ҒҰМЫРЫН ШӘКІРТ ТӘРБИЕСІНЕ АРНАҒАН
Шымкент қаласында 37 жылға жуық уақыт бір мектептен тапжылмай қызмет етіп келген ұстаз бар. Ол Қ.Сыпатаев атындағы №7 ІТ мектеп-лицейінің география пәнінің мұғалімі Майса Ахмет. Шәкірттеріне картадан еліміздің өзені мен таулары, табиғатын таныстырып, ғылымға жетелейтін ұстаздың жүріп өткен еңбек жолында жеткен жетістіктері аз емес. Ғұмырының қырық жылға жуық уақытын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ардақты ұстаз бүгінде Республикалық география қоғамының мүшесі.
Майса Адиқызы 1984 жылдан бастап қаладағы №7 мектепте география пәнінің мұғалімі қызметін атқарып келеді. «Ұлағатты ұстаз» және «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері. 2018 жылы «Түркі тілдер елдер география» Республикалық басылымға ғылыми еңбегі жарық көрсе, 2019 жылдан М.Әуезов атындағы ОҚМУ география мамандығы бойынша бітіруші студенттерге жоғары дәрежеде коучинг сессиялар өткізіп келеді.
2019 жылы «Мәңгілік ел – қазақ елі» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында М.Ахметке «Жыл маманы» атағы берілді. Ал 2020 жылы Республикалық «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасының І дәрежелі Дипломы табысталды. Дәл сол жылы Республикалық «География» пәні бойынша Блиц-турнирінде І орыннан көрінді.
Ұлағатты ұстаз тәрбиелеген оқушылар білімнің биік тұғырынан көрініп, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпазы болған. 2019 жылы ХХІІ республикалық студенттік конференциясында ғылыми жоба байқауында оқушысы І дәрежелі диплом иеленді. Өткен жылы «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының жалпы пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасында шәкірттері І дәрежелі Диплом жүлдегері атанды.
Ұзақ жылдар бойы еткен ерен еңбегінің арқасында бүгінде Майса Адиқызы елдің құрметіне бөленген. Бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардақты ұстаздың еңбек жолы жас ұрпаққа үлкен өнеге болып отыр.