КОРОЛЬДІ ЖЕРЛЕУ
Ертеңіне, майдың жиырма тоғызы күні Казонде қаласы адам танығысыз түрге айналды. Жергілікті халықтар көшеге шығуға қорқып үйді-үйлеріне тығылысты.
Құдай тектес король мен министрдің өліміндей жантүршігерлік өлімді олар ешқашан көрген емес. Жергілікті халықтардың арасында кейбіреулері, қарттары ғана жай адамдардың етін отқа қақтап көргендері бар-ды. Африканың өткен замандағы адам сойып өткізетін мерекесіне алдын ала зор дайындық керек, өйткені адам еті оңайлықпен қуырыла қоймайтынын сол дәуірдің кәрі көздері жақсы біледі. Ал король мен министрдің денесі қураған тамызықтай-ақ оп-оңай жанып кетті. Мұнда бір құпия сыр болуы мүмкін…
Хозе-Антонио Альвец те үйінен шықпай жатып алды. Ол, мына уақиғаның жауапкерлігін жұрт өзіне аудара сала ма деп қорыққан еді. Негоро оған король өлімінің себебін түсіндіріп, өзің де сақ бол деп ескертті.
Егер корольдің өлімі құл саудагеріне аударылса, Альвец бейшараның халі нашарға айналар еді. Бұл бәледен көп шығынсыз құтыла алмайтыны айдан анық. Бірақ Негороға бір тамаша ой сап ете қалды. Сөйтіп, португалдың мәслихатымен халық арасына мынадай лақап таратылды: Казонде королінің әдеттен тыс жағдайда қаза болуы — Ұлы Маниттің ерекше рақымы деп ұғыну керек, жаббар иенің мұндай өлімді сирек пендесіне ғана береді.
Не болса соған илана беретін надан халықтар мына жасанды қол дұзаққа іліне кетеді. Король мен министрдің денесін жалмаған қасиетті от деп жарияланды. Ендігі қалғаны дәрежесін құдай көтерген адамдарға лайықты құрмет көрсетіп жерлеу ғана.
Жерлеу мәселесіне, анығырақ айтқанда айырықша салтанатпен жерлеу мәселесіне байланысты, Негороның Дикпен есеп айырысуына мүмкіндік болды.
Егер Орталық Африканы зерттеген бірнеше ғалымдардың, соның ішінде Камеронның өз көзімен көріп жазып қалдырған хаты болмаса, Муани-Лунга сияқты негр патшасын жерлеу кезінде қаншама қан төгілгеніне ешкім сенбес еді.
Корольдік таққа корольдің бәйбішесі Муана ханым мұрагер болуға тиіс. Муана ханым корольдік правоны қолына түсіруге асықты. Өлген корольді кешіктірмей жерлеу мәселесіне әзірлік жасауға әмір беріп те қойды. Осы әмірімен өзінің жоғары дәрежелі правосын жариялап, басқа да дәмеленушілердің де, әсіресе Оукус корольдің алдын орап үлгірді. Муана мемлекет басқарушысы болып алды да, өлген корольдің басқа әйелдерінің өзіне деген күндестік әрекетінен құтылды. Корольдің бәйбішесі еді ғой Муана ханым, басқаларынан жасы да үлкен, енді өзіне талай рет жәбір көрсеткен кіші күндестерінен де құтылатын болды. Сондықтан өлген корольдің денесін жерлеуге тиісті ғұрыптардың бәрі сақталады, өлік келесі күні кешкісін жерленеді деп жар шақыртты.
Жаңа болған ханым патшаның әміріне сарай адамдары болсын, бұқарасы болсын, ешқандай наразылық білдірмеді, Муана ханымның таққа отырып патша болуына Альвец тағы басқа құл саудагерлері де қуанбаса ренжіген жоқ. Олар жаңа королеваға сыйлықтар беріп, жағымпаздануларының арқасында оны оп-оңай өз ықпалдарына көндіріп алатындарына шектенбеді.
Сөйтіп, өлген корольдің тақ мирасы әп-сәтте бейбіт шешілді. Тек король марқұмның әйелдері ғана қатты қайғыда қалды. Әрине, мұның себебі де бар-ды.
Өлікті жерлеу дайындығы сол күннен-ақ басталды. Куанго өзенінің суы мол, ағысы қатты бір тарауы Казонденің үлкен көшелерінің бас жағынан ағып өтетін-ді. Жаңа королева қабірді осы өзеннің табанынан қазуға әмір берді. Мұның үшін өзен ағысын уақытша бұра тұру керек қой. Жергілікті халықтар өзенге бөгет соғып ағысқа тосқауыл жасай бастады. Жерлеу салтанаты аяқталысымен бөгетті бұзып суды ескі арнасына түсіруі керек.
Негоро король қабірінің басына әкеліп шалатын құрбандықтардың қатарына Дикті де қосуға ұйғарды. Миссис Уэлдон мен кішкентай Джекті өлді деп естігенде Диктің қандайлық күйінгенін Негоро өз көзімен көрген. Егер Дик бостандықта болса, су жүрек Негоро оның қасына баруға да қорқар еді. Бірақ қазір Диктің қол-аяғы бұғауда болғандықтан португал оны дәрменсіз көрді де, қастасымен жүздесуге ұйғарды.
Бұл оңбаған құрбандығына қорлық көрсетіп, әбден жәбірлемесе көңілі көншімейтін барып тұрған қаныпезердің өзі еді. Құрбан болатын адам азап шексе, оның қиналғанын көріп жаны сүйінетін ол ғалымның.
Негоро бір күні хавильдар күзетіп тұрған сарайға келді, онда Дик Сэнд қол-аяғы байлаулы, сыз жерде қамауда жатқан. Кейінгі күндері оған мүлдем нәр татырмай қойып еді. Басқа түскен ауыр қайғы, байлаулы арқанның денені қиған азабынан әбден әлсіреген Дик, бұл қасіреттен тек өлім ғана құтқарар деп ойлаған-ды.
Бірақ ол Негороны көрген бойда бірден сергіп кетті. Бұлқынып бұғауды үзіп опасыз сұмды бассалып өлтіргісі де келді. Бірақ қаншама бұлқынғанымен Дик түгіл Геркулес сияқты алып та үзе алмастай, арқан тым жуан еді.
Дик Сэнд күрестің аяқталмағанын, бірақ күрес түрінің өзгергенін байқады. Ол Негороның көзіне тайсалмай тік қарады. Бұл арада Негоро не айтса да, оған жауап қайыруды өзіне ар көрген-ді.
— Мен, өзімнің бала капитанымды, — деп бастады Негоро,— ақырғы рет көріп кетуді, оның «Пилигрим» бортындағы жүргізген әмірін бұл арада жүргізуден жұрдай болғанына көңіл айтуды өзімнің борышым деп білдім.
Диктен жауап қайтпаған соң Негоро сөзін сабақтай түсті.
— Капитан, сіз шынымен-ақ өзіңіздің бұрынғы аспаныңызды танымай тұрсыз ба? Мен сізден бұйрық алуға асыққан едім. Ертеңгі асқа не дайындайын, соны бұйырыңызшы?
Жер еденде ұзынынан түсіп жатқан жас жігітті Негоро керіліп тұрып теуіп қалды.
— Капитан, сізге тағы бір сауал берудің реті келіп қалды. Сіз Оңтүстік Америка жағалауына барғалы аттанып, Анголадан бір-ақ шыққаныңыз қалай, оның себебін білесіз бе?
Дик Сэнд өз болжалының дұрыс екенін, «Пилигрим» компасын опасыз кок бұзғанын айтпаса да сезетін-ді. Негороның мазақ сауалы бұл істі бұлтармай-ақ мойындағандық болды.
Дик ешқандай жауап қайырған жоқ. Оның жақ ашып үндемеуі Негороның зығырданын қайната бастады.
— «Пилигрим» бортында, — Негоро сөзін сабақтай түсті,— теңізші болуы, теңізші болғанда да тәжірибелі теңізші болуы сіз үшін зор бақыт болғанын мойындаңыз, капитан! Егер ол болмаса, сіз кемені мұхиттың қай аралындағы құзға киліктіріп бізді кемемен бірге жоқ қылар едіңіз! Ондай сұмдықты ойлаудың өзі қандай үрейлі! Бірақ кемедегі белгісіз теңізшінің арқасында «Пилигрим» жолаушылары өздеріне достықпен қолын созған ақ ниет адамдардың қоғамына, меймандос жерге жетіп қалды. Көріп тұрсыз ба, жігітім, сондай теңізшіні көзге ілмеймін деп оңбай қателескеніңізді!
Негоро байсалды адамша сөйлеген болды, бірақ бұған бар жігерін салды. Ол сөзін аяқтады да, еңкейіп Диктің көзіне адырая қарады. Зәр шаша үңілгенде португалдың беті қисайып, біртүрлі зұлымдықтың нышаны байқалды. Ол осы сәтте Дикті қауып алғалы тұрған ит сияқты еді. Көмейіне тығылған ашулы ызаны лақ еткізіп құса салды.
— Дүние кезек деген осы, жігітім! — Ол еліре ақырды.— Бүгін мен капитан! Мен қожа! Сапары қырсыққан күшік теңізші сенің тағдырың мына менің қолымда!
— Сен мені бүйтіп қорқыта алмайсың. Өлімнен қорқатын кісің мен емес,— дей салды Дик самарқау үнмен.
— Ол батырлығыңды әлі-ақ көрерміз! — деп құтырынды Негоро.— Сен әлде тағы біреулердің жәрдемінен үміткер шығарсың? Бұл жерді Казонде дейді, Альвец аман тұрғанда, менің ақ дегенім ақ та, қара дегенім қара. Ақымақ! Сенің жолдастарың Том тағы басқа негрлер әлдеқашан сатылып кеткен, олар осы күні Занзибар жолында кетіп бара жатыр… Жолдастарыңның сенімен ісі де жоқ, өз бастары мен өздері қайғы.
— Олар тұтқында болғанымен Геркулес бостандықта, оны қайда қоясың?— деді Дик.
— Геркулес! — деп күжілдеді Негоро жер тебініп.— Арқа сүйер негірің арыстан мен қабланның әлдеқашан жемі болған. Одан кек ала алмай қалдым, менің бар өкінішім осы!
— Егер Геркулес өлсе, Динго тірі,— деді Дик Сэнд.— Сендей пасықты жайғастыруға төбеттің де шамасы келеді. Мен сенің іші-сыртыңды әлдеқашан көріп білгенмін. Негоро, сен сужүрексің, Динго әлі де болса сені іздеп табады, кездестің-ақ, ісім бітті дей бер!
— Оңбаған неме! — Португал құтырына айқайлады.— Оңбаған! Сенің Дингоңды өз қолыммен атып тастағамын! Миссис Уэлдон мен бөбек Джектің барған жеріне төбетің де кеткен. Сол, оңбаған төбет сияқтанып «Пилигрим» бортында болғандардың бәрі де қырылып қалады!..
— Солар сияқты сен де құрисың,— деді Дик.— Бірақ бұрын құрисың.
Жасөспірімнің салмақты үні мен батыл көз қарасы Негороның зығырданын қайнатты. Ол не болғанын білмей, сөзден гөрі тікелей күшке көшуге, қорғаныссыз тұтқынды өз қолымен өлтіріп тынуға ыңғайланды. Ол атылып барып Диктің үстіне қона қалды да, жұлмалап, кеңірдегінен ала түсті… бірақ қолын дереу тартып алды. «Дикті осы қазір-ақ өлтіріп тастау, өзінің қас дұшпанын дайындаған азаптан құтқару деген» деп ойлады ол лезде.
Дикті босатып жіберді де, тұтқынды көз айырмай қадағалап күзет деп хавильдарға қатаң тапсырып, барактан шыға жөнелді.
Бұл жанжал Дикті мойытпағаны былай тұрсын, қайта рухын көтеріп, жігерлендіре түсті. Өзіне кенеттен күш пайда болғанын сезді ол. Негоро келгенге дейін оның арқанмен таңылған аяқ-қолы қозғалмай сіресіп қалған-ды, енді қозғалуға болатын сияқты. Мүмкін, оның бұғауын жұлмалап жүріп Негороның өзі босатып алған болар? Енді оншалықты зорланбай-ақ қолымды босатып алармын деп ойлады Дик. Бұл тек өзін өзі жұбату ғана. Мына тас қамауда көз айырмай қасында күзетші тұрғанда, Диктің шеттен күтетін жәрдемнен үміті де жоқ-ты. Бірақ адам өмірінде жағдайдың болмашы ғана оңала бастауы аса зор бақыт боп көрінетін минуттары болады. Босанудан үміт күтудің енді ешбір нышаны қалған жоқ. Оны құтқаратын көмек тек қана тыстан келе алады. Бірақ оған кім жәрдем етпек? Ешкім де! Енді тірі жүріп өмір сүрудің қанша қажеттігі бар? Ол өзінен озып өлім сапарына кеткендерді есіне түсірді. Гэрристің: миссис Уэлдон мен кішкентай Джек тірі емес деген сөзін Негоро қайталап айтты. Аттаған сайын аңдып жүрген ажал Геркулесті де жұтуы ықтимал. Том да, оның жолдастары да құлдыққа сатылып кеткен. Олар ендігі алыста жүрген болар. Дик олардан енді мәңгі айрылды.
Кездейсоқ бір сәтті жағдай күтудің мүлде ыңғайы жоқ. Бірақ Дик Сэнд өлімді тайсалмай қарсы алады.
Уақыт өте берді. Кеш те жақын. Төбедегі саңылаудан түскен күндізгі жарықтың әлсіз сәулесі бірте-бірте сөніп бара жатыр. Базар алаңы да тыншыды, кешегі азан-қазан, айқай-шуға қарағанда, бүгін әжептәуір тыныш еді. Тар қапаста қамаулы жатқан Диктің көлеңкесі қарауытып барып жоқ болды, енді түрме ішін түнек басты. Казонде қаласы тым-тырыс.
Дик Сэнд екі сағаттай мызғып алды. Ол енді тынығып, рухы көтеріліп, сергіп қалған еді. Сәті түсіп, бір қолын босатып алды да, құрысып қалған қарын рахаттана созып, керіліп жатыр.
Шамасы түн ортасы ауып кетсе керек. Хавильдар елімен тең, ұйықтап жатыр. Ол кешкісін бір шөлмек арақты тамшысын қалдырмай жалғыз қылғып ыдысын босатқан-ды, оның құрысқан саусақтары түсінде де бутылка мойнын қылғындырып жатқан.
Дик Сэнд қаша қалсам керегі болар деп өзін бағып жатқан түрмешінің мылтығын алғысы келді. Бірақ сол сәтте түрменің сыртқы босағасының іргесін тырналаған тысыр естілді. Дик бос қолына таянып, хавильдарды оятпай есікке жылжып жетті.
Дик Сэнд қателеспеген. Шынында да қабырға сыртындағы тысыр анығырақ естіле түсті, біреу есік табалдырығының астын қазып жатқан тәрізді. Бірақ бұл кім болды екен?
Адам ба, әлде тышқан ба?
— Әттең, бұл Геркулес болса!.. — деп күбірледі жасөспірім.
Ол түрмешісіне қарады, хавильдар қозғалар емес, қорғасындай ауыр ұйқы оның денесін құрсаулап тастаған. Дик Сэнд табалдырық үстіндегі жарыққа аузын тақап, даусын бәсең шығарып, «Геркулес!» деп сыбырлады. Оған жауап ретінде иттің ақырын ғана қыңсылағаны естілді.
«Бұл Геркулес емес, Динго екен!—деп ойлады жасөспірім.— Ақылды төбет мені түрмеден де іздеп тапты-ау! Ол Геркулестен тағы да хат әкелген болар? Егер Динго тірі болса, Негороның сөзі шылғи өтірік! Демек…»
Осы сәтте табалдырық астынан иттің аяғы көрінді. Дик аяқты ұстап қарап, таныс төбеттің аяғы екенін тани кетті. Егер менің төрт аяқты опалы досым маған хат әкелсе, онысы қарғыбауында байлаулы болар. Не істеу керек? Әлде Дингоның басы сиярлықтай етіп тесікті кеңіту керек пе? Қол қусырып тектен-тек отыра беруге болмайды, бірер шара қолдану керек.
Дик Сэнд енді ғана қолымен жер қаза бастап еді, алаң жақтан иттердің шулап үргені естілді. Жергілікті иттер бөтен иттің келгенін біліп қалған. Динго қаша жөнелді. Бірнеше дүркін мылтық атылды. Күзетші хавильдар қозғала түсті де, тісін қарш-қарш қайрап жата берді. Дик Сэнд қашу ниетінен айнып орнына қайта барып жатты. Бірнеше сағаттан соң, — Дикке бүгінгі түн ұшы-қиыры жоқ ұзақ көрінді,— таң білініп, кешікпей-ақ күн шықты. Бұл Дик өмірінің ақырғы күні.
Королева Муананың бірінші министрі бастаған жергілікті халықтар жанталаса қимылдап күні бойы бөгет соғумен әуре. Бұл жұмыс белгіленген мерзімінде бітуге тиіс, әйтпесе ынтасыз қызметкерге мәңгілік майып болу қаупі төніп тұр. Жаңа әмірші әйел өзінің өлген ерінің барлық өнегесін қолданатын түрі бар.
Өзен суын басқа арнаға түсірген соң, арнаның құрғап қалған табанынан ұзындығын елу фут, ені мен тереңдігін он футтан етіп үлкен шұңқыр қаздырды.
Әлгі шұңқырды кешке таман Муани-Лунганың күң әйелдерімен толтыра бастады. Әдетте өлген патшаның күң әйелдерін ерінің көріне тірідей көметін-ді. Бірақ Муани-Лунганың қасиетті елімнің құрметі үшін жерлеу салтанатын бірсыпыра өзгертуге ұйғарылып, әлгі сорлылар корольдің өлі денесімен бірге суға тұншықтырылатын болды.
Ғұрып бойынша өлген адамды ең жақсы киімін кигізіп жерлеу қажет. Дегенмен корольдің көмірге айналған сүйектері ғана қалғандықтан, бұл жолы басқаша істеу керек болды. Тал шыбықтан тоқып адам сүлдесі сияқты бірдеңе істетіп еді, мұнысы корольдің тірі бейнесінен де әдемі шықты. Сүлденің ішіне корольдің күйіп бітпеген қара-қожалақ сүйектері мен бірер уыс күлін тығып, сыртына марқұмның салтанатты киімдерін киіндірді. Бенедикт ағайдың көзілдірігі де сонда кетті. Бұл масқара бір жағынан күлкі болса, екінші жағынан үрейлі еді.
Салтанатты жерлеу ғұрпы от жарығымен түнде өткізілетін болды. Ханымның әмірі бойынша корольдің денесін жерлеуге Казонде халқы түгел қатысуға міндетті.
Кешкісін жерлеу салтанатына жиналған халықтың алды корольдің ақырғы мекені — қабіріне жеткенде, арты базар алаңында шұбатылды. Халықтың сап түзеп өтетін жолындағы үлкен көшеде ғұрыптық билеу, айқай-шу, сиқыршылардың зікір салып ұлығаны, музыка құралдарының сыңси сарнап, барабандардың гүмпілдеген үні, ескі мушкет мылтықтардан үсті-үстіне атылған гүрсіл бір минут тынған емес.
Жерлеу салтанатына Хозе-Антонио Альвец, Коимбра, құл саудагері арабтар мен хавильдарлар да қатысты. Королева Муана қашан король денесі жерленіп болғанға дейін шеттен келгендердің базар алаңынан шығуына тыйым салған, олар бұйрыққа бойсұнып қалада қала берді. Ел басқару ісін жаңа үйрене бастаған әмірші әйелдің бұйрығын орындамау аса қауіпті екенін олар да білетін-ді.
Король денесінің күлін салтанатты жүрістің соңғы қатарында әкеле жатты. Корольдің талдан тоқылған сүлдесі салынған зембіл-табытты марқұмның екінші дәрежелі әйелдері қоршаған. Олардың кейбіреулері өз әміршісі әрі ерімен бірге «ана дүниеге дейін» баруға тиіс еді. Королеваның өзі табыттың артында келе жатыр. Жерлеуге жиналған халықтың соңы өзен жағасына жетпей-ақ түн болды, бірақ шырышты ағаштардан жағылған шырақтардың самсаған қызарыңқы жарығы қараңғылықты сейілтіп жіберді.
Құрғап қалған өзен арнасының табанынан қазылған шұңқыр от жарығымен анық көрініп тұр. Шұңқыр қара денелермен лық толған. Жерге қазық қағып шынжырлап тасталған адам денелері әлі тірі, бейшаралар тыпырлап жатыр. Елу шақты жас күң өлім күтіп көр аузында тұр.
Бұлардың кейбіреулері тағдырына құлдық ұрып үндемейді, енді біреулері аласұрып, ауыз жаппай сарнап тұр.
Королева топ арасынан әдемі киінген әйелдерді өзі таңдап алды, бұлар көп күңдердің жан түршігерлік тағдырларымен ортақтасуға тиіс.
Құрбандыққа арналған әйелдердің біреуіне, яғни корольдің екінші әйеліне тізерлеп екі қолымен жер тіреп төрт тағандап тұруға бұйырылды. Бұл әйел корольдің тірі күнінде отыратын орындығы болған, енді өлгенде де оған орындық болуы керек. Корольдің аяғы астына төсеніш болуы үшін тағы да екі әйелін шұңқырға итеріп құлатты.
Табыттың қарсы алдында, шұңқырдың арғы бетінде қызылмен боялған бағана тұр. Бір-ақ адамды сүйреп әкеліп әлгі бағанаға тікесінен тұрғызып арқанмен таңып қойды.
Бұл Дик Сэнд еді. Жас жігіттің белінен жоғарғы жалаңаш денесі айғыз-айғыз. Бұл Негороның бұйрығымен соғылған дүренің таңбасы болатын. Жақсылықтан үмітін үзген Дик енді өзін өзі байсалды ұстап, өлім бетіне тайсалмастан тік қарады.
Муана королева белгі берісімен, Казонде жендеттері король әйелдерінің біреуін алып ұрып бауыздап та жіберді. Бұл қырғын қасаптың басталу белгісі еді. Елу күң аяусыз бауыздалып, қандары сарқырап шұңқырға құйылды. Құрбандықтардың ызалана зарлаған айқайы гуілдеген топқа сіңіп өшіп жатты.
Халықтың толқуы басыла бергенде, Муана королева тағы да белгі берді, сол сәтте жергілікті халықтың бәрі жабылып бөгетті бұза бастады. Жан түршігерлік қаталдықты соза түсу үшін бөгетті бірден құлатып жібермей суды ескі арнаға сыздықтап қана ағызды. Су алдымен шұңқыр түбінде жатқан күңдердің денесін басты. Олардың арасындағы әлі де болса тірі жатқан кейбіреулері суға тұншығып жатыр. Су Диктің тізесіне жеткен кезде, өзін бағанаға таңып қойған арқанды үзбек болып ақырғы күшін салып бұлқынды.
Су үздіксіз көтеріле берді. Ескі арна суға толған сайын күңдер де суға көміліп бірінен соң бірі жоғала берді.
Казонде королін құрметтеп көму салтанаты әлденеше адамның басын жұтып, ақырында өзен табанынан қазылған көрдің бірнеше минуттан соң ізі де қалмады.