Без рубрики

ЕЛ ЕРТЕҢІ – БІЛІМДІ ҰРПАҚ

Білімді, ойы сергек, жан-жақты дамыған жастар – ел дамуының негізгі қозғаушы күші. Қазіргі жаһандану дәуірінде мемлекеттің бәсекеге қабілетті болуы ең алдымен зияткер ұрпақтың қалыптасуына тікелей байланысты.

Осы бағытта Сайрам ауданында жастардың білімге деген құштарлығын арттыруға, логикалық ойлау қабілетін дамытуға және командалық рухты нығайтуға арналған мазмұнды шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Соның бірі – “Эрудит” интеллектуалды ойыны.

Интеллектуалды сайыс жас буынның ізденіске, білімге және ой-өрісін кеңейтуге деген қызығушылығын арттыруды мақсат етті. Бұл ойын жастар үшін өз білімін сынап қана қоймай, жаңа мағлұматтар алып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін зияткерлік алаңға айналды. Түркістан облысынан, сондай-ақ Тараз және Шымкент қалаларынан келген белсенді жастар мен «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Сайрам аудандық өкілдігі атынан қатысқан командалар бұл сайыстың ауқымын айқындай түсті. Барлығы 17 команда қатысып, өзара білім мен біліктілік бойынша тартысты бәсекеге түсті.

Сайыс 5 кезеңнен тұрып, әр кезең қатысушылардың жан-жақты дайындығын талап етті. Жастар тарих, әдебиет, спорт, ұлттық дәстүрлер мен салт-сананы қамтитын сұрақтарға жауап беріп, логикалық тапсырмалар арқылы ойлау жылдамдығы мен дәлдігін көрсетті. Әрбір кезеңде командалардың ұйымшылдығы, көшбасшылық қасиеттері және өзара үйлесімді әрекеті айқын байқалды. Бұл өз кезегінде жастардың тек жеке білім деңгейін емес, топпен жұмыс істеу мәдениетін де дамытуға ықпал етті.

Тартысты өткен интеллектуалды додада жоғары нәтижеге қол жеткізген командалар анықталып, жеңімпаздар марапатталды. Бірінші орынды “Сарыағаш жастары” командасы иеленсе, екінші орын “BBC” командасына бұйырды. Үшінші орынға “Төрткөздер әскері” командасы лайық деп танылды. Сонымен қатар, белсенділігі мен ерекше ойын өрнегі үшін “DREAM TEAM” командасына арнайы ынталандыру сыйлығы табысталды. «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Сайрам аудандық өкілдігінің командасы да жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, ұйымшылдық пен жігердің үлгісін танытты.

Осындай зияткерлік сайыстар жастардың таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, олардың ел болашағына жауапкершілікпен қарауына, білімге деген құлшынысын арттыруға үлкен серпін береді. Білімді ұрпақ – елдің ертеңі екенін айқындайтын бұл шара жас буынның әлеуетін ашуға және қоғамдағы белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close