БІЛІКТІ ҰСТАЗ — БІЛІМДІ ШӘКІРТ ШЫҒАРАДЫ
Биыл Қазақстан Республикасында ұлттық бірыңғай тестілеу тұңғыш рет электронды форматта өткізілді. ҰБТ сұрақтары толығымен өзгертіліп, оқушының сыни ойлау жүйесін тексеруге бағытталды. Осындай үлкен өзгерістермен өткізілген ҰБТ сынағын Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Т.Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназияның 116 түлегі абыроймен алып шықты.
Оқу жылы басталысымен-ақ мектеп ұжымы оқушылардың тиянақты дайындығына үлкен жауапкершілікпен кірісті. Нәтижесінде 49 оқушы республикамыздың ең таңдаулы ЖОО-ның грант иегері атанды.
Биылғы мектеп-гимназия бітірушілерінің былтырғы мектеп бітірушілерімен салыстырғанда бірнеше ерекшеліктері болды. Оның алғашқы ерекшелігі Шымкент қаласы бойынша ең жоғарғы 135 ұпайды 11 «А» сынып оқушысы «Алтын белгі» иегері Срайыл Талшын жинап, мектептің абыройын асқақтатуға үлес қосты. Екінші ерекшелігі 3 оқушы шетелге, 1 оқушы ТМД еліне оқуға түсті. Атап айтар болсақ, Польшаның Жешув қаласындағы ақпараттық технологиялар мен менеджмент университетіне, Түркияның Чорум қаласындағы Хитит университетіне, Санкт-Петербургтегі В.И.Ульянов атындағы «ЛЭТИ» Мемлекеттік электротехникалық университетке мемлекеттік грант негізінде оқуға түсті. Ал үшіншісі жаратылыстану бағытындағы педагогикалық мамандық таңдауда ер балалардың үлесі өткен жылдармен салыстырғанда біршама артты.
Ер балалардың саналы түрде ұстаздық жолына бет бұруы педагогтер мәртебесінің жоғарылағанының айғағы болса керек.
Жалпы алғанда, биылғы оқу жылының жетістіктері осы мектеп ұжымының жүйелі жүргізген жұмысының нәтижесі екені сөзсіз. Ұстаздарының және ата-аналарының үмітін ақтай білген шәкірттеріміз еліміздің ертеңін дамытар білікті маман боларына сеніміміз мол.