ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДАЛАРДЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ 4,4 МЛН ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН СЫЙАҚЫ АЛАТЫН БОЛАДЫ
Халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары біржолғы ақшалай сыйақы алатын болады. Алтын медаль иегерлері 1500 АЕК, күміс – 1000 АЕК, қола – 500 АЕК көлемінде сыйақы алады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Біржолғы ақшалай сыйақы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын дайындаған педагог-тәлімгерлерге де беріледі.
«Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын қолдау мақсатында конкурсқа қатыспай-ақ жоғары оқу орындарына түсу үшін грант тағайындау мәселесі заңнамалық түрде реттелетін болады. Сондай-ақ Халықаралық зияткерлік олимпиадаларға қатысушыларды ынталандыру және қолдау үшін алтын медаль иегерлеріне 1500 АЕК, күміс – 1000 АЕК, қола – 500 АЕК көлемінде сыйақы тағайындау жоспарланып отыр», – деді Асхат Аймағамбетов.
Осы шараларды жүзеге асыру үшін «Білім туралы» ҚР Заңына толықтырулар енгізілетін болады. Атап айтқанда, жалпы білім беретін пәндер бойынша Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, олардың жаттықтырушыларын көтермелеу қағидаларын бекіту Білім және ғылым министрлігінің құзыретіне кіретін болады.
Айта кетейік, биыл ірі халықаралық жарыстарда оқушылар 26 медаль жеңіп алып, рекордты жаңартты. Атап айтсақ, білім алушылар ел қоржынына 2 алтын, 13 күміс және 11 қола медаль салды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында дарынды балаларды жан-жақты қолдауды тапсырған болатын.