ҚАЛА ӘКІМІ НЕСЛИХАН ӨЗТҮРІКТІ ҚАБЫЛДАДЫ
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Түркі әлемінің даңқты перзенті, қазақ таэквондосының негізін қалаушы Мұстафа Өзтүріктің қызы — Неслихан Өзтүрікті қабылдады.

Неслихан Өзтүрік атажұртына арнайы сапарлап келіп, бабаларының ізі қалған қасиетті өңірлерді зиярат етіп жүр. Оның рухани сапары ұлы ойшыл, хакім Абайдың елі – Шығыс Қазақстан өңірінен басталып, түркі жұртының рухани ордасы, киелі Түркістан қаласында түйінделді.
Қала басшысы мәртебелі меймандарды арнайы қарсы алып, Түркістан өңірінің тарихи келбеті мен қазіргі даму бағыттарын таныстырды.
Әзімбек Пазылбекұлы Мұстафа Өзтүріктің қазақ спорты мен ұлттық руханиятына сіңірген еңбегін ерекше атап өтіп, оның есімі ел жадында мәңгі сақтау мақсатында арнайы шаралар ұйымдастырылатынын айтты.
Өз кезегінде Неслихан ханым Түркі халқының бауырмалдығын, Түркістан тұрғындарының жылы ықыласын ерекше сезінгенін айтып, алғысын білдірді. Ол әкесінің арманы – қазақ елі мен түркі жұртының рухани бірлігін нығайту жолындағы игі істер жалғасып келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді.