Без рубрики

ІШКІ ЖӘНЕ ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАРМЕН СЕРІКТЕСТІКТЕРДІ НЫҒАЙТУ- ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНІҢ ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАҒДАРЫ

Соңғы жылдары Түркістан облысы шетелдік және ішкі инвесторлармен тиімді әріптестік орнату арқылы өңірдің экономикасын жаңа деңгейге шығаруға бет бұрды.

Облыс әкімдігі мен инвесторлар арасындағы серіктестік тек капитал тартумен шектелмей, заманауи өндіріс ошақтарын қалыптастыру, жұмыс орындарын көбейту және халықаралық нарыққа шығу бағытында нақты нәтижелерге жол ашты.

2024 жылы өткен «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» форумында облыс басшылығы шетелдік кәсіпкерлермен «G2B» форматында кездесіп, бірқатар инвестициялық жобаларды талқылады. Келіссөздер барысында Түркістанда жеделсаты, кілем, перде және түсқағаз шығаратын өндіріс орындарын ашу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Форумда экологиялық талаптарға сай, индустриялық және көліктік инфрақұрылымы дамыған аймақ ретінде Түркістан өңірінің әлеуеті жан-жақты таныстырылды.

Облысқа тартылған инвестициялар көлемі жылдан жылға артып келеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысына тартылған инвестиция көлемі 972 млрд теңгеден асты. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 126,1% өсімді көрсетіп, өңірдің республикалық деңгейдегі инвестициялық тартымдылығын айқындай түсті. Бұл қаржының негізгі бөлігі жеке инвестициялар есебінен жүзеге асқан, ал бюджет қаражаты әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған.

Түркістан облысы тек ішкі нарыққа емес, шетелдік әріптестерге де басымдық беріп отыр. Қытай, Түркия, Өзбекстан, Франция, Украина және тағы басқа елдердің кәсіпкерлері өңірге қызығушылық танытып, бірқатар келісімдер жасалды. Атап айтқанда, Қытайдың «LIHUA GROUP» компаниясы 70 млрд теңгеге текстиль кластерін дамытуға кіріссе, «Peng Sheng Group» 45 млрд теңгенің ауыл шаруашылық жобаларын қолға алуда. Сонымен қатар, Украинаның инвесторлары тоңазытқыш зауытын ашуға ниет білдіріп отыр, ал француз-қазақ бірлескен кәсіпорны – «Katco» уран өңдеу саласында серіктестік орнатуда.

Түркістан қаласының өзінде шетелдік инвесторлар қаржыландырған бірқатар ірі жобалар сәтті іске қосылды. Мәселен, түркиялық YDA Holding компаниясы Түркістан халықаралық әуежайына 206 миллион доллар көлемінде инвестиция құйып, оны халықаралық стандарттарға сай етіп іске қосты. Сонымен қатар, Keruen-Saray туристік кешені мен Rixos қонақ үйі де шетелдік капитал есебінен бой көтеріп, облыстың туризм саласын жандандырып отыр.

Аталған жобалар шетелдік инвесторлармен қатар, отандық кәсіпкерлердің де белсенділігін арттырды. Өңірде жаңа зауыттар мен өндірістік кешендер құрылып, импортты алмастыратын өнімдердің үлесі арта түсті. Бұл өз кезегінде халықты жұмыспен қамту көрсеткішін жақсартып, Түркістан облысын еліміздегі ең ірі өңірлік экономикалық орталықтардың біріне айналдыруда.

Өңірде жүзеге асырылып жатқан серіктестік үлгілерінің бірі – арнайы экономикалық және индустриалдық аймақтарды тиімді пайдалану. Бүгінде «TURKISTAN INVEST» агенттігі өңірдегі инвестициялық жобаларға сүйемелдеу жасап, кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетеді. Бұл жүйе шетелдік инвесторлар үшін де қолайлы жағдай туғызады. Түркістан арнайы экономикалық аймағында қазіргі таңда 20-дан астам жоба іске асып, оның ішінде бірнешеуі экспортқа бағытталған. Индустриалдық аймақтарда жалпы сомасы 40 миллиард теңгеден асатын 50-ден аса жоба жүзеге асырылып жатыр.

Шетелдік капитал тарту ісінде облыс басшылығы мен мемлекеттік құрылымдар белсенді әрекет етуде. Инвесторлармен тығыз байланыс орнатылып, әр жоба бойынша жол карталары бекітіліп, жауапты мекемелер белгіленген. Облыс әкімдігінің жанынан құрылған инвестициялық штаб жобалардың уақытылы жүзеге асуын бақылауға алып отыр.

Бұл серіктестіктердің нақты нәтижелері де көрініс беруде. Жаңа жұмыс орындары ашылып, еңбек нарығында сұраныс артты. 2023 жылы өңірде 207 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері тіркеліп, Түркістан облысы республика бойынша алғашқы үштіктің қатарынан орын алды. Мұндай көрсеткіштер кәсіпкерлік белсенділіктің өскенін, ал шетелдік және отандық инвесторларға жасалған жағдайлардың жемісті екенін дәлелдейді.

Серіктестік бағытында жүзеге асырылған тағы бір маңызды бастама – экспорттық әлеуетті арттыру. 2024 жылдың алғашқы жартысында Түркістан облысынан 289 миллион доллар көлемінде тауар сыртқы нарыққа жөнелтілді. Бұл көрсеткішке ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары және тамақ өнімдерін шығаратын кәсіпорындар айтарлықтай үлес қосты.

Түркістан облысы үшін инвестиция тарту – тек қаржылай түсім ғана емес, өңірлік экономикада жаңа стандарттарды қалыптастыру, халықаралық тәжірибе мен технологияны ендірудің мүмкіндігі. Бұл бағытта жасалған жұмыстар мен қабылданған шешімдер облыстың болашағын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Қазіргі таңда Түркістан – тек мәдени және рухани астана ғана емес, сонымен қатар инвесторлар үшін сенімді, ашық әрі тартымды аймақ. Шетелдік және ішкі серіктестермен орнаған байланыстардың тереңдеуі, бірлескен жобалардың нақты нәтиже беруі осының дәлелі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close