Без рубрики

ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ-2

Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясындағы Келес ауданының мәдениет күндері өз мәресіне жетті. Мерекелік жиында Келес ауданы әкімінің міндетін атқарушы Дәурен Сариев сөз сөйлеп, фестивальдің маңызына тоқталды. Аудан жетістігіне тоқталып, келген көрерменге алғысын жеткізді.

Шара барысында Сержанәлі, Әділет Жауғашар және Серік Ибрагимов пен Әбіджаппар Әлқожа сынды эстрада жұлдыздарының және аудан өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Өнер сүйер қауым қосыла ән шырқап, әсем биімен кештің сәнін кіргізді.

Екі күнге жоспарланған бағдарлама ұлттық құндылықтарға толы. Алғашқы күні Этноауыл кешенінде келушілерге ұлттық сусындар ұсынылды. Ауданның қолөнер шеберлерінің туындылары ұсынылды. Бұдан бөлек, ұлттық салт-дәстүрлер көрінісін сахналады. Қылқалам шеберлері мен кітап көрмесі жасақталды. Ауданда өндірілетін тауарлар көрмесі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ұлттық тағам түрлері таныстырылды. Сонымен қатар аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы әзірленіп, айтыс өтті. Халық әндері, жыр-терме, дәстүрлі әндер шырқалды.

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалін Түркістан қаласы жалғады. Этноауыл аумағында Түркістан қаласының өнерпаздары ұмыт болып бара жатқан көне ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сахналап, ақ кимешек киген әжелер тобы «Ауылдың алты ауызын» шырқады.

«Яссы» халықтық этнофольклорлық ансамблі күйден шашу шашып, «Яссы» би ансамблінің концерті көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, «Түркістан мұрасы» атты қылқалам, қолөнер шеберлері мен бұйымдары, суретшілердің туындылары мен қаланың жетістіктері туралы көрмелері қойылды.

Бұдан бөлек, «Көненің көзі әжелер» дизайнерлік өнер сырмақ, түскиіз, ұршық иіру, тоқыма тоқу мен құрақ құраудан шеберліктерін көрсетсе, этно-мәдени ұлттық орталықтар оның ішінде (өзбек, түрік) этностарының көрмесі қойылды.

Шара аясында айтыскер ақындар арнауларын орындап, айтыстың үлгісін көрсетсе, Ұмыт болып бара жатқан «Танабау тағу», «Бала бауырынан табақ жүргізу», «Керегеге орамал байлау», «Келінге кимешек-шылауыш кигізу», «Тоқымқағар» салт-рәсімдері сомдалды.

Айта кетейік, шара ертең де жалғасын табады. 22 тамыз күні «Түркістан халық театры» дайындаған көше театрының стилінде «Саф алтын арыстар» тақырыбында көрініс-қойылымы ұсынылады және ұлттық спортты ұлықтау мақсатында бірнеше спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылады. Ал кешкі сағат 19:00-де қалалық мәдениет үйі өнерпаздарының және эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтеді.

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясындағы Түркістан қаласының мәдениет күндері қорытындыланды. «Керуен сарай» туристік кешенінде өткен гала-концертке қала әкімі (сол кездегі) Нұрбол Тұрашбеков қатысып, сахна  төрінде жұртшылыққа жылы лебізін білдірді.

– Биыл Түркістан – түркі мемлекеттерінің туризм астанасы мәртебесін иеленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі өркениетін жаңғыртуды Түркістанды әлемге танытудан бастау керек деп, көне шаһарға ерекше мән беріп келеді. Қаламыз алдағы уақытта да бауырлас елдерге ортақ рухани астана ретінде дами беретіні сөзсіз, – деді қала басшысы.

Мәдени шараға қала тұрғындары мен қонақтары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Гала-концертте елімізге танымал эстрада жұлдыздары Заттыбек Көпбосынұлы мен Кеңес Әлімжан ән шырқап, қалың көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Концерттік бағдарламада «Яссы» халықтық би ансамблі мың бұрала би билеп, қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары қоңыр үнмен Түркістан аспанын сазға бөледі. Өнер сүйер қауым әншілермен қосыла ән айтып, мерекелік кештің сәнін кіргізді.

Айта кетейік, екі күнге созылған мәдениет күндері барысында Этноауылда ұлттық құндылықтар насихатталып, төл өнеріміз паш етілді. Келесі көшті 23-24 тамыз күндері Жетісай ауданының өнерпаздары жалғады.

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түркістан қаласындағы  Жетісай ауданының мәдениет күндері басталды. Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жетісай көшінің шымылдығы «Этноауыл» аумағында ауданның суретшілері мен қолөнер шеберлерінің, отандық ақын-жазушылардың туындылары мен шетелдік қаламгерлердің аудармаларынан кітап көрмесі және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен ашылды. Шара барысында ауданның қылқалам және қолөнер шеберлерін қатыстыра отырып, сурет салу, қолөнер бұйымдарын дайындау жұмыстары көпшілік назарына ұсынылып, қала тұрғындары мен Үндістан мен Түркия, Австралия мен Польша, Корея, АҚШ елдерінен келген қонақтардың оң бағасын алды. Сонымен қатар «Салт-дәстүрім салтанатым» атты ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты көріністер сахналанды. Ұлттық спорт түрлерінен арнайы сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар қаржылай және заттай бағалы сыйлықтарға ие болды. Фестиваль мақсаты – сан ғасырлардан бері сақталып, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп беріліп келе жатқан ұлттық мәдениет пен өнерімізді дәріптеу, өлкенің туристік әлеуетін дамыту.

Айта кетейік, Жетісай ауданының мәдениет күндері екі күнге жалғасты. 24 тамыз күні «Этноауыл» аймағында сағат 10:00-де «Байтақ елім, Қазақстан!» атты Жетісай ауданы шығармашылық өнер мектептерінің концерттік бағдарламасы өтсе, 12:00-де «Асықата» халық театрының «Салт-дәстүр – салтымыздың салтанаты» атты көрініс қойылды. Ал, сағат 19:00-де «Керуен сарай» аумағында «Түркістаным – Тұраным, Жетісайым – Жұмағым» атты аудан өнерпаздарының гала-концертімен қорытындыланды.

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты, ұлттық ойындарды насихаттау кеңінен қолға алынды.

Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ күресі мен қол күресі, асық ату мен арқан тарту, садақ ату мен білекті де жүректі жігіттердің арасында қошқар көтеру, гір тасын көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қаржылай және бағалы сыйлықтар, арнайы медальдар мен дипломдар табыс етілді.

Этноауыл аумағында өткен спорттық сайыстарды жергілікті тұрғындармен қатар шет елдерден келген туристер де тамашалап, еліміздің атадан балаға мұра болып аманатталып келе жатқан ұлттық спорттық ойындарының нағыз жауынгерлік жаттығу, әскери дайындық екенін айтып, жоғары бағаларын берді.

Түркістан, Кентау қалаларымен қатар Отырар, Бәйдібек, Жетісай, Сайрам, Абай, Шәуілдір, Созақ аудандарының тұрғындары қатысқан спорттық ойындарда қазақ күресінен 20 палуанның ішінде ІІІ орын алған кентаулық палуан Жамалхан Нұрхан 100 мың теңгеге, Il орынға табан тіреген түркістандық Әбдіғаи Бейбарыс 200 мың теңгеге, ал, І орынды иеленіп, «Түйе палуан» атанған түркістандық палуан Хамза Дидар 300 мың теңгеге ие болса, 72 келілік қошқарды белгіленген 3 минутта 52 рет көтерген Оралхан Дербес жеңімпаз атанып, жүлдесіне қошқарды ұтып алды.

Ал асық атудан ІІІ орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Бастар Мұхаммеджан, ІІ орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Айкен Абдулла, І орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Бекмұхан Қойымбетовтер өзара бөліссе, арқан тартудан ІІІ орын Жетісай ауданының №2 БЖСМ, ІІ орынды «Жетісай» спорт клубының және І орынды Отырар ауданының командалары иеленді.

Гір тасын көтеруде ІІІ орын түркістандық Ж.Маратұлының, ІІ орын жетісайлық А.Пошаевтың, І орын созақтық Б.Жаңабаевтың еншілеріне бұйырса, Садақ атудан түркістандық Рамазан Батыржан, Отырарлық Бауыржан Сейтжаппаров және жетісайлық Марат Абуов өзара жүлделерді бөлісті.

Спорттың қол күрес түрінен +70 келі салмақта Шәуілдір, Жетісай аудандары мен Түркістан қаласының, 65 келі салмақта жетісайлық жігіттердің мерейі үстем болды.

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Жетісай ауданының мәдениет күндері өтті. Екі күнге созылған шараны «Керуен сарай» кешенінде аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен гала-концерт қорытындылады. Салтанатты шараны Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков ашып беріп, Түркістан жұртшылығына ізгі тілектерін білдірді.

Мәдени шарада ауданнан шыққан танымал тұлғалардың туындылары мен әсем ән де, күмбірлеген күй де, мың бұралған би де көрініс тапты. Кештің арнайы қонағы, Қазақ эстрадасының жұлдыздары жетісайлық Асан Пердешов пен Жолдасбек Әбдіханов қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Шараның алғашқы күнінде Этноауылда қылқалам және қолөнер шеберлерінің көрмесі мен ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптар көрінісі, арқан тарту, қазақша күрес, қошқар көтеру, асық ату, қол күресі мен садақ ату, гіртасын көтеру сынды ұлттық спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды. Ал, екінші күні ауданның шығармашылық өнер мектептері бүлдіршіндерінің концерттік бағдарламасы мен «Асықата» халық театрының театрландырылған көріністері көпшілік назарына ұсынды.

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Сауран ауданының Түркістан қаласындағы мәдени күндері өтті.

Шара Этноауыл аумағында аудан қолөнершілерінің көрмелері, ұлттық ойын-сауық және салт-дәстүр, әдет-ғұрып көріністерімен басталды. Атап айтқанда, «Кемпір салты», «кәрі жілік», «есек жем» «тас қорық», «бәдік айтыс», «туған жерге аунату», «қыз төркіндеу» көріністері жұртшылық назарына ұсынылды.  Сауранның дархан халқы түркістандықтар мен қала қонақтарына ұлттық тағамнан дәм ұсынып, нағыз қазақы қонақжайлық көрсетті. Ал мерекелік кештің көрігін саурандық өнерпаздардың алтыбақан түбіндегі көріністері мен «Дала рухы» ансамблі қыздыра түсті.

Айта кетейік, шара ертең де жалғасын табады. 29 тамыз күні Этноауыл аумағында ұлттық спортты ұлықтау мақсатында бірнеше спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылады. Ал кешкі сағат 19:00-де «Керуен Сарай» кешенінде Сауран ауданы өнерпаздарының және «Алдараспан» театрының әртісі Нұржан Төлендиев және эстрада жұлдыздары Нұржан Қалжан, Бақытжан Мұстафаев, Данияр Барыстың қатысуымен Гала-концерт өтті. Этноауыл аумағында саурандық палуандардың қатысуымен ұлттық ойындардан сайыстар өтті. Атап айтсақ, қазақша күрес, қол күрес, садақ ату, ләкәш, асық ойындары, гір тасын көтеру, аударыспақ, тоғызқұмалақ, қойшы ойыны, сақпан ату, ләңгі тебу, арқан тартыс, арқаласпақ, т.б. Сайыс жеңімпаздарына арнайы сыйлықтар табысталды.

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясындағы Сауран ауданының Түркістан қаласындағымәдениет күндері қорытындыланды. «Керуен сарай» туристік кешенінде өткен гала-концертке аудан әкімі орынбасары Ербол Жанғазиев қатысып, сахна төрінде жұртшылыққа жылы лебізін білдірді.

Мәдени шараға қала тұрғындары мен қонақтары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Гала-концертте елімізге танымал эстрада жұлдыздары Нұржан Қалжан, Бауыржан Мұстафаев, Нұржан Төлендиев және Данияр Барыс ән шырқап, қалың көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар аудан өнерпаздары би билеп, қоңыр үнмен Түркістан аспанын сазға бөледі. Өнер сүйер қауым әншілермен қосыла ән айтып, мерекелік кештің сәнін кіргізді.

Айта кетейік, екі күнге созылған мәдениет күндері барысында Этноауылда ұлттық құндылықтар насихатталып, төл өнеріміз паш етілді. Келесі көшті 30-31 тамыз күндері Бәйдібек ауданының өнерпаздары жалғады.

Рухани астана аспанында әуелеткен әнімен, күмбірлеген күйі, мың бұралған  биімен, ұлттық дәстүрдің сан түрінен өнер көрігін қыздырды. Этноауыл аумағында «Ұлттық қолөнер – ұлы мұра» атты аудан қолөнершілерінің көрмесі мен  суретшілердің, «Тарихым бар жазылған ғасырлардан» атты кітап көрмесі жасақталды.

Мерекелік жәрмеңкелер мен көше театры көріністері көпшілік назарына ұсынылды. Киіз үйлерде ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып көріністері сахналанды. Әрі қарай «Саз отау» ұлт аспаптар оркестрі және аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Айта кетейік, екі күнге жоспарланған мәдени іс-шара бүгін де жалғасады. Сағат 11:00-16:00 аралығында Этноауылда ұлттық ойындардан (қазақша күрес, қол күрес,асық ойындары, гір тасын көтеру, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу, арқан тартыс сынды т.б.) сайыстар өтті. Ал кешкі сағат 19:00-де «Керуен сарай» кешенінде Бәйдібек ауданының өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт өтті.

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Бәйдібек ауданының мәдениет күндері өтті. Екі күнге созылған шараны «Керуен сарай» кешенінде аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен гала-концерт қорытындылады. Салтанатты шараны Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев ашып беріп, Түркістан жұртшылығына ізгі тілектерін білдірді.

Мәдени шарада ауданнан шыққан танымал тұлғалардың туындылары мен әсем ән де, күмбірлеген күй де, мың бұралған би де көрініс тапты.  Гала концертке аудан өнерпаздары Бағдат Юсупов, Қуат Қасенов, Мұрат Бөбеев, Айжан Жүсіпбекова, Сатман Мәди, Дәулет Таевтар ән шырқаса, «Балауса» цирк ұжымы қалың көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, аудан өнерпаздары би билеп, жанды дауыста «Шаттық» вокалды аспапты ансамблі мерекелік кештің сәнін кіргізді.

Шараның алғашқы күнінде Этноауылда қылқалам және қолөнер шеберлерінің көрмесі мен ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптар көрінісі сахналанды. Ал, екінші күні арқан тарту, қазақша күрес, қошқар көтеру, асық ату, қол күресі мен садақ ату, гіртасын көтеру сынды ұлттық спорттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды.

Әрі қарай Түркістан қаласында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түлкібас ауданының мәдени күндері өтті. Этноауыл аумағында ауданнан шыққан танымал ақын жазушылардың кітап көрмесі қойылып, жиылған қауым аудан мәдениетімен кеңінен танысты.

Бұдан бөлек, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрме-жəрмеңкесі, ауылшаруашылық өнімдерінің және ұлттық тағамдардың көрме жəрмеңкесі халыққа ұсынылды. Қалаға келуші туристер ұлттық астан дәм татып, өз пікірлерін білдірді.

Шарада «Ата ұлды, ана ұлтты тəрбиелейді» атты салт-дəстүр, əдет-ғұрыптардан көріністер сахналанды. Көне салт-дәстүрлер дәріптелді. Қазақ руханиятының төл тұмары саналатын терме, халық əндері мен дəстүрлі əндерден концерттік бағдарламалар көрсетілді. Мархабат Байғұттың «Машаттағы махаббат» повестінен көше театры стилінде «Мақталы» халық театры музыкалық-сахналық қойылымды сомдады.

Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Түлкібас ауданының мәдени күндері өтті. Екі күнге созылған мәдени шара «Керуен сарай» алаңында өткен мерекелік гала-концертпен қорытындыланды. Аудан әкімінің орынбасары Ербол Орманов қатысып, ізгі лебізін арнады.

Мың жарым жылдан астам тарихы бар, қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған киелі Түркістан қаласының аспан астында аудан әншілері «Қызғалдақты –Түлкібас», «Саржайлауым», «Қазақстаным» атты әндерді шырқаса, бишілері «Айгөлек» сынды би қойылымдарын қалың жұртшылыққа паш етті.

Шараның алғашқы күнінде Этноауылда аудан мәдениеті көне салт-дәстүрлер дәріптелсе, екінші күнінде ұлттық спорттық ойын түрлерінен жарыстар өткізілді. Аудан өнерпаздары алаңды думанды ән-биге бөлеп, қала тұрғындары мен қонақтарына көңілді кеш сыйлады.

Айта кетейік, өнерлі көш керуенін бүгін Созақ ауданы өнерпаздары жалғайды. Сағат 11:00-де Этноауылда ұлттық-спорттық ойындар жарысы. Қылқалам шеберлері және кітап көрмесі өтеді. Ал 19:00-де «Керуен сарай» кешенінде аудан өнерпаздарының және елімізге танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік гала-концерт өтеді.

Түркістан төрінде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Созақ ауданының мәдениет күндері өтті. Алғашқы күні Этноауылда ұлттық спорт ойындары насихатталды. Қол күрес, гір көтеру, еркін күрес, асық ату сынды тағы да өзге спорт түрлерінен сайыстар өткізіліп, жүзден жүйрік деп танылған палуандарға арнайы сыйлықтар табысталды. Бұдан бөлек, қылқалам шеберлері және кітап көрмелері таныстырылды.

«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Созақ ауданының мәдениет күндері өтті. Аудан өнерпаздары және  эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтіп, түркі әлемінің рухани астанасы әсем әнмен тербелді.

Салтанатты шараның ашылуында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ізгі тілегін арнап, ауданның тарихы мен жетістіктерін атап өтті. Ауданнан шыққан ақын-жазушылар мен атақты күйшілер жайында сөз қозғап, киелі Түркістан төрінде ұлттық құндылықтарды насихаттау  созақтықтар үшін үлкен мақтаныш екеніне айрықша тоқталды.

Шараны «Байдың балалары» жайдарман тобының капитаны Нұрым Досбол және жайдарманшы Жанболат Досбол жүргізіп, мерекелік кештің ажарын аша түсті.

Мерекелік шара әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйі әншілері мен «Әзіл әлемі» театрының актері Аманғали Спабеков, танымал эстрада жұлдыздары Зарина Омарова, Бағдат пен Дима және RIO тобы өз өнерлерін паш етіп, мыңбұралған бишілер көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close