ГЕНДЕРЛІК ЛИНГВИСТИКАНЫҢ ҚОҒАМДАҒЫ РӨЛІ
Гендерлік зерттеулер сапында гендерлік лингвистика − тіл ғылымының жаңадан қалыптасып келе жатқан саласы. Гендерлік лингвистика ғылымы жүйеге түсу үстінде, соның негізінде қазақ тіл білімінің гендерлік бағытын айқындау, сол арқылы қалыптастыру − отандық тіл теориясының бірден-бір қажеттілігі. Бұл үшін алдымен гендерлік лингвистика ғылымының əдіснамалық негізі мен зерттеу əдістемесі мен ұстанымдарын анықтау шарт.
Əйелдер мен ерлердің əлеуметтік-экономикалық, саяси жəне мəдени мəртебесін, гендерлік рөлдері мен гендерлік қарым- қатынасын зерттеу − уақыт талабы. Біріккен Ұлттар Ұйымы ер- лер мен əйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшінші мыңжылдықтағы адамзат дамуының негізгі мақсаттары ретінде айқындады. Қазақстан Республикасы Президенті жанынан Отбасы істері жəне гендерлік саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның құрылуы, Қазақстан Республикасындағы гендерлік саясат тұжырымдамасының қабылдануы жəне Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясының əзірленуі − соның айғағы. Тілдің гендерлік жіктелу факторы − əйел тілі мен ер тілі дамуының қозғаушы күші. Тілге құрылымдық талдаулар жасау арқылы гендердің əлемдік тілдер мен мəдениеттерде алатын орнын белгілеп, əйелдер мен ерлердің түрлі қарым-қатынастағы мінез ерекшелігін, гендерлік нормалардың уақыт пен кеңістік шеңберінде өзгеріп отыруын, əйел мен ер жынысын даралайтын тілдік, стильдік белгілер, тілді игерудегі гендердің рөлін, т.б. зерделеуге болады.
Əлемдегі күллі тіл атаулыға байланысты гендерлік сипаттама болатыны анық, бірақ оны түгел қамту мүмкін емес, сондықтан əлемдік лингвистикадағы зерттеулерді жинақтап, гендерлік лингвистиканы салыстыру мен дамыту əрбір ұлт тілі негізіндегі теориялық тұжырымдар арқылы жүзеге аспақ.
Тілдегі гендерлік зерттеулердің мақсаты: гендердің тілде қандай тəсілдермен берілетіндігі, қандай семантикалық салаларда көрініс табатынын айқындау жəне қандай жағдайда қалай бағаланатынын тілдік белгілерге қарап ажырату. Бұл ретте гендерлік тілдік белгілердің түрлі тілдердегі сипатталу деңгейін анықтаудың мəні зор. Демек гендерлік белгілердің тіл деңгейлеріндегі көрінісін сипаттау, «жыныс» ұғымының концептуалдануын сипаттайтын тілдік тəсілдерді анықтау, «əлемнің гендерлік тілдік бейнесін» (гендерлік концепт, гендерлік таптаурындар) белгілеу жəне соларға сəйкес, мəдениетаралық салыстырулар жүргізу гендерлік зерттеулерде өзекті мəселелер қатарында қарастырылады. Тілді гендерлік қырынан зерттеудің аксиологиялық жəне этномəдени ерекшеліктерін ескере отырып, мəдени доминанттар рөлін танып-білудің де маңызы зор. Мəдени доминанттарды зерттеу (басқа ғылым салаларының мəліметтерін пайдаланса да) алдымен лингвистикалық білімді игеруді қажет етеді (лексикалық, фразеологиялық бірліктерді жинаптеру, сөздіктерден, мақал-мəтелдер жинағынан, көркем əдебиеттен, т.б. қажетті мəтіндер жинау).
Осыған байланысты «Гендерлік лингвистика» пəнін оқытудың қажеттілігі: біріншіден, гендер категориясының пайда болуына негіз болған, соған сəйкес жыныс пен тіл ұғымдарына қатысты туындаған жаңа көзқарастар мен пікірлермен таныс болуға; гендерлік лингвистика теориясына қатысты ұғымдарды түсінуге; екіншіден, жалпы тіл біліміндегі гендерлік зерттеулер мен қазақ тілі біліміндегі гендерлік бағыттың даму жолдарын білуге; үшіншіден, еркек пен əйелге тəн қалыптасқан (еркектік, əйелдік) жəне тілде көрініс беретін ерекшеліктерді танып, гендерлік лингвистикалық сипаттама беруге үйретеді.
Оқулық тілдің гендерлік жіктелімінің ғылыми негіздерін түсінуге, оның ұстанымдары мен ұғымдарын білуге, жалпы тіл білімінің теориялық мəселелерін игеруге, қазіргі ғылымдар тоғысын құрайтын көкейтесті мəселелерді анықтауға, қазақ тілі ғылымының жаңа бағыттарын өзара байланыста ұғынуға септігін тигізеді жəне лингвистика ғылымына қатысты ілімдерді терең, жүйелі меңгеруге ықпал етеді.