Без рубрики
ЖҮК КӨЛІГІ “АСФАЛТЬТЫҢ АСТЫНА” БАТЫП КЕТТІ
Семейде жүк көлігі жолдың опырылған тұсына түсіп кетті. Желіде тараған видеода ауыр техниканың асфальт астына жартылай батып кеткені анық көрінеді.

Полицияның мәліметінше, оқиға жол-құрылыс жұмыстары жүріп жатқан аумақта болған. Жылу торабына жақын маңда жер қабаты шыдас бермей, жол жабыны опырылып кеткен. Сол сәтте 37 жастағы жүргізуші басқарған «Шансиман» жүк көлігі апатты жерден өтіп бара жатқан. Нәтижесінде көлік шұңқырға жартылай түсіп кеткен.
Абырой болғанда, жүргізуші де, айналадағы адамдар да зардап шеккен жоқ. Оқиға орнына жедел түрде коммуналдық қызмет пен полиция қызметкерлері келіп, аумақ қоршауға алынды. Қауіпсіздік шаралары қабылданды.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Жолдың опырылуына нақты не себеп болғаны жөнінде тиісті сараптама жасалмақ.