Без рубрики

ТАҒЫ ДА ЖАЛҒАН ҚАЙЫРЫЛЫМДЫҚ, ТАҒЫ ДА МИЛЛИАРДТАР

Перизат Қайрат ісін еске салған жаңа дау қоғамды тағы да дүр сілкіндірді

Қазақстанда тағы бір қайырымдылыққа қатысты резонанстық іс қоғам назарын өзіне аударды. Бұл жолы жұртты дүрліктірген оқиға – ата-ана баласының емі үшін жылдар бойы қаражат жинап, кейін ол ақшаны өз қажетіне жаратқан деген күдік. Жазылып кеткен баланың атымен жарнама жасалып, адамдардың сенімі тағы да ақшаға айырбасталды.

Күдікті ретінде танылған ерлі-зайыпты Дәулет пен Толқын Тотақановтар өздерінің ұлдары Алтаирге ауыр диагноз қойылғанын алға тартып, әлеуметтік желіде, нақтырақ айтқанда, баланың Instagram парақшасы арқылы халықтан қаражат жинай бастаған. Алғашында қажетті сома – шамамен 50 миллион теңге – қысқа мерзімде жиналған. Бірақ бұл олар үшін тоқтауға себеп болмапты. Ата-анасы парақшаны белсенді жүргізіп, түрлі видео мен фотолар арқылы халықтың жанашырлығын қоздырып, қаражат жинауды жалғастыра берген.

Соңында жиналған сома 1,3 миллиард теңгеден асып кеткен. Алайда тергеу мәліметтері бойынша, баланың еміне бар болғаны 6 миллион теңге ғана жұмсалған. Қалған ақша түрлі мақсаттарға – жылжымайтын мүлік, автокөлік сатып алуға, шетелге демалуға және тіпті құмар ойындарға жұмсалған.

Енді Дәулет пен Толқын Тотақановтарға Қылмыстық кодекстің екі бірдей ауыр бабымен айып тағылып отыр: аса ірі көлемдегі алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатты заңдастыру. Іс сотқа жетіп, процесс басталып кетті. Қоғам ішінде бұл жайт Перизат Қайраттың ісімен салыстырылып, әлеуметтік желіде қызу талқылануда.

Перизат Қайрат пен оның жақындарына қатысты да дәл осындай айыптар тағылған еді. Енді міне, бір іс аяқталмай жатып, дәл сондай мазмұндағы жаңа қылмыстық істің ашылуы елдегі қайырымдылық саласына деген сенімнің тағы да шайқалуына себеп болып отыр.

Мамандар мұндай жағдайлар қайырымдылыққа мұқтаж нағыз науқас балаларға көмек беруге кедергі болатынын, әрі мұндай алаяқтық әрекеттер қоғамның жүрегін тас қылып бара жатқанын айтады. Қазір тергеу жалғасуда. Енді нақты үкімді сот шығарады. Бірақ ел ішін жайлаған күдік пен сенім дағдарысы қайта оралғаны анық.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close