БАРША ЖАС ТҮЛЕКТЕРГЕ СӘТ САПАР ТІЛЕЙМІЗ
"Еліміздің бүгінгі , ертеңі –болашақ жас ұрпақтың қолында. Ал жас ұрпақтардың тағдыры –ұстаздардың қолында". Н.Ә.Назарбаев
Міне, тағы бір оқу жылы аяқталып, өзіндік сыры бар 25 мамыр соңғы қоңырау күні де келіп жетті.
Бұл күні еліміздің барлық өңірлеріндегі мектептерден күміс қоңыраудың сыңғыры естілетіні бәрімізге белгілі. Алайда елімізде болып жатқан төтенше жағдайларға байланысты карантиндік шектеу кезінде асыға күткен 25 мамыр шәкірттердің ойында салтанатты мерекелік іс-шара жаппай болса екен деген үміттерін де жасыра алмаспыз, міне бүгін сол үміттері жартылай орындалғандай. Дегенмен, талаптарды сақтай отырып, тек қана 9-11 сынып мектеп бітіруші түлектерге ғана рұқсат берілді.
Білім мен ғылым, тәлім мен тәрбиені ту еткен, білім ұясынан балалықтан арылып, үлкен өмірге білім нәрімен қаруланған қаншама шәкірттер, өз ұяларымен қимай қоштасуда. Ұстаздарына арнаған өлең жолдарынан қимастықтың белгісі айқын көрініп тұрды.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында білімнің маңыздылығына ерекше тоқталады.
Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы керек. Өйткені білімді бәрінен биік қойған ұлт қана табысқа жетеді делінген. Шындығында да біздің мектеп бітірші түлектердің алдағы уақытта білім деңгейін өсіріп одан да зор жетістіктерге жететініне ұстаздар қауымы сенім артты.
Алайда, қазіргі таңда елімізде болып жатқан төтенше жағдайлар да шәкірттердің білім алуына еш кедергі болмады. Онлайн қашықтықтан оқу кезінде өз деңгейінде ұстаздардан білім алуы жалғасын тапты.
Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына байланысты біршама ауқымды жұмыстар жүргізілгенін де айтып өтпеске болмас. Абай атамыз айтқандай «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан!» демекші, алтын ұядан қанаттанып ұшқалы отырған шәкірттеріміз мамандық таңдау өмірін таңдау екендігін ұмытпаса екен дейміз.
Қорыта айтқанда, ұлттық бірыңғай тесттен жоғары дәрежені көрсететін жас түлектердің саны арта берсін! Өмірге қадам басқалы отырған барша жас түлектерге сәт сапар тілейміз.
Шотан Ақсұңқар Қамытбекқызы, Ә.Молдағұлова атындағы жалпы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Ордабасы ауданы.