Қоғам

ӘЙЕЛДЕРДІҢ САЯСАТҚА АРАЛАСҚАНЫН ҚҰПТАЙСЫЗ БА?

Сауалнамаға қатысқандардың жалпы пікірін саралайтын болсақ, олардың көпшілігі әйелдер саясатқа міндетті түрде қатысу керек деп есептейді. Бірақ респонденттердің 22,7 % әйелдерге саясатқа араласудың қажеті жоқ деп білсе, 19 % бұл сұраққа пікір білдірмеді.

Бұдан қазақстандықтар әйелдердің саясатқа араласуына қарсы емес деген тұжырым жасай аламыз. Пікірлер бөлісіне тұрғылықты өңірлердің әсері барын   байқауға   болады:   шет   аймақтардағы қалаларға қарағанда астана тұрғындары аталмыш мәселеге көбірек толеранттылық танытады (Астана — 69,2 %, Алматы — 63,25 %). Орал қаласы тұрғындарының әйелдерді саясатта көргісі келетін қалауы жоғары екендігін айта кету керек — 75,1 %. Әйелдердің саясатта қажеті жоқ деп санайтындардың басым көпшілігі Семей (31,4 %) және Шымкент (30,6 %) қалаларында. Әйелдердің саясатқа қатысуының қажет екендігіне ерлерге қарағанда (49,3 %) әйелдер (64,5 %) сенімдірек. Сонымен қатар әйелдерге (16,9 %) қарағанда әйелдерді саясатқа тартудың қажеті жоқ деп санайтын ерлер (22,3 %) көбірек. Басқа жастағы топтарға қарағанда 18 — 30 жас аралығындағы респонденттердің ішінде әйелдерді саясатқа тартудың қажеттілігі жоқ деп санайтындардың үлесі жоғары (26,8 %). Әйелдердің саясатпен айналысуына жоғары білімі барларға (64,1 %) қарағанда орта және арнайы орта білімі бар азаматтар (50,4 %) көбірек шүбә келтіреді. Орта және арнайы орта білімі бар респонденттердің арасында әйелдерді саясатқа тартудың қажеті жоқ деп санайтындардың үлесі басымырақ (24,2%). Әйелдердің саяси белсенділігіне қатысты белгілі бір пікірі жоқ респонденттердің үлесі де айтарлықтай көп (45,9 %). Қазақ (56,5 %) және басқа ұлттармен (51 %) салыстырғанда орыс ұлтының өкілдері (67 %) әйелдердің саясатқа араласуын көбірек мақұлдайды. Сондай-ақ бұл мәселеге ауыл тұрғындарына (54,5 %) қарағанда қалалықтар көбірек қолдау танытады (60%). Ауыл тұрғындарының арасында әйелдерді саясатқа тартудың қажеті жоқ деп есептейтіндердің үлесі көбірек (23,5 %).

Егер олай санасаңыз, не себептен?

Информанттар әйелдердің саясатқа араласуы мемлекеттің әлеуметтік саясатының тиімділігін арттырады (39,5 %) және әйелдер Қазақстан халқының көп бөлігін құрайтындықтан саясатқа қатысуға міндетті (39,2 %) деген пікірде. Әйелдер қоғамның өзекті проблемаларынан көбірек хабардар деген пікірлегілердің үлесі де аз емес (32,6 %). Бір де бір респонденттің «Басқа, атап көрсетіңіз» деген жауап нұсқасы бойынша өзінің жеке пікірін білдіре алмауы аталмыш мәселеге қатысты пікірлер таптаурын сипатта және ол жөнінде дұрыс қалыптасқан пікір жоқ деген тұжырым жасауға итермелейді. Сонымен қатар әйелдердің басым бөлігі (43 %) «Әйелдер саясатта қажет, өйткені олар ерлерге қарағанда айлалырақ әрі икемдірек» деп санайтынын баса атап өту керек. Сондай-ақ ер адамдардың 38,2 % әйелдер саясатқа араласса, мемлекеттің әлеуметтік саясатының тиімдірек болатындығына сенімді. Әйелдердің саны көп болғандықтан олар саясатқа араласу керек деп санайтын әйелдердің үлесі 36,8 % құрайды. Жоғары білімді информанттардың тек 11,8 %, орта және арнайы орта білімі барлардың 12,9 % әйелдер қоғамның өзекті мәселелерінен көбірек хабардар болғандықтан оларды саясатқа араластыру қажет деп есептейді.

Егер олай санамасаңыз, не себептен?

Респонденттердің көпшілігі (14,4 %) әйелдердің саясатқа араласуының мүмкін еместігін аталмыш кәсіпке отбасы мен ананың міндетін қосып атқарудың үйлеспейтіндігімен байланыстырады. Сонымен қатар сауалнамаға қатысушылардың 9,4% саясат әйелдер үшін күрделі іс деп санайды. Респонденттердің аз бөлігі (6 %) «Саясат – ерлер патшалығы» деген көзқарасты ұстанады. Пікірлердің аймақтар бойынша бөлісі де информанттарда саясат пен ана болу бір-біріне үйлеспейді деген ойдың басым екендігін көрсетеді. Мұнда әсіресе, саясатты «Лас іс, онда әйелдерге орын жоқ» деп санайтын Шымкент (26%) пен Астана (16 %) тұрғындарының пікірі ерекше көзге түсетінін айта кету қажет. Саясат әйелдерге жар және ана болуға мүмкіншілік бермейді деп санайтын ерлердің үлесі (16,6 %) әйелдерге (13,1 %) қарағанда көбірек. Сонымен қатар саясат – әйелдер үшін тым күрделі іс деп білетін ерлердің үлесі де (11 %) әйелдерге (8,4 %) қарағанда жоғары. Жас санаты бойынша нәтижелер де саясат әйелдерге арналған іс емес, өйткені олардың аналық және отбасылық міндетіне кедергі келтіреді деген пікірдің басымдылығын көрсетеді. Бұл көзқарас әсіресе, 18 — 30 жас аралығындағылар (15,9 %) мен 60 және одан жоғары жастағы топ өкілдеріне (14,8%) тән. Жауаптарды респонденттердің білім деңгейіне қарай саралау жоғары білімі барлар (11,7 %) мен орта және арнайы орта білімі барлардың (18,6 %) ана міндеті мен саясатты қалай ұштастыруға болатынын түсінбейтіндіктерін көрсетеді. Саясат әйелдің отбасылық және аналық қызметіне бөгет болады деген пікір орыс ұлтына (7,3 %) қарағанда қазақ ұлты (15,6 %) мен басқа ұлттар өкілдерінде (15 %) басымырақ. Ауыл тұрғындарына (4,8 %) қарағанда қалалықтар (9,6%) «Саясат – лас іс, онда әйелдерге орын жоқ» екеніне сенімдірек. Ауыл тұрғындары әсіресе, саясат әйелдің отбасылық және аналық қызметіне бөгет болады деген пікірді көбірек қолдайды (19,6 %). Әйелдердің саясатқа араласу мүмкіншілігіне қатысты қазақстандықтардың ұстанған мұндай дәстүршіл көзқарастары түңілдіреді және қауіп шақырады. Әсіресе, 18 — 30 жас аралығындағы топ өкілдерінің пікірі ерекше алаңдаушылық тудырады. Cондай-ақ ҚР гендерлік теңдік стратегиясында екінші мақсат ретінде қоғамдық-саяси өмірде және әйелдерді саясатқа белсенді түрде араластыруда гендерлік теңдікке қол жеткізу (әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бастамасы бойынша әйелдердің саяси көшбасшылық клубтарының желісін құру) атап көрсетілсе де, қазақстандық саясаттағы әйелдердің орнына қатысты жағдайда сапалы өзгерістер байқалмайды.

Қазақстандық әйелдерді саясатқа белсенді араластыру үшін қандай шаралар ұсынар едіңіз?

Жауап нұсқаларын жалпы талдап қарастыру респонденттердің басым бөлігінің (45,9 %) әйелдерді саясатқа белсенді түрде тарту үшін оларға саясат пен отбасын қатар алып жүруге мүмкіндік беретін жеңілдіктер ұсынылуы қажет және әйелдерге саяси басшылықты үйрету керек (40,2 %) деген пікірде екендігін көрсетті. Келесі біршама бөлігі әйелдердің саяси партиясын құру қажет деп есептейді (33,8 %). 23,7 % жауап ретінде мәслихаттағы және Парламент мәжілісіндегі әйелдерге бөлінетін орын үлесін таңдады.

Аймақтар бойынша пікір айырмашылығы өте үлкен. Мәселен, Астана қаласында респонденттердің жартысы әйелдердің саяси партиясын құруды қолдағанымен (52 %), саясаттағы әйелдерге бөлінетін орын үлесі бойынша төмен нәтиже көрсетті (24,4 %). Әйелдердің саяси партиясын құруды Семей қаласының тұрғындары да қолдайды (47,9 %). Әйелдер партиясын құруды ең аз қалайтындардың үлесі Павлодар қаласының тұрғындарына тиесілі (17 %). Сауалнамаға қатысқан ерлердің көпшілігі (41,3 %) әйелдерді белсенді түрде саясатқа тарту үшін әйелдердің саяси партиясы, ал әйелдердің көпшілігі (52 %) саясат пен отбасын қатар алып жүруге мүмкіндік беретін жеңілдіктер қажет деп біледі. Сауалнамаға қатысқан 18 — 30 жас аралығындағы респонденттердің көпшілігі (42,4 %) әйелдерді саясатқа тарту үшін оларды саяси жетекшілікке үйрету қажет деп есептейді. 31 — 45 жас аралығындағы респонденттердің басым көпшілігі (50,6 %) әйелдерге саясат пен отбасын қатар алып жүруді мүмкін ететіндей жеңілдіктер көрсетілу қажет деп біледі. 46 — 59 жас аралығындағы респонденттердің көпшілігі (44,4 %) мен 60 және одан жоғары жастағылар (43,7 %) да тура сондай пікірде. Сауалнамаға қатысқан жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар респонденттердің басым көпшілігі (48 %) әйелдерді саясатқа тартуға жеңілдіктер ұсыну көмектеседі деп біледі. Қазақтардың (47,6 %), орыстардың (43,1 %) және басқа ұлт өкілдерінің (41,5 %) басым бөлігі де әйелдердің отбасын, ана міндеті мен саясатты қатар алып жүруі үшін оларға жеңілдіктер көрсетілуі қажет деп есептейді. Саяси құрылымдардағы әйелдерге бөлінген орын үлесі ең тиімсіз әдіс болып табылады. Қала/ауыл деңгейіндегі пікірлерді саралау ауыл тұрғындарының да (48,2 %), қала тұрғындарының да (45,2 %) көпшілігі әйелдерді саясатқа тарту үшін жеңілдіктер көмектеседі

деген ойда екендігін көрсетті. Ауыл тұрғындары (19,3 %) үшін де, қала тұрғындары (25%) үшін де ең тиімсіз әдіс әйелдерге бөлінетін орын үлесі болып табылады. Қазақстандық әйелдерді саясатқа тартуға қандай жолдар көмектесетіндігі жөніндегі сұраққа берілген ортақ және дәстүрлі жауаптар жеңілдіктер ұсыну мен саяси басшылыққа үйрету болса, мәслихат пен мәжілістегі әйелдерге бөлінетін орын үлесі толығымен қабылданбаған жауап болды. Сауалнамаға қатысушылар жеңілдіктер мен жетекшілікке үйрету секілді айқын емес шараларды олар нақты іс-әрекеттер мен салдарды талап етпейтіндіктен қолдаса, әйелдерге бөлінетін орын үлесін ол шараны түсінбейтіндіктен жоққа шығарды. Оның тағы бір себебі ықтимал салдарға қатысты қорқыныштар болуы керек.

Сіз гендерлік бюджеттендірудің не екенін білесіз бе?

Жауаптарды саралау сауалнамаға қатысқан информанттардың 68,1 % гендерлік бюджеттендіруден бейхабар екендігін көрсетті. Респонденттердің тек 10,1 %-на ғана гендерлік бағыттағы бюджет ұғымы таныс. Гендерлік бюджеттендіру ісінен ең хабардар топ Павлодар қаласының тұрғындары (17,6 %) болса, ең аз хабардар топ – Шымкент қаласының тұрғындары (78 %). Ерлердің де (73,4 %), әйелдердің де (65,3%) басым көпшілігі гендерлік бюджеттендірудің не екенінен бейхабар. Респонденттердің жас мөлшері бойынша жауаптарды саралау да көптеген жас топтарының (69,6 %) гендерлік бюджеттендіруден хабарсыз екендігін көрсетті. Сонымен қатар жоғары білімді информанттардың да (66,6 %), орта және арнайы орта білімді информанттардың да (70,8 %) көпшілігі гендерлік бюджеттендіруді білмейді. Тек 10,8 % жоғары білімді және 8,9 % орта және арнайы орта білімді респонденттер ғана гендерлік бюджеттендірудің не екенін біледі. Гендерлік бюджеттендіру бойынша ең аз ақпаратқа ие қазақ ұлтының өкілдері (69,7 %) болса, ең көп ақпаратқа ие – басқа ұлттардың (8,8 %) және орыс ұлтының өкілдері (8,6 %). Аталмыш мәселеден қала тұрғындарына қарағанда (67,8 %) ауылдық елді мекендердің тұрғындары (69,2 %) азырақ хабардар. Атап айтқанда, ауыл тұрғындарының тек 7,9 %, қала тұрғындарының 10,8 % гендерлік бюджеттендірудің не екенін біледі. Тағы бір айта кететін жайт, «Басқа» деген жауап нұсқасын респонденттердің ешқайсысы таңдамады. Жауап нұсқаларының мұндай бөлісі біздің зерттеуіміздің қазақстандықтар үшін гендерлік бюджеттендіру мәселесі өзекті емес деген болжамымыздың дұрыстығын         көрсетеді.            Гендерлік бюджеттендірудің не екендігі, оның қандай жолдармен дайындалатындығы, қандай пайдасы бар екендігі және онымен кімнің айналысатындығы туралы білетін адамдар аз. Зерттеу барысында біз гендерлік мәселе ерлерге қарағанда әйелдер үшін маңыздырақ деген тұжырым жасадық. Гендерлік мәселеде ерлерге қарағанда әйелдердің көбірек ақпаратқа ие екендігі байқалады.

Сіздің ойыңызша Мемлекеттік құрылымдар (үкімет, мәжіліс, мәслихат) бюджеттің гендерлік талдауын жүзеге асыруы қажет пе?

Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі — 88 % — бұл сұраққа жауап бере алмады. Тек 7 % ғана мемлекеттік құрылымдардың бюджеттің гендерлік талдауымен айналысуы қажет деп есептесе, 1,3 % оның қажеті жоқ деген пікірде. Аймақтық деңгейде алғанда да пікірлердің бөлісі тура осындай жағдайда. Ерлердің де (91,2 %), әйелдердің де (86,1 %) көпшілігі мемлекеттік құрылымдардың бюджеттің гендерлік сараптамасымен айналысуы қажет пе, жоқ па деген сұраққа жауап бере алмады. Респонденттердің жас деңгейі бойынша да дәл осындай жағдайды көруге болады. Орта және арнайы орта білім өкілдері де (91 %), жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар респонденттер де (86,1 %) аталмыш сұраққа жауап берген жоқ. Сондай-ақ басқа ұлт өкілдерінің 89,1 %, қазақ ұлтының 87,9 % және орыс ұлтының 87,8 % бұл сұраққа жауап берген жоқ. Ауыл тұрғындарының 90,1 %, қала тұрғындарының 87,3 % да жауап бермеді. Мемлекеттік құрылымдар тарапынан бюджеттің гендерлік талдауының қажеттілігі жөніндегі сұраққа берілген жауаптардың мұндай бөлісі бізге сауалнамаға қатысушылардың гендерлік бюджеттендірудің өзі туралы айқын түсініктері жоқ болғандықтан, онымен кімнің айналысуы қажет екендігін де білмейтіндігін көрсетті. Бұдан гендерлік бюджеттендіру мәселесі қазақстандықтар үшін мүлде өзекті емес деген тұжырым жасауға болады.

B.1. Гендерлік бюджеттендіру.

Сарапшылар пікірі:

Алуан түрлі қызмет ету салаларының кәсіби мамандарымен (үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық қайраткерлер және т.б.)

15 тереңдетілген жартылай құрылымдық сұхбат жүргізілді. Сарапшыларға  гендерлік бюджеттендіруге қатысты 5 сұрақ қойылды. Енді сараптамалық сауалнаманың нәтижелерімен танысайық.

«Сіздің ойыңызша мемлекеттік құрылымдар (үкімет, мәжіліс, мәслихат) бюджеттің гендерлік талдауын жүзеге асыруы қажет пе?» деген сұраққа 15 сарапшының 10 бірауыздан гендерлік сараптама қажет екенін айтты. Сарапшылардың бірі өз жауабын былай деп түсіндірді: «Бұрын гендерлік көрсеткіштер аймақтарды                         әлеуметтікэкономикалық дамытудың       индикативті жоспарына енгізілетін. Ол жоспар нақты шаралар мен көрсеткіштерді қарастыратын» (3-С). Қалған сарапшылар (5 адам) гендерлік бюджетті құрудың қажет екендігіне сенімсіздік танытты. Бұл тұста 10- С пікірін атап көрсеткеніміз жөн: «Менің ойымша гендерлік бюджеттендіру Қазақстан үшін күрделі тәжірибе. Халық үшін «гендер» ұғымының өзі түсініксіз болса, гендерлік бюджеттендіру туралы айтудың да қажеті жоқ. Гендерлік бюджеттендіру жүрілу үшін алдымен бізде жеткіліксіз болып табылатын gender-aggregated data қажет. Біз гендерге қатысты барлық сала бойынша толық жағдайды көрмейінше, бір ғана жыныс үшін пайдалы болатын қандай да бір саланы бюджеттендіру                                             бойынша арнайы бағдарламалар құра алмаймыз. Гендерлік бюджеттендіру маған сағат секілді жұмыс істеуге тиіс тұтас бір механизм ретінде елестейді: Зерттеу —— Талдау және Проблемалы жерлерді анықтау —— Бағдарлама құрастыру —

— Имплементация-Мониторинг —— Бағалау —

— Қайтадан талдау. Ол үшін аналитиктер, қаржыгерлер, аудиторлар қажет. Гендерлік бюджеттендіру ұзақ мерзімді келешекте қажетті салаларға қаржы бөле отырып, гендерлік теңдіктің нығаюына әкелуі мүкін. Алайда қысқа мерзімді келешекте гендерлік бюджеттендірудің мәні жоқ, себебі, қазіргі таңда Қазақстанда жалпы бюджеттендіру ісінің өзі дағдарысты бастан кешіруде».

«Сіздің ойыңызша Қазақстанда бюджеттің гендерлік талдауының өзіндік әдістемесін жасаудың қажеттілігі бар ма?» деген сұраққа жауап алу барысында біз сарапшылар тарапынан арнайы әдістеме дайындаудың қажеттілігіне деген сенімділік байқадық (15 адамның 11). Мәселен, 2-С өз ойын былай білдірді: «Иә, әлеуетті әйелдер ұйымдары мен ұлттық комиссияның қатысуымен, бірақ халықаралық тәжірибенің негізінде».

«Қазақстан бюджетінің қандай шығындық салаларын гендерлік сипатта деп атар едіңіз?» деген сұраққа сарапшылардың көпшілігі (15-тің 12-і) әлеуметтік салаларды атап көрсетті: денсаулық сақтау, білім, балаларға арналған жәрдемақылар, жүктілікке, босануға және баланың тууына қатысты әйелдерге арналған жәрдемақылар, еңбек қатынастары, қала, аудан, облыс бюджеті. 11-С гендерлік сипаттағы салаларға «бірінші кезекте әлеуметтік және экономикалық, сосын орынды болған жағдайда саяси салалардың» жататындығын атап көрсетті. Бірнеше сарапшы (3 адам) гендерлік сипаттағы салаларды сеніммен атай алмады.

Барлық сарапшылардың Қазақстанда гендерлік саясатты жүзеге асыруға арналған шығындарды жеткіліксіз деңгейде деп санайтындықтарын баса айту керек. 3-С «Мүлде жеткіліксіз!» деген ойын білдірді.

«Қазақстанның бюджеттік саясатын гендерлік тұрғыдан алғанда «соқыр» деп атауға бола ма?» деген сұраққа 13 сарапшы бір ауыздан «Иә» деп жауап берді, соның ішінде 7-С ойын эмоционалды түрде былай деп білдірді: «Иә. Дәл солай деп атауға болады!» Тек 1 сарапшы ғана былай деп жауап қатты: «Олай деп айта алмаймын, себебі әлеуметтік бөлік оны анық есепке алады. Экономикалық бөлік те онымен формалды түрде болса да есептеседі».

«Сіздің ойыңызша гендерлік сипаттағы бюджеттің қандай жақсылықтары бар?» деген сұраққа берілген жауаптардың бөлісі мынадай болды:

Бюджеттік қаржыны тең бөлу (1-С)

Мемлекет пен қоғамның барлық саласында гендерлік теңгерімді сақтау (3-С)

Бірінші кезекте әйелдер мен балалардың мұқтаждықтары қанағаттандырылады және қорғалады (11-С)

Әділдік, адам құқықтарын сақтау мен қолдау

(2-С)

Күллі аймақты дамыту (7-С)

Бюджеттің гендерлік талдауы өзінен өзі өзгерістерге әкелмейді, бірақ ол әйелдер, ерлер, ұлдар, қыздар және т.б. белгілі бір топтың пайдасы үшін шешімдер қабылдауға негіз болады (4-С)

Бұл мемлекеттік қаржыларды әлеуметтік тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да сапалы әрі тиімді пайдалануға мүмкіндік берер еді (5-С).

Сөйтіп гендерлік мәселе саласындағы сарапшылардың қазақстандық тәжірибеде гендерлік бюджеттендіру шаралары жүрілмейді деген пікірде екендіктерін білдік. Алайда сарапшылар бюджеттің гендерлік сараптамасын жүргізудің қажет екендігіне сенімді. Бұл аталмыш шараның гендерлік теңдікті дамыту жолындағы маңыздылығы мен тиімділігін айқын түсінумен байланысты болып отыр. Сарапшылар бюджеттің денсаулық сақтау, білім жүйесі, балаға қарау жәрдемақысы тәрізді дәстүрлі салаларына гендерлік сараптама қажет деп біледі. Бұл жайт сарапшыларды гендерлік бюджеттендірудің тиімділігі, салдары мен маңыздылығы жөнінде әдеттегі, таптаурын сипаттағы көзқараста – гендер = әйел және балалар, бірақ гендер = әйел + ер адам + балалар = емес – деп тұжырымдауға ерік береді.

В.2. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1325

«Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» қарарының орындалуы. Сарапшылар пікірі.

2016 жылдың мамыр-маусым айларында жүргізілген сараптамалық сауалнама аясында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» резолюциясының орындалуына қатысты сұрақтар тобы қойылды. Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері болып табылатын 15 кәсіби сарапшы аталмыш резолюцияның Қазақстанда жүзеге   асуының   ерекшеліктеріне   қатысты 7 сұраққа жауап берді. Сараптамалық сауалнама мынадай нәтижелер көрсетті:

«БҰҰ ҚК 1325 қарарының қандай қырлары Қазақстанда жүзеге асыру үшін өзекті?» деген сұраққа 15 сарапшының 7 «бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау шараларына әйелдердің қатысуы», «бейбітшілік пен қауіпсіздік ісіндегі әйелдердің рөлі мен қосар үлесін бекіту», «әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деп көрсетті. Ал қалған 8 сарапшы аталмыш тақырыптың өздеріне таныс емес екендігін айтып, бұл сұраққа түсініктеме бере алмады.

«Сіздің ойыңызша Қазақстанда БҰҰ ҚК 1325 қарарын жүзеге асыруға кім бастама көрсетеді?» деген сұраққа сарапшылардың көпшілігі (15 сарапшының 11) резолюцияны жүзеге асыруға бастама көрсететін негізгі агент мемлекет деп біледі. Ал үкіметтік емес ұйымдар, халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғам – мемлекеттің негізгі көмекшілері. 3-С бұл сұраққа былай деп жауап берді: «Үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері бірінші кезекте өздерінің мақсатты топтарының прагматикалық және арнайы мәселелеріне ден қоятындықтан, мемлекеттік және халықаралық ұйымдар».

 «Қазақстан Республикасының үкіметі бекіткен бағдарламалық құжаттарды, заңдарды («Қазақстан Республикасында 2006- 2016 жылдарға арналған гендерлік теңдікке қол жеткізу стратегиясы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу» заңы,

«Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заң) БҰҰ ҚК 1325 қарарын жүзеге асырудың жолдары ретінде қарастыруға бола ма?» деген сұраққа 15 сарапшының 5 гендерлік құқықтар мен еркіндіктерді жүзеге асыруға қатысты қазақстандық үкіметтік құжаттарды БҰҰ ҚК 1325 резолюциясын жүзеге асырудың жолдары ретінде қарастыруға болмайды деген пікірлерін білдірсе, 3 сарапшы бұл құжаттарда резолюцияның мазмұны қамтылғандығына шүбә келтірді. 7 сарапшы сенімді түрде «Иә» деп жауап берді. Олардың ойынша қазақстандық заңдар мен үкіметтік бағдарламалар резолюцияның мақсаттары мен міндеттеріне сай келеді.

«БҰҰ ҚК 1325 қарарын Қазақстанда жүзеге асыру барысында қандай проблемалы аймақтар бар деп ойлайсыз?» деген сұраққа 11-С «Саяси ерік бар, бірақ оның жүзеге асуы менің ойымша үзік-үзік түрде өтіп жатыр және ол көптеген басқа құрылымдардың еркіне тәуелді. Сол себептен қаржыландыру мен есеп беру жеткіліксіз деңгейде. Ынтымақтастықтың үрдісі мен механизмдері бар және олар жолға қойылған. Бірақ қоғамның дауысы жеткілікті түрде есепке алынбайды» деген ойын білдірді. Сарапшылардың үшеуі саяси еріктің, жеткілікті қаржыландырудың және есеп беруге міндеттіліктің жоқ екендігін алға тартты. С-7 мынадай ой білдірді: «Іс-әрекеттер үйлестігі жоқ, мемлекет әлі күнге дейін үкіметтік емес ұйымдармен нашар жұмыс істейді, оларға шындап көңіл бөлмейді».

«Сіздің ойыңызша жергілікті билік органдары БҰҰ ҚК 1325 қарарының қағидаларын өз іс- әрекеттеріне қоса ма?» деген сұраққа 11 сарапшы жергілікті билік органдарының БҰҰ ҚК 1325               қарарын жүзеге   асырумен айналыспайтындығын тілге тиек етсе, бір сарапшы өзінің болжамын былай деп білдірді:

«Айналысады деп ойлаймын, бірақ бар мәселе формалды қатынаста».

«БҰҰ ҚК 1325 қарарының қағидаларын Қазақстанда тиімді түрде жүзеге асыру үшін Сіз қандай ұсыныс жасар едіңіз?» деген сұраққа сарапшылар төмендегідей пікірлер білдірді: «Мемлекет басшыларының қатысуымен елде әйелдердің халықаралық форумдарын ұйымдастыру» (С-1); «әйелдер құқықтары бойынша пәрменді, таңдаулы комитеттер құру» (С-2); «саяси ерік пен жеткілікті қаржыландыру қажет» (С-4); «халықты жеткілікті ақпаратпен қамтамасыз ету үшін үкіметтік емес ұйымдарды тарту» (С-8); «халық арасында гендерлік теңдік идеологиясын кеңінен енгізу және дамыту» (С-7).

«Сіздің ойыңызша Қазақстан БҰҰ ҚК 1325 қарарында атап көрсетілген мақсаттарға қол жеткізе ала ма?» деген сұраққа нақты бір баға мен түсініктеме беру сарапшыларға қиынға түсті. Олар негізінен «Сенімді емеспін» (С-5), «Қазір емес» (С-9); «Мүмкін» (С-7) деген пікірлерге тоқталды.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1325 «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» қарарының Қазақстанда орындалуына қатысты сарапшылар сұхбатын талдай отырып, мынадай қорытынды жасай аламыз: шиеленістердің алдын алу жұмысы бойынша әйелдер мен қыздардың құқықтарын институционалды түрде қорғау жүйесін қалыптастыру, қауіпсіздік, қорғаныс, құқықтық тәртіп және төтенше оқиғалар саласындағы әйелдердің рөлін күшейту, жанжалды жағдайларда әйелдер мен қыздардың зорлыққа төзбеуін қалыптастыру, әйелдер мен қыздар үшін қауіпсіз орта құру және қолдау, жанжалды жағдайларда әйелдер мен қыздарды қорғауға қатысты субъектілердің дайындығын күшейту сияқты шаралар қажетті деңгейде іске асырылмайды. Аталмыш резолюцияны жүзеге асырудың басты агенті ретінде сарапшылар мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдарды, халықаралық ұйымдарды атады. Олар сондай-ақ басты проблемалар ретінде резолюцияны жүзеге асыру бойынша іс-әрекеттер үйлестігінің жоқтығын, әлсіз саяси ерікті, немқұрайлылықты қаржыландыру мен есеп беру міндетінің жеткіліксіздігін атап көрсетті. Осы аталған жағымсыз шарттарды жою үшін сарапшылар халықаралық форумдар ұйымдастырып, әйелдер құқықтары бойынша таңдаулы комитеттер құру, қаржыландыруды көбейту, халыққа ақпарат тарату үшін үкіметтік емес ұйымдарды белсенді түрде іске қосу, сонымен қатар гендерлік теңдік идеологиясын халық арасына кеңінен енгізу және дамыту қатарлы ұсыныстар жасады.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close