Білім

БЕРДІБЕК СОҚПАҚБАЕВ: КОНЦЕРТ

Қазір мен екінші кластамын. Сауатым ашылып, өздігімнен оқуға, жазуға жарап қалған кезім. Әліппедегі бүкіл өлең, әңгімелерді жатқа білем. Өйткені одан басқа ермек етіп оқитын кітап жоқ. Күндіз-түні айналдыратыным сол бір кітап.

Тышқан мен мысық жөніндегі әңгіме күні бүгінге дейін есімнен кетпейді. Кітаптағы суреті көз алдымда. Мысық тышқанды қуып береді. Тышқан қашып береді. Менің бәтеңкем секілді тұмсығы ырсиған жыртық бәтеңке кездеседі. Тышқан бәтеңкенің қонышынан кіріп, тұмсығынан шығады. Мысық та қуа кірмек болғанда, басы бәтеңкеге кептеліп, шыға алмай қалады. Әңгіме мазмұны осы.

Маған бұл әңгіме өте ұнайды. Кішкентай әлсіз тышқанның айлакерлігіне сүйсініп, аман қалғанына қуанамын. Ақымақ болған мысыққа күлемін. Өзімді айлакер тышқанға, Жанбосынды дөрекі мысыққа теңеймін.

Сағатбай ақынды өнерден де қара жаяу емес. Бір күні масақ теруге барған едік. Айша дейтін ересек қыз ауырдым деп, жұмыс істемей, үйге қайтып кетті. Сонда Сағатбай әлгіні былай деп өлең еткен еді:

Масақтан Айша қашты үйге таман, Кетіпті іші ауырып өте жаман. Орындап нормамызды топ оқушы, Есен-сау үйімізге қайттық аман.

Жазылуы олақ болғанымен, бұл тәрізді әзіл өлеңдер ауыздан ауызға тарап кеткіш, сыналып отырған адамға әсер еткіш болады.

Әліппедегі өлеңдерге және ұстазым Сағатбайға еліктеп мен дағы өлең жазуға құмартам.

Октябрь мерекесінің құрметіне біз алдын ала дайындалып, колхозшыларға концерт қойып бердік. Сол кеш менің есімнен еш уақытта кетпейді.

Жаман мектептің іші өзінше тап-таза болып сыпырылған. Темір пеште ерекше жомарттықпен маздап жанған от. Үй іші жылы. Екі жерден шишалы ондық шам қойылған. Шаршылау келген кластың терезе жағы шымылдықпен бөлініп, сахна жасалған.

Ұмытпасам, сары шымылдық.

Осының бәрін ұйымдастырып, әлекке түсіп жүрген адам Сағатбай.

Концертке қатысушының бірі менмін. Өнерім — тақпақ айту. Біз, «артистер», жұрт жиналмастан бұрынырақ келгенбіз. Жүрегім қуаныштан кеудеме сыймайды. Дәл мұндай салтанатты көңілді кешті өмірі көрген емеспін. Қолтығымнан қанат біткендей өзімді өзім қоярға жер таппаймын. Әлсін-әлсін шымылдықтың сыртына жүгіріп шығам, қанша адам жиналғанын қараймын.

Концертке Майра да қатысады, ән айтады. О, сіз Майраның ән салғанын көрсеңіз! Майраның дауысындай әсем дауыс қыздардың біреуінде жоқ.

Менің бір байқаған нәрсем, табиғат өзінің сүйкімді етіп жаратқан пендесін өнерден еш уақытта да құр тастамайды. Бір өнерді оның кеудесіне қалай да құйып, бірге жаратады. Кейде тіпті сүйкімді сұлу адамға оның тән сұлулығы аздық ететіндей, үйіп-төгіп бәрін береді.

Өзі сұлу болып, өзі ақымақ болған пендені мен, сірә, көрмеген тәріздімін. Сол секілді ақылды, талантты адамдардың өңсіз, дөрекі жаралуы және сирек.

Қалай десеңіз де, нені неменеге орауды білген жаратылыс. Майрада, менің Майрамда, бәрі бар: ақыл да, талант та бар. Сұлулығы өз алдына.

Бүгінгідей өмірде сирек кездесетін әдемі кеште Майра тіптен әдемі. Ол өзінің ең жаңа, ең қонымды киімдерін киіп келген. Бұрымдарының ұшына жібек лента таққан.

Аяғында қардай аппақ ақ пима. Өзі де аппақ, маржандай тісі де аппақ.

Майраның тал бойында ине жасуындай бір мін болса, ол оның мұрнында. Мұрны сәл тампыштау. Бірақ ол да мін емес. Қазақ жақсы көрген баласын тампышым демей ме? Томпаң қаққан Майраға кішкене тампыш мұрын, қайта, жарасатын тәрізді. Күлімдеген кезде әдемі танаулары делдиіп, қоса күлімдегендей болады. Міне, міне, дәл осы кезде екі бетінің ұшында әсем бір томпақшалар орнай қалады.

О, Майраның кісіге көзқарасы қандай! Ол жақсы көрсін, жаман көрсін, бір ғана рет қараған көзқарасымен білдіреді. Айтарының бәрін де сонымен айтып салғандай болады. Кеше болмасаң, ұғасың, түсінесің.

Сөйтіп, мен концерттің басталуын күтіп, өзімді қоярға жер таба алмай жүрмін.

Жиналған адам саны қанша болғанын байқамаққа тағы да шымылдықтың сыртына жүгіріп шықтым. Дәл осы арада бетпе-бет Майра ұшырасып қалсын. Ол дағы көбелектей ұшып-қонып, тыным таппай жүргеннің біреуі. Мен Майраның білегінен қалай шап беріп ұстай алғанымды өзім де байқамай қалдым. Ол кілт тоқтады. «Не айтасың» дегендей күтіп тұр. «Жүр бері» деген кісіше жетелей жөнелдім. Майрада қарсылық жоқ, ілесіп берді. Кластың бүйір қабырғасының орта тұсында бір кісілік бұлтық қуыс бар. Құпия бірдеңе айтатын адамша Майраны сол қуысқа ертіп келдім. Бірақ келіп алып, мелшиіп үнсіз тұрмын, ештеңе айта алмаймын. Майра «не, не» дейді. Менің айта алмай тұрған сөзімді естіп білгенше ынтық болады.

— Кейін айтам, — дедім де, қаша жөнелдім.

Соңымнан Майра жүгіріп келеді.

Кейін не айтпақ болғанымды өзім де білмеймін.

ҚАЗА

Шешемнің хәлі күрт түсіп кетті. Далаға әрең кіріп шығады.Төсегі қаңылтыр пештің түбіне жерге салынған. Күндіз-түні ыңыранып жатады да қояды. От жанғанда қаңылтыр пеш қызып кетеді де, терлейді. От сөнсе, тез суиды да, жаңа ғана былбырап терлеп жатқан анам енді тоңази бастайды. Сөйтіп, аса жайсыз жағдайда жатқандықтан, ауруына ауру жамала береді.

Шешемнің қойнында күндіз-түні жылаудан жағы сембейтін Тұрдыбек. Ауру ананың құр сүлдер шандыр мамасын сүліктей қадалып сорудан ол да жалықпайды.

Бибіжамал жеңгем, өзінің шектен шыққан ластығына қарамастан, Тұрдыбектен сондай жиренгіш. Баланың жөргек-жаялығын төсегінде ыңыранып отырып шешем өзі жуып тазалайды.

Шешемнің хәлі төмендеген сайын, үй ішіне үлкендер менен жасыруға тырысатын құпия бір әбігер кіре бастады. Олардың өзара күбір-сыбыры көбейді. Әңгімелерінің шет жағасын кейде құлағым шалып, естіп қалам. Шешем жөнінде сөйлеседі. Беті бері қарауы қиын екен, қамсыз болмау керектігін айтады.

Жалқау, жайбасар әкем енді ширай бастады. Отын-суды мол дайындап, үй маңынан онша көп ұзамайтын болды.

Шешемнің көңілін сұрауға келген әйелдер есіктен шығар-шықпастан-ақ ойындағысын айтып қалады. «Біткен адам», «мал болмайды» дейді. Кім жөнінде екені белгілі. Әлгідей сұмдық сөзді естігенде жүрегім су етіп, ішіме бір қап үрей бір-ақ кіргендей болады.

Шешемнің өлетініне менің де көзім жете бастады. Жылаудан сілесі қатқан Тұрдыбек қалжырап, ұйықтап кетеді. Сол кезде шешемнің де бір сәтке көзі ілініп, үй іші тым-тырыс бола қалады. Мен аяғымды ұшынан басып, апатайымның қасына келем. Оның қайғы мен қасіреттен, жанына батқан сырқаттан әбден жүдеп біткен, ал бірақ дәл қазір соның бәрінен де бірнеше минутке тыныштық тапқан жүзіне барлап қараумен болам. Өлімге бет алған адам қандай болады? Шынымен-ақ рас па өлетіні? Осыны байқағым, білгім келеді.

Шешемнің бір кездегі әдемі нұрлы жүзінде тек бозарған тері ғана қалған. Терінің ар жағынан сүйек көрініп тұрғандай. Әдемі қыр мұрыны әрі жұқарып, әрі биіктеп өсе түскен. Кірпігінің талшығы да ұп-ұзын, сәл ғана ашылған қансыз-сөлсіз еріндері боп-боз. Екі көзінің алдына өлік таңбасындай сұп-суық болып көк таңдақ көлеңке жұққан. Мен өте-мөте осы көлеңкеден қорқып, селк ете қалғандай болушы едім.

Үңіліп көп қарауға дәтім шыдамайды да, тағы да аяғымның ұшынан басып, дереу шегініп кетем. Шешемнің қу ағашқа ұқсаған арық денесі жұқалаң көрпе астында біртүрлі ұп-ұзын боп, бейне бір жансыз денедей созыла түсіп жатады.

Шешем өледі, менің күнім не болады деген ой күндіз-түні басымнан шықпайды. Жетімдік, панасыздық өмір бетпе-бет келіп, шабайын деп тұрған қасқырдай сұмдық қорқынышты. Мен оған қандай қайрат көрсетемін? Қалай қарсыласып, жан сақтаймын? Тіпті қарсыласа алам ба? Әлі өмір босағасынан сығалап қарамай жатып менің де біткен, құрыған жерім осы болғаны ма?

Жетім! Не деген суық та жексұрын сөз!

Ауылда ол кезде қаза көп. Құдай тағала өзі жаратқан пендесінің асыл-асылдарын өзі таңдап әкетіп жатады. Бір күні менімен бірге оқитын Қаншайым деген қыздың шешесі өліп қалды. Үйлерінің іші у-шу. Ауыл адамдары жылап келіп жатыр. Абысын-ажындары үйге жетер-жетпестен дауыс салып, аз ауылды бастарына көтереді.

Топырдың арасымен әлгі үйге мен де бардым. Қаншайым қалай жылап жатыр? Не айтып жылап жатыр? Көрмекшімін. Ертең менің де анам өледі той. Сол кезде жөндеп жылай алмасам, масқара емес пе? Топырдың арасымен үйге кіріп, Қаншайымды іздедім..

Қаншайым шешесінің төсегінің үстінде екі бетін қолымен басып алып, етпеттеп жатыр екен. Маған бұл бірден ұнады. Тікеден тік тұрып немесе отырып жұртқа қарап жылаудан бетіңді қолыңмен көміп алып жылау тиімді көрінеді. «Е, жақсы болды, шешем өлгенде мен де өстіп жылайын» деген оймен үйден шықтым. Әйтпесе, шешем өлгенде қалай жылаймын, не айтып жылаймын деп уайым шегіп жүр едім.

Ноябрьдің іші. Қақаған қара суық. Жыртылған қағаз тәрізді далада болар-болмас ағараңдап жатқан қар бар. Мектептен үйге қайтып келе жатырмын. Ойымда үйдегі бағана таңертең мен кетерде хәлі күндегіден де нашарлап, жөн тартып жатқан шешем. Сабақта отырып та мен шешемді ойлаумен болған едім.

Шешемді күтімілдеп жүрген үлкендердің қас-қабағы да бүгін ерекше болатын. Талайдан күткен сұмдықтары тақалғандай абыржысып, ауру адам шындап жөн тартқанда істейтін әрекеттер істеп жатқан. Көрші Киікбай ауылынан Жақай молданы шақыруға тездетіп адам жіберген.

Одан кейін не болғанын мен әзірше білмеймін. Өзіммен өзім боп, міне, енді мәңгіріп, балалардан бір оқшау келе жатырмын. У-шу бірдеңе естілмес пе екен дегендей өзіміздің үй жаққа елеңдеп көз тігемін. Әзірше тыныш секілді. Үйге келдім. Біраз әйел-еркек жиналып қалған. Екі-үш шалдың ортасында көзі сұмдық жайнаңдаған Жақай молда. Біреулер шешемді қоршалап алған. Маған өте бір жат көзбен қарасады.

Жүрегім жаманшылық тақап қалғанын бірден сезінді. Шүберек сөмкемді терезенің алдына елеусіз тастай беріп, дереу сыртқа шығып кеттім. Жаманшылықты көрмейін, оның басы-қасында болмайын, соңынан бір-ақ естиін дедім.

Жардың астымен Текестің суын жағалап келе жатырмын. Қайда барам, не істеймін, өзім де білмеймін. Тек тезірек үй маңынан ұзап кетсем, ешкімнің көзіне түспесем болғаны.

О, Текес! Жаным қысылып сасқанда мен саған келіппін. Сен дағы менің анамсың. Кішкентайымнан суыңа шомылып, жағаңда өстім. Істерге іс таппай зеріккенде, қолдан жасаған, жалмансыз тебен қармақпен балығыңды аулаймын. Сөйтіп, сенен ермек табамын, сенімен көңіл көтеремін. Аш, жалаңаш жүрсем де ауырмауым, берік болуым, Текес, ол дағы сенің арқаң. Сенің қоймалжың лай суыңа түсе-түсе шынығудың арқасы. Жұрт:

Текестің суы арық емес пе!

Бердібек балық емес пе! —

деген сөзді бекер шығармаған.

Текес, сен мені балығыңмен асыраған, шынықтырған анам болсаң және бір мені осы жарық дүниеге алып келген анам үйде хал үстінде. Ол дағы өзің секілді аяулым, қимасым еді. Сол асыл анам бұл дүниенің тізімінен сызылуға жақын жатқан секілді. Осы бір мен үшін тіл жетпес ауыр кезеңді — мен оның шырағы жалп етіп сөнген шағын көзбен көріп, шыдай алар емеспін. Сондықтан да басым ауған жаққа қаңғып кетіп барам. Айналайын Текесім, ол үшін сен мені кінәлама, кешір.

О, ғажап! Адам мен табиғат бір-бірінің тілін түсінетін, бірімен бірі ұғынысып сөйлесетін кез болады екен. Жағасына жырым-жырым мұз тұра бастаған Текес менің басымдағы ауыр хәлді түйсінетін тәрізді. Менімен кәдімгідей тілдескісі келгендей мұз қабаққа жөңкіп келіп, ышқына соғылады. Мұздың үстіне асып шығып, құлдыр-құлдыр етеді де, қайта шегініп кетеді. Ағынның өз тілінде былдырлап бірдеңе айтқандай болады. Не дейді? Не айтады? Ана тілін бала қалайда ұғады ғой. Текес ана, мен де сенің не айтып жатқаныңды білемін. «Мен осы өлкеге аты мәлім кәрі Текеспін. Мыңдаған жылдар бойына мал мен жанға, даланың аң-құсына сарқылмас-сусынымын. Ғасырдан ғасырға созылған ұзақ өмірімнің ішінде менің көрмегенім қалған жоқ. Бәрін де көрдім, сендей жетімдердің талайының көз жасының куәсі болдым. Балапаным, егілме! Егілгенмен, ештеңе өнбейді. Тірліктің осындай бет қаратпас сұрапыл заңы болады. Соған төтеп бере алғандар өмір кешеді де, төтеп бере алмағандар қаусап қалады. Одан да өзіңе өзің берік бол, сілкін! Сілкін де бекін!

Жи есіңді, балапаным! Қайт үйіңе! Ақымақ болма! Аяулы анашыңның шырағы мәңгілікке сөнетінін біліп, естимісің? Соңғы иек қағысына дейін, тым құрыса, көз алдында болып, қоштасып қал. Анаң сенің бұл сапардан енді қайтып келмейді. Сен оның аналық мейірбан жүзін енді қайтып еш уақытта да көре алмайсың. Өкінбей, кешікпей тұрғанда, қайт! Тезірек қасына жет шешеңнің! Өмірінің ең соңғы минутында, үзілетін шағында ол қалайда сені іздейді. «Беркенім… Бердібегім қайда? Әкеліңдерші, көрсетіңдерші» дейді. Өзегін жарып шыққан балапаны болғандықтан, сенің иісіңді бір иіскеп, бетіңнен бір сүюді арман етеді. О дүниеге сенің жұпар иісіңді өзімен бірге алып кеткісі келеді. Ақымақ бала, сен осыны түсінемісің, сеземісің? Бойындағы ең соңғы тіршілік қуатын уысынан шығармай, анаң сен үшін, сені бір көріп, қоштасу үшін ажалмен арпалысып жатқанын білемісің? Қайт! Қайт үйіңе».

Қайғының қара дүлей жартасы үстіме қаңғыр-күңгір құлап келе жатқанда Текес ананың маған айтып жатқан ақыл-өсиеті, міне, осындай еді.

Далада мәңгіріп қанша қаңғырып жүргенім есімде жоқ. Бір кезде үйге қайттым. Өзіміздің үй жақтан жылаған дауыс күтіп, елеңдеп қараймын. Әзірше ештеңе естілмейді. Қазір, осы енді қазір естілуі керек, жүрегім оны анық сезеді де, үй жаққа жолағысы келмейді.

Қыстақтың су жақ шетінде өзіммен бірге оқитын Сыдықжан досымның үйі бар. Мен сонда келдім. Сыдықжанның әкесі де, шешесі де мейірбан жақсы адамдар.

Мен бұл үйге былай да жиі келіп тұрамын. Сыдықжанмен ойнап, уақыт өткізіп қайтам. Нұрақын үйінде сауын бар. Ақ үзілмейді. Айран, сүт ішіп, шегімнің бір сүйем жері ағарып қалғандай болады.

Сырт киімімді де шешпестен, Нұрақын үйінде отырмын. Темір пештің арт жағында бір шөлке тұр екен, соған қалай болса, солай жаншылып отыра кеткем.

Кенет есікті қатты жұлқып ашып, колхоз председателі Жәкібайдың әрі ерке, әрі сотқар баласы Тілеу кіріп келді. Әлдекімді іздегендей алақ-жұлақ етіп, мені көрді де:

— Ей, неғып отырсың? Шешең өліп қалды! — дегені.

Төбемнен шатыр етіп аспан құлағандай болды.

Әлгінде менің осында кіріп бара жатқанымды Тілеу көрген еді.

Отырған орнымнан қалай атып тұрғанымды білмеймін. Аңырап есікке ұмтылдым. Біздің үй әлгі арадан көрініп тұрады әрі жап-жақын. Есіктің алдына біраз жұрт жиналып қалған. Іштен жылаған дауыстар естіледі. Міне, енді енесінен айырылған боташа боздап келе жатырмын.

Есіктен кіре беріп, оң жақ босағаға ши құрылып қалғанын байқадым. Өлікті соған салған екен. Аңыраған бойда шидің аузына ұмтылдым. Бірақ әлгі арада тұрған әйелдер жібермеді, ұстап алды. Сосын әнеугі Қаншайымша жыламақшы болып, анамның ағаш төсегіне етпеттей барып құладым.

Өкіріп, бақырып жылап жатқандар, негізінен, өзіміздің үйдің адамдары. Бибіжамалда дауыс дегенің бар-ақ екен.

«Ойбой, жеңеше-ау! Бас ие, ақылшым-ау!» деп аңырағанда, үні көктегі Құдайға жетеді. Бөлменің дәл орта тұсында жерде отыр. Екі бүйірін балуан қолдарымен таянып алған. Тебіреніп, шын жылап отырғанымды көріңдер дегендей, семіз бетінен сегіз тарам боп сорғалаған көз жасын, Құдай үшін, сүртіп те қоймайды.

Сатылған ағайым Тұрдыбекті құшақтап, тікесінен тік жылап тұр. Алты-жеті айлық жас нәресте аяқасты нендей сұмдық болып қалғанын біле алмайды. Бас-басына шулағаны несі дегендей, жан-жағына бағжаң-бағжаң қарайды.

Әкем арқасын қабырғаға тіреп, жүресінен отырып алған. Дауысын онша шығармай, пыш-пыш жылайды.

Даладан ойбай салып кірген әйелдер үй ішінде және азырақ ойбайлап жылаған болады да, қоя қояды. Сосын, біраз уақыт өткен соң, сусып шығып кетіп, жаңадан жылап келетіндерге орын босатады.

Ертесінде шешемнің денесі ата-бабамыздың талай ұрпағы мәңгілік мекен тапқан Жауыртоғандағы бейітке апарылып жерленді. Жол шетіне таман жаңа бір жас төмпешік қабір пайда болды да, біраз күн арлы-берлі өткен жолаушының назарына шалынып, мұңлы ой салып жатты.

Шешемнің басына қорған соғылған жоқ, ескерткіш тұрғызылмады. Бірдеңе қалқитуға бізде ешқандай да шама жоқ еді. Біздің қолымыздан келгені көзіміздің жасын көл етіп, жылау-сықтау ғана болды.

Мәңгілікке көз жұмар кезде шешем жанталасып мені іздепті. «Әлгі Бердібек қайда? Бердібек… шақырыңдаршы», — деп сандырақтап жатып, менің атымды атай беріпті. Алтын анамның дүниеден қайтар алдындағы бір ауыз лебізін ести алмағаныма күні бүгінге дейін өкініштімін. Қош бол, ғазиз анам!

…Қазекең де айтады-ақ: «Шешесіз жетім — шерлі жетім. Әкесіз жетім — арсыз жетім». Мен шерлі жетіммін.

Шерлі екенім рас. Қайтыс болған шешемді күндіз-түні ойлаймын. Өлу — ол мәңгі-бақи ғайып болу, жоғалу. Мен енді шешемді еш уақытта да көре алмаймын. Осыны ойлағанда, іші-бауырым біртүрлі жидіп кеткендей болады.

Өлген адам мәңгілік өлмейтін болса. Арада он жыл ма, он бес жыл ма өткенде, тіріліп, қайта қайтып келсе. Мен онда қайғының түпсіз шыңырауына құламас едім. Аяулы шешемнің қайтып келер мерзімін қалайда шыдап, күтер едім. Басыма нендей ауыртпалық түссе де, төзер едім. Өзімді өзім жұбатар едім.

Алтын анам енді он бес жыл түгіл, мың жыл өткен соң да қайтып тірілмейді. Мен бұны жақсы білемін. Сондықтан да өмірден қарманар сүйеніш таба алмаймын. Бәрі бітті, сенді. Мен оның «Беркенім» деген аналық мейірбан сөзін енді еш уақытта да естімеймін.

Өзегімді өртеген ащы қайғы оңашада көзімнен моншақ болып домалап-домалап кетеді. Бірақ ешкімге көрсетпеуге тырысамын.

Сөйтіп, жетімдік өмірді бастан кеше бастадым. «Жетім» деген сөзде нендей суық мағына жатқанына мен бұрын зейін қоймайды екем. Шешем өлген соң, енді білдім. Адамның ар-ожданын тілдеуге де дүниеде бұдан қатал, бұдан аяусыз сөз болмайды екен.

Үлкендер жетім екенімді аяушылықпен есіме салады. Ал балалар ұрсысып қалғанда «жетім» деп боқтайды. Мен үшін екеуінің мағынасы бірдей. Аяп айтса да, ұрсып айтса да, «жетім» деген сөз менің жүрегіме қанжар болып қадалады. Дүниеде мен үшін бұдан жексұрын сөз жоқ. Тақиясын қорыған тазшадай осы сөз қай жағымен сап ете қалады деп зәрем ұшып, үрейленіп тұрамын.

Менің осы осалдығымды жаукес балалар өте жақсы біледі. Сәл шекісіп қалса, даяр тұрған өзге боқтық сөздің бірін де аузына алмай: «Өй, әкеңнің аузын… жетім! Шешесін жалмаған қу жетім!» — деп шыға келеді. Болды, мен өлдім, күйреп түстім. Бұдан кейінгі қарсылығым — ол арсыздығым.

Балалар, менің қымбатты жас достарым. Мынау қатал дүниеде әкесі не шешесі өліп жетім қалу секілді бақытсыздық әркімнің-ақ басында кездесуі мүмкін. Ол секілді жаны жаралы балалар, мүмкін, араларыңда да бар шығар. Сендер қанша араз болсаңдар да, оларға «жетім» деген тажалдай суық сөзді айтпаңдар, айналайындар. Ұр, соқ, төбелес. Тіпті етінен ет кесіп ал. Ал бірақ әлгідей деп тілдеме. Тағдыр онсыз да аяусыз жазалаған бейшараның адамшылық менмендігін «жетім» деген сөз біржолата жер етіп, таптап кететінін сендер ұғыңдар. Аяңдар!

МЕНІҢ ӨНЕРЛІ ЖЕҢГЕМ

Бибіжамал біздің үйге пенде боп жарытпады. Шешем өлген соң, аз уақыттан кейін, ол Смағұл тәтем екеуі ажырасып кетті. Біздің үй енді кіл еркек тұратын үйге айналды.

Кіл еркек тұратын үйде ешқандай да береке тұрмайды екен. Түтін уақтылы түтемейді, кір жуылмайды, жыртығымыз жамалмайды… Әкем мен ағаларымның біреуісі тезірек үйленбесе, болмайтын болды.

Бұл жолғы кезек Сатылғандікі. Колхозда есепші болып істейтін мырзалауымыз. Солқылдаған жас жігіт, бұрын бұл тәрізді бұғалыққа басы ілініп көрмеген.

Бір күні аяқ астынан үйленді Сатылған. Нарынқол жақтан түнделетіп бір әйелді алып қашып келді. Аты Әлиман. Күйеуі қайтыс болған келіншек екен. Ерінің туыстары әмеңгерлік жолмен қайнағаларының біріне қоспақ болған. Әлиман оған көнбеген. Өзінен де гөрі жастау, көрікті жігіт Сатылғанмен қол ұстасып, тартып отырған.

Әлиман ақылды да мінезді, биязы жан еді. Жүріс-тұрысы өте сабырлы. Шешек шығып, шұбарлау болып қалған ақшыл өңі сұлу болмағанмен, біртүрлі мейірбан, сүйкімді.

Қашып кеткен әйелдің соңынан бақан алып қуатын баяғы заман жоқ. Әркім сүйгеніне барады. Қостөбеге аман-есен жеткен соң, Әлиман біздікі болып қала берді.

Жоқты бар етіп, ұқсата білетін алтын саусақ әйелдер болады ғой, Әлиман соның нақ өзі еді. Ac жоқта, түтін түтетіп, ас пісіреді. Киім жоқта, бұрын іске аспай жатқан бірдеңелерді жаңартып, киім жасап береді. Ол келді де, біздің үйде бұрын болмаған береке, тазалық орнады. Оның өзімен бірге ала келген біраз төсек-орны, дүние-мүлкі бар еді. Солар біздің жаман үйді мүлдем басқаша етіп жайнатып жіберді. Даладан кіріп келгенде, мен талайға дейін, басқа бір үйге кіріп келгендей әсер алып жүрдім. Бұрынғы ыбырсыған көңілсіздіктің қарасы өшкен.

Үй іші тап-таза болып жатқан соң, әкем екеш әкем де сырттан аяғын тарп-тарп басып кіре бермейтін болды енді. Етігін тазалап, сүртіп кіреді. Төрге қорыншақтап, әзер шыққандай болады. Кешке қарай ұлтарақ-шұлғауларын бұрынғыша пештің жан-жағына қоңырсытып жайып тастамайды.

Бұрын жоқ жез самауыр, азын-аулақ бүтін шыны-шәйнек пайда болған біздің үйде. Таза дастарқан пайда болған. Бұлар да жеңгем алып келген мүліктер.

Жеңгемнің бипаз қолы тамақты да дәмді етіп істеуші еді. Ол қуырған арпа-бидай еш уақытта жалындамайды, бадырап әдемі қуырылады. Ол тартқан талқан ұндай майда әрі аппақ. Ол пісірген нан алмадай қып-қызыл. Сіз Әлиман жеңгемнің қолына бір уыс ұн, бір борша ет қана әкеп беріп қараңызшы. Ол одан не істер екен? Бір үйдің іші лықа тоятын, дәмі ауыздан кетпейтін ши кеспе істеп береді.

Жеңгем аз сөйлейтін, дауыс көтеруді білмейтін. Ақылға да, мінезге де бай адам еді. Киімді таза киінеді. Басындағы жаулығы, қанша көрсеңіздер де, шаңқандай аппақ. Көйлекті мол етіп әрі ұзын киеді, үлкен көрсе, алдынан қия басып өтпей, иіліп сәлем етіп тұрады.

Әлиман маған өз шешемдей қалтқысыз мейірбан еді. Бір үйге қыдырып барса, жетектеп ертіп алады. Дастарқанға қолым еркін жететін жерге, өзінің қасына отырғызады.

О, сіз жеңгемнің киім жамағанын көрсеңіз! Жыртық киім оның қолынан өткенде, бүтін киім болып шығады. Қайдан тапса да, киімнің өз түсіне үйлесімді жамау табады. Ол жамаған жамау киімге біртүрлі сән беретін еді.

Кәдімгі ақ киізді сырып, ол маған әрі жеңіл, әрі жылы тамаша пима істеп бергені есімде. Аяқта бар-жоғы білінбейді, жұп-жұмсақ. Киіп қалсаң, өз-өзіңнен жүгіргің келіп тұрады.

Тап-тұйнақтай, әдепті келіннен именіп, әкем енді таңертеңгі шайға ауы мен бауы салбыраған дабы дамбалмен келіп отыруды және қойды.

Қайран ғана Әлиман жеңгем!

Қайран демей қайтейін, біздің сорлы боп жаралған маңдайымызға ол да сыймады…

Әлиман жеңгем Сатылғаннан үш-төрт жас үлкен еді. Әрі бұрын күйеуде болған адам ғой. Біздің үйдің ел санатына қосылуын көре алмаған іші тар ағайынға енді бірінен бірі қағып әкетуге жарайтын өсектің тозбас добы табылады. «Сатылған жігіт болмай, жидіп қалсын! Осы елде қыз құрып қалғандай, байы өлген қатынды алғаны несі? Өз теңі табылмағандай, сарқарын қатынды алып, не басына күн туды? Шеше ете ме?», «Е, Әлиманның көрпе-жастық дүниесіне қызыққаны да…» — Ағатайымды ағаш атқа мінгізген осы тәрізді шақпа әңгімелер Қостөбеде ысқаяқ желдей есе бастайды. Ағайым қайда барса да, құйын боп алдын орап, жүргізбеуге айналады. Он екіде бір гүлі жаңа ашылған жас жігіт бұған, әрине, намыстанады.

Сатылғанның Әлиманға деген жылы қатынасы өзгере бастайды.

ЖҰМАБАЙ

Сағатбай басқа мектепке ауысып кетті де, оның орнына аяқ-қолы бір тұтам, тәмпиген өзге мұғалім келді. Аты Жұмабай. Өзіміз жақсы көретін, үйреніскен ұстазбен айырылысу біз үшін, балалар үшін, ауыр қайғы болды.

Міне, енді күніміз жатқа қарағандай боп, бұрын сырын білмейтін тосын мұғалімнің алдында отырмыз. Қандай адам? Сағатбайдай сүйкімді бола ала ма, жоқ па?

Екі иығы қушиған тәпелтек Жұмабайды арт жағынан қараған адам бала екен деп қалады. Басын төмен салып, аяғын тырп-тырп еткізіп сүйрете басып жүрген жүрісі де құлды бала тәрізді. Бірақ қолтығында күйектей қара папкасы бар. Әне, ол тоқтады. Пальтосының сырт қалтасынан әтірден босаған төрт қырлы кішкентай қара флакон алып шықты. Онысы насыбай екен. Алақанына салып, атып тұр. Арт жағынан келе жатқан сенің аяқ тысырыңды естіді де, жалт бұрылып қарады. Сөйтсең, бала емес, беті қатпақ-қатпақ қартамыш біреу…

Жұмабай сабақ беріп тұрып та насыбай ата береді. Салпиған көнтек ерні ішіндегі насыбайды ауырлағандай салпиып түсіп кетеді, ара-арасынан ел көшкендей сап-сары шірік тістері үнемі көрініп жүреді. Бұл адамның киім киісі де салдыр-салақ. Пальтосының біраз түймелері баяғыда үзіліп, құрыған. Біразы салбырап, үзілуге жақын. Менің әкеме ұқсап, Жұмабай жаздыгүні де пысынап, қалың киініп жүреді.

Үзіліске шыққанда Жұмабай мектептің алдында тәштиіп тұрып, маңайдан арлы-берлі өтетін ауыл адамдарын іздейді. Көзіне түскен біреуді: «Ей, бері кел», — деп шақырып алады да, насыбай сұрайды. Насыбай сұрауы әрі өктем, әрі тұрпайы:

— Әй, шал, әкел шақшаңды!

Өз насыбайын үнемге сақтайды.

Кейде Жұмабайдың насыбайы шын бітіп қалады. Насыбай атып көңілі жай таппай, ол енді сабақты жүргізбейді. Бір баланы біреуден насыбай тостаған әкелуге, бір баланы аршаның күлін тауып келуге жұмсайды. Содан соң класқа тапсырма береді де, өзі әлгі арада отырып насыбай жасауға кіріседі. Көк темекінің ағашын бәкімен бипаздап тұрып турайды. Үстіне күл қосады. Сосын таяқпен мыжғылап езе бастағанда, үйдің іші темекінің ащы иісіне толып кетеді. Балалар шетінен түшкіріп, қақала бастайды.

Талғампаз әйел затының бір мінезіне таңқаламын. Кейде мынау деген әдемі сұлу қыздар өзінен он есе төмен су мұрындарға тиеді. Не басына күн туды, неменеге мәжбүр болып тиді, түсіне алмаймын.

Жұмабайдың әйеліндей көрікті әйел бұл өлкеде сирек. Сұңғақ бойлы, аққұба, алдынан да, артынан да қарасаң, қарап тұрғың келетін келбетті жан. Жұмабай әйелімен қатар келе жатса, бұларды танымайтын адам анау ананың әйелі, анау ананың күйеуі деп тіпті де ойламайды.

Жұмабайдың мінезі әрі ұшқалақ, әрі тұрақсыз. Болмашы бірдеңе үшін аяқ астынан бұлқан-талқан болады. Ұстазға лайықсыз боқтық сөздер аузынан молотилканың топанындай атқылайды. Қол жұмсап, ұрып та жібереді. Қыңқ етсе, жазалауға дайын тұрады.

Оның жазасының түрі санаулы-ақ: кластан тырқыратып қуып шығады. Немесе қолыңды тік көтертіп, қарсыға тұрғызады.

Жұмабай екеуіміздің жұлдызымыз ол алғаш келген күннен-ақ жараспады.

Үзіліс кезі. Бәріміз есік алдына шыққанбыз. Көктемнің жас иісін тамашалап, күн шуақтап тұрмыз. Мен Жұмабайдың артына таман тұр едім. Аяғымның астына төмпектеу жер кез келіп, бойым Жұмабайдың бойымен теңеліп қалғанын байқадым. Балалардың ішіндегі ең кішкентай тапалымын деп жүрсем, оным бекер екен. Ойыма осы келіп, қызықтап, бет алдыма тұрған балаларға Жұмабай екеуіміздің бойымыз бірдей екенін көрсетіп, қутың қақтым. Балалар күліп, мәз болысып жатыр.

Еңсемді одан бетер созып, енді тіпті Жұмабайдың төбесінен қарай бастадым.

Кенет Жұмабайдың ағаштай қатты шапалағы бетіме сарт ете қалсын. Көзімнің оты сау етіп төгіліп түссін. Мен бұны тіпті де күткен жоқ едім. Соққының қаттылығы сонша, бір сәтке кәдімгідей мәңгіріп, есеңгіреп қалдым.

Сөйтсем, менің сотқарлық қылығымның бәрін де Жұмабай көзінің қиығымен байқап тұрған екен.

Құтырам деп, таяқ жеп қалған иттей болдым. Балалардың алдында кірерге жер таппадым. Ызадан жарыла жаздап біраз тұрдым да, бақырып жылап жібердім. Класқа кіріп, кітабымды алдым да, Жұмабайды жеті атасынан тартып боқтап, енді оқымаймын деп, жөнеп отырдым.

Оқымау қайда, ертесінде-ақ Сатылған ағайым қолымнан жетектеп әкеп, Жұмабаймен табыстырғандай болды. Бірақ шекіскен көңілден сыз кетсін бе? Жұмабай осыдан осылай менімен жауығып алды да, болар-болмас бірдеңе істеп қойсам, мысық көрген итше ыр-р ете қалатынды шығарды.

Көркем әдебиетке, әсіресе өлеңге жасымнан құмар болдым. Құлағыма өлең-жыр шалынғанда, ішкен асымды жерге қоятын едім. Хат тани бастаған соң, газет-журнал бетінен өлең көрсем, төніп түсемін. Оқу кітабындағы өлеңдердің бәрін дерлік жаттап алғанмын. Өлеңді ақындар шығаратынын білем. Ақын-жазушы дегенді Құдай көрем.

Екінші кластың оқу кітабында Абайдың «Қыс» дейтін өлеңі бар-тын. Бір күні Жұмабай маған сол өлеңді оқы деді. Мен заулатып оқып шықтым.

— Ал айтшы, Абай осы өлеңінде нені жазып отыр? — деді Жұмабай.

— Қысты жазып отыр.

Жұмабай басын шайқап:

— Жоқ, дұрыс емес, — деді.

Мен таңмын. Несі дұрыс емес? Қыс жөніндегі өлең екені тақырыбынан да, мазмұнынан да ап-айқын көрініп тұрған жоқ па?

— Қане, кім айтады? Абай осы өлеңінде нені жазып отыр? — деп, Жұмабай енді өзге балалардан сұрай бастады. Олар да: қысты жазып отыр, қарды жазып отыр, суықты жазып отыр деген секілді жауаптар айтты.

— Дұрыс емес.

Жұмабайдың енді өзі түсіндіре бастады:

— Өлеңді сендер құр өлең деп қарайсыңдар. Ол дұрыс емес. Өлеңде мән болады, идея деген болады. Идея деп өлеңнің жасырынып жатқан мазмұнын айтады. Ақындар өлеңді еріккендіктен жазбайды. Өзінің жасырын ойын, яғни идеясын жұртқа жеткізу үшін жазады. Мінекей, оқып көрейік.

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды,

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап келіп қалды.

Сендер бұны қысты жазып отыр дейсіңдер. Жоқ, қыс емес. «Ақ, киімді, денелі, ақ сақалды, соқыр, мылқау» дегені — ол бұрынғы ел қанаушы буржуй мен байлар. Соларды жазып отыр. «Үсті-басы ақ қырау, түсі суық». Байдың түсі суық болмағанда, жылы болатын ба еді? «Басқан жері сықырлап келіп қалды». Ақын мұнда байдың жүріс-тұрысын жазып отыр. Және кедейлерге «бай келіп қалды, қазір сендерді сабайды» деп ескертіп отыр…

Жұмабайдың Абай өлеңін талдап, түсіндіруі, міне, осындай еді. Мен аузымды ашып, ғажап қалып тыңдадым. Мұғалімнің сөзін біз Құран сөзіндей көреміз, оған қалтқысыз сенеміз. Олай болса, өлең жөнінде мен бұған дейін түк білмейді екем. Мынау мен үшін жаңадан ашылған Америкадай болды.

Иә, мен өлеңге, шынында да, тек өлең деп, құлаққа жағымды әдемі сөз тіркесі деп қараушы едім. Өлеңдегі сөздердің ұйқасуына, көзге елестей кететін суреттілігіне қызығатын едім. Тілге жеңіл болған соң, жаттап алып айтып жүруші едім. Сөйтсем… өлең ол жай өлең ғана емес екен. Жатқан саясат екен. Осы күні жұрт ертеден кешке дейін сөз ететін тап тартысы дейтін мұнда да болады екен.

Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,

Алты канат ақ орда үй шайқалды.

Жұмабай бұны байдың долданып келіп, кедейдің үйін сойылдап сабауы деп түсіндіреді. Менің көзіме уықтар бытыр-бытыр сынып, қатын-бала шұрқырап жылағандай боп елестейді.

Соныға малды жайып, күзетіңдер,

Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды.

— Абай мұнда «қайрат қыл, бұз қамалды» деп нені айтып отыр, білесіңдер ме? — дейді Жұмабай.

Жауабын өзі айта бастайды:

— Езілген еңбекші халықты байларға қарсы күресуге төңкеріске шақырып отыр. Теңдікті қолдарыңа алыңдар деп отыр. Мінекей, бұл өлеңде қаншама жасырын мағына жатыр. Көрдіңдер ғой?

— Көрдік, — дейміз біз.

— Сұрақтарың бар ма?

Сұрақ көп.

Ақындар айтайын деген ойын бүркемей, жұмбақтамай, ашық неге айтпайды?

— Сендер әлі баласыңдар, түк білмейсіңдер, — дейді Жұмабай. — Ол кезде үкімет кімнің қолында еді? Байлар мен буржуйлардың қолында болатын. Ақындар әлгінің бәрін ашық айтса, олар не істер еді? Көздерін жойып жіберер еді. Абақтыға тығар еді.

Бізге, екінші кластың оқушыларына, бұл да нанымды.

— Бұдан былай өлең оқығанда, — дейді Жұмабай, — құр өлең екен деп оқымай, идеясына түсініп, ақынның жасырын ойын біліп оқыңдар.

Шынымды айтсам, осыдан кейін мен өлең атаулыға басқаша қарайтын болдым. Әр сөзді оқимын да, астарына үңілемін. Жасырынбақ ойнаған балаша «мені тап» деп бұғып жатқан идеясын іздеймін.

Текстен адам нені іздесе, сол табылады екен. Сонау таршылық заманда ақынның айтпақ боп, бірақ айта алмай кеткен буда-буда ойларын жарыққа сүйреп шығарамын.

Оқу кітабында Абайдың «Жаз» дейтін өлеңі бар. Қандай тамаша көркем өлең! Бұл өлеңді оқығанда бұрын менің көз алдыма жаздың тізбек-тізбек ғажайып суреттері келуші еді. Енді осы өлеңді Жұмабай сауатымды «ашқаннан» кейін оқысам, мүлдем басқа. Бұлақтай сыңғыраған әдемі сөз тізбегі емес бұл. Әр сөз, әр нүктесіне бас қатырып, ойлануды қажет ететін тас түйін сөзжұмбақ (кроссворд) секілді бірдеңе. Бір оқып, бір бөгелем. Екі оқып, екі бөгелем. Ойық судан балық аулағандай үңіліп, идея іздеймін.

Жаздыкүні шілде болғанда,

Көкорай шалғын, бәйшешек

Ұзарып, өсіп толғанда…

Ақын осында, Құдай біледі, байлардың рақат та әсем өмірін сипаттап отыр-ау деймін.

Ат, айғырлар, биелер Бүйірі шығып ыңқылдап…

Бұл байлардың өзі және әйелдері. Тамаққа тойып алады да, ыңқ-ыңқ етеді.

Арасында құлын-тай Айнала шауып бұлтылдап.

Бұлар байлардың балалары, немере-шөберелері. Қайғы-қасірет дегенді білмейді. Тек асыр салып ойнаумен уақыт өткізеді.

Абай өлеңін мен енді өздігімнен осылай талдай бастаймын. Ақынның қуын-ай, ә, деймін. Өз ойын сол кездегі үстем тапқа байқатпай, қалай айта білген!

Бірақ өлеңге қызығушылығым бұрынғыдай емес, бәсең тартып барады. Өлең көрсем, енді төніп түспейтін болдым. Тіпті өлең атаулыны әлгідей түсінуге қиын машақаты, жалтақтығы үшін жек көре бастадым.

«Дүмше молда дін бұзар» деген мақал бар. Жұмабай, әрине, дүмше еді. Оның кесірінен өзім керемет қадірлейтін поэзиямен талай уақытқа дейін осылайша араз болып жүрдім.

САРЫБАСТАУ САПАРЫ

Қар басқан меңіреу дала. Күн шытқыл. Түні бойы жел соғып, жаяу борасын болған. Шана жолдың көп жерін тып-типыл етіп, жасырып кеткен. Темірдей боп бет қарыған ызғар әлі де басылмай тұр.

Бауырымен жер сызған қазақы тайпақ шана. Қабырғасын сыртынан санап алғандай арық ат. Шана толы бұлтиған-бұлтиған қоржын-кешек жүк. Сол жүктердің үстін басып, үймелесіп отырып алған жеті-сегіз бала. Шана Қостөбеден шығып, он екі шақырым жердегі Сарыбастауға бара жатыр.

Екінші тоқсан біткен соң, біздің ауылдағы мектептің үшінші класы мүлдем жабылып қалды. Бір мұғалім үш класты қабат оқыта алмайтын болды. Жабылған кластың оқушылары осы ауыл советке қарайтын Сарыбастауға барып оқысын деген ұйғарым бопты. Колхоз ат, шана беріп, мынау біздің Сарыбастауға ғылым қазынасын одан әрі үңги түсуге келе жатқан бетіміз.

Арамызда үшінші кластан тек екі оқушы ғана жоқ: Майра мен Жанбосын. Батырқан балаларын Сарыбастауға жібермеді, орысы бар, орыс тілін үйренуге қолайлы Нарынқолға оқытуға алып қалды.

Нарынқолға тек қолы жеткен барып оқиды. Нарынқол қала, онда әр алуан кеңселер, шатырлы үйлер көп деп естимін. Бірақ әлі көрген емеспін.

Нарынқолдың көшелері түп-түзу, онда қолдың саласындай болып зәулім бәйтеректер өседі дейді. Бір көруге құмар-ақпын.

Сарыбастаудың қайда екенін білемін. Былтыр бірінші май мерекесін екі колхоз бірігіп тойлау үшін арбамен ұбап-шұбап осында келгенбіз. Сарыбастау дейтін поселкені сонда көргем. Ауылдың дәл қасында үсті жап-жазық көгал дөң бар екен. Әртүрлі ойын-тамашалар сол жерде өткен. Соңынан мектеп үйінде Қостөбеден келген қонақтарға қонақасы берілген. Ет, картоп турап істеген бір-бір табақ майлы сорпа ішіп, қарық болып қалғанбыз. Картопты бұл менің бірінші рет татып алуым болатын. Картоп маған ғажап ұнаған.

Мені бұл тойға тастамай ертіп әкелуші қайран ғана Әлиман жеңгем еді ғой. Қалың нөпір жат адамдардың арасында жеңгемнен ажырап қалмау үшін, мен оның қолынан мықтап ұстап алғам. Дастарқандағы дәмді тағамның ол бірін өз аузына алып салса, бірін менің аузыма салатын еді.

Айтпақшы, біз сол жолы Сарыбастауда қонғанбыз. Кешінде мұндағы бастауыш мектептің ересек оқушылары бізге пьеса көрсеткен.

Бұл менің тұңғыш рет пьеса көруім. Аты есімде қалмапты, әйтеуір, ішінде бай, кедей, кемпір, шал бар.

Балалар сахнаның тура алдына еденге жайғасып отырып алғанбыз. Пьесадан алған әсерім керемет! Өзіміздей жап-жас балалардың сақал байлап, шал болып ойнауының өзі-ақ маған тапқырлықтың шыңындай боп көрінген.

Кілең столдарды тізіп, үстіне киіз төсеп, сахнаны солай жасаған екен. Көруші халық бөлмеге сыймайды. Артистер бір сөз айтса, көрермендер бір сөз жалғап айтып, ду-ду етеді. Бұл кеш менің есімнен кетпестей болып сақталған еді.

Сол Сарыбастауға, міне, енді тұрғын болуға, оқып, білім алуға келе жатырмыз.

Арық ат ауылдан шыққан кезде бүлкеңдеп желген болған. Біз шу-шу етіп, еліріп, қамшыны үсті-үстіне баса түскенбіз. Қарды боратып, итті абалатып, Сарыбастауға, міне, біз келдік деп, құйындатып жетіп бармақпыз. Сөйтсек, бұның бәрі орындалмас арман екен. Ауылдан небәрі үш-төрт километр ұзаған соң, аты түскір сыр алдыра бастады. Жол көмілген жерде омбылап, жүре алмауға айналды. Тағы біраз жүрген соң, бүкіл денесін қара тер басып, құлақтары салпиып, ұсқыны кетті. Бұл аттың болдыра бастауының нышаны еді. Екі өкпесі солқ-солқ етіп, «ұрмақ түгіл, басымды кесіп алсаң да, жүрерге хәлім жоқ» деп, ентігіп тұрып қала берді.

Ат айдаушы біздің барлық уақыттағы командиріміз Жүнісбай еді.

— Түсіңдер! Енді жаяу жүріңдер! Ат болдырды, — деді.

Балалардың ішінде жас жағынан да, дене жағынан да ең кішісі менмін. Үстімде Әлиман жеңгемнің сөлбірейген қара шапаны. Жат елге алым-салым жұтап бармасын деп берген еді. Жылы болу үшін белімді сыртынан әкемнің жіңішке қайыс белбеуімен буынып алғам. Шананың артынан зорға ілесіп келемін. Қардың тереңдігі қонышымнан келеді. Малтаңдап, әрең аттаймын. Жел алдан. «Арық атқа қамшы ауыр» дегендей, тентек жел көкірегімнен кері итеріп, одан бетер шаршатады. Бір кезде менің де әлім бітті, діңкелеп, жүре алмауға айналдым. Балалардан анадай жерде жырылып қалып қойдым.

— Адымда! Жүр! — деп бұйырады Жүнісбай. Мен жүруге хәлім қалмағанын айтам.

— Жарайды, отыр шанаға.

Мен қуанып, отырып алдым.

Жүнісбай өзі шанамен қатарласып, жаяу айдап келеді.

Малақайының бауын тартып байлап алған. Екі бетіне, маңдайына, қастарына қырау тұрған. Кей жерде тізеден келетін омбы қарды ол ұзын сирақтарымен екілене кешеді, шаршау түгіл, ентігуді білмейді. Қырау басқан бурыл қабақтың астынан екі көзі мынадай қиындыққа, қайта, егескендей от болып жайнайды.

Aт бір жүріп, бір тоқтайды. Жүріс өндімейді.

Міне, тағы тоқтап тұр. Ат тоқтағанда, шананың соңынан үйме-жүйме болып шұбаған балалар да тоқтайды.

Шанада азырақ шөп бар. Атқа шөп жегізіп, әлдендіріп алдық. Қимылсыз отыра бергенге, қалтырап тоңып барам. Шанадан түсіп, олай-бұлай жүгіріп, жылынып алуға қайтып отырғызбай қоя ма деп қорқам.

Қыстың бір тұтам күні сарқылып, кешке айналып барады. Сарыбастаудың әлі қарасы да көрінбейді.

Тағы қозғалдық. Аз жүрді де, ат тағы діңкеледі.

— Түс, біраз демалдың ғой, енді жаяу жүр, — деді Жүнісбай. Жаяу жүрудің азабын ойлап, жүрегім зырқ ете қалды. Бірақ бағынбасқа амалым жоқ.

Тағы да жаяу жүріп келем. Тағы да балаларға ілесе алмауға айналдым.

— Жүнісбай, шаршадым. Жүре алмаймын…

Балалардың кейбірі:

— Жүре алмасаң, қал, — деп жыныма одан бетер тиеді. Жүнісбай ересек балалармен бірдеңені күбірлеп сөз етісіп тұр. Мен өкпем өшіп, қастарына келдім.

— Жарайды, біз сені шанаға отырғызайық. Сен ол үшін бізге бір таба нан бер, — деді Жүнісбай.

Балалардың қай-қайсының да әкеле жатқан азықтары бар. Көбі талқан-тұқан, нан сирек.

Бір дорба талқан, екі таба наным бар менің. Нан дорбаның ауыз жағына салынған. Дорбаның аузы жамау жіппен көктеліп тігілген. Бүйтіп қолға түсе бермейтін қайран ғана нанымнан бір үзіп жесем деп, өзім де зар болып келе жатыр едім. Бір таба нанды тектен-текке бере салуға тіпті де қимаймын. Екі бүйрегімнің бірін суырып беретіндей ішім ашиды. Ал жаяу жүрудің азабы одан да жаман.

Не істерімді білмей, күйзеліп тұрмын.

— Өзің біл. Бермесең, біз сені қинамаймыз, — деп Жүнісбай бастатқан обыр топ маған кегжие қарайды.

«Біздің бұл шартымызға көнесің ғой, көнбей, қайда барасың» дегендей болады.

Мен қиналудамын. Оңбағандар нағыз жанды жерімнен ұстағанын қарашы!

— Бол! Бересің бе, жоқ па? Бермесең, Сарыбастауға дейін жаяу жүресің.

Сарыбастау әлі жер түбі. Оған дейін жаяу жүріп, өлмеймін бе! Бір таба нанды тектен-текке бере салу…

Екі оттың ортасында тұрмын. Екеуі де нағыз тозақ оты.

— Жарайды, жарты таба нан берейін, — дедім. Жылағандай болып әзер айттым.

Үлкен балалар өзара тағы ақылдаса бастады. Бұлар Шықабайдың Тұрсынбайы, Уәлібайдың Әбегі, Өзібектің Әріпбайы секілді кілең қадалған жерінен қан алмай тынбайтын көкжалдар еді. Ақылдасты да, көнді олар.

Дір-дір еткен аяншақ қолмен қоржынның аузын сөгіп жатырмын. Сарыбастауға барғаннан кейінгі хәлді тағы да ойлаймын. Ағайым: «Мырзатай дейтін адамның үйіне түсесің, Мырзатай тосып алады. Сол үйде жүріп оқисың» деген. Жол-жөнекей қоржынның аузы сөгіліп қалғанын, жарты таба нан ғайып болғанын көріп, олар не айтады? Мен не айтам?

Нан тоң боп қалған екен. Күш жұмсап, сындырып жатырмын. Өзімнен өзім аяп келе жатқан қайран нан қазір ту-талапайға түседі. Кім көрінген сұғанақтың аузында кетеді. Бұл деген қорлық-ақ еді.

— Мәңдер…

Арық ат омбылап тағы да қозғалды. Мен ғана шананың үстіндемін. Жамбастап жатып алғам. Ақысы төленді. Енді маған ешкім де жаяу жүр деп айта алмайды. Тек наныма ішім ашуы оңайлықпен басылатын емес.

Түн болған, бір тоқтап, бір қозғалып, итшілеп жүріп келеміз. Алдан жылтылдаған от көрінді. Сарыбастау екен деп, қуанып шу ете қалдық. Сөйтсек, қырман екен. Біреу сабанға от қойып кетіпті, қып-қызыл боп қоздап жанып жатыр. Атты тағы да шалдырып, өзіміз жылынып алдық. Және қозғалдық. Ит үргені естілді. Келе жатқан жолымыз қатқылданып, түзеле бастады. Қарауытқай там үйлер, жылт-жылт еткен шам жарығы көрінді. Күні бойы діңкелетіп жеткізбей қойған Сарыбастау осы еді. Рас келдік пе, өтірік келдік пе?!

Сарыбастауда оқып жүріп жаттым.

Мұндағы бастауыш мектеп төрт кластық. Қостөбедей емес, бала саны мол, көңілді. Пионер ұйымы дегенің шақ-шақ етеді. Сабақтан тыс уақытта ойын-сауық үйірмесі, қабырға газетін шығару, т.т. қол тимейді. Әйтеуір, қалай болғанда да, күнде кешке қарай мектепке жиналамыз. Тым болмағанда, әртүрлі ұлт ойындарын ойнап қайтамыз. Мектеп — ол біздің әрі көңіл көтеруге баратын клубымыз тәрізді.

«Көзден кетсе, көңілден болады үміт» деп қазекем бекер айтпаса керек. Майра, менің Майрам енді үміт бола бастады. Көңілдің көбелегін өзіне магниттей тартып тұратын басқа гүл табылды. Ол Күлән еді. Мен үшін енді дүниедегі ең сұлу, ең сүйкімді қыз осы Күлән.

Күлән менімен бірге оқиды. Менімен бір партада отырады. Мен оны басқа біреудің қасына отыруға қимаймын. Күрең шашын дәл желкеден желбіретіп қиып қойған, сұңғақ бойлы, аққұба әдемі қыз.

— «Жүз қызға ғашық болдым мен» деп Расул Гамзатов айтқандай, мен дағы өмірімде жүз қызға ғашық болдым. Соның әрқайсысы дүниедегі ең сұлу қыздар еді. Күлән соның бірі.

Күлән екеуіміз сабаққа бірге келеміз.Сабақтан бірге қайтамыз. Мен жүретін Мырзатай үйімен Күлән үйі көрші. Күләннің әкесімен Мырзатай ағайындас адамдар. Жай уақытта да Күлән бүл үйге келіп-кетіп жүреді. Күләнді жарты сағат көрмесем, елегізіп тұратын едім. Соны сезгендей, Күлән кенет жарқ ете қалады. Әйтеуір, бір сылтаумен Мырзатай үйіне жетіп келеді. Күләнді көргенде, кішкентай жүрегім күмбірлеген қуанышқа толып кетеді.

Сабақта отырмыз. Мұғалім Қатубаев деген өңі суық қарасұр адам. Күләнмен менің сөзім таусылған ба! Оған бірдеңені сыбырлап айтып отырмын. Жарты назарым сабақ түсіндіріп тұрған мұғалімде болса, жарты назарым Күләнда.

Күләнда көбірек.

Мұғалім: «Сөйлеспей, тыныш отырыңдар», — деп бір рет ескертті. Екі ескертті. Өліп-өшкен «ғашықтарға» бұл ескертулер әсер ете қоймады. Бастарымыз одан бетер түйісіп, сыбырымыз жалғаса берді.

Қатубаев енді одан бетер қатуланды:

— Сен екеуің, шығыңдар кластан! Далаға барып сөйлесіңдер!

Бізді бүкіл класс болып көздерімен ұзатып салды.

Бұндағы мектеп үйі екі ғана кластық, яғни екі бөлме. Ортада дәліз. Біз дәлізде бүрісіп біраз тұрдық. Дала қар, күн суық. Қарсыдағы класқа құлақ түріп байқасақ, тымтырыс. Ешбір сыбыс естілмейді. Есікті ақырындап ашып көрсек, бос. Мұндағы оқушылар тарап кетіпті. Күлән екеуіміз қуанып, жылы класқа кіріп алдық.

Екеуден-екеу оңаша әңгімелесіп отырмыз. Құдай тілекті берді, енді не айтсақ та еркіміз. Жай уақытта менің Күләнға айтсам-ау дейтін сөздерім көп болатын.

Күлән екеуімізді осылай мәңгібақи оңаша қамап қойса, мен өкінбес едім. Құдай әркімнің бір тілегін беремін десе, мен тек осыны тілер едім.

Әлгі арадан бір жыртым ақ қағаз тауып алдым. Қалтамда бір тұтам қарындашым бар.

— Күлән, мен саған бірдеңе жазайын ба? — деп қулана қарадым.

— Не жазасың?

— Бірдеңе…

— Жаз.

Мен жазбақ болдым. Жүрегім лүпілдеп, қолым дір-дір етеді.

— Сен қарама, — дедім.

— Қарамаймын, — деп Күлән ары бұрылды.

Мен қағазға «м. с. с.» деген үш әріпті асығыс жаздым да, Күләнға ұсындым.

— Бұл не?

— Тaп өзің.

Күлән қайдан білейін дегендей иығын қомпаң еткізді. Мен енді өзім талдап айта бастадым:

— Мынау «м» мен деген сөз.

— «с» ше?

— Сені деген сөз.

— Ал мына «с»?

Менің тілім байланып қалды. Маңдайымнан бұрқ етіп тер де шығып кетсе керек. Өйткені пәленің бәрі осы соңғы «с»-да жатыр еді.

— Ал айт? Бұл не деген сөз?

— Тап өзің?

Дәл осы кезде қоңырау сыңғыр ете қалды. Сабақ бітті.

Жамыраған қозыдай боп қазір оқушылар жүгіріп шығады. Күлән екеуіміздің оңашалық өміріміз бітеді. Жұмбақтасып тұруға енді уақыт жоқ. Айтсам, ақырына дейін айтып қалуым керек.

— Бұл ма… бұл «сүйемін» деген сөз…

Дүниеде теңдесі жоқ ерлік іс істедім. Күләнға айтарымды айтып салдым. Күлән өз құлағына өзі сенбегендей маған тесірейіп қарапты да қалыпты. Кенет ол менің қолымдағы қағазды жұлып алды.

— Мұғалімге беремін, — деді де, жүгіріп шығып кетті.

Төбемнен тас құлағандай мелшиіп отырдым да қалдым.

Күләннің аузынан мұндай сөз естігенше, жеті қат жердің астына түсіп жоғалғаным мың есе артық еді.

«Пәленше қызға хат жазыпты…»

«Сүйемін депті…»

Оқушылардың арасынан мұндай сөз естілуі мектепке өрт шыққанмен бірдей. Кім жазыпты, кімге жазыпты? Жұрт лезде біліп алады да, екеуін екі ағаш аттың басына мінгізіп қояды. Бұдан соң өмір сүргеннен де сүрмеген артық.

Әлгі минуттан — Күлән қолымнан қағазды жұлып алып, жүгіре жөнелген минуттан бастап, менде зәре қалмады. Ажал сағатын күткен тұтқын тәрізді іші-бауырым қалтырап күтудемін. Менің ендігі өмірім санаулы.

Бір күн өтті, тыныш.

Екі күн өтті, тыныш.

Бұның бәрі де мен үшін азапты күндер еді. Сабақта бұрынғыша Күләннің қасында отырамын. Бірақ тілдеспеймін. Сабақтан тыс уақытта оған жоламаймын. Мұғалімді немесе вожатыйды көрген жерде жүрегім зу ете қалады. Міне, осы тап қазір:

— Өй, ұятсыз, сен не істеп жүрсің? — деп жерлей бастайтын тәрізді.

Сабақта отырғанда да, мұғалім бетіме қараса, жаным тырнағымның ұшына келеді.

Қара қарындашпен асығыстау болып «м. с. с.» дейтін үш қана әріп жазылған, умаждалған бір жыртым жаман қағаз — менің күндіз-түн ойлайтыным тек осы. Күлән мұғалімге беремін деді, яғни берді. Мұғалім оны қалтасына салып алып, енді әдейі үндемей жүр. Менің жанымды қинай түскісі келеді. Қайда кетер дейсің? Ерте ме, кеш пе, жазасын тартады дейтін шығар.

Бұл күндері менің ішкенім ірің, жегенім желім. Күтудемін! Күте-күте тіпті жалықтым. Енді, не болса да, болса екен! Құртатын болса, құртса екен. Бірдеңені күндіз-түні қалтырап күтуден жаман іс жоқ.

Мұғалім атымды атаса, дір ете қалам.

— Тақтаға шық, — дейді. Өлім сағаты жетті, құрыдым деп ойлаймын. Балалардың алдына шығарып алып, жер етпек қой.

Жоқ, тыныш. Әңгіме «м. с. с.» жайында емес, сабақ жайында.

Вожатый шақырып жатыр десе де зәрем қалмайды. Е, сол үшін шақырып жатыр ғой деймін. Қашан жетіп, естігенше ішіме қан құйылғандай болам.

Сөйтсем, тыныш.

Бүйткен тыныштығы бар болсын. Бір өлем-ау деп мың өліп, әбден қор болдым.

Және бірнеше күн өтті. Көңілім аздап орнығайын деді. Үйде жалғыз отыр едім. Күлән кіріп келді. Келі сұрай келген екен. Артынан есік алдына ере шықтым. Маңайда ешкім жоқ екенін көріп:

— Күлән, — дедім.

— Не?

— Сен әнеугүнгі қағазды бермеші мұғалімге…

— Қай қағазды… А! Оны мен баяғыда-ақ жыртып тастағам.

Уһ! Жүрегім орнына жаңа түсті.

ҚАРА ШАПАН

Класта сабақ жүріп жатқан. Кенет есік айқара ашылды да, ар жақтан біздің ауылда бригадир болып істейтін Нұрғазы көрінді. Үстінде етегі жерге шұбалған сеңсең ішік, аяғында пима. Бір қолында жұмарлап ұстап алған қап тәрізді бірдеңесі бар.

— Біздің ауылдың Бердібек дейтін баласы осында оқи ма? — деп, Нұрғазы бәрімізге шола қарап тұр.

Үйдің іші маған бірдеңе беріп жіберген екен деп, орнымнан ұшып түрегелдім.

Табанының қары сықыр-сықыр етіп, Нұрғазы бері класқа кірді.

— Әй, ағаң мен жеңгең ажырасқалы жатыр. Сен жеңгеңнің шапанын киіп кетіпсің. Жеңгең шапанымды беріп жіберсін деді. Саған мынаны кисін деді, мә, — деп Нұрғазы қолындағы нәрсені алда отырған балалардың төбесінен маған қарай асыра лақтырмасы бар ма.

Сөйтсем, әлгі нәрсе қаудырлаған бір жаман плащ екен. Тура менің алдыма, партаның үстіне топ ете қалды. Сия сауыт, қағаз-қаламды шашып, машақаттап кетті.

Мен не істерімді білмей, асып-сасып қалдым. Масқара! Мұндай да масқара іс болады екен. Кіріп кетуге жер тесік емес. Бүкіл класс маған қарайды, мен жерге қараймын.

— Бол, бол! Жеңгеңнің шапаны қайда, бер! — дейді Нұрғазы. Сабаққа бөгет жасадым-ау деген ой оның басына енді ғана келген тәрізді.

Класта киім ілгіш болмайтын. Сырт киімдерімізді терезенің алдына үйіп қоятынбыз. Қара шапан сол киімдердің арасында. Кірмегенім қара жер, қара шапанды Нұрғазыға алып беріп жатырмын.

…Бос класс. Балалар тарап кеткен. Мен ғана орнымда тапжылмастан отырмын. Жылап отырмын. Ағайымнан ажырасып кетіп бара жатқан Әлиман жеңгемді қимаймын. Нұрғазы алып кеткен бүтін қара шапанды қимаймын. Атаңа нәлет жоқшылық, мұншама қор етерлік мен саған не істедім деп, ыза болып жылаймын.

Құрғыр Нұрғазы-ау! Сен мені мектепке іздеп келмей-ақ, сабақ бітуін тоссаң қайтетін еді. Сосын мен жүрген Мырзатайдың үйіне келсең, әлгінің бәрін сонда айтсаң, қара шапанды үстімнен сонда сыпырып алсаң болмас па еді?

Қайран ғана надандық-ай! Көңілдің көрсоқыр болуынан жаман не бар екен!

…Бос класс. Қаудырлақ жаман плащты үстіме олай киіп көрем. Былай киіп көрем. Біздің үйде бұл тәрізді киім жоқ секілді еді. Ағаларым бұны қайдан алды екен?

Әлдекімнің бастан құлақ садақа деп, күресінге лақтырып тастаған салабасы емес пе?

Бұл плащты бұған дейін не тракторшы, не мал соятын қасапшы киген. Өйткені май болмаған жері жоқ. Әсіресе екі жеңнің ұшы мен екі қалтаның аузы майға әдейілеп малып алғандай.

Плащтың ішіне мен тәрізді екі адам мол сиятын. Етек шұбалып жерге тиеді, жең сала құлаш. Әр жеңнің кеңдігі қасқырдың апанындай.

Қанша сорлы болсам да, мына плащты киіп көшеге шығуға бетім шыдайтын емес. Тым құрса, өз денеме шақ болса екен-ау! Бұны киіп алғанда, қойшылардың ит-құсты үркіту үшін қора шетіне орнатып қоятын қарақшысынан аумайтын тәріздімін.

Не істеймін? Басқа киер киім тағы жоқ. Тым құрса, жылы кез болса екен, жейдешең-ақ жүрер едім. Қазір қыс, күн суық. Кебінін сүйреткен өлік тәрізденіп, жексұрын плащты қаудыр-қаудыр еткізіп, Күлән үйінің есігінің алдынан өтіп бара жатқанша, өлгенім артық емес пе?!

Күлән тіпті танымай да қалар.

Күлән шошыр! Нағыз «м. с.с.» енді бопсың демей ме?

О, тағдыр! Көрсеткен азабыңның бәріне де көніп келем. Тек осыңа — мына жексұрын плащты киім етуге көне алатын емеспін.

Бұны киіп көшеге шыға келсем, ауылдың бүкіл иті менің соңымда болуында дау жоқ.

— Бүл плащты киіп, сый елге күлкі болып жүргенше, өшір қараңды! Кет! Жоғал бұл арадан, — дейді ар-намысым.

Мектеп үйі көшенің төмен жақ шетінде. Қостөбеге қарай қасқайып кетіп жатқан шана жолдың бойында. Етегі жер сызған жаман плащқа оранып, кітабымды қолтығыма қысып алдым да, ұрыша жан-жағыма сығалап қарап, сыртқа шықтым. Маңайда ешкімнің қарасы байқалмайды. Маған керегі де, міне, осы еді. Жан адамға көрінбеген қалпымда, Қостөбе, қайдасың деп, тартып отырдым.

Қостөбедемін. Үйдемін. Анада арық ат бір күн сүйреп әрең жеткізген аралыққа екі сағаттай уақытта зымырап келдім. Күннің суықтығы зымырамасыма қоймады. Жай жүрсем, тоңып, өліп барам.

Сезінгіш жүрегім есіктен аттап кірген бетте-ақ үй ішін ала құйын кезіп өткенін, аға, жеңгемнің арасындағы әуелгі сүттей ұйыған татулықтан түк қалмағанын бірден байқады. «Құлыным, неғып келдің? Тоңып кетіпсің-ау» деп жеңгем үстіме төніп түспеді. Бұрынғы тазалық, бұрынғы береке — бәрі ғайып болған.

Кешкі шайды, қос басында отырғандай, әркім әр жаққа қарап, томсырайып отырып іштік. Әлиман жеңгемнің қабағы түсіп кеткен. Күйеуіне деп құйған шайды Сатылғанның алдына жеткізбей, орта жолға торс еткізіп қоя салады. Бұл тәрізді тұрпайылық бұрын одан шықпайтын еді.

Ағайым мен жеңгем біреуіне біреуі тіл қатыспайды.

Түнде де екеуі, «ары жат, бері жат» деп, кең төсекке сыймай шықты.

Ол екеуінің арасын кезіп өтіп, мұндай халге түсірген елдің сыпылдап өрши берген өсегі еді. Өсек — ол ағаш тамырына түскен құрт тәрізді емес пе? Дер кезінде бір шара қолданбасаң, үңгіп жей береді де, сап-сау ағашты құлатып бір-ақ тынады. Мәуелеп тұрған жас терек — жас семья ғұмыры бітіп, құлауға жақын еді.

Ертесінде Әлиман өзіне тиесілі нәрселерін буып-түйіп алды да, кетіп қалды.

Өсекші ағайынның тілектерін берді. Сатылғанға енді үлбіреген қыз алып берулеріне болады.

Әйелі кеткен үйдің қандай болатынын сіздер сұрамаңыздар, мен айтпай-ақ қояйын.

Әйел мен еркек қосылғанда, бір-біріне дүниедегі ең асыл сөздерді тауып айтса, ажырасқан кезде небір адам құлағы төзбейтін лас сөздерді түйдек-түйдегімен боратады екен. Ол сөзді мен айтпайын да, сіздер сұрамаңыздар.

Сөйтіп, Әлиман жеңгем кетіп тынды, біз баяғы таз кебімізге қайтадан түстік.

Қара шапан Әлиманның үстінде кетті.

СҮМБЕ САПАРЫ

Кеш бойына дөңбекшіп жылаумен болдым. «Сатқақ-сатқақ жексұрын плащты кимеймін, киім тауып беріңдер. Бұны киіп, Сарыбастауға енді қайтып өлсем де бармаймын!» — деймін ағаларыма. Оқудан қалатын болдым-ау деп, және қайғырам.

Бір жағынан, әйелі кетіп, бір жағынан, киім тауып беріңдер деп мен жылап, әптер-тәптері шығып жатқан сорлы үйге сол күні кешке шешемнің ағасы Қағазбай нағашым келе қалар ма! Әлдеқандай шаруамен Нарынқол барып, қайтып келе жатқан беті екен. Өзінің кішкене қаракер биесін жеккен тәйпиген жеңіл ғана шанасы бар.

Екі көзім былаудай боп, мұрнымды қорс-қорс тартып отырған мені нұсқап, Қағазбай:

— Мынаған кім тиді? Бұл неғып жылап отыр? — деді.

Әкем менің жылауымның жайын айтты.

— Жылама. Жүр, сені ертең Сүмбеге алып кетейін. Сонда оқисың. Киім де, бәрі де табылады, — деді Қағазбай.

Мен бұған қуана-қуана келістім.

Қазір көктем басы. Қар босап, ери бастаған. Жол үсті түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз. Шанаға күндізгі жол ауыр. Сондықтан Қағазбай нағашым ел жата, жол қатқақта жүріп кетеміз дегенді айтты. Таңертең түк көрмегендей боп Сүмбеде отырмақпыз.

Ағаларым жексұрын плащты Сүмбеге дейін кие кет деді. Мен кимедім. Қағаз аға киім де, бәрі де табылады демеді ме? Сол сөзді көкейіме түйіп алғам. Әдейі сырт киімсіз, жұрдай болып баруды дұрыс көрдім. Нағашым үйі мына суықта мені мектепке көйлекшең тіпті де қуаламайды. Бір сырт киім қалайда тауып береді. Қандай киім тауып берсе де, мына лағынет плащтан жаман бола қоймас.

«Жыртық шалбардан жалаң бұтым артық» деген екен бір кедей. Мен тұпадан-тура сол принципті ұстадым.

Қағаз ағаның үлкен сары тоны бар екен. Мені соған тұмшалап орады да, шананың арт жағына көлденең жатқызып қойды. «Сүмбеге жеткенше, ұйқыңды қандырып ал», — деді.

Ол өзі бешпетшең.

Қаракер бие бүлкектеп жүріп келеді. Кешкі суықта қатқақ боп қалған жолмен шана жеңіл сырғиды. Қарны кебежедей буаз бие қатты жүріске жарамайды. Өрлеу жерге келгенде, Қағаз аға оны еркіне қойып, жай ғана аяңмен жүргізеді.

Жолдың күнес жақ шетінің кей тұсы қарайып, ашылып қалған. Қара жер шана табанына дөп келсе, жабысып ұстап алады. Қаракер бие сол кезде мықшиып, жіңішке аяқтары маймаңдап, күшке салып тартады. Қара жер шананы алып қалмақ боп, қаракер бие көнбей, күш сынасып жатқан тәрізді. Делбе ұстап отырған Қағаз аға құйрығын қопаң-қопаң еткізіп, қаракер биеге көмектескендей болады. Соның арқасында бие шананы жұлып әкетеді.

Бала кезімде мен, ой, ұйқышыл едім. (Сол әдетім әлі қалмаған. Дүниеде екі рақат болса, ұйқыны соның біреуі деп қараймын). Тонға оранып, қисайғаннан кейін-ақ маужырап ұйқым келе бастады. Содан ұйықтап кеткен екем. Біреу:

— Ей, Бердібек! Тұр! Тұр, ей! — деп дауыстағанға, көзімді ашып алдым. Қасқа жолдың үстінде, ашық аспанның астында жатырмын. Бұл не ғажап?

Сөйтсем, мына қызыққа қараңыз: жолда Тереңөзек дейтін шұңғыл сай бар. Соның шыға беріс қабағында шананың шөңкие берген артынан мен домалап түсіп қалыппын. Оянбаппын. Қағаз аға ештеңе сезбейді де, кете береді. Әлден уақытта артына бұрылып:

— Бердібек, тоңған жоқсың ба? — дейді.

Сөйтсе, мен түгіл, менің көлеңкем де жоқ, шананың арты боп-бос. Қағаз ағаның жүрегі су ете қалады. «Япыр-ау, бұл қайда кетті? Жын боп, ұшып кетті ме?»

Қағаз аға ат басын кейін бұрады. Тереңөзектің шыға беріс қабағында, қасқа жолдың үстінде тонға оранған қалпымда пыр-пыр ұйықтап жатқан мені көреді.

Оянып алып, не болғанын білген соң, күлмеске лажым жоқ. Қағаз аға да күледі.

— Сол бойда артыма қарамастан кете берсем той, қаласың. Қасқырға жем боласың. Адамның ұйқысы мұндай да қатты болады екен, ой, тоба! — дейді.

Халқының жарым бөлегі ұйғыр болып келетін Сүмбеде тауық көп. Тауық көп жерде қораз көп. Таң атқанын білдіріп, қалың қораз өңештерін жырта әнге салып жатқанда, қыстақтың шет жағындағы нағашым үйіне ат басын біз де тіредік.

ТОҒЫЗ АУЫЗ

Нағашым үйі сегіз жаны бар үлкен семья. Олар: Сембай атам, Бөпке әжем. Екеуінің жасы да жетпіс бірде. Одан соң олардың балалары Қағазбай, қырық жеті жаста. Қағазбайдың әйелі Зәуре, күйеуінен екі-үш жас кіші.

Қағазбайдың екі ұл, екі қызы бар. Ұлдары Қасымқан, Рамазан. Қасымқан менен үш жас үлкен, Рамазан құрдас. Қыздары Оралхан, Оразхан, екеуі де мектепке бара қоймаған.

Тықса, тығын шақ келмейтін мауыздай сегіз ауыздың үстіне мен тоғызыншы болып қосылдым.

Бұл үйде жұмыс жасында саналатын екі ғана адам бар. Олар Қағазбай мен Зәуре. Зәуре науқасшаң, ауыр еңбекке жарамайды. Таңертең бригадир келіп:

— Жұмысқа шығыңдар! — деп айқай салғанда, қыс демей, жаз демей, ешқандай бөгеліссіз суырылып шығатын көнбіс Қағазбай ғана.

Бұл — бір адам тоғыз ауызды асырайды деген сөз. Тоғызы да ересек, сау ауыздар. Тамақ түгіл, тас тастасаң, қарш-қарш шайнап, қылғып қоюға дайын. Мықты болсаң, тойындырып көр енді!

Қазақтың бойындағы бір асыл мінез — жақынын далаға тастамайды. Аузындағы асынан жырып береді. Нағашым үйі маған ешқандай да ауырсынған қабақ білдірген жоқ. Осы үйдің өз адамындай, менің басқа жаққа бармай, осында салмақ салып келуім заңды дегендей шұрқырап қарсы алды.

Атам Сембай тіп-тік биік денелі, бурыл сақалды, келбетті, мінезі қаталдау адам. Маңдайымнан бір иіскеді де қойды. Жақындығын, мейірімін солай білдірді.

Бөпке әжем ондай емес, көңілшек. Мені көрген жерде-ақ көңілі босап, кемсеңдеуге дайын тұрды. Бетіме бар сілекейін жұқтыра жабысып, сүйіп-сүйіп алды да, қайтыс болған қызы Әсбетті — менің шешемді еске алып, жоқтай жөнелді. «Әсбет-ау! Асылым-ау! Шынымен-ақ көз көрмес, құлақ естімеске кеткенің бе!».

Қағазбайдың әйелі Зәуре орта бойлы, шұбар жүзді, салмақты адам. Талайдан аурушаң әрі баланы көп көтерген. Өзі шұбар бет-аузын жыпырлаған әжім қоса басып, апамнан да бетер кәрі етіп жіберген. «Айналайын Беркенім! Жігіт бопсың ғой», — деп, ол дағы бетімнен мейірлене сүйіп жатыр.

Балаларды қойшы, менің келгеніме олар мүлдем қарық. Менің енді осында оқитынымды біліп, әсіресе Рамазан мәз, өйткені ол екеуіміздің арамызда ауыз жаласудан гөрі шекісулер көбірек болатынын әуелгі күні ол да, мен де болжай алмаған тәріздіміз.

Қағазбай нағашым нағыз ғажап адам. Біреуге иненің жасуындай жаманшылық ойлауды білмейді, өзім деген кісіге қоң етін ойып беруге дайын тұрады. Қағазбайлар көп болса, жер бетінде ешқандай қайғы да, қасірет те, ұрыс та, талас та болмас еді. Күн ылғи күлімдеп, адамдар бір-біріне тек ізет етіп тұрар еді.

Қағазбай тәрізді адамдар көп болса, жетімдік пен жесірлік білінбес еді.

Бой жағынан әкесіне тартпаған, аласа келген, бет-жүзінен, көзінен адамшылық сезімінің небір жақсы нышандары нұр боп саулап тұратын бұл тамаша жанның мейір-ықыласына құрық бойламайды.

Таңертеңгі шайдан кейін, Рамазан екеуіміз мектепке жинала бастадық. Қағазбай сол кезде әйеліне:

— Зәуре, сен пешпентіңді Бердібекке бер. Бердібектің сырт киімі жоқ екен. Мына суықта мектепке жейдешең бара алмайды ғой, — деді.

Зәуре қыңқ деместен берді.

Астарына жылылап мақта салған, қоңыр матадан тігілген көнетоз пешпент екен. Жексұрын плащқа қарағанда тәуір. Киіп алдым. «Мә, беліңді мынаумен буып ал, жылы болады», — деп, Қағаз аға өзінің жіңішке қайыс белбеуін белінен шешіп берді.

Менің белім бір уыс. Талыстай әйел киім етіп жүрген пешпенттің екі өңірін айқастырып салып қапсырынғанда, бір емес, екі пешпентті қабат киіп алғандай болдым. Белбеудің бұрынғы тесіктері бір жақта қалды да, Қағаз аға беліме лайықтап, жаңадан тесік тесіп берді. Өзімнен бойы ұзын, қоңқақ мұрын Рамазанның көктен салаң етіп түсе қалған көмекшісі тәрізденіп, міне, енді оның қасына еріп, өзім әлі үйір болмаған жат мектепке, жүрегім дүрс-дүрс етіп, толқып келе жатырмын.

Сүмбе бұл аймақтағы ірі селоның біреуі. «Қызыл шекара», «Ынтымақ», «Үлгілі», «Большевик» аталатын төрт колхоздың орталығы.

«Большевик» колхозы түгелдей ұйғырлар.

Басқа үш колхоз қазақтың осы арадағы негізгі үш руынан: «Қызыл шекара» — Айт. «Үлгілі» — Жанбаба. «Ынтымақ» — Қыпшақ руынан. Кәдімгі Қара Қыпшақ Қобландының тұқымдары. Ішкері жақтан ауып келіп, осында сіңісті боппыз деп өздері айтып отырады.

Көріп отырсыздар, үш рудың да қоныстары бір. Бір өзеннен су ішіп, бір жердің отын отайды. Мектеп бір, магазин бір. Ауыл совет, яғни өкімет бір. Ал бірақ үш ру өз алдына бөлек-бөлек үш колхоз.

Ұйғырлар қазақтай емес, жер кәсібіне шебер халық. Там үйді де жұтындырып әдемі салады. Балшықтан қамыр илеп, түйме түйеді. Әр ұйғырдың үйінің іргесінде қорық соғып, қоршап алған бақшасы бар. Картоп, пияз, сәбіз, асқабақ, күнбағыс, капуста егеді.

Қазақ ауылдарында, айталық, біздің Қостөбеде бұның бірі жоқ. Қазекең мал, мал дейді. Мал жоқ болса, есінеп аш отырады. Тамақтың көкесі аяғының астында, қара жерде жатқанын түсінбейді. Ұйғырлар жер шұқылап, жер емеді.

Сүмбедегі қазақтар ұйғырлардың үй салу, жер игеру шеберлігін үйрене бастаған. Олар да қорық соғып, бақша егеді, құс ұстайды. Нанды тандырға пісіреді.

Мұндағы мектеп жеті жылдық. Мектеп үйі кесектен қаланып салынған, үлкен, шатырлы. Терезелері көшедей. Мұндай үлкен терезелерді менің бірінші көруім. Ауылда там соққанда, қыста суық болады деп, терезелерін сығырайтып, кішкентай жасайтын. Мұншама үлкен терезелі үйде қыста адам қалай шыдайтынына таңмын.

Кейін, қыс түскен соң білдім, үлкен терезеден жарық көп түседі екен де, қыста да жылы болады екен.

Терезесі үлкен үй әрі жарық, әрі көңілді.

Мектептің асты да, үсті де тақтай. Қабырғасы бір метр. Мен үшін дүниеде бұдан әсем, бұдан берік үй жоқ секілді.

Класқа бөтен баланың кіріп келуі мұндағы кәрі тұрғындар үшін зор оқиға. Бәрінің назар тіге қалғаны мен болдым. Eх, шіркін! Бұндайда үстіндегі киімдерің инеден қазір ғана шыққан жаңа киімдер болса. Мына су мұрындарға, «жоламаңдар, киімді былғайсыңдар» дегендей, шекеңнен қарап тұрсаң. Ал енді мен секілді жабағы жамылған байғұсқа бұлар адам деп қарамайды. Мойнына бір-ақ секіріп мінеді.

— Мынау кім, ей?

— Бұл қайдан келді? — десіп жатыр. Әп-сәтте біраз бала өзімді қоршап та алды.

Ауыл итінің құйрығы қайқы. Ал сен болсаң, өзіңді кірмедей сезінесің, жүрегің қобалжып, арты не болатынын күтесің.

Дегенмен, мен сыр білдірмеуге тырысам. Ә дегенде, мә демесең, бұлардың желкелеп алатынын жақсы білем. Сондықтан көрген құқайым бұл ғана емес дегендей өзімді тосын жағдайдың қандайына да дайын ұстаймын.

Тәкәппар сұраққа тәкәппар жауап қайырам. «Бұл менмін! Қайдан келгенімде сендердің не шаруаларың бар!» — деймін.

Менен гөрі бойы ұзындау, тақыр бас сұрша бала басқаларды киіп-жарып, тура бетпе-бет келді. Көз қарасы өткір, осылардың ішіндегі нағыз пәлесі көрінеді. Менен емтихан алатын адамша тақ-тақ етіп:

— Білсең, айтшы, неше көсем бар? — деді.

— Төртеу, — дедім мен.

— Кім-кім?

Мен санап бердім.

Галстугімнің түйінінен шап беріп ұстай алды. Бұндайда не айту керек екенін жақсы білем:

— Әрқашан дайынмын! — дедім.

— Мынау не? — деп, тақырбас галстугімнің ұзын ұшын көрсетті.

— Партия.

Қысқарақ ұшын көрсетті:

— Мынау ше?

— Комсомол.

Галстуктің желкедегі үшкілін нұсқады:

— Мынау?

— Пионер.

Галстуктің түйінін көрсетті:

— Мынау не?

— Үшеуінің бірлігі.

Сол заманда пионерлер бір-бірінің саяси сауаттылығын осылай сынайтын.

Жаттамалы сұраққа жаттамалы жауап, мүдірмедім, сарнап айтып бердім. Тақыр бас мені сүріндіре алмағанға өкінген тәрізденіп, желкесін қасып, мүдіріп қалды. Сонда да тақала түсіп: «Түймең қандай, ей, белдігің қандай?», — деп, енді ол маған тиісудің басқыншылық жолына ашықтан ашық түсе бастады.

Мен жәутеңдеп, сен маған неге болыспайсың деп, Рамазанға қараймын. Сөйтсем, бойы ұп-ұзын болып, шеттеп, Рамазаным бейқам тұр. Тегі, ол тақыр бастан жасқанатын тәрізді. Мені қорғап бір ауыз да емеурін білдіре алмайды. Өзім аман болсам, болды дегендей қалып танытады.

Сыриған қайран бой, қайран дене! Жасқаншақ Рамазанға біткенше, маған неге бітпеген!

Кенет тақыр бас мені көкірегімнен оқыс итеріп келіп қалсын. Шалқалаған қалпымда мойным астыма қайырылып, оңбай құлап түсейін. Шүйдем қақ айырылып, миым аузыма төгілгендей болды. Тақыр бастың ымдауымен басқа бір бала артыма төрт тағандап жата қалған екен. Әлгіге сүрініп жығылған едім.

Менің өле жаздағаныммен ешкімнің шаруасы жоқ, бәрі дуылдап күлісіп жатыр. Оларға бұл ермек.

Мен осы арада тілмен айтып жеткізгісіз жалғыздық көріп, қорланып қалдым. Ызадан жарылып кетуге бармын. Өзімнің Қостөбемде болса, тақыр баспен шайнасып өлер едім. Ал дәл қазір, мынау жат орта, бөтен балалардың арасында, менен ондай ерлік шықпады. Шаңырақ иесі біз дегендей еліріп, өрекпе күлген содыр топтың пысы еңсемді басып кетті. Жылауды намыс көріп, жыламауға шыдамым әрең жетіп тұрмын.

СЕМБАЙ АТАМ ЖӘНЕ БІЗ

Нағашым үйіндегі бар адамды әскер деп қарасақ, сол әскердің бас қолбасшысы Сембай атам. Үйдің іші-тысындағы тіршіліктің бәрі де қолбасшының бұйрығымен істеліп жатады. Бұл беделге атам қартайған жасы мен қардай болған сақалын сатып, сол арқылы жетіп отырған адам емес. Шындығына келсеңіз, ол осы үйдің, осы үлкен семьяның Қағазбайдан гөрі де белді асыраушысы. Өмірде көрген, түйгені мол, жақсылық-жамандықты алыстан танып, аққаптал болған тәжірибелі қорушысы. Осы қара шаңырақтың береке-панасы.

Желкесінде зілдей боп жетпіс отыруына қарамастан, атам еңсесін тік ұстайды. Бойындағы қаруы бар жігіттен кем емес. Еңбек сүйгіш әрі шаруақор. Қаракер биеден өзге, бұл үйде адал еттіден қаны шермиген сынық мүйіз ала сиыр бар. Екеуіне де Сембай атам жем-шөпті өзі дайындайды, екеуін де өзі күтіп-баптайды. Сол күтімнің арқасында сиыры да, биесі де жыл сайын төл береді. Биыл да буаз.

Сембай атам бір қора тауық, бір қора қоян өсіреді.

Бүлкең-бүлкең еткен кілең қаракөк қоян там үйдің іргесін іш жағынан үңгіп ін қазып алған. Сол індерден бірі кіріп, бірі шығып, өріп жүреді. Адамнан үркіп, қорыққанды білмейді, сенімен сөйлескісі келгендей қол созым жерде құлағы тікірейіп, көзі мөлдіреп шоқиып қарап отырады.

Бұл үйдің еркектері мен қыздарының бастарында осы кезде қоян терісінен істелген бір-бір қаракөк малақай. Әрі жібектей жұмсақ, әрі жылы. Осы тәрізді малақайым болса деп қызығамын.

Ұйғырлардың дәстүрімен есік алдынан қорық соғып, қоршап алған аз ғана жер бар. Жарымына картоп егіледі, жарымына пішен өсіріледі. Осы жұмыстың бәр-бәрін атам бір өзі тындырады.

Дәл қазір, мен келген кезде, атам үйінде жарты ұра картоп бар екен. Кеспеге мол етіп картоп турау бұлардың дәстүріне айналған. Әрі ұнға үнем, әрі кеспе дәмді.

Бір қора тауық бір қора жұмыртқа береді.

Мауыздай тоғыз ауызға жем тауып тығындауда атам атқаратын қызмет осал емес екенін енді өзіңіз де көрдіңіз.

Қонаққа қой ала жүгіріп үйренген қазекең тауық етін ет деп қарамайды. Онысы бекершілік.

Ал жұмыртқаны атам бізге жегізбейді. Жоқ, улайсың дегендіктен емес. Кебек салған жәшікке мол қылып жинайды да, әр талын бес тиыннан дүкенге өткізеді. Әйтпесе, бұлар ақшаны қайдан алады? Ақшасыз бұларға дүкенде сатылатын шайды, кездемені, киім-кешекті кім береді?

Нағашым үйіндегі адамдар киім сәндемейді. Дүние, жиһаз жинамайды. Күндіз-түні ойлайтындары кеңірдектің қамы ғана. Күн жылыда жалаңаш, күн суықта үсіп өлмесе, болды.

Адамның жасы молайған сайын ұйқысы азаяды. Құс ұйқылы Сембай атам таңертең бәрімізден бұрын түрегеледі. Малға шөп салады, тауыққа жем шашады. Содан кейін есіктің алдын сыпыра жүріп, дауыстап үйдегі кемпірін оятады:

— Бөпке! Әй, Бөпке! Тұр!

Айқай тек әжеме арналғанмен, бәрімізге бірдей жетеді. Бәрімізді бірдей оятады. Өйткені бәріміз бір бөлмеде ұйықтаймыз.

Екі кісілік бір ғана көне ағаш төсек. Онда Қағазбай мен Зәуре жатады. Басқамыз төр алдына жерге жаппай тізіліп, «колхоз» болып ұйықтаймыз.

Бөпке әжем атам тұр дегенде бірден ұшып тұрмайды. Естісе де естімеген болып, тыпыр етпей жата түседі. Аз кідірістен кейін атам тағы дауыстайды. Бұл жолы үні әлгіндегіден қатуырақ шығады:

— Әй, Бөпке! Тұрамысың, жоқ па? Ана сиырды падаға қос!

Шалының маза бермесін білген әжем:

— Таң атпастан қаңқылдап, осы қақпастан тарттым-ау, жағың қарысқыр! — дейді де, тұрып жатады.

Атамда әйел затын кемсітіп қарайтын мінез бар. Әсіресе өз кемпіріне қатал-ақ. Екі-үш дауыстағанда Бөпке әжем ұшып тұрмаса, қолындағы сыпырғыны қабырғаға сүйей салып, ол үйге кіріп келеді. Жыртық көрпенің астында бір уыс болып жатқан апама төне түсіп, кіжініп:

— Өй, мына неме әлі жатыр ма? Жыл келгендей тырайып, не көрінген! Өй, Бөпке, өліп қалғаннан саумысың?! — дейді.

Атамның тілі найзаның ұшы тәрізді. Жерлеп, зекіп ұрса бастағанда, етің түгіл, сүйегіңнен өтеді.

Таршылық өмір атамды үнемшіл болуға үйреткен. Бір тал шеге жатқанын көрсе, ол аттап өтпейді. Айдалада бір жаңқа кезіксе, үйге алып келеді.

Таңертең жуынған кезде біз сабынды қолымызға көбірек езіп жіберсек, және оны әбден уқалап сіңірмей, шайып жуа бастасақ, атам зекіп ұрса бастайды:

— Өй, санасыз неме! Сабынды сонша көпіртіп езіп… Әне, не болды? Бәрін құр текке су шайып кетті!

Атам бар жерде біз нені де болса үнемдеп, байқап істеуге тырысамыз.

Сүмбеде отын тапшы, жақын маңда орман жоқ. Отқа қурай, сабан, тезек, көң жағылады. Қарағайды таудан күші жеткендер ғана әкеледі.

Шайлық суды нағашым үйі сабан жағып, әуелі қара қазанда қайнатып алады. Сосын самауырға құяды. Үстіне тамақ ішетін аласа дөңгелек столды мұндағы қазақтар ұйғыршалап «жозы» деп атайды.

Шайға тоғыз ауыз лап беріп, бірден келіп отырамыз. Төрдің тақ төбесінде атам. Атамнан ары қыздар: Оралхан мен Оразхан. Оразханға жалғас апам.

Атамнан бері қарай тағаша иіліп Қасымхан, Рамазан, мен отырамыз, Менен төменірек Қағаз аға. Қағаз ағаға жалғас Зәуре. Зәуре мен апамның екі аралығында баяғы заманда Тулада жасалып, содан бері талай теперішті бастан кешкен, талай-талай жандарға қызмет етіп, бүйірінің талай жері майысқан, сонда да істен қалмай келе жатқан көне жез самауыр. Диаметрі бір метрден асатын қына түсті тақтай жозы жұтынған тоғыз ауыздың тас қоршауында қалғанын сіз енді көріп отырсыз.

Тамаққа отырудың осы тәртібі еш уақытта да өзгермек емес.

Нанды нағашым үйі тандырға пісіреді. Піскен нан төрдегі сыртына әшекей үшін темір шегелеген қаракөк кебежеде сақталады. Кебеженің аузы іш жағынан құлыптаулы. Жо, жоқ, шегемен ашамын деп әуре болмаңыз. Рамазан екеуіміз мұндай әрекетті оңашада талай жасағанбыз. Түк шықпайды. Құлыбы о баста осы кебежемен бірге жасалған. Жер бетіндегі кілттің бір де біреуі оған шақ келмейді. Бір де бір шеге оны аша алмайды. Кілт салатын ойығын ақ жемдеп, майыстырып, босқа бүлдіресіз.

Бұл кебеженің кілті әрі үлкен, әрі тұмсығы ойлы-қырлы біртүрлі.

Ха-ха! Сіз дағы қиялдайды екенсіз! Бұл кілтті қолға түсіру ол ертегілерде айтылған хор қызын қолға түсірумен бірдей. Ол үшін сіз Зәуре жеңешемнің жар дегенде жалғыз бұрымын пышақпен кесіп алуыңыз керек. Қалайша дейсіз ғой. Міне, бұлайша: кебеженің кілтін бұл үйде тек Зәуре жеңешем ұстайды. Ол оның бауын бұрымына қосып өріп, шашының ұшына байлап алады. Кілт байланған бұрымының ұшы әменде пешпенттің қалтасында. Ал енді, мықты болсаң, ол кілтті қолға түсіріп көр!

Дастарқан жайылып, әбден шай ішілер кезде Зәуре кебежеге барады. Ғажап кілтті сұғып жіберіп, ішкі музыкалы құлыпты «ізің» еткізіп ашады да, дастарқанға тандырдың кейде екі, кейде үш тоқашын әкеп салады. Екі тоқаш салынған күні кем салынған бір тоқаштың орнына тостағанмен талқан қояды.

Кебеженің аузы дереу қайта бекітіледі.

Бас қолбасының бұйрығынсыз атакаға шығу — дастарқандағы нанға шабуыл жасау — болмайды.

Атамның қолында мүйіз сапты өткір қара пышақ. Нанды ол сонымен жұп-жұқа етіп, бипаздап турауға кіріседі. Біз бұл кезде сілекейімізді жұтып, тамсанып қарап отырамыз. Жаңағы шағын ғана екі немесе үш тоқаш әлгіндей қаңылтақ боп турала келе ғажап көбейіп кетеді. Береке дарып, үйеме дастарқан нанға айналады.

Ірі, кесек-кесек етіп тураса, көбеймес еді. Тоғыз жақтан тоғыз қол лап қойғанда, бірден ойсырап қалар еді. Атамның нанды соншама ұсақ етіп, көпсітіп турауында үлкен психологиялық есеп жатыр.

Туралған нанды ол дастарқанға бірдей етіп тегістеп шашып тастайды да, бір талын өзі алып, аузына салады. Бұл — телміріп, тосып отырған тоғыз ауызға енді атакаға шығуларыңа болады деп команда берілуі. Сақадай сай тұрған тоғыз жауынгер — тоғыз қол лап береді, Тоғыз турам нан дастарқанда жоқ болып шығады.

Үлкендердің қолдары бір барғанда, біздің қолдарымыз екі барып үлгіреді.

— Ақырын! Ақырын! Немене, жау қуып келе ме? — деп, атам бізге сұрлана қарап қояды.

Өрт тигендей жапырылып, дастарқандағы нанның әуелі біз отырған — ер балалар отырған жағы сап болады. Үлкендер жақта ғана аздаған нан қалады. Біздің нысапсыз қолдарымыз енді солай қарай сумаңдап, тықсыра береді. Сол кезде атам:

— Болды! Енді талқан жеңдер! — деп бұйырады.

Кейде дастарқанда талқан болмайды. Біздің жалақтап, тоймай қалған түрімізді көріп, ондайда Қағаз аға:

— Зәуре, наның бар ма? Әкел, мына балалар тоймай қалды, — дейді.

— Бүгін нан жаппаймын. Аз ғана нан тұр. Түсте, кешке нелерін жейді? — дейді жеңешем.

— Әкел. Сабақтарына тойып барсын. Кешке көжелерін ішер.

Жомарт бейілді Қағазбайды біз жанымыздай жақсы көреміз.

Электр ол кезде мұндағы жұрттың ойы түгіл, түсіне кірмейді. Әйнекті шам жермайды көп тартады дейді де, нағашым үйі бөтелке шам жағады. Кәдімгі жарты литрлік бөтелке, фарфор шайнектің қақпағы. Мақтадан есілген білте. Шам дайын.

Дүкенде мақта сатылмайды.

Оның есесіне, мақталы киім кімнің де болса үстінде бар. Ол киімнен бір түгіл, бірнеше жыртық іздемей-ақ табылады. Мақта керек болса, менен ал деп, әр жыртық аузын ашып тұрады.

Жермай — ол дағы оңайлықпен табылатын пәле емес.

— Қараңғы үйде қалдық. — Бір қасық, жарым қасық кәрәсінің бар ма? — деп, біреуден біреу сұраншақтап жүргені.

Нағашым үйіндегі жандар әңгімеші, ертегіші жандар емес еді. Әңгіме айтып отыруға, тіпті, уақыт бар ма? Кеш болып, тамақ ішілісімен жатудың қамы.

— Болыңдар! Кірәсін бітіп барады. Жатыңдар! — деп, атам жан алқымға алумен болады.

Ұйқың келген-келмегені есеп емес.

Ұйықтамасаң, ұйықтама, бөтелкедегі жермай үнемделсін. Көп жатқаннан жамбасың тесілмейді. Ал көп жанса, жермай бітіп қалады да, ертең тағы да қолыңа бөтелке ұстап, көршілерді ақтап шығасың.

Бөтелке шамның бір жаманы, ішіндегі жермайдың қалай азайғаны көрініп тұрады. Білте жетпес болғанда, майдың үстіне су құйылады. Физиканың заңы өз қызметін мүлтіксіз атқарып шыға келеді. Суды астына, майды үстіне құяды.

Майдан бір елі қалды.

Жарым елі қалды.

Әне, пышақ қырындай ғана қалды. Атам енді қалай күйінбесін:

— Жат! Жатыңдар! Өңкей көр соқыр! Көресіңдер ме, ана шам қазір сөнеді.

Үйдегі жалғыз ағаш керуетке кімдер жататынын айтқам. Басқаларымызға төсек төр алдына қатар салынады. Ұзындығы үш метр, көлденеңі екі метр келетін қалың ақ киіз бар. Күндіз бас жақта бүктеулі жатады да, кешке қарай жазып жібереді. Бір-екі жыртық көрпе астымызға жаппай төселіп, бір-екі жыртық көрпе үстімізден жаппай табылады. Төсек дайын!

Жастық әркімнің өзінің күндізгі киіп жүрген сырт киімі.

Терезе жақта ең шетте атам, одан соң апам. Одан бері: Оралқан, Оразқан, Қасымқан, Рамазан, мен. Қолдың саласындай боп тізілген адам денесі біртін-біртін кішірейе келіп, Қағаз ағаның керуетіне тақалғанда бір-ақ таусылады.

Үш ер бала бір көрпенің астындамыз. Астары сүзіліп, тозып кеткен шоқпыт шыт көрпе. Ақжайма дегенді біз білген бе екенбіз? Қысы-жазы монша көрмеген денемен ақжайманың үстінде тыраю обал да ғой.

Бес уақыт намазын атам қаза жібермейді. Ораза кезінде ауыз бекітіп, азан шақырады. Діни мерекелерді, шама-шарқы келгенше, құрметтеп атап өтеді. Атамның ерекше жағдайда ғана киетін киімдері бар. Олар: құлын терісімен қапталған қара сеңсең бөркі, жаңа шекпені, күмістеген жалпақ қайыс белбеуі. Жай күндері аталған үш киімнің үшеуі де төрде ағаш қазықта ілулі тұрады. Әр-әр кезде атам оларды сыртқа алып шығып, шаңын қағып, қайтадан іліп қояды.

Атам бұ дүниеден гөрі о дүниенің қамын көбірек ойлайды. «Бүгін болмаса, ертең тырайып өле қалуым заңды. Бұ дүниеде жалба-жұлба болып жүрсем де, о дүниеге жалба-жұлба болып бармаймын. Әлгі аталған бағалы киімдерді рызығым таусылып, демім біткен күні сүйегіме түскендер алсын», — дейді. Сол үшін де шаң жуытпай қорып, көзінің қарашығындай сақтайды. Өліп жатып, өлігіне жиналған жұрттан: «Е, бейшара-ай! Бір киер бүтін киімі жоқ екен-ау!» — деген аяныш сөз естігісі келмейді.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close