ЕР ТӨСТІК
Ерте заманда Ерназар деген кісі болыпты. Ерназардың өзі бай болыпты. Төрт түлік малы сай болыпты. Қора толған қойлары болыпты. Келе-келе түйелері болыпты. Өріс толған жылқылары болыпты. Ерназардың сегіз ұлы болыпты. Бір жылы үлкен жұт болып, ел малын алысқа, отарға айдап кетіпті. Ерназардың сегіз ұлы да соның ішінде кетіпті. Бір қыстық азығын алып, кемпірі мен Ерназар үйінде қалыпты. Ерназардың сегіз ұлы сол кеткеннен хабарсыз кетеді, айлар өтеді, келмейді. Ерназардың азығы таусылады, ашығады, жейтін тамақ таппайды. Кемпірі екеуінің тұруға әлдері әрең-әрең келеді.
Бір күні кешке жақын кемпірі төсегінен тұрып, үйінің түндігін ашады. Тұруға мұршасы келмей жатқан шал шаңыраққа қараса, шаңырақтың күлдіреуішінде керулі тұрған кер биенің төстігі көзіне түседі. Ерназар қуанып, есі шығады.
— Кемпір, сүйінші! Кер биенің керулі тұрған төстігі майлы көрінеді, бол, жылдам асып жіберші, — дейді. Сөйтіп, бұлар төстікті қазанға салады. Төстікті асып жеп, шал мен кемпір әлденеді. Ұзамай кемпір жүкті болады. Мезгілі толып босанады. Бір ұл туады, оның атын төстік жеген соң біткен бала деп Төстік қояды.
Төстік өзгеше бала боп өседі: бір айда бір жастағы баладай, екі айда екі жастағы баладай, үш айда үш жастағы баладай, бір жылда он бестегі жасөспірімдей болып, екі жасында алысқан кісілерін алып ұратын бала болады. Садақ тартып үйренеді, тартқан садағын тоғыз қабат кетпеннен өткізеді. Аң аулап, құс атып, әкесі мен кемпір шешесін асырайды. Төстік бір күні ауылдың арасында отырған тарғақты садақпен тартып қалады. Садақ тарғақтың қанатын үзіп кетеді. Тарғақ жығылмай, бір қанатын сабалап, қаша береді. Төстік ұстайын деп қуып жүреді. Сөйтіп жүргенде, тарғақ бір кемпірдің өрмегінің үстінен қарғып өтеді. Қуып келе жатқан Төстік те өрмектен секіреді. Сөйткенде Төстіктің бір бақайы өрмекті іліп кетеді. Өрмектің бірсыпыра жібі үзіліп қалады. Өрмек тоқып отырған кемпір:
— Алда ғана шешек-ай! Өрмегімді үзіп кеттің-ау! Ертеден қара кешке дейін бүйтіп жар қуалап, торғай атқанша, тентіреп кеткен сегіз ағаңды тауып алмайсың ба? — деп қарғап-сілейді. Төстік кемпірге жауап қайтара алмай, оның сөзіне қатты қорланады. Әсіресе «тентіреп кеткен сегіз ағаң» деген сөз оған қатты тиеді. Төстік бұрын ағалары бар екенін естіген жоқ екен. Әке-шешесі Төстікке оны айтпайды екен. Төстік жүгірген бетімен үйіне келеді. Төстіктің ашулы түрін көріп шешесі:
— Саған не болды? Кіммен жанжалдастың? — деп сұрайды. Төстік кемпірдің сөзін түгелімен шешесіне айтады.
— Ағаларым қайда? Неге келмейді? Іздеп тауып әкелемін! — дейді. Шешесі:
— Қақпас кемпір өтірік айтады. Сенің ағаларың болған жоқ, сенбе оның сөзіне, — дейді. Сөйтіп, Төстікті нандырып қояды. Тағы бір күні Төстік асық ойнап жүріп, әлгі кемпірдің жалғыз баласын жұдырығымен қойып жіберсе, бала талып қалады. Кемпір Төстікті бұрынғыдан да жаман қарғап-сілейді:
— Қыршыныңнан қиылғыр, Төстік! Менің жалғыз балама әлің жеткенше, айдалада тентіреп өлген сегіз ағаңның қураған сүйегін тауып алсаң болмай ма? -дейді.
Кемпірдің сөзі Төстікке ой салады. Шешесінен ағаларын сұрайды. Шешесі енді шынын айтады:
— Сегіз ағаңның бары рас еді, жұт жылы кетіп еді, содан қайтқан жоқ, қайда жүргендерін білмейміз, — дейді. Төстік ағаларын іздеу қамына кіріседі. Кемпір-шалға аң мен құстың етін қақтап үйіп береді де, Төстік жолға шығады. Беліне садақ байлап, қолына темір таяқ алады, аяғына етік киеді. Ай жүреді, жыл жүреді, талай елді, талай жерді аралайды. Жолдасы да — садағы, азығы да — садағы, жолында кез келген аңды атып жеп отырады. Темір етіктен теңгедей, темір таяқтан тебендей қалғанда, алыстан сағым көтерген бел көрінеді. Өлдім-талдым деп келіп, белге шықса, қарауытқан қалың жылқы көрінеді, жылқының ар жағында ел көрінеді. Жылқыға келсе, жылқының ішінде тігулі қара қос тұр. Қосқа кірсе, асулы мосы, ілулі бақыр түр. Бақырдың іші піскен етке толы екен. Төстік етке тойып алады да, елге қарай жүреді. Төстіктің келген елі ас беріп жатыр екен. «Ағаларымды осы астан іздеп көрейін», — деп асқа тігілген қалың үйді жағалай қыдыра бастайды. Арықтаған, азған, киімі жыртық-жыртық Төстікті ешкім ескермейді. Жаяу жүрген адамды кім білсін. Сөйтіп келе жатса, табақшылар бір жерде: «Ерназардың сегізіне тарт, Ерназардың сегізіне тарт», — деп шуылдасып жүр екен. «Ерназардың сегізін көрейін», — деп үйге кірмек болса, табақшылар Төстікті кейін қарай сүйреп, қақпайлай береді. «Қайыршы неме, әлі етке тоймадың ба?»
— Кім керек? Неғып жүрген адамсың?: —деп сұрайды. Төстік: — Маған Ерназардың сегізі керек, — дейді. — Адасып кеткен сегіз ағамды іздеп жүрмін, — дейді. Сол арада Ерназардың сегізі жөн сұрасып, Төстікпен жылап-сықтап табысады. Тоғызы тоғыз жағынан шығып, қалың жылқыны айдай бастайды. Бірақ жылқы ұйлығып, бір жақты бетке алып жүре алмайды. Қанша айдаса да серпіліп, алғашқы айдаған жеріне қайтып келеді де отырады. Тоғызы жылқыны неше күн айдайды. Аяғында жүргізе алмай жалығады. Бір күні Төстік мынандай айла табады: барлық жылқының басы—күрең биені ұстап алып, жылқының ортасындағы бір дөңге шығады. Биені жығып, төрт аяғын буады да, қыл бұрау салып, тақымын бұрайды. Тақымы бұралған соң, бие қатты шыңғырады. Биенің шыңғырған даусына шұрқырасып қалың жылқы жиналады. Жылқы әбден жиналып болды деген кезде, Төстік биені тұрғызып алады да, жетектей жөнеледі. Сонда қалың жылқы өз беттерімен бұлардың соңынан шұбай жөнеледі. Енді ешқайсы да жылқы айдап әлек болмайды, күрең биені жетектеп жүреді де отырады. Қалың жылқы шұбырып ереді де отырады. Судың тұнығын іше-іше, шөптің сонысын жей-жей, талай асқардан асып, шөлді басып, Төстігі бастап, Ерназардың сегізі аман-есен елдеріне келеді. Балалары аман-есен келген соң, Ерназар ел жиып, той қылады. Түйеден бура, жылқыдан айғыр, ту бие, қойдан құнан қой сойып, қымызын көлдей, етін таудай қылып қояды. Ақсақал, қарасақалын түгел разы қылады. Той тарқағаннан кейін Ерназар тоғыз ұлын аяқтандыру қамына кіріседі. Тоғызына тоғыз келіншек іздейді. Келінінің тоғызын бір үйден таппақ болып, ел қыдырады. Көп елді аралайды. Бірақ Ерназар ойлағандай тоғыз қыз бір үйден табылмайды. Сөйтіп, Ерназар күдер үзіп келе жатса, алдынан бір ауыл көрінеді. Ауылдың ортасындағы үлкен қоңыр үйдің тұсына келіп, мейман болатындығын білдіреді. Үйге кірсе, керегенің басында сегіз сырға ілулі тұр екен, соны көрген соң, Ерназар еңкілдеп жылай бастайды. Үйдің бәйбішесі Ерназардан:
— Неге жыладың? — деп сұрайды.
— Жылаған себебім: тоғыз ұлым бар, соған тоғыз келіншек іздеп жүрген адаммын, тоғыз ұлымның бір әке-шешеден туғаны сияқты, тоғыз келінімнің де бір әке-шешеден туған болуын іздеп жүрген адаммын. Керегенің басындағы көп сырғаны көргенде, тілегіме жеттім ғой деп қуанып қалып едім, санасам, біреуі кем екен, соған жылап отырмын, — дейді Ерназар.
-Ендеше жылама, тағы біреуі бар, әне тұр, — деп бәйбіше тұсбақаннан тағы бір сырғаны алып келеді. — Кенжекейімнің сырғасы еді, мұны сегіз қызымның сырғасына араластырмаймын, ана қыздарым бір төбе, Кенжекейім бір төбе. Сондықтан Кенжекейімнің сырғасы олардікінен бөлек тұрады, — деп сырғаны қайтадан іліп қояды.
Ерназар оған:
— Сенің сегіз қызың бір төбе, Кенжекейің бір төбе болса, менің сегіз ұлым бір төбе, Төстігім бір төбе еді. Кенжекейің Төстігімдікі болсын, — дейді. Сөйтіп, Ерназар тоғыз қызға құда түсіп қайтады.
Ерназар келіндерін алып қайтуға тоғыз ұлымен сапарға шығады. Жолда бұларға перінің қызы Бекторы кездеседі, ол Төстікті көріп, ғашық болады. Төстікті Кенжекейден айырып қалу қамына кіріседі. Ерназар тоғыз ұлымен Кенжекейдің ауылына барып, көп уақыт жатады. Отыз күн ойын, қырық күн тойын істетіп, келіндерін алып, еліне қайтпақшы болады. Кенжекейдің әкесі қыздарына түгел енші беріп, көп жасаумен ұзатады. Сонда Кенжекей әкесінің берген еншісіне, мінгізген ат, арттырған түйе, тарттырған жасауына разы болмайды: «Әкем маған жылқыдан Шалқүйрық атты берсін, жасаудан Ақсырмалы сауытты берсін, түйеден Құба інгенді берсін», — дейді. Кенжекейдің әкесі қызына ашуланып, кісісін қайта жібереді: «Қызыма айта бар: Ерназардың байлығы оған жетеді. Шалқұйрық атты сұрағаны несі? Шалқұйрық — жылқымның құты, құтқа қыз ие болған жер бар ма екен? Құба інген — түйемнің басы, түйемнің басын сұрағаны несі, қызда ондай түйе артқан бар ма екен? Ақсырмалы сауыт — атадан ұлға қалатын мұра, мені қызым қу бас дегені ме? Қызым өйтіп жаулығын білдірмесін», — дейді. Кенжекей әкесіне қайта кісі салыпты: «Шалқұйрықты сұрағаным, ерге лайық ат еді, ер мінсін деп едім, Құба інгенді сұрағаным, ер қосын артсын деп едім, Ақсырмалы сауытты сұрағаным, Ер Төстік ер еді, сол ер кисін деп едім», — депті. Әкесі Кенжекейдің сөзінен жеңіліп, сұрағандарын беріпті. «Қызыма сәлем айт, Сорқұдықтьң басына көшін қондырмасын, қондырса, кесір болады», — депті. Көш бетімен тарта береді. Бір күні Сорқұдықтың басына келіп жетеді. Кенжекей атасына кісі жіберіп: «Атам бүл құдыққа қонбасын, ырымы жаман жер», — деп хабар айтқызады. «Келінім келмей жатып, менің қонысымды билейін деген екен», — деп Ерназар болмастан әлгі жерге қонады. Көш қонысымен, Кенжекей басқа келіндерінен үйді бұрын тігіп жібереді де, атасын қонақ қылады. Кенжекейдің зерделі екенін Ерназар сол арада біледі. «Келінім ақылды екен, тілін бекер алмаған екем», — деп өкінеді. Сол күні тұман болады. Кенжекей өз әкесінің айтқаны ойына түсіп, кірпігін ілмей жатады. Ерте тұрып қараса, Құба інген жоқ. «Құба інген жоқ», — деп атасына хабар береді. Ерназар ат ерттеп мініп, Құба інгенді айнала қарап жүрсе, анадай жерде тұрған Құба інген көрінеді. Қасына келсе, бұйдасы бір көкпекке оралып қалған екен. Жанында бір тал бар екен, талдың түбінде жарбиған бір жаман кемпір отыр.
— Шеше, шеше! Ана түйенің бұйдасына қол жалғап жіберші, — дейді Ерназар.
Кемпір сонда:
-Тұрсам, отыра алмаймын, шырағым, отырсам, тұра алмаймын, шырағым! Әперуге әлім жоқ, нашар адаммын, — деп мүләйімсиді.
Кемпірдің сөзіне нанып, бұйданы іліп алайын деп еңкейе бергенде, Ерназарды кемпірекең шап беріп жағадан ала кетеді. Алдап отырған жалмауыз кемпір екенін Ерназар енді ғана біледі. Ерназарда тапжылуға шама жоқ. Олай-бұлай жұлқынып байқап еді, болатын көрінбейді, кемпір қысып әкетіп барады. Ерназардың мойны үзіліп, буынып барады, шыбын жаны шығып барады. Ерназардың «қоя бер» дегеніне кемпірдің босататын түрі жоқ. Өлетін болған соң, Ерназар жалына бастайды:
— Ағарған сақал, шашым бар! Қартайып келген жасым бар! Тоғыз келінімді жаңа ғана түсіріп, жаңа ғана қызығын көрейін деп отырмын. Қоя бер мені, шешежан, — дейді.
— Жоқ, — деп кемпір қысып қояды. Ерназардың жаны шығып барады.
— Тоғыз келін түсіріп, Елдей көшіп келемін. Толып жатқан жасаудан Тойғаныңша беремін. Босат мені, шешетай! — дейді.
— Жоқ, — деп кемпір қысып қояды. Ерназардың жаны шығып барады.
— Оған разы болмасаң, Тоғай толған қойым бар. Қанша алатын ойың бар?
— Жоқ, — деп кемпір онан сайын қысады, Ерназардың жаны шығып барады.
— Оған разы болмасаң, Желі толған түйем бар. Соған бер мені, шешетай! — Қоя бер мені, шешетай! — дейді.
— Жоқ,- деп кемпір қысып қояды. Ерназардың жаны шығып барады.
— Оған разы болмасаң, өріс толған жылқым бар, — Не аяйтын сиқым бар? О да болсын сенікі, Бір әділ жан менікі, жіберші мені, шешеке! — дейді.
— Жоқ, — деп кемпір онан сайын қысады. Ерназардың жаны шығып барады.
Оған разы болмасаң, сойылдай сегіз ұлым бар, — Менде қандай құның бар? О да болсын сенікі. Бір әділ жан менікі. Жібере көр, шешеке! — дейді.
— Жоқ, — деп кемпір қысыңқырап жібергенде, Ерназардың жаны мұрнының ұшына келеді, өлуге аз-ақ қалады.
Оған разы болмасаң, Атамасым атайын, Сегізінен бір бөлек, Жалғызымда қуат боп,
Жіберші мені, шешеке! —
дегенде, кемпірдің қолы босанып сала береді.
— Төстікті маған қалай бересің? — деп сұрайды кемпір. Оған Ерназар айтады: — Менің қалтамда Төстіктің садағының ұшын шығаратын егеуі бар. Төстік онсыз жүре алмайды. Мен бұны осы араға тастап кетейін. Төстік іздеп келеді, сонда өзің ұстап ал,—дейді. Кенжекей мұның бәрін көріп тұрады. Ерназар Құба інгенді алып қайтып келеді, көш жөнеледі, бірнеше күн көшеді. Төстік түнде отауына кірейін десе, отауы ылғи берік болады. Бір күні Төстік жеңгелерін алып отауына кіреді. Төсегіне жатып еді, Кенжекей болат кездіктің сабын Төстіктің жүрегіне тіреп, үш жағын өз жүрегіне қояды:
— Қозғалмай жат, қозғалсаң екеуміз де жарыламыз, — дейді. Төстік мұның себебін сұрайды. Кенжекей:
— Әкең сені Бекторының жалмауызына беріп кеткен, сен менікі емессің, жалмауыздан біржола құтылып кел, -дейді.
— Әкем мені жалмауызға неге береді? -дейді ол. Кенжекей:
— Нанбасаң, әкеңнен егеуіңді сұрап көрші? — дейді. Ертең ертемен тұрып, Төстік:
— Әкелші, әке! Мына жақта киік жүр екен, садағымның ұшын шығарайын деп едім, егеуімді берші, — дейді. Ерназар сасыңқырап қалып, қорбаңдап, өп-өтірік кісесін қараған болады да: «Қап, әттеген-ай, қалып қойған екен. Түнеугі Сорқұдықтың басында Құба інгенді іздеп барғанда, бір талдың түбіне түсіп қалған екен ғой»,-дейді. Сонымен, Төстік егеуін іздемек болады, егеуінің қалған жері неше күндік алыс жол екен. Ерназардың айтуымен Төстік егеуін іздеуге алты аяқты ала атты, жеті аяқты жирен атты мінбек болады. Төстік жылқыдан алты аяқты ала атты мініп, жеті аяқты жирен атты жетегіне алып келе жатқанда, алдынан Кенжекей шығып, мынаны айтады: — Сан жорғаны алмадым. Ер аты деп таңдадым. Айыл-тұрманы, әбзелін Төстік, саған арнадым. Жабы емес, қазақы ат, Ер серігі қолғанат — Шалқұйрықты мін, Төстік! Сан жасауын алмадым, Саған бола таңдадым, Ақсырмалдай сауытты Осы жолға ки, Төстік! — деп зарлайды. Төстік Кенжекейдің тілін алып, Шалқұйрық атты мінетін болады. Жылқыдан Шалқұйрықты ұстап әкелуге кісі жіберсе, барған кісіге Шалқұйрық ат ұстатпайды. Алдына келгенін тістеп, артына келгенін теуіп, маңайына жан жуытпайды. Шалқұйрықты ұстауға Төстіктің өзі келеді. Шалқұйрық Төстіктен қашпайды. Қолын созса, тырп етпей тұрып, жүгенге басын өзі ұсынады.
Төстік жүрерде, Кенжекей Құба інгенге бура шөгереді: «Не Төстік өлді деген күні, не Төстік келді деген күні шешіл»,
— деп серт қылады. Төстік жолға шығады. Төстік ауылынан ұзап шыққан соң, Шалқұйрық атқа тіл бітеді.
— Төстік батыр, енді екеуміздің жанымыз бір, қандай пәле болса да, бірдей көреміз. Менің мына айтқан сөздерім есіңде болсын. Егеуіңнің қасында жалмауыз кемпір сені күтіп отыр, сен егеуіңді ала бергенде, ұстап алмақ. Егеуге жақындаған кезде кемпірді алдайтын бір ақыл тап. Кемпір алдана бергенде, мен бетегеден биік, жусаннан аласа бола берейін, сол кезде сен егеуді іліп ал да жөнел, артыңа қараушы болма, — дейді.
Көп уақыт жол жүргеннен кейін, Төстік егеу жатқан жерге келеді. Келсе, егеудің қасында кемпір отыр. Ер Төстік жақындай түсіп: «Шеше, шеше артыңдағы қыздардың бәрі өзіңдікі ме?» — дейді. Сонда кемпір артына жалт қарайды. Сол мезгілде Шалқұйрық бетегеден биік, жусаннан аласа бола береді. Төстік те егеуді іліп алып жөнеледі. Сонда кемпір: «Сен бе едің, Төстік, алдаған? Сені ме, Төстік, қап, бәлем!» — деп, тамағы қырылдап, өкпесі сырылдап, қатты сасып, етегін басып, Төстікті қуа жөнеледі. Төстік қашып келеді. Кемпір қуып келеді. Бір мезгілде тау қаңбақтай ұшады, тас бұршақтай жауады. Шалқұйрықтың құйрығына қазандай тас орала кетеді. Шалқұйрықтың шапқан салмағына шыдамай, қара жер қақ айырылады. Шалқұйрық пен Ер Төстік жер астына түсіп кетеді.
Сол кезде Шалқүйрыққа тіл бітіп:
— Біз енді жер астына түстік, бізге бұдан былай жер астының елі жолығады. Біраз жүрген соң жылан Бапы ханның ордасына келгенімізде, мені алысқа қалдырып, өзің ордаға кіресің. Ордаға кіргеніңде, есіңде болсын: екі босағадан, екі қара шұбар жылан ысылдап тұра келеді, олардан сескенуші болма, олар — жылан Бапы ханның есігін күзеткен құлдары. Төр алдына бара бергеніңде, екі сұр жылан ысылдап келеді де, екеуі де жеңіңнен кіреді, қойныңнан шығады, қойныңнан кіреді, қонышыңнан шығады. Бүлар — жылан Бапы ханның ұлы мен қызы болады. Төрге отыра бергеніңде, дәу екі сары жылан ысылдап тұра келеді, одан да сескенбе. Бұлар — жылан Бапы ханның өзі мен әйелі. Егер де бұлардан сескенсең, сені Ер Төстік демейді, жер астының еліне қадіріміз болмайды, жер үстіне жол тауып шыға алмай қаламыз,- дейді. Біраз жер жүрген соң, Шалқұйрық айтқандай, жылан Бапы ханның ордасы көрінеді. Төстік Шалқұйрықты анадай жерге қалдырып, сәлем беріп, үйге кіреді. Екі босағадағы екі қара шұбар жылан ысылдап тұра келеді. Төстік одан сескенбейді. Төр алдына бара бергенде, екі сұр жылан ысылдап келіп, Төстіктің жеңінен кіріп, қойнынан шығады, қойнынан кіріп, қонышынан шығады. Төстік олардан да сескенбейді, төрге шығып отыра береді. Бір мезгілде төсектегі екі сары жыланнң бірі үлкен кісі болады да, бірі соның бәйбішесі болады.
— Жақсы келдің, Ер Төстік! Жер астындағы ел де сені ренжітпейді, — дейді. Сұр жыланның бірі жігіт, бірі әдемі қыз болып кетеді. Олар да:
— Жер үстінің Ер Төстігі, жер астына жақсы келдіңіз. Жер астының алыптары, өнерпаздары сенің шылауыңда болады, — дейді. Босағадағы екі қара шұбар жылан екі құл болып кетеді. Төстіктің алдына келіп, қол қусырып тұрады. Төстік жылан Бапы ханның елінде ұзақ уақыт тұрады. Жылан Бапы ханның Темір хан деген ара ханы бар екен. Темір ханның қызын жылан Бапы хан сұрап, неше рет кісі жіберсе де, Темір хан қызын бермей қойған екен. Жылан Бапы хан Төстікті соған жұмсайды. Темір ханның қызын әкеліп берсе, Төстікке өз қызын беретін болып уәде қылады Төстік жылан Бапы ханға Темір қызын әкеп бермек болып жолға шығады. Темір ханның елі жеті айлық жер екен. Төстік елсізбен келе жатса, алдынан бір адам көрінеді. «Бұл не қылған адам?» — деп абайласа, әлгі адам ағаштың басында отырған екі сауысқанның құйрығын білдірмей жұлып алады да, білдірмеген бойымен бірінің құйрығын біріне қондырып қояды.
— О, неғып жүрген жансың? — деп Төстік қасына жетіп келеді.
— Жердің үстіндегі Төстік жердің астына түсті дегенге, соған жолдас болайын деп, жолын тосып жүрген адам едім, — дейді әлгі кісі.
— Төстікке жолдас боларлықтай қандай өнерің бар еді? — дейді Төстік.
— Алғанда адамға сездірмейтін асқан епті едім. Жан-жануарлардың сағы сауысқан болса, құйрықтарын ұрлап алып, бірінің құйрығын біріне кигізгенімді сезбей қалады, — дейді кісі.
— Жарайды. Ендеше, сол іздеген Төстігің мен боламын, — дейді Төстік. Екеуі жүріп келеді. Тағы елсізбен келе жатса, жолдарында бір адам көрінеді. «Неғып жүрген адам?» — деп, байқаса, киіктерді матап жүрген адам екен. Екі аяғына байлап жүрген қазандай қара тасы бар. Сол тастарымен жүріп, қашқан киіктерді құтқармайды.
— О, неғып жүрген адамсың? — деп екеуі қасына жетіп келеді.
— Жердің үстіндегі Төстік жердің астына түсті деп естіп, соған жолдас болайын деп, жолын тосып жүрген адаммын, — дейді кісі.
— Жолдас боларлықтай қандай өнерің бар адамсың? — дейді Төстік.
— Мен аяғыма шаң жұқпас жүйрікпін, ұшкан құс, жүгірген аңның менен құтылатыны жоқ. Киіктерді куғанда, өз екпініммен ағып өтіп, киікті ұстай алмайтын болған соң аяғыма қазандай қара тас байлап алып қуамын, сонда екпінім
басылыңқырап, киіктерден ағып өтіп кетпей, дәл жетіп ұстаймын. Желаяқ деген жүйрікпін, — дейді кісі.
— Жарайды. Ендеше сол іздеген Төстігің мен боламын, — дейді Төстік. Сөйтіп, үшеу болып жүріп келеді. Бұлар келе жатса, бірталай күннен кейін елсізде тағы бір адам көрінеді. «Не қылған адам екен?» — деп байқаса, әлгі кісі біресе жерге оң құлағын төсейді, біресе сол құлағын төсейді, жер астынан бір нәрсе тыңдаған сияқты болады.
— О, неғып жүрген адамсың? — деп, үшеуі қасына жетіп келеді.
— Жердің үстіндегі Ер Төстік жердің астына түсті дегенге, соньң жолдасы болайын деп, жолын тосып жүрген адаммын, — дейді кісі.
— Төстікке жолдас боларлықтай қандай өнерің бар еді? — дейді Төстік.
— Жер астының атақты тыңшысымын. Қандай жасырын әңгіме болса да тыңдап біліп аламын, менде жасырын сыр болмайды. Алыстағыны, жақындағыны түгел есітетін Саққұлақ деген ер боламын, — дейді.
— Жарайды. Ендеше сол іздеген Төстігің мен боламын, — дейді Төстік. Сөйтіп, төртеу болып жүріп кетеді. Бұлар елсіз түзде келе жатса, алыста бір тау көрінеді, ол таудың үстіне тағы бір тау шыққандай болады. Жақындап келіп қараса, бір адам тауды олай да көтеріп қояды, бұлай да көтеріп қояды. Бір тауды көтеріп, бір таудың үстіне қояды.
— О, неғып жүрген адамсың? — деп, Төстік қасына жетіп келеді.
— Жер үстіндегі Төстік жердің астына түсті дегенге соған жолдас болайын деп, жолын тосып жүрген адаммын,- дейді кісі.
-Төстікке жолдас боларлықтай қандай өнерің бар еді? — дейді Төстік.
— Жұрттан асқан алыппын. Жердің үстінде де, астында да маған шақ келетін адам жоқ, қайратым ішіме сыймаған соң, тауларды көтеріп ермек қыламын. Таусоғар деген ермін, — дейді кісі.
— Жарайды. Іздеген Төстігің мен боламын,- дейді Төстік. Бесеу болып жүріп кетеді. Бұлар жапан далада жүріп келе жатса, бір үлкен көл көрінеді. Көлдің суы қас пен көздің арасында суалып, жоқ болып кетеді де, қас пен көздің арасында шарасынан асып, ернеуі толып кетеді. Ер Төстік жоддастарымен мұның мәнісіне түсіне алмайды. «Бұл су қайдан келіп, қайда кетіп жатыр?»- деп, айнала іздейді. Сөйтсе қамыстың арасында біреу отыр, көлдің суын ұрттап қалса, жоқ болады, аузынан төгіп жіберсе, су қайта кетеді.
— О, неғып отырған адамсың? — деп, Төстік жанына жетіп келеді.
— Жердің үстіндегі Төстік жердің астына түсті дегенге, жолдас болып ерейін деп, жолын тосып жүрген адаммын, — дейді әлгі кісі. Көлдің суы қарныма жұқ болмайды, қанша үлкен дария болса да, бір-ақ ұрттайтын Көлтауысар деген ер боламын, — дейді кісі.
— Жарайды. Ендеше сол іздеген Төстігің мен боламын, — дейді Төстік. Алтау болып жүріп кетеді. Көп уақыт жол жүргеннен кейін, бұларға бір оба көрінеді. Жақындаса обаның басында жалпиған бір адам отыр.
— О, неғып жүрген адамсың? — дейді оған Төстік.
— Жердің үстіндегі Төстік жердің астына түскенін, жылан Бапы ханға келі оның қорқытқанынан қорықпай төріне щыққанын, одан Темір ханның елін іздеп шыққан жолында жер астының өнерпаздарын жинап келе жатқанын көрген соң, соған жолдас болайын деп, жолын тосып отырмын, — дейді кісі.
— Төстікке жолдас боларлықтай қандай өнерің бар еді? — дейді Төстік.
— Жер астының қырағысымын. Төстік, сенің не күйге ұшырағаныңның бәр көріп отырмын. Бар өнерім — қырағылық, жердің асты-үстінде менің көзіме қағыс жер жоқ, қандай нәрсе болса да, анықтап қарасам, бәрін де көремін, — дейді кісі.
— Жарайды. Ендеше менің жолдасым бол, — дейді Төстік. Жетеу болып жүріп кетеді.
Бұлар жеті ай жол жүріпті, Темір хан елінің отырған жеріне келсе, Темір хан елінің жұрты жатыр. Төстіктің келе жатқанын естіп, көшіп кетіп қалған екен. Саққұлақ тыңдап көрсе, Адам баспас деген жерге қонып жатқан хабар естіледі. Қырағы көз жіберіп еді, алты таудың ар жағында, жеті көлдің желкесіндегі жалпақ жартастың астына барып тығылған екен. Таусоғар жолдағы тауларды алып, көшіріп қоя салады. Көлтауысар көлдерді ұрттап суалта салады. Ер Төстік жолдастарымен көзді ашып жұмғанша Темір ханның аулына жетіп келеді. Ер Төстік келген соң, Темір хан ел жағына да кісі салып: «Қызымды қайсысының өнері асса, соған беремін», — деп хабар айтқызады. Той қылып, ел жиналады. Екі жақтың өнерін көруге жер астының қарайған халқының бәрі жиналады. Кеще ханның малға әкелген қора-қора қойының келе-келе түйесінің, үйір-үйір жылқысының бәрі де тойға сойылады. Ер Төстік жолдастарымен бір үйде отырады. Бұларды тойғызамын деп, қанша ет әкелсе де жетпейді. Тойға арналған тамақтың бәрін Көлтауысар жеп қояды. Тіпті тойғыза алмайтын болған соң, Темір хан мен Кеще хан бірігіп, бір амал табады. Төстіктердің тамағына у салып бермек болады. Саққұлақ мұны естіп отырады да, Төстікке айтады, Төстік ұрсып тамақты қайтарып жібереді. Епті Төстіктердің табағына салған уды білдірместен Кеще ханның нөкерінің табағына салып жібереді. Кеще ханның нөкері қырылып қалады. Бұдан жеңілген соң Темір хан ат шабысына шығады. Өзінің бар жүйрігін бәйгеге қосады. Ер Төстік Шалқұйрықты даярлайды. Қарақшының түбіне келген соң, Шалқұйрыққа тіл бітеді: — Егер атты өте алысқа айдаса, менің шабысым өте жылдам болады. Үш күн шапсам, бүйірім қызып, өзімді тоқтатуға шамам келмей, кетіп қалуым мүмкін. Мен келе жатқанда алдымнан арқан керіп қой. Арқан үш қабат болсын, бір қабаты кендірден болсын. Үш қабат арқанның үшеуі де үзілсе, мен саған жоқпын, ағынымды тоқтата алмай кеткенім, үшеуі де үзілмесе, мен жығылып өлемін, онда да саған жоқпын. Егер арқан жартылай үзілсе, мен тоқтаймын, жығылып қалсам да, жаным қайтадан кіреді, күдер үзбе, — дейді. «Ер Төстіктің жалғыз шолағы бір жерде зарығып өліп қалсын!» — деп, Темір хан атты бір жұмалық жерге айдатады. Балуан күресі басталады. Таусоғарға балуан шақ келмейді. Жер астының алыптарының бәрі жығылып бітеді. Күресуге кісі шықпаған соң, Таусоғар бір тауды көтеріп алып, жұртқа күшін көрсетеді. Темір хан мен Кеще хан қатты сасып:
-Тауды біз жаққа қоя көрмесін! — деп Төстікке жалынады. Төстік тауды орнына қойғызады. Бір жеті өткен соң, бәйге аттары қайтып оралады. Жұрт қарақшының түбінен аттарын күтеді. Бір мезгілде алыстан бір шаң көрінеді, шаңның ішінен жақындай келе бір қара көрінеді. Шалқұйрық екенін танып, Ер Төстік үш қабат арқан кереді. Шалқұйрық құйынша заулаған бетімен арқанға келіп жоқ болады. Қараса, Шалқұйрық жығылған екен. Шалқұйрық талып түсіпті. Сонда Төстік:
Үш жаның бар еді, екеуі шықса да, бірі қалған шығар, тұр, Шалқұйрық! Тіріл, Шалқұйрық! — депті. Сол уақытта Шалқұйрыққа жан кіріп, оқыранып түрегеледі. Басқа аттар бірнеше күннен кейін келеді. Темір хан мен Кеще хан балуан
және ат бәйгесінен жеңіліп, не қыларын білмей, сасады. «Енді жаяу жарыс салып көрейік», — дейді. Жаяу жарысты бір күндік жерден жібермек болады. Ер Төстік Желаяқты қосады. Жүйріктер бір күн жүріп барып, барған жеріне қонып, ертеңіне ертемен жарысьп қайтпақ болады. Темір хан жүгіргіштердің ішіне бір мыстан кемпірді қоса жіберген екен. Барып қонған жерінде сол мыстан Желаяққа:
— Шырағым, шаршадың ғой. Деміңді алып ұйықта, жарысарда өзім оятамын, — деп оны алдап ұйықтатып тастайды. Желаяқ мыстан кемпірдің сөзіне нанып, қаннен-қаперсіз ұйықтап жата береді. Бір мезгілде оянса, шекесінен күн өтіп барады. Түс болып қалған екен, жүгіргіштер әлдеқашан кетіп қалыпты. Кемпірдің алдағанын біліп, Желаяқ санын бір-ақ соғып, тұра жөнеледі. Жерден бір уыс топырақты ала жөнеледі. Құстай ұшып, құйындай ұйытқып келе жатса, жаяулар да қарақшыға жақындап қалған екен, ең алдында мыстан кемпір бара жатыр екен. Желаяқ өте беріп уысындағы топырақты мыстан кемпірдің көзіне шашып кетеді. «Алда ғана шешек-ай, мықтадың-ау», — деп кемпір көзін уқалап қала береді. Сөйтіп, жаяу бәйгесінде Ер Төстік жеңеді. Темір хан енді қайтадан той жасап, қызын жылан Бапы ханға ұзатпақ болады. Темір ханның ернеуі қырық құлаш үлкен қазаны терең көлге түсіп кеткен екен. «Нағыз ер болса, соны алып берсін», — деп ол Ер Төстікке кісі салады. «Көлдің суын құрт!» — деп Төстік Көлтауысарды жұмсап еді, қанша ұрттаса да, көлдің суы Көлтауысардың ұртына сыймайды. Судың үштен бірі қалғанда Көлтауысардың ұрты суға толып бітеді. Сонда Шалқұйрыққа тіл бітіп: «Қазанды мен сүңгіп алып шығамын», — деп рұқсат сұрайды. Ер Төстік рұқсат етеді. Шалқүйрық: — Мен суға сүңгігенде, ақ көбік шықса — жақсы болғаны, қуана бер, аман-есен қазанды алып шыққаным. Қызыл көбік көрінсе — жаман болғаны, алып шыға алмай, су астында қалып қойғаным, — дейді. Шалқұйрық суға сүңгіп кетеді. Көпке дейін ешнәрсе білінбейді. Бір мезгілде ақ көбік көрінеді. Ер Төстік қуанады. Оның артынан ұзамай қызыл көбік көрінеді. Ер Төстік шошынып, зарлана бастайды. Ер Төстік зарланып тұрғанда, Шалқұйрық дәу қара қазанды құйрығына орап, су үстіне шыға келеді. Шалқұйрыққа тіл бітіп сөйлейді:
-Су өте терең екен, түбіне зорға жеттім, қазанды зорға таптым. Сонда ақ көбік шықты. Қазанды көтеріп шығу қиын болды, тістеп едім, шығара алмадым. Сонда қызыл көбік шықты. Құйрығымды ұзартып қазанды орап алып, зорға шықтым,- дейді.
Шалқұйрықтың аман-есен шыққанына Темір хан елі қатты сүйсінеді. Темір хан Ер Төстіктерге арнап үлкен сарай салдырып, құдаларды сонда кіргізеді. Құдалардың кіруі-ақ мұң екен, есік сарт етіп жабылып қалады. Сарай тұтас темірден салынған екен. Аузын мықтап құлыптап тастап, сыртынан тау-тау қылып отын үйеді де, от жағып өртей бастайды. Сарай қызуға айналады. Сарайдың ішіндегі Төстік жолдастарымен күйетін болады. Таусоғар орнынан тұрады да, сарайдың есігін теуіп жібереді. Есік шалқасынан түседі. Көлтауысардьң бір ұртында бір көлдің суы бар екен, бүркіп жібергенде, айналасындағы өрттің бәрін сөндіріп тастайды. Темір хан мен Кеще ханның айласы әбден құриды. Ер Төстікке қызын беріп, жылан Бапы ханның еліне қарай шығарып салады. Сөйтіп, Ер Төстік жылан Бапы ханға қайтады. Қайтып келе жатқанда, жолдан ерген алты жолдасының бәрі де баяғыда өздерінің кезіккен жерлерінен әрі жүрмейді. «Бұдан әрі баруға біздерге жол жоқ»,- деп, олар Ер Төстікпен қоштасып қала береді. Ұзақ жүріп, Ер Төстік жылан Бапы ханның еліне келеді. Айтқанын істеп келген соң, ол Ер Төстікке өте разы болады, өзінің қызын береді, және: «Не қалайсың?»- деп Төстіктен сұрайды.
Төстік: — Жер үстіне шығамын, еліме қайтқым келеді,- дейді. Жылан Бапы хан Төстіктің тілегін орындап, қызын беріп және қаншама жолдас қосып, жер үстіне қарай шығатын есікке қарай шығарып салып, қош айтысып қала береді. Жер үстіне шығатын есікке дейін алты айлық жол екен. Жолдың ауырлығына шыдамай, жылан Бапы ханның қызы жөне жолдастарының бәрі қырылып қалады, жалғыз-ақ Күңке деген бір күңі мен Шалқұйрық, Ер Төстік үшеуі аман қалады. Үшеуі шаршап бір бұлақтың басына келіп жатады. Бұлақтың басында бір үлкен бәйтерек тұрады.
Бір мезгілде сол бәйтеректің басынан шуылдаған зарлы дауыс естіледі. Қараса, шуылдаған балапандар екен. Ер Төстік садағын алады да,өрмелеп бара жатқан айдахардың екі көзінің арасынан дәлдеп тартып қалады, айдаһар жерге сылқ ете түседі.
Айдаһардың жерге құлап қалғанын көрген соң, балапандар шошуын тоқтатады. Ер Төстік бір дауыстан шошып оянса, қатты дауыл тұрған екен, дауылдың артынан бұршақ аралас жаңбыр жауады, жаңбырмен қабат суылдаған дауыс естіледі, соның артынша ұзамай-ақ бір алып қара құс көрінеді. Алып қара құс суылдаған бетімен бәйтерекке келіп қонғанда бәйтерек майысып, сынып қала жаздайды. Бұл алып қара құс — самұрық екен. Самұрықтың үлкендігі сондай, жайып жібергенде, бір қанатының өзі бір айлық жерді алып кетеді екен. Қонысымен самұрық бәйтеректің түбіндегі Ер Төстікті бүруге тап береді, бірақ балапандары шыр-шыр еткен соң тоқтайды. Самұрықтың екі басы бар екен: бір басы адамдікіндей, бір басы құстікіндей екен. Самұрықтың адам басы Ер Төстікке тіл қатады:
— Ей, адам, бұл жерге не жұмыспен келдің? Менің балапандарымды аулай келді бе? Бұл жерді адам басқан емес, бүл — менің мекенім, — дейді. Оған Ер Төстік:
— Мен жер үстінің Ер Төстігі едім, сенің мекеніңе адасып келдім, балапандарыңа қастық ойлаған жоқпын, ана жатқан айдаһардан айырып алдым. Нанбасаң, өздерінен сұра, — дейді. Балапандар Ер Төстіктің жасаған жақсылығын жасырмай айтып береді. Сол арада алып қара құс Ер Төстіктің аяғына жығылып, онымен айрылмас дос болады. Алып қара құс жылына бір-ақ рет балапандайды екен. Содан кейі балапандарына жем іздеп алысқа кетіп, бір айда бір-ақ қатынап, қайтуға мұршасы келмей жүреді екен. Алып қара құстың сол кеткенін аңдып жүріп, сол маңдағы бі айдаһар жыл сайын балапандарын жеп кетеді екен. Алып қара құс содан запы болып қайтқанда: «Балапандарым аман болса екен», — деп жылап қайтады екен. Бағанағы дауыл — асығып ұшқанда алып құстың қанатынан тұрған жел екен, жаңбыр — соның жылаған көзінің жасы екен. Өзі жем іздеген сапарынан қайтқанда балапандарын аман көргені осы жолы-ақ екен. Алып қара құс Ер Төстікпен дос болған соң: «Не қалайсың?» — деп сұрайды. Ер Төстік басынан кешкен әңгімесінің бәрін айта келіп, адасып жүргенін, енді жер үстіне шыққысы келетінін айтады. Алып құс Ер Төстікті қанатына мінгізіп ұшып, тар тесіктен өткізіп жер үстіне шығарады. Қоштасарда Төстікке бір тал қауырсынын үзіп береді.
— Денемдегі ерекше қасиеті бар жалғыз тал қауырсыным осы еді. Қысылған жеріңде, осы қауырсынды тұтатсаң, даяр боламын, қандай қысымшылықта болсаң да, құтқарып аламын. Егер де оны жоғалтып алсаң, менен жәрдем күтпе, — дейді.
Жер үстіне шыққан соң, Ер Төстік күннің қызуына балқып, ауыр ұйқыға кетеді, еш нәрседен қауіпсіз жата береді. Ер Төстікті жалмауыз кемпір ұстай алмай қалған соң, перінің қызы Бекторы ашуланып, кемпірді буындырып өлтірген екен. Кемпірден Шойынқұлақ деген бала қалған екен. Бекторы соған Ер Төстіктің шығатын жерін күзеттіріп қояды.
-Ер Төстік жер астында қалмайды, жердің бетіне қашан болса, әйтеуір, бір шығады, сол шыққанын андып отырып, ұстап ал. Егер ұстай алмай қалсаң, менен жақсылық күтпейсің, — дейді. Шойынқұлақ содан бері Ер Төстікті күзетумен болған екен. Жер үстіне шығып, ұйықтап жатқан Төстікті ұстап, қол-аяғын байлап алып, Бекторыға әкеліп береді. Бекторы Ер Төстікті зынданға салып тастайды да, Күңкені Шойынқұлаққа қосады, Шалқұйрықты бекітіп ұстайды. Сонымен Ер Төстік ұзақ уақыт зынданда қалып қояды. Шойынқұлақтан жүкті болып, Күңке бір бала туып алады. Шойынқұлақ Шалқұйрықты мініп аң аулайды. Шалқұйрықты бекітуге тұсау шақ келмейді. Бір күні Шойынқұлақ аңнан қайтып, Шалқұйрыкқа тұсау таба алмаған соң, оны өзінің қырық құлаш қайыс белбеуімен тұсайды. Қайыс белбеудің бір жағы шешіліп кетеді. Аяғы босаған соң, Шалқұйрық шауып отырып, Төстік жатқан зынданның басына келіп, тұяғымен жер тарпып тұрады. Сөйткенде, белбеу Ер Төстік жатқан құдыққа түсіп кетеді. Белбеуінде Шойынқұлақтың шақпағы бар екен. Төстік сол шақпақпен алып қара құс берген қауырсынды тұтатады. Қауырсын тұтанысымен-ақ, алып қара құс жетіп келеді; қанатына мінгізіп, құдықтан шығарады, қол-аяғын шешіп береді.
— Қолымнан келген жақсылығым осы, досым, Шойынқұлаққа әлім келмейді. Себебі оның жаны өзінде болмайды, жанын ол ешкімге біддірмей өзінен бөлек бір жерде сақтайды. Қайтсең де соның жанын тауып ал, жанын таппасаң, құтыла алмайсың,-дейді де, қоштасып кетіп қалады. Төстік Шалқұйрыққа мініп, Шойынқұлақтың үйіне келеді. Келсе, Шойынқұлақ Шалқұйрықты іздеп кеткен екен. Күңке Төстікке жылап көріседі, көрген қорлықтарының бәрін шағып: «Шойынқұлақтан құтқар», -деп жалынады. Ер Төстік Күңкеден Шойынқұлақтың сырын түгел сұрап біледі. Шойынқұлақ баласын өте жақсы көреді екен, баласынан аяйтыны болмайды екен. Соны білгеннен кейін Төстік Күңкеге мынаны айтады:
— Кешке Шойынқұлақ келеді, келгеннен кейін тамаққа әбден тойғызып жатқыз, көзі ұйқыға бара берген кезде, баланы қайта-қайта шымшып, жылата бер. Шойынқұлақ: «Бала неге жылайды?» — десе, балаң: «Мен Шойынқұлақтың баласы емес, Ер Төстіктің баласы болсам керек. Егер Шойынқұлақ менің нағыз әкем болатын болса, жанымды жанына қосқызып қоятын еді. Жанының қайда екенін маған әлі айтқан жоқ, — деп жатыр. Басқа еш нәрсе айтпа, — дейді. Сөйтеді де, Ер Төстік баланың бесігінің астын қазып алып, жасырынып жатады. Кешке Шойынқұлақ келеді. Ер Төстік айтқандай, Күңке оны тамаққа тойғызып жатқызады. Жатқан соң баланы жылата бастайды. Баланы әлдилеп уатқан болып отыра шымшып жылата береді. Шойынқұлақ:
— Балам неге жылайды, сұрашы? — дейді.
Күңке баланың жылағанын сұраған болып, Шойынқұлаққа жауап қайырады:
— Балаң: «Мен Шойынқұлақтың баласы емес, Ер Төстіктің баласы болсам керек. Егер Шойынқұлақ менің шын әкем болса, жанымды өз жанына қосқызып қояр еді. Қосу былай тұрсын, жанының қайда екенін де осы күнге дейін маған айтпай жүр. Ер Төстік болса жанының қайда екенін әлдеқашан айтып берер еді, соған жылаймын», — дейді балаң, — деп Шойынқұлақты нандырады.
— Балам былшылдамасын! Оның әкесі — Төстік емес, мен, оған менің жаным керек болса, оңаша жерде айтып беремін, — дейді Шойынқұлақ. Сөйтеді де, Күңкені үйден шығарып жіберіп, Шойынқұлақ баласының бесігіне келіп, құлағына сыбырлап жанының қайда екенін айтады.
— Жаным алыста, оны өзіммен бірге сақтаймын. Борықты бұлақтьщ басында қырық елік жүреді, соның ішінде қайқы қаракер елік бар, қайқы каракер еліктің ішінде тоғы қара сандық бар, сол сандықтьң ең кішісінің ішінде тоғыз балапан бар, сол тоғыз менің жаным болады. Осыны біліп қой. Жаның кеудеңе сыймай бара жатса, соған апарып қоса сал, бірақ өзіңнен басқа жан сезуші болмасын, сезуші болса, сен де, мен де тірі қалмаймыз, — дейді. Содан кейін ол орнына барып жатып қалады.
Шойынқұлақтың жанының қайда екенін біліп алғаннан кейін Төстік салып отырып Борықты бұлақтьң басына келеді. Еліктердің су ішетін суатын аңдып, жасырынып жатады. Күн шаңқай түс болған мезгілде қырық елік Борықты бұлақ қайдасың деп салып келе жатады да, суатқа жақындаған кезде осқырынып тұра қалып, қайта жөнеледі. Күн ысыған сайын еліктер суға беттеп келеді де, жақындаған мезгілде осқырыньш, тұра қалып, жалт беріп, қайта жөнеледі. Ұзап кетеді де, шөлге шыдамай, суға қайта ойысады бірақ суатқа жақындамайды, үркіп, осқырынып тұра қалады. Әлден уақытта еліктер бір-бірімен сөйлесе бастайды. Біреуі: «Су басында бір бөтен иіс бар», — дейді. Енді біреуі: «Адам иісі секілді», — дейді. «Шойынқұлаққа қастық ойлаған біреу шығар?» — дейді. Әсіресе қайқы қаракер елік, өзгесінен оқшау, артында жүреді. Еліктер әлгіде сөзге келгенде, ол қаша жөнеледі. Сонда Ер Төстік үн беріп, мынаны айтады: Жан серігім, қырық елік,
Жаным сенде, қырық елік.
Жасымнан болдың жан серік …
Мен Шойынқұлақпын, — дейді. Содан еліктер қашпай, суды жағалай бастайды.Суаттан жапырласып су ішуге бас қояды. Арт жағынан қайқы қара елік те бас қояды. Еліктер өте шөлдеп қалған екен, суға тойып, қарындарын қампитып қайқайып шыға келеді. Әсіресе қайқы қараның қарны жер сызып, суаттан шыға берген кезде, Төстік қарнын дәл көздеп, садақты тартып қалады, қарны ақтарыла тоғыз қара сандық жерге сау ете түседі. Ең кішісін ұстай алып, Төстік ашып жіберсе, іші толған балапан, шүпір-шүпір етеді. Санап жіберсе, тоғыз екен, Сегізінің мойнын жұлып алып: «Шойынқұлақты шала-жансарында бір көрейін», — деп, соның үйіне тартады. Шойынқұлақтың үйіне жақындағанда, Күңке алдынан шығады. — Шойынқұлақ қалай? — деп сұрайды Төстік. — Шойынқұлақ әлсіреп жатыр, — дейді Күңке. Келсе, Шойынқұлақтың көзі зорға қимылдайды, болар-болмас қана демін алып жатыр екен. «Е, батыр, қалайсың, деп, Ер Төстік мазақтап жақындай бергенде, Шойынқұлақтың қолы Ер Төстіктің жағасына шап ете қалады. Екеуі алыса кетеді. Төстік: «Оп-оңай-ақ жерге шаншып тастаймын ғой», — деп ойлап еді. Шойынқұлақ әл бермейді. Енді біраз алысқан Шойынқұлақтың күшейіп бара жатқандығы байқалады. Төстік буынып қара терге түсіп, әлі кетіп бара жатады. Төбесінен тау басқандай денесін темір тор шырмаған болып көрінеді. Сол мезгілде Төстік Күңкеге жалынады. Күңке жүгіріп келіп, Төстіктің қойнындағы сандықты жұлып алып, ашып көреді. Қараса, балапандар жыбырлап көбейіп қалған екен, мойындарын жұлып-жұлып алғанда, Шойынқұлақ сылқ етіп құлай кетеді. Төстіктің сандықпен қойнына тығып әкелген бір балапаны сегіз балапан болып қалған екен. Енді біреуі тірілсе, Шойынқұлақ мүлде әл бермей кетпек екен. Балапандардың мойны түгел жұлынған соң, Шойынқұлақтың баласы бесігін шықыр-шықыр еткізіп, бірдеме деп сөйлеп жатады. Төстік құлақ салып тыңдаса:
— Қап, бәлем, Төстік, саған қылмасам, әкем Шойынқұлақтың құнын алмасам! — деп шіреніп-шіреніп қояды. Сол арада Төстік оның қол-аяғын байлап, бесік-месігімен суға тастап жібереді. Сөйтіп, Бекторының жалмауызынан әбден құтылып алады да, Ер Төстік елін іздеп тарта береді. Ер Төстік жер астына түскеніне көп жыл болады. Елде күдер үзіп қояды. Жалғыз ғана Кенжекей: «Ер Төстік бір келер»,- деп дәмелі болып жүреді. «Құба інген қашан боталар екен? Ер Төстіктің не өлген хабары, не келген хабары қашан білінер екен?»- деп соны күтумен болады. Бір күні Кенжекей ертемен тұрса, Құба інген жоқ. «Бошалап кетпесе игі еді!»- деп, Кенжекейдің жүрегі су ете қалады. Жан-жақтан жүгіріп Құба інгенді іздейді, іздеп жүріп зарлап жүреді. Құба інген бір сайда боталайын деп жатыр екен. Ар жағынан ақсақ боз атқа мінген бір ақсақалды шал көрінеді. Құба інген боталап жатқанда Кенжекейдің беліндегі торғын орамалы шыр айнала тарқатылып, жазыла береді. Кенжекей: «Енді Төстік өлген екен. Тірі болса, әлдеқашан бір хабар болар еді»,- деп ойлап, жылап отырады. Ақсақал шалдың астындағы боз ат кісінеп қоя береді. Кенжекей аттың кісінегенінен оның Шалқұйрық екенін таниды. Кенжекей мен Құба інген екеуін Ер Төстік те таниды. Сол арада амандасып, мәз болысып қалысады. Бәрі де баяғыдағы айырылған күндегі қалыптарына келіп, қайтадан жасарады. Ер Төстік жас жігіт, Кенжекей жаңа түскен келіншек, Шалқұйрық бесті ат қалпына келеді. Одан кейін ұзақ жылдар өмір сүріп, мақсаттарына жетеді.