САЙРАМ АУДАНЫНДА АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ «АНАЛАР ДАНАЛЫҒЫ – ТӘРБИЕНІҢ АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Қоғамның рухани тұтастығы мен ұрпақ тәрбиесінің берік іргетасы ең алдымен отбасынан бастау алады.

Ал отбасындағы тәрбиенің алтын өзегі – ананың ақылы мен мейірімі, өмірлік тәжірибесі мен даналығы екені белгілі. Осы орайда Сайрам ауданында ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мазмұнды әрі тағылымды басқосу өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Аналар кеңесінің «Аналар даналығы – тәрбиенің алтын қазығы» тақырыбындағы IV тоқсандағы отырысы А.Исмаилов атындағы кәсіптік колледждің мәжіліс залында ұйымдастырылды. Отырыс «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының жылдық жоспары аясында өткізіліп, отбасы тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды нығайту мәселелерін талқылауға арналды.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Аналар кеңесінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Айтбаев, ауданның бас имамы Арыстан Оспанов, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлпан Абзелова және этнос жастары қатысты. Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, тәрбиенің өзекті мәселелері кеңінен қозғалды.
Отырыстың күн тәртібіне Аналар кеңесінің IV тоқсанда атқарған жұмыстары туралы есеп, 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспарын талқылау және бала тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігін арттыруды насихаттау мәселелері енгізілді. Кеңес мүшелері өткен кезеңдегі жұмыстарды саралап, алдағы уақытта жастармен, ата-аналармен және білім беру ұйымдарымен бірлескен іс-шараларды күшейту қажеттігін атап өтті.
Кездесу барысында сөз алған колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлпан Абзелова қазақ халқының қыз тәрбиесіне ерекше мән бергенін атап өтті. Ол ата-бабамыздың қыз баланы «қонақ» деп қадірлеп, инабаттылық пен парасаттылыққа баулығанын, қыз тәрбиесін ұрпақ тәрбиесімен тең қойғанын айтты. Қыз баланың болашақта бір шаңырақтың ұйытқысы болатынын, сондықтан оның тәрбиесіне қоғам болып жауапты қарау керектігін жеткізді.
Ауданның бас имамы Арыстан Оспанов өз сөзінде ұлттық тәрбие мен отбасындағы үлгінің бала болашағына тікелей әсер ететінін тілге тиек етті. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық даналығының мәніне тоқталып, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, ер азаматтың намысы мен қыз баланың инабаттылығы ең алдымен отбасында қалыптасатынын атап өтті. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды сақтау ел бірлігі мен мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі екенін айтты.
Жиында «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Мамадиярұлы жастар арасындағы өзекті мәселелерге де тоқталды. Ол соңғы жылдары жастар арасында құмар ойындарға тәуелділік сияқты жағымсыз үрдістердің көбейіп келе жатқанын айтып, ата-ананың жауапкершілігі тек моральдық тәрбие берумен шектелмей, баланың физикалық, эмоционалдық және психологиялық дамуына да әсер етуі тиіс екенін жеткізді. Баланы қоғамның толыққанды мүшесі ретінде тәрбиелеу – ата-ананың басты міндеті екені атап өтілді.
Жиын соңында қатысушылар аналар даналығы мен отбасылық тәрбиенің қоғамдағы маңызын тағы бір мәрте айқындап, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі туралы ортақ пікірге келді. Осындай мазмұнды отырыстар ұрпақ тәрбиесінің сапасын арттырып, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға өз үлесін қосатыны сөзсіз.



