Қоғам

БАҚБАҚ БАСЫ ТОЛҒАН КҮН

— Тұр, Заманбек, тұра ғой.

Жұмсақ алақан басымнан, бетімнен сипады. Бұл Күләш, ұзын сирақ класком қыз Күләш қой. Сен қайдан жүрсің, Күләш? Қайтадан дос болғың келе ме? Ал анау жолы неге бұрылып кетіп қалдың? Тағы ап-ауыр портфеліңмен соқпақшы болдың. Ендеше жолдасты басқа жерден тауып ал, мен сенімен бірге мектептен қайта қоймаспын. Солай, қайтпаймын деген соң қайтпаймын.

Салтанатты музыка ойналды. Ол жүрегімнен шымырлап шығып жатыр.

— Қайырлы күн, жолдастар! Бүгін күн жексенбі. Алматы уақыты таңғы сағат алты.

Мәссаған, Күләшқа не болған? Смирно ағайдың жуан, тарғыл даусымен Қапшағай электростанциясының салынып біткендігін маңыздана нақыштап айтады. Мүмкін, ағайды мазақтап тұрған шығар? Ой, сіз білмейсіз, класком қыз сондай тентек бала. Әнекүні шашын желп еткізіп, сондай қап-қара жанарымен көзімді жыпылықтата бұқтырып тұрып: «Сен ақымақсың!» — деді. Ақымақ дегені — төбесіндегі көкпеңбек көбелек лентасынан тартып қалғанмын.

Heгe екенін қайдам, Күләш маған қандай ауыр сөз айтса да ренжімеймін. Әдейі осы бір ашуланып көрейінші деп бел байлағаныммен, кекілді қыз туралы жаман ойлар басыма қонақтамай-ақ қойды. Сол жылы да ұзын сирақ қыздың қорлығына қашанғы шыдаймын деп, бар шақарлығымды салып едім, тағы түк шықпады. Ашулана алмайды екенсің, тым болмаса күле білу керек. Бетіне қарап жымиып едім, не айтты дейсің ғой? «Неменеге мәз боласың, саған әлі ақылдысын дей қойғамын жоқ».

— Мынау тұра ма, ей, жоқ па? — Әлуетті біреу жағамнан жұлқыды. «Тұра ма ейі» несі? Қасымдағы класком қыз Күләш қайда? Айқасып шырма-шату матасқан кірпіктерімді екі жаққа майыстырып жаздым, көзімді аштым… Қалың қара мұрт бетіме тие төніп тұр. Өй, мынау кәдімгі көкемнен аумайды, соның тап өзі. Күләштің орнына күнде көріп жүрген көкемнің емпеңдеп келе қалғанына күйіп кетіп, теріс айналдым.

— Заманбек, енді екі айтқызба.

Сезіп жатырмын: көкем солидол аңқыған қайырма қонышты етігін салмақтай сәнмен басып үйден шықты. Екі айтқызбайтынымды онсыз да біледі. Атып тұрып шалбарымды апыл-ғұпыл киетінімді, сөйтіп, шөпке сақадай сай әзір болатыныма дейін сезіп барады. Көкемнің дәл осы орынсыз білгіштігіне ыза боп кеттім.

Кеудемде тұмсығын бауырына тыға иіріліп ақ мысық бырылдап жатыр. Рақат-ей өздеріне. Алгебрадан есептер шығарып, неміс тілінен ереже жаттаумен шаруасы жоқ. Ал кеудеге шығып ұйқы соққанға, өздерінен әлденеше әлсіз тышқан байғұстарды қынадай қанға бояп қырғанға машық.

Итеріп жібердім, — кетсін аулақ. Қу деймін, төрт аяғымен дік етті де, мұрты тікірейе көзінен удай жасыл жеккөрінішін шашып қарады. Тікірейтсең, төсектен сирағымнан таң азаннан суырып алған көкеме тікірейт. Әйтпесе, сені кеудемнен лақтырып не жыным кепті. Тікірейт, не тындырып тастайтыныңды көрейік.

Оның сенен асырып тікірейте алатын сала құлаш мұрты бар.

Киіне бастадым. Ұйқылы-ояумын. Басым бұлғалақтап кеудеме ауа береді. Енді ғой күні бойы ыстық күн астында тоңқаңдап шөмеле саламын. Әнеукүні ауданнан келген көзілдірікті дәрігер апай не деп кетті? Иә, бәсе, не деп кетті? «Жазғы демалыста ұйқыларыңды жақсылап қандырыңдар, тірсектеріңді майыстырып ауыр жұмыс істемеңдер. Балық аулау, суға сүңгіп рақаттана шомылу денсаулыққа пайдалы». Ал, балық аулап, суға шомыл. Суға сүңгуді өзіміз де жақсы көреміз. Бұлқынта қармаққа алтын бауыр сазан ілу де жанның рақаты. Соны бостан-босқа бізге сарнағанша, көкемді мектепке шақыртып алып неге түсіндірмейді? Әуелі дәрігер апай көзілдірігін тәптіштеп сүртіп, қабағын қарс түйіп алуы керек. Көкем оның қатал жүзіне қаймыға қарап, жұдырығына жөтеліп отыр. «Жолдас Заманбектің көкесі, күрк-күрк жөтелмеңіз. Одан да мынаған жақсылап құлақ салыңыз: балаңызға шөмеле салуға болмайды. Ол омыртқасына зиян, одан гөрі ауыл сыртындағы экскаватор қазып кеткен шұңқырдағы суға күні бойы шомылу әлдеқайда тиімді». Көкем оның сөзін көзінің астынан ұрлана алайып қарап күдіктене тыңдаса да, басын үсті-үстіне изей беруге мәжбүр. Иземегенде қайтеді, ата-аналар жиналысында, мектепте сөйлеген сөздердің бәрі де ол үшін әрқашан дау-шарсыз дұрыс.

Қандай тамаша болар еді, ә?

Түннен қалған сорпаны қалғып-шұлғып әзер іштім. Кешегі қақпақ жауырын еңгезердей еттерден дәнеңе қалмапты, тек жапырақталған жүдеу турамшылар қалқып жүр. Мамам кеше күрескенде ұшып кеткен шалбарымның түймелерін қадап әлек.

— Жыланнан сақ бол, құлыным. Тартпаға түсіп қалып жүрме. Басыңнан күн өтіп кетпесін.

Түу, елдің бәрі неге балаға санайды? Ең аяғы мамам да. Немене, ел шөпке тек жыланға шаққызу үшін ғана бара ма? Лермонтов он үш жасында шөп шаппақ түгіл, он бес жасында поэма жазыпты. Бірақ мамамның құлағына ол кіре қоймайды. Лермонтов түгіл, біз оқитын Бейімбет, Сәкен ағайлардың кім екендігінен хабары шамалы. Өткен күзде аудандық газеттен завклуб жігіттің төрт жолдық «Астық — қамбаға!» атты өлеңін оқып: «Болайын деген бала екен», — деп, көкем екеуі таңдайларын қатты қағып, ризашылықтарын білдірген.

Мамамның айтқан ақылы тағы есіме түсті. Жылан шақпасын, басымнан күн өтпесін, тартпаға түспейін, келістік. Аман-сау секіріп жүргенге, тегі, қарсы емеспін. Олай болса, шөп шабуға бармай-ақ қояйын. Оның орнына доп теуіп, асық ойнамаймын ба. Шын аяса, сөйтсін. Өйте алмайды екен, ызамды келтіріп, өтірік аямасын.

— Кәне, кеттік! — Көкем солидолмен шылқытып сылап тастаған ұзын бишікті қабырғадағы шегеден алды. Маған бұрылып та қараған жоқ. Басқа, менің артымда көрінбей тұрған бөтен біреуге сөйлеген сияқты. Немесе қабырғаға. Және бір бұл емес, ылғи да солай. Жуықта пионер газетіне «Мектебім» атты өлеңім жарияланғанда, бетіме ежірейіп қарап отырып: «Өй, ит!» — деген. Басымнан да сипамады. Көкем сондай адам: тентектік жасасам, бишікпен тартып жіберуден тайынбайды, өлеңім шықса, мәнерлеп тұрып ит дейді.

Бешпетімді кидім де, соңынан ердім.

— Тоқтай тұр, Заман! — Мамам ғой. Қолында қызыл орамал. — Мынаны басына орашы. Әйтпесе, мұрныңнан қан кетеді. Баяғыда тойда ғана кигенмін, сонда тартқанмын, су жана деймін, шыт жаңа.

Азарда-безер басымды шайқаймын. Мұндай қып-қызыл орамалды дардай ұл түгіл, қыздар да тартпас. Балалар көрсе, күлкіден қырылмай ма? Оқас… Күләш… Ұзынсирақ қыз есіме түскенде, орамалды басымнан жұлып алдым.

— Әй, ки деген соң, ки. Әйтпесе… Болды, бітті, түсінікті. — Көкемнің қымқыра ұстаған бишігінің жылан құйрық ұшы иреңдей қалыпты. Бұл — сөзін екі рет қайталамайтынын түсіндіру. Ойда жоқта дәл ұшы ашыған мұрнымды қостап тартып, қарғыс атқыр орамалды басыма орадым. «Ки деген соң, ки…» Өз басына апамның үлкен түбіт шәлісін тартып қойса, қайтер еді?

Төрдегі айнаға көз қырымды салдым — масқара! Беті теңбілденген, шөмелетіп орамал байлаған ебіл-дебіл сары бала әлде, мүмкін, қыз да болар-ау, әйтеуір, қай тұқымнан екенін айырғысыз әлдекім жыламсырай қарап тұр. Аяғымды қалай, қай жерге басқанымды анық

аңғармай, сандалақтап сыртқа шықтым.

* * *

Есікті ашысымен жарқылдап кеп құшақтап алған күн кірпік-сәулесін тіктеп көзіме қадады.

Жаңағы ашу-ызамның түтесі шығып, түгі қалмастан тарап кетті.

Әбден таңқылдап піскен сап-сары қауын — күн шеңбірек атып, Қоқай шалдың аласа үйінің төбесінен табан үзіп, домалана көтеріліп келеді. Ауыл таңғы ұйқыда талықсып, жым-жырт. Майлыаяқ үрмейді: тұмсығын бауырына тыға шарбақ қораның түбінде дөңгеленіп, үлкен о әрпін құрапты. Қорадағы қотиын қызыл әтештің қанаттарын жігерлене қаққаны, шібилерді басынып, «қо-қоқ, қо-коқ» деп қойып, бүгінге жетерліктей қысқа әрі нақты әмірлер таратқаны ғана шырықты бұзып тұр. Мұзтаудың конус шоқылары таңқаларлықтай айқындалып, қиыла қалыпты. Тура тұсқа іліп тастаған кілемдей. Маздаған сәулені жайлап сіңіріп, маңқия бартиып-бартиып жатыр.

Тамаша таңғы тыныштық!

Кәрімнің көкжөтел «Беларусі» де әдеттегісінше ауылды басына көтеріп дарылдамайды. Яғни күн демалыс, жан адам жұмысқа шықпақ емес. Қуанып қалдым. Басымдағы оңбаған орамалды ешкім көрмейтін болды.

— Желкең үзілгір, әкел ана доғаны! — Жәнипа апайдың жігерлі даусы. Біреуді қарғап-сілемесе, ішкен тамағы бойына сіңбейді. Анық шөпке жиналған беттері. Басқа әйелдерден үні, ұрсуының сорты бөлек. Баласы Оқастың лақтырған тасындай сөздері, қарғысы доп-домалақ әрі ауыр. Тиген жерін оңдыртпайтын, бір ойбайлатпай тынбайтын зілді. Осы жолы Оқастың өзін сыйлап жатыр. Оқастың жыпылдаған қайыстай ерні есіме түскенде жүрегім су ете қалды: қызыл орамал байлаған баланың хикаясының сан саққа жүгіріп, түрленіп, кешке ауылда желдей есетінін басыңдағы қалпағындай көре бер. И-ий, сол қара баланы жек көретінім-ай.

— Сен босқа тұрмай, Қоқайды шақырып кел, — Көкем ғой. Құлдыраңдап жүгіріп кеттім.

Саусақтарым терезенің шекесінде ойнайды. То-тоққ… Мен тап осы жерде ойда жоқта жаңалық аштым: шекем мен әйнек дыбыс шығару қасиеті жағынан ұқсас екен.

Балақан, басың пісті ме,

Шекең, бәлем, істі ме?

Қара Оқас жығып салып, алтын басымды қор етіп, шертпекті өстіп алды ғой.

Денесі шілбиген арық болса да пысық, ширақ, масқара соғып тастайды. Төбелесі қауіпті, өйткені әдісі өте көп. Тебеді, тырнайды, тістейді, шаштан жұлады, таспен ұрады, қысқасы, еркекше де, қыздарша да таяқ жегізуге жетік. Шіркін, содан кегімді қалай қайтарсам екен?

Перденің шетінен сығалай қараған Қатима апамның жүзі көрінді де, қайта жоғалып кетті.

— Шал, тұр, бала келіп тұр. — Аржағынан Қоқайдың: «Әкем-ау, солай ма еді?» — деп сыңсыған даусы естілді.

Айналып есікке келдім. Тиек тым жоғары ыршып, жапсардан Қоқай көрінді. Жұдырықтай ғана шекесінен шертіп жібергің келеді де тұрады. Көзі жыпылықтап, күннен ұялып тұр.

— Әкем-ау, кімнің баласысың? — Мүлдем танымай қапты, — Е, Сауытбектің шаңырағынанмын де. Шөп шабуға бет алмақсыңдар ма, әкем-ау? — Бұ да өзінше тауып тұрған айласы. Неғыласың, дәнеңе білмей қапты. Түнде біздің үйде сорпаны ұрттап қойып, білегін сыбана, ертең қырып шеп шаппасам деп жұлқынғаны есінен шығыпты.

Басымды изеймін.

— Әлі ерте, — жауап күтпестен, алақанымен аузын қалқалай, сөзін сыбырға кешіре қойды, — Сауытбек… ана әкең қанша бөтелке алды? — Қоқай ұятты адам. Арақты абыройсыз атымен атамайды, бөтелке дейді. Екі саусағымды жоғары көтердім. Ыржың етті…

— Е-е, болды. Қазір міне… Біз қашаннан көмек-пөмекке дайын Қоқаймыз. Әне, сондаймыз. — Қайқы тұмсық қара бәтеңкесі жантайып есік алдына шықты, — hah, һаһ, мына тамыздың күні тамылжып тұр екен. Сары майдай-ау, сары май. Сөзіме береке бергір, мен білсем, бүгін шөпті қырқай түбінен қиып жаппай сұлататын қайырлы күн.

Үй артына шықсақ, көкем арбаларды жегіп, айдау қара жолға шығарып қойған екен. Қызыл биелісінде өзі отыр. Қара аттылы ырдуанға Қоқай екеуміз міндік. Сөйттік те арба соңынан домалаңдаған күнді ерте ауылдың батысындағы шабындыққа қарай жүріп кеттік.

* * *

Көкем бар жерде Қоқай шалдың салмақтана қалатынына таңмын. Сырбаздана сөйлеп, сәнденіп бітеді. Мінезінің қатқылдығынан ыға ма әлде? Бірде Сауытбекті жанап кетсем, мұздай су етіме тигендей болады дегенін аңдаусызда естіп қалғанмын. Қайдам, әйтеуір Қоқайды көкемнің томырық мінезі қорқытатыны анық. Сол әдетімен темекіні бұрқ-бұрқ шегіп, қазір де үн-түнсіз тымырайып отыр. Әлсін-әлі иығын асып көгілдір орамалдар қалқи түсіп жатқан тәрізді. Тек орауға келмейді, ұстай алмайсың, ал танауыңды қышытып, қақалтып-шашалтуға бар. Қара аттың тағалы тұяғы көшенің қалың шаңына күрп-күрп көміліп, тұяғының ұшынан әлсін-әлі сары сақина-білезіктерді жайлап ұшырады. Ұрысқақ Жәнипа апайдың да шарбағы артта қалып бара жатыр.

Былтыр бұл үйдің қашасындағы торғайды атамын деп, құдай ұрып төңкерулі құмыраны қиратып алғанмын. Апай аясын ба, қолындағы көсеумен жіберіп ұрды. Жылпоспын ғой, жалтарып кеттім. Содан бері Жәнипаның қолындағы кез келген ауырлау заттың бәріне ерекше құрметпен көз салып жүремін.

Баласы Оқастың да оңып тұрғаны шамалы. Сидам ұзынтұра, оның үстіне, қараторы да емес, майқараның өзі. Өткен жылы мамасының маған бағыттап лақтырған көсеуін біздің ауладағы қара майға толы бөшкеге бас-аяғынан батырып ал да: Оқасты көр де, көсеуді көр. Екі жыл ауырып, бізге жоғары кластан ауысып келген ересек бала. Қит етсе, шетімізден бықпырт тигендей сабап, әбден әлімжеттік жасап, жүдетіп барады. Әсіресе маған өш. Өш болатын жөні бар. Сайтан түртіп, ол туралы тақпақ шығара қалғамын.

Сол өлең жарық дүниеге келгелі басымнан қиқу, қиқуға қоса жұдырық кетпеді. Кездескен жерде алып соғын, төмпештейді де тастайды. Себепсіз бе, себепті ме, бәрібір. Мен де шақармын ғой, шама-шарқыма қарай табанды қарсылық көрсетіп бағамын. Бірақ мойындау керек, күштінің аты күшті. Сөйтіп, бұл күнде күлге аунаған ол емес, мен болып жүрмін. Өзіме де обал жоқ, өлең шығарып енерім тасығанша, тынышыммен жайыма жүрсемші.

Сол Оқас қазір арбаға айыр салып жатыр. Басымдағы Қызыл орамалды көрмесін деген оймен Қоқайдың артына бұға түсемін. Оның түйе жапырақтың көлеміндей жауырыны мені жасыра алмады.

— Заманбек, қыз-қыз… — Оқас аттанды салды дейсің. Санын шапақтап мәз-мейрам. Жұдырығымды көрсетем алыстан. Арба үстінен, әрине, қорықпай-ақ сес білдіруге әбден болады.

— Қу шешек, омақасып өлгір, біреудің баласында басың қалды ма, одан да өз жөніңді жөндеп алсайшы.

Жәнипа апай, жарайсыз! Айтқан сөзіңіз дұп-дұрыс. Оқас қу шешек, өз жөнін жөндей алмайды, тек сіз қарғағандай омақасып өле қалмайтыны өкінішті-ақ.

Апайдың айқайы кілт үзілді. Жалт қарасам, бетіне түсіп кеткен шашын түзей, арбаның тасасына бүгежектеп бұға берген екен.

Қоқай қайдағы жоқ қайрат көрсетіп, қара атты жазықсыздан-жазықсыз құлаштай бишікпен тартып қалды.

 

Марат Қабанбаев (жалғасы бар)

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close