САЙРАМ АУДАНЫНДА «ЭТНОМЕДИАЦИЯ – ТАТУЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМ ҚҰРАЛЫ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтау, түрлі этнос өкілдері арасындағы өзара түсіністікті нығайту – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

Осы бағытта Сайрам ауданында мазмұны терең, тәжірибелік мәні жоғары жиын ұйымдастырылып, этномедиацияның қоғам өміріндегі рөлі кеңінен талқыланды.
Қарабұлақ ауылдық округі әкімдігінің мәжіліс залында «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының жылдық жұмыс жоспары аясында «Этномедиация – татулық пен келісім құралы» тақырыбында медиация кеңесінің тоқсандық көшпелі отырысы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы дау-дамайлар мен келіспеушіліктердің алдын алу, оларды бейбіт әрі өркениетті жолмен шешудің тиімді тетіктерін түсіндіру, этносаралық келісімді нығайту.
Кеңес отырысына «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Айтбаев, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, Сайрам ауданының құрметті азаматы Мұрат Есалиев, кәсіби медиатор Сайера Даванова, Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Комилжон Абдилахатов, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы медиация, ақсақалдар және аналар кеңестерінің мүшелері мен ауыл тұрғындары қатысты. Жиынға әртүрлі буын өкілдерінің қатысуы этномедиация мәселесінің қоғам үшін өзекті екенін көрсетті.
Кездесу барысында Базарбай Мамадиярұлы медиация ұғымының тарихи және рухани мәніне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, медиация – ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық құндылықтардың бірі, дауды сотқа жеткізбей, ақылмен, мәмілемен шешуге негізделген тәжірибе. Ал этномедиация этнос өкілдері арасындағы келіспеушіліктерді бейбіт келіссөздер арқылы шешуге бағытталған маңызды құрал болып табылады. Бұл тәсіл қоғамдағы сенім мен өзара құрметті арттырып, татулықты сақтауға қызмет етеді.
Сондай-ақ ол кикілжіңдердің алдын алу үшін аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын, халықтың тұрмыс-тіршілігін, өзекті мәселелерін терең түсіну қажет екенін атап өтті. Ел болудың басты тағылымы – бірлік пен ынтымақ екенін, барды бағалап, жақсыны жаңалай білу арқылы ғана қоғамда тұрақтылық орнайтынын жеткізді. Елдің еңсесі елдігімен көтеріліп, берекесі бірлігімен келетінін ерекше атап өтті.
Жиын барысында кәсіби медиатор Сайера Даванова этномедиацияның практикалық қырларына тоқталып, нақты мысалдар арқылы медиация процесінің кезеңдерін түсіндірді. Ол дау-дамай туындаған жағдайда тараптардың бір-бірін тыңдай білуі, эмоцияға берілмей, келісімге келуге ұмтылуы маңызды екенін атап өтті. Медиацияның басты артықшылығы – екі тарап та ұтылатын емес, ортақ мәмілеге келетін тетік екені айтылды.
Аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Мұрат Есалиев те өз сөзінде тіл мен мәдениет, өзара сыйластық пен келісімнің қоғамдағы татулықты қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Ол этномедиацияның тек дау шешу құралы ғана емес, адамдар арасындағы сенімді нығайтатын маңызды қоғамдық механизм екенін жеткізді.
Отырыс барысында ауыл тұрғындары мен кеңес мүшелері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, этномедиация, медиация кеңестерінің қызметі, дау-жанжалды шешудің жолдары туралы тұщымды жауаптар алды. Ашық форматта өткен пікір алмасу жиынның мазмұнын арттырып, қатысушыларға пайдалы ақпарат берді.
Жиын қорытындысында этномедиацияны дамыту, ауылдық жерлерде түсіндіру жұмыстарын күшейту, ақсақалдар мен аналар кеңесінің әлеуетін тиімді пайдалану арқылы қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту қажеттігі атап өтілді. Осындай мазмұнды кездесулер Сайрам ауданында қоғамдық келісімді сақтауға, ел бірлігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатыны сөзсіз.



