АРНАЙЫ ӘДІСПЕН ЖЕМ-ШӨП ДАЙЫНДАУ КӨЛЕМІН АРТТЫРУ ЖОСПАРЛАНУДА
Мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласы бойынша 2021-2022 жылдарға арналған жем-шөп дайындау іс-шара жоспары бекітілді.
2021 жылға «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерге ірі қара, қой, жылқылардың аналық басына арналған жем-шөп сатып алу шығындарын арзандату бойынша қажетті қаржы көлемі анықталды. Осыған сәйкес, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 248,0 млн теңге қаржы қарастырылып, қала әкімдігінің қаулы жобасы дайындалуда.
Қуаңшылықтан сақтауды жетілдіру бойынша қала аумағында шаруашылықтармен бірлесе жұмыстар атқарылуда.
«Қасқасу-С» шаруа қожалығында мал азықтық дақылдар егілетін жерге тамшылатып суғару әдісімен бір жылда 4 рет өнім алу жоспарлануда. Шетел тәжірибесін пайдалана отырып мал азықтық дақылдарды егу үшін алдын ала топырақтың құрамын зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, аталған шаруашылық базасында гидропоникалық әдісті қолданану арқылы шырынды мал азығын дайындау жоспарлануда. Әдістің тиімділігі, 2 кг астық дәнін сеуіп, 7 күнде 12 кг шырынды мал азығын алып, өнімділікті жоғарылату.
Бұл әдіс бойынша алдағы уақытта шаруашылықтарға арнайы семинарлар өткізу жоспарлануда.