Жүнісбай кластағы ересек баланың біреуі. Бойы сұңғақ, талдырмаш, сіріңке өңді. Мінезі әрі шапшаң, әрі қызба. Сабаққа алғыр. Мұғалімнің аузынан шыққанды заңдай көріп, шаш ал десе, бас алуға дайын, лыпып тұрады.
Жүнісбай Найза да, Киікбай да емес, ішкері Шелек маңындағы Қыстық дейтін рудан. Найзаға жиен. Әкесі Көпекбай осыдан үш-төрт жыл бұрын үйелмелі-сүйелмелі төрт ер баласы мен шүйкебас момын әйелі Әйнекті шұбыртып, жек жат-жұрағаттарын сағалап, жан бағыс іздеп келген.
Көпекбай үйінің сол кездегі өзгеше жүдеу хәлі менің көз алдымнан әлі күнге кетпейді. Ауылдан шеткерек тігілген үш-төрт керегелік сомпиған шұрық тесік құрым үйлері болушы еді. Таңертең сол құрым үйдің ішінен әдейі кісі қорқыту үшін солай киінгендей жалба-жұлба, шаштары құлақтарын жауып өсіп кеткен балалар өре шығып, киіз үйдің сырт босағасына тізіліп, күнге қыздырынып тұрады. Ең үлкені Бәзіл жігіт болып қалған. Одан кейін Жүнісбай, Жүнісбайдан кейін Қожақан, Қожақаннан кейін Мәсімбай.
Аралары екі-үш жастан ғана. Біреуінен біреуі сүйемдей аласарып, белбеуге арқаларын тіреп, тізіледі де тұрады. Әлдекім бойларына қарай әдейі тізіп тұрғызғандай. Істеуге іс жоқ. Ішуге тамақ жоқ. Күн нұры мен таза ауаны қорек етіп, маужырап тұрғанды біледі. Ара-тұра бала мінездері ұстап, бірін бірі бүйірге түртіп ойнап та қояды.
Жалба-жұлба киімнің жыртығынан жылтылдап жалаңаш еттері көрінеді.
Бір ғажабы, осынша ауыр тұрмыста жүрсе де, Көпекбай балалары шетінен пысық. Көздерінде шақпақтың отындай жылтылдаған от, жігер бар.
Көпекбай өзі еңгезердей тіп-тік, шоқша сақалды, қара торы жүзі ызбарланып ашумен қарайтын, зор дауысты адам. Қараша үйдің көлеңке жақ іргесінде сыртта ол қашанда қамшы өріп немесе аяқ киім жамап, әйтеуір бір ісмерлік істеп отырады. Басында тер сіңген қара тақия, бұтында бура сан тері шалбар, аяғында қонышы мен жұлығына жамау түскен жеңіл мәсі — етік.
Жоқшылықтың тепкісін қанша жесе де, Көпекбайдың жүні жығылмаған, еңсесі түспеген. Тек болар-болмасқа қабаған ит тәрізді арс ете қалатын ашуланшақ.
Балалары Көпекбайдан керемет қорқатын еді. Оның алдында аяқтарының ұшынан жорғалайды. Әкелері «Жүнісбай!» немесе «Мәсімбай!» деп дауыстап қалғанда, аты аталған бала қандай қызық ойынды болса да тастай салып жүгіреді. Әкелерін екінші рет дауыстатқызбайды. Екінші рет дауыстаса, одан әрі арқаны осып-осып түсетін қамшы даяр тұратынын олар жақсы біледі.
Көпекбай өте-мөте әйеліне қатал еді. Тұрмыстың зардабына деген ашуын содан алмақ болғандай шүйкебас момын Әйнекті кейде ол үйден қуалап сабайды. Қолына не ілінсе, сонымен ұрады. Жеткен жерде зілдей ауыр аяқтарымен аяусыз жаншып, тепкілеп жатады.
Ашуланған кезде Көпекбай құтырған бура тәрізденіп кетеді. Оңайлықпен араша бермейді.
Араша түсетін Көпекбайдың төрт баласы. Әлжуаз байғұс шешемізді біржолата өлтіріп қоймасын дегендей олар шыр-шыр етіп, Көпекбайдың қолына, аяғына жармасады. Бір уыс әлсіз Әйнекті өздерінің сәби денелерімен бүркейді. Аяулы аналарына жан аямай пана болып, ол үшін басы-көздерін Көпекбайдың аяусыз қатты соққысына тосады.
Екі көзі қанталап құтырған бура ештеңеге қарамайды. Төрт баланы төрт жаққа допша лақтырып, әйелін мылжалап сабай береді.
Таяққа көнбіс болып алған Әйнек өлмейді де, мертікпейді. Артынан басы-көзі көкала болып, түрегеп, үй шаруасын істеп жүреді. Үш бұтты ошақ темірге қара шәугімді асып, Көпекбайға шай қайнатып береді.
Әңгіме тұжырымды болу үшін, уақыттан жеті-сегіз жылдай алға озып, Көпекбай семьясының кейінгі тағдыры жайлы айта кетейін.
Кейін, заман оңала бастағанда, Көпекбай балалары шеттерінен жігерлі, қасқыр жігіттер болып ержетті. Тұрмыстарын тез түзеп алды. Бәзілі колхоз құрылысын қолдан тұрғызысқан еңбеккер азаматтың бірі еді. Отан соғысына дейін колхозда бригадир болып істеді. Әйел алды, бала сүйді.
Жүнісбай Бәзілден асып кетті. Ол ғажап зерек оқитын еді. Кластан класқа мезгілсіз аттап (ол кезде бұған жол берілетін), онжылдықты бізден бұрын бітірді. Армияға алынды. Офицерлік училищеде оқып жүріп, 1940 жылдың Қызыл Алаңдағы Бірінші май әскери парадына қатысты.
Жүнісбайдан үйлеріне хат үзбей келіп тұратын. Әскери формамен қатып түскен әдемі суреттерін жіберетін. Жарау аттай қағылез, бойшаң жігітке солдат киімі әдейі сол үшін тігілгендей керемет жарасатын. Әлгі суреттерді бүкіл ауыл болып тамашалап көретін едік.
Көпекбайдың үшінші ұлы Қожақан жас жағынан менімен шамалас. Оның өнер-қабілеті екі ағасының екеуінен де артық еді. Сабақты озат оқумен қабат, талантты музыкант болатын. Домбыраны жас кезінен безілдетіп тартатын. Домбыраны және өзі жасап алатын.
Музыка аспаптарының қай түрін де Қожақан өздігінен меңгеріп, төпеп әкететін. Қыз-бозбала кешқұрым Қожақанның маңына жиналатын.
1940 жылы Қожақан Алматы педучилищесіне оқуға түседі. Ол сонда оқып жүргенде, Көпекбай бір рет сонау үш жүз елу шақырым жердегі Қостөбеден Алматыға баласына салт атпен араға пәлен қонып, азық-түлік жеткізіп беріп қайтады.
Соғыс басталғанда Қожақан өзі тіленіп майданға аттанған еді.
Осы аталған үш жігіттің үшеуі де сай тасындай ірік, аяулы жандар еді. Ащы өмірдің батпағын белшеден кешіп жүріп, қайғырып-қапалануды білмейтін.
Үшеуі де өмірге ғашық жандар, жалын атқан арман иелері еді. Алда сәулетті болашақ барына кәміл сенетін. Сол үшін жан қиюға дайын тұратын.
Үшеуі де адал коммунистер еді. Ауылдың көркі еді, сәні еді.
Жұрт балаларына: «Көпекбай балаларындай неге болмайсың? Солардан неге өнеге алмайсың?» — деп ұрсушы еді.
Шіркін, амал нешік, үш әсем қызғалдақтың үшеуін де соғыс тажал мезгіл жетпей мерт етті. Үшеуі бірдей майданда қаза тапты.
Бура шал көз жасы алты тарам болып аңырап қалды.
Кішкентай шүйкебас Әйнек балаларының қайғысынан одан бетер жаншылып, өлермен болды.
Көпекбай балаларының ең кішісі Мәсімбай қазір бар. Іргелі бір совхозда салауатты парторг.
Әңгіменің бастапқы мерзіміне — 1933 жылдың күзіне қайта оралайық.
Көпекбай үйі бірінші бригадада, яғни Найза ауылының ішінде. Жүнісбай таңертең елден бұрын тұрады. Үй-үйді кезіп, мектепке баратын балаларды оятады. Сөйтіп, бізді жинап алып, түгендеп, мектепке бастап келеді. Бір де бір баланы ол себепсіз мектептен қалдырмайды.
Бұны өзінің класскомдық міндеті деп ұғады.
Сабақ кезінде де Жүнісбай жан-жағына алақтап қарап, бізді бақылауға алып отырады. Біреу қыбыр етсе, мұғаліммен қабаттасып: «Пәленше, тыныш отыр!» — деп шақ-шақ етеді.
«Өте қырғыш қазанның түбін теседі» дегендей, кейде ол мұғалімнен асып та кетеді. «Бала, артық кетіп қаласың» дегенді Сағатбай оған үлкендеу жұмсақ мұрнының танауы сәл делдиіп, жымиюмен білдіреді де, Жүнісбайды қас-қабағымен басып қояды.
Мұғалім барда өстетін Жүнісбай мұғалім жоқта тіпті шырқап кетеді. Бізді бір шыбықпен айдап бағындырады. Кейде Сағатбай класты Жүнісбайға тапсырады да, өзі оны-мұны шаруамен бір жаққа аз уақытқа кетіп қалады. Жүнісбай класскомнің қатаңдығын сіз сонда көріңіз! Алға, мұғалімнің орнына барып, қаздиып тұрып алады да, класқа дегенін істетеді.
Жүнісбайдың әміріне бағынбайтын, одан сескенбейтін бір жан жоқ.
Біреуге ашумен қараған кезде Жүнісбайдың көздері найзаның ұшындай суытып, екі беті ішке қарай сұрлана қабысып, жақ жүндері тікірейіп көтеріліп кетеді. Сәл ғана тәртіп бұзған оқушыны қысырақтың айғырынша жымқырынып, шайнап тастауға дайын тұрады.
Бізбен бірге Жанбосын деген бала оқиды. Жасы Жүнісбаймен шамалас. Ауыл совет председателі Батырқанның баласы. Ұлдан әке-шешенің жалғызы болып ерке өскен. Маңайындағы балаларға өктемдік жасап үйренген шатаққойлау. Киімді сылқым бозбалаларға еліктеп, сәндеп киінеді.
Жанбосын бүгін-ертең өзі де дайын тұрған бозбала.
Қостөбеде мектеп ашылмай тұрған кезде Жанбосын Көпекбай балаларын адам демейтін. Олардың маңынан жүруге жиренетін. Жүнісбай, Қожақанға кемсітіп, шекесінен қарайтын.
Сол Жанбосын ғана бұрынғы әдетімен кейде Жүнісбайға қодилана қарап, бетіне қарсы келіп қалады. Жүнісбайды тыңдамай, содырлық мінездер көрсетпек болып тұрады. Тежелетін бірақ Жүнісбай емес. Ол одан бетер шақылдап, өзінен гөрі денелі Жанбосынға тістене тақалып:
— Сен немене, бағынғың келмей ме? Әкем ауылнай екен деп дандайсыма! Бағынасың. Сенің мына бүтін киімдеріңнің құны мен үшін бір-ақ тиын! — дейді.
Жанбосынды айбынымен еріксіз еңсеріп алады.
Жүнісбай өжеттің өжеті еді. Ешкімнен қорықпайтын да қаймықпайтын. Алдына әзірейлі келіп тұрса да қасқайып, айылын жимай сөйлесетін.
Сабақтан, мектептен тыс уақытта біз мұғалімді ұмытуға бармыз. Ал Жүнісбайды ұмыта алмаймыз. Қайда жүрсек те Жүнісбай ойымызда жүреді. Оқушыға лайықсыз сәл ғана қылық жасасақ, жерден шыққандай болып Жүнісбай сопаң етіп шыға келеді де, сол арада тұрып, жер-жебірімізге жетеді.
Бүкіл Қостөбеде Жүнісбайдың көрмейтін, білмейтіні болмайды.
Бала біз түгіл, Жүнісбайдан үлкендер қаймығатын еді. Біреудің бір арқа шөп әкеле жатқанын көрсе, ол тергемей жібермейді.
— Мына шөпті қайдан әкеле жатырсың? Колхоздан ұрлап алған жоқсың ба? — дейді.
Шұбаланса, кеңсеге ертіп келеді.
Біреу қой сойса, колхоз қойы емес пе? Өз қойы ма? Дереу біліп алады.
Жүнісбайды анадайдан көрген жұрт:
— Көпекбайдың осы баласы өскенде не болар екен? Қырар біреуді, қырар! — деп жағаларын ұстайды.
МАЙРА
Ауыл совет председателі Батырқанда бір ұл, екі қыз бар. Ұлы Жанбосынды оқушы азды-көпті біледі. Тетелес екі қыздың үлкені Майра, кішісі Сайра.
Қазақ балаларының аттарын ұйқастырып қоюға құмар болады.
Шешелері Айсұлу кербез, келбетті адам. Үй ұстауы, бала өсіруі керемет. Екі қыз егіз қозы тәрізденіп бірдей киінеді, аршыған жауқазындай тап-таза болып жүреді. Қазіргідей жоқшылық, қиын кездің өзінде Айсұлу балаларын елден ерек жұтындырып қояды.
Батырқан шалағат болғанымен, өмір сүруге өте бейім адам. Орысша біледі, шекарашылармен байланысы күшті. Қол астына екі колхоз қарайды. Сырттан келген дәрежелі қонақтар, өкілдер Батырқанның үйіне түседі.
Қостөбедегі бір-екі күйлі тұратын отбасының біреуі осы Батырқандікі.
Кластағы ең таза оқушы Майра болғандықтан, біз оны тазалықшы етіп сайлағанбыз.
Майра шешесі Айсұлуға тартқан пысық та сүйкімді қыз. Ойын десе, құйынша үйіріліп, жанып кетеді. Көбінесе ер балалармен достасып ойнайды.
Күнде таңертең оқу басталардың алдында Майра бізді есіктен бір-бірлеп тексеріп кіргізеді. Қолымыздың, құлақ, мойнымыздың тазалығын қарайды. Мін тапса, кіргізбейді. «Бар, жуынып, таза боп кел. Тырнағыңды сояудай етпей, алып кел», — дейді.
Майра өз қызметіне адал, қатал тазалықшы. Солқылдағанды білмейді, кімге де болса айтқанын істетеді.
Ауыл балаларының қай-қайсысы да үсті-бастарын күтуге ұқыпты емес. Қысы-жазы монша дегенді білмесе, ауыстырып отыратын таза іш киімдері болмаса, үйде кір төсекте, салаба жыртық көрпенің астында ұйықтайтын Гюлса, қалай ұқыпты болады?
Үсті-басын күтуге ұқыпсыз баланың біреуі — алдыңызда отырған әңгімешіңіз.
Жас кезден тазалық сақтап дағдыланбағандықтан әрі ол үшін қолайлы жағдай болмағандықтан, таңертеңгі жуыну маған бүтін бір азап болып көрінетін. Суық сумен жуынып жатқым келмейді-ақ. Атүсті жуынуға және болмайды, тексеретін Майра бар. Қолдың күсін, құлақтың ішіне қақ болып тұрып қалатын кірлерді қалайда кетіріп жуынуың керек. Азаптың азабы емей, немене?
Тырнағы құрғыр да өскіш-ақ. Ызаланып отырып бүгін алып тастасаң, ертең көстиіп шыға келеді. Тырнақтың қаншалық өскені астындағы кірден білініп тұрады.
Ал шаш алдыру ше? Мен үшін бүл азап қана емес, қасірет! Өйткені табиғат менің басыма шаш орнына ұстара өтпес қалың сым темір қадап қойған. Шашымды кім алса да, бір дегеннен ұстарасы жүрмей, тұтқырланып қалады.
— Ту, шашың шаш емес, сым темір ғой! Мұндай да қайратты шаш болады екен! — деп таңырқап жатқаны.
Шошқаның қылындай қатты шаш күшпен әрең сыпырылады. Күшпен жұмсалған ұстара басымның құйқасын қоса сыпырғандай болады. Жаным көзіме көрінеді. Тістеніп аламын да, шыдап бағам. Екі көзімді бірдей тарс жұмып алам. Мықшиып, жерге кіріп кете жаздаймын.
Мен шашымды ұстарасы өткір, қолы жұмсақ деген адамдарға таңдап алғызатын едім. Ондай адам Әубәкір қарт. Қинала бастасам, Әубәкір жігерлендіре біледі:
— Өй, жаман неме. Өзің жігіт емес екенсің ғой. Біз сендей күнімізде шашымызды қабырғамен алғызатынбыз, — дейді.
Қабырға шашты қалай алады деп, таң-тамаша боламын.
Жуынуға қол сабын түгіл, кір сабынның өзі тапшы.
Ауыл қазақтары сабынды өздері жасайды. Алаботаны шауып алып, өртейді де, күліне май қосып қайнатады.
Қап-қара сабын пайда болады. Кәдімгі қара балшық тәрізді, әрі ауыр, әрі қатты. Қол жууға арналған кішкентай қара сабынды бұзаушық дейді.
Бүтін қол бізде бола ма? Көбесі быт-шыт боп жарылып кеткен. Жуынған кезде қара сабынның көбігі тұз құйғандай дуылдатып ашытып жібереді.
— Қолың кір, мойның кір, — деп, талай рет Майра мені класқа кіргізбей қуған. Мен бірден мойындамаймын, дау шығарамын.
— Менің етімнің өзі осындай, қара, — деймін.
— Жоқ, мынау еттің қаралығы емес, құс, — дейді Майра. Қолымның көбесін тырнап дәлелдейді. Тырналған кезде күс көшеді де, ар жағынан ақшылданып тері көрінеді.
Енді мойындамасқа лажым қалмайды.
Класта Майраның желке тұсында отырамын. Үзіліске шыққанда, ол қайда болса, сондамын. Әлдеқандай бір сиқыр күш мені Майрадан алысқа жібермейді. Арқандаған атша Майраның төңірегінде ұстайды.
Майра күн болса, мен күнбағыспын, онсыз тұра алмаймын. Майра гүл болса, мен көбелекпін, айналсоқтап шықпаймын.
Мектептен қайтып келе жатқанда, бойымда табиғат сыйға тартқан қандай өнерім болса, Майраның алдында соны түгел көрсетуге тырысамын. Құс болып құбылжытып ысқырамын. Арық-ордың қайдағы жалпақ жерін таңдап секірем. Жаяу жарыста қалайда озбақ болып, жанымды салып жүгірем. Соның бәрінде де көз қиығым Майрада болады.
Майраның жүзінен құптағандай белгі көрсем немесе оның аузынан бір тамшы мақтау сөз естісем, онда дүниеде менен бақытты адам жоқ.
Жуынып, тазалануды қанша азап санасам да, мен мектепке, мүмкін болғанынша, таза келуге тырысатын едім. Қолдың күсін тырналап күшпен кетірем. Зорлықпен тазарған терінің түсі түте-түте болып қалады. Мейлі. Алақанымды төмен қаратып, алдына жайып ұстай қалғанда, бұл бәтшағар қолдарды менің қаншама азаптанып тазартқанымды Майра білсін қайта. Бағаласын. Өйткені осының бәрі Майра үшін ғой. Майрадан ескерту алып, қызармас үшін. Майраға ұқыпты, таза болып көріну үшін!
БІР, ЕКІ, СОЛАЯҚ!
Күз — колхоз жұмысының аса әбігер, қарбалас кезі. Бір жағынан шөп орылып бітпей, екінші жақтан: «Ал мені ора баста» деп, қабаттасып астық піседі. Орылған астықты басу, тазалау, он бес шақырым жердегі заготзерноға арбамен, көлікпен тасу.
Зябь жырту. Қолдағы азын-аулақ малды қыста қырып алмас үшін жылы қоралар салу.
Жұмыс көп, адам аз. Бір жұмысқа бір жұмыс қабаттасып, нашар елдің есін шығарады.
Трактор, комбайн секілді қуатты машиналар ол кезде жаңа пайда бола бастаған. Жұмыс түгел дерлік қол күшімен істеледі. Күш көлігі және жеткіліксіз. Қолда бар ат, өгіздің мойнынан қысы-жазы қамыт түспейді, арқасынан ер түспейді. Шетінен арық, шетінен көтерем.
Салақтатып сөмке асынған өкілдер келеді. Екпіндерімен өрт өшіргендей. «Пәлен жұмыс неге бітпей жатыр? Пәлен күнде бітірмесең, қырам, жоям» деп келеді. Жұрт жұмысқа таңқасқадан шығады, түнде бір-ақ қайтады. Ай жарықта жұмыс түнімен тоқтамайды.
Жеке меншіктің ат, өгіздері колхоз жұмысына түгел алынады. Соқаға құлынды бие, бұзаулы сиыр жеккен күндер болған… Буаз биелердің зорыққаннан адамша шыңғырып, тікесінен тік тұрып құлын тастағанын өз көзіммен көрдім…
Ауыл үстінен ат мінген жолаушы өтіп бара жатса, атын аударып алатын күндер болған.
Көлік жағы әлгіндей болғанда, соқа-сайман жағы тіптен сорақы. Қамыт, доға, ершіл, постремка, дағар секілді нәрселер мүлдем жетіспейді. Колхоз председателі бригадирлер, ауыл совет қызметкерлері үйден үйге қыдырып, жіп-шу, киіз, тулақ, ноқта-жүген, дағар жинайды. Оған да болмаса, «сен ананы тауып бересің, сен мынаны тауып бересің деп», түтін басына салық етіп салады.
Сумка асынған шадыр көз Сарманов өкіл менің көз алдымнан кетпейді. Үлкен түгіл, одан бала-шаға да қорқып, қалтырап тұратын. Маңайындағы елді Сарманов қырып кете жаздап жүреді. Екі сөзінің бірі: «Жаусың! Колхоз жұмысына зиянкессің! Атам! Шабам! Айдатам!». Шаш ал десе, бас алатын әлгідей әпербақан өкілдерге: «Әй, батыр, бұның қалай?» — деп, бетіне тура қарайтын адам ол кезде санасы жаңа оянып келе жатқан ауылда сирек еді.
Суырдың айғырындай шақ-шақ еткен Сарманов бір күні сабақ уақытысында қамшысын бүктеп ұстап, класқа кіріп келді. Тері тужурка, тері кепке киген. Галифе шалбардың құйрығына ер қажап тозбас үшін тері қаптатып алған. Бойы шағын, жуантық, бұлтиған қозы қарны бар шәнтік адам. Қарасұр өңінің қабағын үнемі түйіп алады. Біз сыйлағаннан бұрын, қорқып, дүр етіп түрегелдік. Сармановтың жақсылық алып келмейтінін білгендейміз. О л Сағатбайға жақындап, бізге бір қырынан тоқтады:
— Тақ, сабақ бүгіннен бастап тоқтатылады. Мына мырқымбайларды күнде таңертең масаққа алып барасың. Масақ тереді.
Қарсылық айтуға Сағатбайда шама жоқ.
Оқу тоқтап, біз масақ теретін болдық.
Жүнісбай класском Сармановтан бетер шақылдауық. Таңертең ең бір тәтті ұйқының құшағында жатқан кезде терезені өрт шыққандай тақ-тақ ұрып оятады. Өзінде ұйқы деген жоқ па, білмеймін. Қаңқылдаған дауысы миыңды найзаша тесіп өтеді.
Тұрмасқа лажың жоқ. Апыл-ғұпыл киініп, болмашы бірдеңені қарынға салып алып, ұйқымыз әлі ашылып болмаған қабақпен кіржиіп үйден шығамыз. Түскі азыққа бір бөтелке арпа көже құйып, құшақтап алғанбыз.
Жүнісбай үй-үйді кезіп, бір бала қоймай жинайды. Бойымызға қарай тізіп сапқа тұрғызады. Жұмысқа саппен алып жүреді. Команда беруші өзі. Еңсемізді түзу ұстап, аяғымызды дұрыс алып жүрмесек, пәле қылады.
— Әріпбай, көтер еңсеңді!
— Әбек, есінеме!
— Ұлдақан, қалма!
Төсектен ұйқы қанбай тұрғандықтан, біз оңайлықпен серги алмаймыз. Аяғымыз түзелмей, бұзыла береді.
— Қане, жүгіріңдер! — дейді Жүнісбай.
Жамыраған қозыша дүрлігіп, бірімізден біріміз озып, араласып кетеміз.
— Тоқтаңдар!
Тоқтаймыз. Әрқайсысымыз өз орнымызды табамыз. Қашан аяғымыз түзелгенше, Жүнісбай бір орында тұрғызып, жер тепкілетеді:
— Бір, екі, сол аяқ!
— Бір, екі, сол аяқ! Күләйхан, сол аяқ қайсы екенін білмейсің бе? Түзе аяғыңды! Тоқтаңдар! Қайта бастаңдар! Бір, екі, сол аяқ! Сол аяқ! Пірам шагі марш!
Әлгіден гөрі сергіп қалғандаймыз.
— Қане, өлең айтыңдар! Мәлік, баста!
Мәлік ересек қыз. Әрі әнші, әрі биші. Тартынбай, бастай жөнеледі:
Ленин біздің атамыз,
Саясында жатамыз.
Қарсы келген дұшпанды
Қақ жүректен атамыз!
— Жамырап кеттіңдер! Жамырамай, жөндеп айтыңдар! — дейді Жүнісбай.
Және бір өлең басталады:
Біз, жастар, жұрттың таңын атырамыз,
Дұшпанды су түбіне батырамыз.
Еңбекші ел қызыл туын тіккен жерге
Кедейдің бар баласын шақырамыз,
Қайырмасы:
Ахау, социализм, коммунизм,
Жасасын жер жүзінде ленинизм!
Бойым кішкене болғандықтан, менің орным саптың арт жағында. Бұған қорланамын. Алға таман тұруды арман етем. Сапқа тұру басталғанда, өкшемді көтеріңкіреп немесе жердің төмпегін пайдаланып қалуға тырысамын.
Әсіресе, қыздардан да кейін тұру намысымды шоқтай қаритын еді.
Майраның бойы менімен шамалас. Сапқа екі-екіден тұрғанда, ол менімен қатарласып қалады. Бұл кезде алғарақ тұруды арман етпеймін. Қолына қолым тиісіп, Майрамен қатар жүру — ол мен үшін бақыт.
Мен қу тілді, тықылдаған пысық бала болдым. Сабақты тәуір оқимын. Тыз етпе жеңілтек әрі шатақ құмар едім. Біреумен дос болуым да, араз болуым да теп-тез. Кекшілмін. Біреуден таяқ жесем, ызадан өле жаздаймын. Күндіз-түні өш алудың жолын ойлаймын.
Дене шынықтыру сабағын өте сүйетін едім. Жүгіру, секіру, суға малту секілді өнерден ешкімге есе жібермеймін.
Сұмдық намысқой едім. Жұрттан кем болуды дүниенің қорлығы санаймын. Үйдегі елден ерек кедей тұрмысқа қорланам да, әкем мен ағаларымның жұрт қатарлы бола алмағаны үшін ызаланам.
Үстімдегі киімдерім нашар-ақ. Жанбосынша қатып киініп жүруді арман етем.
Ауылдағы бірден-бір сылқым киінетін бала Жанбосын. Батырқанның баласы болып тумағаныма өкінетін едім.
Біз жаз бойына аяғымыз күс-күс боп, жалаң аяқ жүргенде, Жанбосын бәтеңке киіп жүреді. Бәтеңке болғанда қандай! Өкшесі мен табанында сәнді бедері бар. Дымқыл жерге мөр басқандай боп сайрап ізі түсіп қалады. Жанбосынның аяғындағы бұжыр табан бәтеңкеге мен қатты қызығамын. Шіркін, осындай бәтеңкем болса деп арман етем.
Көктем шыға бастағаннан қашан қар жауғанша менің аяғымның өз киімі өзінде.
Үнемі жалаң аяқ жүргендіктен, табан сүйел боп қатып қалады. Оны-мұны тікен кірмейді. Кейде тоғайдың арасымен елікше орғып келе жатқанда, қарағаштың сояудай мықты шөңгесі май өкшеге кірш етіп кіріп кететіні бар. Қара тікеннің уыты жаман болады, миыңнан солқ етіп бір-ақ шығады. Ойбай деп, мықшиып отыра қалып, садақтың оғындай боп қадалып тұрған тікенді күшпен суырып аласың. Бәлекеттің орны енді одан жаман ашиды. Бірақ оған қарап жатуға мұрша жоқ. Озып кеткен балалардың соңынан ақсаңдай жүгіресің. Біраздан соң ақсау басылады, табанға тікен кіргені естен шығады.
Жаз бойы жалаң аяқ жүрген аяқ крокодилдің терісіндей қара бұжыр болады, үсті шыт-шыт жарылады. Ол жарық тереңдеп, қан шығады. Су тисе, ашып, жаның көзіңе көрінетін болады.
Шешем байғұс емдейді.
Емнің түрі мынандай: жатарда қара бұжыр аяқты ащы қара сабынмен тырнап отырып жуады. Сосын қалың етіп сүттің кілегейін немесе вазелин жағады. Тілім-тілім жарықтар майды қанша сылап жақса да жұтып ала береді.
Ашығанның көкесін осыдан соң көресің! Босанатын әйелше бебеулеп, зар жылайсың.
Бірақ ертесіне аяғың тәуірленіп қалғанын көріп, қуанасың.
Тәуір аяқпен қатарға тағы да келіп тұрасың. Жүнісбай команда береді:
— Бір, екі, сол аяқ!
— Бір, екі, сол аяқ!
Жердің бұрқ-бұрқ еткен шаңын енді жігерлене тебесің.
ӘДЕМІ ӨМІР ТУРАЛЫ АҢЫЗ
Егін қол орақпен, шалғымен орылады. Бірлі-жарым лобогрейка жұмыс істейді. Комбайн жоқ.
Орылған аңыздан біз масақ тереміз. Әрқайсымыздың қолымызда атдорба секілді бір-бір дорба. Сол толған кезде қырманға әкеп төгеміз. Қырмандағы астық тұлықпен, аттың тұяғымен басылады. Күрекпен ұшырылып тазаланады. Қазіргідей әлеп-жәлеп тұрған механизация ол кезде біздің өлкеде дүниеге келмеген.
Масақ теру — ол азап жұмыс. Белің жазылмайды, бір талдап терген масақ өндірмейді. Кішкене дорбаның өзі оңайлықпен толмайды. Жалқаулана бастасаң, Жүнісбай әкіреңдейді.
— Жөндеп тұр! — дейді.
Жүнісбай өзі шаршау білмейді.
Кей күні масақ теруге Сағатбай да келеді. Ол бірге болса, шаршағанымыз білінбейді, уақыт көңілді өтеді. Демалып отырған кезде Сағатбай неше алуан қызғылықты әңгімелер айтып береді.
Сағатбай көп оқушы еді. Қолынан кітап, қағаз түспейді. Сәл ғана демалыс болса, Сағатбайды қоршап аламыз. Әңгіме айтып беруін өтінеміз. Текестің суы мен тоғайынан өзге түк көрмей, ауыл арасының өсек-аяңынан басқа түк естімей көрбала болып өскен біздің көзімізді кең дүниеге тұңғыш ашқан адам осы Сағатбай. Маңайымызды қоршаған надандықтың қара түнек тұманын Сағатбай әңгімелері дауыл болып ысырып, ар жағынан бізге ұшы-қиырсыз кең өмір, жарық сәуле көрсеткендей болады.
Менің Ыдырыс әкемнің де дүние турасында өз ұғым-білімі бар. Ол маған кейде кешкі астың соңынан көңілденіп, ерігіп отырып, әңгіме айтып беретін: «Жер — стол беті тәрізді төрт бұрышты жалпақ нәрсе, оны мүйізімен көк өгіз көтеріп тұрады. Бір мүйізі талып, екінші мүйізіне ауыстырғанда жер сілкінеді. Аспан-көк, жұлдыз, ай, күн — бәрі Құдайдың жаратқаны. Өлген адам о дүниеге барады. Тозақ, бейіш дейтіндер болады», т.т…
Сағатбай бұның бәрін басқаша айтады: «Жер шар секілді домалақ… Құдай жоқ, қараңғы адамдар құдайды қолдан жасап алған», — дейді. Әкемнің айтқандары мен Сағатбайдың айтқандары менің басымның ішінде таласқа түседі. «Жер домалақ» деген сөз ақылыма сыймайды. Жер домалақ болса, біз құлап кетпей, қалай жүреміз? Өзен-көлдер қалайша төгіліп кетпейді? Жер айналса, анау тау айналып, неге ана жаққа келмейді? Біздің басымыз неге айналмайды?
Қандай қиын мәселе болса да, Сағатбай біздің ұғымымызға лайықтап түсіндіре біледі. Шұбалануға жол қалдырмайды. Сайып келгенде, әкемнің айтқандарынан Сағатбайдың айтқандары беделді болып шығады.
Саясат мәселесін де Сағатбай әдемі ертегідей етіп айтушы еді. Он жетінші жылғы революция, патшаның тақтан құлауы, болашақ коммунизм заманы туралы Сағатбай майын тамызып айтады.
— Ленин кім, қазақ па? — дейміз. Соншама жақын болып, жүрегіміздің түбіне орнап алған адамды қандас, бауырлас етіп, біржола өзімізге қосып алмақшымыз.
Біздің аңқау сұрағымызға Сағатбай мырс етіп күледі. Күлген кезде мейірбан көкшіл көздері одан бетер жадырап, жып-жылы болып кетеді.
— Лениннің ұлты орыс, — дейді Сағатбай, — бірақ ол барлық ұлтты бірдей көрген. Орыс, қазақ деп бөлмеген. Ұлттардың татулығы, теңдігі үшін күрескен.
— Қазақтарды Ленин білген бе?
— Білген, — дейді Сағатбай. Қазақтың отырықшылануы, ауылда мектептер ашылуы — осының бәрі-бәрі де Ленин бастап кеткен іс екенін айтады.
Ленинді Капланның қалай айтқанын біз аса күйзеліспен тыңдаймыз. Ертегілерде неше алуан жауыздық істеп жүретін мыстан кемпірлер болады ғой. Каплан біздің көзімізге сол мыстан кемпірдің нақ өзі боп елестейді.
— Сосын, ұстап алғаннан кейін, Капланды не істеді? Атты ма?
Капланды атпағанын, тек айдауға жібергенін айтады Сағатбай.
Жоқ, біз бұған риза емеспіз. Ату керек еді Капланды! Ату аз. Басын төмен қаратып, азаптап іліп қою керек еді! Кескілеп, қинап өлтірсе, сол лайық болар еді.
Мен қиялыммен мыстан кемпір — Каплан жасап алам. Шашы жалбыраған албастының нақ өзі. «Ленинді атқан сенсің ғой? Олай болса, тарт жазаңды!».
Қиялымдағы Капланға менің көрсетпеген азабым қалмайды. Ұрамын, атамын, асамын, отқа салам…
— Енді аз жылда социализм орнайды, — дейді Сағатбай. — Колхозда жақсы-жақсы үйлер салынады, киім, тамақ көп болады. Социализмнен кейін коммунизм орнайды. Нағыз рақат өмір, міне, сол. Тамақ та, киім де, дүние-мүліктің бәрі де тегін болады.
— Дүкенде сатушы болмай ма?
— Болмайды.
Менің көзіме есігі айқара ашық тұрған, сатушы жоқ дүкен елестейді. Жұрт шұбап кіріп жатыр, керек деген нәрселерін құшақ-құшақ алып жатыр. Жоқшылықтан көз ашпай келе жатқан мен байғұсқа коммунизм өте-мөте ұнайды. Орнаса, тезірек орнаса екен деп арман етем. Коммунизм орнаған күні дүкенге бірінші боп барар едім. Бастан-аяқ түгел жаңа киімдер алмақшымын. Қалта-қалтамды толтыра кәмпит сатып алам. Еркімше тойып жеймін. Ешкім алма, жеме деп айтпайды. Өйткені коммунизм.
Өзім қатты қызығатын Жанбосынның аяғындағы бұжыр табан қара бәтіңке бар емес пе? Бәлем, түстің бе қолға деймін де, біреуін таңдап киіп алам. Және бірнеше парын үйге әкеп, әбдіраға салып қоямын. Бұрын қолыма түспей, ыза қылғаны үшін енді күн сайын жаңасын киіп шығатын болам.
Коммунизмнің рақатын осылай көрмекшімін.
ТЕПЕҢ-ТЕПЕҢ
Менің масақшылық мамандығым тамамдалды. «Кішкентайсың, көлікке салмақ аз түседі» деп, тұлықтастың атына мінгізіп қойды.
Қазіргі балалар тұлықтасты біле қоймайды. Бұл ұзындығы бір метрдей жұмыр сүйретпе тас. Постремка арқылы аттың артына жегіледі де, астық сонымен бастырылады. Қырманда үш тұлық жұмыс істейді. Әр тұлықтың атының үстінде тепеңдеген бір-бір бала.
Қырманның қақ ортасына мая етіп шоқитып үйген бау. Тұлықтас жегілген аттар сол маяны айналып желеді де отырады. Ересек бір адам баудан тұлық жолына оқтын-оқтын лақтырып шашып тұрады.
Дүниеде қарғыс атқан екі жұмыс болса, оның бірі — тұлықтастың атына міну.
Жұмыс таңқасқадан басталады. Тәтті ұйқыдан «тұр, тұр» деп зорлықпен тұрғызып алады. Шала ұйқы боп атқа қонғаннан түнге дейін тыным таппайсың. Бір басқан ізіңе қайта айналып келіп, жортақтайсың да отырасың. Бейне бір Құдай қарғап мәңгіртіп, тоқтаусыз зырылдатып қойған нәрсе тәріздісің. Біріңнің соңыңнан бірің тынымсыз айнала бересің, айнала бересің. Әрі-беріден соң қажып, мезі боласың. Басың айналып, көзің бұлдырап, төңірек бірге көшіп айнала бастайды. Сонда да тоқтамайсың.
Астыңдағы атың жарау, жүрдек ат болса, ғанибет қой. Арық, жауыр ат. Тепең-тепең тебінудің күшімен әрең жүреді. Екі саның салдырап талып кетеді. Мінгенің қиқы-шиқы жаман ер. Тартпа, үзеңгі бауың үзік-үзік жіп-шу бірдеңе. Отыруға жайлы емес. Тақымға батып, қажап, иттей қылады. Соның біріне де қарауға шамаң болмайды.
Арық кежір аттың тоңқ-тоңқ еткен желісі келі түйгенмен бірдей, ішек-қарныңды үзіп жібере жаздайды. Қатқыл ердің үстінде отыра беруге құйрық шыдамай кетеді. Жамбастап отырасың. Бір жамбасың талғанда, екінші жамбасқа аунап, күйзеліп бітесің.
Тепең-тепең тебіну, қамшылану — арық ат осының күшімен ғана жүреді. Титықтап әбден болдырғанда баспай қалады. Ұрмақ түгіл, етінен ет кесіп ал. Өлтір. Екі құлағы салбырап, теңселіп, құларман болады.
Мал — ол адам емес, қулық-сұмдықты білмейді. Болдырғаны — әл-қуатының біткені.
Жылқыбай безбүйрек, қатал адам. Аттың болдырғанымен шаруасы болмайды.
— Жүргіз! — деп ақырады.
Қырманшы жүрмеген атты басқа ұрасың. Басқа ұрғаннан ат жасқаншақ болады. Кейін жай қамшыланасың да басын ала қашып тұрады.
Көзіне қамшы тиіп, соқыр болып қалған аттар бар.
Сол тұлықтастың атына мінген кезімді ойлап отырсам, қазір де жүрегім солқ ете қалады. Ой, шаршаушы едік-ау! Атпен бірге сен де қажып болдырасың. Бел омыртқаң сырқырап, аяқ-қолың салдырап, ерде отыра алмай кетесің. Жерге түсіп, бір сағат, жарым сағат бой жазып жата кету қол жетпес арманыңа айналады.
Адам — ол мал емес, қулыққа басасың. Ат тізгінін босатыңқырап жіберем де, екі қолымды ішіме басып, бұралып, қинала бастаймын. Ортада бау шашып тұрған қарасұр сұсты Жылқыбай:
— Әй, не болды? Жүргіз! Немене, шешең есіңе түсіп кетті ме? — дейді.
— Ішім-ай, ойбай, ішім…
— Е, ішіңе не болды?
— Бұрап ауырып барады.
Қулық екенін Жылқыбай бірден біледі:
— Оттамай, жүргіз! — дейді зекіп.
Жылқыбай шын ауру болсаң да тыңдамайды. Жеті атаңнан тартып боқтап, керек десе, ұрып та жібереді. Қаршадай сенде әкесінің құны бардай-ақ, қағып қаныңды, соғып сөліңді алады. Мен Жылқыбайды тажалдай жек көруші едім.
Кешке жұмыс соңынан екі аяғымыз талтаңдап, жүре алмай қаламыз. Көзге ұйқы тығылып отырып, кешке тамақты ішуге шамамыз әрең келеді.
Тамағымыз — талқан. Кәдімгі қара талқан. Кішкене пияламен таңертең бір пияла, түсте бір пияла, кешкі бір пияла арпаның талқанын береді.
О, қасиетіңнен айналайын қара талқан! Сен де мені тұлықтастан артық болмаса, кем зығыр еткен жоқсың-ау. Туғаннан көзімді сенімен аштым. Аузым алғаш асқа талпынғанда, апам бөкпен етіп талқан берген. Міне, содан бері қарай сен, қара талқан, менімен ылғи да серіктесіп, бірге жасап келесің. Қайда барсам, айрылмас досымсың. «Мен міне!» деп, жарқырап алдымнан шығасың.
Қыста да талқан, жазда да талқан. Ерте де талқан, кеште де талқан. Ана үйге барсаң да талқан, мына үйге барсаң да талқан. Талқан… талқан… талқан…
Ақ суды талқанмен ішеміз. Көжені талқаннан жасаймыз. Майға да қосылатын осы талқан, шайға да қосылатын осы талқан.
Талкекеңді тамақ етудің тәсілі көп-ақ. Мәселен, сарымайға немесе қаймаққа шылап жеу. Оған шекер сепсе, тіптен абзал.
Майға шыланған талқан шайнау тілемейді, өңештен өзі сырғанап өтеді. Сүтке, айранға шылап жесе де ауыздан түсіп қалмайды.
Талқанды тамақ етудің бұл айтылған бапты тәсілдері уақыты тапшы еңбек адамдары үшін жарамсыз. Біз «әуресі аз» болсын дейміз де, талқанды тамаққа былай жаратамыз: ортада үлкен тай қазанда беті жыбыр-жыбыр етіп шымырлап қайнаған бір қазан қара су тұрады. Содан ыдыспен керегімізше көсіп алып, тиесілі талқанымызды үстіне саламыз. Дәмін кіргізіп түз себеміз. Бұдан кейін қасықпен немесе ағаш қалақпен, ол да болмаса, ортасынан екі бүктеп сындырған шимен былғап-былғап жібер де, аузыңды күйгізіп алмай, кәдімгі балқаймақ жеген секілді ұрттап, көмейіңнен өткізе бер.
Бұдан соң келесі пияла талқанға қалай да өлмей жетуіңе мен кепіл.
Қырман мен ауыл арасы бірқауым жер, қонуға үйге жібермейді. Таңертең бригадир айқай салған кезде ұшып-ұшып түрегелу үшін, қырманның басына түнейміз.
Ұйықтайтын төсегіміз қырман шетіндегі үймек сабанның іші. Соны төбесінен төмен қарай үңгіп, інге кірген суырша кіреміз де кетеміз. Мойнымызға топан түсіп, жыбырлатпас үшін, жағамызды көтеріп, қымтап аламыз. Сабан төсеніш, сабан жастық, сабан жамылғы. Үңгірдің аузын ауа кіретіндей етіп себездеп, бүркемелеп жауып қоямыз.
Таңқасқадан бригадир:
— Тұр! Тұрыңдар! — деп сұңқылдай бастағанда оянып кетеміз. Ұйқының ең тәтті кезі. Тұрғымыз келмейді.
Дүниені өрт басып бара жатса да, жата тұрғымыз келеді. Алда күні бойы атқа мініп тепеңдеу, жан қинау бар екенін ойлағанда, жүректі қайғының уы көміп кеткендей болады.
Бригадирмен қабаттасып айқайлаған қырманшы Жылқыбайдың зәрлі дауысы естіледі:
— Әй, жүгірмектер! Тұрасыңдар ма, жоқ па? Әне, ат келді. Тұрып, аттарыңды ұстаңдар!
Жылқыбайдың дауысы ұйқыны шайдай ашып жібереді. Енді жату қауіп. Ұшып-ұшып тұрмасақ, бураша зіркілдеген Жылқыбай маяның үстіне шығады. Бізді аяғымен теуіп жүріп тұрғызады. Қайда тығылғаныңды таппаса, сабанға айыр сұққылайды. Айырдың ұшы біреуінің бір жеріне кіріп кетер деп сескенуді білмейді ол.
Күн сайын осы. Күн сайын ұйқы қанбай, мәңгірт боп түрегелеміз. Аштық уайым емес, ұйқы уайым. Ұйқысы қанып бір ұйықтаған адамда арман бар ма екен дейміз.
Құдайдан жауын тілейміз. Жауын жауса, жұмыс тоқтайды. Демалып, жетісіп қаламыз. Қашан жауын басылғанша пырылдап ұйықтағанды білеміз.
Бірақ жауын оңайлықпен жаумайды. Күн бұлттанып келеді де, желдетіп, әлгінде жауар деп үміт еткен бұлттың бәрі басқа жаққа ауып кетеді. Сөйтіп, бізді келеке еткендей болады. Аспанның жарқырап келе жатқанын көргенде, көңілді тағы да қайғы бұлты басады.
Жауын бермеген Құдайдан мен енді ауру тілейтін едім. Шын ауырсам, үйге қайтам. Төсек тартып жатқанды білем. Ұйқым мейлінше қанған болар еді.
Ауру бірақ жоламайды.
Тағы да тепең-тепең аттың үсті. Зырылдауықша шыр көбелек айналу…
ЖЫЛҚЬІБАЙДЫҢ СҰМДЫҒЫ
Жылқыбайдың арғы аталары дәулетті адамдар болған. Жылқыбай үш ағайынды. Ең кішісі Жылқыбай. Ата-баба дәулетінің бұларға сүзіле келіп, жұғын-жұрнағы ғана бұйырған. Ана екі ағасы Жылқыбайдан гөрі малдырақ болып, кәмпеске кезінде малын айдап Қытайға қашқан. Жылқыбай колхозға дейін орта шаруа. Ағаларына ілеспей, ата мекенді сағалап қалып қойған.
Жылқыбай колхозға бірден кіре қоймайды. Алғашында жекеше боп, оқшау жүріп көреді. «Ортақ өгізден оңаша бұзауым» деп, аз ғана дөңгелек шаруасын қанатының астына тығып ұстайды.
Бірақ жекешеге төнген құрық көбейді, жекешенің тынысы күннен күнге тарыла берді. Жер, су бәрі колхоз меншігі саналып, Жылқыбайға аяқ басар жер қалмай бара жатты.
Колхозға Жылқыбай тістеніп, амалсыз кіреді. Бұрынғы кеудесіне нан піскен бай тұқымы енді кетпен-күрек арқалаған қара құрық көптің біріне айналады. Бұрын «Жықа» деп тұратындар енді «Жылқыбай, ей, Жылқыбай» дейтін болады.
Жылқыбайдың түсінігінде, «заман азды, ел тозды». Жаңа құрылысқа көзін алартып, тісін басып қарайды. «Күресерге дәрмен жоқ, іш қазандай қайнайдының» нақ өзі.
Міне, осы себептерден де қырманшы Жылқыбай әрқашан ұрысқақ, тырысқақ. Өз-өзінен шатынап, ұрынарға қара таппай жүреді. Бізді қаталдығымен безек қақтырғанда, колхоз жұмысының қамы үшін емес, әрине. Ішіндегі зәрін ретін тауып төгіп қалу үшін. Шықыр-шықыр етіп қышыған тістерімен кімді де болса жалбыратып қабу үшін.
Ара-тұра Жылқыбайдың да көңілденер кездері болушы еді. Ондай кезде ол «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» бұрынғы рақат заманды аңсайды. Бұрынғының бәрін мақтап, армандап отырады. Қазіргінің бәрі де оған құбыжық. «Ақырзаман тақалғаны осы да. Елдігімізден не қалды? Балаң кәпірше оқиды, түгел кәпір болып шығады», — деп түңіліп, маңындағы жұртты да түңілдіріп, шошытып отырғаны.
Жылқыбай осы кезде де көп жұрттан ауқатты. Жеке меншігінде екі жылқы, екі сиыр, бірқауым қой-ешкісі бар. Жұрт оның әр-әр жерде тамыр-таныстарына тығып ұстайтын малдары және жоқ емес деген әңгіме айтады.
Жылқыбайдың асаудан жаңа үйретілген әдемі кер биесі барды. Өзі ғана мініп, қырманның маңайында арқандап ұстайды. Үш уақ қырманнан жем береді. Мезгілімен суарып, үстін тарап, балаша күтіп мәпелейді. Кер биенің үстіне өзінен басқа адам мінгізбек түгіл, шыбын жорғалатпайды.
Басы кішілеу, қамыс құлақ, аяқтары сидам кер биенің тұлғасы, шіркін, сурет еді. Күлтеленіп қалың біткен құйрығы жерге төгіліп, сауырсыны тақтайдай боп, аққу мойнын жан-жағына біртүрлі кербез бұрып, сәнмен қарайды.
Жұмыс соңынан Жылқыбай кер биені ерттеп мінеді де, түнделетіп ауылға барып келеді. Аяңы желдей ескен, жүрісі қандай шіркіннің. Қамшы салдырмайды, лыпып отырады. Қасына ілескен басқа да атты кісілер болса, одан бетер желігіп, шабыттатып кетеді. Өзге аттан мойны озық жүріп отырмаса, көңілі көншімей, ауыздықты қарш-қарш шайнап, тізгінді жұлқа тартып, иесінің қолын қарыстырып бітеді.
Бүкіл Қостөбеде кер биемен жарысуға жарайтын ат бар ма!
Бір күні менің астымдағы тұлықтасқа жегіп жүрген ат болдырып, жүрмей қалды. Атты отқа қойып, тұлықты доғарып, мен қырман шетінде демалып сұлап жатырмын. Осы кезде қырманға өкіл Сарманов келе қалар ма.
— Бір тұлық неғып жүрмей қалған!?
Жылқыбай аттың болдырғанын айтты.
— Тұлықты тоқтатуға бола ма екен? Ауыстырып, басқа ат жегу керек!
— Басқа ат жоқ, — деді Жылқыбай.
Сарманов ат үстінен жан-жағына қодилана қарап, анадайда арықтың жағасында көкпеңбек көк жоңышқаны бырт-бырт орып, арқандаулы тұрған кер биені көрді.
— Ана ат кімдікі?
— Ол ат емес, бие, Асау бие…
— Кімдікі? Иесі кім?
— Иесі мен, — деді Жылқыбай.
— Мініліп жүрген бие ғой?
— Мінілгенмен, мінезі жаман. Өзім әрең деп мініп жүрмін.
Сарманов бұйыра сөйледі:
— Болдырған аттың орнына соны жегіңіз! Тұлықты бір минут та тоқтатуға болмайды! Мініліп жүрген бие ғой, ештеңе етпейді, көндігіп кетеді.
Жылқыбай одан бетер безілдеп:
— Ойбай-ау, қамыт салынып көрмеген асау бие. Тұлыққа жүруші ме еді? Әуелі жеккізбейді де, — деді.
Сарманов қазір осы елдің құдайы. Айттым — болды, кестім — үзілді дейді. Аудан оны өкіл етіп жібергенде, бар билікті қолына ұстатып жіберген.
Ол саудаласып жатпайды. Бұйырады:
— Ничего! Ничего! Осы аттың қай-қайсысы да асаудан үйретілген. Жегіңіз, көрейік. Бір тұлықты тоқтатып қоюға болмайды ғой.
Жылқыбай тұйыққа мықтап тірелді. Қарақоңыр жүзі одан бетер қарайып, түтігіп кетті. Сармановты тыңдамасқа лажы жоқ. Бермеймін деп көрсін, күшпен алады. Колхозға кер биені басы бүтін алам десе, алады. Табады жолын. Жылқыбай бұның бәрін жақсы біледі.
Кер биені қырманға жетелеп келе жатып, Жылқыбай бырқылдап сөйлеп келеді:
— Мейлі, мен айтарымды айттым. Бие асау, мінезі жаман десем, тыңдамайсыңдар. Не үстіндегі баланы, не басқа біреуді жазым етсе, мен жауапты емеспін.
Сарманов пен Жылқыбайдың арасында нендей әңгіме болғанын, қырманға не үшін жетелеп келе жатқанын кер бие, әрине, білмейді. Көздері жалт-жалт етіп, әдемі жұмыр тұяқтарымен тақыр қырманды тық-тық басқанға үріккендей боп, пысқырынып қояды.
Кер биенің тізгінін маған ұстатып қойды да, Жылқыбай ерттей бастады. Енді мойнына қамыт кигізгелі жатыр. «Бұ несі, мыналардың не ойлағаны бар» дегендей, кер бие қамытқа үркектеп қарайды. Тер сіңген қамыттан жат иіс сезініп, сескенгендей қорс етіп, басын аулақ алып қашады. Сарманов ат үстінен бақылап қарап тұр. Қамыт та кигізілді. Мойнындағы ап-ауыр затты қолапайсыз сезінгендей кер бие бүкіл денесімен дір-дір етіп қояды. Постремканың ұштары тұлыққа жалғанып жатқан кезде кер бие бір тықырдың тақалғанын сонда анық аңғарған тәрізді. Көздерінде үрейлі ұшқын ойнап, екі құлағын бірдей жымқырып алды.
— Кел, мін.
— Мінбеймін, қорқам, — дедім мен. Кер биенің асаудан үйретілген мал екенін, бұрын тұлыққа жегілмегенін жақсы білем. Және Жылқыбайдың әлгінде: «Үстіндегі баланы жазым етсе, мен жауапты емеспін», — деп сұмдықты тақап айтқан сөзі есімде.
Жылқыбай бекер сөйлемейді, бір нәрсені болжап, біліп сөйлейді.
Ызадан онсыз да жарылғалы тұрған Жылқыбай:
— Сен мінбегенде, мен мінем бе, иттің баласы! — деп, мені жерден көтеріп алып, үркектеп әзер тұрған биенің үстіне бір-ақ атты.
Ерге жабыса қалғанды ғана білдім. Енді бітті, болар іс болды. Енді ойбайлап, тыпырласам, кер биені одан бетер үркітем. Тақымымды қысып, тізгінді қымқырып ұстап алдым.
— Жүргіз!
Кер бие жүріп кетті. Артындағы тоңқылдаған ауыр тұлыққа оңды-солды қорсылдап қарап қояды. Бірден мөңкіп, алып жөнелмеген соң, менің көңілім аздап та болса орнығайын деді. Арбаға, тұлыққа алғаш жегілгенде аттың қай-қайсысы да азды-көпті тосырқап елеңдейді. Дегенмен, кер бие өте сақ мал, құлағын бір жымқырып, бір қайшылап, жағдайды мүлт жібермей барлап келеді. Сәл бір оғаш жағдай бола қалса, ытырылып алып жөнелуі даусыз. Астымдағы мал емес, тағы аң секілді маған.
Кер бие тулап, алып жөнелсе, не істеймін деп, оны да ойлап келем. Ондайда тоқтатам, еркіме бағындырам деп әуре болу бекершілік. Тек өлмесімді, өз басымның аман қалуын ойлауым керек.
Кер бие тұлық жолын бір айналды, екі айналды. Үш айналды. Енді ештеңе бола қоймайтынына менің де, басқалардың да көздері анық жетті.
— Қане жүрмегені? Жүрді ғой. Тұлыққа жүрмейтін ат бола ма? Шетіңнен қырсығып, колхоз жұмысына кеселдік келтіргенді ғана білесіңдер! — деп Сарманов Жылқыбайға және бір шүйілді де, орта қазан тұрған үйге қарай кете барды.
Жылқыбай үнсіз. Ортадағы мая азайып, таусылайын деген. Баудың қалған-құтқанын ол тұлық жолына айырмен шаша тастап, әкесі бүгін өлгендей қабағын қарс түйіп алған.
Өйтпей қайтсін. Кер бие оның ең бір аяулысы еді. Үстіне өзінен басқа адам мінгізбеуші еді. Мініп, пайдалануынан да мәпелеп күтуі көп болатын. Сол аяулысы колхоздың ең бір ауыр да, оңай бітпес жұмысына жегілді. Енді кер бие кер бие болудан қалады. Колхоздың көн тулақ қыршаңқы аттарының біреуіне айналады. Дәніккен колхоз енді оны иесіне оңайлықпен қайтармайды. Жылқыбайдың еңсесін жаншып алған, міне, осы ойлар. Қара тастай тұңғиық ауыр ойлар.
Мен екі тұлықтың соңында келе жатырмын, Жылқыбай ортада. Тұлық жолына төселген астықты деміл-деміл айырмен қопсытып, аударыстырып тұр. Біз жақындап келгенде, қопсытпай тұра тұрудың орнына, неге екенін, екіленіп кетеді. Жерден басын көтермеген қалпы сабанды әуелетіп шашады. Айырдың жарқ-жарқ еткен болат ұшы аттың бауырына тие жаздап қалады.
Жылқыбайдың қолындағы айырға мен секемдене қараймын. Оның ойында сұмдық бірдеңе барын жүрегім сезе бастағандай. Айыр түгіл, оқыс қопсытылған сабанның бір талы шабына тиіп кетсе, кер бие, сөз жоқ, алып жөнеледі.
Осылайша мен Жылқыбайды, Жылқыбай мені аңдыған минуттар өтіп жатты.
Қасына және бір келіп қалғанымда, Жылқыбай ойға алған сұмдық ісін істеп те үлгерді. Сабанды көтере сілкіп, қопсытқан болып, айырдың өткір ұшымен кер биені тақыр шаптан түртіп жіберді. Аңдып келе жатқан мен анық байқап, көріп қалдым. Кер бие оқ тиген тағыша қорс етіп, алып жөнелді.
Қырманнан шығып, артындағы тұлықты сарт-сарт тепкілеп, лағып барады. Бұл ара егіні орып әкетілген аңыз еді. Әйтеуір жер жұмсақ.
Қырман жақтағы жұрт соңымнан улап-шулап жатыр.
Осындай бір сұмдықтың болып қалуын әуел бастан күткендіктен, мен онша саса қоймадым. Ақыл тоқтатып, енді қалайда мерт болмаудың жолын қарастырдым. Осындай ат алып қашқан кезде өлетіндердің көбі аяғы үзеңгіге ілініп қалып, сүйретіліп, содан өледі. Бұны мен талай естігем. Екі аяғымды бірдей үзеңгіден шығарып алдым. Енді секіруге дайынмын.
Артымдағы ауыз тұлық анда бір тиіп, мұнда бір тиіп, дөңкілдеп келеді. Мен енді секірген кезде сол тұлықтың астына түсіп қалмауды ойладым. Зілдей тұлық зірк етіп, салмақпен жаншып өтсе, күлше қылады.
Құдай оңдап, дәл сол кезде тұлықтың бірдеңесі бырт етіп сынып кетті. Ауыр тас өз бетімен дөңгелеп барады. Кер бие одан құтылды. Тек шұбалған постремкалар ғана аяғына сарт-сарт оралып, есі кеткен биені одан бетер шошытады. Ердің алдыңғы қасын екі қолыммен тірей ұстап көтерілдім де, тәуекел деп секірдім. Лақтырған тымақтай боп жұмсақ аңызға топ ете қалдым.
Кер бие, сенен де құтылдым ба дегендей, артына бір қарап алып, постремкаларды артқы аяқтарымен шошына тепкілеп, безіп барады. Қайда барса, онда барсын, енді менің онда шаруам жоқ.
Шіркін, адам қиялындай ұшқыр не бар екен! Аттан секірер шақта, бас-аяғы бірнеше секундтың ішінде, мен талай нәрсені ойлап үлгердім. Құлаған кезде аяғым не қолым шығып, онша кеп қирап қалмай, шамалы зақымдансам. Сонда үйге барып, біраз күн демалыс алып, тынығар едім деймін. Қанбай жүрген ұйқым мейлінше қанар еді.
Қырсық Құдай менің бұл тілегімді де бермейді. Құлап түскен бетте өзімді өзім сынамаққа орнымнан ұшып түрегелдім. Сөйтсем, төрт мүшем бірдей сау. Зақымданбақ түгіл, мұрным да қанамаған. Тек бетімнің, қолымның әр-әр жерін егіннің тікірейген баясы болар-болмас қанатып, тырнап кеткен. Бұған бола мені үйге ешкім де жібермейді. Еңбегім еш кеткендей болып, біраз ренжіп қалдым.
Пәлені өз істеп алып, Жылқыбай енді айтқаны келген адам болып, масайрап жүр:
— Әне, мінезі жаман ол иттің деп айтпадым ба? Мен мал аяғандай көріп қалдыңдар. Бәрінен де, біреудің қаршадай баласын жазым қыла жаздады ғой. Әңгіменің үлкені, міне, сонда болатын еді. Қайта, байғұстың ажалы жоқ екен.
Жылқыбай менің таңдайымды көтеріп, жерден топырақ алып тастап, ырым қылып жүр.
Жылқыбайдың сұмдық ісі өзінің пайдасына шешілді. Кер биені ол тұлықтан құтқарып алды. Шошып, әдет алып қалған мал енді қамытқа өзі де жоламайды.
Бұның неге бұлай болғанын анық-қанық білетін куә мен ғанамын. Сармановқа осылай да осылай деп, сарнап айтып берсем, Жылқыбайдың аяғы көктеп келер еді. Бірақ мен біле тұра айта алмаймын. Қорқамын Жылқыбайдан.
Сұмдығы көп, қаныпезер Жылқыбайдан мен ғана емес, жұрттың көбі қорқады.
ҮЙГЕ ҚАШУ
Тұлықтастың атына міну мені әбден қажытты. Бір де рет ұйқым қанбай, өлермен болдым. Тоғыз жасар балаға таңқасқадан түнге дейін ат үстінде тепеңдеу оңай боп па?!
Масақ теру бұның қасында пейіш екен.
Бұл азаптан қалай құтылам?
Құтылудың бір ғана жолы бар. Ол — үйге қашу.
Бір күні кешкі тамақтың соңынан мая сабанға кіріп ұйықтаудың орнына, түн жамылып үйге қаштым.
Жауыртоғандағы қырман мен ауыл арасы төрт-бес шақырымдай. Жер жазық, шилеуіт. Қалың шидің арасындағы соқпақ жолмен безіп келем. Ай қараңғы. Біреу қуып келе жатқан жоқ па дегендей артыма қарап-қарап қоям. Менің бойымнан да биік қалың шидің арасы біртүрлі қорқынышты. Ойымда қасқыр. Шыға келіп, бассалатындай бойым тітіркеніп қояды.
Және бір қорқатыным аруақтар. Жын-шайтан. Жолда мола бар. Қазіргідей қараңғыда сол тұстан өтуім азап болып келеді. Сайтан да, әруақтар да мола маңында болатын тәрізді.
Кейбіреулер жын-шайтанды көрдік деп, неше түрлі қорқынышты әңгімелер айтатын. Құлағыма титтей бір бөтен дыбыс шалынса, елеңдеп қараймын. Қалбиған қорқынышты бірдеңелер көргендей болам.
Төбе тұсы ойылған үлкен жарық күмбез анадайдан көрінді. Ойылған жері түннен де бетер қап-қара. Қап, әлгінде құр қол шыққанымды қарашы. Қараңғыда жердей сипалап тас іздеймін. Тас табылмайды.
Моланың қасынан өтіп бара жатқанда жаным тырнағымның ұшында. Біреу әйт десе, жүрегім жарылып, сеспей қатар едім. Уһ, өттім-ау, әйтеуір. Енді моладан әруақтар шығып қуатындай безіп келем.
Алдан ауыл қарасы көрінді. Жүрегім орнына жаңа түскендей болды. Елдің көбі жатып қалған. Біздің үйдің терезелері де қараңғы. Тықылдатып есік қақтым.
— Бұ кім?
— Мен, апа.
— Беркенбісің? — деді де, шешем есікті ашып жіберді. Жеті қараңғы түнде сонша жерден жан ұшырып жалғыз келгенімді білгенде: «Жаным, қалай қорықпадың» деп елжіреп, бауырына басты. Мен қашып келгенімді айттым. Кер биенің алып қашып өлтіре жаздағанын естігенде, шешемде ес қалмады.
Ана бауыры балаға жау алмас қорған тәрізді. Мен, міне, сол қорғанға аман-есен жетіп, паналадым. Қауіп-қатерден құтылдым. Енді алаңсыз жетісіп ұйықтауыма, тынығуыма болады.
О, жалған дүние! Ана құшағындай ыстық та мейірбан не бар сенің жүзінде?! Осы құшақ тұрғанда, мен басқа ештеңені де арман етпеймін. Ешбір бақыт-байлыққа, салтанатқа мен бұл құшақты айырбастамақшы емеспін. Алтын анам, аяулым, тек сен аман болсаң, болды маған. Үлкейіп, адам болған кезде мен сенің осы жақсылықтарыңды қалайда ақтауға тырысамын. Ең жаңа киімдер алып берем, ең дәмді, ең тәтті тамақ ішкізем. Кәмпитті жәшігімен сатып ап, қанша жесең же деп, қасыңа қойып қоям.
Алтын анам, менің сенен аяйтын ештеңем де болмайды.
Ып-ыстық шоқпыт көрпенің астында, шешемнің көрпеден де ыстық мейірбан төсіне, салбыраған құр тері арық мамаларына тұмсығымды көміп, рақаттана маужырап ұйқыға кеттім.
Тәтті ұйқыдан селк етіп шошып ояндым. Со бір тажалдай жексұрын зәрлі дауыс. Жылқыбайдың дауысы. Қырман шетінде сабанда жатыр екенмін деп, көзімді ашып алсам, жоқ, үйде, анамның төсегінде жатырмын. Шешем қасымда жоқ, тұрып кеткен. Үйдің іші жап-жарық. Терезеден жарқырап күн нұры құйылады. Сыртта есік алдында ат үстінен айқайлап, зірк-зірк еткен Жылқыбай:
— Әй, Әсбет. Әлгі жетпегір балаң қайда, үйде ме?
Ауыз үйден оған шешем үн қатады:
— Жетпегір боп, ол саған не істеді? Төбеңе құй қазды ма?
— Айтпай, неге қашып кетеді? Бір тұлықты тоқтаттың деп, ана Сарманов бәрімізді қыратын болды.
— Менің баламнан басқа бала құрып қалып па? Балам енді бармайды. Асау биеге мінгізіп, еңкей қаныпезер, баламды өлтіріп қоя жаздапсыңдар. Жетеді сол да!
— Маған айтпа ол сөзіңді! Мықты болсаң, ана өкілге айт!
Жылқыбайдың аттан тақыр жерге секіріп түскен дыбысы естілді. Әне, ол үйге кіріп келе жатыр. Менде ес қалмады.
Жылқыбай төр үйге кіріп келді. Төсекте қорыққаннан көзім бақырайып жатқан мені көрді.
— Жүгермектің жатуын! Тұр, киін!
Балапанын қорыған тауықша шешем Жылқыбайдың алдын тосқауылдай ұмтылып еді. Ол оны қолымен тұрпайы сермеп, қағып жіберді. Менің үстімдегі көрпені сыпырып алды. Мен бар дауысыммен бақырып, пана іздеп, шешеме ұмтылдым. Әкем де, ағаларым да жұмысқа ерте тұрып кетіп қалған. Олар үйде жоқ еді.
Жылқыбай мені шешеме жібермеді. Өңгерген лақша бақыртып, төсектен көтеріп алды. Аурушаң шешемді қаға-соға, сол күйде сыртқа алып шығып барады. Мен одан бетер бақырып, тыпырлап, Жылқыбайды басқа-көзге ұрғылап келем.
Үйге кірерде Жылқыбай кер биені есіктің тұтқасына байлай сап кірген екен. Менің ойбайымнан шайпау бие қорс етіп, үркіп жөнелді. Онсыз да әрең жан сақтап тұрған жаман есікті маңдайша, таяныштарымен қоса қопарып алып кетті. Жан-жағына қалаған кесектері сау етіп төгіліп, үйдің бүкіл бір қапталы үңірейіп, қирап қалды.
Шешем зарлап жатыр:
— О, үйің күйсін, Жылқыбай! Шаңырағың қирап, ортаңа түссін! Жұртым-ай, тал түсте мекенімді талқандап, бұл не деген сұмдық! Көгерме, көктеме, қанішер неме!
Шешемнің зарлы дауысы ауылдың бас-аяғына түгел естіліп тұрды. Ешкім оған жәрдемге келмеді…
МЕНІҢ ӘКЕМ
Мен бір жағдайда әкеме өте риза болатын едім — ол өмірбаян жазып, анкета толтырған кезде. Кез келген қарапайым анкетада әке, шешең кім болған деген сұрақ тұрады. О, бұл сұрақ барлық сұрақтың ішіндегі ең маңыздысы. Болашақ өмір маршрутының сызылуына оның жасайтын ықпалы өте зор. Мінекей, әлгі сұрақ алдымнан шыға келген кезде менің көзім жайнап кеткендей болады. Жауапты құлшына жазамын, — әкем де, шешем де кедей болған! Жай кедей емес, қу тақыр кедей.
Мен бұны шынайы мақтаныш етіп жазамын. Ата-тегімнің кедей болуы — ол совет өкіметі үшін менен сенімді, менен бағалы адам жоқ екенін білдіретін бас бұрғызбас дәлел секілді. Ана Жылқыбай балалары өйдеп — ата-тегіміз кедей болған деп жаза алмайды. Анкета толтырғанда қолдары дірілдеп, жүректері толқып тұрады. Кедей бол май, бұрын бай адамдар болғаны үшін олар әкелерін тап сол кезде бір-бір боқтайды.
Ал менің жалқау әкем дүниеге кім болып келуді, тарих үшін қай таптың өкілі болу артық екенін ерте білген. Міне, осы үшін де мен әкеме риза едім. Ыдыке, жарайсың!
Ыдыкеңнің жасы бұл кезде отызды орталап қалған. Соған қарамастан, жүріс-тұрысы қарт адамдар тәрізді. Ырғалып-жырғалып ол қозғалып болғанша, өмір керуені біраз жерге барып та үлгереді.
Жақсылық, жамандықтың бәрін де әкем тәңіріден күтеді. Дұрыстау өмір сүруге талпыну, ертеңгі күннің қамын ойлап мазасыздану ол үшін жат нәрсе.
Шешем Әсбет тілді де отты адам еді. Тек ауру иектеп алған да қор қылған. Әкемнің ынжықтығын бетіне басып, қайрап айтып отыратын. Бірақ әкем ағаш пышақ тәрізді, қанша қайраса да өтпейді.
Кедей іздеген, кедейшілік өмірдің қандай болатынын көргісі келген адам біздің үйге келсін.
Ауыз үй, тор үй деп аталынатын, соқырдың көзіндей сығырайған бір-бір ойық терезелері бар аласа екі бөлмеде тұрамыз. Жер еден. Шиқылдақ тапал есік. Үйдің төргі бұрыштарында кәдімгі бірнеше тал көк шөп өсіп тұрады. Не шөп екен деп, жұлып алып қарасаң, арпаның не бидайдың дәні болып шығады.
Біздің үйде бір қара жағал ағаш кебеже болушы еді. Мүлік атаулыдан менің есімде сақталғаны сол.
Жалпиған ескі ағаш төсек. Онда әкем, шешем, мен үшеуіміз ұйықтаймыз.
Ауылдағы кез келген үйде самауыр, темір керует, жүк етіп жинап қоятын азын-аулақ көрпе-жастықтары болады. Көпшілігі керуеттеріне шымылдық ұстайды. Кестелеген киім жапқыштары болады.
Екі киім жапқышы бар үй — әлді үй. Мәселен, Батырқанның үйі. Бір киім жапқышы бар үй — орта шаруа.
Түгі жоқ үй — кедей үй. Мәселен, біздікі. Әлгі аталған нәрселерден біздің үй тап-таза.
Жұртта бар тәуір мүліктер біздің үйде неге жоқ деп қорланып, ыза болатын едім. Самауыр неге жоқ? Киім жапқыш неге жоқ?..
Көп үйде сауын сиыр бар, аздаған да болса, уақ жандықтары бар. Бізде ол да жоқ. Ең барып тұрған қара жаяу кедей қазақтың аты болмаса да, ер-тұрманы болады. Ат сұрау ұят емес, ал ер-тұрман сұрап жүру ыңғайсыз-ақ. Бір жаққа баруға ат табылса, әкем мен ағаларым енді ер таба алмай жүргені. Мен бұған да ыза болушы едім. Жұртта бар зат бізде неге жоқ?
Жұрт қайдан табады? Біз неге таппаймыз?
Жұрт қайдан алады? Біз неге алмаймыз? Жұрт бізден неге артық болады? Біз неге кем боламыз?
«Бәрі Құдайдан, Құдай өзі жеткізеді», — дейді әкем. Қашан жеткізеді? Сарғайып қанша тосуға болады оның жеткізуін? О л жеткізгенше, желкеміз үзілетін болды ғой.
Әкемнің бойы ортадан төмен, иықты. Өзі құсап сөлбіретіп қияқ мұрт қояды. Уайымсыз адам, күйіп-піскенді білмейді, жайбарақат. Мезгілсіз тозып, шаршамайды. Аш болса да, тоқ болса да, екі беті қып-қызыл. Тамақ таңдамайды, өңешінен өткеннің бәрін ішіп-жейді. Ауырмайды.
Таңертең әкем шайнамасыз жайдақ шайды сораптап, еркіне салсаң, түске дейін қамсыз отыра береді. Ол тоғайдан колхоздың ұста дүкеніне көмір жағып әкелуші еді. Көлігі мүйізі абажадай үлкен арық қызыл өгіз. Әкем шай сораптап отырғанда, қызыл өгіз сыртта есік алдында оны күтіп, аш қаңтарылып байлаулы тұрады.
Бригадирді бес келтірмей, әкем жұмысқа шығып көрген емес. Бағана байланған қызыл өгіздің мызғымай әлі тұрғанын көріп, бригадир терезе тұсына шауып келіп, айқай салады:
— Оу, Ыдырыс! Әлі отырмысың? Ойбай-ау, күн түс боп кетті ғой! Болсашы!
— Қазір, міне шыққалы жатырмын, — дейді әкем. Өзі тапжылмастан отыра береді.
— Болды, барсаңшы жұмысыңа. Құр суды сіміре бергеннен бірдеңе шыға ма? — дейді шешем.
— Тағы бір шыны құйып жібер. Содан соң болды.
Сосын тағы бір шыны.
Шәугім сарқылғанда әкем орнынан бір-ақ түрегеледі.
Ыдыкең қысы-жазы бірдей қалың киінеді. Үстінен етегі делдиген ақ тоны, басынан жарбиған жаман малақайы түспейді. Күн ыссыда малақайының құлағын қайырып бай лап қоюға бір бауы қалайда шұнтиған үзік болады, байлауға келмейді. Сондықтан малақайдың құлақтарын әкем жай жымқырып бүктеп қояды. Әменде бір құлақтың, бүктеуі жазылып кетіп, есектің құлағынша қалқиып, былғаң-былғаң етіп жүргені.
Неге екенін қайдам, әкемнің тонында түйме дейтін нәрсе болмайтын. Киеді де, тонның екі өңірін айқастырып, беліне май жағудан қап-қара болған жіңішке қайыс белбеу буынады. Қатты тартып буынған белбеудің әсерінен тонның етегі делдиіп, таңқия қалады. Әкемнің аласалау жалпақ денесі сол кезде одан бетер аласарып кеткендей болады.
Шыжыған ыстық күнде де әкем әлгіндей қалың киіммен жүреді. Бұның қалай десе:
— Қалың киімнен ыстық өтпейді, — дейді.
Дәл арқасына белбеуден өткізіп, балта қыстырады.
Үйде ер болмағандықтан, әкем қызыл өгізге ыңыршақ ерттейді. Тартпа орнында құр жіп. Үзеңгінің біреуі ағаш, біреуі темір.
Әрі қалың киініп, сіресе қалған, әрі шайнамасыз құр шайды қарнын сыздатып тоя ішкен Ыдыкең қызыл өгізге бірден қарғып міне алмайды. Күшеніп, үзеңгіге аяғын әрең жеткізіп, артылып міне бергенде, ыңыршақ ауып кетеді. Немесе сарғайып тұра беруден жалыққан қызыл өгіз тыпыршып жүріп кетіп, міне алмай әуре болады. «Өй, әкеңнің… » деп, Ыдыкең қызыл өгізді келістіре бір боқтайды да, үйден мені шақырады. Ар жақтағы үзеңгіні басып ұстап тұр дейді.
Мен жоқ болсам, тамға, дуалға тартып мінеді.
Күн бұл кезде сәске болып қалған. Өзге жұрт жұмысқа бағана кеткен. Жолшыбай кезіккен белсенділерден түгел сөз естіп, әкем жұмысқа енді ғана кетіп бара жатады.
Кетіп барады деймін-ау. Әне, ауылдан ұзай берді де, ол қайта қайтты. Не болды екен? Бірдеңесін ұмыт қалдырғаннан сау ма?
— Өй, Ыдырыс, неге қайттың?
— От жағатын сіріңке алмаппын, — дейді әкем жайлап қана.
Мен үйден сіріңке алып шығып беремін. Сіріңке жоғалып қалмас үшін, оны ішкі қалтасына салып алмаққа әкем белбеуін шешеді. Белбеуін шешу үшін, беліндегі балтаны маған бере тұрады. Осының бәрі ешқандай асығыссыз кері қайталанып және істеледі.
Уақыт зымырап өтіп жатады. Күн түске тақалады.
— Мына ит бүгін аяғын баспай қалыпты, — деп, кінәнің бәрін енді қызыл өгізге аударып, әкем тоғайға қарай маңып кетіп бара жатады.
Әкемнің іш пыстыратын қимылдарына менің төзімім зорға жетуші еді. Ішімнен ыза болып, тістеніп, қаным қайнап тұрам.
Ұста дүкені біздің үймен қанаттас, жақын. Өкембай ұстаның шың-шың соғылған балғасының дауысы ұзақ күнге бір сөнбейді. Күн сайын там-тұмдап әкелінген көмір кейде бітіп қалады да, ол әкемнің көмір жағып әкелуін күтіп, жұмыс істей алмай, сарғайып күтіп отырады.
Ұста дүкенінің бүкіл жұмысы маған қарап тұр-ау деп, Ыдыкең абыржи қоймайды.
Әкем тоғайдан кеш қайтады. Қас қарайған кезде егіннің арасымен келе жатып, тік тұрған астықтың масағынан қойын-қонышын толтырып, үзіп алады.
Жатар кезде терезенің сырт жағынан жарық көрінбестей етіп ішінен бітейді де, әлгі алып келген масақты тоңның тақыр жағына салып, уқалауға кіріседі. Бұл ертеңгі ішіп, жейтін талқан көженің қамы.
Масақ ұрлауды әкем егін ет алып, сарала тартқан кезден бастайды. Пісіп жетілмеген дән қуырғанда тырысып, шөжіп кетеді. Талқаны көкшіл, дәмі қант қосқандай тәттілеу.
Көктемгі көк өзек кезде әкем көк талқанға іліксек өлмейміз деп, бізді жұбатып, армандап отырады. Оның арман еткен көк талқаны әлгі.
Егіннен масақ ұрлап әкелетіндер тек менің әкем емес.
Таңертең бригадирдің айқайымен оянатын әкем түнде жатар кезде бей-берекет шашып тастаған киімдерін таба алмай, үй-ішінің астан-кестеңін шығарады. Әрқайсымызды бір қозғап, жастығымызды қопарып, төсеніштің ар жақ, бер жағын ашып қарап, белбеуін, тымағын іздейді. Сөйтіп, бәрімізді түгел оятып бітеді. Шұлғауының бірі менің жастығымның астынан, малақайы Сатылғанның қойнынан табылады.
Әкемнің жоғалғыш киімдерінің бірі оның белбеуі. Барлық киімін киіп ап, енді белбеуін таппай, есік алдында сілейіп тұрғаны:
— Ой, тоба, бұл әкеңнің аузын… жер жұтты ма? Қайда кетті?
Белбеу табылмай ауырып жатқан шешеме де маза жоқ.
— Әсбет, қарашы менің белбеуімді. Жер жұтты деймісің, бір жерде жатқан шығар.
Шешем бейшара ыңқылдап қоса іздеседі.
— Түнде шешкенде бір жерге белгілеп қоймайсың ба? Күнде-күнде бұл не? — дейді ренжіп.
Қырсық белбеу соңынан қорадағы ақырдың ішінен табылады. Түнде әкем баздан онымен өгізіне салатын шөп буып әкелген. Ақырдың ішінде шөпті шешкен кезде ұмыт қалдырған.
Қыстыгүні әкем аяғына қолдан басқан добалдай пима киеді. Галошсыз. Екі аяқтағы пиманың түрі екі басқа: бірінің басы бақаның басына, екіншісінің басы бұзаудың басына ұқсайды. Ол тәрізді пимаға тура келетін галош дүниеде әлі жасалмаған болуға керек.
Пималардың ішіне әкем құрым киізден ұлтарақ салады. Осы үйде іске алғысыз ескі-құсқы шүберек қанша болса, соның бәрін шұлғау етіп оранады.
Кешқұрым ол бүйірі шұрық тесік қаңылтыр пешке отты толтырып жағады да, күні бойы су сіңді болған шомбал пималарды шешіп, жайып жатады. Ең ішкі орамына дейін су өткен сарала шұлғаулар, ұлтарақтар самсап түгел жайылған кезде қайнаған қазанның буындай бу көтеріледі. Кісі қақалғандай қоңырсық жаман иіс үйдің ішіне толып кетеді. Жер төсекте пешке арқасын қыздырып тыныстап жатқан ауру шешем сол кезде үстіне от түскендей басын көтеріп алады:
— Ыдырыс, тағы да сен бе? Тұншықтырып өлтірдің ғой, сығыр құдай. Қақтамай, қоя тұршы. Жатар кезде жайсаң да кебеді ғой. Тым болмаса, пешке тақамай, әрірек жай.
Түнде біздің үйге ұры кіре ме, қайдам, таңертең әлгі аталған мүліктердің бірсыпырасы жайылған орнында тағы да жоқ болып шығады. Әкем үйдің ішін қопарып, тағы іздеуге кіріседі.
АҒАЛАРЫМ
Ағаларыммен танысудың реті келді.
Смағұл — әкемнің інісі. Мұрт шыға бастағанына аз ғана жыл. Мен бұл кісіні тәте деймін. Шешем қазақ әйелдерінің салты бойынша атын атамайды, «шырақ» дейді.
Шырақ үйленбеген, бойдақ.
Смағұл әкемдей сылбыр емес, әрі пысық, әрі өнерлі адам. Қолынан өрімшілік, ұсталық бәрі келеді. Тегі, ол не жұмысқа болса да бейім. Істеген ісін жапырып өндіріп істейді.
Қаршадайынан байларға малай жүріп ысылған. Колхозда қайда жұмсаса, барады, ерінгенді білмейді.
Аурушаң шешеме үйде бірден-бір қолғабыс болатын осы кісі.
Ол әйел жұмысын да, еркек жұмысын да талғамай, бәрін істейді. Су әкеледі, отын жарады, арпа кеузеп, қол диірменмен талқан тартады.
Смағұл шешеме әрі қайын, әрі келіні есепті. Қажет болса, кір де жуады. Шешем Смағұлды жақсы көреді.
Тәтемнің мінезінің шайпаулығы бар. Ашуланса, су тамған ыстық майша шатыр ете қалады. Мен үйде тәтемнен ғана жасқанып, шын қорқамын. Ашуланса, ол ұрып та жібереді. Қолы балғадай қатты.
Бірге туған ағайым Сатылғанның жасы жиырмаға жаңа ілінген. Азды-көпті оқуы бар, жаңалыққа бейім интеллигентіміз. Мінезі жұмсақ, майда жүріп, майда тұрады. Ешкіммен қақ-соғы болмайды. Аз уақыттан бері қарай Сатылған ауыл советте секретарь болып істейді.
Сатылған жиырма тоғызыншы жылдан бері комсомол мүшесі, қолынан газет-журнал түспейді. Күнде кешқұрым сығырайған бөтелке шамның түбінде тесіліп кітап оқып отырады.
Жиырмасыншы жылдардың ортасында осы өлкенің Қолтық дейтін жерінен төте оқу бойынша бастауыш мектеп ашылғанда, Сатылған сонда үш класс оқып бітірген. Кейін латын әрпіне көшкенде, оны өздігінен меңгеріп, біліп алған.
Сатылған мінезінің сынықтығымен жұрттың бәріне жағады. Біреуден озсам деп жағаласуды білмейді. Шамасы келсе, бой түзеп, тәуір киініп жүруге тырысады.
Ағайым мені ұрмақ түгіл, дауыс көтеріп ұрсып көрген жан емес.
Мен болсам, ағайыма тартпағанмын, тез ысып, тез суимын. Ыза болсам, күйіп-жанып, дызақтап кетем. Ойланбай істеп, ойланбай сөйлеп, өкінетін кездерім көп болады. Соңынан сол үшін өзімді өзім жек көріп жүрем.
Сатылғанды мен өте сүйетін едім. Ол мен үшін алдымдағы өнеге болатын. Ылғи да жақсы мінез-қылыққа тәрбиелейтін: өтірік айтпау, біреудің бірдеңесін ұрламау, жақсы оқу, темекі тартпау, т.т.
Менің білімге, адамгершілікке тәрбиелейтін түздегі ұстазым Сағатбай болғанда, үйдегі ұстазым Сатылған еді.
Сатылған Отан соғысынан оралмады.
ШЕШЕМ ЖАЙЛЫ
Әкемді алсаң, ал, Құдай, шешемді қой,
Шекпен тоқып берсе де өлмеймін ғой.
Халық бұл өлеңді текке шығармаған. Шешелі балада бәрі бар. Менде қазір бәрі бар.
Үйде түк болмай қалған күнде де шешем мені аштан өлтірмейді, әйтеуір бірдеңе тауып, өз аузына салмастан, менің аузыма тосады.
Қыз кезінде шешем көрікті болыпты. Орта бойлы, қыр мұрын, қызыл шырайлының әдемісі болғанға ұқсайды. Ал мен ес білгелі ол науқасшаң. Ауру мен жоқшылық қоса қабаттасып, құр сүлдері қалған. Отырса, тұрса, аузынан ойбайы түспейді. Соған қарамастан, күні кешке қыбыр-қыбыр қимылдаумен болады. Жоқты бар етіп, түтін түтетеді.
Біздің үйдегі адамдардың қай-қайсысы да шешемді сыйлайтын еді. Ол не айтса, сол болады.
Біз тату тұратын едік. Айқай-шу, жанжал болғанын білмеймін. Момын әкем шешеме дауыс көтеріп қораздана алмайтын. Қайта, шешем оған ынжықсың деп ұрсып отырушы еді. Еркектік намысына тиіп, күйініп, небір қатал сөздер айтатын. Әкем сонда да былқ етпейтін.
Мен оқуға ынталы болдым. Шешем оған қуанатын. Шұқшиып сабақ жазып отырсам:
— Менің жаным үлкейгенде өкіметші болады, — деп көтермелеп қоятын.
Оқыған, ел басқару қызметінде жүрген адамдарды ауыл қазағы «өкіметші» дейтін.
Ал менде арман көп. Бір арманым — Сағатбайға ұқсап мұғалім болу; екінші арманым — дүкенші болу.
Өзге балалар секілді жас кезімде мен де тәттіге құштар едім. Кәмпит түгіл, қант қолға оңай түспейді. Дүкенде қант қабымен тұрады. Қанша жеймін десе де дүкеншінің еркі.
Мен дүкеншіні дүниедегі ең бақытты адам деп есептеймін. Ертеден кешке дейін ол аузы босамай кәмпит жеп тұрмайтынына таңырқаймын. Мен болсам, еркімше жер едім.
Дүниеде кәмпит жегеннен басқа да қызық бар деп мен ойламаймын.
Қолыма он, жиырма тиын түссе, дүкенге жүгіремін. Бірақ тиыны құрғыр біздің қолымызға лотореяның ұтысы секілді тым сирек түсетін еді.
Бір күні Сатылған ағайым маған қант алып же деп бүтін бір сом берді. Бұрын он тиын, жиырма тиын беретін. Өмірімде тұңғыш рет қағаз ақша ұстауым осы шығар.
Әлгінде ауылға арбамен көшпелі дүкен келген. Ауыл совет кеңсесінің қасында сауда жасап тұрғанын көрген едім. Жерден жеті қоян тапқандай болып, жүгіріп сол араға келейін. Арба жоқ, кетіп қалыпты.
— Әне кетіп барады, — деді біреулер.
Қос ат жеккен жүрдек арба ауылдан шығып кеткен. Сүмбенің жолымен зымырап барады. Арбада бір қап қант бар. Қуып берейін. Жалаң аяқ, жалаң баспын. Екі өкпемді қолыма алып, ұшып келем.
Арбаны қуып жеттім. Сатушы не боп қалды дегендей аң-таң. Мен ентігіп сөйлей де алмаймын. Тек бір сомды ұсынып:
— һант… һант, — деймін.
Дүкенші болуды армандауыма және бір себеп — бүтін, жақсы киіну үшін.
Шешеме де бастан-аяқ жаңа киімдер алып бермекпін: жаңа мәсі-калош, жаңа орамал. Батырқанның әйелінің кемзалындай жаңа барқыт кемзал, т.т. Беркенім әперді деп, жарқылдап киіп жүрсін. Сүмбеден Бепке апам келгенде мақтанып айтып отырсын. О, Бөпке апам қандай! «Дүкеншімін деші, жаман неме. Жүр дүкеніңе, не бар, көрсет? Көйлегім тозып кетті, көйлек алып бер. Басыма кимешек алып бер. Әсбеттің мәсі-калошындай мәсі-калош алып бер. Сен дүкенші болғанда кимеген киімді қашан кимекпін?».
Немене, аяймын ба? Бөпке апамды да бастан-аяқ су жаңа киіндірем. Басқа кемпірлер оған қызғанышпен қарайтын болады. Несі бар, кисін менің арқамда. Мен үйлеріне барғанда оның жаны қала ма? Қалмайды.
МЕНІҢ ЖАУЫМ — ЖАНБОСЫН
Жиын-терін қарға араласып, әрең бітті. Астық, астық деп қарбаласқан айқай-шу басылды.
Мектептің тарс бекілген есігі қайта ашылды. Кішкентай жез қоңыраудың шыңғыр-шыңғыр еткен сүйкімді дауысы бізді талайдан бері бос қаңырап қалған класымызға қайтадан шақырды. Аузын ашса, ғылым мен білім, неше алуан қызғылықты әңгімелер фонтаншы атқылайтын Сағатбай мұғалім өзінің құтты орнына қайтадан келіп отырды.
Бұл күнді менің қалай сағынып күткенімді сіз білсеңіз етті.
Мен сабақтан қалмауға тырысушы едім. Әлдебір себеппен қалып қойсам, ол күн мен үшін ең бір қайғылы күн. Сағатбай неше алуан қызғылықты жаңа әңгімелер айтты, мен оны ести алмай қалдым-ау деп өкініп, қасірет жұтам.
Жақсы оқыған баланы мұғалім де жақсы көреді. Жаман оқысаң, жаман көреді.
Батырқанұлы Жанбосын нашар оқушы еді. Көбейту кестесін айта алмай, түйедей боп шатып-бұтып тұрады.
— Бердібек, сен айтып жібер, — дейді мұғалім.
Мен орнымнан тұрар-тұрмастан Құран оқығандай заулатам:
Екі жерде екі — төрт,
Екі жерде үш — алты.
Екі жерде төрт — сегіз.
Екі жерде бес — он.
Кідіріп-мүдірместен, «тоғыз жерде он — тоқсан» деп бір-ақ тоқтаймын.
— Жарайсың! — деп мұғалім мені риза болып мақтайды. Қатарымдағы Жанбосын әлі отырмай, түрегеп тұр. Сағатбай оны көзге шұқып:
— Мынаны қара, сенен жасы да, бойы да кіші. Ал сен оның қасында өгіздейсің, ұялмайсың ба? — дейтін.
Мен мақтағанға мәз болып, Жанбосынға «сенен асып кеттім бе» дегендей қутың-қутың қараймын. Жай кез болса, ол мені иығымен қағып, аяғымен тапап кетер еді ғой. Ал қазір өйте алмайды. Маған деген қыжылы ішінде болады.
«Сабақ бітсін, үзіліске шығайық, мен сенімен сонда сөйлесем» дегенді Жанбосын көз қарасымен білдіреді.
Сабақтан тыс жерде, мұғалім жоқта ол менің итімді шығарады. Ойнаған боп, басымнан тоқай алып, құлағымды созып, жерге аунатып, мойныма қар тыққыштап, істемегенді істейді. Жанбосын екеуіміз сондықтан да жау едік. Ит пен мысық тәріздіміз. Ол мені, өле алмай жүріп, одан асқан білгіштігім үшін, тілімнің кейде оны шағып алатын қыршаңқылығы үшін жек көреді.
Жанбосынды менің жек көруім үстіндегі киімнің бүтіндігі үшін. Аяғындағы менде жоқ бұжыр табан әдемі бәтеңкесі үшін.
Балалар мектепке қалталарына әртүрлі тамақ салып әкеліп, үзіліс кезінде малжаңдап жеп жүретін әдет бар. Көп жұрт қуырған бидай әкеледі. Қалталарына бұрқыратып талқан салып әкеліп, үзіліске шыққанда ауыздарына уыстап құйып жүретіндер бар.
Жанбосынның алып келетіні аппақ ақ нан. Үзіліс кезінде анадай көрнекі оқшау жерде тұрып, әдейі біздің көзімізді қызықтырып, баппен шайнап жей бастайды. Біз оған көңіл аудармаған боламыз. Қарамауға тырысамыз. Бірақ қарамау қайда. Көзі құрғыр еріксіз бұрылшақтап, түсіп кете береді. Ауызға бір кездерде жеген ақ нандардың дәмі келіп, сілекейіміз шұбырады. Біздің бұл хәлімізді қаскөй Жанбосын өте жақсы біледі. Осыдан соң онымен қалай жау болмассың?
Мен Батырқанның баласы болып тумағаныма өкінетін едім. Батырқанның баласы болып тусам ғой — әдемі киім киіп, ақ нан жеймін.
Әлгінде Жанбосын жеген ақ нан сабақта отырғанда да көзіме елестеумен болады.
Тапа-тапа ақ нандар менің түсіме де кіреді. Апам есік алдында көң жағып, көмбеге нан пісіріп жатады. Маған жей қой деп,үлкен етіп үзіп береді. Мен қаужаңдап жеп жатам. Ояна кетсем, түсім. Ішім удай боп ашып кетеді. Көзімді тез қайта жұмып, әлгіндегі ақ нандарды қайтадан іздеймін.
Бірақ амал қанша, ақ нандар сол жоғалғаннан ғайып боп жоғалады. Аузымда дәмі, ойымда сырқыраған өкініші ғана қалады.
Ересек жігіттер не істесе, Жанбосын бәрін істейді. Мұғалімнен жасырып шылым шегеді. Әкесінің папиросынан ұрлап алатын болуға керек. Түтінді аузынан сақинаша дөңгелентіп, лек-лек етіп шығарып, бізді таңқалдырады.
Бір күні ол:
— Мен түтінді құлағымнан да шығара алам, — деді.
— Шығаршы.
— Ол үшін біреуің аузымды қолдарыңмен басып тұрыңдар.
— Мен басайын, — дедім.
Жанбосын түтінді ішіне толтыра сорып алды. Мен алақаныммен оның аузын бастым. Екі көзім құлағында. Құлақтың тесігінен түтіннің сыздықтап шыға бастағанын көргенше асықпын.
Сеніп тұрмын.
Кенет қолымның сырты тыз ете қалды. «Ойбай!»
Балалар ду күлісіп жатыр. Сөйтсем, Жанбосын алдаған екен. Қолымның сыртына темекінің шоғын басып алыпты. Қолымның терісі кәдімгідей қызарып, қолдырап күйіп қалды.
Әлгіндей сасық қулыққа Жанбосын шебер болатын.
ҚОСТӨБЕГЕ ҚЫС КЕЛДІ
Қостөбеге қыс келді.
Таулы аймақта ауа райы құбылмалы. Текес бойының қысы бірде қатаң, бірде жұмсақ. Қар кейде қалың түседі, кейде жұқа түседі. Үскірік суық бола қалса, онша ұзаққа созылмайды. Төрт-бес күн қысып-қысып алады да, ашуы тез тарқап, маужыраған қалыбына келеді.
Онсыз да дабыр-дұбыры, ойын-күлкісі аз бір шөкім бәкене ауыл қыстыгүні жансыз денедей боп, сұлық жатып қалады. Көшеде бейсауат жүрген адам қарасы сирек байқалады. Қалың қар тұмшалаған үйлер, қора-жайлар сырт көзге бұрынғыдан бетер мыжырайып, шөгіп кетеді.
Жұрт отқа тоғайдан көк тал әкеп жағады. Көлігі барлар атқа, өгізге теңдеп әкеледі. Көлігі жоқтар жаяу арқалап жүргені. Таудан қарағай алып келуге шама жоқ.
Отынды жаяу арқалап әкелетіндер әйел, бала-шағалар. Қарттар. Жігіттер бұны намыс көреді.
Өмір бойы көшпенді тіршілік құрған халық кірпіштен отынға үнемді, жылуды жақсы сақтайтын пеш салуды да біле қоймайды. Отты бөлменің қақ ортасына орнатылған темір пешке жағады. Қаңылтыр пеш от лаулап жанған кезде бірден ысиды. От сөнгенде, бірден суиды. Жылу сақтамайды. Үйдегі бар жылуды бекітері жоқ қаңылтыр труба лезде сорып әкетеді.
Көк тал пыш-пыш етіп жөнді жанбайды. Үрлей-үрлей өңешің құрғап, көзіңнен жас шығады.
Мұндағы жұрт тас көмірді әлі көрмеген де.
Отынды ертеңді-кеш тек тамақ дайындау үшін жағады. Міне, сол кезде әр үйдің есігінің алдында шотпен, балтамен тоңқаң-тоңқаң етіп тал бұтап жатқан адамдар. Ауылда қанша үй болса, сонша түтін шұбалып көкке көтеріледі. Алыстағы жолаушы осы арада ел мекені бар екенін тек соған қарап біледі.
Қыстыгүні тіршілік өте-мөте көңілсіз: жұрт ерте жатады, кеш тұрады. Электрді білмейді, жермайды үнемдеп жағады. Кітап оқымайды, радио тыңдамайды, кино көрмейді, газет-журнал жаздырып алмайды.
Қазақ тойшыл, сауықшыл халық. Оған қазір жағдай жоқ.
Той болады, өте сирек болады. Және бұрыны той емес.
Отыз үйлік Қостөбеде тіршіліктің тынысы қыстыгүні де бәсеңдемейтін, ішінен еңбек дүрсілі, адам күлкісі үзілмейтін бір үй бар. Ол — ұста дүкені. Өкембай ұстаның балғасының шың-шың соғылған дауысы ауылдың бас-аяғына түгел естіледі. Суықтан қорынып, үйлерінен шыға алмай отырған жұртқа: «Зеріксеңдер, мұнда келіңдер! Әңгіме-дүкен құрып, біріңмен бірің әзілдесіп, көңіл көтеріңдер» дегендей болады. Мұнда маздап жанған от бар. Біреуден біреу сұрап алып тартатын ащы көк темекі бар.
Өкембай балғасының шақыруын қабыл алушылар табылады. Қолы бос, зерігіп отырған жігіттер шылымдарын бұрқ-бұрқ сорып, аяқтарын керенау басып, дүкенге қарай келе жатады. Ұста дүкені ауылдың дәл ортасында. Есігінің алдында, ашық аспанның астында тот басып, шашылып жатқан, кейі бүтін, кейі сынған неше алуан соқа-сайман, арбалар. Бүкіл қыс бойына Өкембай оларды жамап-жасқап жөндеумен болады. Колхоз басшылары әр бес күнде көктемгі егіс науқанына қызу дайындалып жатқандары жайлы ауданға есеп беріп отырады.
Өкембай ұста ғана емес. Осы елдің оң қолдан өнер тамған зергері. Колхоз жұмысының ара-арасында сыр-сипаты қазіргі тіршіліктен басқашалау нәзік жұмыстармен де шұғылданады. Қыздарға, келіншектерге сырға, білезік, жүзік, сөлкебай соғады. Сылқым бозбала, белсенділерге сабына араб әрпімен аттарын жазып, сәндеп бәкі жасап береді.
Өкембайға бәкі жасап берші деп жалынып жүретіндер көп.
Бұл адамның дене бітімі қолтоқпақтай ғана. Әрі көсе, әрі кемиек. Үп-үшкіл қисық иегіне бір-біріне шатыса жабысып қалған төрт-бес тал қылды сақал деп атау қиын.
Өкембайдың аяғы қамыт аяқ, қолдары ұзын. Біз қос қолдап әрең көтеретін ауыр балғаны ол әлгі шағын денемен-ақ бір қолмен қамшыдай үйіреді. Жуандығы білектей сом темірлерді жалғыз қолдап соққанда, қамырша илейді.
Өкембай еңбекқор және еңбек үстінде өте көңілді жүретін адам. Түтін мен темір иісі бұрқыраған тар дүкенде балғасын шық-шық соға жүріп, ылғи да ыңырсып өлең айтумен болады. Өлеңді ол жанынан шығарып, өзі қиыстырып айтады. Идеялық тұрғыдан мығым. Көсемдерді, партия мен мемлекет басшыларын мадақтап жыр етеді. Егер тағдыр жоғары оқу орнының филология факультетін бітіруге жазса, ол баяғыда-ақ тәп-тәуір газет ақыны болып кететін адам.
Оқымаған себепті ақынның санын көбейтпей, ауыл ұстасының санын көбейтіп жүр.
Өкембай Қостөбедегі азын-аулақ партия мүшесінің бірі. Қатардағы еңбекшінің үлгілі өкілі ретінде әрқашан санға ілініп, аты аталып жүреді. Оны-мұны комиссия құрылса, Өкембай ішінде. Екпінді колхозшылардың жиыны, слеті болса, міндетті түрде Өкембай барады.
Мейрам сайын трибунадан бір адам колхозшылар атынан құттықтау сөз сөйлейді, ол — Өкембай. Жиылыс болса, Өкембай екі қолын тонының шелектей жуан жеңдеріне тығып алып, есінеп президиумда отырады.
Жиылыс демекші, сол кезде жұрт жиылыстан бас ала алмаушы еді. Ауылға сан алуан өкіл келеді: аупарткомның, ауаткомның, аудандық жер бөлімінің, комсомолдың өкілі. Әйелдер бөлімінің, оқу бөлімінің, денсаулықтың, осоавиахимның, құдайсыздар ұйымының өкілі…
Өкіл соңынан өкіл. Өкіл кепті дегенше, жиылыс кепті дей бер. Бригадир үй-үйді кезіп, хабарлаумен болады:
— Ay, жиналысқа жүріңдер! Жиналыс бар! Ауданнан өкіл кепті. Баяндама болады. Тез жүріңдер!
Пәлен сағатта басталады деген сөз қолданылмайды. Ол тұрмысқа сіңбеген.
Мал-пұлдарын жайғап, жұрт кешкі тамақтарын ішіп жиналғанша, түннің бір уақыты болады. Тар кеңсенің ішіндегі аз ғана орындық келген жұртқа түгел жетпейді.Үлкендердің көбі малдас құрып жерге отырады. Алдымен жиналғандар соңғылар жиналғанша қорылдап ұйқыға басады.
Май шамның ала көлеңке жарығымен бір кезде жиналыс басталады. Басында қазандай түлкі тымағы бар Жәкібай председатель:
— Әй, көтер бастарыңды! Уәлібай! Сатыбай! Немене, сендер мұнда ұйықтағалы келіп пе едіңдер? Қылжимай, тұрып отырыңдар! — деп, ұйықтап қалғандарды әуелі оятып алады. Күнара жиналыс ашып жүрсе де, өзіне өзі сенбей, абдырай беретін сауатсыз председатель қасындағы өкілсіз қия баса алмайды.
— Приздөм сайлаймыз ба? — деп ақыл сұрайды.
— Сайлау керек.
Президиумға сайланатын адамдар белгілі: ауданнан келген өкіл, Жәкібай өзі, ауыл совет Батырқан. Жалпы колхозшылардың атынан Өкембай. Әйел колхозшылардың атынан екпінді әйел, Етекбай келіні Мария.
Кейде:
— Комсомолдан бір адам сайлау керек! — деген ұсыныс түседі. Қарсы болмайды. Жүнісбай сайланады. Иә, бізбен бірге оқитын Көпекбайұлы Жүнісбай.
Ол ауылда болып жататын жиналыстардың бір де біреуін құр жібермейді. Жарыс сөзде сөйлемей және қалмайды. Жүнісбай сөз алған кезде сезіктілер қипақтап, жандары мұрындарының үшіне келіп отырады.
Өзін нағыз большевикпін деп есептейтін Жүнісбай ешкімнің бет-жүзіне қарамайды. Әкесі болса да тас-талқан етіп сынайды.
Жиналыс кейде таңға дейін созылады. Қыстыгүні халықтың қолы бос кезде ештеңе емес, жазда жұрт жұмыспен қарбаласып жатқанда өткізілетін өнімсіз мылжың жиналыстардан өткен жексұрын еш нәрсе жоқ. Адамдарды шаршаған үстіне шаршатады.
Жиналыс болса, тым құрса, бір үйден бір адам қатысу керек деген жазылмаған заң бар. Бұл заң кейде күлкілі жайға апарып соғады. Айталық, әйелдер жиналысы болғалы жатыр. Шал мен кемпір. Кемпірі науқас. Енді ол жиналысқа амалсыздан шалы барып қатысады.
Өкембай колхоздың ұстасы ғана емес, бүкіл халықтың ұстасы. Біреуге бәкі, біреуге пышақ, біреуге қысқаш, біреуге таға, біреуге шот жасап береді. Есікке топса, құлып салатын ілгешек істеп береді. Жұрт тозған шелек, шылапшынын Өкембайға түптетеді. Қаңылтыр пеш, керней жасатады. Қостөбеде Өкембайға ісі түспейтін адам жоқ, онсыз елдің күні жоқ.
Бала саны Өкембайда баршылық. Салақтау Шолпан дейтін ақкөңіл әйелі бар. Әрбір жыл жарымда құндақталған бір баланы Өкембайға: «Мә, тағы да мұрагерлі болдың», — деп ұстатады да отырады.
Қарт шешесі бар, семьясы үлкен.
Тұңғышы Алтын дейтін қыз, менімен бірге оқиды. Пысық.
Өкембай кісі көңілін қалдырғанды білмейді. Жұрттың өтінгенін қалай да істеп береді. Жеңіл-желпі жұмысқа атап ақы сұрамайды.
Ақыны басқа жолмен алады.
Қаншалық кедей үйдің де қазаны бүлк-бүлк қайнайтын көңілді бір күні болады ғой. Қайдан білетінін, Өкембай біле қояды. Қазан түсер кезде салаң етіп жетіп келеді. Төрге шығып, отырып алады.
Ірілеу жұмыс істесе, Өкембай ақыны атап сұрайды. Бір пұт арпа немесе бір қап тауық жем, яки болмаса бір табақ үн бересің дейді. Ақша айтылмайды. Ақшаға жұрттың бәрі зәру.
Ақы алдын ала төленсе, Өкембай көңілденіп істейді.
Жұмыс үстінде Өкембай әндетіп ыңырсып отырады да, басы жоқ, аяғы жоқ бір сөзді қойып қалады:
— Шіркін, Мәскеуді бір көрсе! — дейді.
АРАМ СОРПА
Ауылдың тап іргесінен шекаралық застава орнаған. Қысқа қарай заставаға отын кесіп жағатын жұмысшы қажет болады. Менің әкем мен Смағұл тәтем колхоз жұмысынан мойындары босаған соң, жан бағысқа себі тиер дейді де, енді осыған жалданады.
Таудан қос аттап сүйреп әкелінген жуандығы түйенің беліндей нән қарағайлар. Заставаның бет алдындағы тақыр алаңда әкем мен тәтем сол қарағайларды күні бойы арамен кертіп турайды. Сосын шойын балтамен жаңқалап жарып, текшелеп жинаумен болады.
Бұл үшін оларға ешқандай да ақы төленбесе керек. Өйткені еңбек ақы алдық деп ,үйге тиын-тебен ұстап келіп жүргендерін көрген емеспін.
Ақының орнына солдаттың тамағынан ішеді, кейде үйге де әкеледі.
Біздің үй заставаға жақын шеткі үйлердің біреуі. Бір күні Смағұл тәтем шелекпен буы бұрқыраған ыстық бірдеңе әкеле жатыр. Далада ойнап жүрген мен алдынан жүгіріп шықтым:
— Тәте, бұл не?
— Сорпа.
Үңіліп қарасам, бетінде кесек-кесек майы қалқып жүр. Сорпаның бұрын сезініп көрмеген әдемі ғажап иісі мұрын жарады.
— Ура! Тәтем застаптан бір шелек сорпа әкеле жатыр! — деп, үйге атой салып кірдім.
Төсегінде қисайып жатқан шешем басын әнтек көтеріп алды. Үйге тәтем де кірген еді. Сорпаның бұрқыраған тамаша иісі лезде үйдің ішін алып кетті.
— Шырақ-ау, бұның не? — деді шешем үріккен жүзбен.
— Сорпа, жеңеше.
— Тарт әрі! Шошқаның сорпасы шығар. Аулақ әкет!
Тәтем ақталып жатыр:
— Шошқанікі емес, жеңеше. Побыр өзі айтты. Кеше өгіз сойған, өгіздің сорпасы.
— Жо-жо, әкет! Көрсетпе!
Тәтем сорпаны ауыз үйге алып шықты. Әкем де келді. Сатылған үйде жоқ болатын. «Бұны енді не істейміз?» — деп ақылдаса бастады.
— Побыр өтірік айтпайтын шығар? — дейді әкем.
— Кеше өгіз сойды ғой, — дейді тәтем.
Төгіп тастауға көз қимайды.
«Шошқа арам, шошқа лас, шошқа андай, шошқа мындай» деген сөз кішкене күннен әбден сіңген. Шешем әлгінде шошқаның сорпасы шығар дегенде, менің де денем дір ете қалған. Бастапқыдай емес, енді шелекке сескеніңкіреп қараймын. Ынтығым басылып, десім қайтыңқырап қалған. Дегенмен, әкем, тәтем ішер болса, көппен көрген ұлы той деп, тәуекелге басуға дайын тұрмын.
Тәтем қасық алып, сорпаны араластырып, тексере бастады. Ішінде капуста, картоп жүр. Енді ойлап отырсам, борщ екен. Бір кезде үлкен жалпақ қабырғаның басы шыға келді.
Міне, өгіздің қабырғасы, — деп, тәтем қуанып қалды.
— Өгіздікі түгіл, ненікі болса да, менен аулақ, өздерің ішіңдер!
Шешемнің ойы белгілі еді. Заставада шошқа да, өгіз де сойылып жатады. Тамақ бір қазанда жасалады. Шошқа еті пісірілген қазаннан дәм тату — харамның өзін жегенмен пара-пар. Яғни ауыр күнә.
Біз, шешемнен басқаларымыз, мұсылмандықтың әлгіндей қатаң жолын сақтай алмадық. «Ораза, намаз тоқтықта» дегендей, майлы сорпаны қарынға салып алуды мақұл көрдік. Қара су, қара талқанмен бүйіріміз қабысып, жұтап жүрген жандармыз. Мынадай ғажап асты құр бекер төгіп тастағанымыз қылмыс емес пе?
Төр үйдің есігін жауып қойып, үшеуіміз сорпаны ішіп отырмыз. Неше түрлі иісті шөптер қосып, баптап пісірген астың дәмі қандай! Алғашында көңілдегі сескеніш тарқамай, үркектеп ұрттасақ та, біртін-біртін таңдайға жағып, тілімізді суырып барады. Танаудан кірген әдемі иіс бүкіл денеге жайылды.
«Жақсы тамақ қалғанша, жаман қарын жарылсын» дедік те, сорпаны түгел қотарып ішіп алдық.
Заставадан тамақ тасып әкелудің басы осылай басталған еді.
Сорпа ғана емес, кейде ботқа, кесек-кесек бөлке нандар әкеледі. Нан мен ботқаға сезік жоқ, одан шешем де жейді. Ал сорпа болса, ол баяғыша жоламайды.
Олжа тамақтың үстіне кейде көршілер келіп қалады. «Қайдан шыққан тамақ?» — деп тергеп алады. Бірге отырып ішіп-жейді де, былай шыға беріп өсек етеді. «Қалыптары құрсын. Застаптан орыстың арам сорпасын әкеп ішіп, жан сақтап отыр. Бүйтіп көрген күні құрсын», — дейді.
Ағайынның іштарлығы қалмайды.
Бұл өсек радио хабарынан да тез тарайды.
Жауласып жүрген балалар мен сыртқа шыққанда: «Шошқа етін жеген кәпір», — деп, енді мені ыза қылатын болды. Біреуінен біреуі іліп алып, шу-шу етеді. «Арамсың, сенімен ойнамаймыз, арамнан аулақ жүріңдер», — деп қашады.
Мен ыза болам.
МЕНІҢ ҒАЖАП ПИМАЛАРЫМ
Бала аштыққа да, жалаңаштыққа да төзеді. Ал бірақ ойнамай төзе алмайды. Ойын оған өмір тауқыметінің бәрін ұмыттырады.
«Бала ішегін сүйретіп ойнайды» деген рас сөз.
Қыстыгүні сабақтан тыс уақытта сіз Қостөбенің бар баласын Текестің бойынан, сырғанақтың басынан табасыз. Текес қыста қатып қалады. Жұрт суды ойықтан алады.
Қар жаумаған кезде мұз айнадай жап-жалтыр болып жатады. Беті толған бала. Болат коньки, шаңғы ол кезде таптырмайды. Қайқы бас базар коньки тек Жанбосында бар. Басқаларының аяқтарында табанына сым темір қағып, қолдан жасаған ағаш коньки. Жанбосын жұлдыздай ағып зымырағанда, біз бортаңдап ілесе алмай қаламыз. Жанбосын сәйгүлік ат мініп, біз өгіз мініп жүргендейміз.
Осы артықшылығын Жанбосын әбден пайдаланады. Ағызып келіп, арамызды жарып өтеді, қағып-соғып жығып кетеді. «Сиырымыз» омақасып, тырайып құлап жатқанымыз. Тұра қуып, өш алуға жете алмаймыз. Мықтағанда келістіріп бір боқтаймыз.
Конькиі жоқтар Текестің тік жарқабағын сырғанақ етіп алады. Содан шанасы барлар шанамен, шанасы жоқтар астарына сиырдың жапасын қойып сырғанайды.
Шаналы жұрт аз. Баласына құнттап шана жасап беретін өнерлі ата-ана ауылда сирек ұшырайды.
Ауылда сиырдың кез келген жерге тастап кете беретін жапасынан арзан не бар. Қыстыгүні ол жапалар тоң болып қатып жатады. Шанасы жоқтарға шана болады. Текестің суына бір матырып алсаң, тіптен лазым. Аязға аз ғана қойып қойсаң, сырты одан бетер тоңазып, көкпеңбек көк жалтыр мұз болып шыға келеді. Шананың ең жүйірігі дайын, отыр да сырғанай бер. Мұз жолақтың басынан жібергеніңше, жолдағыларды басып озып, құйындатып алып жөнеледі. Шана тәрізді жолдан не олай, не бұлай қиялап шығып кетуді білмейді. Жалтыр мұздың нағыз ойықтау ортасымен зымырайды.
Жапа шанада бір ғана айып бар — орнықты емес. Тай мінгендей бұлтылдап, астыңда тұрмайды. Сәл қисайсаң, бұлт етіп, жығып кетеді. Сосын етекке құйрықпен немесе жамбаспен сырғанап жетесің.
Осыдан соң киімде тамтық қала ма?
Қай баланы көрсең де, құйрығын қасқыр тартып кеткендей жамау құйрық. Жыртықтан жылт-жылт еткен жалаңаш еттері көрініп жүреді. Сырғанақты ол сонда да қоймайды.
Күнде кешқұрым шешең байғұс сығырайған бөтелке шамның жарығымен шалбардың пәре-пәре болған құйрығын, тізесін бырқ-бырқ ұрсып жамап отырады:
— Сырғанақта басың қалғыр, жүгермек. Кеше ғана қандай етіп жамап бердім. Бір күн болмай, қарашы, тағы да жалбыратып әкелуін. Ендігәрі сенің жар басына жақын барғаныңды көрейін. Мойның үзілгір, мойныңды үзіп жібермесем, неғылсын!
Қамқор ананың күйінуден айтып жатқан домбытпасы. Оны өзі де, сен де жақсы білесің. Сырғанаққа, ертең мойным үзіледі екен деп қорықпай, тағы барасың. Барғаныңды шешең де көреді. Бірақ ол әлгі айтқан антында тұрмайды — сенің қылдырықтай нәзік мойныңды бір бұрап үзіп жібермейді.
Құйрық жалбырап тағы жыртылады. Көнбіс ана бырқ-бырқ ұрса отырып, тағы жамайды. Өмір осылай өте береді.
Жалаңаш болуға төзесің. Ал бірақ ойнамай төзе алмайсың.
Өзге киімнің нашарлығы түк емес, аяқ киімің нашар болса, қыстыгүні адамның қорысың.
Мүгедексің.
Мен бір ескі жаман бәтеңке киіп жүруші едім. Сырғанақтың көмегімен бір күні біреуінің ұлтаны қақырап түсті де қалды. Қабыршағын жарып шыққан балапанға ұқсап ар жағынан кір-кір аяғым көрініп тұрды. Бір аяғымды өкшелеп басып үйге келдім.
Жарақат бәтеңкені әкем төңкеріп олай қарады, былай қарады. Емдеудің еш ретін таба алмады. Жамап-жасқаудың неше түрін ол бұған дейін бастан кешіп үлгерген. Біз шаншатын сау жері қалмаған. «Ғұмырың біткен екен», — деді де, әкем әлгі бәтеңкелерді қораның арт жағындағы күресінге лақтырып тастады.
Мен енді жалаң аяқпын. Ертең оқуға қалай барам?
— Осыған дұрысырақ бір аяқ киім қамдап беріңдер деп, күз түскелі қақсап келем. Әне, енді оқуынан қалатын болды, — деп, шешем әкем мен ағаларымды жазғыра бастады.
Қамсыз әкем тап осылай болар деп — күндердің күнінде мені жалаң аяқ қалар деп ойламаған. «Қиын болды ғой», — деп, желкесін қасып біраз тұрды. Төңірегіне қарағыштап, басы артық бейсауат жатқан аяқ киім іздестіре бастады. Басы артық аяқ киім біздің үйге қайдан келеді? Босағада шешемнің өкшесіне жамау түскен үшкіл бас азия калошы жатқан. Әкем соны көрді:
— Әсбет, қашан аяқ киім табылғанша, оқуға сенің калошыңды киіп барып келіп жүрсе қалай болады?
Әкемнің ойлап тапқаны осы еді.
— Ой, жазған. Онымен қалай барады? Аяғына қар құйылмай ма?
Амал жоқ, әкем маған аяқ киім іздеуге кірісті.
Өзіміздің үйден түк таба алмай, көршілерге кеткен еді. Бір кезде қонышынан басқа түгі қалмаған ескі екі жаман сұр пима алып келе жатыр. Құдай біледі, әлдекімнің лақтырып тастаған пималары.
Әрі маған шақ емес, үлкен пималар.
Қораның сорайып шыққан бел ағашына ұрғыштап шаңын қағып жатыр. Шаң түтінше бұрқ-бұрқ етеді. Ұра берсе, таусылмай, шыға беретін тәрізді. Түк таппаған әкем енді маған осы пималарды табандап бермек болды.
Немен табандайды? Жай құрым киізбен табандаса, түк болмайды. Екі-үш күнде тесіліп шыға келеді.
— Ей, Смаш, застап жаққа барып келші. Солдаттың ескі пималарының қонышы табылмас па екен? — деп әкем інісін жұмсады.
Смағұл заставаға кеткен еді. Бір кезде автомобильдің жарты балонын көтеріп әкеле жатыр.
— Бұл табан бола ма?
— Мен болғызамын. Болғанда, ең мықты табан болады.
Тәтем айтқанын істейтін адам. Балонды ол кескілеуге кірісті. Мен бұдан қандай табан шықпақ деп, қызықтап қарап тұрмын. Пышақ жүрмейтін ғажап мықты зат болады екен. Қарағайдың үстіне салып балталап, одан соң ұстаға апарып, атауызға тістетіп, күшпен пәре-пәресін шығарды. Ұлтанға лайықтап кесіп алғандарының қалыңдығы төрт елі, ап-ауыр.
Тәтем пималарды осымен табандауға кірісті. Пышақ түгіл, біз зорға тесіп өтеді. Біз өткен тесіктен тарамыс өтпей әлек қылады. Не керек, тәтем қажырлылығының арқасында, бір күн, бір түн тапжылмай отырып, пималарды табандап бітті-ау, әйтеуір.
Ал енді киіп көрейін. Өзі менің бойыма лайықсыз үлкен пималар, табан деген әлгідей шомбал бірдеңе. Табан емес, зілдей тас байлап қойғандай.
Адымдап жүріп көрейін.
Бір аяғым бір аяғыма шалынысып, жүре алмай, жығылып қала жаздадым. Құдай біледі, әр пиманың салмағы бір пұт келер. Оның үстіне, шомбал табандар жүрген кезде илікпейді.
Менің зәрем ұшып кетті. Қалай жүрем бұнымен? Көшеге қалай шығам? Мектепке қалай барам? Менің мына түрімді көрген балалар цирктің дарақышысын көргендей мазақтамай ма?
— Кимеймін! Бұның киім болғанының әкесінің аузын… — деп, отыра қалып, жексұрын пималарды бірінен соң бірін есік жаққа аттым.
Пималар жығылмай, табанына қорғасын құйған сақаша дік-дік етіп тікесінен түседі.
Менің тулауым онша ұзаққа созылмады. Жоққа жүйрік жете ме? Бұл пималарды кимегенде, не кимекпін? Оқуға қалай бармақпын?
Түн. Дала қараңғы. Жұрт аяғы басылған кез. Жексұрын пималарды аяғыма шұлғау орап киіп алып, сыртқа шықтым.
Антұрғанға шұлғау шақ келмейді. Табылғанның бәрін орадым. Табаныма ұлтарақ салдым. Қараңғыда олай-бұлай жүріп байқамақпын. Ертең мектепке осымен баруға бола ма, болмай ма? Сынап, күн бұрын жаттығып алмақшымын.
Пималар ауыр болғанымен, іші ып-ыстық. Осыған дейін жұқалтаң бәтеңкемен тоңып жүрген аяқтарымды қыз-қыз қайнатып қуантады. Ал бірақ жүруге тым қолапайсыз-ақ. Әрі үлкен, әрі ауыр, тіземді бүгіп, отырайын десем, отыра алмаймын. Қиқиған қатқыл қоныштар тақымымды тіреп қалады.
Жаман бәтеңкелермен терең қарды кеше алмай, тек жолмен жүруге тырысатынмын. Ал мына «автомобиль» пимаға жолды-жолсыз бәрібір. Тек қонышынан қар асып кетпесе болғаны. Ал қоныштан асатын қар бұл өлкеде жаумайды.
Бұл пималардың жақсы жағы мен жаман жақтары тең еді.
Бұл түнгі ұйқым шала болды. Оянып алып, ертең жексұрын пималарды мектепке қалай киіп барамын деп қайғырғанды білем. Жоқ, әлде бармасам ба екен?
Оқудан қалу және қасірет.
Өзге балалар мен үшін ештеңе емес. Мазақтар да қояр, басылар. Өте-мөте Майраға қалай көрінем деп қасірет шегем. Басқалардың күлгенін елемеспін. Ал Майра күлсе ше?
Таңертең әдеттегіден ерте ояндым. Тамағымды апыл-ғұпыл ішіп, мектепке басқа балалардан ерте жөнелдім. Ешкімнің көзіне түспей, ешкімнің мазағына шалынбай, жалғыз келе жатырмын. Класқа кірдім де, құйрығым партаға жабысып қалған адамша тапжылмай отырып алдым.
Біреуден, екеуден басқа балалар да келіп жатыр. Мен болсам, қыбыр етпеймін. Аяқтарымды партаның астына жасыра түсемін.
Әдетте, класқа қоңырау соғылмай кірмейтін ойын құмардың бірі едім. Сабақтан тыс уақытта байлап қоймаса, бүйтіп отырмайтынмын. Құданың құдіретімен енді, міне, ол мінезімнен өзгере қалғанмын.
Ұшқалақ болу да, отырған орнынан тапжылмас шойын құйрық болу да оп-оңай екен.
Қоңырау соғылды, балалар класқа түгел кіріп отырды. Сабақ басталды. Менің күткенім де, міне, осы еді.
Қасымдағы Көпекбайұлы Қожақанды шынтағына түртіп, қаратып алдым. «О не?» деген түрмен Қожақан бетіме қарады. Мен сәл жымиып күлдім де, партаның астындағы аяқтарымды бері таман әкеп, нұсқап көрсеттім.
Қожақан көрді де, бағжаң ете қалды. Сонымен тынды. Сабақ беріп тұрған мұғалімнен қорқып, басқа ештеңе айта алмады.
Осылай боларын мен білген едім. Ойлағанымның дәл өзі болды. Сұмдық пималарымды енді біртіндеп басқа балаларға да көрсете бастадым.
Бәрінің әсері бірдей: көздері бағжаң ете қалады. Сабақты бұзып, айқай сап, мені мазақтай алмайды.
Үзіліске шыққанда мазақтар, күлер. Бірақ тосын көріп, таңырқап шуласқандай болмайды енді.
Бұл ақыл менің басыма түнде ұйықтай алмай жатқанда келген еді.
— Мәссаған! Мынаған қараңдар! Мынаның пимасына қараңдар! Әкесінің пимасын киіп алған ба, ей!? Ой-ой, табанын қара! Немен табандаған, ей! Көтерші! Мәссаған, автомобильдің дөңгелегі! Әй, сен мұны қалай көтеріп жүрсің? Қане, жүріп көрші! Ой-ой! Ізін қара, құлды машинаның ізі!
Бұны айтып жатқан менің ата жауым Жанбосын. Әлгінде сабақтың үстінде отырып пимамды оған да көрсеткенмін. Көзін бағжитып, аузын қусыра созып, таңырқап қарап қалғаннан өзге ол онда ештеңе дей алмаған. Кесір неме үзіліске шығуды күткен екен.
Мен қашанғы тапжылмай отыра берейін. Мазақтайтын иттер тезірек мазақтап тынса екен. Киімімнің нашарлығынан мазаққа көкпар болуым менің осы ғана ма? Өлмеспін, бұдан да тірі қалармын.
Сыртқа шығар-шықпастан-ақ балалар мені қоршап алған.
— Бұған енді тақаның да қажеті жоқ, — дейді біреулер.
— Жүріп көрші, қалай жүрер екенсің? — дейді екіншілер.
— Жүре аласың ба? — дейді үшіншілер.
Жанбосын сөзбен тәлкектеп қоймайды. Пимамды аяғымен теуіп, жүгір деп, қолымнан жетелеп, осы тұста мені басынып-ақ жатыр.
Тоқтай тұр, бәлем, Жанбосын. Өш алатын кез әлі-ақ келер.
«Автомобиль» пиманы мен сол жылы қыстай киіп шықтым. Біраз күннен кейін өзіне үйреніп кеттім. Үлкендігі де, ауырлығы да байқалмайды. Кәдімгі дағдылы аяқ киім тәрізді онша елемейтін болдым.
Бұл пимамен сырғанақ та тебем, ләңгі де ойнаймын. Тек тосын көрген біреулер:
— Өй, мынаның пимасы өзінен де үлкен ғой! Қалай көтеріп жүрсің?! — деп таңырқаса, аяқ киімімнің бойыма шақ емес екені есіме сонда ғана түседі.
БІР ТАБАҚ ҰН, БІР ТАБАҚ АРПА
Көктем басы. Жуанның созылатын, жіңішкенің үзілетін нағыз көк өзек қиын кезі. Қай үйге барсаң да, «шықпа, жаным, шықпа» деп әрең жан бағып отыр.
Әкем мен Смағұл тәтем бұл кезде заставада жұмыс істемейді. Солдаттар отынды өздері кесіп-жаратын болған.
Әкем мен тәтем күндіз қырман қағып келеді. Бір табақ, жарым табақтай дән әкеледі. Өткен жылдан қар астында қалып, бөртіп бүлінген дән. Ауру шешем оны қуырып, талқан, көже жасайды.
Таңертең сабаққа барар кезде шешем маған бір кружка сұйқылтым арпа көже ысытып береді. Күні бойғы қорегім сол ғана. Мектептен қайтқанда аштықтан көзім қарауытып, бұралып, үйге зорға жетем.
Осы күнгі балаларша:
— Апа, қарным ашты, тамақ бер, — деп есіктен дабыра салып кірмеймін. Ол сөздің әрі пайдасыз, әрі артық екенін білем. Кітап салған шүберек сумкамды терезенің алдына үнсіз қоямын да, шапанын үстіне айқара жамылып, төсекте бүк түсіп жатқан ауру шешеме мөлие қарап тұрам.
Шешем бұл келген мен екенімді көрмей-ақ біледі. Басын бұрып қарамастан, ыңырсыған нашар дауыспен пәлен жерде бір уыс қуырған бидай немесе бір уыс талқан тұрғанын айтып, соны жей ғой дейді.
Бір күні оқудан тағы да ішім ішіме қабысып әрең келдім. Ауырып жатқан шешеме өлімсірей қарадым. Шешем үнсіз. Пәлен жерде мен үшін сақталып қойылған бір уыс бидай бар екенін айтпады. Үйде ауызға салар түк қалмағанын бірден білдім.
Бұл бірінші кездесіп отырған жағдай емес.
Бұндайда мен сол үнсіз-түнсіз қалпымда сыртқа шығып кетем. Өз жанымды өзім бағудың қаракетін ойластырам. Колхоз председателі Жәкібайдың немесе тамағы бар басқа біреудің үйін торуылдап келем. Батырқан үйіне жоламаймын. Онда Майра бар. Аштан өліп кетсем де, Майраның көзіне үй торыған сорлы боп көрінбекші емеспін.
Менің сағалайтыным көбінесе Жәкібай үйі.
Жәкібайдың менен үш-төрт жас кіші Тілеу дейтін әрі ерке, әрі сотанақтау баласы бар. Әке-шешенің алақанға салып отырған жалғызы. Председательдің баласы болғандықтан, Тілеу аш болу дегеннің не екенін онша біле қоймайды. Қолына добалдай етіп нан ұстап, жеп жүреді. Құрдан құр берші дегенге, ол нанынан бере салмайды, әрине.
Мен асық бояуға, сақаны тесіп, қорғасын құюға, ләңгі жасауға шебер едім. Осы үшін де Тілеудің ісі түсіп, жалыншақтап жүретін. «Тілеу, асық боямаймыз ба?» — деп, оның көңілін тауып, қуанта келем. Бұл тәрізді жұмыстарды үйінің артында оңашада істейміз. Қолында наны болса, енді Тілеу аямайды, маған сұратпай-ақ, мә деп, жарымын үзіп береді. Үйден тағы да нан әкелуге кетеді. Қолым қимылдаған кезде аузым қоса қимылдауын менің жақсы көретінімді ол біледі.
Председательдің үйінде де шашылып жатқан есепсіз нан жоқ. Тілеу нанды шешесінен өзім жеймін деп сұрап алады. Оның нанды үйде отырып жемей, далаға тұра жүгіруінен сезіктенген шешесі артынан кейде қуа шығып, үйдің артында бұғыншақтап тұрған мені көріп қояды.
— Оңбаған, нанды кімге тасып жүрсің?! А!
Мен қолдан әр қилы ойыншықтар жасайтын едім. Тігін машинаның жібі оралатын кәдімгі титімдей жұмыр ағаштың екеуін дөңгелек етіп, ағаштан өзі жүретін трактор жасаймын. Артқы дөңгелектің қуысына резинка өткізем де, резинканың бір ұшын түйіп, қуысқа нығыздап бекітем. Екінші ұшына титімдей таяқша ағаш байлаймын. Дөңгелекті трактормен қоса ұстап тұрып, әлгі ағашты саусақпен айналдырсаң, резинка ширатылып қоса айналады. Жерге қоя салсаң, тракторды жортақтатып қуып әкетеді. Резинканың ширағаны тарқағанда бір-ақ тоқтайды.
Артқы дөңгелектер пышақпен кертіліп, кәдімгі трактордың дөңгелегіндей ирек-ирек тіс жасалған. Түтін шығаратын мұржа, баранка орнатылған. Алдында бұрап оталдыратын теміріне дейін бар. Қысқасы, сол кездегі дөңгелек «ХТЗ» тракторынан аумайды.
Базар ойыншықты білмейтін қараңғы ауылда менің өздігінен жортақтап қозғалатын осы тракторымды көріп, балалар түгіл, үлкендер таңқалатын. Бастарын шайқап: «Мынаның пәлесін қара», — дейтін. Тілеуге мен осындай трактор жасап берсем, о, онда ол маған үстіндегі көйлегін шешіп беруге даяр.
Көк талдан иіп, садақты әдемі жасаймын. Жебесінің ұшына қаңылтыр қаптаймын. Дән ұшырған жерге торғай қаптап отырады. Дәл ортасын көздеп атып қалсам, біреуіне қалайда тиеді. Оқ тиген торғай тыпырлап ұша алмай жатады…
Қыста ағаш конькиді де балалардың көбінен әдемі етіп жасаушы едім.
Бұның бәрі сөз арасында айтылып жатқан жайлар. Менің айтайын дегенім басқа.
Сөйтіп, сол күні мектептен қарным аш қасқырша ұлып, үйге әрең келдім. Шешем жатыр төсегінде, үндемейді. Үйде ауызға салар түк жоқ екенін бірден білдім.
Қазақ бұны нырай қалдық дейді. Яғни ауадан басқа жейтін түк жоқ деген сөз.
Өз күнімді өзім көрмек болып, сыртқа шығып бара жатыр едім, шешем тоқта деді. Тоқтадым. Шешем ойбайына сүйеніп басын көтерді. Тамақ жасайтын адамша беті-қолын жуды. Бір жаққа қонаққа баратындай әбдірадан таза жаулығын алып киді.
Мен тосып, қарап тұрмын.
Біздің үйде үлкендігі кітап бетіндей бір қалың айна бар. Шешем сол айнаны бипаздап тұрып сүртті де, шүберекке орап, қолтығына қысты. Сосын мені қолымнан жетелеп үйден шықты. Ауыл совет председателі Батырқанның үйіне қарай келе жатыр. Маған бәрі де түсінікті болды.
Бармаймын деп айтуға дәрменсізбін. Майрадан ұялып, әзер келе жатырмын.
Батырқанның әйелі есігінің алдында қазанға бауырсақ қуырып жатқанын біз анадайдан көрдік. Майра үйден жайпақ табақпен туралған қамыр тасып жүр. Шешем амандаса келіп, тізе бүкті. Ошақтағы отты сырып жағыса бастады. Мен тікемнен тік тұрмын. Екі көзім қазандағы қуырылып жатқан бауырсақта.
Шымыр-шымыр қайнаған ыстық майға Батырқанның әйелі туралған қамырды тастап келіп жібереді. Ыстық май шыж ете қалады да, көпіршіп тулағандай болады. Әлгіндегі көкшіл шикі қамыр лезде қызара ісініп, торсиған қып-қызыл бауырсаққа айналады. Даяр бауырсақты кепсермен тегешке сүзіп алады.
Піскен бауырсақ осы кезде орта тегеш болған.
Бауырсаққа қараған сайын менің сілекейім шұбырады. Майы шып-шып шыққан қызыл жөн томпақ бауырсақтар ауызға түсуге тіленіп-ақ жатқандай. Шіркін, ауызды қарыған ыстық күйде алып жер ме еді!
Жас бауырсақтың бұрқыраған иісі қандай!
Бауырсақ қуырылып бітті. Батырқанның әйелі біздің үйге кіруімізді қаламай, сол араға бір тостаған алдырды да, бір уыс бауырсақ салып, шешемнің алдына қойды. Шешем одан бір тал ғана ауыз тиді де, басқасын қопарып менің қалтама салып берді. Сосын манадан қолтығына қысып отырған айнаның орауын жазды.
— Мына айнаны Майраң бетін көріп жүрсін деп әдейі әкелдім. Үйде бір түйір дән қалмады. Бір кішкене үн бер, балама күлше пісіріп берейін, — деді шешем.
Майра бұл сөздің бәрін де естіп тұрды.
Мен білген едім осылай боларын. Келгім келмегені сондықтан еді. Кірмегенім қара жер, әзер тұрмын. Телміріп қайыр сұрағаннан біздің бұл хәліміздің несі артық?
Ұсынған айнаны Батырқанның әйелі алды. Бір табақ үн, бір табақ арпа салып берді. Біз үйге қайттық.
Кітап бетіндей қалың айна біздің үйдегі бірден-бір іске татыр мүлкіміз еді. Біз одан солай айырылдық.
Әкем осы айнаға қарап мұрт басып, сақал қыратын. Шешем күніне бір рет осы айнамен ауру жүдеткен жүзін көретін еді. Екі бетінің ұшындағы сөніп, бітіп бара жатқан тіршілік нұры азайған сайын көңілі біртүрлі жабырқау тартып қалатын. Сол айна енді жоқ.
«ЗДРӘСТИ, НӘШӘНДІК!»
Көктемгі егіс. Қарбалас. Соқа айдау, тұқым себу. Тағы да атам, шабам, қырам деп дік-дік еткен Сарманов өкіл.
Ат арық, жер қатты. Көлік жетіспегендіктен, соқаға буаз бие, сиыр жегіледі.
Тағы да таңқасқа. Тағы да мектеп жабылып қалған. Біз, ер балалар, соқаның атына мінеміз. Соқаның атына міну тұлықтастың атына мінуден өткен азап. Бір соқаға төрт ат жегіледі. Көтерем арық аттар. Таңқасқадан түнге дейін тыным болмайды. Тепең-тепең тебініп шаршағанның көкесі осында.
Ата-бабасының бері қарай шүйгін жер, таза ауаны қуалап көшіп жүріп күнелткен қазекең іші ала көлеңке сыз тамға жазы-қысы қамалып шыдамайды. Күн жылып, жер қарайысымен кеңістікке шығуды арман етеді. Отырықшылық тұрмысты еңселерін басқан қапастай көреді. Оған бейімделгісі, көнгісі келмейді.
Бұл араның халқы бұрынғы кезде қыс кетіп, жаз оралатын құс тәрізді болған. Жаз болса қотарылып, Сырт пен Шәлкөденің көкжасыл жайлауына көшетін, сонда ауыл-ауыл боп, малдары мыңғырып, қасірет пен қайғыны тек Құдайдан күтіп отыратын. Қыста Текес бойын, таудың күнгей жақ сай-саласын қыстайтын.
Қазір артель боп біріккенмен, сол әдет бірден үзіліп қалмайды. Халықтың желпініп жайлауға шыққысы келеді. Оған бірақ артынып-тартынып көшуге жарайтын мал жоқ.
Жайлау бұл күнде поселіктің дәл қасы болған. Киікбай мен Найза ауылының екі арасы көңілді көгал жазық. Сыз тамнан жалыққан халық қазір осында көкке шығып қонған. Киіз үйі барлар киіз үй, киіз үйі жоқтар қалқиған алты аяқ, жаппа тігіп алған. Қоң-қоқырға белшеден батқан поселіктей емес, бұл ара қанша айтқанмен көңілді. Қыстай темір пештің көк түтінін жұтып бүріскен ел тыныстары кеңіп, жетісіп қалған.
Қоң-қоқыр поселікте қалғанмен, аштық қалмаған. Ол елдің түп етегінен алып, осында бірге келген. Таза ауаға шыққан соң, адамдардың тамақ тілейтін араны одан бетер ашыла түскен.
Жортуыл десе, көздері жайнап, арқалары қозып, сілкініп шыға келетін көкжал жігіттері бес найзада көп болған. Боқшабай, Жантай деген адамдар, міне, осындайлар. Елге аты шыққан батырлар, өмірде қауіп-қатер болатынын елеп көрмегендер.
Боқшабай да, Жантай да бұл кезде тұғырынан тайып, қартайып қалған. Колхозда жұмыс істеуге жарамайды. Елге өте сыйлы, бетті адамдар болғандықтан, оларды мазалауға кім көрінгеннің батылы жете бермейді. Өзгеге дік-дік етіп, қамшы үйіруге дайын тұратын белсенділер Жантай, Боқшабайдың үйін алыстан айналып өтеді.
Жантай сұңғақ бойлы, еңкіш. Кішірек қыр мұрынды, сұрша көсе кісі. Бір жамбасынан ақсап басады. Шекара қатаймаған кезде бұл өлкеде шекарашыларға көмектесетін коммунистік отрядтар құрылған. Жантай сонда қызмет еткен. Совет өкіметі үшін басын оққа байлап, бандымен талай шайқасты бастан кешкен. Талай ерлік қимылдар жасаған. Жантайдың ақсақтығы — сол шайқастардан тапқаны — мықын сүйегіне бандының оғы тиген.
Боқшабай күдіс жонды, бурыл сақалды, еңгезердей зор адам. Алпамса денесі селкілдеп, күрк-күрк жөтеліп отырады. Онысы бұрыннан бар көкжөтел. Боқшабайдың қолының үлкендігі ағаш күректің басындай, әр саусағының жуандығы кетпеннің сабындай. Біздің ауылдағы ең зор адам осы еді.
Баяғыда жортуыл заманның кезінде жұрт Боқшабайдан сұрайды екен:
— Бәке, сіз осы ұрлыққа қалай қорықпай барасыз? Күрк-күрк жөтеліңізбен барған ауылыңызды оятып, өзіңізді өзіңіз ұстап бересіз ғой? — дейді екен.
Боқшабайдың жауабы:
— Е, жөтелетін мен ғана ма, һоһ-һоһ! Мен секілді көксау малда да болады. Қойлы ауылға барғанда, һоһ-һоһ, қойша; сиырлы ауылға барғанда сиырша жөтелем, һоһ-һоһі
Боқшабайдың бұнысы шын сөз екенін жортуылға онымен бірге қатысқан адамдар рас дейді. Қай малдың болса да дауысына салып жөтелісі ғажап дейді.
Бір рет Бәкең қалмаққа ұрлыққа барады. Түн. Көзге түртсе көргісіз қараңғы. Қалмақтың үйінің тап іргесіндегі ірі қара қамалған қораға кіреді. Иттер сезіп, шәуілдеп үре бастайды. Қалмақтар оянып, сыртқа атып-атып шығады. Қорадағы малды тексеріп қарайды.
Боқшабай бұл кезде қатар шөккен екі түйенің арасына жата қалған екен. Жөтелі құрғыр шыдатсын ба. Өңешін жыбырлатып, тіреліп кеп қалады. Дәл қасында қалмақтар жүр. Көксау Боқшабай түйе боп жөтеле бастайды. Қалмақтар ештеңе сезбейді.
Қалмақтар үйлеріне қайта кіріп кеткен кезде әлгіндегі «көкжөтел түйе» қасындағы басқа екі түйені бұйдасынан жетелеп тайып отырады.
Халық күн көрістен тарыққан осы кезде Жантай мен Боқшабай сол баяғы лас кәсіптерін қайтадан естеріне алады.
Бірақ қашса, құтылтып, қуса, жеткізетін бұрынғыдай жарамды жүйрік ат жоқ қолдарында. Ұрлық жасауға сол ғана бөгет.
Бір көлік бар — ол Боқшабайдың есік пен төрдей жолдас күрең аты. Жұрт оны Жамбаскүрең деп атайды. Жамбаскүрең Боқшабайдың сыралғы кәрі жолдасы. Талай жортуылды ол екеуі бастан бірге кешкен, талай қауіп-қатерден бірін бірі аман алып шыққан. Күреңнің жамбасына қалмақтың оғы тиіп, содан ол артқы аяғының біреуін сылтып басатын болған. Жамбаскүрең атануы, міне, осыдан.
Жамбаскүрең қазір иесі тәрізді ол дағы кәрі. Бұдан жасырақ әрі күйлі кезінде оның ақсақтығы онша көп білінбейтін. Біраз жүріп, еті қыза бастағанда, мүлдем сау ат болып кететін. Оқ тиіп, жазылғаннан кейін де Бәкең оны сау аттан артық көріп, оған сау көліктен артық сенім білдіріп, жортуылға талай мініп барады. Соның бір де біреуінде күрең ат Боқшабайдың көңілін қалдырмайды.
Ел ішінде Боқшабай туралы аңыз көп болса, күрең ат туралы одан да көп.
Иесі жортуылға шықпақ боп жинала бастағаннан-ақ күрең ат біледі дейді. Ерттеп жатқан кезде біртүрлі көңілді оқыранып, ауыздықты қаршылдатып шайнап, сілкініп, «неге де болса мен дайын» дегендей қалып білдіреді. Біраз күн сапар шекпей қалса, бойына ас батпайтын Бәкеңнің құлды өзі тәрізді. Көзге түртсе көргісіз қараңғыда жыныс тоғайдың арасымен қоянжым соқпақ жолды өзі тауып өтеді. Бір де бір бұтаны сыбдыр еткізіп дыбыс шығарғанды білмейді. Аяғын тышқан аңдыған мысықша басады.
Алдына түскен малға иесі емес, күрең ат ие дейді білетіндер. Қос құлағын жымқырып, тістелеп, ауылға қарай қуалап айдап алады. Қашаған түгіл, одан бетер безеген мал болса да күрең ат құтқармайды.
Қауіп төнген жағдайда, Боқшабай жат деп белгі берсе, күрең ат жата қалады екен. Тұр дегенде, атып тұрады. Мылтықтың оқыс атылуынан, сойылдасудан, айқай-шудан үркіп-қорқуды білмейді.
Жортуылға шыққанда Боқшабай өзінен гөрі күрең атқа көбірек сенеді екен.
Қартаюмен қатар күрең ат бұл кезде оқта-текте колхоз жұмысына да жегіліп қалып, сансырап, мәңгірт бола бастаған. Рас, биылғы көктем шыққалы Боқшабай оны жұмысқа берген жоқ. «Өзім қарт адаммын, бұлтартар жалғыз көлігімді бере алмаймын» десе керек. Боқшабайды ауылда кім де болса сыйлайды, оған күш көрсете алмайды.
Сөйтсем, күрең атты қолға алып, Бәкеңнің күтімдей бастауында мән бар екен…
Күнде кешқұрым ол Жамбаскүреңді белдеуге көлденеңдей байлап қойып, ерттеп жатқанын көруші едім. Екі кештің арасында қайда барады? Мал қайырады, өрістен қайтқан малдың алдынан шығады дейтін заман емес. Содан арада бес-он минут уақыт еткенде, бөркі қазандай, өзі шөккен нардай болып, ол аяңшыл күреңнің үстінде елсіз қырқа жаққа қарай соқтырып кетіп бара жатады. Үстіндегі түйе жүн шекпеннің екі шалғайын тізесінің астына өте бір ұқыптылықпен жымқырып алған. Қолында атан өгізді сауырдан бір салып жатқызатын тобылғы сапты өрмелі әйдік дырау қамшы.
Жартастың шоқысындай болып, Боқшабай атқа тікесінен тік отырушы еді. Күреңнің жарақат санын ауыртып алмайын дегендей қамшыны сипай қамшыланып, басын жан-жағына бұрып та қарамастан, кетіп бара жатады. Бет алған жағы елсіз түз, адырлы қырқа. Өзінің бір құлқынын тығындау жолында кең даланы қажымай, талмай кезетін азуы алты қарыс тұз тағысы бар емес пе? Боқшабай алыстай түскен сайын соған ұқсайды.
Боқшабай туысқандық жағынан бізбен аталас. Оның сырын менің әке-ағаларым тәуір біліңкірейді. Олар өзара күбірлесіп:
— Әне, көрдің бе, Боқшабай қалмаққа аттануға ат жаратып, өзін өзі жаттықтырып жүр, — дейді.
Шынында да, бұл солай екен. «Күрең ат, қалайсың? Бірлі-жарым сапарға жарайтын бойыңда бірдемең қалды ма? Өзім қалаймын, жараймын ба?» — деп, Боқшабай өзін де, атын да сынап жүргені екен.
— Ыдырыс, Смағұл, тұр, тұрыңдар! Арқан, пышақ алып шығыңдар! Бол, болыңдар! Батырбай түбегіндегі жаман тамға тез келе қойыңдар!
Осы қарбалас дауыс бір күні біздің үйдің адамдарын дүр еткізіп оятты.
Мен де оянып кеттім. Әлі түн, үй іші қараңғы. Әкем, ағаларым қарбаласып киініп жатыр. Ауылдың шет жағынан шұрқырап кісінеген жылқы дауыстары естіледі. Әкем мен ағаларым жіп-шу, пышақ, қап алып, Құдайдан сәт тілеп жөнелісті.
Қараша жаман үйдің ішінде шешем екеуіміз ғана қалдық. Не болғанын мен дағы бірден білдім, жас ет жеп тойынатын болдым-ау деген қуанышты ойдан ұйқым шайдай ашылып кетті.
— Апа, қалмақтан жылқы айдап келді ме?
— Тысс… Үндеме. Жат.
Жерге жарық түспей әкем мен ағаларым қайтып келді. Үсті-бастары қан сасиды, қапқа салып көтерген ауыр нәрселері бар. Киіз үйдің ішкі босағасына гүрс еткізіп тастай бергенде-ақ, қаптың ішінде не зат екені білініп қалды. Ол ет еді.
Жылқы етінің иісі қандай, шіркін. Үйдің ішін бір дегеннен алып кетті. Шешем де, мен де ұшып-ұшып түрегелдік. Сойған жылқының терісін төр алдына жайып жіберіп, әкем мен тәтем әкелген еттерін дереу боршалауға кірісті. Таңға дейін жым-жылас етіп жайғап алмақ та, түк көрмегендей болып тыныш отырмақ. Есік түрулі. Мен етшілерге бөтелке шамды жарық етіп ұстап тұрмын.
Қызыл десе, қазекеңде ес қалмайды. Әсіресе қазіргідей аш кезде. Әкем мен тәтем еттің екі жағынан жүрелей отырып, жеңдерін сыбанып алып кіріскен. Білек түгел қан-қан. Алдарындағы еттен өзге дүниені екеуі бірдей ұмытқан. Олардың осы түрлері өздеріне жемтік тауып алып кенелген даланың аш бөрілеріне көбірек ұқсайтын еді. Смағұл мал союға шебер қазақтың бірі. Бір қойды бір шылым шеккендей уақытта жайғап тастайды. Сылбыр әкемдей емес, оның қимылы ерекше ширақ, қолындағы пышаққа көз ілеспейді. Мүйіз сап кішкене қара көздік сүйектің жықпыл-жықпылын өзі іздеп тауып алады.
Тамақсау әкем ет қашан пісіп, аузына түскенше шыдай алмайтын тәрізді. Қазының сап-сары майынан білемдеп кесіп алады да, бисмилла деп, шикідей шайнамай-толғамай қылғып жібереді. «Мә, асап қой» деп, маған да кесіп береді. Жып-жылы жұмсақ майды шикідей қалай асарымды білмей, ұстап тұрамын.
— Жеп қой. Жылқының майы шикілік етпейді, — дейді әкем.
Қазының майын шикідей асап жатқан қазақтарды мен бұрын да көргем. Мен де қазақпын. Солардан кем болғым келмейді. Қолымдағы майды өзімді өзім күштеп, батылданып, қылғып қоямын. Уылжыған жұмсақ май тамағымнан жылп ете қалады. Шикі дәмі өңешімде ұнамсыздау болып тұрып қалады да, біразға дейін кетпейді. Бірақ оның есесіне бойымды жадыратып тоқтық сезім жүгіреді.
Ауылдағы барлық үйде бүгін осы хал — аш елді бір-ақ түнде аспаннан ақ май жауып басқан да қалған. Тәңірінің құдіретімен болған уақиға емес, Жантай мен Боқшабайдың арқасы еді. Екі көкжал қарындары қабысқан аштыққа ақыры шыдамаған. Тәуекел деп, баяғыда талай жортқан іздерімен аттанған. Сапар сәтті боп, бір үйір жылқы айдап келген. Батырбай түбіндегі жаман тамдарға қамап, әлгінің бірін қалдырмастан, қан жоса етіп сойған да, аштықтан нені жұтарға білмей отырған елге:
— Кедейдің бір тойғаны — шала байығаны. Мә, жеңдер! — деп таратып берген.
Ертесі. Таңертеңгілік кез. Текестің жарқабағына итіне қонған аз ауыл бүгін сырт көзге әдеттен тыс тым-тырыс. Аспан жарқырап, күн маужырап тұрса да, үйлердің бәрі дерлік есіктерін түсіріп, түндіктерін қымтап жауып алған. Сыртта бейсауат жүрген адам қарасы байқалмайды. Әркім өз үйінде, өзінің қуысында. Жұрт бүгін әлденеден бой тасалап, өздерінің құрым үйлеріне кіріп-кіріп алған.
Байқағыш көз ауылда бұдан басқа да өзгерістер бар екенін және байқар еді. Барлық үйдің дерлік шаңырағынан бүгін көк түтін тым ерте будақтайды. Шыжғырылған күйік майдың ашқылтым иісі, асылған жылқы етінің жас иісі түтінмен араласып, жел айдап алысқа тарайды. Ауылдың ық жағымен өтіп бара жатқан жолаушы болса, танауын әлсін-әлсін тыжырып, мына ауыл бүгін түгелдей май сасиды ғой деп, алақтап қарап өтер еді.
Ауылда иесі белгісіз бұралқы иттен көп нәрсе жоқ. Қарындары қабысып, таңертеңнен тышқан аулап, қаңғып жөнелетін сол аш иттер бүгін үй маңын торуылдап шықпайды. Ет пен майдың иісін күндік жерден сезінетін хайуандар босағаны иіскелеп, қыңсылап жан таппайды. Үйден оқыс шыға келген адам болса, дәметіп тұра жүгіреді. Анадайға бірдеңені лақтырып жіберсе, сүйек шығар деп ойлап, соңынан қоса жөнеледі.
Әр үйге таңға жуық дағар-дағар болып кірген мол олжа еттен ит түгіл, әлі адамдар да сұғынып ауыз тие қойған кез емес.
Мынау, міне, біздің үй. Ауылдағы аяқ астынан береке дарып, май сасыған көп үйдің біреуі. Қақ ортада үш бұтты темір ошаққа асылған қара қазанда шымыр-шымыр қайнап, ет пісіп жатыр. Біз, барлығымыз, қақпағы жартылай ашық қазанды қоршап алып, ет қашан піседі, тісімізге қашан тиеді деп, телміріп тосып отырмыз. Пісе бастаған еттің иісі шикі еттен мүлдем бөлек, танаудан кіріп, қытықтап, бүкіл асқазанды аралап өткендей болады. Жас малдың еті пice бастағанда сорпадан жоны шығып, өсіп, үлкейе береді. Қазанға енді симауға айналады. Қазының сап-сары майы піскендіктен, әр жерінен іріп жарыла бастайды.
Өзің жеуге арналған, барлық бабымен шымырлап қайнап пісіп жатқан тамаққа тоқмейілсіп қарап отыру да бір ғанибет-ау.
Әкем өзіне ермек етіп, онсыз да өткір пышағын одан бетер өткірлеп қайрап отыр. Оқта-текте түкірігін жұтынып, қазанға көз салып қарап қояды. Түкірігін жұтынса, өңешіндегі томпақшасы жоғарылы-төмен бір жүгіріп өтеді.
Аурушаң шешем бұл кезде шермиген екі қабат. Айы-күні тақап қалған. Отырған орнынан әрең қозғалады. Қазанның астындағы отты еңкейіп сырып қоюға шамасы әрең келеді. Сорпаның көбігін алып, тұзын көріп, аспазшылық істеуші тәтем Смағұл.
Құдай қойса, тағы біраз шымырлап қайнаған соң, қазандағы ет піседі. Тәтем оны жайпақ табаққа буын бұрқыратып түсіреді. Ортамызға әкеліп қояды. Әкем ұстарадай қылпыған өткір пышағымен жапырақтап турай бастайды.
Айтпақшы, турамас бұрын, ол әрқайсымызға бір-бірден сүйек шығарып береді. Ет туралап болғанша біз сол сүйекті рақаттанып мүжиміз. Бүгінгідей молшылық күні ол сүйектер ит қажағандай тап-тақыр болып келмейді. Асап-асап жеуге жарайтын мол етімен келеді.
Қарғыс атқыр аштық, сенің көзіңе енді құм құйылады. Қазан астындағы от біртіндеп сөніп барады. Тәтем мені сырттан азырақ тезек алып келуге жұмсады. Киіз есікті желпең еткізіп, ашып сыртқа шықтым. Шықтым да, екі көзім бағжиып тұрып қалдым.
Сол жақта, біздің үйді қоса есептегенде, үшінші үй Сәрсенбек дейтіннің үйі. Сол үйдің есігінің алдында солдаттың қос ат жегілген қорапты көк арбасы тұр. Үйге кіріп-шығып жүрген шекарашылар. Мүше-мүше ет алып шығып, арба қорабына лақтырып тастап жатыр.
Және бір үйдің алдында осы сурет.
— Әскер тінтіп жүр! — деп ентігіп үйге қайта қайтып кірдім.
Үйдегілердің төбелерінен жай түскендей болды. Үрейлері ұшып кетті. Құрым үйде не көп, жыртық көп. Сәрсенбек үйі жақтағы жыртықтардың бір-біреуіне жабыса қалып, әкем де, шешем де, тәтем де сыртта не болып жатқанын өз көздерімен көрді. «Енді қайттік?» десіп, біреуіне біреуі бағжия қарасты.
Өрешінің іші тола самсатып жайған ет. Қазан толы ет және пісіп жатыр. Не істеу керек? Қайда тығу керек?
Пысық тәтем бір ақыл таба қойды. Өрешенің ішіндегі көп еттің мәнді-мәндісін алып, босағаға, жердің тура өзіне жайып тастай-тастай салды. Оның үстінен бірнеше қабат құрым киіз төседі. Құрым киіздің үстіне көрпе жайып, әрі екіқабат, әрі ауру шешемді ыңырантып жатқызып қойды. Жер төсекте бұрыннан ауырып жатқан адам болды да шықты.
Солдаттың сықырлаған көк арбасы біздің үйге қарай қозғалды.
— Келе жатыр!
Шешем жаны қиналған адам боп, дөңбекшіп бебеулей бастады. Басқалар ауруды күткен жандар боп, бірі оның аузына кесемен су тосып, бірі тамырын ұстап, қоршалап төне-төне қалысты. Осындай әбігер халдың үстіне үйге екі-үш шекарашылар кіріп келді.
Ауырып қиналудан емес, астымдағы етті солдат тауып алып, тағы да аш қалар ма екенбіз деп уайымдап қиналудан шешем, шынында да, керемет күйзеліп жатыр. Тер дегенің алты тарам болып ағып, тынысы тарылғанның белгісі тәрізденіп танаулары желп-желп етеді.
Шекарашың бірі заставаның бастығы еді. Әкем мен тәтем қыс бойы оның қол астында жұмыс істеген, жақсы таниды. Оны көріп, ағайынды екеуі бірдей жамырап амандасты:
— Здрәсти, нәшәндік!
«Нәшәндік» те таныды:
— О, Аманбаевы! Вы здесь живете?
Әкем мен тәтемнің орысша сөздік қоры «здрәстимен» басталып, «здрәстимен» бітеді. Нәшәндіктің не айтқанын олар түгел ұққан жоқ. Бұлар енді аудармашы қазақ солдат арқылы сөйлесе бастады.
Әлі де бебеулеп жатқан шешемді нұсқап, «нәшәндік»:
— Мына кісі неғып жатыр, ауру ма? — деді.
— Ауру. Ана мынадай қарын көрдіңіз бе, толғатып жатыр.
— Ауданға ауруханаға алып бару керек қой?
— Оған, нәшәндәк, көлік жоқ. Колхоз арба бермейді.
«Нәшәндік» енді келген жұмысының жайына тіке көшті:
— Ет бар ма, Аманбаевтар?
— А? Ет… бар.
— Көрсет…
Тәтем өзі де көрсеткісі келіп, дайын тұр екен. Өрешені ашып келіп жіберді. Керегенің бойымен ұзын етіп байланған сырық ағашта әлгінде самсап тұрған көп еттің әредік жұғын-жұрнағы, сүйек-саяғы ғана қалған. Осы-ақ па?
— Осы нәшәндік.
— Басқа тағы қайда бар?
— Басқа жоқ, нәшәндік.
— Ұрлыққа сендер де бардыңдар ма?
— Жоқ, нәшәндік, біздікі барған жоқ.
— Енді кімдер барды?
— Білмейді, нәшәндік, біздікі көрген жоқ.
«Нәшәндіктің» бұйрығымен екі солдат үйдің ішін тінтіп қараған болды. Төсектің астынан шыжғыруға дайындап турап қойған бір тегеш іш май тауып алды. Қазанның қақпағы бұл кезде жабулы. «Мынау не?» — деп, ашып қалғанда, бір қазан пісіп тұрған етті көрді. Нәшәндік ожау алып, араластырып қарай бастады:
— Аманбаевтар, осынша бір қазан етті бір-ақ жейсіңдер ме?
Иә, нәшәндік, бір-ақ жемегенде…
Тінтушілер шешемді мазалаған жоқ.
Өрешенің ішіндегі ет, бір тегеш іш май, қазандағы піскен ет — бәрін әкетті. Бір солдат қазанды сыртқа көтеріп шықты да, сорпасын cap еткізіп төгіп, етті арба қорабындағы шикі еттердің үстіне қотара салды. Қазір жейміз деп жалақтап, сұғымызды қадап отырған бір қазан еттен ауыз да тие алмай қалдық.
Тінтушілер ауылдың бар үйін осылайша сүзіп шықты. Күн бұрын бірнеше солдатты сырттан бақылатып қойған. Бір үйден бір үйге қатыстырмайды, ешкімді ешқайда шығармайды. Көзге көрінген ет болса, түгел алса керек. Түнде ғана сойылған, былбыраған жас еттен екі көк арба лықа толған. Әскердің жуан бақай аттары шіреніп зорға тартып барады.
Боқшабай, Жантай бастатқан бір топ еркекті арбаның соңынан шұбалтып айдап алған. Іштерінде Ыдырыс, Смағұл да бар.
Шекарашылар бұл жолы мейірбандық жасады. Қамалғандардың бәрін-ақ ертесінде босатып жіберді. Тек әрқайсынан енді ұрлық жасамауға қолқат алып қалыпты.
ЖЫЛАУЫҚ ТҰРДЫБЕК
Шешем босанып, ұл тапты. Сәбидің аты Тұрдыбек деп қойылды. Шешемнің бұған дейінгі бірнеше баласы тұрақтамаған. Мынау енді тұрақты, өмірлі болсын деп, аты әдейі солай қойылған.
Босанған әйелге бесаспап күтім қажет. Ондай күтім жоқ. Баладан соң шешем бұрынғысынан бетер сансырап, жүдеген үстіне жүдеп кетті. Саудыраған құр ғана сүйегі қалды. Бас көтеріп, қақиып отыра да алмайды, күндіз-түні төсек тартып жатқанды біледі. Жаялығы сап-сары ада, ырбаң-тырбаң еткен Тұрдыбек қойнында. Ол жыламас үшін, шешем салпиған құр шандыр мамасын оның аузына салып қояды. Титімдей аузымен Тұрдыбек бүлк-бүлк еткізіп сорғанды біледі. Қабысқан құр шандырда сүт бола ма? Сүт шықпағаннан кейін, қу бала еңбегі еш кеткендей тыпырлап кеп жылайды. Қағып жұбатқанға жұбанбайды. Шешем мамасын оның аузына зорлап тығады. Тұрдыбек жұбанбайды, тамары жоқ шандырдан басын алып қашып, шыр-шыр етеді. Безілдеп жылаған кезде көздерін тарс жұмып, екі беті көкпеңбек болып кетеді. Безілдемей қайтсін, кішкентай қарны қабысып бос жатады.
Шешем шай қасықпен Тұрдыбектің аузына қайнап суыған су тамызады. Тұрдыбек әуелгіде сүт екен деп ойлап, тамсанып жұта бастайды. Сосын сүт емес екенін біледі, шыр-шырға тағы басады. Аузына тамызған суды жұтпай, езуінен шығарып тағы төгіп тастайды. Жұбанар болмайды. «Сендер мені алдайсыңдар» дегендей дауысы одан бетер ащы шығып, өршелене жылап, өзі ауру шешемнің есін алып бітеді.
Ауру шешем күйзеліп, ашуланады. Бауырындағы сәбиді аямай сілкіп-сілкіп қалып, құйрығына шапалақпен тартып та жібереді. Тұрдыбек одан бетер безілдейді. Шешем оны жер-жебіріне жете қарғап жатады:
— Мына жағың қарысқырға сонша не көрінді. Зарлап қал, зарлап қалғыр! Өл! Миымды тесіп, құртатын болдың ғой! Ажалымнан үш күн бұрын өлтіретін болдың ғой! О, Құдай! Құлағы керең Құдай! Соқыр Құдай! Не жазығым бар еді мұншалық! Алатын болсаң, ит азапқа салмай, неге алмайсың!
Құдайдың керең екені де, соқыр екені де рас болуы керек. Шешемнің зарлап айтқан қарғысын ол естімейді, көзінің алты тарам боп ағатын жасын көрмейді. Естісе, көрсе, мүмкін, бір рақымшылық жасар еді.
Шырылдауы шегіне жеткен Тұрдыбек бір кезде сілесі қатып, үні өшіп, жылай да алмай қалады. Екі беті көгеріп, сазарып, әлдекім буындырып жатқандай халге түседі. Енді оны аямасқа мүмкін емес. Шешем мені сауыны бар үйлердің біреуіне сүт сұратып жібереді. О, жалған! Біреуден бір нәрсе сұрап телміреуден өткен жаман не бар екен!
Жігерім құм болып, амалсыз бара жатамын. Қолымдағы сүт сұрауға арналған ыдысымды көрсетпей, тығып алам.
Қылмысы бар адамша үйге қорыншақтап әзер кірем. Босағамен босаға боп жабысып тұрып қалам. Үй иесінің қас-қабағын бағам. Не үшін келгенімді олар да біле қояды. Сонда да:
— Неге келдің? — деп сұрайды.
— Апам кішкене сүт берсін дейді Тұрдыбекке…
Осы сөзді айтқанда жарты жасым құрып кеткендей болады. Үнімді тамағымнан күшпен сығып шығарамын. Кей үй бір-екі қасық сүт береді, кейі жоқ деп бермейді.
Сұрап әкелінген бір қасық сүтке сол шамалы қайнаған су қосылады. Молайтылады. Аузына шай қасықпен тамызған кезде Тұрдыбек енді сүттің дәмін бірден сезінеді, обырланып, тамсанып жұта бастайды. Тіршілік, өмір үшін қу сәби осылай күреседі.
МЕНІҢ САЛАҚ ЖЕҢГЕМ
Мен біреуіне біреуі ұқсамайтын неше түрлі жеңгелерді бастан кештім.
Шешемнің науқасы күннен күнге асқына берді. Ары қарамаса, бері қарамайтын болды. Басын да жөндеп көтере алмайды. Тамақты тәтем жасайды, ыдыс-аяқты тәтем жуады. Тіпті арпаға дейін Смағұл тәтем қуырады. Қуырылған арпаны мен келі сұрап әкеліп, кеузеймін. Келі түюге әбден-ақ жаттығып алғам. Алақанымды түкіріктеп, құлашымды кең жазып соққанда, келінің түбін түсіре жаздаймын.
Кеузелген дәнді тәтем ұшырады.
Талқанды қол диірменмен тартамыз. Бұл азап жұмыс. Ап-ауыр шомбал тасты айналдыруға менің шамам әрең келеді. Жіңішке білектерім салдырап талып кетеді.
Тартылған талқанды елеп, майдасын бір бөлек, сағын бір бөлек аламыз. Сатылған мен Ыдырыс даяр тамақты жегенді ғана біледі. Біреуі үй тіршілігіне намыс көріп, мырзалықпен жоламаса, екіншісі аюдай ебедейсіз болғандықтан жоламайды.
Үйде әйел қолы болмай, береке болмайтыны қатты білінді. Ол үшін ағаларымның бірі үйленуі керек. Кезек, әрине, жасы үлкен Смағұлдікі.
Қайдан қалай тауып әкелгені есімде жоқ, тәтем бір күні қалбиған бір қара әйел алып келді. Шектен шыққан олақ та, салақ та жан екені көрініп тұр. Шаш дегенің таралмай, дудырап, орамалдың жан-жағынан шығып кеткен, бөренедей аяқ-қолы қап-қара. Беті балшықтан жасағандай быттиған май бет. Үстіндегі киімдері әрі лас, әрі тозып біткен. Қап-қара күс шынтағы көйлектің жыртық жеңінен көрініп жүреді.
Түр-түсі осындай бола тұрып, әйелдің аты тамаша-ақ еді — Бибіжамал. Соңынан ере келген, өзіне аумай тартқан бес-алты жасар қызы бар. Оның да аты осал емес — Айгүлсім.
Бибіжамалдың бір қолы үй тіршілігін істеп жүрсе, екінші қолы шашының арасына, киімінің тігіс-тігісіне кіріп алып, шағып маза таптармайтын арамза ұсақ мақұлықтармен үнемі күресуде болушы еді. Азандағы тамақты сапырып немесе отты сырып жатып, мықынын қасып-қасып алады. Екі шаруа, екі қанағат бірден орындалып жатады…
Қазан-ошақ күйесінің жарым-жарты бөлегі әменде Бибіжамалдың қолына, бетіне жабысып жүреді. Қазанның күйесіне былғап алған қолымен ол құлағын қасиды, содан қарала құлақ болып шыға келеді.
Қолы бос кезде Бибіжамалдың жаны сүйетін бір ісі болушы еді. Ол — үй сыртындағы күнеске астына тулақ төсеп, теңкиіп жатып алып, қызының тізесіне басын қойып, шашының битін қарату. Айгүлсім бұл істің шебері болуы керек. Тырнағы найзадай болып өсіп кеткен, саусақтарымен шаштың арасын бір-бірлеп ашып, қанішер мақұлықтарды быртылдатып аяусыз қыратын.
Ақыл-ой жағынан да жеңгем өзінің түр-түсінен оншалық алыс кете қоймаған.
Бір күні Қостөбеге Өмірбек дейтін бір милиционер келеді. Бибіжамалға кезігіп:
— Жеңге, сіздің ауылда жақсылап пима баса алатын әйел бар ма? — деп сұрайды.
— Бар. Мына мен басамын, — дейді жеңгем.
— «Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан кездеседі» деген осы екен ғой. Онда маған бір пима басып берсеңіз, қалай болады? Еңбегіңіз ақталады, — дейді Өмірбек.
— Өзің бір сылқым жігіт көрінесің, қайным. Бассам, басып берейін.
Ертесінде Өмірбек біздікіне орта қап жүн және алдын ала жеңгемнің көңілін аулап біраз шай-шамалақ әкеп тастайды.
Уәделі күн болады. Өмірбек даяр пималарын алуға келеді. Бибіжамал: «Басып бола алмай жатырмын, үш-төрт күннен кейін кел», — деп қайырып жібереді.
Тағы келсе, тағы басып болмаған.
Бұл екі арада, обалы нешік, жеңгем біздің үйді пима басатын заводқа толық айналдырып бітіп еді. Күндіз-түні қазанда бұрқылдап қайнаған су, үйдің іші толы бу. Бірімізді біріміз көре алмаймыз. Осы бір шуаш сасыған соқыр тұманның ішінде жеңгем бірдеңені оқтаумен былш-былш ұрады да жатады. Жақын барып қарасаң, онысы көлемі жаялықтай киіз болып шығады. Енді бір кезде әлгі киіз байпаққа, одан киіз етікке ұқсағандай болады.
Пиманың ұзын саны екеу болмай, көбейіп барады.
Өмірбек үшінші рет келеді.
— Жеңге, дайын болады ма?
— Дайын…
Өмірбек үйге кіреді. Бибіжамал оның алдына біреуіне біреуі ұқсамайтын екі пиманы тастай береді:
— Мә, қайным, киіп көр.
Қайнысының көзі баданадай болады:
— Ойбай-ау, жеңге, мыналарыңыз пима ма, не зат? Екеуі екі басқа ғой?
— Ендеше, мынаны киіп көр. Осылардың ішінен өзіңе ұнағандарын таңдап ал, — дейді де, жеңгем сылқым жігіттің алдына төсектің астынан топырлатып және бірнеше пима алып тастайды. Бірінен бірі үлкен, қиқы-жиқы ұсқынсыз бірдеңелер.
Өмірбек жер қапқанын бір-ақ біледі.
Ұялып, қызаратын Бибіжамал емес, сампылдап айтып отыр:
— Бір кезде пиманы тәуір-ақ басатын секілді едім. Не қара басқанын, қара басып, сенің пималарыңды ұқсата алмай қойдым, қайным. Табыскер жігітсің ғой, және біреуге бастырып аларсың, қапа болма оған. Ал мына пималарымды алам десең, ал. Ұнағанын өзің киерсің, ұнамағанын, әйел, бала-шағаларың бар шығар, солар киер…
— Саған пима басып береді деп сеніп жүрген мен де ақымақ екенмін! — дейді де, Өмірбек жерде үйіліп жатқан пималарды төрге қарай бар пәрменімен шаша бір теуіп, үйден шығып кетеді.
Жеңгем енді бырқылдап ұрсып, Өмірбекті соңынан тілдеп жүр:
— Өй, қараң қалғыр, о несі! Жарты қап жүнім шығын болды деп өле ме! Алмасаң, адырам қап! Өзім киіп алам. Қызым киеді. Соншама еңбектеніп, мен енді бұларды лақтырып тастар деймісің!
Бұзаубас қиқы-жиқы ұсқынсыз пималардың екеуін, шынында да, жеңгем өзі, екеуін қызы киіп алды. Сөйтіп, қыстан аяқтары көпіріп, тоңбай шықты.