ТҮРКІСТАН: КЕНТАУ ҚАЛАСЫНДА ГАЗ ҚАЗАНДЫҚТАРЫН ӨНДІРЕТІН ІРІ ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛЫП, ӨҢІР ӨНЕРКӘСІБІ ЖАҢА КЕЗЕҢГЕ ҚАДАМ БАСТЫ
Түркістан облысында өндірісті дамыту және өңір экономикасын әртараптандыру бағытындағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді.

Соның айқын дәлелі – Кентау қаласының арнайы экономикалық аймағында газ қазандықтарын өндіретін жаңа зауыттың іске қосылуы. Бұл жоба Кентаудың өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, облыстың индустриялық дамуына серпін беретін маңызды бастамалардың бірі ретінде бағаланып отыр.
Жаңа өндіріс орны «TURAN Shenhua» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жүзеге асырылып, жобаға жалпы көлемі 2,4 млрд теңге инвестиция бағытталған. Кәсіпорынның өндірістік аумағы 2500 шаршы метрді құрайды. Зауыт заманауи технологиялармен жабдықталып, газ қазандықтарын толық циклде өндіруге бейімделген. Мұнда жылына 30 мың дана газ қазандықтарын шығару жоспарланған. Бұл көрсеткіш ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуге және болашақта өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Газ қазандықтары – тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды, білім беру мекемелерін, ауруханаларды және өндірістік ғимараттарды жылумен қамтамасыз етуде кеңінен қолданылатын өнім. Сондықтан Кентауда іске қосылған бұл зауыт өңірдің ғана емес, республика көлеміндегі энергетикалық және тұрғын үй-коммуналдық саланың дамуына да өз үлесін қоспақ. Сарапшылардың айтуынша, отандық өндірістің дамуы импортқа тәуелділікті азайтып, бағаның тұрақтылығын сақтауға оң әсер етеді.
Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы әлеуметтік тұрғыдан да маңызды. Қазіргі таңда зауытта 40 кентаулық азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – моноқала саналатын Кентау үшін аса өзекті мәселенің бірі. Алдағы уақытта өндіріс көлемі артқан жағдайда қосымша жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту көрсеткіші одан әрі өседі деп күтілуде. Сонымен қатар кәсіпорында жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыру, жаңа технологиялармен жұмыс істеуге үйрету мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде.
Зауыттың іске қосылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қатысып, өндіріс орнының ашылуымен құттықтады. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерде шағын және орта бизнесті дамыту, инвесторлар тарту, өндірістік әлеуетті күшейту жөніндегі тапсырмалары Түркістан облысында нақты жобалар арқылы жүзеге асып жатқанын атап өтті. Кентауда газ қазандықтарын шығаратын зауыттың ашылуы – соның айқын көрінісі екенін жеткізді.
Кентау қаласы соңғы жылдары өндіріс пен инвестиция тарту бағытында қайта жаңғырып келеді. Қала аумағында арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақтың жұмыс істеуі инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастырып отыр. Арнайы экономикалық аймақтың жалпы аумағы 35 гектарды құрайды және толық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Бұл аймақта қазіргі таңда бірқатар өндірістік жобалар жүзеге асырылып, нақты нәтижелерге қол жеткізілді.
Атап айтқанда, арнайы экономикалық аймақта «KentauRedStar» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кірпіш шығаратын зауыты және «Темір бетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің темірбетон бұйымдарын өндіретін кәсіпорны толық іске қосылған. Бұл зауыттар құрылыс саласын отандық өніммен қамтамасыз етіп, өңірдегі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуына ықпал етуде.
Биылғы жылы Кентаудың арнайы экономикалық аймағында тағы бес жаңа жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 150 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ал индустриалды аймақтың жалпы аумағы 43 гектарды құрайды. Мұнда онға жуық өндірістік жоба кезең-кезеңімен іске асырылмақ. Нәтижесінде 309 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, қала экономикасына қосымша серпін беріледі.
Сонымен қатар Кентау қаласында «Қарнақ» шағын өнеркәсіп паркін құру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Бұл паркке 9,3 гектар жер бөлініп, шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған өндірістерді дамыту көзделген. Мұндай алаңдар кәсіпкерлерге дайын инфрақұрылым ұсынып, жаңа өндіріс түрлерін іске қосуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жергілікті экономиканың дамуына және кәсіпкерлік белсенділіктің артуына ықпал етеді.
Жалпы алғанда, Кентауда газ қазандықтарын өндіретін зауыттың іске қосылуы Түркістан облысында индустрияландыру саясатының нақты нәтижесін көрсетеді. Инвестиция тарту, өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және отандық өнім үлесін арттыру – өңірдің ұзақ мерзімді дамуының негізгі бағыттарының бірі. Бұл жоба Кентау қаласының ғана емес, бүкіл Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, экономикалық өсімге жол ашатын маңызды қадам ретінде бағаланады.



