САЙРАМ АУДАНЫНДА «АТА КӘСІП – ЖАСТАРҒА МҰРА» ТАҚЫРЫБЫНДА ШЕБЕРЛІК САҒАТЫ ӨТТІ
Ұлттық құндылықтарды сақтау мен ата-бабадан жеткен кәсіп түрлерін жас ұрпақтың бойына сіңіру – рухани сабақтастықтың негізгі тетігі.

Қазіргі таңда жастарды еңбекке баулу, қолөнерге қызықтыру және дәстүрлі кәсіптердің маңызын түсіндіру қоғам үшін аса маңызды. Осы мақсатта Сайрам ауданында ата кәсіпті дәріптеуге арналған тағылымды шара ұйымдастырылды.
Сайрам ауданының Арыс ауылында тұратын, темір ұсталығы өнерін өмірлік кәсібіне айналдырған Раимкулов Изатулла Лутфуллаұлының жеке темір шеберханасында «Ата кәсіп – жастарға мұра» тақырыбында шеберлік сағаты өтті. Іс-шара ортақ құндылықтарды дәріптеу, жастарды дәстүрлі қолөнерге баулу және еңбекке құрметпен қарауға тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды.
Шеберлік сағатына қолөнерге қызығушылық танытқан жас буын өкілдері қатысып, ата кәсіптің қыр-сырын өз көздерімен көріп, тәжірибе жүзінде танысуға мүмкіндік алды. Іс-шара барысында темірден таға, үзеңгі, кетпен секілді тұрмыстық және шаруашылық құралдарын жасау жолдары көрсетіліп, олардың тарихы мен қолданылу маңызы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар ұлттық тоқыма өнері туралы да мағлұмат беріліп, қазақ халқының қолөнердегі бай мұрасы насихатталды.
Изатулла Лутфуллаұлы жастарға темір ұсталығының оңай кәсіп еместігін, алайда табандылық пен шыдамдылықты талап ететін қасиетті өнер екенін айтып өтті. Ұста еңбегінің мәні – тек бұйым жасау емес, ұлттың рухын, тарихын сақтап қалу екендігін ерекше атап өтті. Шебер өз тәжірибесімен бөлісіп, ата кәсіптің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы үшін жастардың қызығушылығы мен ынтасы аса маңызды екенін жеткізді.
Шара барысында жастар темір балқытудың, өңдеудің және дайын бұйымға айналдырудың негізгі кезеңдерін көріп, кейбір жұмыстарға өздері де қатысып көрді. Бұл олардың еңбекке деген көзқарасын қалыптастырып, қолмен жасалған дүниенің қадірін түсінуге ықпал етті.
Аталған шеберлік сағаты жастардың ұлттық қолөнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ата кәсіптің бүгінгі қоғамдағы орнын айқындай түсті. Осындай тағылымды кездесулер ұлттық мұраны сақтауға, жас ұрпақты еңбекқорлық пен дәстүрге құрмет рухында тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.



