Без рубрики

“ҚАЙРАТ” ПЕН “РЕАЛ” МАТЧЫНА БИЛЕТ АЛЫП, КІРЕ АЛМАҒАНДАР АҚШАЛАРЫН ҚАЙТАРА АЛАДЫ

Алматыда өткен «Қайрат» – «Реал Мадрид» ойынына ұзын-сонар кезекте тұрып, стадионға кіре алмай қалған мыңдаған адам ашуланып, ұйымдастырушыларды сынға алды.

Билеттер сатылымға шыққан бойда небәрі төрт сағатта толық өтіп кеткен. Қарапайым жанкүйерлер билетке қол жеткізе алмай қалса, көп ұзамай әлеуметтік желілерде жұлдыздардың балалары мен алыпсатарлар сол билеттерді екі есе қымбат бағамен сатқан видеолар мен жазбалар тарады. «Футбол» бір сәтте ақша табудың шоуына айналды деген пікірлер көбейді.

Матч күні Орталық стадионның аумағы халыққа толып, көрермендер билет қолдарында бола тұра, сағаттап кезекте тұрып, ішке кіре алмады. Баласын жетектеген ата-аналар, қарт жанкүйерлер, жастар — бәрі шаршап, ашуға булықты. Кейбірі есіктің алдында түн ортасына дейін кіре алмай, ақыры үйлеріне қайтқан.

Әлеуметтік желілерде жанкүйерлердің видеолары толып жүр: «Билетіміз бар, бірақ кіре алмай тұрмыз», «Бұл ұйымдастыру ма, масқара ғой», «Халықты алдаудың жаңа түрі» – деген сыни пікірлер қарша борап жатыр.

Енді ұйымдастырушылар ақшаны қайтаруға уәде беріп отыр.  Freedom SuperApp, Ticketon.kz және Qairat SuperApp арқылы ақшаны қайтарып алуға болады.

Бұл жағдай қазақстандық спорттық шараларды ұйымдастыру деңгейіне үлкен сын болды. Сарапшылардың айтуынша, мұндай сорақылықтың болашақта халықаралық турнирлер өткізуге де кедергі келтіруі мүмкін.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close