ДІЛДАР МАМЫРБАЕВА: ӘКЕ МЕН БАЛА
— Әке, әке! Кетпеші! — Мен арқа-басым суық терге малы¬нып, өз даусымнан өзім шошына ояндым.
Биылғы мамыр айының орта шені жылдағыдан өзгеше Алматыны күйдіріп тұрды. Түн қапырықтығы тынысты тарылтып, кеңірдегіңді қылқындырып тастайды. «Тастақ» базарының жанында анам екеуміз шағын ғана жер үйде тұрамыз. Базардың у-шуы, құжынаған адамдардың қара жүрісі қаңсып тұрған ауаны одан әрі кептіріп, қаңырығыңды түтеді.
Орнымнан тұрып, өзім оқитын мектептің спорт алаңына келдім. Балалар футболдың қызығына беріліп кетіпті. Бір шеттен сыныптасым Жандос келе қалды.
— Ақша табайық, — деді ол.
— Қайдан?
— Айдардың үйіне ұрлыққа түсеміз.
— Жоқ, олай істей алмаймын.
Ол ішімнен түйіп қалды. Мен бүрісіп отыра кеттім. Оған қарсы тұруға шамам жетпейді. «Ұрсаң, ұра бер» деп орнымнан ауырсына тұрдым.
Біздің мектептегі жүйе осылай. Әр сыныпта 2-3 басбұзар бала болады. Өзінен күші аздау балаларға қамқорлық көрсеткен болып, жанында ұстап, төменгі сыныптардан ақша жинатады. Өзіне әбден бағындырып алған.
— Біз — жан аяспас доспыз. Достар бір-біріне көмектесуі керек. Ұрлықты мен жасаймын, сен қарауылдыққа тұрсаң да болады, — деді.
Қанша қырсығып тұрсам да, басымды изедім.
— Сен ертең денешынықтыру сабағына форма әкелме. Оқушылар сабаққа қатыспаған балаға телефондарын, үйлерінің кілттерін береді де, өздері сабаққа кетеді, сол кезде Айдардың үйінің кілтін бөлек ұста да, маған бер, — деді.
Оның әзіретінің көлеңкесінде жүргендіктен, айтқанына көнбеуге әбдім жоқ еді.
Айдар шешесі екеуі мектептің түбіндегі үйде тұрады. Анасы күні бойы жұмыста. Жандос Айдардың үйіне талай рет барған. Қай заттың қай жерде тұратынын әбден зерттеп алған.
Мен ертесі Жандостың айтқанын істедім. Мұғалімнің «келесі жолы сабаққа формасыз келсең, тоқсанға екі шығарамын», — деген сөзі маған шыбын өлтірдім дегендей ғана әсер етті.
Сабақтан соң іргедегі көлге шомылуға бардық. Бұл біздің ойыннан кейінгі әдетіміз. Көлдің жағалауынан түнімен жанындағы «Ангар» деген кабактан араққа сылқия тойып, одан төбелесіп, қабағы жарылып, көзінен ызғар шашқандарды да, саудасын жасап жылмың қаққандарды да, көздері көк тұманданып аласұрғандар мен алпыс екі тамырын махаббаттың шуағына бөлеп, қара тастың өзіне мейіріммен қарап отырған жастарды, жасамыстарды да кездестіруге болады.
Мұнда суға секіретін биік мұнара бар. Балалардың бәрі сол жерден көлге құлдыраңдай орғиды. Оның басына шыққанда айналаң алақандағыдай көрінеді де, өзіңді көлге барып құйылар бір бұлақтай сезініп, жоталанып кетесің. Өрттей лаулап, құйындай құлдыраңдап ұшасың. Достарыңның арасында «черт» болып көрінгің келмейді. Егер осы биіктен сілкініп тұрып, секіре алмай қалсаң, құның түседі. Балалардың ортасындағы «салмағыңнан» айырыласың. Жазаланасың. Футболда қақпаға тұрып, өткізіп алған әрбір добың үшін майлы құйрығыңды тебуге ұсынасың.
Мен биіктен қорқамын. Мұнараға шыққаныммен секіріп кетуге жүрегім дауаламайды. Қорқақ қып жаратқан Тәңір ме… құса болам. Санам сансырайды. Жүрегім түйнеледі. Мұндайда зейініме мұңнан басқа ешнәрсе қонақтамайды. Мұнара басына шыққаныммен, секірмедім де, баспалдақтан қайта жерге түспедім де. Менің қарғуымды күткен балалар біраз айналшықтап жүрді де, күтуден жалығып, қолдарын бір-ақ сермеп, өз жөндеріне кетті. Мен орнымнан тапжылмадым. Кешкі салқыннан ба, әлде үрейден бе, денем тітіркеніп, тоңазығандай болды. Жандостың Айдардың үйіне ұрлыққа түсуіне себепші болғанымды айтсайшы. Өз-өзімнен жиркеніп, түңілдім. Не де болса, осы жерден қайта түспеуге бекіндім. Байламым осы. Кейіннен ұрлықтың Жандостан келгенін білді, бірақ дәлелдей алмады. Жандос қуысбас болғанымен — қусирақ. Төтеннен қойылған әр сұраққа жауабы дайын, сөзі мығым. Жауап бергенде жүзі момақан тартып, ойнақтаған жанары ойлылыққа ауысатын. Мұғалімдер одан жамандық келеді деп ойламайды. Бәлкім оның өктем дауысты әкесінен ығатын да болар. Иә, оның сондай жолындағысын аттап, таптап кететін әкесі бар. Ал менде ше?..
Мені қалың ой жетелеп кетті. Басым, қол-аяғым аман. Мінезімде сойқандық жоқ. Сонда маған не жетпейді? Менің жаным, өзегім, ішкі сарайым неге бос, неге әлсіз? Себебін іздеймін.
Сор келемін десе, аяқ асты ғой. Онда Қордайда тұратынбыз. Әкем көшенің басындағы үйдегі бала-шағасы көп тәтеге кетіп қалғанда, менің әлі мектепке бара қоймаған кезім еді. Көшеде зуылдап өтіп жатқандардың ішінен әкемнің көлігінің даусын жазбай танимын. Жұмыстан қайтар уақытында үйге кіретін биік табалдырық үстіне отырып алып күтетінмін. Бұрылып келсе ғой деп ойлаймын. Көшенің шаңын бұрқыратып таныс көлік зу етіп өте шығады. Жүрісі де баяуламайды. Кей-кейде әкемнің сұлбасын көріп қаламын. Басын басқа жаққа бұрып алады. Мен төмен қарап жер шұқимын. Әкемді бөтен балалардан қызғанамын. Ерлі-зайыптыларды азғырып жүретін ажырасу деген қоғамның бұралқы итінің неге қабатынының түйінін таба алмай, дәрменсіз күй кешемін. Әкемнің бізді тастап кетуі жұлын-жүйкемді үзген.
— Әке, сен қайтып келсең, балмұздақ та, комикстердің суперқаһармандарының ойыншықтарын да сұрамаймын, — деймін кеуде тұсымдағы қалтама салып қойған суретіне қарап.
Сурет үнсіз.
— Анам көлігінің терезесінің әйнегін сындырмағанда кетпес пе едің?
— Иә, солай, — деп өз сұрағыма өзім жауап беремін. Сурет те күрсінгендей болады. Содан ол бейнені қайтадан орнына салып қоямын.
Осы сәттің суреті өзегіме өксік боп орнығып алған. Қайда жүрсем де өзімнен алыстаған емес. Қайта қалыңдап, қамықтырып жүдететін. Бұл сезімнің титтей ұшқыны да әкеме жетпейтінін білемін. Ол мені іздемейтініне де көзім жеткен.
Менің алабұртқан, аласапыран болған көңілімнің құнын бес тиын етіп қаланы қараңғылық басты. «Бүгін не мұнарадан секірем, не өзіме бір нәрсе істеймін, әйтеуір баспалдақпен қайта жерге түспеймін» деп өз-өзіме сөз бердім. Қалың ой астында қалғып бара жатқам…
— Күнім-ау, сені іздемеген жерім жоқ қой, — деп, шешем келіп құшақтай алды. Өзі еңіреп тұр.
Мен қатып қалғандай жібімедім.
— Жүр үйге!
— Бармаймын! — деп зірк еттім, — бармаймын.
— Осында түнемекпісің, сонда? — шешем батылсыздана сұрады.
— Секіріп өлемін.
Бұл сөзім шешеме жер айналып, тау құлап, аспан көшкендей әсер еткенін білемін. Жол апатынан екі қолын, аяғын, жеті қабырғасын сындырып, төсек тартып жатқан жерінен енді тұрған кезі еді. Көңілін астан-кестең етпеуіме де болады. Бірақ осы уақытқа дейін өзімнен күші басым балалардың психологиялық қысымы, әкесі барлардың өр кеуделілігі мені өзгертіп жіберген. Бандит бала, атаман бала болғым келеді. Оған бірақ мотивация жетпейтін. Алдымда ағам, артымда інім жоқ, сүйенетін арқа тұтар әкем жоқ. Күн сайын өзімнен күші басым балалардан таяқ жейтінмін. Сол жанымды жүдеткен.
— Өміріңнің түйінін өлім шеше ме? — анам дәтке қуат болар ешнәрсе таба алмағандай нали сұрады.
— Иә, айналып келгенде менің осындай «черт» болып жүргеніме сіз кінәлісіз, сіз. Бір нәрсе айтсам: «ой, ол сенің қолыңнан келмейді», «сенің мінезің жаман ғой» — деп бетімнен қағып келдіңіз. Менің бір ісімді мақтап, арқамнан қаққан кезіңіз болды ма? — өзегімдегі қақталып жүрген ыс-жалынды лақ еткіздім.
Анам тұқырып қалды. Менің бойым сәл болса да жеңілдеді. Біреудің ерік-жігерін жаншу бойыма рахат сезім береді екен.
Анам тілі мен үнін жұтып қойғандай мелшиіп отырып, біраздан соң:
—Тұзыңа тышпа! — деді. — Сөзі зілді шықты. Өзіңді айта бермей, біруақ менің де халіме үңіліп, түсіністікпен қара. Менің сорымның қалыңдығы шашымдай. Мына өмірдің ыңғайлы өткелінің қайда екенін білсем, шашым жасыма жетпей ағармас еді ғой. Бір сен деп жүрмін. Не таршылық, не жамандық көрдің? Өз қауқарсыздығыңды өзгеге жаппа. Әкесіз өскен жалғыз сен бе? Жоқ, әлде, әкесіздердің бәрі шетінен өліп жатыр ма? Елдің ұлдары жоғын айтпай-ақ қасқыр-жүрек болып жүр ғой.
— Онда сондай қасқыр-жүрек ұлды бала етіп алыңыз.
— Алла берген ондай баланы. Ол ондай болмаймын деп отырса, бойындағысын бағаламаса, не істеймін, айтшы, не істейін? Сен сырттан іздеп жүрген бақыт өзіңнің ішіңде жатыр.
— Қайда ол, қай жерде жатыр? Не ішкенге, не жегенге жарымаймыз! Менің ішкі тығыным атылғандай лақылдатып жатырмын.
— Сыныптасың Алмасқа қарашы. Аяқ астынан, ойламаған жерден мүгедектің арбасына таңылып қалды. Көл-көсір ақша да, қабат-қабат үй де, әке де, шеше де көмектесе алмады. Балам, бақыт деген өзіңнің қанағатың екенін мен де кеш түсіндім. Қателіктерім де содан басталды. Сен ақылды баласың. Өз бойымдағы кемшіліктердің сенде болмағанын қалаймын. Сен менің жүрегімнің ішіндегі жүрегімсің.
Шешем иығымнан ұстап, құшақтады. Бұл жолы мен де оның бауырына тығылдым. Екеуміз де ұзақ жыладық. Бір-біріміздің қадірімізді енді ғана түсінгендей болып, мұнара баспалдақтарын іштей санап, төменге түстік.
Менің мұнарадан секірмегенімді балалар білген жоқ. Жандос аяқ астынан басқа мектепке ауысып кетті. Келесі күні ойында ең белсенді шабуылшы болдым.
— Анашым, бүгін қарсыластардың қақпасына 3 доп соқтым!!! — деп үйге дабырлай кірдім.
— Ақырын, әкең келді, ұйықтап жатыр, — деді анам екі саусағын ерніне басып.
Күнде атқарып жүрген, бойы үйренген әдеті осы секілді. Өзі тым жайбарақат. Күтпеген жағдайдан миыма құрт кіріп кеткендей, қас пен көздің арасында жандүниемнің астан-кестеңі шықты. Шекемнен қара тер бұрқ етті. Жатын бөлмеге кірдім. Шынымен-ақ, еңгезердей қара сұр адам ұйықтап жатыр. Қабағы түксиген. Шаштары тікірейген. Беті безеудің ізінен бұжыр-бұжыр, әжімді. Кеуде тұсыма сақтап жүрген суретті алып салыстырдым. Кескін-келбетін ұқсаттым да, ұқсатпадым да.
Анам кешке дастархан жайды. Әкем келіп жайғасты. Өзгеше бірнәрсе болатын шығар деп күттім.
— Ертең Ильичевка жаққа жүреміз. Демалысты Шымкентте өткізесің, —деді. Әңгіменің басы да, аяғы да осы болды. Жауап күтіп, бетіме қарады.
— Жарайды! — дедім екі ойлы қалыпта.
— «Жарайды, әке» деп айт! — деп түзетті сөзімді. Даусы дөрекі естілді. Үндемеп едім, тағы қайталады.
— Жарайды, әке! — дедім даусымды тістерімнің арасынан сыздықтата шығарып. Ильичевка менің ұғымымда Сицилияның Палермосы секілді. Ол жерде тұратындар үшін өз ауылдары Мысыр шаһарындай. Әкем сол ауылдың тумасы. Мені ауылға апармақшы.
Жамандықтың бет-жүзі болмайды деген рас. Оның бет-әлпетінен ешнәрсе байқай алмадым. Менің көзімдегі үрейге, бойымдағы қорқынышқа селт етпейтін секілді. Баяғыдан бері бізбен бірге тұрып келе жатқандай, шайын асықпай, сораптап ішуде. Көрмегеніме он жылдан асқан әкенің кенеттен қайта оралуы өмірімнің қалыпты ырғағын бұзып жіберді. Бөтен, жылуы жоқ жан баса-көктеп келіп, өз өктемдігін жүргізбекші. Анам бәріне үнсіз келісуде. Әкесін көрсін дегені ме…
Шымкентке бағыт алып барамыз. Көлік ішінде екеуден екеуміз. Үнсізбіз. Еркелей білмеймін бе, еркелегенімнің тұрпаты сол ма, қыңырайып отырмын. Сол қасарғыштығыма жылылықпен жауап берсе деймін. Ит те иесіне еркелейді ғой. «Әке деген осындай болу керек» дей ме екен, әлде алғашқы күннен ықтырып алайын деген ойы бар ма, ызғарлы да қатал. Өз-өзіне кереметтей сенімді. Жол-жөнекей сатып алған тамақтарын жемей қойдым, ол да маған мәймөңкелемеді. «Неге жемейсің?» деп сұрамады да. Менің қалап тұрған тамағымның жанынан мән бермегендей болып өте шығады. Екеуміз де бір-бірімізге тістеніп келеміз. Жетісайға барар жолда дарияға бір сүңгіп шығуға тоқтадық. Қайыққа отырдық. Ескекті маған ескізді. Бірінші рет ұстап тұрсам да, тырмысып есіп келем. Екеуміздің арамызда әңгіме жоқ. Бір-бірімізге өшігіп отырған адамдардаймыз. Ара-арасында мен жаққа көзінің астымен қабақ шыта қарап қояды. Менің ішкі арпалысым өшпенділікке айналып бара жатқандай. Қандай қатыбас, ит мінез. «Әке» деп айтуға ішімдегі қатып қалған түйіндер жіберер емес.
Жағалауға иегін сүйеп тұрған бір мүйіске келіп тоқтадық. Балық аулау деген бір қызық іс екен. Жағалауда үн-түнсіз, тапжылмай сағаттап отырасың. Қармағыңа ештеңе іліне қоймайды. Бірақ рахат. Психотерапия, медитация деп тренинг өткізіп, ақша табатындар үшін мына жер саялы орын. Қиялыңды қалай қалықтатады десейші…
Батыстан тұтасқан бұлт көрінді. Жаңбыр иісі келді. Су беті бозғылт тартты.
— Кеттік! — деді. Темірден жаратылған адамның даусындай сезімсіз шықты.
— Балық қапқалы тұр! — дедім бетімді бұрмай, — сәл күте тұрыңыз!
— Онда қал! — деді де, құрал-жабдықтарын жиыстырып, қайыққа салып, машинасын қойған жағаға қарай қайрылмай кете барды. Жай басталған жаңбыр екпіні күшейе бастаған. Жейдешең отырған менің арқамды суық қарып барады. Әкемнің (әке деп те айта алмаймын) мына қылығы өкпелетіп, қолқа жүрегімді алқымыма тақап қойды. Төбемнен төмен қарай құйылған жаңбыр суы мен көз жасым араласып кетті. Бір орнымда қатып қалғандай, тапжылмай отырмын. Иегімнің қалшылдауы мен дарияны қоршаған бұталардың селкілдеуі қоғамның қандай нәрсеге болса енжар болып кеткендігінің суретіндей болып бойымды езіп тұр.
Әкем екі-үш сағаттан кейін, бұлт астынан шыққан күн жаңбырды ығыстырғанда, айнала тынышталғанда мен отырған жерге қайта келді. Түк болмағандай:
— Кеттік! — деді тағы да.
— Мен сенімен енді ешқайда да бармаймын! — шатынап тұрып, ақшия жауап бердім. Осы сәт шапалақтың шарт ете түскенін аңдамай қалдым. Көзімнің оты жарқ ете түсті. Ішімде бір топалаң басталды дейсің. Балық аулап отырғандағы қиялдарым мен мақсаттарымның быт-шыты шықты. Жын ұрып кеткендей болдым. Бар даусыммен айқай салдым.
— Сені кім шақырды, сендей әкенің көк тиынға да керегі жоқ. Осы күнге дейін қайда болдың? Мені таптауға, ұруға, жігерімді құм қылуға келдің бе? Кімсің өзің?
Көзіме қан толып кетті. Өзіме өзім ие болудан қалып барамын. Көзім оның қалтасынан бір ұшы шығып тұрған бәкіге түсті. Асқан бір жылдамдықпен суырып алдым да:
— Өлтірем сені! — дедім, — осыдан қара да тұр, өлтірем!
Қалған көңіл — шыққан жан деп тұрмын.
Менің жаным мен жүрегімді енді түсінгендей, жүзіндегі кешелі бергі аяз жібіп, басқа түрге енді. Өзінің ісіне ұялғандай, қателіктеріне бармақ тістегендей. Шарт кесілгелі тұрған тағдырды қайта бір жымдастырғысы келіп тұрған сезімді мен қалай ұқтым, ол жағын білмеймін, жүрегім дыз ете түсті. Ашу мен ақыл алмасып барып, сабаға түсе бергенде, қолымнан бәкі жерге түсіп кетті. Әкем жерден алды да, тұнжырай қарады. Ақырындап маған жақындай берді. Қамсыздығыма өкініп тұрмын. Ішімді үрей кеулеп барады. Қарсы алдымдағы жан жақыным ба, әлде жат адам ба, ажырата алмай көзім тұманданды. Беталды жүгіре жөнелдім. Артымнан қуып келеді:
— Балам, тоқташы, тоқта! — деп айқайлайды. Дауысы жалынышты. Мен өзімді тоқтата алмай келемін. Тіленіп, өтінген сайын, зуылдаймын. Белгісіз бір күш дәл қазір тоқтасам жағдайды мүлде өзгертіп жіберетіндей.
— Балам! Балам! — дейді шырқырап. Дәті берік болып көрінген адамның елжіреуі бүйрегіңді бүлк еткізеді екен. Жүгіргеннен өкпем өше бастағанда, жағалаудағы биік ағаштың басына өрмелеп шықтым да:
— Ағаштың ұшар басынан түбіндегі қара тасқа секіріп өлем! — дедім.
Әкем ағаш түбінде ентігін баса алмай тұр.
— Айналайын! Қорқытпашы! Кешір мені!
Біреу кешірім сұраса, елжіреп қалам. Әкеме жайбарақат қана көз тастадым. Ағаштың жуан бір бұтағынан ұстап өрмелеп келеді екен. Ол жақындап қалғанда секіріп кеттім. Тасқа түспей, суға күмп бердім. Әкемнің ұстап тұрған бұтағының шарт сынғанын көзім шалды. Кешелі бері мүләйімсіп, тыныш жатқан дарияның ағыны бүгін тым қатты. Мөлдір моншақтай болып көрінетін су тамшылары қазір таудай-таудай толқынға айналған. Дария өз-өзінен тулап, шулап кетті.
* * *
Маған қара күшпен жан-жағын ықтырып жүретін адамдар ұнайды. Соларға қызығамын, еліктеймін. Өзгелердің қолпаштағаны, мақтағаны жаныма майдай жағады. Ерекшеленіп тұрғанды жақсы көремін. Жандос басқа мектепке ауысқан соң «айналамда жүрген балалар менен сескеніп жүрсе» деген мінез пайда болды. Бокстан үйренген әдіс-тәсілдерімді былғаныштау бағытқа жұмсадым. Айналамдағыларды ықтыра бастадым. Мектебімізде муай тай спортынан Азия, Еуразия чемпионы болған бала оқиды. Сол ғана маған шекесінен қарайды. Ол тәкаппар, қатал болатын. Оның бұл мінезі намысыма тиді. Менің бойымда да қабілет мол. Бірақ мен бірнәрсеге қол жеткізе қояйын деп өзімді қинамаймын. Сол бірде спарингке шақырды. Муай тай — тайландық жекпе-жек өнері. Соққы беру. Соққы басқа да, қол-аяққа да, тізеге де беріле береді. Ережесі қатал. Біздің мектептің бүкіл қыздары, ұлдары жиналған. Бокстаса бастадық. Соққылары жеңіл секілді. Ұру тәсілін білмейтіндей көрінді. Сөйтсем, айласы екен. Ашық қалған тұстан естен тандыра соққы берді. Ешнәрсе көрмей қалдым. Шайқалақтап тұрмын. Өзімшіл өжеттігім оянды. «Я духом сильный» деп ойлап үлгердім. Айнала шуды естімеймін. Муай тайда бас-көзге қарамайсың. Сәл есім жиналғанда астына кіріп, құлаттым да, ұра бастадым. Құлағанды соққылау әдетімде жоқ еді. Бұл жолы ол ұстанымнан айныдым. Жиналғандар әзер дегенде ажыратты.
Жекпе-жекке аудандағы «бандитпіз» деп жүрген балалар да жиналған болатын. Суық қарулары да бар. Абырой болғанда жағдай ушықпай аяқталды. Ертесі бұл оқиғадан қаладағы біраз жұрт хабардар болды. Мектепке төбелеске қатысқандардың да, қатыспағандардың да ата-аналары шақырылды. Көбі мықты, құзырлы орындарда жұмыс істейтіндер. Әркім өз баласын ақтап әлек. Кеше ғана көшеде жүргенде бір иығымды төмен, бір иығымды жоғары ұстап, қыр көрсететін мен бүгін әркімнен бір сөз естіп, тауым шағылып, әл-дәрменім құрып тұрмын. Сүйенер, қорғаныш болар менде әке жоқ. Шешем келді. Бауыры тілгіленіп жылап тұрды. Мені мектептен шығаратын болды. Басқа жол жоқ. Біздің сыныпта директордың баласы оқитын. Оқиғаның ішінде ол да болған.
Жүрегім қанталап, жан-жақтан қойылған сұраққа:
— Менің сөзімнің біріне сеніп, біріне сенбейсіздер. Олай болса, анық- қанығын Арғынбектен сұраңыздар, — дедім.
Директор селк ете түсті.
— Арғын да болды ма? — деді.
Дүйім жұрттың алдында айтылғандықтан, енді оны да шақыруға тура келді. Жағдай бір сәтте басқаша сипат алды.
— Жігіттердің арасында не болмайды? Бас жарылып, қол сынған жоқ, —деп, директор ушығып тұрған жағдайды сылап-сипап түк болмағандай етіп шығарды. Чемпион бала екеуміздің бір мектепке сыймайтынымызды біліп, қолма-қол оны басқа мектептің директорымен сөйлесіп, сонда ауыстырды.
Тал қарматқан осы оқиға маған әкені қатты іздеткен. Бір ойым «дұрыс істедім, өзімді дәлелдедім» деп ақтап жатса, екінші бір ойым «оңбайсың» деп өзімнен түңілдірді, жиіркендірді. Мұндайда ақылдасар әкенің болғанын қаладым, Жаратқаннан жалынып сұрадым. Тілегімнің орындалуын күттім, көп күттім. Келсе, ажырамаспын дегенмін. Келіп еді, қашып барамын. Толқынмен арпалыса жүріп, артыма қараймын. Менен көз жазып қалмасам екен деген ұмтылыспен малтып келеді. Қалайда маған жетсем екен дейді. Қарғып, қарғып кеткісі келетінін сеземін, қауіп-қатерді елемейтін секілді. Тасқын жолын бөгеген сайын жанұшыра құлаштайды. Дәл қазір мен үшін, менің суға батып кетпеуім үшін жанын, жүрегін беруге әзір екенін «балам, балам!» деген бірде құлағыма жетіп, бірде үзіліп естіліп жатқан даусынан сеземін. Жағаға жақындағанымда айнала бір сәт жым-жылас, жым-жырт бола қалды. Дүние тынғандай. Дария ернеуінен асып тасымағандай. Жағалаудағы шөптер де сыбдырсыз. Әр жер әр жердегі дөңкиген тастарға қараймын. Мелшиіп тұр. Бүгінгі күннің әлегінен санам сансыраған ба, әлде шынымен солай ма, дария баяу ғана тербеліп жатыр. Әкем су бетінен де, жер мен көктің арасынан да көрінбейді. Жейдемнің қалтасында тұмардай боп сақталып жүретін суретін қолыма алайын десем, түгі қалмай езіліп кетіпті.
— Әке! — дедім талықси, тұншыға айқайлап. — әке! Кетпеші!