ӘЛЕМДІК ГЕНДЕРЛІК ИНДЕКС КЕСТЕСІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН
Қазіргі таңда әлемдегі гендерлік саясатқа баға беру үшін әлемдік гендерлік индекс қолданылады. Әр елдегі гендерлік теңдікті негізгі 4 критикалық салалардағы жетістіктер бойынша бағалайды
Олар:
- Экономикалық саладағы қатысу мен мүмкіндіктер (ер мен әйелдің жалақысының қатынасы, шешім қабылдауға қатысуы, жоғары дәрежедегі жұмыспен қамтамасыз етілуі);
- Білім беру саласы (барлық білім беру түрлерінің екі жыныс үшін де қолжетімділігі);
- Денсаулық сақтау саласы мен өмір сүру ұзақтығы (туылу көрсеткіштері, өмір сүру деңгейінің көрсеткіштері);
- Саяси үрдістерге қатысу (билік басындағы гендерлік өкілеттілік) [8].
Бұл тізімде Исландия, Швейцария, Финляндия сынды Скандинавия түбегінің елдері көш бастап тұр. Қазақстан болса әзірге жалпы 47 орынды иеленген. Еліміз экономикалық қатысу және мүмкіндік бойынша 36 , білім беру саласында 28, денсаулық сақтау саласында 1, саяси өмірдегі белсенділік бойынша 78 орында тұр.
0-ге жақындаған сайын- толық теңсіздік
100- ге жақындаған сайын толық теңдік (3- сурет) [9].
Бұл сызбадан біз білім беру және денсаулық сақтау салаларында толық теңдіктің орнауы жақындап қалса, саяси салада бұл күнннің туар уақыты әлі алыс екендігін көре аламыз. Бұл- саясатқа әйелдердің белсенді қатыспайтынының айқын дәлелі. Тіпті, өзіміздің облысты алатын болсақ, СҚО- ның барлық 39 әкім орынбасарының тек 7-еуі (18%), 14 әкімдік жүйенің басқарушыларының ішінен 3 әйел (20%), аудандық маслихаттың 182 мүшесінің 40-ы (21%), ауылды мекендердің 203 әкімінің 27- сі (13%), басқарма басшыларының 3- еуі (15%), басқарма басшыларының орынбасарларының 10-ы (37%) әйелдер болып табылады [10].
Бүкіләлемдік экономикалық форумның негізін қалаушы және президенті Клаус Шваб:
«Әйелдер әлемдегі адами капиталдың жартысын құрайды. Сол себепті қыздар мен әйелдердің құқықтары мен білімдерін кеңейтіп, олардың көшбасшылығы мен таланттарын әлемдік деңгейде қолдану – бәсекелестікке қабілетті әлемнің негізгі жетістігі пен даму элементі»-, деген екен. Бұл сөздер шынымен де бүкіл әлемде ел дамуына келгенде мәселе әйелдердің кез келген салада белсенділігін арттыруға келіп тірелетінін көрсетеді. Сонымен қоса, гендерлік саясатты қажетті деңгейде жүргізетін – АҚШ, Швеция, Финляндия, Канада, Бельгия, Дания және т.б. әлемнің жоғары және тұрақты дамыған елдері болып табылады. Сол себепті Қазақстанда да гендерлік саясаттың қажетті деңгейде орнауы еліміздің дамыған 30 елдің қатарына кіруін жылдамдататынына сенімді бола аламыз.
Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсембаеваның пікірінше, біздің елдегі әйелдерді үш топқа бөліп қарастыруға болады екен. Бірінші топта ұлттық дәстүрді берік ұстайтын аналар тұрады. Олар үшін отбасылық жағдайдағы салт-сана, дәстүрді берік ұстап, өздерін «ошақты сақтаушы» ретінде көрсету басты орында тұрады. Олар үшін күйеу – отбасының асыраушысы. Бұл топ өкілдерінің көбісінің жоғары білімі жоқ. Олар көп жағдайда ауылдық жерлерде тұрады. Екінші топты орта және егде жастағы аналар құрайды. Олар жаңа қоғамдық формацияға өкпелі, өйткені нарықтық қатынастардың келуі бұл топтағыларды жұмыссыз қалдырған. Екінші топтағылар төмен жалақы алып жұмыс істегеннен гөрі, мемлекеттік жәрдемақы алғанды тәуір көреді. Бұл топқа жататындар қосымша білім алып, қайта даярлықтан өтудің болашағы жоқ деп ойлайды. Үшінші топқа жататындар жоғары жалақы беретін жерлерде жалданып жұмыс істейтіндер. Бұл топтағылар – жас және орта жастағы әйелдер. Олар – нарықтың қыр-сырын білетін, соған орай арнайы білім алғандар. Бұл категорияға жататын аналар мен арулар қоғамдағы отбасылық әлеуметтік-экономикалық жағдайдың өзіне қатысты болып тұрғанын айқын аңғарған жандар. Олардың ішінде саяси карьерасын биліктен іздейтін жастар көп. Үшінші топтың қосымша бөлігін құрайтындар – кәсіпкер әйелдер. Олардың басты мақсаты – нарық заңдылықтарынан қалмау және олар осы кәсібі үшін ғана өмір сүреді. Олар үшін отбасы екінші ретке қалады. Міне, біз осы 3 топ өкілдерін бір арнаға тоғыстырғанда ғана гендерлік саясатта бір нәтижеге жетеміз.
Тең құқықтар мен мүмкіндіктер негізінде әйел адамдардың әлеуетін кеңінен пайдалану бұл тұрақты дамудың кепілі. Қазіргі заманның екі негізгі стратегиясы – тұрақты даму мен гендерлік саясат.
Қоғамның гендерлік саясат жайлы түсінігі жеткілікті деңгейде қалыптаспаған. Көпшілік гендерлік саясатты тек әйелдерге қатысты мәселе деп түсінеді, бірақ оның ауқымы әлдеқайда кең бұл – даму мәселесі. Бұл – адамзат өркениетінің болашағы.Қазіргі заманғы қоғамның негізгі мақсаты әйел затына деген дәстүрлі көзқарасты өзгерту. Бұл көзқарасты өзгертуді жанұя тәрбиесі мен білім беру жүйелерінен бастау керек деп ойлаймын. Біз Мәңгілік Ел құндылықтарына негізделген гендерлік теңдікті қалыптастыруымыз қажет. Бұл ең алдымен, азаматтық қоғам және құқықтық мемлекеттік негізінде әр адам үшін тұлғалық жетілуге жағдай жасау, әйел адамдар мен ер адамдардың өз мүдделерін еркін білдіруі, экономикалық, саяси, білім беру ресурстарына бірдей қолжетімділігі арқылы өмірлік мақсаттарына жетуге жағдайлардың жасалуы. Қазіргі жаһандану мен жаңа цифрлік технолгиялар кезеңінде адам дамуының басты өлшемі оның жыныстық, нәсілдік немесе этностық белгілері емес, кәсіби құзіреті, жауапкершілігі мен шығармашылық әлеуеті. Қазақстанның дамыған отыз елдің қатарына ену мақсатына сәйкес ұлттық дамудың негізгі басымдылығы – зияткерлік, ғылым мен білім, адамның капиталының дамуы болу керек. Қазақстан үшін дамыған отыз елдің қатарына ену осы адам капиталын дамыту арқылы мүмкін. Бұл маңызды стратегиялыық міндетті жүзге асыру әйелдердің елдің экономикалық және саяси өміріне жан-жақты және белсенді қатысуынсыз мүмкін емес. Қазақстанда әйелдер халықтың еңбекке жарамды және жоғары білімді бөлігінің көпшілігін құрағандықтан, қоғам дамуының индустриалды өндірістік дәуірінде негізгі өндіргіш күш ер адамдар болса, цифрлі технологиялар заманында әйелдердің рөлі басым болуы ғажап емес. Сондықтан, қазақстан қоғамының өркендеуіне әйел адамдардың зияткерлік мүмкіндіктері мен қабілетін толыққанды пайдаланудың маңыздылығын түсіну Қазақстанның өркендеуіне үлкен ықпалын тигізетіні сөзсіз. Гендерлік саясаттың қажетті деңгейде жүргізілуі қоғамдық сананы өзгертіп, Қазақстанның дамуына пайда әкеледі деген қорытындыға келдік.