Без рубрики

БЕРДІБЕК СОҚПАҚБАЕВ: ҚОСТӨБЕ, «ЗАСТАП», ШЕКАРА

Қазақстан картасынан Алматыны көзіңізді жұмып тұрып тауып алатыныңызға мен дауласпаймын. Астанаға дәл барып тірелген саусағыңызды енді тау сілемімен шығысқа қарай сырғытыңыз. Тоқтаңыз! Мен әңгіме етіп отырған үркердей шағын ауыл Қостөбе, міне, осы арада, шекараның дәл түбінде.

Менің Қостөбем.

Менің Текесім.

Әне бір көкшіл жіптей тартылған жіңішке өзенді көрдіңіз бе? Текес сол. Белгілі Іле өзенінің басы.

Қостөбеде, негізінен, Құрмандар тұрады. Құрманның Киікбай, Найза деп аталатын екі руы. Біз Найзамыз, дұрысы Беснайза.

Беснайза екіге бөлінеді: Бейназақ, Жолыш. Біз Жолышпыз.

Беснайзалар ежелден жауынгер, ұры ел болған. Рудың Беснайза атануы да тегін емес. Бір үйдің шаңырағынан сорайған бес найзаның ұшы шығып тұрыпты, содан Беснайза атаныпты деген сөз бар.

Текестің күнгей-шығыс бетінде біреуіне біреуі жалғаса біткен екі қырат-төбе тұр. «Қостөбе» деген сөз содан шыққан.

Қостөбенің тап іргесінен шекара күзететін қалашық (застава) орнады. Қазақтар «застап» дейді. Конфискациялау кезінде шекарадан ауа қашқан байлардың қора-жайлары иесіз қалған. Соларды жамап-жасқап жөндеді де, солдаттарға мекен-жай етті.

Шекарашылардың көбі орыстар. Қазақша білмейді. Бірлі-жарым қазақ солдаттар бар, аудармашылық жасайды. Украин, белорус дейтін де ұлттар барын қараңғы халық біле қоймайды. Түсі сарының бәрін орыс деп қарайды.

Ту сонау Украинадан, ішкі Россиядан әкелінген, басқа орта, басқа жағдайда өскен өрімдей жас солдаттар мұндағы тіршілікке бір дегеннен бейімделе кетпейді. Елге де, жерге де жұғымдары аз. Таулы аймақта жөн тауып жүріп-тұрудың өзі олар үшін әуелгі кезде оңайға түспейді. Сондықтан солдаттар шекараға нарядқа барып қайтқанда адаспас үшін, олар жүретін соқпақ жолдардың бойына сырғауыл ағаштар қадап, ол бастарына сыпырғы тәріздендіріп қойған.

(жалғасы бар)

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close