ЖОЛДА
Кішкене отряд өзен жағалап үш жүз қадамдай жер жүрген соң, алдағы күндерде өздерінің ұдайы он күн шарлап сапар шегетін түнек орманының көлеңкесі бүркеп, жыланша ирелеңдеген жалғыз аяқ жолға түсті.
Диктің күдіктенер ешқандай дәлелі болмаса да, ну орманға шектене қарады.
Қанша айтқанмен, әйелдің аты әйел ғой, мұндай жағдайда миссис Уэлдон үрейленуге тиіс еді, бірақ ол сабыр сақтады. Пампастар өлкесін мекендеуші жергілікті халықтар мен жабайы аңдардың ешқандай қауіпсіз екенін жақсы білетін, оның абыржымауының бірінші себебі осыдан еді. Екіншіден, Гэррис сияқты сенімді басшысы болғандықтан, орман арасында өздерін адаспастай көрді.
Кішкене отрядтың ең алдында Дик Сэнд пен Гэррис келе жатыр, біреуі карабинмен, екіншісі ұзын ұңғылы мылтықпен қаруланған.
Бұлардың артында Бат пен Остин, екеуі де иықтарына карабин асып, белбеулеріне пышақ қыстырған.
Үшінші қатарда ат үстінде миссис Уэлдон мен кішкентай Джек бара жатыр.
Оның артында Том мен кәрі Нан.
Ең соңында төртінші карабинмен қаруланған Актеон, белбеуіне балта қыстырып алған Геркулес келе жатыр.
Мүмкіндігі болғанынша олар өнебойы осы тәртіппен жүрулері керек.
Динго біресе артта қалып, біресе ілгері озып, отряд маңында айналды да жүрді. Дик Сэнд иттің ізге түскендей боп, өнебойы тіміскілей бергеніне көңіл бөлді. «Пилигрим» шатынан кейін құрлыққа шыққалы Дингоның мінезі ғажап өзгерді. Ит үнемі аласұрып ызаланумен болды. Жиі-жиі даусын баяу шығарып ырылдайтынды шығарды, бірақ оның бұл ырылы біреуге айбат шеккендік ырыл емес, шағынған сияқты еді.
Иттің бұл тосын қылығын жолаушылардың бәрі байқады, бірақ оның мәнісіне ешкім түсінген жоқ.
Бенедикт ағайды қатарда жүргізудің ешқандай лажы болмады, Динго сияқты, о да қаңғып өз бетімен кете берді. Оны қатарда жүргізу үшін жіппен жетектеп жүру керек. Ғалым бір жақ жанбасында қаңылтыр қалбыры салақтап, қолында шыбын-шіркей қағып алатын қауғаша торы, үлкен лупасы (үлкейтіп көрсететін әйнек) омырауында салбырап, тік қанатты, тор қанатты тағы басқа түрлі «қанатты» жәндіктерді іздеп, қай-қайдағы қалың шөптерді тінтіп, жыныс ағаштарға кіріп шаңдатты да жүрді.
Сапардың алғашқы сағатында-ақ ғалымның қылығына жиен қарындасының дәті шыдамай, оны жиырма шақты рет қайтара шақырып алған. Бірақ ғалымды жөнге салудың мүмкіндігі жоқ сияқты.
— Бенедикт ағай,— деді оған ақырында жиен қарындасы,— менің шыдамымды тауыспаңыз. Ақырғы рет айтам, бұдан былай біздің жанымыздан ешқайда ұзап шықпайтын болыңыз!
— Ол қалай, жиен қарындас,— деп энтомолог қарсылық білдірді,— ал мен бірер жәндік көре қалсам ше…
— Егер сіз жәндік көре қойсаңыз,— деп миссис Уэлдон ғалымның сөзін аяқтатпай кесіп тастады,— сіз оны өз жолына қалдырыңыз, әйтпесе ішіндегі коллекцияңызбен қоса қойыныңызға асып жүрген қаңылтыр қалбырыңызды тартып алуға мәжбүрмін.
— Қалай дедіңіз, менің жинағымды тартып алам дедіңіз бе?! — деп айқайлады Бенедикт ағай, миссис Уэлдон өзінің көзін шұқып алғалы тұрғандай боп.
— Ие! Ол ол ма, оған қоса торыңызды да алып қоям! — миссис Уэлдон кесіп айтты.
— Торды да алады екенсіз?! Мүмкін, көзілдірігімді де алатын боларсыз! Ала алмассыз!
— Ие, көзілдірігіңізді де аламын! Бенедикт ағай, сізге зор рақмет, өзіңізді соқыр етіп жөнге салатын амалды есіме жақсы салдыңыз!
Үш жақтап төнген қауіп тұрлаусыз ағайды бір сағаттай жуасытып тастады. Аздан соң ол жан-жаққа тағы жүгіре бастады. Тіптен оның қалбыры, торы мен көзілдірігі болмаса да, жәндік аулауын қоймайтыны мәлім болды, сондықтан қолды бір-ақ сілтеп ғалымды еркіне жіберуге тура келді.
Бенедикт ағайды бақылап жүруге Геркулес міндеттенді. Энтомологтың сирек кездесетін шыбын-шіркейге істейтінін оның өзіне істе деп миссис Уэлдон алып негрге ерік берді. Басқа сөзбен айтқанда, егер керек болса, энтомологтың өзі сирек кездесетін қабыршақ қанаттыларды ұстап алып қаңылтыр қалбырына қамай салатыны сияқты, Геркулес те оны сыпайы ғана ұстап әкеліп топқа қосуы керек.
Бұл жарлықтан кейін Бенедикт ағаймен сыпайы айналысудың қажеттігі болмады.
Тек қана көшпелі үнділер болмаса, бұл тоғайда кездесе қоятын ешқандай қауіп-қатер жоқ деп Гэррис сендіре айтып еді, әйтсе де, кішкене отряд аяқ астынан жау тап бола қалса, қарсы тұрып, тойтарыс бере аларлықтай боп жақсы қаруланғанын жоғарыда айтып өттік. Дегенмен, алдын ала жасалған сақтық шаралары кездейсоқ бәлені жақындатпай, алыстан тоқтатуға жарарлық еді.
Аңның жымы сияқты, қалың орманның арасын аралаған жалғыз аяқ жолмен жүру қиынның қиыны болды.
Отряд күніне он екі сағат жол жүрсе, орта есеппен бес-алты миль жер алады деп Гэррис қате айтпаған екен.
Ауа райы жақсы. Бұлтсыз аспанды өрлей тас төбеге келіп шақырая қалған өткір күннің нұры жерге шаншыла құйылып тұр. Ашық даланың аңызақ ыстығы жан төзгісіз, бірақ басы бірігіп кеткен биік ағаштардың жап-жасыл қалың жапырағы қалқалап ағаш түбіне күн түсірмейді, сондықтан көлеңкедегі адамдарға аңызақ оншалықты әсер ете қоймады. Гэррис бұл жағдайларға жолдастарының көңілін аударуды ұмытқан жоқ.
Мұндағы ағаштардың көбісін миссис Уэлдонның өзі де және оның жолдастары да білмейтін-ді.
Мұнда баугин (molompi) басқаша айтқанда, «темір ағаш» та бар екен, Индиядағы кино ағашы сияқты жеңіл де берік болғандықтан үнділер одан қайық есетін ескек жасайды. Оның хош иісті шайыры сыртына шығып тамшылап тұр. Кей жерлерде сумахи немесе «бояулы өсімдік» дегендер де кездеседі. Мұның бояуға жарайтын заты өте мол болады екен. Мұнда жуандығы он екі фут келетін бакаут ағашы да бар, бірақ ол кәдімгі гваяк ағашынан бағалы емес.
Дик Сэнд бұл ағаштардың атын Гэрристен сұрады.
— Сіз бұрын-соңды Оңтүстік Америкада болып көрмеп пе едіңіз? — деді ол жас досының сұрағына жауап қайырудан бұрын.
— Жоқ, ешқашан,— деді Дик Сэнд.— Мен көп жерлерге бардым, бірақ бұл араға келіп көрген емеспін. Шынын айтқанда, тіптен Боливияны жақсы білетін адамдармен де кездесіп көргенім жоқ.
— Ал Коломбияда, Чилиде немесе Патагонияда болып көрдіңіз бе? — Гэррис ежелей сұрады.
— Жоқ, ешуақытта да…
— Материктің ол бөлегінде миссис Уэлдон да болып көрмеген бе? — деп американ әңгімесін соза берді.— Американ әйелдері саяхатшыл келеді ғой…
— Жоқ, мистер Гэррис,— деді жас әйел.— Менің күйеуім өз жұмысымен ғана Жаңа Зеландияға барып жүреді, сондықтан да менің басқа жерлерге баруыма тура келмеді.
Біздің арамызда Боливияны білетін ешкім жоқ.
— Несі бар, миссис Уэлдон, сіз де және сіздің жолдастарыңыз да адам таң қаларлық жерлермен танысатын болдыңыздар, бұл жердің табиғаты Перу, Бразилия және Аргентина табиғатынан ерекше. Боливияның хайуандар дүниесі мен өсімдігі жаратылыс зерттеуші ғалымның есін тандырады. Сіздің кемеңіз бұл сияқты тамаша жерде апат болғанына тек қана қуануыңыз керек!
Сөйтіп, бұл жерді жолаушылардың бірде-бірі білмейтін болды. Гэррис бұларға жергілікті өсімдіктердің неше түрін мадақтай көрсетіп келе жатты.
Бұл Бенедикт ағайдың тек қана энтомологиямен айналысқанына өкінерлік жер. Шіркін, ол кісі ботаник болар ма еді. Егер ол ботаник болса, осы орманнан ағаштардың неше түрлі жаңалықтарын ашып, қаншама олжаға кенеліп қалар еді. Мұнда Жаңа дүниенің тропиктік ормандарында өсіп өмір сүретін ғылым жүзінде әлі күнге мәлім емес қаншама өсімдіктер бар! Егер мұнымен айналысса, Бенедикт ағай өз атын мәңгілік даңққа бөлер еді-ау! Бірақ сорына қарай, ол кісі ботаниктерді жек көретін және ботаниканың түгіне де түсінбейтін. Асырып айтсақ, ол гүлді де жек көретін, гүлдің кейбір түрі өзіне жәндіктерді жабыстырып алып, өлтіріп тастайды дейтін-ді.
Барған сайын батпақты жерлер жиі кездесе берді. Аяқ астынан су атып шыға келеді. Сулар біріне бірі қосылып жүлге болып, ол жүлгелер жолаушылардың өздері білетін өзеннің тарауына құйып жатыр. Кейбір тараулар жалпақ, суы да мол, кей жерлерде ондай тараулардан өту үшін өткел іздеуге тура келді.
Өзеннің ұйықты аласа жағалауына қалың боп қамыс өскен. Гэррис бұл өсімдікті папирус деп атады, басқаларының да аттарын жаңылмай айтып берді.
Жолаушылар ұйықтан өтіп, үлкен ағаштардың көлеңкесіне қайта енді, жалғыз аяқ жіңішке жол жыланша ирелеңдеп алға қарай тарта берді.
Түстеніп, шамалы уақыт кідіріп дем алған соң, кішкене отряд жағалауды жарыса созылған биік таудың етегіндегі қатпарға кіре бастады.
Орман енді сұйыла түсті. Ағаштар да тығыз емес. Жол әлі жаман: биік те қалың шөптен жер беті көрінбейді. Отряд Шығыс Индияның батпақты қалың орманында келе жатқан сияқтанды. Ондағы өсімдіктер өзеннің мұхитқа құйған жеріндегідей мол емес, дегенмен, Ескі дүние мен Жаңа дүниенің жылы белдеуіндегі өсімдіктен анағұрлым қою. Әр жерден индигоноскалар72 көріне бастады. Бұл орасан төзімді өсімдік. Гэрристің сөзіне қарағанда, шаруалар жалқаулық етіп егістік жерді күтусіз қалдырса болғаны, жерді дереу индигоноскалар басып кетеді екен, европалықтар қалақай мен шоғайнаны қандай жек көрсе, сол жақтың халқы индигоносканы да сондай жек көреді екен.
Бірақ бұл орманда каучук ағашы мүлдем жоқ. Дегенмен ficus prinoides, ctstilloa elastica, ctiropia petata, Coilophora utalis, Cameranialtitolia, ағаштары Оңтүстік Америкада жиі кездеседі. Жолаушылардың бір таң қалған жері, жол бойынан бірде-бір каучук ағашы көрінбеді.
Ал Дик Сэнд өзінің кішкентай досы Джекке каучук ағашын көрсетемін деп бұрыннан еткен уәдесі бар-ды. Әрине, баланың тауы қайтып қалды. Ол, резинка деп, резинка ойыншықтар, резинкадан жасалған шықылдауық торғайлар каучук ағашының бұтақтарында өсіп тұрады деп ойлайтын-ды.
Енді кішкентай Джек анасына қыңқылдай бастады.
— Сабыр ет, достым,— деді Гэррис.— Сен гациенд төңірегінен ондай ағаштардың талайын көрерсің.
— Нағыз резинка ағаштар ма? — деп сұрады кішкентай Джек.
— Нағыз резинка ағашының өзі! Ал сен мына алмұртты татып көргің келе ме?
Гэррис сөйдеді де, ағашқа өсіп тұрған, түсі шабдалы тәріздес, шырыны тамшылаған бірнеше жеміс үзіп алды.
— Мұныңыз улы жеміс емес пе? — деп сұрады миссис Уэлдон.
— Кепілдік ете аламын, миссис Уэлдон,— деп жауап қатты Гэррис,— мұның жеуге жарамды екенін дәлелдеу үшін алдымен өзім татып көрсетейін. Бұл манго ағашының жемісі ғой.
Гэррис сөйдеді де тәтті жемісті аузына тастап жіберді. Кішкентай Джек те жалынтып тұрмай, Гэрристің істегенін істеді. Бұл уақытта басқа жемістер әлі піce қоймаған-ды, сондықтан «алмұрт» жемісінің өзі әлдеқандай жаңалық еді.
— Өте дәмді екен, өте дәмді,— деді бала аузын жеміске толтырып алып.— Бірақ мен тәртіп бұзбай, жақсы болам, Дик маған резинка ағашын көрсетемін деп уәде еткен. Мен резинка ағашын көрсем деймін!
— Азырақ сабыр ете тұр, бөбегім!—деді миссис Уэлдон баланы тыншайтқысы келіп.— Мистер Гэррис уәде етті ғой саған.
— Ол ғана емес,— деді бала қасарып.— Дик маған одан бұрын уәде еткен…
— Дик саған не деп уәде етті? — деді мистер Гэррис күле сөйлеп.
— Шыбын-торғай көрсетемін деп!
— Шыбын-торғайды да көрерсің, достым! Бірақ кейінірек көресің… кейінірек,— деді Гэррис.
Джектің таңғажайып шыбын-торғайды көрсет деп қыңқылдауы орынды еді, өйткені бұлар шыбын-торғайлардың көп өсіп-өнетін жерінде жүр. Үнділер құстар дүниесінің бұл түріне аса сүйкімді аттар қояды. Олар бұл құстарды «күн нұры», «гүл патшасы», «аспан гүлі», «гүл күлтесі»… деп те атайтын.
Мұндай құстардың бір жүз елу түрі бар, бұлардың әрқайсысына арнап қойған үндістердің тамаша аттары да бар деседі.
Дегенмен, Боливия ормандарында осы титімдей құстар көп болады деп жолаушылардың бәрі сендіре айтқанымен, әзірше кішкентай Джекке Гэрристің уәдесімен ғана қанағаттана тұруға тура келді. Американның айтуына қарағанда, отряд әлі мұхит жағалауынан оншалықты ұзамаған, ал мына таңғажайып құстар теңіз ауасын сүймейтін сияқты. Гэррис Джекке бұл құстардың адамнан онша қашпайтынын айта келіп «шыр-шыр» етіп сайрағаны мен ұршықша шырылдап қанат қаққанын тек Сан-Феличедегі гациендте ғана естуге болады деді.
— Шіркін, сол жерге тезірек жетсек екен! — деп айқайлады кішкентай Джек.
Сан-Феличедегі гациендке тезірек жету үшін, жолдағы кідірісті азайту керек болды. Сондықтан миссис Уэлдон мен оның жолдастары жолда кідіріп демалу уақытын қысқартуға ұйғарысты.
Орман түрі өзгере бастады. Ағаштардың ара-арасынан бірте-бірте кең алаңдар көрінді. Жайып тастаған кілем сияқты тұтасып жатқан көкпеңбек шөптің арасынан қызылды-жасыл тастар көрінеді. Кейбір дөңес жерлерге сассапарель өскен. Оның ит мұрны өткісіз жынысын аралап жүру жолаушыларға өте қиынға соқты. Бұлар енді тоғай арасындағы жалғыз аяқ жолды көксей бастады, өйткені ол нашар да болса жол аты бар, жүруге ыңғайлы еді.
Шамамен айтқанда кішкене отряд күн батқанша сегіз миль жол жүрді. Ол күн ешқандай уақиғасыз өтті және жолаушылар да шаршап қажыған жоқ. Дұрысын айтқанда, сапардың бұл бірінші күні ғана, жолдың ең қиынын кейінгі күндерден күтуге болады. Күн кеш болған соң, жолаушылар өзара кеңесіп, қонуға ұйғарысты. Бір түнге бола шатыр тігіп лагерь құрудың қажеттігі жоқ деп, жолаушылар ол түнді тақыр жерде жатып өткізді. Олар жергілікті халық пен жабайы аңдардың шабуылынан да қауіптенбеді, өйткені, түнгі күзет әрбір екі сағат сайын ауысып, тыныштық қамтамасыз етіліп еді.
Ол түні жолаушылар зәулім биік манго ағашының түбіне қонған; ағаштың жан-жаққа жайылып кеткен бұтақтары мен қалың жапырағы жолаушыларға табиғи қалқа болды.
Кішкене отряд манго ағашының түбіне енді ғана жайласа бергенде, ағаш басынан құлақ тұндырарлық концерт басталды.
Бұл ағаш, тынбастан шықылықтай беретін өңшең ғана мылжың бір топ сұр тотының қонақтайтын мекені екен. Европаның зоологиялық бағындағы торда тұратын тотылардың қылығымен мына тотылардың қылығын салыстыруға болмайды.
Тотылар у-шу боп жолаушылардың мазасын алды, бұған ызасы келген Дик Сэнд мылтық атып, тотыларды үркітіп жіберуге ыңғайланды. Бірақ Гэррис оны, дыбыс шығарып тоғайда адам барлығын білдіру жақсы болмас деп үгіттеді.
— Неғұрлым дыбыс аз болса, солғұрлым қауіп-катер де аз болады,— деді ол.
Бірнеше минуттан соң кешкі ас дайын болды, басқа түрлі ыстық ас пісіруге уақыт кеш боп қалған еді. Асқа консерві мен кептірілген нан берілді. Жолаушылар тұщы суға да тарықпады, өйткені ағаш іргесінен қайнап шығып жатқан бұлақ бар-ды. Манго ағашының бұтағында уылжып тұрған тәтті жемістер бар, тотылар азығын қызғанып шырылдай берді, бірақ адамдар оған қарамастан, әлгі жемістерді үзіп жатыр.
Жолаушылар өздерінің оңай да қарапайым тамағын жеп болмай-ақ ымырт жабылды. Жерден баяу көтерілген көлеңке ағаш басына қарай тырмысты, жоғарыдағы жапырақтардың нәзік иректері әлі көрініп тұр. Әлем жүзінен жұлдыздар быжынап жымыңдай бастады. Қараңғы түсісімен жел де тынды, тыныш ауада желп еткен бірде-бір жапырақ жоқ. Тіптен тотылар да үндерін өшірді. Табиғат тыныш ұйқыға шомумен қатар жанды-жансыздың бәрін тыныштыққа шақырды.
Төсек жайып орын даярлау оп-оңай.
— От жақсақ қайтер екен? — деді Дик Сэнд американға қарап.
— Керегі жоқ,— деді Гэррис.— Бұдан былай түн жылы болады, ал мына алып ағаш бу тұтады, сөйтіп бізге суық та тимейді, сыз да өтпейді. Достым, мен бұрынғы айтқанымды қайталап айтамын: білінбей жүруге тырысайық. От жағып, мылтық атуды тоқтатайық.
— Егер, мистер Гэррис,— деп миссис Уэлдон сөзге араласты,— сіз айтқан тоғай қаңғыбастарын есепке алмағанда, үндістерден қауіптенбесе де болатынын жақсы білемін… Бірақ орманның басқа тұрғындары — төрт аяқтылар бар ғой. Соларды от жарығымен үркіткен жөн емес пе?
— Миссис Уэлдон, жергілікті төрт аяқтылар үшін бұл сияқты еңбек сіңірудің қажеттігі жоқ. Олар адаммен кездесуден қорқуға тиіс, кездескеннен гөрі кездеспегенін артық көреді.
— Біз ормандамыз ғой,— деді кішкентай Джек,— ал орман ішінде әрқашан аң болады.
— Аңдар түрліше болады ғой, сондай-ақ орман да түрліше болады, достым,— Гэррис күле жауап қатты.— Сен өзіңді өзің бір кең байтақ паркте жүргендей көрші. Es coma el paradiso»73 деп үндістер өз жерін бекерге мақтамаған болар.
— Ал мұнда жылан жоқ па? — деп сұрады Джек.
— Жоқ, бөбегім,— деді миссис Уэлдон.— Бұл жерде ешқандай қорықпай тыныш жатып ұйықтай бер.
— Ал арыстан ше?
— Ешқандай арыстан да жоқ, балам,— деп жауап қатты Гэррис.
— Жолбарыс ше?
— Анаңнан сұрашы, балам, Оңтүстік Америкада жолбарыс бар дегенді естіді ме екен?
— Еш уақытта да естігенім жоқ,— деді миссис Уэлдон.
Бұл әңгімеге ойламаған жерде Бенедикт ағай қатыса кетті.
— Бұл дұрыс айтылған сөз, Жаңа дүниеде жолбарыс та, арыстан да болмайды. Бірақ оның есесіне мұнда ягуар мен кугуар бар,— деді ол.
— Олар жаман бола ма? — деп сұрады кішкентай Джек.
— Ба!—деді Гэррис.— Жергілікті халықтар олармен жекпе-жек алысады, ал біз көппіз және жақсы қаруланғанбыз. Біздің Геркулес қарусыз құры қол-ақ екі ягуарды екі қолымен біріне бірін соғып жайрата салады.
— Байқа, Геркулес, ұйықтап қалып жүрме! — деді кішкентай Джек.— Егер жабайы аң келіп мені жеймін десе…
— Онда мен оның өзін жеп қоямын! — Геркулес екі қатар аппақ тістерін ақситты.
— Геркулес, күзетте сіз тұра тұрыңыз,— деді Дик Сэнд,— сізді мен ауыстырармын.
— Жоқ, капитан Дик,— деді Актеон,— бүгінгі күзетте Геркулес, Бат пен Остин тұрады, мен де тұрамын, күзетте тұруға басқаларымыз да жетіп жатырмыз. Сіз бүгінгі түн демалуға тиіссіз.
— Рақмет, Актеон,—деп жауап қатты Дик,— бірақ мен де күзетте тұруға міндеттімін ғой…
— Дик, сен ешқандай міндетті емессің! — деді миссис Уэлдон.— Бұл мейірбан адамдарға алғыс айт та, ұсынысын қабылда!
— Мен де күзетте тұрам,— деп күлімдеді көзі ілініп бара жатқан кішкентай Джек.
— Ие, өзінен өзі түсінікті ғой, қалқам,— дей салды көп сөйлескісі келмеген анасы.
— Бірақ бұл орманда жолбарыс пен арыстан болмаса да, қасқыр болатын шығар,— деп бала сөзін жалғады.
— Болғанымен нағыз қасқырдың өзі емес,— деп жауап қатты американ,— орман иті. Оларды гугуар деп атайды.
— Ал гугуарлар кісі қаба ма? — деп сұрады Джек.
— Сіздің Динго ең ірі гугуарды бір-ақ қылғып жұта салады.
— Әйтсе де,—деп Джек аузын кере есінеді,—бұл гугуар дегендеріңіз қасқыр ғой, болмаса оларды қасқыр деп неге атаған?!
Бала осы сөзді айтты да, арқасын ағашқа тіреп отырған кәрі Нанның құшағында жатып ұйқыға кетті. Миссис Уэлдон ұйықтап жатқан бөбегінің бетінен бір сүйді де, қатарына жатып, кешікпей-ақ оның да көзі ұйқыға кетті.
Бұдан соң бірнеше минуттан кейін Геркулес Бенедикт ағайды қосқа әкелді, ол жалтырауық қоңыз аулауға тағы кеткелі жүр екен, осы қоңызбен үндістердің кербез әйелдері шаштарын безейді. Бұл жәндіктің арқасындағы екі дақтан көгілдір сәуле шашырайды, мұндай қоңыздар Оңтүстік Америкада өте көп болады. Бенедикт ағай осы қоңыздардың талайын ұстаймын деп үміттенген болатын, бірақ оның бүл үмітіне Геркулес кедергі жасап, ғалымның наразылығына қарамастан қосқа еріксіз әкелді. Геркулес тәртіпті адам еді, өзіне тапсырылған істі әскери тәртіппен дәл орындады. Сөйтіп, алып-негр энтомолог-ғалымның қаңылтыр қалбырына қамалудан қоңыздардың талайын құтқарды.
Көп кешікпей, күзетте тұрған Геркулестен басқа отряд адамдары тегісінен ұйқыға кетті.