СОЗАҚ АУДАНЫНДА АУЫЛІШІЛІК ЖОЛДАРДЫ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ 1
Ауыл тіршілігінің арқауы – сапалы жол

Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруда шешуші рөл атқаратын факторлардың бірі – жол-көлік инфрақұрылымының дамуы. Әсіресе ауылішілік жолдардың жағдайы жергілікті халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Балалардың мектепке барып-келуі, жедел жәрдемнің жетуі, ауыл шаруашылығы өнімдерінің тасымалы – бәрі де сапалы жолдың болуына байланысты. Осыны ескере отырып, Түркістан облысына қарасты Созақ ауданында ауылішілік жолдарды жөндеу мен жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
2025 жылы аудан көлемінде ауылішілік жолдарды жөндеу бағытында бұрын-соңды болмаған көлемде жұмыс атқарылуда. Бұл жұмыстар бір ғана жол жөндеумен шектелмей, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдың көркі мен келбетін жақсарту, жалпы өңірлік инфрақұрылымды жаңарту сынды кең ауқымды мақсаттарды көздейді.
Құмкент пен Қызылкөл елді мекендерінде жаңа жолдар пайдалануға берілді
Ағымдағы жылдың алғашқы жартысында аудан көлемінде бірқатар елді мекендерде нақты нәтижелер тіркелді. Атап айтқанда, Құмкент ауылы мен Қызылкөл елді мекенінде ұзындығы 11,21 шақырым болатын ішкі көшелерге жаңа асфальт төселді. Бұл елді мекендердің жол жағдайы бұған дейін ескі және тозған күйде болатын. Жаңартылған көшелер – тұрғындар тарапынан көптен күткен жаңалықтардың бірі болды.
Құмкент – аудан орталықтарының бірі саналады. Мұнда халық саны да, көлік қозғалысы да тығыз. Осы орайда сапалы жолмен қамтамасыз ету мәселесі бірінші кезекте тұрған болатын. Қазіргі таңда жаңартылған көшелер ауылдың көркін келтіріп қана қоймай, тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайлы жағдай туғызып отыр.
Ақсүмбе, Сарыжаз, Шаға және Раң ауылдарындағы көшелер де жаңарды
Ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары тек аудан орталығында ғана емес, шалғай ауылдарда да кең көлемде жүргізілуде. Ақсүмбе, Сарыжаз, Шаға және Раң елді мекендерінде де ішкі көшелерге асфальт жабындысы төселіп, жалпы ұзындығы 6,51 шақырым болатын жолдар жаңартылды.
Аталған ауылдар – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отырған елді мекендер. Әсіресе ауыл шаруашылығы бағытында белсенді жұмыс істейтін шаруа қожалықтары бар ауылдар. Бұл тұрғыда жол сапасының жақсаруы – ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға, қызмет көрсету сапасын арттыруға тікелей ықпал етеді.
Жоспарлы жұмыстар – өзге ауылдарда да жалғасуда
Аудан әкімдігі тарапынан биылғы жылға бекітілген жол жөндеу жоспары бойынша өзге ауылдар мен елді мекендерде де жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жалғасып жатыр. Әр ауылдың ерекшелігі мен жол инфрақұрылымының қажеттіліктеріне қарай жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылады.
Осы мақсатта жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Жоспарға сәйкес ауыл көшелерін асфальттау, қиыршық тас төсеу және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстардың барлығы жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып жасалған.
Жол сапасына бөлінген қаражат екі есеге артты
Созақ ауданында жол саласына бөлінетін қаржы көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. 2025 жылы аудандық бюджет есебінен ішкі жолдарды жөндеуге бөлінген қаржы көлемі өткен жылдармен салыстырғанда екі есеге артты. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың нақты көрінісі.
Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, биылғы бөлінген қаражат есебінен жалпы ұзындығы 66,4 шақырым болатын ауылішілік көшелерге асфальт жабындысы мен қиыршық тас төсеу көзделіп отыр. Бұл дегеніміз – ондаған ауылдың инфрақұрылымы жақсарып, халықтың әл-ауқаты арта түседі деген сөз.