ЖОЛ “МҰРАТЫ” ЖЕТУ
Әйтенов әкім боп келгелі, басы даудан арылмай қойды. Ипподромның жыры, жолдың шуы, 7-20-25-тің құйтырқылығы… Санай берсек саусақ жетпей қалатын сияқты…
Алысқа бармай-ақ, Қонаев даңғылындағы көпірге көңіл бөлейік. Бастапқыда бұл өткел қаладағы кептеліспен күресуі керек еді. Мегаполистің тізгіні қолына тиген Әйтенов мырза елге жаны ашыды ма, әлде іскерлігін көрсеткісі келді ме, әйтеуір “апыр-топыр” жол айырықты ашып жіберді. Мегаполис жұрты мәз. Көпірдің астынан әрі-бері өткенде, әкімге алғыс айтып жүргенін еститінбіз…
Бірақ, бұл қуаныш көпке созылмады. Көктем келісімен жарнамасы жер жарған жолайырықтың сапасыз салынғанын көз көрді. Жап-жаңа асфалть опырылып, жол “Алдар Көсенің” шұрқ тесік шапанына айналып шыға келді. Кептелістен құтқаруы керек көпір, керісінше көліктер сағаттап тұратын тұраққа айналып кеткендей әсер қалдырды. Кезінде әкімге алғыс айтқандардың, кептелісте тұрып не дегенін іштей сезетін шығарсыз?!
Көктем көпірден бөлек, біраз былықтың бетін ашқандай. Қып-қызыл боп көзге ұрып тұратын веложолдың да сапасы “китайский” екен. Ой-шұқыры жаяу адамның желкесін үзеді.
Ақ жағалылардың алдауынан әбден мезі болған жұрт осы кезде шу ете қалды. Халықтың аты халық. Жолға жұмсалған қаржының есебін еске салғанда, әкімдік ұйқысынан оянып, “құлақтан” тепті кеп…Бәріне кінәлі мердігер. Біздің ешқандай қатысымыз жоқ деп соқты. Ол ол ма? Әйтеновтың өзі лентасын қиып берген көпірдің құрылысы әлі бітпеген болып шықты. Сонда мегополис басшысы жартылай салынған көпірмен көліктерді жүргізіп, қаншама адамның басын бәйгеге тігіп жіберді ме?
Әкімдік ақауды мердігер өз қаражатына түзетеді. Түзетпесе айыппұл саламыз деп қорқытты. Соңғы мерзім мамыр айында деген еді “зам” әкім. Мамыр айы тең жартысынан асты. Қонаев даңғылындағы көпір әлі жатыр. Ал, веложолдың жөндеу жұмысы бітіпті. Шүкір дедік.
Жолдың жыры әлі жалғасады. Арғынбеков пен Бәйдібек би даңғылында тағы бір жолайырық салынып жатыр. Суретте әдемі. Тура сондай бола ма, болмай ма, ол жағы белгісіз енді. Сапасын бір білсе, құдай біледі.
(сурет әлеуметтік желіден алынды)
Айтпақшы, құрылысы бітпей жатып, қайта жөнделді дегенді ешкім естімесін. Күлкінің астында қаламыз. Әй, бірақ Шымкенттің шенеуніктері сөзге шешен. Ақылға қонымсыз әңгіме айтып құтылып кетеді.