіз қызықтырып піскен сүт тұрады. Мен ары өтіп, бері өткенде, көз қиығымен қарап өтем. Қалыңдығы бір елі бал қаймақтан асағым, сүт ішкім келеді. Бермесе, қалай асап, қалай ішесің?
Менің басым конструктордың басы деп бекер айтпаймын ғой. Қаймаққа тиісе алмасам да, сүт ішудің әдісін таптым.
Аулада не көп — сабан көп. Ұзындығы сүйемдей сабан тауып алам. Бір жақ үшін пышақпен жонып, үшкірлеймін. Болды, бітті, қазандағы сүттің қаймағының бір шетінен әлгіні суытып жібер де, сора бер. Кәдімгі осы кезде ресторанда коктейль ішкен тәрізді. Сорған сайын тәп-тәтті салқын сүт таңдайыңа фонтан болып тиеді. Сабанды қайта суырып алғанда, орны білінбей, жабылып қалады. Әлипа ештеңе де сезбейді.
Әрине, мұнда да нысап керек. Сүттің дәмділігіне қызығып жұта берсең, қазан ортайып қалады. Қаймақ бұзылмағанмен, шөгіп, төмен түсіп кетеді де, Әлипа сезік алады. «Япыр-ау, мына сүтке не болды? Қаймағы бүтін тұрып, бұл неге ортаяды» демей ме?
Тіршілік үшін, бір қарынның қамы үшін мен Әлипамен осылай арбасамын.
ТАБЫЛҒАН ТӘСІЛ
Әлғожа үйімен бетпе-бет бір қораның ішінде оның ағасы Қожаның үйі бар. Қожа ауылдық советтің председатель Елемес дейтін ұлы және екі қызы бар Қожаның.
Елемес екеуіміз бір класта оқимыз. Ал қыздары мектеп жасына толмаған. Әкелеріңе тартқан үрпиген-үрпиген сары қыздар.
Қожа мен Әлғожа бет сүйектерінің бітімі қазақи бола тұрып, шикіл сарының нағыз өзі. Олардан тараған балалар да түлкінің күшіктері тәрізденіп біреуінен біреуі аумай, сап-сары боп түсе-түсе қалған.
Бұл тұқымның ерекшелігі, жалпы, бұл ғана емес. Әкелері Күшіген мылқау. Күшігеннің қарындасы осы күні кемпір боп қалған Алтынбала, ол да мылқау.
Күшіген шал. Қабағы түксиіңкі жүретін, сүйекті төртбақ адам. Шаруақор. Екі үйдің отын-су дайындау, бақша салу, малға қарау секілді бүкіл шаруасын өгізше пыс-пыс етіп, үнсіз қимылдап жүріп, бір өзі тындырады. Алтынбала да, ол да сөйлеген сөзіңді аузыңның қимылына қарап түсінеді.
Бұл екеуі дым білмес бітеу мылқаулар емес. Бір буынды, екі буынды қысқа сөздерге тілдері ара-тұра келіп те қалады. Бірдеңені шүлдірлеп, қысқа қайырып айта алады.
Күшіген қарулы адам, шаршау дегенді білмейді. Бірдеңеге ашуланса, шоқ басып алғандай жаман бажылдайды.
— Жүгіріңдер! Ана кісі неге ашуланды? — дейді Әлғожа.
Қожанның кіші қызы ерке, қолынан тамақ түспейді. Төсегінен: «Апа, нан», — деп түрегеледі. Ойын үстінде, құрт па, кәмпит пе, малжаңдап жеп жүреді.
Шешесі таптап қоя ма, қайдам, кіші сары қыз сондай сараң. Қолындағысынан сұрасаң, бермейді.
Бір күні кіші сары қыз есік алдында ойнап отыр екен. Қолында добалдай наны бар. «Наныңнан берші», — дедім.
— Мм… беймеймін.
Қалайда қызды алдап, нанын жегім келді. Тартып алуға болмайды, жылайды.
— Наныңнан берсең, қарындаш берем.
— Көйсейт?
Көрсеттім — бір сүйемдей қара қарындаш.
— Іммқ… — деп қыз басын шайқады. Ұнатпағаны.
— Бәкі берем.
— Іммқ…
Басқа ұсынар нәрсем жоқ. Аз тұрдым да:
— Сен нанды орысша жегенді білесің бе? — дедім.
Қыз аң-таң боп тұрып қалды да, тағы да:
— Іммқ, — деді. «Білмеймін, білгім келмейді де» дегені.
— О! Орысша жеген қызық болады. Сен көрсең, өліп қалар едің!
— Өй, қу-ай! Алдайсың!
— Алдамаймын. Сенбесең, наныңнан бір үзіп берші, көрсетейін.
Қыз нанынан кішкене етіп үзіп берді. Алдым. Енді бұны қалай жесем орысша боп шығады деп ойланып тұрмын. Жай асай салғанмен, ендігәрі қыз алданбайтын болады. Мен де жарымаймын.
Нанды көзіме тақап әкелдім де, біртүрлі үріккен жүзбен тесіліп қарап алдым. Сосын екі танауыма кезек-кезек басып, иіскедім. Иіскеген сайын тыжынырып, басымды қалтыратып қоям. Аузымды арандай етіп ашып, көзімді бір жұмып, бір ашамын. Аузымды және бір ашқан кезде нанды өңешіме қарай тастап келіп жібердім. Сосын көздерім алақ-жұлақ етіп, обырланып шайнай бастадым.
Құдай оңдап, осы қимылымның бәрі де сары қыз үшін әсерлі шықса керек. Ол ішек-сілесі қатып күліп жатыр.
— Мә, тағы да орысша же!
Тағы жедім. Жаңағыдан гөрі де құбылтып, әсерлі етіп бақтым. Жаңа, тың құбылыстар ойлап табам. Қыз әбден риза, нанынан үзіп бере берді, мен жей бердім. Ең соңғы бір үзім наны қалғанда, қыз:
— Қалмақ қалай жейді? — деп сұрады. Енді ол мені цирктің бір ойынынан бір ойыны қызық дарақышысы тәрізді керіп алды.
— Қалмақ па? Қалмақ нан жемейді.
— Енді не жейді?
— Қалмақ тек кәмпит немесе қант жейді.
Сары қыз үйіне жүгіріп кетіп, бір уыс етіп кәмпит алып шықты. Қойдың құмалағындай домалақ арзан кәмпиттер. Мә деп, маған қалмақша жеуге әуелі соның бір түйірін берді.
Кәмпитті қолыма алып, тағы да ойланып тұрмын: «Қалай жесем, «қалмақша» болады? «Қалмақша» бұл жақсы, сәтті желінсе, ана басқа кәмпиттер де менікі болады ғой…».
Жаңағы көрсеткендерімді қайталау жарамайды. Оның енді еш қызығы болмайды.
Есінеген адамша аузымды кең етіп аштым. Қайта жаптым. Тағы ашып, тағы жаптым. Мұрнымды тыжырып, басымды шайқап-шайқап қойдым. Бұның бәрі түк ойлап таба алмағанның далбасасы еді.
Аузымды және бір ашқанда, кәмпитті көмейіме қарай жіберіп кеп қалайын. Көздеп, дәл жіберсе де мұндай болмас, өңешімдегі тілшікке жабысты да қалды. Жұтпақ болсам, жүрмейді, кептеле түседі. «Қых, қых» деп, кәдімгідей шындап қақала бастадым. Кәмпиті құрғыр не ары, не бері кетпейді, тынысымды бітеп, өлтіріп барады. Көзім алақтап, өз мойнымды өзім тырналап, жанталасып жатырмын. Нағыз «қалмақша» жеу осы болды.
Сары қыз күлкіге қарық. Менің қуланам деп пәле тауып алуыммен оның шаруасы жоқ.
Өлдім-талдым дегенде, кептелген кәмпит ары өткендей болды. Тынысым ашылды. Өзім терлеп те кеттім. Жағамды ағытып, есімді жинай алмай жатсам, сары қыз жөне бір тал кәмпитті аузыма тықпалап:
— Мынаны да қалмақша же, — дейді.
— Өй, кәмпитің де, өзің де құрып қал! Жоғал аулақ!
Соңыра тіптен қызық болды. Бәріміз шай ішіп отырғанбыз. Кенет сырттан сары қыз кіріп келді. Екі үйдің еркесі, оған жол бос. Әркімдерді кимелеп дастарқанға кеп, бір жапырақ нан алып:
— Мә, орысша же! — деп менің аузыма тықпалап жатыр.
Мен не айтарымды білмей, сасып қалдым. Отырғандар және аң-таң.
— Мынау не айтады? — дейді Әлғожа.
— Мына неменің орысшасы несі? — дейді Тынымжан.
— Мынау нанды орысша жейді, қызық жейді.
Менде бір пәле бар екеніне бірден сезіктенген Әлипа болды:
— Таста нанды! Орысшасы несі? Дәу де болса, мына қу бірдеңе ойлап тапқан ғой!
Артынан оңаша жерде сары қызға түсіндіріп жатырмын:
— Сен маған жұрт көзінше орысша же деме, ұқтың ба? Жұрт бар жерде болмайды. Нанды да, кәмпитті де оңашаға алып кел.
— Мақұл.
ЕЛЕМЕС ЕКЕУІМІЗ
Сіздер Елеместі білесіздер, сары қыздың ағасы. Екеуіміз бірге оқимыз. Бойы менен ұзын, дүрдік ерін, аузынан сөзі, қойнынан бөзі салбыраған момын. Ол да сары. Бірақ әкесі тәрізді шикіл сары емес, қоңырлау. Елекең жуынып-шайынуға онша құштар адам емес, оның қоңырлау көрінетіні, мүмкін, сондықтан да шығар.
Елеместің жасы менен үш-төрт жылға ересектеу. Онымен тең түс балалар орталау мектепті баяғыда бітіріп, орта мектепте оқып жүр. Ал Елекең асықпайды, кластан класқа жайымен, кейде екі жылда аттайды.
Елемес екі нәрседен қатты қорқатын еді. Бірі — даладағы қасқыр (қасқырдан кім қорықпайды!). Ал екіншісі — мектептегі оқу.
Қасқырмен ол әлі бір де бір рет бетпе-бет келіп көрмеген болар. Ал оқуы түскірмен күн сайын бетпе-бет келеді. Оқу оның жынына күнде тиеді.
Мен Елемеспен жетінші бітіргенше бірге оқыдым. Осы уақыттың ішінде сабазың картаның шығысы мен батысын айыра алмай-ақ кетті.
Үйіміз есіктес болғандықтан, Елемес екеуіміз мектепке бірге барамыз, бірге ойнаймыз. О, Елемес өнерсіз де жан емес. Ләңгі тебуден ол осы көшенің чемпионы.
Елеместің аяғында қолдан басқан тайпақ қара пима, ләңгі тебуге сондай қолайлы. Шапанның екі етегін белбеуге қыстырып алып, малақайдың құлақтарын тікірейтіп түріп алып, мәймеңдеп тебе жөнелгенде, ол табиғат өзін тек осы үшін жаратқандай шабыттанып кетеді. Ләңгіні тепкен сайын басын бір шұлғиды, бір, екі деп санап кете береді. Көкшіл лақ терісінен тігілген малақайдың бір құлағы сынық та, екіншісі тіп-тік. Тік құлақ ол шұлғыған сайын селтең-селтең етіп, онымен қоса санасқандай болады.
Оқу десе, қабағы тарс жабылатын Елемес ләңгі ойнағанда тілмен айтып жеткізгісіз рақатқа батып, гүл-гүл жайнайды.
Таңертеңгі мезгіл. Елемес екеуіміз мектепке бармақ болып, үйден шығып келеміз. Күн бұлыңғыр, іп-ірі болып, үнсіз жапалақтап қар жауып тұр. Қар түнімен жауған, жол атаулыны көміп қалған. Бірлі-жарым атты адамдардың ізінен басқа маңайда із де, жол да жоқ.
Мектепке дейін көп жер.
— Бүгін оқуға бармай-ақ қойсақ қайтеді? — деді Елемес өте бір еңсесі түскен пішінмен.
— Не істейміз?
— Мына тамға кіріп, ләңгі ойнайық.
Ауа райының көңілсіздігі менің де адымымды аштырмай, тұсау болғандай еді. Мақұл деп, келісе кеттім. Дәл қасымызда терезесі үңірейген бос там тұр. Төбесі бар, есігі де бар. Тек терезесі жоқ. Мынадай қар жауып тұрғанда сол үйге кіріп, ләңгі ойнап уақыт өткізуден рақат ештеңе жоқ секілді. Сабаққа бір күн бармасам, не қылады? Күнде қалып жатқан жоқпын және өзім сабақты жақсы оқимын.
Кірдік там үйге. Жауыннан сая, тып-тыныш. Төбесі, қабырғалары әдеміленіп сыланған, көңілді. Едені осындағы барлық үйлер секілді жер. Қабырғаның бірінде үлкен ағаш қазық бар екен. Сырт киімдерімізді шешіп, іліп қойдық. Түске дейін рақаттанып ләңгі ойнап, түсте, балалар мектептен қайтқан кезде, оқудан келген боп, үйді-үйімізге салаң ете қалмақшымыз.
Біз қайда болдық, не бітіп қайттық, оны олар қайдан біледі?
Елемес жүрген жерде оның қалтасында ләңгі де жүреді, екеуі бірінен бірі ажырамайды. Бисмилла деп, ойынды бастап келіп жібердік.
Ойын — ол оқу емес, уақыттың қалай зымырап өткені білінбейді. Мүмкін бір сағат, мүмкін жарты сағат өткен болар. Әйтеуір, еңбек вахтасының нағыз қызған кезі. Елекең өзінің құмар ісіне жан-тәнімен берілген, басқа дүниені түгел ұмытқан. Маңдайдан буы бұрқырап, малақайды бір шекесіне едірейтіп киіп алған. Осы қазір ләңгіні теуіп жатқан да сол еді. Кенет сыртта ат тұяғының дүбірі естілгендей болды. Қожаның ұзындығы есік пен төрдей сары аты болушы еді. Соның басы апандай терезенің ар жағынан көлденеңдеп көріне берді.
Аттың үстінде Қожа өзі!
Қожа — Тарас Бульба секілді мұртты, денелі адам. Үстінде қалың сеңсең ішік, ол оны одан бетер дәу етіп көрсетеді. Аттың басы көрінісімен-ақ, біз бұрыш-бұрышқа тығылып, тұра-тұра қалғанбыз. Сөйтсек, онымыз бекер еңбек екен. Қожа біздің ізімізді қуалап, біліп келген.
— Әй, жүгермектер! Шығыңдар!
Жүгермектер сонда да тыпыр етпейміз. Екеуіміз екі бұрышқа көлеңке болып жабысып алғанбыз. Әттең, қолымыздан келмейді-ау! Келсе, сол бойда қабырғаға батып, сіңіп, жоқ болып кетер едік. Қожаның ашуы қатал екені Елемеске де, маған да жақсы мәлім.
— Шығасыңдар ма, жоқ па? Әлде быт-быт қып, сүйреп алып шығайын ба?!
Бұл Қожаның расы. Енді бір минут бөгелсек, ол аттан қарғып түседі де, кіріп келеді. Екеуімізді екі қолымен лақтай бақыртып сүйреп алып шығады да, білгенін істейді.
Шапанын тез киінді де, бірінші боп есікке қарай Елемес жөнелді. Оның соңында мен.
— Оқу қайда, сұмпайылар?!
Алты өрме дырау қамшы Елеместі арқадан көміп өтті. «Ойбай» деген дауысымен қабаттасып, Елекең қайқаң ете қалды. Мені де ұрады-ау деп, ұрған кезде арқам қалай ауыратынын күні бұрын сезінгендей боп, жасқана бердім. Қожа бірақ мені ұрмады. Екеуімізді мал құсатып алдына салып алды да, мектепке қарай дедектетіп айдап жөнелді.
Қожадан көргеніміз аз болғандай, енді директор Нәсірден көреміз. Оның да өңі суық, қатал адам.
Мектепке біз де келдік, үзіліске шығуға қоңырау да соғылды. Бізге бұл ұнамайды. Класс-кластан жүгіріп шыққан балалар айдалып келген бізді көрді. Өздері сабақтан қалмайтын жандардай-ақ улап-шулап, мазақтап, қоршап алды.
Мұғалімдер бөлмесі. Қабағынан қар жауған Нәсір директор. Елемеске көбірек шүйілді.
— Мен сендермен сабақ соңынан сөйлесем, — деді де, оны-мұны шаруашылық заттары тұратын ең шеткі кішкене бөлмеге апарып қамап қойды.
Бұл бөлмеге от жағылмайды, суық. Оқушылар есіктің жарығына үймелеп, сығалап қарап, бізді мазақ етеді. Мылтықтың аузынан сәл үлкен тесік — бұтақтың орны. Әлдекімнің қуақы көзі жылтың-жылтың етеді. Ызам келіп, түкіріп келіп қалайын. Жылтыңдаған көзге түкірік дәл тисін. Сөйтсем, мына қызыққа қараңыз — көз менің қас жауым Баймырзанікі екен. Ар жақтағы балалар сыбағасын мықтап алғаны үшін енді Баймырзаны мазақ етіп, қарық болып жатыр.
Мен де ризамын. Талайдан өшім кетіп жүр еді оңбағанға. Сол керек өзіне.
Тағы да қоңырау. Балалар кластарына қайтадан кіріп кетті. Дәлізде енді жан қалмады. Жай тұра беріп, тоңатын тәріздіміз.
— Елемес, кел, одан да ләңгі ойнайық. Ақыр осы үшін жазаланып отырмыз ғой.
Дәл осы арада ләңгі ойнау Елемеске әбестік болып көрінетін тәрізді, батылы жетіңкіремейді.
— Көріп қойса, пәле болмай ма?
— Көрмейді, қайдан көреді. Біреу келе жатса, қоя қоямыз.
Елекең шапанының, пешпентінің, жейдесінің түймелерін түгел ағытып, қолын жалаңаш етіне сұғып жатыр. Бұнысы несі деп, мен әуелі түсінбеп едім. Сөйтсем, әлгінде Қожа келіп қалғанда ләңгіні ең ішкі қойнына тастап жіберген екен. Тінтсе, таба алмасын дегені болу керек.
Өзгелер сабақпен бас қатырып жатқанда, біз тағы да ләңгі ойнап, жетісіп қалдық. Бұл үшін тамаша жағдай жасап берген Нәсір мұғалімге рақмет айтар жөніміз бар.
ҚАЙРАН МЕНІҢ ӘЛИМАН ЖЕҢГЕМ
Тамылжыған әсем жаз. Даланың қара жолы. Қос ат жегілген салдырлақ жүксіз арбада екі адам келе жатырмыз: мен және арба айдаушы.
Арба «Үлгілі» колхозынікі. Нарынқолдың бас жағындағы ағаш тілетін заводқа тақтай алуға бара жатыр. Менің де барар жерім Нарынқол.
Нарынқол бұ күнде жаңа құрылған ауданның орталығы. Осы биыл көктемде Кеген ауданынан бөлініп шыққан. Жаңа аудан құрылуымен байланысты колхоз-колхоздардан сауаты бар бірсыпыра адам аудандық мекемелерге қызметке шақырылады. Соның ішінде менің Сатылған ағайым да бар. Ол осы кезде прокуратурада хатшы болып істейді. Күлімбала екеуі Нарынқолға көшіп барған.
Міне, оқу жылы аяқталды, төртінші артта қалды. Мен енді жазғы демалысқа шығып, бұл күнде Нарынқолдың тұрғыны болған ата-жеңгемнің қолына келе жатырмын.
Нарынқолды бұрын керген емеспін, Құдай қойса, бірінші рет көрем.
Сүмбеге өкпем жоқ, мен үшін құтты жер, құтты мектеп болды. Биыл да төртіншіні озат бітіріп, мақтау грамотасын алдым. Осы келе жатқанда өзімді оңынан айы, солынан күні туып келе жатқан нағыз бағытты адамдай сезінем. Өйтпей ше? Мұнда мен мұндай табысты болсам, ана жақта атайым анадай қызметтен қызметке ерлеп барады. Бүгін прокурордың хатшысы, ертең өзі болмасына кім кепіл?
Бұл аймақтың халқы дүниеде сот пен прокурордан үлкен, одан маңызды қызмет бар деп ойлай қоймайды.
Күн бүгін әсем. Аспанда ине шаншым бұлт жоқ, лүп еткен жел жоқ. Жолдың асты мен үсті біркелкі боп жайқалған көк майса егін. Бозторғай биікке шығып алып, әсем жазды жыр етіп шертеді. Арба жақын келіп қалғанда ұша жөнеліп, жүз-жүз елу метрдей алыстап барып, тағы да әуеге ілініп тұра қалады. Үзілген әнін қайта жалғайды. Желіндеген биедей балбыраған дала төсінде бұдан да басқа құлаққа келер ғажайып үндер көп. Тіршіліктің мың бір ұрығы оянған, мың сан тамырға жан бітіп, нәр жүгірген кез. Төңірек толы қыт-қыт ежен тоқтаусыз, толассыз нәзік сырлы күй, өмір күйі. Қаулаған жаңа жас өмірдің сезімтал көңілмен ұғар сыршыл күйі.
Көшір тақырайған шекесін күннен қорғап, қалпағын осқырайта киген қартаң адам. Мен оның арт жағында бүгінгі ғажап жазды тамашалап, неше алуан қиялға беріліп отырмын. Сонау алыс болашағым да тамылжыған жаз болып елестейді. Мынау төбемдегі көк аспандай тап-таза, мөлдір, шетсіз-шексіз. Мен қырандай қанат қатып, бірден бірге биіктеп ұша берем, ұша берем. Мүмкін, бір кезде дауылға да ұрынармын, суыққа да тоңармын деген ойлар ол кезде басқа келмейді…
Ох, шіркін! Адам өмірден тек бала болып өтсе! Ойын-күлкімен етсе! Өмірге қалай келіп, қалай кеткенін білмей қалар болса!
Қостөбеде біз аялдамақ емеспіз. Кімге аялдаймыз? Ыдырыс та, Смағұл да бойдақ. Колхоздың жұмыс көлігінен олардың еш айырмасы жоқ қазір. Бригадир қайда қуаласа, сонда барады. Ой-қырдың бірінде еңбек етіп, жандарын бағып жүрген шығар.
Жауыртоғанда жер қойнында мәңгілік ұйқыға батып анам жатыр. Өз еркім өзімде болса, мен соған бұрылып барар едім. Қайран анам! Сен көз жұмғалы, міне, екі жарым жыл бопты. Екі жарым жылдан бері мен жетіммін. «Жетім» деген тажалдай суық сөзді ести-ести бұл күнде құлағым әбден үйренген.
Суық, түнек жердің қойнына, анашым, сен де үйренген боларсың.
— Шешесі жоқ жетімдер, қолдарыңды көтеріңдер! — десе, осы кезде мен бірінші болып қол көтерем. Бұл үшін арланбақ түгіл, ойланбаймын да. Жетімдік маңдайыма туғаннан жазылып қойылған сыбағамдай көрем.
Әне, адамның көнгіштігі, төзгіштігі солай болады екен. Тек тағдыр басқа салмасын. Басқа салса, біраз былғаңдап тулайсың да, сосын көк есекше бүлкілдеп жүріп бересің.
Өз тізгінім өзіме тиген кезде, анашым, сенің басыңа әлі талай келермін. Жүрек қалтама жиналған мұң-зарымды төгіп, босатармын. Ал әзірше қош бол, анашым, кінәлама!
Таулы жердің ауа райы ерке қыздың мінезіндей құбылмалы. Жарқырап тұрып, түнере қалуы тіптен оңай. Біз Қостөбеден өткенде күн ашық болатын. Кемерге жеткенде аспан бұлттана бастады. Үкірші жақтан жентек-жентек қара бұлттар жел айдап, ойнап шықты.
Нарынқолға таяу Жағатам дейтін шағын қыстақ бар. Соған тақалғанда тырсылдап жаңбыр жауа бастады.
— Мына күн қайтеді, жауа ма? — деп, арба айдаушы көкке үрейлене қарайды.
Екі қара бұлт бірімен бірі сүзісетіндей жақындасып келеді. Әне, сүзісті. Жер қайысқан екі үлкен армия біреуіне біреуі лап қойып, шабуылға шыққандай еді: зеңбіректер гүр-гүр, болат қылыштар шақ-шақ…
Екі бұлт араласып, миласып, бір бұлтқа айналды. Жаңбыр төпеп құйып кетті. Енді ойланып жатуға мұрша жоқ.
— Бала, анау үйге барып паналайық, — деді де, арбакеш аттардың басын жолдан бұра берді. Оң қол жағымызда қабақшада сыртын әктеген тоқал төбелі оқшау там үй тұр.
Бұл Жағатамнан өткеннен кейін.
Жүксіз арба үй алдына таңқылдап келіп тоқтай қалды (әлгі араның жері тастақ еді). Ши-шидің арасында жайылып жүрген тауықтар да жауыннан безіп, қораға кіріп кетіп жатыр. Арбадан секіріп түсіп, үйге ұмтылдық. Сырт есік ашық, ауыз үйге тасырлатып кіріп-кіріп келдік.
Осы кезде төр үйден кимешек киген әйел шықты. Әлгіні көріп, менің қолқа-жүрегім солқ ете қалды. Көзіме оттай басылған бұл адам өзімнің бір кездегі аяулы жеңгем Әлиман еді.
Әлиман да мені бірден таныды.
— Қайдан келесің? Қайда барасың? — деп, жөндеп сұрап жатыр.
Айттым.
— Ал үйге кіріңіздер.
Кірдік.
— Төрлетіңіздер!
Төрлетуге бізде құлық жоқ. Үйдің іші тап-таза, есікке дейін алаша, киіз төселіп тасталған. Әлиман ұстаған үй екені бірден-ақ көрініп тұр. Үстімізден тамшылаған суды қатып, сілкіп, есік алдына беттеле бердік.
— Ештеңе етпейді, жоғары шығыңыздар!
Төрге текемет, оның үстінен ұзынша аткөрпе төселген екен. Мына түрімізбен жүрген жолымызды былғап, оңда барып сұқсиып-сұқсиып отыруға бет шыдар емес. Сол араға жақын терезе жаққа, жай ғана текеметтің үстіне шөге-шөге кеттік.
Әлиман дәл қасымызға бір тізерлеп ол да отырды. Сол қалпы — өзгермеген, жүріс-тұрысы жұмсақ, биязы.
— Ағаң ауданда қайда істеп жүр?
— Прокурорда хатшы болып істейді.
Әлиман «мм…» деді. Өскен екен дегені тәрізді. Ақшұбар өңіне бір сәтке біраз ой көлеңкесі түсіп өткендей болады.
— Ал отырыңыздар, мен шай қояйын. Шай ішіп, бір-ақ жүретін шығарсыздар. Оған дейін күн де басылар.
Жұп-жұмсақ мәсі киген аяқтарын үнсіз басып, Әлиман ауыз үйге шығып кетті. Оның соңынан қарай отырып, мен өткен өмірді есіме алдым. Қайран Әлиман жеңгем! Қайтейін, бізге бұйырмадың ғой. Өсекші жұрт Сатылған екеуіңді екі жаққа ажыратып тынды. Оның зардабын мына мен тарттым. Иә, біздің үйді үй етіп, ел қатарына қосып едің. Аз тұрсаң да, өмір бойы ұмытылмастай талай жақсылық істеп едің. Ақ киізден сырып жасап берген әрі жеңіл, әрі жылы пимаң ұмыт бола ма?
Қайран Әлиман жеңгем! Үй ішін дәл сендей ретті, таза ұстайтын адам бар ма екен! Осындағы кез келген заттан, төсектің, жүктің жиналуынан мен сенің өнерлі, бипаз қолыңды ап-анық танимын.
Үй ішіндегі біраз зат маған бұрыннан таныс. Анау төрдегі кестелі киім жапқыш бір кезде дәл осылай біздің үйге көрік беріл тұрған еді. Тоқылған шашағы да, кестедегі суреттері де әлгінде көзіме бірден жылы ұшырай кеткен. Бірінің соңынан бірі шұбаған, бірінен бірі айырғысыз он екі қызыл қораз. Алтауы оң жақтан, алтауы сол жақтан қарама-қарсы келіп, ең алдағы екі қораздың бастары түйісіңкіреп тоқтаған. Киім жапқышқа тігілген кесте-сурет, міне, осы еді.
Мен қораздарды осы отырғанда санап та шықтым — тура он екі. Не азаймаған, не көбеймеген. Бізден кеткелі бергі уақыттың ішінде бір де біреуі шетінемеген. Не деген жаны берік қораздар десеңші!
Міне, шай да келіп қалды. Әлиманның шайы осындай — тез қайнайды, сарғайтып күттірмейді. Көңілді таза дастарқан, аппақ ақ нан, қант. Кесенің түбінен етіп сүт қатып құйған шайы қандай дәмді Әлиманның! Таңдайыңа балдай татиды, ішсең, іше бергің келеді.
Ауыл әйелдеріне тән ибалықты Әлиман берік ұстайды. Жаулықты кіршіксіз аппақ етіп киеді, бір тал шашын сыртқа шығармайды. Қолына күміс білезік, жүзік салады. Көйлекті мол киеді. Қарашы, шай ұрттауының өзінде қаншама әдептілік жатыр! Ұрттағаны ернінің ұшын ғана тигізген тәрізді — түк естілмейді.
Жауын басылған. Терезеден төрдегі бұрышқа қиғаштап күн сәулесі түсіп тұр. Үйдің басқа жері тұп-тұнық болғанда, әлгі жарық сәуленің іші быжынап ұшып жүрген мың-миллион ұсақ шаң-тозаң.
Шай құя отырып, Әлиман өз жайынан да айтты. Күйеуге шығыпты. Ері аудандық аурухананың осындағы көмекші шаруашылығында жұмыскер екен. Аурухана осы араға әртүрлі овощ егеді, бұлар соны күтіп, күзетеді.
Шай ішіліп болды. Біз енді жүрмекшіміз. Осы кезде Әлиман орнынан серпіле тұрып, төрдегі қоңыр әбдіраны ашып, бір орам көкала шыт алып шықты.
— Құдай жолыңды түсіріп, келіп қалған екенсің. Тай мінгізіп жіберер ек, шама жоқ. Тым құрса, жейде киіп кет. Ана жылы Сарыбастауда оқып жүргеніңде, ашумен үстіңнен қара шапанды сыпырып алған едім. Қайтейін, қу жоқшылық адамға не істетпейді? Сол жеңгем сол кезде сөйтіп еді деме, шығар есіңнен. Құдай қойса, әлі-ақ адам боласың. Адам болды деген, міне, осы…
Көкала шытты Әлиман қойныма тығып берді. Жүрегімді талайға дейін жылытып жүретіндей көп-көп аналық сөздер айтты. Бұл күнде жат боп кеткен адамнан мен дәл мұндай жақындық, дәл мұндай бейіл күтпеп едім. Ризашылығым өз алдына, мен Әлиманды қимастай боп аттандым.
ЖАҢА ДОС
Нарынқолды бұл өлкенің қазақтары, өздерінше, қала санайды. «Қалада не бар екен?» деп жатады. Міне, біз сол қалаға кіріп келе жатырмыз. Түзу, кең көше, қолдың саласындай боп тізіліп өскен теректер, шатырлы ағаш үйлер. Бұның бәрі маған үлкен әсер қалдырды.
Арба аймақтың алдына көп тоқтады. Халықтың мол жері. Бір емес, бірнеше дүкен, асхана. Біреулер шұбап кіріп барады, біреулер шығып келеді. Телеграф бағандарына, теректің көлеңкесіне байланған шоғыр-шоғыр ерттеулі ат.
Орыс бұл арада көбірек көрінеді. Олар да қатын-балаларын ертіп шұбап жүр. Сөйлеген сөздерінен дым да түсінбеймін.
Тал түсте ерігіп, мас боп жүргендерді мен бірінші рет осында көрдім. Біреу үсті-басы шаң-шаң боп ластанып, дүкеннің көлеңкесінде ұйықтап жатыр. Бетіне, аузына шыбын қонса, қолын сермеп, үркітіп қояды.
Арбакеш: «Ағаңның үйін іздеп таба аласың ба?» — дейді. Адресі қалтамда болса да, мен таба алатын емеспін, жүрексінем. Мына жүрген халықтың маған бәрі жат, бәрі бөтен.
Арбакеш бір әйелді тоқтатып, сөйлесіп тұр. Мені шақырды. Келдім. Әйелдердің бірі ата-жеңгемнің қайда тұратынын біледі екен. «Жүр, ертіп апарайын», — деді.
Қаланың қақ ортасымен келе жатырмыз. Маңдайшасына жарнама қағылған үйлерді де тұңғыш көруім. Аудандық әрқилы мекемелер.
Оңға қарай бұрылдық. Төбесін қос төбе етіп жапқан биіктеу аташ үй, қасында бір ғана бөлме аласа және бір ағаш үй. Осы соңғысы біздікі екен. Күлімбала жеңгем ширатылып қарсы алды.
Бала өзіне досты тез табады. Мен ертеңіне-ақ жаңа дос тауып алдым. Аты Жолдыбай.
Қолында мүйізатары бар, дембелше ақсары бала қасыма келді. Жалаң аяқ, жалаң бас. Үстіндегі боз майканың тозығы баяғыда жеткен, әр-әр жері іріп, ойдым-ойдым тесіліп кеткен. Ол, сірә, бұдан басқа киім кимейтін болуға керек — денесінің ашық жерінің бәрі қоладай қызарып күнге күйген. Ол мені бірден тергеуге ала бастады:
— Кімсің сен?
Мен жөнімді айттым.
— Жүр, шомыламыз.
Мен қуанып, ілесіп бердім.
Болды, бітті, Жолдыбай екеуіміз доспыз енді.
Таңертең шайымды ішер-ішпестен Жолдыбай босағадан қарап, келеді де тұрады. Мен ілесіп берем. Қайда барамыз, не істейміз деп сұрамаймын. Жолдыбайдың түр-түсі оны сұратпайды. Тек оған ілесіп, жолдас болуға жарағаным мен үшін зор мәртебе. Жолдыбай не істеп, не қоюды сарапқа салып жатпайды, тек бастап жөнеледі. Ол келе жатқанда, балалар жарылып жол беріп тұрады. Төртбақ, шымыр Жолдыбайда айла да, күш те жетерлік. Төбелес десе, оның көзі жайнап кетуші еді. Жаңа досымның бойындағы осы қасиеттер мені оған бірден табындырды.
Ол менен бір-екі жас ересек еді.
Жолдыбайдың арқасында бас-аяғы бірер күннің ішінде Нарынқолдың ой-шұқырын түгел біліп алдым. Мен бұны қала деп, жүрексініп жүрсем, пішту, түк те емес екен. Қазір маған Қостөбе немесе Сүмбе қандай болса, Нарынқол дәл сондай.
Күндізі көбінесе су бойында боламыз, шомыламыз, қармақ саламыз. Кеште клубты торуылдаймыз.
Аудандық клуб бар мұнда. Онда күнде кешкісін кино болып тұрады. Қалтада ақшаң болмаса да, кино көруге әрқашанда құлқың соғып тұратынын жөнді түсінбейтін біреулер киноға билет алып кіруді шығарған. Бұл біздің кешті көңілді өткізуімізге бірақ қиындық келтірмей қоймайды.
Жарайды, қалтамызға бір сом, екі сом ақша түскен екен. Оны «әкел бері» деп арбап, тілеп тұратын орын тек кино ғана ма? Клубтың дәл қасындағы киномен қабаттасып күнде кешқұрым ашылатын кезекші дүкенді қайда қоясың? Онда, негізінен, арақ, кәмпит сатылады. Арағының тұқымы құрсын. Ал неше алуан кәмпитті көре тұрып, қайдағы бір киноға бола, қалтада ақша ұстап шыдамайсың.
Әрі кәмпит сорып, әрі киноға билет сатып алып шірену — бұл біз үшін тым жомарт кеткендік болады.
Сонымен, кино болар кезде клубты торуылдап келеміз.
Клуб үйі — ескі аташ үй. Оның жаңа болмай, қаусаған ескі үй болуы және уақтылы жөнделмеуі, шынын айтқанда, біздің бақытымыз. Жай ғана тастан қалай салған фундаменттің әр-әр жері омырылып құлап жатыр. Және бір-екі тас алсаң, қасқырдың апанындай үңірейіп шыға келеді. Содан інге кірген тышқанша зып беріп кіреміз де кетеміз. Экранный арт жағындағы суфлер отыруға арналған тесіктен бір-ақ шығамыз. Киноны сахнаның теріс жағынан көреміз.
Кейде киноға дейін клубта көркем өнер үйірмесі жұмыс істейді. Үйірмеге қатысатындар емін-еркін кіріп-шығып жүреді. Сол кезде біз де кіріп, жасырынып қаламыз. О, ескі клубтың ішінде жасырынар жер көп! Қашан киноға халықты жібере бастағанша жатамыз бұғып. Бір сағат өтеді, екі сағат өтеді. Клубтың есігі бір кезде ашылады. Жұрт билеттерін көрсетіп, кіре бастайды. Сол кезде қуыс-қуыстан байқатпай шығамыз да, қалаған жерімізге отырып аламыз.
Орын таңдау жағынан мұнда әркімнің өз еркі. Билетте орын көрсетілмейді, әркім қалаған, жұрттан бұрын басып алған жеріне отырады,
Осының бәріне де мені баулып, көзімді ашушы Жолдыбай еді.
Жолдыбайдың шешесі жесір әйел, бір кеңседе үй сыпырушы болып істейді. Бір әпкесі, бір қарындасы бар, тұрмыстары нашар. Үйлерінде тамақ болса, Жолдыбай ішіп-жейді. Болмаса, қыңқ демейді, өз жанын өзі батады. Біреулердің үйінің төбесінде өрешеде құрт жаюлы тұрады. Енді біреулер бақшасына капуста, сәбіз егеді. Ер азығы мен бәрі азығы жолда дейді де, менің досым ебін тауып, соларды бір аралап етеді. Қай үйдің құрты тәтті, қай үйдің бақшасындағы сәбіз ірі — Жолдыкең бәрін біледі.
Мен шикі капустаны өмірімде жеп көрген емеспін. Жолдыбай рақаттана қарш-қарш шайнайды да:
— Сен білесің бе, капуста адамды тез семіртеді, — дейді.
— Олай болса, семіріп алайын, — деймін де, мен де жеймін.
Нарынқолдың тұрған жері әсем — тау баурайы. Бір жағы сарқырап аққан өзен, қалың тоғай. Екінші жағы тау — кәдімгі атақты Тянь-Шань. Жері құйқалы қара топырақ. Ауа райы салқын болғандықтан, тек жеміс өспейді, басқаның бәрі өседі. Астығы аттың қапталынан келеді, картобы кеседей-кеседей болады. Таулы жер, шіркін, малдың жері ғой. Сай-саладағы көгал шөпке жаздыгүні шөккен түйе жасырынады. Жайлауында ызың еткен шыбын болмайды. Қыста таудың күнгей бетінде қар және жатпайды. Жылдың он екі айына малды айдап салып, тек қара да отыр. Нарынқолда отын-су қандай ырғын. Таудағы зәулім кебу қаратайдың о жағынан балтамен бір, бұ жағынан және бір шауып, ырғып қалсаң, ажалы жеткен алыптай жерді солқ еткізіп, құлап түседі. Бұтағын аршып, сидамдап, төмен қарай ағызып айда да жібер. Заулағаннан заулап, есігіңнің алдына бір-ақ келіп тоқтайды…
Қыстақтан жоғары Қайшы дейтін сайдың аузында диірмен бар, су диірмен. Бір күні бір қап бидайды астыма салып алып, үн тартқызуға соған келдім. Диірмен тұрған жердің, ой, әдемісі-ай! Сынаптай тұнық, күркіреген тау өзені. Бойжеткен қыздай желкілдеген сұлу көкталдар, дәл қасында тау тиіп тұр. Менен бұрын келген бірнеше адам бар екен. Солар тартқызып болғанша, менің күте тұруыма тура келді. Бұл үшін мен оншалық өкінген жоқпын. Табиғаттың маңайдағы сұлулығына ғажап қалып, тамашалаумен болдым.
Бір кезде диірменнің ішіне кірдім. Ешкім жоқ. Терезенің алдында үстіне бір елі боп ұнның тозаңы қонған жұқалтаң кітап жатыр. Алып қарасам: Мұхтар Әуезов, «Қараш-Қараш». Әңгімелер жинағы.
Мұхтар Әуезов дейтін жазушы екенін білем. Әлгі арада тікемнен тік тұрып, кітапты оқи бастадым. Қызығынан бас ала алмаймын, неше түрлі адамдар мен уақиғалар көз алдыма елестеп, қазіргінің бәрін ұмытып, тамаша бір дүниеге ендім де кеттім.
Әңгіме ұзақ, таусылмайды.
Диірменге кіріп-шыққан жұрт бөгет жасай берген соң, сыртқа шықтым. Тоғайдың арасына барып, жайғасып отырып алып, ал кеп оқы! Сіңірі шыққан екі кедей адам: Бақтыгүл, Тектіғұлдардың жоқшылық тұрмыстары, тас мейір Сәлмен байдан көрген қорлықтары… Иә, енді не болар екен? «Енді не болар екен» деумен әңгіменің соңына жеткенше асығудамын. Тектігүл сойылға жығылар жерде жаным ашығаны соншалық, көзімнен жасым шығып кетті. Жауыз Сәлменді атарға оғым жоқ еді.
Оқиға тереңіне тарта берді.
Бақтыгүл қашқын. Сәлмен байдың жылқысынан жылқы ұрлап әкелді. Елсіз тауда аш отырған қатын-баласына сойып, азық етпек.
Жас ет қазанда былқып пісіп жатыр. Бақтыгүл ет турауға пышағын жанып, дайын отыр. Сілекейін жұтынған шыдамсыз аш балалар. Дәл сол кезде сырттан тысыр естілді. Бұл келген қуғын еді. Ет желінбей қалды. Бақтыгүл таяққа жығылды, қатын-бала у-шу болды…
Осының бәрі-бәрі маған тым жақын, таныс өмір тәрізді. Бір ысып, бір суымай, толқымай оқу еш мүмкін емес. Қандай аяныш! Қандай қатыгез тірлік! Жазушы бәрінің ізін аңдып, өз көзімен керіп, біліп жазған секілді.
«Қараш-Қараш» атты ұзақ әңгімені аяқтап, есімді бір-ақ жиғандай болдым. Қарасам, күн кешкіріп қалған екен.
Енді әріптер бұлдырап, көрінбеуге айналған. Оқыған әңгіменің әсері көңілімнен тіпті де суитын емес. Үйге тез барсам, осының бәрін Жолдыбайға айнытпай айтып берсем деймін.
Түн. Диірменнің іші. Сығырайған май шам. Жұқалтаң кітаптан мен әлі көз алмай, қадалып оқудамын. Анда-санда аяғын сылтып басқан ақсақ диірменші шал кіреді. Май шамның түбінде кітапқа үңілген мені көреді.
— Әй, сен мұнда не үшін келдің? Кітап оқығалы келдің бе? Сал ана ұныңды! Қазір сенің бидайың бітеді! — дейді.
Мен бұл кеште өмірдегі қызықтың бәрі де кітапта екен деген қорытындыға келдім. Шіркін, Мұхтар Әуезовті бір көрсем деп арман еттім.
Ертесінде Жолдыбайға оқыған әңгімелерімнің уақиғасын бірінен соң бірін майын тамызып айтып бердім. Ең соңында:
— Жолдыбай, қызық кітаптарды қайдан алып оқуға болады? — деп сұрадым.
Өйткені оның білмейтіні, таппайтыны жоқ.
— Осында кітапхана бар, содан алуға болады.
Кітапхана дегенді естігем, бірақ көрген емеспін.
— Мен барсам, бере ме?
— Мүмкін, берер.
Жолдыбай мені селоның орта тұсындағы оқшау бір үйге ертіп келді. Бұл аудандық кітапхана екен. Кең үйдің жарым бөлегі толы кітап, сөре-сөреге тізіп жинап тастаған. Дүниеде мұншама мол кітап болатынын, оның бәрі бір арада жинаулы тұратынын тұңғыш рет көріп отырмын. Көзім тұнып, таңырқап қараймын.
Стол үстінде қат-қат боп жиналған газет-журнал қаншама! Мұның бәрін кім оқиды? Қалай оқып тауысады?
Біреулер кітап тапсырып, кітап алып жатыр. Көбі біз секілді балалар.
Мен де оқуға кітап сұрадым. Кітапханашы әйел кімсің деп сұрап алды да, ауылдық советтен, мектептен әлдеқандай анықтамалар алып кел деп, мен үшін түсініксіздеу бір машақат жұмыс айтты, Онсыз кітап берілмейді.
Мен сыртқа аса жабырқап шықтым. Соншама мол кітаптың біріне де қолым жетпеуі қорлық еді. Менің бұл хәлімді жете түсінген Жолдыбай:
— Сен уайым жеме, бермесе, қойсын. Саған керегі кітап па? Мен табам, — деп, көзін қулана қысып қойды.
— Қайдан табасың?
— Үндеме, кеш батсын.
Кеш батып, ел орынға отырған кез. Жолдыбай екеуіміз кітапхананың тұсында көшеде тұрмыз. Кітапхана қазір жабық, терезелері қараңғы. Төңіректі әбден байқап қарап алды да, Жолдыбай ымдап, бастай жөнелді. Мен одан қалмаймын. Кітапхананы бір айналып, терезелерді, құлыпты Жолдыкең байқап өтті. Дәу қара құлып, Жолдыкең қайқы бас сыммен түрткілеп көріп еді, ашпады.
Терезенің бәрі көше жақта, оншалық биік емес, бой жетер жерде. Жолдыкең бәкімен шұқылай бастап еді, әйнектің біреуісі сыңғыр етіп босап, оның қолына келді. Терезенің бір көзі үңірейді де қалды.
Қазақтың ет жаятын қоймасының алақандай желдеткіш тесігі болады, ұры мысықтар сол тесіктен артына бір қарап алып зып ете қалады. Жолдыбай тап сол. Үңірейген кішкентай көзге басын сұғып, тырбаңдап, ары қарай сүңгіп кіріп кетіп барады. Мен аяғынан сәл демеп жіберіп едім, қара тесік Жолдыкеңді жұтты да алды.
Дегбірім қашып, жан-жағыма қараймын. Бір пәлеге ұрынбасақ неғылсын. Сәл сезіктенер жағдай туса, Жолдыбайды қалдырып, безіп жөнелуімде дау жоқ.
— Мә, ал!
Дауыс Жолдыбайдікі. Ар жақтан бір құшақ кітап алып келіп, тесікке тықпалап жатыр. Мен кітаптарды қабылдап ала бастадым. Бір-екі кітап шашылып, жерге түсіп те қалды.
— Жете ме? Тағы әкелейін бе?
Жолдыбай кітапхананы көшіріп кетпек.
— Жетеді!
Жолдыкең тесіктен әуелі екі қолын, одан соң басын шығарды. Салбырап түсіп келеді. Өмір бойы терезе көзінен кіріп-шығуды кәсіп етіп алған адамдай-ақ оп-оңай салаң ете қалды.
— Кеттік
Бір-бір құшақ кітапты бауырымызға қысып алып, көшенің қараңғы шетімен безіп келеміз.
Ертесі. Тағы да босағадан жылтырап қарап, Жолдыбай келіп тұр. Енді оның күнге күйген иығы мен мойны түлеп, жауыр бола бастаған. Мен Жолдыбайдың келуін күтіп отыр едім. Екеуіміз көшеге шықтық. Түнде ірі бір жұмыс тындырған адамдармыз, бірімізді біріміз қас-қабағымыздан ұғып, жымың-жымың етеміз. Олжа кітаптардың бәрін де түнде Жолдыбай үйінің тауық қорасындағы жаман-жаман жүктің арасына тығып тастағанбыз. Біздің үйге әкелуге болмайды. Сатылған ағайым көрсе, қайдан алдың дейді.
Күндіз Жолдыбай үйінде адам болмайды.
Міне, біз олжа кітаптарды қарап отырмыз. Жарым-жартысы қазақша, жарым-жартысы орысша. Орысша кітаптардың бізге қажеті шамалы — оқи алмаймыз.
— Қараңғыда қандай кітаптар екенін қайдан білейін, стол үстінен құшақтап алдым да жөнелдім, — дейді Жолдыбай.
Мен оқитын кітаптарды шетінен бір-бірлеп алып тұрмақшымын.
Ойымызда кітапхана. Онда не боп жатыр екен? Түк білмеген болып, кітапхананы сырттан торып келдік. Терезенің көзін орнына қайтадан салып қойған, тым-тырыс. Біз кітапханаға кірген жоқпыз.
Арада үш-төрт күн өтті.
Біздің үймен көрші үй Танабаев дейтіндікі. Күйеуі бір кеңседе бастық, әйелі кербез жас келіншек. Күйеуін қызметке шығарып салады да, ол әдетте, біздікіне келеді. Күлімбала жеңгем екеуі өсек айтып уақыт өткізеді.
Сол Танабаевтың әйелі аяғын ширатыла басып біздің үйге келген. Мен кітап оқып отырмын.
— Бұл не кітап?
Ілияс Жансүгіровтің «Күй» дейтін өлеңдер жинағы еді. Келіншек бірнеше бетін аударып, көз жүгіртті де:
— Берші, мен оқып шығайын, — деді.
— Алыңыз.
Келіншек кітапты алып, кетіп қалды.
Ертесі. Күндізгі уақыт. Біздің үйге мұрты тікірейген Бүркітбай милиционер келіп тұр.
— Осында пәлен дейтін бала бар ма? — деп менің атымды атайды.
— Бар.
Бүркітбай мені көп сөзге келтірмеді, жүр деп, айдап алды. Милицияға әкелді. Мен ештеңе түйсінетін емеспін. Жан-жағы бітеу қораға, одан бір бөлмеге кіргізді. Портупея тағынып, шпал қадаған әдемі қазақ жігіт отыр. Бүркітбайға бара беріңіз деді, мен қалдым. Оның менімен жөндеп сөйлесетіндей түрі бар. Әуелі аты-жөнімді сұрады, айттым.
— Мына кітапты танисың ба?
Столдың тартпасынан суырып алып көрсеткен әлгі кітап «Күй» еді. Көзіме жылы ұшырай кетті.
— Танимын.
— Сенің кітабың ба?
— …менікі…
— Қайдан алдың сен мұны?
Не айтарымды білмеймін.
— Айт, қайдан алдың?
Үн жоқ.
— Бұл қайтіп сенің кітабың болады? Мына мөр не?
Арада бір минут өткенде мен тергеушіге барлық шынымды айттым.
Сұрақ бітті. Мені қанаттағы бос бір бөлмеге кіргізді де, қамап қойды. Есікті жауып, сыртынан құлып салып жатуы адамға жаман әсер етеді екен.
Түн болды, жіберген жоқ. Осында түнеп шықтым. Таңертең Күлімбала жеңгем бір шайнек шай, бір жапырақ нан алып келді. Кәдімгі қамаудағы адам тәріздімін, шайымды жаман бір ескі матрацты төсей салған жер төсектің үстінде отырып іштім.
Кенет, қора жақтан біреулердің шуласқан дауысы естілді. Таныс дауыс. Жолдыбай. Орнымнан ұшып тұрып қарадым. Тағы да сол Бүркітбай, Жолдыбайды айдап алған. Анау, жүр деп, итермелейді. Жолдыбай: «Итерме, өзім де жүре алам», — деп, Бүркітбайға ырық бермей, кіжініп тұр.
Соңынан білдім, мен қамауда отырғанда милиция Жолдыбайды іздеп жүріпті. Сезік алған Жолдыкең зытып жөнелген, бұл түні ол үйіне түнемеген.
Түске таман мені де, Жолдыбайды да босатты. Олжа кітаптың бәрі милиция арқылы кітапханаға қайтарылды. «Ұрлық түбі — қорлық» болатынын мен тәжірибеде осылайша бір сынап көрдім.
Тағы да соңынан білдім: Танабаевтың әйелі кітапханада істейтін бір әйелмен жолдас екен. Оның үйіне сол келген, «Күйді» көрген. Қайдан алғанын сұраған… Ұрлықтың мүңсік иісі милицияны маған алып келген.
МАХАББАТ ХАТЫ
Әй осы махаббат хаты дегенді қойсаңызшы. Бағышталған адамына жетпей қап, қолды болып жататын да осы хат. Қаншама тату-тәтті жүректерді қызғаныштың қызыл шотына қаритын да осы хат. Ойлап отырсаң, бұл хаттың рақаты да, машақаты да мол. О, махаббат хатын жазуға құмартушылар! Менің мына айтайын деп отырған әңгімемнен сабақ алыңдар.
Ағайым тағы да Алматыға бір айлық курске оқуға кетті. Үйде енді Күлімбала екеуіміз ғанамыз. «Ей келіншек, сызылып бос отыруың жетеді, жұмысқа шық» деп құжбандай боп келіп тұратын Бәзіл бригадир мұнда жоқ. Мұнда бірақ Қазбек бар. Иә, иә, ағайым барда біздің үйден шықпайтын, ағайымның жан жолдасы, анау санақ мекемесінде істейтін жылтыр бет Қазбек…
Бір күні біздің үйге Жолдыбай келді. Екеуіміз өзенге қарай кетіп бара жатыр едік, арт жағымыздан Күлімбала шығып, айқай салды:
— Жолдыбай, сен бері келші!
Қасына барған Жолдыбайды Күлімбала үйге ертіп кіріп кетті.
Мен әлгі орнымда таңырқағандай болып тұрмын. Жеңгем, менің жеңгем, неге мені шақырмай, Жолдыбайды бөлектеп шақырады?
Жолдыбай көп кешікпей шықты. Анадай жерде тұрған маған «саған айтатын қызығым бар» дегендей жымиып, көзінің астымен қарайды. Оның соңынан Күлімбала да шығып, бізді бақылап тұр.
«Жеңгем саған не айтты» деп Жолдыбайға жабыса кетуге әдейі байқауға алып тұрған Күлімбаладан қаймықтым. Былай таман ұзаған соң сұрамақпын. Жолдыбай өзі де айтпай шыдамас. Суға барар жолда әлгінде айтқан санақ мекемесі бар (Қазбектің мекемесі). Сол араға таман келгенде, Жолдыбай үндеместен кеңсеге қарай бұрылды. Мен де бұрылдым. Берене үйдің алдына келіп, міне, енді іркіліп тоқтап тұрмыз. Күлімбала бұл арадан бізді көрмейді.
— Не айтты ол саған?
Жолдыбай қылмаң-қылмаң етеді, бір қолы қалтада.
— Саған бір нәрсе көрсетейін бе?
— Көрсет.
Жолдыбай маған конвертке салынып, аузы желімделген, екі бүктелген хат көрсетті. Адрес жазылмаған.
— Жеңгең Қазбекке бер деп берді.
Менің ішім мұздай болып кетті. Жеңгем Қазбекке не жазуы мүмкін? Айтатынын былай-ақ айтпай ма? Мұнда бір гәп болмаса неғылсын!
— Ашып, оқысақ қайтеді? — дедім Жолдыбайға.
— Қалай ашамыз?
— Ақырын ептеп ашамыз да, оқып, содан соң қайта желімдеп, апарып береміз.
Жолдыбай бірден келісті. Әйел-еркектің құпиясын ол менен гөрі көбірек біледі де, көбірек түсінеді.
Екеуіміз кеңсеге де кірмей, Күлімбалаға да көрінбей, тартып отырдық. Қауіпсіз оңашаға келіп, конвертті аша бастадық. Кереге көз дәптердің бір парағының екі беті толы жазу. Сиямен мәнерлі етіп, асықпай жазуға тырысқан. Мүмкін, бірден жазылған хат емес те шығар. Бұл тәрізді хаттар, әдетте, талай жазылып, талай жыртылады. Талай рет өңдеуден, жөндеуден өтеді.
Талай өшіріліп, талай көшіріледі. Әр сөзі мық шегедей бекем болғанда ғана жіберіледі.
Хат мазмұны, қысқашалап айтқанда, мынадай: Қазбек бір кезде Күлімбалаға, менің жеңгеме: «Сен менің періштемсің, сені көрмесем, тұра алмайтын ауруға душар болдым» деген. Сәбидей аңқау Күлімбала оған сенген де, торға түскен… Арада бірталай күндер өтті, Сатылған жоқ. Күлімбала екі көзі төрт болып, Қазбекті күтеді, ал Қазбек болса, жоламайды. Бұ несі оның? Келекесі ме?..
Ыза менен күйініш ішін мысықтай тырналап отырып жазған шарасыз әйел осының бәрін қағаз бетіне қандай сөздермен түсіретінін, оқушы, енді өзің жобалап білерсің.
Жолдыбай үшін бұл хат қызық, тамаша. Ал мен үшін қасірет. Ішім қызғаныштан алай-дүлей болып кетті. Күлімбаланы атарға оғым жоқ. Бәлем, тоқтап тұр! Келсін ағайым!
Ағайым келгенде, сонда не істемекпін? Шіркін, мына хатты қолына бере салсам!
Жолдыбай көнер емес: «Хатты Қазбекке бермесем, Күлімбала мені құртады», — дейді
— Онда мен бұл хатты көшіріп алайын?
Жолдыбай бұған көнді. Уақиғаның шиеленісе түсуі оған да қызық. Екеуіміз Жолдыбайдың үйіне келдік. Мен хатты көшіруге кірістім. Түп нұсқа алдымда жатыр. Бір де бір сөзін бұзған да, қалдырған да жоқпын.
Кешірілген хатты енді қайда сақтамақпын? Қалтамда жүрсе, біріншіден, тозады. Екіншіден, жеңгем тауып алып қоюы мүмкін.
Біздің үйдің қасында бір түп долана ағашы өседі. Әлгінің басында қараторғайдың ұясы бар, ішіне жұмсақ болсын деп шөп төселген. Хатты ешкім ескермес деп, сол ұяға, шөптің астына тықтым да қойдым. Енді тек келсін ағайым.
Анда-санда ағаштың басына шығып, тексеріп қарап қоям — хат жатыр. Қараторғайлар біреудің хатына бізге ұқсап тиіспейді.
Күндер өтіп жатты.
Хатты алған соң, Қазбек біздің үйге тағы да келе бастады. Орта бойлы, әдемі сұрша жігіт, киімді қатып киінеді. Аяғында айнадай жалтыраған жеңіл хром етік, галифе шалбар, сырт жейде. Белінде қып-қызыл жалпақ қайыс белбеу. Басында жейдесі түстес қоңыр фуражка.
Қолымнан келсе, мен дәл Қазбекше киінер едім. Әлгі аталған киімдер Қазбекке ғажап жарасады. Әрі қыры түспеген жаңа, әрі тап-таза. Бір түйір шаң-тозаң оның үстіне жуымайды, қашан көрсең, өзі де, киімі де өтектен жаңа шыққандай жарқырап, сәуле шашып тұрады.
— Келіншек, амансың ба? Сатылғаннан хат бар ма? Қашан келем дейді?
Қазбек жайдан-жай келмейді біздің үйге. Алматыда оқып жатқан жолдасының — менің ағайымның амандығын білуге келеді. Оны көргенде, Күлімбала жеңгемнің көзі жайнап кетеді. Үйдегі арқалы жалғыз орындықтың үстін орамалмен бипаздан сүртіп, Қазбекке ұсынады:
— Отыр.
Қазбек жайлап отырып жатады. Оның қимыл-қозғалысының бәрі де киім киісі тәрізді сыпайы, әсем.
— Сатылған жоқ болса, бір де бірің жоламайсыңдар. Келіп, амандық білуге де жарамайсыңдар, — дейді Күлімбала. Қазбекке кінә тағып, бүріп алғандай болады.
Қазбек сөз таба біледі:
— Байы жоқ қатынның үйінде не бар? Бір күн болмаса, бір күні өсекке қаларсың!
— Е, қорқады екенсің ғой?
— Бұл қорқу емес, сақ болу.
Ішімнен зығырым қайнап мен отырмын: «Екі сайқал, сайқалданыңдар! Мені ештеңе білмейді деп ойлайсыңдар ғой! Күліңдер әзірше, жетісіңдер! Күлкілерің қашанға барар екен?!»
Сарғайып күткен күн жетті — оқудан ағайым келді. Күлімбала шай қойып, жан таппай жүр. Күйеуін күте-күте екі көзі төрт болып, зарыққан адам тәрізді.
Ағайыммен амандасуға жолдас-жоралары келді, ішінде Қазбек. Ол Күлімбалаға қалжың айта келді:
— Келіншек, күйеуің кеп, қожайын болып жатырсың ба? Алдын ала бізді шақырып, тоқымқағар жасасаң ғой, Сатылған бұдан да ертерек келетін еді.
Қазбек қалжыңды мәнерлеп, өлшеп айтуға тырысады. Ішінде не Күлімбаланың, не оның күйеуінің көңіліне келетіндей ебетейсіз, артық сөз кетіп қалмауын қатты қадағалайды. Әлдекімдерге ұқсап, жолдасының әйеліне өз әйеліндей тұрпайылап жатуды білмейді. Иә, жуастан жуан шығадының нақ өзі.
Мен атайым келген бетте-ақ долананың басына шығып, анадан бері көзімнің қарашығындай сақтап жүрген көшірме хатты қалтама қаттап алғам. Енді ретін тауып, соны ағайыма табыс еткеннен басқа менде ой да, мақсат та жоқ.
Бұл күні хатты берудің ыңғайы келмеді.
Ертесі болды, шай ішілді. Ағайым қызметіне баруға үйден шығып кетті.
Сәл аялдап, соңынан мен де шықтым. Ағайымның артынан жүгіріп келем. Қуып жетіп, түк айтпастан, хатты қолына ұстата салдым…
«Бұл не?» дегендей ағайым сол арада тұрып оқи бастады да, өңі бұзылып кетті…
Түскі үзіліске ол қасына бірнеше адам ертіп келді. Ішінде ауылды советтің председателі бар. Көбінесе біртоға жүретін, сабыр сақтай білетін Сатылғанның түр-түсі өрт сөндіргендей түтігіп, қарайып кеткен. Ол Күлімбаламен ажыраспақ боп, қасындағы кісілерді куәлікке ертіп келген екен.
Сот арқылы ажырасу ол кезде жоқ.
Күлімбала тек қос қолдап бетін басып, жылағанды білді. Үйдегі бар зат екіге бөлініп жатты.
ӨГЕЙ ШЕШЕ
Сатылғанның екінші рет үйленуі, сөйтіп, тағы да сәтсіз тынды.
Мен, міне, тағы да Қостөбедемін. Құттықтап қойыңыздар — өгей шешелі болғам. Күлімбала түтетіп отырған түтін сөнгеннен кейін, басым ауған жаққа қаңғып жөнелмей, енді өгей шешені де бір көрейін, көрмегенім осы еді деп, Күміс дейтін адамның қолына келдім (Мұнда келмей, қайда барушы едің деп неге сұрамайсыздар?).
Күміс әкемнен үлкен бе деп қалам (жас жағынан). Ал бой жағынан Ыдырыстан биік: бет бітімі кесек, қалбиған қара әйел. Аты Күміс демесең, өзі де, киген киімі де шойынға көбірек ұқсайды.
Ластығы жағынан аумаған менің бір кездегі Бибіжамал жеңгем. Соның өзі болмағанмен, көшірмесі.
Күміс дені сау да адам емес. Оқта-текте талып жығылып қалады. Өзінен өзі күбірлеп сөйлеп, әруақ-құдайға сиынып, солармен тілдесіп жүреді.
Талма аурудың қазақ қояншық дейді. Күмістің қояншығы күрт ұстайды. Шай құйып немесе от жағып отырады да, серейіп жығылып қалады. Тісін шықыр-шықыр еткізіп, аяқ-қолының тамыры тартылып, кейде аузынан ақ көбік атып, көздері аларып, тырбаңдап жатады. Бұрын мұндайды көрмеген менде зәре қалмайды. Дереу сыртқа атып жөнелемін, көрші кемпірлердің біреуін ертіп келем.
Тұрдыбек інім бұл кезде үш жастан асқан. Күтімсіз болудың салдарынан ит аурумен ауырып, аяғы әлі шықпаған — мешел. Түрегеп жүре алмайды, құйрығымен қозғалады. Көбіне-көп сыз еденге төселген құрым киіздің үстінде мойны қылдай болып, көздері бақырайып, жарбиып отырғанды біледі.
Өзі мешел болғанмен, тілі сау, сөйлесе, тақ-тақ етеді. Бірақ көп сөйлемейді. Өзінің мешел болып қалуына осы жүрген адамдардың бәрін кінәлап, қарытыс айтқандай сәби қабағын түйіп алып, түксиіп үнсіз отырады. Бұл күнде ауылдың үлкен-кішісінің бәрі оның Тұрдыбек дейтін атына «мешел» дейтін сөзді қабаттап, қосып атайтын болған.
«Тұрдыбек мешел!»
Жуыну, киім ауыстыру дегенді Тұрдыбек шешесі өлгелі білген емес. Оның үстінде киім бе, болмаса жабағы тәрізді жапсырып таңып қойған бірдеңе ме, ажырату қиын. Аяқ, қолы шидей, шашы өсіп, құлақтарын көміп кеткен… Сәбидің сол кездегі кейпі көзіме елестегенде, осы күні де менің жүрегім шошынудан қақ айырыла жаздайды.
Күміс талып жығылып жатқан кезде Тұрдыбекте де ес қалмайды. Бірақ ол мен құсап үйден қашып кете алмайды. Құйрығымен тез-тез сырғанап, үйдің алысырақ бұрышына қарай шегіне береді. Екі көзі есік жақты бөгеп, ұп-ұзын боп, серең-серең етіп жатқан Күмісте.
Менің үйде болғанымды Тұрдыбек жақсы көреді. Екеуден екеу қалсақ, қабағы ашылып, сергіп, бірдеңе-бірдеңе сөйлей бастайды. Кәдімгідей балалық мінезі ұстап, ойнамақ болады. Менің жаным Тұрдыбекке керемет ашушы еді…
Күміс Тұрдыбекке қатал қарайды. Оңашада ұрып-соғады екен, оны маған Тұрдыбек өзі айтады. Қайтейін, ара түсуге менде шама бар ма? Інімнің ауыр хәлі ішіме у боп құйылады.
Мен бұл кезде жұрттан жасырып өлеңдер жазатын едім. Көбі өз басымдағы қайғы-қасіретім. Әлі де болса өлдіге қиғым келмейтін аяулы анам, оны жоқтау.
Тұрдыбектің басындағы ауыр хал. Күмістің оны ұратындығы.
Қара бұлттай қалбиған мынау Күміс,
Соғады Тұрдыбекті гүрс-гүрс, —
деген екі жол өлең есімде қалыпты.
Күз. Нарынқолда бесінші оқып жүрмін. Осында Нұрғабыл дейтін бізбен туысқан кең бейіл тамаша адам бар, мұғалім. Сатылған екеуіміз соның үйінде жүреміз.
Бір күні осы үйге сүмпиіп әкем келіп тұр.
— Жайша келдің бе?
— Тұрдыбекті бәлініске әкеп ем.
— Е, оған не болды?
— Су екен деп, аптол ішіп қойыпты…
Уақиға былай болған: әкем әйелі екеуі қырманда молотилкада істейді. Ауылдан бірқауым жер. Сонда жатып, сонда тұрады. Тұрдыбекті де алып барған. Аяғы жоқ мешел бейшара ұзақ күнге қырманның шетінде күнге борсып отырғанды ғана біледі. Өгей шеше оған қарамайды.
Панасыз сәби бір күні әлгідей отырып қатқақсып шөлдейді. Ішуге су іздейді. Маңайында әртүрлі шелек, бөшкелер тұрады екен. Соларға үңіліп қарай бастайды. Шелектің біреуінде молотилканың моторына құятын автол тұрады. Сәби оның не зат екенін біле ме? Басын сұғып жібереді де, қылқылдатып жұта бастайды…
Байғұс інім ауруханада бір жетідей жатып шықты. Талайға дейін оның ішіне ас тоқтамайтын болды.
Қыс кезі. Қазақы жайпақ шанамен тағы да Қостөбеден әкем келген. Шанасында төселген киіз, жаман бір көрпе жатыр.
— Біреуді алып келдің бе, не жұмыспен келдің?
— Тұрдыбекті бәлніске әкеп ем…
— Е, тағы не боп қалды?
— Ұста дүкеніндегі отқа қолын тығып алыпты.
Уақиға былай болған: Өскембай ұстаның дүкені біздің үйдің қасында. Тұрдыбек бұл кезде үйдің қабырғасына, дуалға сүйеніп жүретін болған. Ылғи да жападан-жалғыз отыра беруден іші пысқан сәби бір күні там-тамды жағалап сырғып, ұста дүкеніне келеді. Тұрдыбекпен шамалас Қырғызбай дейтін бала бар. Ол мешел емес, сау. Қалтырап әрең тұрған Тұрдыбекті Қырғызбай қызық үшін жұлқып, итеріп келіп қалады. Тұрдыбек омақаса жығылып, бір қолын көріктің қып-қызыл шоғына білезігіне дейін оңдырмай тығып алады.
Бұл хабарды естігенде, менің арқа-басым шымырлап кетті.
Байғұс сәби тағы да ауруханада.
Ініме мен күн сайын келіп тұрам. Пряник, кәмпит әкеп берем. Мұнда оны келісімен моншаға салған, шашын алған. Тап-таза іш киім, халат берген. Күйген қолын добалдай етіп таңып, ақжаймалы, сеткалы темір керуетке жатқызып қойған. Мен алғаш келгенде, өз інімді өзім танымай қала жаздадым. Түрінен кісі шошығандай бұрынғы Тұрдыбек емес, екі көзі қарақаттай, сүп-сүйкімді біреу. Мені көріп, әдемі жымиып күледі. Інім екенін сонда ғана таныдым.
Адамды адам ететін де, хайуан ететін де тұрмыс екен, мен соны білдім.
Бір күні сабақ соңынан Тұрдыбекке тағы да келген едім. Төсегінің қасында отырмын. Тұрдыбек сау қолымен жастығының астын оқпалап, бірдеңе іздей бастады. Сөйтсем, үш тал домалақ кәмпит екен.
— Мә, аға, же, саған сақтап қойдым — деп ұсынып жатыр.
Бұл кәмпиттерді таңертең шаймен берген. Тұрдыбек жемей, өз аузынан жырып, маған сақтап қойыпты. Інімнің бауырмалдық қылығына іші-бауырым еріп кеткендей болды.
— Өзің жей ғой…
Мен екі түрлі мамандықтың адамын жасымнан керемет қадірлейтін едім. Бірі — мұғалім, екіншісі — дәрігер. Дүниедегі ең ақылды, ең мейірбан жандар осылар тәрізденетін. Мен мұғалім мен дәрігерден тек жақсылық күтуші едім. Оларға өз ата-анама сенгендей сенуші едім.
Мұғалім мен дәрігерден оңбаған адам шығады деп мен еш уақытта да ойламайтын едім.
Амал қанша, шығады екен.
Қатыгез тағдыр Тұрдыбек інімді дәрігердің оңбағанына кез келтірген. Ол оны адам-ау деп, келешегі бар-ау деп қарамаған. Аяғын сындырып алған лақ тәрізді көрген. Күйген қолдың әр саусағын жеке-жеке даралап байлап емдемей, қосып бір-ақ байлаған. Соның салдарынан жазыла келе бес саусақ біріне бірі жабысып, бірігіп біткен. Алақаны қасықтың басы тәрізденіп шұқанақ, қуыс болып қалған.
Бұны біз інім ауруханадан шыққанда бір-ақ көріп білдік.
Дәрігердің өз ісіне немқұрайлы қарауы өсе келе Тұрдыбекке аса қымбатқа түсті. Күйген қолы еңбек етуге (айыр, күрек, балта секілді еңбек қаруын ұстауға) жөнді жарамайтын болды. Байғұс бала, сөйтіп, мәңгілікке мүгедек болып қалды.
Мен үшін жазғы демалыстың болғанынан болмағаны артық. Қайда барам? Тағы да кімнің қолына телміріп қараймын? Қостөбеге — Күміс шешеме жолағым келмейді.
Қостөбеден, өзімнің Қостөбемнен, безер болуыма және бір себеп бар, ол — колхоз жұмысы. Бригадир төбемді көрісімен атының басын ұрып жетіп келеді: «Өй, әке, оқуың бітті ме, кеп қалдың ба? Олай болса, ертеңнен бастап жұмысқа шық, ана шөп машинаның біреуінің атына мін», — дейді.
Біз үшін, жалпы балалар үшін, жазғы демалыстың демалыс деген тек аты ғана. Ал заты әлгідей — жаз бойы колхозда жұмыс істейміз. Күз боп, оқу басталарда, сонда ғана жұмыстан мойнымыз босап, уһ дейміз. Біз үшін нағыз демалыс — ол оқудың басталуы.
Амал қанша, Қостөбеге келдім, басқа барар жер жоқ. Әкем бұл кезде жалғыз үй боп, ауылдың сыртында бойдақ ғана бағады екен. Ескі бір тамды пана қылып отыр. Бір бөлмеде өздері тұрады, қарама-қарсы төбесі ашық басқа бөлмеге түнде сиыр қамайды. Далан үй екеулеріне ортақ, ол да төбесіз.
Адам тұратын бөлмеде, керек десеңіз, есік те жоқ. Есік орнына ескі бір дағар ұстап қойған. Кейде, үйде адам жоқта, сұғанақ сиырлар тамақ иісін біліп, кіріп кетіп, оны-мұныны шашып, қазан-аяқтың әптер-тәптерін шығарады.
Күн ыссыда оқыра қуған сиырдан өткен ақымақ нәрсе бар ма? Құйрықтарын қайқайтып тігіп алып, көздері шарасынан шығып, бас сауғалар көлеңке іздеп, жан таппағанда, үйде кісі отырғанына қарамастан, тасырлатып кіріп келеді. Әуелі өзіңді басып кете жаздайды. Бәріміз бірдей шу ете қаламыз. Сол кезде, әлгі сасық қорс етіп, қайта үркіп жөнелгенде, дағар есікті мүйізіне іліп, қоса алып кетеді.
Менің Қостөбем аудандағы ең әлсіз көтерем колхоздың бірі еді. Малшылары тігетін баспана болмағандықтан, серпіліп жайлауға да көше алмайды. Өстіп, жаман-жұман тамдарды пана етіп, ауылды төңіректеп, быжынаған қара шыбын, көк сонамен алысып, бықсып отырады.
Ауылдан оқшау жалғыз үй болғандықтан, мен әзірше бригадирдің көзіне түсе қойған жоқпын. Шынында да, демалып уақыт өткізудемін. Жинаған бір жәшік өзімнің меншікті көркем әдебиет кітаптарым бар, солардың ұнағандарын пәлен қайтара оқумен болам.
Бір сұмдық шықты — кітаптарымның ара-арасынан бір бет, екі бетін біреу маған білдірмей жыртып әкетеді. Мен кімнен көрерімді білмей, зарлаймын да қалам. Әкем: «Сонша не көрінді, қалған сау беттерін оқысаң да жетпей ме», — деп зекіп, жұбату айтқан болады.
Сөйтсем, ұры алыстан келмейді екен, ұры әкемнің өзі екен. Ол шылым шегеді, газет жаздырып алмайды. Бір күні байқасам, темекі орау үшін қалтасынан алып жатқан қағазы — менің кітабымның жыртылған беті.
Жалтаруға әкеде жол қалмады.
Мына қызыққа қараңыз: әліпті таяқ деп білмейтін әкемнің кітап жөнінде түсінігі өзінше екен. Кітапта бет көп. Оның бір-екеуін жыртып алғаннан ол несі кетеді деп қарайды. Мазмұны ойсырап қалады деп ойламайды. Бір қора қойдың біреуін сойып жегеннен мал қарасы азая ма? Ол солай ойлайды.
Тек өлең жазуға арналған қатырма тысты қалың дәптерім бар. Үйден аулақ оңаша барып, көгал шөпке бауырымды төсеп жатып алам да, өлеңдер жазам. Бұдан бұрынырақ жазған өлеңдерім өзіме ұнамайды. Нашар өлеңдердің көзін ең соңғы рет тып-типыл етіп жоям. Енді тек бір сөзі де өзгермейтін әдемі сұлу өлеңдер жазбақшымын. Дәптерім кіл асыл өлеңге толы болған соң, тарих үшін оны сақтап қоймақшымын.
Болашақта кім болам? Осы кезде бұл мәселенің басы әбден ашық шешілген, әрине, жазушы болам. Кітаптар жазам…
Шешемнің бейіті әлгі арадан онша қашық емес, тұспа-тұс. Ши-шидің арасымен аяңдап солай қарай келем. Анашыма жоламай кетуді қылмыс көрем. Бейіттер — бұлар да өзінше бөлек жатқан бір ауыл есепті. Жұрттың бәрі, ақыр түбінде, осында келеді, осы ауылдың мәңгілік тұрғынына айналады.
Ең ортада баяғыда жүзге келіп өліпті дейтін Тапи күмбезі. Одан үлкен күмбез жоқ. Әртүрлі шағын күмбез, сыпашалар, көпшілігі басына түк те тұрғызылмаған жай ғана төмпешіктер. Адамдар өлген соң да бірдей бола алмаған, кімнің бай, кімнің кедей болғаны беп-белгілі.
Менің анамның бейіті жай төмпешік, үстіне шөп өсіп, төмпегі аласарып кеткен. Анашым, асыл анам. Басыңа балаң кеп тұр. Артыңа аңыратып тастап кеткен жетімегің келіп тұр. Сен сеземісің, білемісің. Сағындым-ау, анашым, өзіңді!
Мен о дүние бар дегенге сенем. Сенгім келмесе де сенем. Ерте ме, кеш пе, мен дағы өлем той. О дүниеге барам. Міне, сол арада анаммен кездесем. Жүрек қалтамның алыс түкпіріне тығып қойған менің ендігі жалғыз үмітім осы.
О дүние маған осы үшін қажет. Сонда анаммен қалай көрісер екем?
САРЫ AT МІНДІМ, САЗҒА ТҮСТІМ
Нарынқолда бесінші оқимын. Тәтем аттас Смағұл дейтін адамның үйінде жүрем. Смағұл әйелі мен екеуі ғана, зайыбының пұшпағы қанамаған. Баласыз. Құдай баланы сұраған адамға бермейді, сұрамағанға береді. Бала өсіруге мүмкіндігі барларға қуаныш етіп берудің орнына, мүмкіндігі жоқтарға масыл етіп, қайғы етіп беріп, пендесінің ызасын келтіреді.
Смағұл мен Үлмеке бір жас иісті аңсап жүрген адамдар. Жасы қырықты орталаған Смағұл ғажап шаруақор, еңбексүйгіш. Бір кезде, шекара бойы құтырып тұрған заманда, комотрядтта қызмет еткен, бандымен талай атысып, шабысқан. Содан бір көзі кемтар болып қалған. Орысша жақсы сөйлейді, гармонь тартып, жыр жырлайды. Мінезі қыздай, ақкөңіл, ашық Смағұлды халық жақсы көреді, сыйлап «Смаш» деп тұрады.
Смаш бір кезде менің Сатылған ағайыммен төс соғыстырып дос болған адам екен.
Сатылған бұл кезде мұнда емес, Текесте. Осыдан он бес шақырымдай. МТС-та нұсқаушы-бухгалтер болып қызмет істейді. Жұмыс бабымен ол мұнда жиі келіп тұрады. Астында түйедей қызыл ат, былғары базар ер-тоқым, мойнында сумка. Айдарынан жел ескен бақытты комсомол жастың біреуі болған да қалған тағы да. Бір түстес қоңыр-көкшіл матадан өзіне шақ етіп әдемі китель, галифе шалбар тіккізіп киген. Келген сайын, ол маған қағаз-қарындаш ал деп, бес-он сом ақша беріп кетеді.
Жүрген үйім мені ауырлайтын жандар емес. Смаш өзі Нарынқолдан Сүмбеге почта тасиды. Бір қонып, қайтып келеді. Сосын екі күн демалады, яғни өз шаруасын істейді.
Қолынан қазынаның ат-шанасы үзілмейді. Мұнда кімде ат, шана болса, тұрмыс сонда (отын әкелу, шөп әкелу, т.б.).
Осы Нарынқолда Смағүл жасады дейтін бес-алты үй бар. Бір үйді жасайды да, біраз уақыт кіріп отырады, сосын сатып жіберіп, және бір үй салады.
Оны және сатады.
Жоқ, сәудегерліктен емес. Бірінің орны, бірінің анауысы, бірінің мынауысы ұнамай қалады. Ұнамаған үйді сатып, ұнайтын жаңа үй салып ала қою еңбекқор Смағұл үшін пәлендей бас қатыратын қиын шаруа емес.
Үлмеке Смағұлдан бетер ақкөңіл, жайдары жан. Екеуі біріне бірі тауып қосылған. Әттең, не керек, балалары жоқ. Әйтпесе, біреуіне біреуі қыңқ деместен, өмірден нағыз бақытты өтетін абзал жандар.
Баланың жоқтығын Смағұл көбірек уайымдайтын тәрізді. Сондықтан ба, ол ішуді тәуір көруші еді. Бірақ салынып ішпейді, оған онда уақыт та, мұрша да жоқ.
Күні бойы шаруа істеп шаршаған Смағұл кешке қарай жуынып, тәуір киімдерін киеді.
— Сен қайда барасың? — дейді Үлмеке.
— Дүкен жаққа барып, шылым әкелмесем, шылымым таусылып қалды.
Смағұл дүкен жаққа күнде бармайды, ал барса, сау қайтпайды. Оны Үлмеке жақсы біледі.
— Әлгі біреулерің кездесіп, тағы да ішесің ғой? — дейді Үлмеке.
— Ішпеймін.
Бұл сөзді Смағұл әйелінің бетіне туралап қарамай, бостау етіп айтады. Өзі де сенбейтін тәрізді.
— Көрермін ішпегеніңді.
Смағұл кетеді. Тез қайта қоймайды, кешігеді. Ол кешіккен сайын, Үлмеке мазасыздана бастайды.
— Беркен, барып байқашы әлгі ағаңды. Бір жерде мас боп тырайып жатпасын.
Міне, мен Смағұлдың соңынан келе жатырмын. Кең көше, жүргінші аз. Магазиндерге жақындап қалғанымда, бұрыштағы үйдің қалқасынан Смағұл шыға келеді. Әменде дұрыс киілетін қалпағы артқа қарай шалқайып кеткен, аяқ басқаны да біртүрлі, Тайғанап жығылмайын деп, мұздың үстімен жүріп келе жатқан адам тәрізді. Әбден жақындамайынша, ол мені көрмейді, алысырақтан көрсе де танымайды. Әбден бетпе-бет көп тірелгенде, сонда бір-ақ көреді.
— Әкетай, қайда барасың, маған келе жатырың ба? — дейді. Мені Үлмеке жібергенін бірден біліп, қолтықтап алады.
— Міне, өзім де келе жатырмын, әкетай.
Смағұл ішіп алып, желіккенді білмейді, одан бетер мейірімді, жұмсақ болып кетеді. Екі сөзінің бірі «әкетай». Кішкентай қоңыр көзі жұмылып, қияқ мұрттары жыбырлап, күлімсірей береді.
Қарсы кездескен адамдардың бір де біреуі Смағұлмен амандаспай өтпейді. Мінезді, жұртқа сүйкімді Смағұлдың арақ ішіп алғаны оларға біртүрлі қызық секілді. Смағұл бәрімен де иіліп, ең бір бауырмал жылы сөздерін айтып амандасады. Оның осылайша көңілденіп, шалқып жүруі тек осы жұрттың арқасы тәрізді.
Үйге жақындаған кезде Смағұл тоқтап, шылым тұтатады. Бұрқ-бұрқ сорып, бет алдын қаптап кеткен түтінді қолымен олай-бұлай сермеп қуады. Ілгері қозғалмас бұрын, маған:
— Әкетай, қазір маған әпкең ұрсады ғой, ә? Әлгі Сұлтанқожа кездесіп, аздап ішіп алдым, — дейді. — Ал сен үлкейгенде ішпе. Арақ, ол білесің бе… Ішпе. Ұқтың ба? Вот, солай. Шылым да тартпа…
Смекең есік алдына келе бере дауыстайды:
— Үлмеке, әй, Үлмеке! Қайдасың? Сен қазір маған ұрсасың ғой, ә! Мен аздап ішіп қойдым.
— Аздап ішкенің осы ма? Теңселіп, әзер тұрсың. Енді шешін де, жат. Жатып, демал.
Смағұл жатпайды.
— Беркен, менің гармоным қайда, әперші?
Гармонды иығына іледі де, бөлменің қақ ортасында түрегеп тұрып, әуелі дар еткізіп құлаштап тартып қалады. Сосын басын оң жағына қисайтып, он саусағы мәймеңдеп, жартылай қазақша, жартылай татарша тілмен жырлап жөнеледі:
Сары ат міндім, сазға түстім, Сары ат салқын болсын деп. Қалам алып, хат жазамын, Душым аман болсын деп.
БЕЛ-БЕЛЕСТЕР
Нарынқолда алтыншы оқып жүріп комсомолға кірдім. Комсомолға ол кезде он төрт жастан қабылдайтын. Он төртке толсам, комсомол болсам деп арман етпейтін бала жоқ. Мен де соның біреуімін.
Әуелі жалпы жиналыс қабылдайды — қалбыр елеуіштен өттім деп, үйге әрі қуланып, әрі қуанып келдім.
Одан соң аудандық комсомол комитетінің бюро мәжілісінде бекітеді. Бұл жолы мен екі езуім құлағыма жетіп, торқа елеуіштен өттім деп масайрап келдім.
Бюро мүшелері, менің тәртібім жайлы сөз болғанда, кідірістеп қалды. Мектепте атым көбірек аталатыны, мен жүріп өткен көшеде ит үріп, қаз қаңқылдап жататыны оларға да мәлім еді.
Сонымен, Ленин комсомолының мүшесімін. Комсомол билеті қолыма тиген күн — мен үшін дүниедегі естен кетпес ең бақытты күн. Өмірдің үлкен бір бел-белесінен астым, есейдім деген мақтанышты сезім кеудеме сыймай тұрды.
Тағы да сол құтты ауыл Сүмбедемін. Кеңпейіл нағашыларымды қайта айналып тапқам. Өз — өзекке тепсе, кетпейді, жат — арқандаса, тұрмайды. Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң.
Биыл жетінші оқып жүрмін. Өмірдің және бір белесінен асатын — орталау мектепті бітіретін жылым. Егіз қозыдай жұбымыз жазылмайтын Рамазан екеуіміз тағы да біргеміз. Ол бірақ бұрынғысынан бетер серейіп өсіп кеткен, қатар тұрса, менің төбемнен қарайды.
Жетінші — мектептегі ең жоғарғы класс, біз сол ең жоғарғы кластың оқушыларымыз. Енді бір секірсек, мұғалім де боп шығамыз. (Мектепте институт бітірген бір де бір мұғалім жоқ. Көбі педучилищеде сырттан оқиды). Өзімізден төменгі кластардың оқушыларына мардымсынып шекемізден қараймыз.
Сол бір тұста мен керемет мансапқор едім. (Мүмкін, басқалар да солай шығар?). Мансабы зордың беделі зор екенін күнбе-күн көріп жүрміз. Ендеше, мансаптың биігіне ұмтылу — ол өсімдіктің күнге ұмтылуы секілді табиғи құбылыс.
Мектеп қабырға газетінің редколлегия мүшесімін. Комсомол комитетіне мүшемін. Комсомол жарнасын жинаушы казначеймін. Комсомолдың жалпы жиналысында міндетті түрде президиумға сайланам. Өйткені қаулы жазам. Қаулы-қарарды менен шебер, менен тез жазатын адам жоқ.
Қара тобырдың арасында отырмай, алда президиумда отыру мәртебелі іс екенін әркім біледі. Қолынан келсе, әркім-ақ отырар еді. Сол секілді, мансапты болу — ол да мәртебе. Аз болсын, көп болсын, біраз адамнан артығырақ екеніңді айқын сезінесің, біраз адамға команда бере аласың.
Мен қанша қызыққанмен, бір мансапқа қолымды жеткізе алмай келемін, — ол класс старостасы болу. Осыған құмар-ақпын. Класс старостасы, әдетте, оқу жылының басында тағайындалады, класс жетекшісі тағайындайды. Балалардың бетіне қарап отырады да, көңілі түскен біреуге сен бол дейді. Одан басқа да біраз адам дәметіп, өліп отырғанымен есептеспейді.
Сол кездегі мұғалімдердің ішінде Галиева София ерекше жан. Бүлдіршіндей жас келіншек, бір үйде жалғыз өзі тұрады. Ауыл әйелдерінен бөлекше, жартылай еркекше, жартылай әйелше киінеді. Мінезі де тік, еркекшора. Қап-қара қою шашын жалбыратып дәл желкеден күзеп қояды.
Жүріс-тұрысы жарау аттай пысық Галиева бір кісідей өжет те. Еркекпен еркек боп бірге араласып жүреді, әйелдік нәзік мінез бойынан онша көп байқалмайды.
Кімнің кім екенін халық біліп ала қояды ғой. Жұрттың сыбыр-сыбыр әңгімесі бізге де жетеді. Галиева бір кезде Жаркенттегі ұйғыр театрында актриса болған екен, күйеуге тиіп, егіз бала тапқан екен. Бірақ балалары өліп қалыпты, семьялық тұрмысы баянды болмапты. Содан қайтып күйеуге тимеуге ант етіпті дейді…
Ол кезде мектепте қыздар ұйымы дейтін болатын. Галиева басқарады. Белгілі бір күндері кешқұрым ересек қыздарды жинап алып, қыздардың жабық жиналысын өткізеді. Оқушылар түгіл, мұғалімдерден де ешбір еркек қатыстырылмайды.
«Қоршаулы бақтың жемісі тәтті» деген орыста мақал бар. Әлгі тәрізді жиналыста не айтылуы мүмкін? Галиева қыздарға ер балалардан аулақ жүріңдер, жоламаңдар деп, біздің жаңа-жаңа бүршік жарып, көктейін деп келе жатқан балауса махаббаттарымызға қастандықтың уын шашып жатқан жоқ па?
Сырт қараңғы. Біз жиналыс болып жатқан класты торуылдап келіп, тың тыңдаймыз. Терезеге бой еркін жетпейді, биік. Желдеткіш жоқ, іштегі дауыс жөнді естілмейді. Шегініп, кейіндеп барып қарасақ, Галиеваның жұлқынып, қолын сермеп тастап сөйлеп тұрғанын көреміз. Біз не ойласақ, дәл соны айтып жатқан тәрізді.
Ертесінде өзімізбен ымыралас қыздардан сұраймыз: «Түнде қыздар жиналысында не мәселе қаралды? Галиева не айтты?». Галиеваның қаһары қандай екенін жақсы білетін қыздар өлмей айта ма?
Оқу жылы аяқталайын деп қалды. Мектеп бітірушілер үшін биыл мемлекеттік емтихан болады. Мемлекеттік емтихан! Бізге бұдан өткен жауапты, бұдан өткен қатер іс жоқ енді. Ұстаздарымыз жыл басынан құлағымызға құйып, сіңіріп қойған: «Байқаңдар, осы бастан дайындалып, жақсы оқыңдар. Биыл жай емтихан емес, мемлекеттік емтихан тапсырасыңдар!».
Соңғы сөйлем айтылғанда, сұқ қол ауаға бірге көтеріледі. «Байқа» деген сөзді ол да қайталағандай боп, леп белгісіндей қаздиып тұрып қалады.
Байқа, жоғары қысымды ток бар!
Байқап от, мұз түсіп кетуі мүмкін деген тәрізді.
Қауіп-қатер әлі алыс жатқан кезде адам айылын онша жия қоймайды, жақындаған шақта көп қатарлы көріп алармын дейді. Жақындамақ түгіл, міне, енді тіреліп тұрмыз: қай күні, қай сағатта, қай пәннен тапсыратынымыз — бәрі айқын.
Қолымыздан оқулық түспейді. Таң азаннан тұрып алып оқимыз. Мемлекеттік емтихан жай емтихан емес екенін үйдегілер де ұққан, бөгет жасамауға тырысады.
Міне, күткен күн жетті — бірінші емтихан. Аудандық оқу бөлімінен өкіл келген. Оны «ауданнан комиссия кепті», «Емтиханды ауданнан келген комиссия алады екен» дейді.
Бірінші емтихан тапсырылды. Жан қалды. «Сайтанды қанша қорқынышты етіп айтқанмен, көз көргенде онша емес» дейді орыстар. Сол рас. «Ауданнан келген комиссия» Смағұлов дейтін өңі жылы, қарапайым ғана біреу. Ештеңемен жұмысы жоқ, газет оқып немесе өзімен өзі болып, есінеп қойып отырады.
Жетіншіде жиырма шақты бала бармыз, мектепті түгел бітіріп шықтық. Картаның оң, солын айыра алмайтын Елемес те бітірді. Мемлекеттік комиссия: «Осы қарқынынан тайма, бөгелме, ғылым шыңына қарай өрлей бер», — деп, оған да жолдама берді.
Былтыр Сүмбе мектебінде тұңғыш бітіру болған, мектеп пен колхоз бірігіп той жасаған. Биыл да сондай той жасамақ.
Июнь айының жарқыраған жылы күндерінің бірі. Сүмбе жетіжылдық мектебінде бүгін той — мектеп бітірушілер тойы. Қой сойылып жатыр сыртта. Үлкен-үлкен тастар қаланып, дәу тайқазандар асылып, отын жарылып, от жағылып жатыр. Қоңырсыған иісі сүп-сүйкімді боп, бас-сирақ үйтіліп жатыр. Осы ауылдағы ең үлкен, ең мешкей самауырлар әкелінген.
Мектептің алдындағы тақыр көк алаңда әуелі салтанатты жиналыс болды. Мектеп директоры Нәсір Әлиев сөз сөйледі. Және біреулерге сөз берілді. Сосын, жетіншіні озат бітірген бірнеше оқушыға мақтау грамоталары тапсырылды. Жүлде алушы бақыттының бірі мен едім. Атым аталған кезде, сірә, қуанғаннан болар, құлағым шыңылдап кетті.
Грамота түгел тапсырылып болғаннан кейін, Нәсір:
— Сөз мектеп бітірушілер атынан пәленге беріледі! — деп менің атымды атап келіп қалсын.
Мен бұны күткен жоқ едім. Өйткені ешкім маған алдын ала сен сөйлейсің деп ескертіп айтқан жоқ, дайындаған жоқ. Төбемнен жай түскендей болды. Жұрттың алдына шығып, өзіме қадала қараған көп көзді көріп, есімнен мүлдем танып қалғандай болдым.
Сондағы сасып-салбырап айтқаным:
— Жолдастар, жақсы оқысаңдар да, жаман оқысаңдар да өздерің үшін. Міне, мен жақсы оқыдым.
Бар айтқаным осы.