ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИРРИГАЦИЯЛЫҚ КАНАЛДАРДЫ КЕШЕНДІ ТАЗАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету және алдағы суару маусымында туындауы мүмкін тәуекелдердің алдын алу мақсатында ирригациялық каналдарды кешенді тазарту жұмыстары қолға алынды.

Атап айтқанда, Жетісай ауданында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Түркістан филиалы жаңа арнайы техникаларды тарта отырып, ұзындығы шамамен 65 шақырымға жуық ирригациялық каналдарды механикалық әдіспен тазартуды бастап кетті. Бұл жұмыстар 2026 жылғы вегетация кезеңінде суармалы жерлерге су жеткізуді жақсартуға бағытталған жүйелі шаралардың бір бөлігі болып саналады.
Қазіргі таңда Түркістан филиалының Жетісай өндірістік учаскесіне қарасты ирригациялық жүйелерде қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Жалпы ұзындығы 64,9 шақырымды құрайтын каналдар кезең-кезеңімен тазартылуда. Бүгінгі күнге дейін оның 29 шақырымы толық механикалық тазалаудан өткізілді. Жұмыстарға 10-нан астам арнайы техника, оның ішінде экскаваторлар, жүк тиегіштер мен арнайы автокөліктер жұмылдырылған. Бұл өз кезегінде тазалау қарқынын арттырып, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауға мүмкіндік беріп отыр.
Аудан үшін маңызы жоғары нысандардың бірі – үш ауылдық округ аумағындағы 18,86 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ететін К-21 каналы. Аталған каналдың жалпы ұзындығы 18 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта оның 10 шақырымы толық тазартылып, қалған бөлігінде жұмыстар жалғасуда. Үш экскаватордың үздіксіз жұмыс істеуі нәтижесінде канал арнасы құмнан, лайдан және су өткізуге кедергі келтіретін бөгде заттардан тазартылуда. Бұл шара су шығынын азайтып, егістік алқаптарға су жеткізу тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Жетісай ауданындағы тағы бір маңызды су нысаны – К-34 каналы да механикалық тазартудан өтуде. Бұл канал арқылы шамамен 10 мың гектар суармалы жер суарылады. Нысанның жалпы ұзындығы 18,5 шақырым болса, қазіргі таңда оның 4 шақырымы тазартылды. К-34 каналының тазалануы аудан шаруалары үшін аса маңызды, себебі бұл арна егістік алқаптардың уақытылы және жеткілікті көлемде сумен қамтылуын қамтамасыз етеді.
Ирригациялық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы ГНС-1 насос станциясына су жеткізетін «Машканалдың» бас құрылысын да тазарту жұмыстарын қатар жүргізіп жатыр. Машиналық әдіспен су көтеруге арналған бұл каналдың арнасы жылдар бойы жиналған құм мен лайдан тазалануда. Аталған жұмыстарға 5 бірлік арнайы техника тартылған. Мамандардың айтуынша, тазалау процесін 10–15 күн ішінде аяқтау жоспарланған. Бұдан бөлек, ГНС-1 насос станциясындағы 8 насос агрегатын жөндеуге дайындық жұмыстары да басталып, техникалық тексерістер жүргізілуде.
Филиалдың алдағы жоспары бойынша Жетісай ауданындағы ішкі шаруашылық каналдарын да кезең-кезеңімен механикалық тазалау көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде тек магистральды каналдар емес, егістікке тікелей су жеткізетін ұсақ арналардың да тиімді жұмыс істеуіне жол ашады. Мамандардың пікірінше, ішкі каналдардың уақытылы тазаланбауы су шығынының артуына және су тапшылығы мәселелерінің туындауына себеп болады.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері тазалау жұмыстарының барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Министрлік тарапынан өңірге жеткізілген жаңа техника мен автокөліктер тазарту және жөндеу жұмыстарын сапалы әрі жедел жүргізуге мүмкіндік беруде. Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілі Нұрмұхаммед Ниязбековтің айтуынша, өткен вегетация кезеңінде аталған нысандардың барлығында суды жеткізуге қатысты бірқатар қиындықтар анықталған. Осыған байланысты 2026 жылғы суару маусымында мұндай мәселелердің алдын алу үшін алдымен кешенді тазалау, кейін жөндеу және бетондау жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылмақ.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту және тазалау жұмыстары ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыруға, су ресурстарын тиімді пайдалануға және фермерлердің тұрақты жұмысына жағдай жасауға бағытталған. Бұл бастамалар өңірдің аграрлық әлеуетін нығайтып, су тапшылығы тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Кешенді түрде қолға алынған бұл жұмыстар алдағы жылдары Түркістан облысының суармалы егіншілік саласының тұрақты дамуына берік негіз болмақ.



