ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТУРИЗМ: ЖОЛДАУДА АЙТЫЛҒАН БАСТЫ МАҚСАТТАР
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Жолдауында туризм саласын дамытуды елдің стратегиялық бағыты ретінде айқындады.

Мемлекет басшысы бұл саладағы кемшіліктерді ашық атап өтіп, нақты межелерді белгіледі.
Түркістан облысы – Қазақстанның рухани орталығы ғана емес, туризмді дамытуға зор әлеуеті бар аймақ. Соңғы жылдары мұнда инфрақұрылым дамып, жаңа нысандар бой көтеріп, халықаралық деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Дегенмен, өңірдің туристік мүмкіндігін толық ашуға кедергі келтіріп отырған бірқатар түйткілдер бар.
Экологиялық қиындықтар және туризмге әсері
Түркістан және Қызылорда облыстары үшін басты су көзі саналатын Шардара су қоймасы бүгінде тарихтағы ең ауыр жағдайлардың бірін бастан өткеріп отыр. Бұл нысан 32 мыңға жуық тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, мыңдаған гектар егістікке тіршілік нәрін жеткізеді. Алайда тамыз айының ортасында қоймадағы су қоры жоспардан 1,1 миллиард текше метрге азайып, небәрі 232 миллион текше метр ғана қалған.
Бұл жағдай ауыл шаруашылығына және энергетикаға ғана емес, сонымен қатар өңірдің туристік әлеуетіне де кері әсерін тигізуде. Өйткені Шардара суы тек ауыл шаруашылығы үшін емес, демалыс аймақтары мен туризм нысандары үшін де басты тірек саналады. Судың тартылуы балық шаруашылығы мен жағажай туризмін әлсіретіп, туристерді тарту мүмкіндігін азайтуда. Егер су тапшылығы жалғаса берсе, аймақтың мүмкіндіктері де айтарлықтай төмендеуі мүмкін.
Осыған байланысты сарапшылар мен экологтар су қоймасын сақтау бағытында жедел шаралар қабылдау қажеттігін атап өтуде. Бұл тек экологияны қорғау үшін емес, Түркістан облысының туризм саласын сақтап қалу үшін де аса маңызды.
Кәсіби кадр тапшылығы – туризмдегі басты түйткіл
Түркістан облысындағы туризмнің әлеуеті зор болғанымен, оның қарқынды дамуына кедергі келтіріп отырған негізгі мәселелердің бірі – кәсіби кадр тапшылығы. Қонақ үй бизнесі, экскурсиялық қызмет, гид-аудармашылар мен сервис мамандары жеткіліксіз. Оқу орындарынан туризм саласына мамандар дайындалғанымен, олардың басым бөлігі тәжірибе жетіспеушілігінен немесе жалақының төмендігіне байланысты басқа салаларға кетіп қалады.
Бұл өз кезегінде туристерге көрсетілетін қызмет сапасына әсер етеді. Кәсіби кадрдың жетіспеуі қонақ үйлерде, демалыс аймақтарында және туристік бағыттарда сервистің халықаралық стандарттарға сай болуына кедергі келтіруде. Сондықтан сарапшылар кадр даярлау жүйесін жетілдіруді және жастарды осы салада тұрақты жұмыс істеуге ынталандыруды маңызды деп санайды.
Қонақүйлер мен хостелдер жағдайы
Бүгінде Түркістан қаласында 68 қонақүй мен хостел жұмыс істейді. Олардың қатарында халықаралық деңгейдегі Rixos Turkistan, Karavansaray, Ramada by Wyndham, Hampton by Hilton сияқты ірі брендтер бар. Сонымен қатар шағын этно-хостелдер мен қонақжай үйлер де келушілерге қызмет көрсетіп отыр.
2025 жылдың алғашқы жартысында облыс қонақүйлерінде көрсетілген қызмет көлемі 1,49 млрд теңгеге жеткен. Бұл – аймақтағы туристік ағынның артып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен, қызмет сапасына қатысты ескертулер де жоқ емес. Тазалық, гидтердің кәсіби дайындығы және сервис деңгейі халықаралық стандарттарға толық сәйкес келе бермейді.
Соған қарамастан жаңа жобалар іске асуда. Мысалы, жыл соңына дейін 1,71 млрд теңгелік апарт-отель іске қосылады деп жоспарланған. Бұл туристерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған тағы бір маңызды қадам.
Түркістандағы жабайы туризмнің көріністері
Ақсу-Жабағылы қорығы
Қазақстандағы ең көне қорықтардың бірі. Мұнда таулар мен сарқырамаларды көруге жыл сайын мыңдаған турист келеді. Алайда ресми бағыттарды айналып өтіп, рұқсатсыз кіретін саяхатшылар көп. Олар от жағып, қоқыс қалдырып, табиғи зиян келтіреді.
Қаратау жотасы
Альпинистер мен әуесқой жаяу жүргіншілер көбінесе жабайы туризммен айналысады. Арнайы жолдардың болмауы, қауіпсіздік шараларының жеткіліксіздігі кейде қайғылы жағдайларға да әкеліп жатады.
Шардара маңы
Су қоймасы жағасында бейберекет демалыс орындары пайда болып, ресми демалыс аймақтары мен заңды бизнеске бәсеке туғызады. Мұндай орындарда санитарлық талаптар сақталмайды, бұл экология мен туризм имиджіне нұқсан келтіреді.
Жабайы туризмнің салдары
Экологиялық зиян – табиғатта қоқыс қалдыру, заңсыз аң аулау, өсімдіктердің жойылуы. Арнайы жол көрсеткіштері, құтқару қызметтері болмағандықтан, туристер жиі адасады немесе жарақат алады. Жабайы демалыс ресми туризмнен қаражатты “алып қояды”, яғни мемлекетке салық түспейді.
Бұл мәселелерді шешу үшін, рұқсатсыз туризмге айыппұл енгізу керек. Туристер арасында экологиялық мәдениетті арттыру, “табиғатқа зиян келтірме” қағидасын насихаттау жұмыстарын жүргізу керек. Заңды демалыс аймақтарын ашатын кәсіпкерлерге жеңілдіктер беру.
Түркістандағы авиақатынас және туризмге әсері
7 ішкі және 2 халықаралық бағытқа тұрақты рейстер бар, жалпы 9 бағытқа қызмет көрсетеді.
Айына орта есеппен 123 рейс, аптасына 28 рейс, тәулігіне шамамен 4 рейс келіп түседі.
Түркістанға келуші туристтердің саны әуежайдың ашылуынан кейін айтарлықтай өсті. Алғашқы жартыжылдықтың өзінде тарихи орындарға 520 700 адам келсе, табиғи аймақтарға 80 200 турист келген.
Жаңа міндеттер
Жолдауда Үкімет пен жергілікті органдарға нақты тапсырмалар берілді. Туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамыту жергілікті биліктің міндеті болып белгіленсе, ал шетелдік туристерді тарту мен заңнамалық қолдау шараларын қамтамасыз ету орталық органдардың жауапкершілігіне жүктелді.
Стратегиялық межелер
Мемлекет басшысы алдағы төрт жылда туризмнен түсетін табысты 2029 жылға қарай 10 миллиард еуроға дейін арттыруды және жыл сайын 15 миллион турист тартуды мақсат етіп қойды. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін жаңа әуежайлар салынып, заманауи қонақүйлер мен туристік нысандар бой көтереді.
Цифрлық шешімдер
Президент туризмді дамытуда IT-технологияларды кеңінен қолдануды тапсырды. Алдағы уақытта барлық қызметті бір жерден ұсынатын супер-қосымшалар іске қосылып, туристерге арналған визалық рәсімдер жеңілдетіледі әрі цифрландырылған сервистер қолжетімді болады.
Жолдауда туризм саласына ерекше назар аударылды. Ел экономикасының жаңа драйверіне айналуы үшін Қазақстан туризмді заманауи, бәсекеге қабілетті әрі халықаралық деңгейде тартымды салаға айналдыруды көздеп отыр.