НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ФРАНЦИЯ КОМПАНИЯЛАРЫН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ИНВЕСТИЦИЯ САЛУҒА ШАҚЫРДЫ
Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиогемен ресми кездесу өткізді.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты кеңейту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және өңір экономикасын дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды. Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті мен ұсынылатын мүмкіндіктері туралы толық ақпарат беріліп, өңірде француз компаниялары мен брендтері үшін қолайлы жағдай жасалғаны айтылды. Әкім Франциядан келген қонақтарды өңірдің даму жоспарына тартуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
“Сізді Түркістан облысында қарсы алғаныма шын жүректен қуаныштымын. Қазақстан мен Франция – ұзақ мерзімді әрі стратегиялық экономикалық серіктестер, ал біздің қарым-қатынасымыз 1992 жылдан бері белсенді дамып келеді. Дәл сол жылы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясы құрылған болатын. Бүгінгі таңда елімізде француз капиталы бар 170-ке жуық компания табысты қызмет атқаруда. Ынтымақтастықтың жарқын мысалы ретінде Түркістан облысындағы Мойынқұм және Төртқұдық уран кен орындарын игеріп жатқан «Orano» және «Қазатомөнеркәсіптің» бірлескен KATCO кәсіпорнын айтуға болады. Оның жылдық өндірістік қуаты 4 мың тонна уранды құрайды. Бұл жобалар өңірдің энергетикалық және тау-кен саласындағы әлеуетін көрсетіп, халықаралық деңгейде инвестиция тартудың үлгісін қалыптастырады,” – деді Нұралхан Көшеров.
Облыс басшысы Түркістан қаласының туристік әлеуетіне де ерекше тоқталды. Қала ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген аса маңызды тарихи ескерткіш Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ие. Биыл Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі туризм саласында инвестиция тартуда мультипликативтік әсер береді. Өңірде тарихи және мәдени ескерткіштер, көркем табиғат ландшафттары, сауықтыру орындары шоғырланған. Түркістан халықаралық әуежай арқылы жылына 3 миллионнан астам жолаушыны қабылдай алады. Осындай инфрақұрылым және мәдени-тарихи ресурстар франциялық компаниялар мен инвесторларға туризм саласында жаңа жобаларды жүзеге асыруға, қонақ үй, рекреациялық және сервистік бағыттарда инвестиция салуға үлкен мүмкіндік береді.
Нұралхан Көшеров облыстың ауыл шаруашылығы мен өндіріс әлеуетін де атап өтті. Облыста қолайлы табиғи-климаттық жағдайлар жыл бойы ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік береді. Түркістан облысы елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша жетекші орында. Мұнда дәнді дақылдар, жеміс-жидек, көкөніс және бақшалық өнімдер мол өндірілуде. Сондай-ақ өңірде индустриалды және арнайы экономикалық аймақтар жұмыс істейді, «Шағын өнеркәсіптік парктер» желісі дамып келеді. Бұл алаңдарда дайын инфрақұрылым, салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған, жаңа өндірістерді қысқа мерзімде іске қосу мүмкіндігі бар. Әкім француз компанияларын осы мүмкіндіктерді пайдаланып, Түркістанда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиоге мен елшілік өкілдері өз тарапынан әріптестікті жан-жақты дамытуға мүдделі екенін білдірді. Олар Түркістан өңірінің әлеуетін француз компанияларына таныстырып, инвестициялық жобаларды талдауға дайын екенін айтты. Елші ауыл шаруашылығы, туризм, білім, өндіріс, сауда және логистика салаларында жаңа жобаларды қарастыру, тәжірибе алмасу және бірлескен кәсіпорындар құру бағытында ұсыныстар берді. Бұл келіссөздер екіжақты экономикалық байланыстарды тереңдетуге, инвесторлардың өңірге тартылуына және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған нақты қадам болып табылады.
Кездесу барысында тараптар өңірлік инфрақұрылым мен өндіріс саласындағы жобаларды іске асырудың жолдарын талқылады. Түркістан облысында француз компаниялары үшін индустриалды аймақтар мен арнайы экономикалық аймақтар ұсынылған. Жалпы аумағы 2 397 гектарды құрайтын индустриалды аймақтарда дайын инфрақұрылым мен қолайлы шарттар қарастырылған. Ал «Turan» арнайы экономикалық аймағы 4 414 гектар жерді қамтиды, мұнда салықтық жеңілдіктер мен кедендік жеңілдіктер бар. Сонымен қатар жаңа жобаларды жедел бастау үшін шағын өнеркәсіптік парктер салынуда. Бұл француз инвесторларына өндірісті тез арада іске қосуға, жаңа өнім түрлерін шығарып, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.
Кездесу қорытындысында тараптар ауыл шаруашылығы, туризм, логистика, білім беру және өндіріс салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екендерін атап өтті. Әрбір ұсыныс жан-жақты зерттеліп, тиісті мемлекеттік және жеке сектор органдары арқылы жүзеге асырылатын болады. Кездесу екіжақты ынтымақтастықты нығайтып, Түркістан облысының халықаралық инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік берді. Бұл инвестициялық бастамалар өңір экономикасының дамуына, өндірістік қуатын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықаралық деңгейде жобаларды іске асыруға жағдай жасайды.



