Білім

МАРК ТВЕН:ТОМ СОЙЕРДІҢ БАСЫНАН КЕШКЕНДЕРІ

МЫСЫҚ ЖӘНЕ САУЫҚТЫРУШЫ

Томда жаңа үлкен қауіп туды: Бекки Тэчер мектепке келуді қойды. Осы қауіп пен мазасыздық оны бұрынғы өзінің тыныштығын кетірген құпиядан көңілін аударды. Том бірнеше күн бойы өзін тәкаппар ұстап, Беккиді басынан шығарып-ақ тастағысы келді, бірақ ештеңе шықпады. Ол күнде кеш сайын Беккидің үйін айналып жүгіретін болды және өзін ылғи бақытсыз сезінетін еді. Қыз ауырып қалды. Ол өліп қалса ше? Бұл ой Томның әбден есін шығарды. Ол әскери қырғындармен айналысудан да қалды, тіпті теңіз қарақшылары да қызықтыруды қойды. Өмірге қызығу жайына қалды, қайғыға батып, тұнжырады да жүрді. Ол таяқты да, дөңгелекті де тастады; олар Томды бұрынғыдай қызықтырмады. Қауіптенген апайы оны түрлі әдістермен емдей бастады. Полли апай арнайы рұқсатпен дайындалатын ем-домдарды, одан басқа да әдістерді кереметтей құрмет тұтатын адамдардың қатарына жататын. Шаршамай, шалдықпай неше түрлі медициналық тәжірибелер жасауға құштар еді. Бұл салада жаңа бір нәрсе шыға қалса, сол жаңалықты тексеріп көруге апай әзір тұрады — өзіне емес, әрине, өйткені ол ешқашан ауырып-сырқамайтын — қолына кім түссе, соған тәжірибе жасауға дайын. Ол медициналық үлкен-кіші журналдардың бәрін, жалған оқымыстысымақтар шығаратын кітапшаларды жаздырып алатын және олардың ішіндегі толған мылжың мақалалар оған балдан да тәтті көрінетін. Олардың төсекке қалай жатып, қалай тұру керек, қандай киім кию керек, не ішіп, не жеу керек, көңілді қалай көтеру керек, бөлменің ауасын қалай тазарту керек деген сандырақтарын апай нағыз ақиқат деп қабылдайтын және өткен сандағы айтқандарын журналсымақтың бұл санында қарама-қарсы қағида жазылғанын байқамайтын. Ол ақкөңіл және қарапайым кісі және осынысынан әлгі жазғыштардың илеуіне түсіп қалатын. Апай осындай жалған оқымыстылар шығарған журналдардың бәрін жинап, адамды өлтіріп тынатын неше түрлі шөптерді жинайтын. Егер көршілерінің оны сауықтырушы періште деп, не «ханан бальзамы» деп қабылдамайтынын өзі білсе ғой.

Ол сумен емдеу модаға еніп жатқан кез болатын, Томның жай-күйі дәл келіп тұр. Апайы оны таңсәріде төсектен тұрғызып, ағаш сарайға апаратын, мұздан да суық суға шомылдырып, кірпінің инесіндей қадалатын орамалмен оның денесін ысқылайды, содан соң ылғи жаймамен орап, оның сыртынан қара терге түсу үшін көрпе жабатын, сонда байғұс бала ақ тер, көк тер болып, өзінің сөзімен айтқанда «жаны шыға жаздап» жататын.

Осындай ем-домға қарамай бала қуарып жүдей берді және түрі қайғылы жандай көрінетін. Апайы бұрынғы еміне енді ыстық ванна, отыратын ванна, суға шомылу секілді емдерді қосты. Бірақ бала оңалмады. Сумен емдеу әдістеріне қоса апай оған сұлы көже ішкізе бастады. Бұдан өзге неше түрлі шөптердің қайнатқан қосындысын ішкізді.

Том барлық азапқа көнді. Баланың қалай болса солай қарағаны кемпірге күдік туғызды. Енді не де болса Томды осы күйінен айықтыру керек деп ойлады апайы. Осы кезде ол жаңадан шыққан ем — «сауықтырғыш» деген дәрі жайлы естіді де, көп етіп сатып алды. Өзі татып көріп еді, қуанып кетті: сұйық күйіндегі от секілді. Кемпір сумен емдеуді доғарды, басқа дәрілерден де бас тартты, бар үміті — жаңа емде болды. Ол Томға шай қасықпен дәріні берді де, жүрегі толқып қорытындысын күтті.Оның мазасыз көңілі тез басылып, жаны жай тапқандай болды, өйткені Томның көңіл-күйі сол сәтте өзгеріп сала берді. Егер баланы ыстық көмірге отырғызса, оның дәл мұндай көңілі көтерілмес еді.

Том өткеннің бәрін қойып, жан дүниесін ұйқыдан оятатын кез келді деп шешті. Қазіргі күйі өзінің қайғылы көңіліне сай келгенмен, жанына азық болатын ештеңе жоқ. Ол осы көңілсіз күйінен арылу үшін жаңа әдіске көшуді ұйғарды: «сауықтырғыш» дәрі бұған өте жақсы әсер еткендей болып көрінуге тырысты: ол дәріні тағы да бер деп қайта-қайта сұрай берді, ақыры кемпір әбден жалықты да, қашан ішкің келсе, өзің ішесің деді де, өзі қадағалауын тоқтатқан болды. Сид болса, мазасызданбас еді, бірақ мәселе Томға байланысты болғасын, апай дәрі құйылған шыны шөлмекті еппен бақылап жүрді. Әрине, шөлмектегі сұйық күн сайын азая берді, бірақ Том өзін емдеп емес, қонақ бөлменің еденіндегі тесікке құйып азайтып жүргені апайдың миына кірген емес.

Бір күні Том күндегі әдетімен еденнің тесігін емдеп жатыр еді, оның жанына апайының сары мысығы жетіп келді де, мияулап, дәрі құйылған темір қасыққа ашқарақтана қарады, шамасы «маған да бер» деп тұрғандай.

— Ой, Питер, ішкің келмесе, сұрамай-ақ қой!

Питер ішкісі келіп тұрғанын сездірді.

— Байқа, қателесіп жүрме… өкінесің…

Питер қателік болмайтынына сенімді екенін айтты.

— Жарайды, сұрап тұр екенсің — беремін, сараң емеспін, бірақ абайла: ұнамаса, өз сорың өзіңе.

Питер бұл шартқа келісімін білдірді. Том оның аузын ашып, «сауықтырғыш» дәріні құйды. Питер аспанға атылып, сосын әскер қолбасшысының бұйрықты үніндей дауыс шығарды, бөлме ішін айналып жүгіріп, жиһазға шықты, одан гүл салатын құмыраларды құлатып, үйдің астан-кестеңін шығарды. Содан кейін ол артқы екі аяғына тұрып алып үйді басына көтере бақырып, еден үстінде билей бастады. Сосын тағы үй ішінің тас-талқанын шығарып, бөлмеде жүгірді. Ол жоғары секіріп, бірнеше рет ауада «аунап алды да, ең соңғы көрінісі — «Ура» деп айқайлаған күйі алдында тұрған гүл салғыштарды қирата терезеден секіріп жатқан сәтте, Полли апай кіріп келді. Кәрі ханым көзілдірігінің үстінен бөлмені шолып, таңданғаннан қатты да қалды, ал Том күлкіден шегі қатып еденде домалап жатыр.

— Біздің мысыққа не болды?

— Білмеймін, тәте, — деуге Томның тілі әрең келді.

— Өмірімде мұндай кереметті көрген емеспін! Ол неге құтырып кетті сонша?

— Шын айтам, Полли тәте, білмеймін. Мысықтар қуанғанда осылай аунайды.

— Шынымен бе?

Полли апайдың үніндегі қауіптендіретін бір нәрсе Томды сескендірді.

— Иә, ім. Яғни мен былай ойлаймын.

— Қалай ойлайсыз?

— Иә, ім…

Кемпір еңкейді. Том әрі қызығып, әрі қауіптеніп оның әрбір қимылын бақты, бірақ оның не істегелі тұрғанын тым кеш ұғынды. Төсектің жанындағы кілемшенің шетінде ұстап беретін айғақ жатыр — шай қасық. Полли апай қасықты алып, Томның төбесіне былғаңдатып біраз тұрды. Том селк етті де, жерге қарады. Полли апай қасықты әдеттегідей сабынан ұстап көрді де, оймағымен Томның шекесін нұқыды.

— Ал, мырза, түсіндіріп көріңізші, тілсіз бейшараны неге сонша азаптадыңыз?

— Мен оған жаным ашығаннан бердім… өйткені оның тәтесі жоқ.

— Тәтесі жоқ! Не деп сандалып тұрсың, ақымақ! Тәтесі несі тағы?

— Қалай тәтесі несі?!Оның тәтесі болса, ол мысықтың бүкіл ішек-қарынын аяусыз күйдірер еді!..

Полли апай ыңғайсызданып қалды. Оның емі енді өзіне де басқа қырынан көрінгендей болды: мысыққа жасалған қатыгездік балаға жасалғанын сезінді. Оның жүрегі жұмсарып, өзі ұялды, көзінен жас шықты, алақанын басына қойып, жылы сөйледі:

— Мен бәрін сенің пайдаң үшін жасадым ғой, Том. Бұл саған пайда әкелді.

Том оның бетіне қарады. Тек оның езуіне мысқыл күлкі жасырынып тұрды.

— Сіздің маған тек жақсылық тілейтініңізді білемін, тәте. Мен де Питерге жақсы болсын дедім. Бұл оған да пайда әкелді. Мен оның бұлай билегенін көрген емеспін…

— Жарайды, жарайды, Том, мені ашуландырма. Өзіңді дұрыс ұста.

Ақылды бол, бұдан былай саған ешқандай дәрі бермеймін.

Том мектепке сабақ басталмастан бұрын келді. Бұрын байқалмайтын мұндай оқиға соңғы кезде күнбе-күн болып жүргенін жұрттың бәрі байқады. Бүгін де ол жолдастарымен ойнаудың орнына соңғы кездегі күндегі әдетімен мектеп алаңындағы қақпа маңынан кетпей қойды. Ойынға шақырғандарға ол сырқаттанып жүрмін деген дәлел айтатын және өзі де ауру адамға ұқсайды. Ол өзінше айналаға қарап тұрған секілді көрінгенмен, шынында үнемі жолға қарап тұрғанын байқау қиын емес еді. Алыстан Джефф Тэчердің көрінуі мұң екен, Томның жүзі жарқырап кетті, бірақ сәлден кейін-ақ оны қайғы басқандай жабырқады. Джефф қақпадан кіргенде Том қасына жүгіріп барып, Бекки туралы әңгімеге тартқысы келіп еді, түсінігі кемдеу сот оның ықыласын сезбеді. Том сонау жақтан етегі желмен желбіреген көйлегі көрінер деп үміттенгенімен, Бекки көрінбеді. Енді ешқашан көйлек көрінбейтін болды. Ол көңілсіз және ойлы қалпында қаңыраған класқа кіріп, өзінің орнына қайғы шегуге отырды. Осы кезде қақпа маңынан тағы бір көйлек көрінді, Томның жүрегі зу ете түсті. Сәт болмай — ол есік алдында алаңда тұрды, үнділік секілді жынданды: айқайлап, қарқылдай күліп, балалардың соңынан қуып, тіпті өміріне қауіпті болса да, шарбақтан секіріп, жерге аунап, басымен жүріп — бір сөзбен айтқанда неше түрлі батырлық жасады және Бекки көріп тұр ма екен деп ылғи сол жаққа қарай берді.

Алайда қыз мұның бәріне титтей де көңіл аудармады, ең болмаса бір рет қараған жоқ. Неліктен ол Томды байқамады? Том енді оның маңайына жақындап, өзінің ерліктерін көрсете бастады. Қыздың айналасына жүгіріп, ұрандап айқай салды, тіпті біреудің бас киімін жұлып алып, мектептің төбесіне лақтырып жіберді, бір топ балаға ұрынып, жан-жаққа таратып жіберді, өзі Беккидің алдына келіп шалқасынан құлай кетті де, қызды қағып кете жаздады. Қыз бұрылып:

— Тфу! Кейбіреулер өзін жұрттың бәрінен артықпын деп ойлайды да, әтешке ұқсап секеңдейді де жүреді…— деді теріс қараған күйі.

Томның екі беті қып-қызыл болып кетті. Ол жерден тұрып, басы салбыраған күйде кетіп бара жатты.

Он үшінші тарау

ҚАРАҚШЫЛАР ЖЕЛКЕН КӨТЕРДІ

Том үзілді-кесілді шешім қабылдады.Оның жан дүниесінде үміт сәулесі жоқ, тек қараңғылық. Ол: «Мен жалғызбын, бәрі мені тастап кетті, дүниеде ешкім мені сүймейді», — деп өзін-өзі иландырып бақты. Адамдар бұған істегендерін кейін түсінгенде, мүмкін, өздері өкініп, жанашырлықпен еске алар. Ол жақсы болғысы келді және қайырымды іс істегісі келді, бірақ ешкім бұған көмектескісі келмеді. Енді олар бұдан қалай да құтылғылары келеді екен — ендеше бұл кетеді, мейлі олар ұрыссын, жамандасын. Ұрсыңдар! Жұрттың бәрі сырт айналып, тастап кеткен баланың қарсы тұратын құқы бар ма. Қылмыс жасауға мұны мәжбүрлеген өздері. Мұның басқа шарасы жоқ.

Ол көгалды бұрышқа да жетіп қалып еді, балаларды кластарға шақырған мектеп қоңырауының сыңғыры оған еміс-еміс естілді. Енді ешқашан қоңыраудың таныс үнін естімейтіндігі жайлы ойлағанда, Том бір өксіп алды. Бұл өте ауыр, бірақ амал қанша — мұны мәжбүр етті. Үй-күйі жоқ баланы елсіз әлемді шарлауға итеріп отыр және бұған ештеңе жасай алмайсың. Алайда ол бәріне бәрін кешіреді. Осы жерге келгенде өксігі өршіп және жиілей түсті.

Дәл осы сәтте ол өзінің ең жақын көретін досы Джо Гаспермен кездесті.Оның да жылаудан көзі қызарып, көңілінде ұлы да қорқынышты жоспар туған секілді. Олар «қиялмен қанаттандырған екі жүрек» деп өздерін іштей жұбатқан болды. Көзін жеңімен сүртіп Том өзінің үйден кететін шешімі туралы, өйткені мұны адам ғұрлы көрмейтіндері жайлы және енді ешқашан қайта келмеуге бел байлағаны жайлы баяндады.

Ең соңында Джо өзінің досын ұмытпайды деген үмітін де жасырмады.

Бірақ сол жерде Джо да осындай байламға келіп, Томды іздеп, өзінің ойын айтуға бекінгені жария болды. Анасы мұның көзі көрмеген қайдағы бір кілегейді ішіп қойдың деп сабағанын айтты. Шамасы бұл анасын әбден жалықтырған болса керек, бұдан біржола бас тартқысы бар. Егер олай болса, жалғыз баласын белгісіз адамдардың ортасына қуып жіберіп, оның азаптанып өлгенін анасы қалайтын болса, ананың тілегін орындаудан басқа мұның шарасы жоқ.

Екі шерлі бір-біріне өздерінің қайғы-мұңын айтып, қатар келе жатыр. Олар бір-бірін аға-інідей қорғауға, ешқашан бірін-бірі тастамауға, өлім ажыратқанша бірге болуға уәделесті. Сонан соң әрқайсысы өз жоспарын баяндады. Джо үңгірлерде тұрып, қатқан қабықтармен қоректенуге, сүйтіп жападан-жалғыз жүріп аштан, суықтан, жан азабынан өлуге бекінген, бірақ Томның жоспарын тыңдағасын қылмысты өмірдің артықшылығы мол екенін түсініп, теңіз қарақшысы болуға келісті.

Санкт-Петербургтен үш миль жердегі Миссисипи өзенінің ені бір мильден асатын тұста жіңішке әрі ұзын, түрлі ағаштар өскен, жағасы жайлы арал бар — қуылғандар үшін нағыз лайықты орын. Аралда ешкім тұрмайды және тірі жан жоқ, адам өткісіз қалың орман өскен қарсы жақтағы жағаға жақын жатыр. Сондықтан олар осы Джексон аралын мекендейміз деп шешті. Теңіз қарақшыларының құрбандығы кім болатыны олардың ойына да келмеді. Содан соң олар Гекльберри Финнді іздеп тапты және ол бұл қылмыскерлер тобына ықылас-ынтасымен қосыла кетті; қандай да бір мамандық, мансапты таңдауға Гектің құлқы жоқ, ол бұл мәселеге немқұрайды қарайды. Олар қалашықтан екі миль жоғары жатқан өзен жағасында оңаша жерде өздерінің ең сүйікті уақыты — түн ортасында кездесуге уәделесті. Арғы жағада шағын сал көрініп тұрған, бұлар оны ұрлаймыз деп шешті. Әрқайсысы өзімен бірге қармақ, балық аулайтын құрал және мүмкін болғанша жейтін тағам әрине, ұрлауға болатындарын — кәнігі қарақшылар сияқты құпия әрі жасырын жасауға шарттасты. Кеш түсіп үлгергенше олардың әрқайсысы жолдастарының арасында жақында қала тұрғындары «бір нәрсе жайлы естиді» деп айтып үлгерді. Бұл туралы естігендердің бәріне тістеріңнен шығармаңдар деп қатаң ескертілді.

Түн ортасында Том шошқаның пісірілген майлы етін және бір нәрселерді алып, жағаның ең биік жеріндегі қалың шөп, қалың қурай арасына келді. Биік жардан бұлардың кездесуге уәделескен жері көрініп тұр. Айнала тып-тыныш, жұлдыздар жарқырап тұр. Төмендегі үлкен өзен де ұйықтап жатқан мұхиттай тыныштықта жатыр. Том құлағын түріп еді — тым-тырыс.

Ол сосын ұзақ ысқырды. Төменнен жауап естілді.

— Келе жатқан кім? — деген біреудің қоңыр даусы естілді.

— Том Сойер, Испан теңіздерінің қара кек алушысы. Сендер есімдеріңді атаңдар!

— Гек Финн, Қандықол және Джо Гарпер, мұхиттардың құдайы.

Бұлар — Томның өзі жақсы көретін кітаптарындағы кейіпкерлердің жалған есімдері.

— Жарайды, айтыңыз!

Түнгі тыныштықта қарлыққан екі дауыс бір мезгілде жан түршіктірер сөзді айтты:

— «Қан!»

Том жоғарыдан шошқаның етін лақтырды да, өзі оның соңынан киімін жыртып, терісін сыдырып сырғанай жөнелді. Биік жардан түсетін ыңғайлы жалғыз аяқ жол бар болатын, бірақ, өкінішке қарай, бұл жолда қарақшылар қатты бағалайтын қатерлі қиындықтар жоқ. Мұхиттардың құдайы шошқаның төс етінің едәуір үлкен бөлшегін уәделі жерге әрең жеткізді. Финн Қандықол бір жерден таба және өзінен басқа шылым шегетін не шайнайтын трубканың орнына пайдалану үшін шала кепкен темекі жапырақтарының бір қорабын, трубкасы жоқтарға майстың бірнеше сабағын әкеліпті. Бірақ бұлардың арасында өзінен басқасы темекі тартпайтын.

Испан Теңіздерінің Қара Кек алушысы отсыз жолға шығуға болмайды деп хабарлады. Бұл орынды пікір еді: ол кездері шырпы дегенді ел біле бермейді. Өздерінен жүз қадамдай жерде салдың үстінде от жанып жатқанын көрді де, балалар жасырынып барып от ұрлап алды.

Осыдан қызықты оқиға шығарды: минут сайын олар бір-біріне жекіріп және саусақтарын еріндеріне апарып «үндемеңдер» деген белгі берді, қолдары ойларындағы қанжардың сабына жармасып, қаһарлы сыбырмен егер дұшпан қозғала қалса, оған пышақты сабына дейін сұғу керек, өйткені өлген адам куәгер бола алмайды. Балалар сал иелерінің қалаға кеткенін және дүкен аралап немесе арақ ішіп жүргенін жақсы біледі.

Содан олар жолға шықты. Том басшылық етіп отыр, Гек салдың арт жағындағы ескекпен жұмыс істейді, Джо алдыңғы ескекте. Том корабльдің ортасында тұр. Қабағын түйіп, қолдарын кеудесіне қойып, даусын қатты шығармаса да, қатал үнмен бұйрық беріп тұр:

— Желге қарсы, тура!

— Құп болады, мырза!

— Осылай ұста!

— Құп болады, мырза!

Балалар өзеннің ортасына қарай бір қалыппен жай жүзіп келе жатқандықтан әлгі бұйрықтардың бәрі әншейін айтылған еді.

— Корабльде қандай желкендер көтереді?

— Төменгі марселдер және бом-кливерлер, мырза!

— Бом-бромселдерді көтеріңдер! Тезірек! Он шақты матрос форстен-стекселиге барсын! Қимылда!

— Құп болады, мырза!

— Рульді желге қарай ұста! Бортты солға! Жауды қарсы алуға әзір бол!

Рульді солға! Жарайсыңдар! Осылай ұстау керек!

— Құп, мырза!

Сал өзеннің ортасынан асты, балалар оны ағыстың бойымен жіберді де, ескектерді орындарына қойды. Судың деңгейі онша жоғары емес, өйткені ағыс жай; сағатына екі не үш миль ғана. Балалар қырық минуттай үнсіз келе жатыр. Дәл осы кезде бұлар алыс қалған қалашықтың қатарынан өтіп бара жатыр еді. Тек жалт-жұлт еткен екі-үш от арқылы қай деңгейде қалып бара жатқанын байқауға болады — жұлдыздардың алмаздарымен жалтылдаған айдың беті оларды туған қалаларынан жырақтатып барады. Осы сәттерде қандай ұлы оқиға болып жатқаны ұйқыдағы тұрғындардың миына кіріп-шықпайды. Испан теңіздерінің Қара Кек алушысы қолдарын кеудесіне айқастырып қойған күйі бір кезде қуанышқа бөлеген, одан соң қасірет шектірген жаққа ең соңғы рет «қарап» корабльде тұр.

Осы сәтте мұның дауылды толқындарға қарсы, өлімнің бетіне тура қарап бара жатқанын ол қыз көрсе ғой. Джексон аралынан өз қаласы көрінбейді, ал өзі тым жырақта, «ең соңғы рет» туған жеріне жүрегі жыртылып және салтанатты сезіммен қарап бара жатқандай елестету Томға онша қиын емес. Қалған қарақшылар да туған жерлерімен мәңгілікке қоштасып тұрғанда аралдан өтіп кете жаздады; олар бірақ қауіпті тез байқады да, бәрі реттелді. Түнгі сағат екі кезінде сал аралдың жоғарғы жағындағы қайыршақты жағаға тоқтады және олар қолдарына түскен барлық дүние-мүліктерін жағаға жеткізіп болғанша тізеден су кешіп ерсілі-қарсылы біраз жүрді. Салдың ескі желкені бар еді; олар оны түсіріп, бұтақтарға жайып көлеңке жасады; өздері ауа-райы жақсы кезде ашық аспанның астында ұйықтайтын болды — қарақшылардың бәрі солай ұйықтайды.

Олар құлап жатқан ағаштың жанында орманның ең қараңғы жеріне от жағып, табаға шошқаның етін қуырып, кешкі тамаққа отырысты, жүгері нандарының жартысын жеп тауысты.

Ешкімнің аяғы баспаған орманда, зерттелмеген, тірі адам тұрмайтын аралда, табиғат аясында, ешкімнің тұрғын үйі болмаған елсіз жерде сайран салу қандай бақыт! Олар ешқашан мәдениетті өмірге оралмайды. Жанып жатқан от жарығы олардың жүздеріне түсіп тұрды, ал ол сәуле ағаштарға түскенде қызғылт түс беріп — олардың ормандағы киелі сарайын әшекейлеп тұр; жабайы жүзім, ағаштардың жылтыраған жапырақтары да ерекше сән беріп тұрғандай. Шошқаның төс етінің соңғы бөліктерін және жүгері нанның бәрін сыпырып соғып алғасын, балалар шалғынның үстіне керіліп жата-жата кетті.

Расында, олардың бұдан гөрі салқындау жерге жатуларына болар еді, бірақ алаудың жанында орман ішінде жатқан қандай ғажап!

— Керемет емес пе! — деп дауыстады Джо.

— Тамаша! — Том тіл қатты.

— Басқа балалар көрсе, не айтар еді?

— Немене? Олар қызғаныштан өлер еді! Солай емес пе, Гекки!

— Дәл солай! — деп тіл қатты Гекльберри. — Басқалар қалай екенін білмеймін, ал мен ризамын. Бұдан артық рахаттың маған қажеті шамалы. Қарныңды толтырып тою күнде бола бермейді, оның үстіне мұнда жерден алып, жерден салатын ешкім келмейді. Ешкім ұрыспайды. — Маған нағыз керегі — осындай өмір, — деп жариялады Том. — Таң атпай тұрдық, мектепке барудың, жуынып-шайынудың қажеті жоқ. Білесің бе, Джо, қарақшы жағалауда болса, оның өмірі қаңғыбас біреулерге қарағанда рахат деуге болады; ешқандай жұмыс жоқ, қол қусырып отыра бер. Қаңғыбас дәруіштер үнемі дұға оқып, құдайға құлшылық етуге міндетті. Және олар жалғыз-жалғыз жүреді, жолдас-жора болмайды.

— Дұрыс, — деді Джо. — Мен бұрын бұл туралы ойламап едім, енді қарақшы болғалы қарақшының өмірі соншалықты қызық екенін көріп отырмын.

— Жалғыз жүрген қаңғыбасты, бұрынғы кездегідей емес, қазір ешкім қадірлемейді, ал қарақшыға үлкен құрметпен қарайды. Қаңғыбастардың киімі кенеп, олар бастарына күл жағып, жалаңаш тас үстінде ұйықтайды, жаңбырдың астында тұрады деп Том түсіндіре бастады.

— Олар неге бастарына күл жағады, — деп Гек оның сөзін бөлді. — Көйлекті де өзгеше киеді, неге?

— Білмеймін… Сондай тәртіп. Егер сен қаңғыбассың ба, жасағың келе ме, келмей ме, ол әлгінің бәрін жасауға тиіс. Сен қаңғыбас болсаң, сен де солай істеуге тиістісің.

— Жоқ! Ойнап айтасың ба?! — деді Гек.

— Ал сен не істер едің?

— Білмеймін. Ондай бірдеңелерді жасағым келмейді дер едім — бітті.

— Жоқ, Гек, сені тыңдайды да. Ереже сондай. Және сен ол ережені біле алмайсың.

— Мен қашып кетер едім, сонымен бітер еді.

— Сен қаңғыбас емес, мисыз болар едің! Өмір бойы ұятты болып жүрер едің.

Қанды Қол ештеңе айтпайды, өйткені ол өзіне басқа бір қызықты іс тауып еді. Ол жүгерінің собығынан түтік жасап, оған темекі жапырақтарын салған жалпақ сабақты кигізді, дәл сол кезде тұтатты. Иісі бұрқыраған бұлтты аузынан шығарып, рахат сезімге бөленді. Қалған қарақшылар оған қарап, қызыққаннан бұл керемет кеселді тезірек үйрену керек деп шешті.

Гек тағы Томға қарады.

— Осы қарақшылар не жасайды?

— О-о! Олар көңілді өмір сүреді: корабльдерді тұтқындайды және өртейді, алтынды өздері алады және өз аралында қауіпті жерге көмеді. Ол жерді түрлі елестер және басқа жын-шайтан қарауылдайды. Ал матростар мен жолаушыларды өлтіреді — оларды жіңішке тақтай мен теңіздің үстінен жүргізеді және көздерін байлап тастайды.

— Ал әйелдерді өздерімен бірге аралға әкетеді, — деді Джо. — Әйелдерді өлтірмейді. Олар қайырымды адамдар. Және әйелдер ылғи сұлу болады ғой.

— Киімдерін айтсайшы — алтынмен аптаған, күміспен қаптаған, бриллиантпен көмкеріп тастаған! — деп Джо тағы қосып қойды.

— Кімнің үстіндегі киімді айтасың? — деп сұрады Гек.

— Қарақшылардың.

Гек Финн көңілсіздеу өзінің үстіндегі киіміне көз салды.

— Менің костюмім қарақшылардікіндей емес, — деді қатты күйзелген үнмен. — Бірақ менің бұдан басқа ештеңем жоқ.

Балалар әдемі костюмге жақын күндерде қол жетеді: ертең-ақ бұлар шабуылды бастайды, сонда алтын да, көйлек те — бәрі болады деп Гекті жұбатты. Ал қарақшы өмірінің алғашқы кезінде оның жамау-жыртық киімі де жарайды, әрине, әдетте бай қарақшылар өздерінің алғашқы жорықтарын бастамас бұрын әдемі киім-кешектерін ертерек дайындап алады.

Әңгіме бірте-бірте бәсеңдей берді: кішкентай қашқындардың көздері жұмылып, ұйқы басты. Қанды Қолдың саусағынан түтік түсіп кетті, өзі қажыған жолсеріктей ұйқыға басты. Мұхиттардың Құдайы мен Қара Кек алушы іштерінен және жатып оқыды, себебі тізерлеп отырып дауыстап оқы деп зіркілдейтін ешкім жоқ. Анығын айтқанда, олар дұға оқымауға да уәделесіп еді, бірақ аспан бұларға ашуланып, бастарына әдейі найзағай жіберіп, жатқан жерлерінде жандарын өртей ме деп қорықты. Кешікпей олар да ұйқыға кетті. Алайда, дәл осы сәтте екеуінің жанына ар-ұят деп аталатын шақырылмаған қонақ жасырынып келгені. Олар үйден қашып кеткендеріне ұялды, ұрлаған етті ойлағанда нағыз азап басталды. Олар ар-ұятты тыныштандырғылары келіп, өздері бұдан бұрын да сарайдан кәмпит, алманы он шақты рет жымқырғандарын еске алып еді, алайда ар-ұят бәрібір айқайынан танбады. Ақырында мәмпәси не алма ұрлау деген оның күнәсі, тіпті жазасы жайлы әдейі өсиет бар. Сондықтан бұлар қарақшылықты кәсіп етіп жүрген кезде мұндай қылмыспен енді өздерін масқараламауға іштей шешім қабылдады. Ар-ұят та бұған көніп, келісімге келді де, баянсыз қарақшылар ұйқыға кетті.

Он төртінші тарау

БАҚЫТТЫ ҚАРАҚШЫЛАРДЫҢ ТҰРАҒЫ

Таңертең оянғанда Том көпке дейін өзінің қайда екенін түсіне алмады. Отырып көзін сүртті де, жан-жағына қарады — сонда ғана есін жиды.

Салқындық лебі ескен бозала таң. Орманның мұншалық үнсіздігі тыныштықтың ғажайып сезімін сіңіргендей. Бірде бір жапырақ сыбдырламайды. Ұлы Табиғаттың ойланып жатқан сәтін бұзбайды. Жапырақтарда және шөптердің басында шық моншақтары жылтырайды. Күлдің ақ қабаты алаудың бетінде жатыр, жұқалтаң көгілдір түтін бұлардың үстінде қалықтайды. Джо мен Гек өлі ұйқыда.

Алысырақта орман ішінде әлдеқандай бір кұс айқайлайды, тағы біреуі жауап береді; бір жақта тоқылдақ тоқылдатып жатыр. Салқын бозтұман сейілген сайын дыбыстар жиілей берді — барлық маңда тіршілік біліне бастады. Ұйқыны ысырып тастап, іске кіріскен табиғаттың тамаша құбылыстары терең ойға шомған баланың көз алдынан өтіп жатты. Кіп-кішкентай жасыл қырықбуын шықтан суланған жапырақтың үстіне жылжып барады. Оқтын-оқтын жапырақтан бауырын көтеріп, иіскелеген секілді болды да, әрмен қарай жорғалады.

— Өлшеп жүр, — деді Том.

Қырықбуын өзіне жақындағанда, ол тасқа ұқсап қимылсыз қатты да қалды, жәндік бұған келе жатыр ма, жоқ басқа жаққа ма — осыған орай Томның жан әлемі де біресе үміт сәулесімен жылтырап, біресе көңілсіз құлазыды. Қырықбуын тоқтаған кезде, кеудесін әрең көтеріп, қай жаққа жүру керектігін ойлағандай болды, ақыры ол Томның аяғына жармасты да, сирағына қарай саяхаттады, ал Томның жүрегі қуаныштан дүрсілдеп қоя берді — бұл — ертең-ақ оның үстінде қарақшының, алтындаған керемет костюмі болады деген белгі! Қайдан келе жатқаны белгісіз — құмырсқалар колоннасы шығып, жапырлай жұмысқа кірісті; біреуі өлген қоңызбен алысуда, қоңыз одан бес есе үлкен болса да, ақыры оны ағаштың бойымен жоғары қарай домалатып барады.

Қызғылт қоңыз, үйіңе қайт тезірек,

балаларың өртте қалды, құтқар барып тезірек.

Қоңыз естісімен, балаларын құтқаруға ұшып кетті және бұған Том таңданған жоқ: бұл қоңыздың ақылсыз, не болса соған сенетінін баяғыдан білетін, егер оларға үйіңде өрт болып жатыр десең, сене қояды; Том олардың қарапайым да аңқаулығын пайдаланып, талай алдаған. Одан кейін үлкен шарын қолға алып домалатып боқ қоңыз шықты. Том оның аяқтарын денесіне жапсыра қойып, өлі денедей қозғалыссыз қалатынын көргісі келіп, оны саусағымен түртті. Бұл уақытта құстың бәрі жын ұрғандай шулап жатқан Солтүстіктің күлегеші дәл Томның бас жағындағы ағашқа отырып алып, өзінің қанатты көршілерін мазақтауға кірісті.

Көгілдір оттай зу етіп ауадан өткен айқайлауық құс баладан екі қадам жердегі бұтаққа отыра кетіп, басын бір жағына қисайта танымайтын келімсектерге қарады. Сұр тиін мен түлкіге ұқсас басқа бір жәндік бірінің соңынан бірі тез жүгіріп өтті. Олар мезгіл-мезгіл тоқтап, күтпеген қонақтарға қарау үшін артқы аяқтарына тұрды, себебі орман аңдары бұрын адам атаулыны көрмеген секілді, олардан қорқу керек пе — білмеді. Енді бүкіл Табиғат оянды, айналаға жан кіре бастады. Күннің ұзын сәулелі жебелері ана жерде де, мына жерде де қалың жапырақтарды тіліп өтуде. Бір жақтан бірнеше көбелек ұшты.

Том қалған қарақшыларды оятты; бәрі қатты айқаймен өзенге жүгірісті, әп-сәтте киімдерін сыпырып тастап, мөп-мөлдір тайыз суда бір-бірін қуып рахаттанды. Мұнартқан жалпақ айдынның арғы жағында көрінген, өлі ұйқыдағы өз қалашығына олардың барғылары жоқ. Түнде салды ағын алып кетіпті, әлде өзен суы көтерілгесін бе, бірақ бұл жағдай балаларға қуаныш әкелді: енді мәдени ортамен бұларды байланыстыратын көпір жоқ!

Олар тұрақтарына қарындары ашып, тыңайып, бақытты сезіммен оралды; сол бойда алау жанды. Гек жақын маңнан таза салқын судың көзін тапты, балалар еменнен және жаңғақ жапырағынан өздеріне ыдыс жасап алды, жабайы орманның иісімен су тәттіге айналып, кофе орнына жүреді деп ойлады. Джо таңғы асқа шошқа етін кесе бастады. Бірақ Том мен Гек оны қоя тұруын сұрады: екеуі сол бойда өзен жаққа жүгіре жөнелісті, бір жерге келіп қармақ салды. Көп кешікпей олар бұлтиған сазан, екі алабұға мен кішкентай жайын әкелді. Бір отбасына жететін азық. Олар балықты шошқаның төс етімен қосып қуырып еді — таң-тамаша қалысты: мұндай дәмді балықты бұрын ешқайсысы жеп көрмепті. Тұщы судың балығын неғұрлым тез қуырса, соғұрлым дәмді көрінетінін олар білмейтін және ормандағы ұйқы, таза ауада жүгіру, шомылу және аштық — бұл туралы олар ойлаған емес.

Ертеңгі тамақтан кейін олар көлеңкеге қисайып, Гек түтігін сорып болғанша оны күтті де, сосын орман ішіне барлауға кетті. Шіріген шөп-бұталардың арасымен басын төмен иген жүзім сабақтары орман патшалығының белгісі секілді. Ара-арасында өте жайлы, көкорай кілем жайылған алаңқайлар кездеседі, гүлдермен безендірілген олар қымбат бағалы тастарға ұқсап жылт-жылт етеді.

Жол бойында көп нәрсе оларға қуаныш сыйлады, бірақ таңқаларлық керемет кездеспеді. Аралдың ұзындығы үш мильдей де, ені төрт миль екенін және арал жақын маңдағы жағадан шамамен екі жүз ярд жіңішке бұғаз арқылы бөлініп тұрғанын анықтады. Олар сағат сайын суға шомылды да, тұратын жерлеріне кешке бір-ақ оралды. Олардың қарындары аш, сондықтан балық аулап әуре болмай, шошқаның салқын етін тоя жеп алып, көлеңкеде жатып әңгіме соқты. Кешікпей әңгімелері сирей бастады, сосын мүлде үзілді. Жалғыздықты сезіну, жым-жырт тыныштық, орманның салтанатты тірлігі оларға өз әсерлерін тигізді. Олар ойланды. Түсініксіз бір сағыныш мұңға орағандай. Кешікпей үйге деген сағыныштың алғашқы белгілері біліне бастады. Тіпті Финн Қанды Қол да бөтен біреулердің баспалдағы мен бос бөшкелер туралы мұңайып ойлады. Алайда әрқайсысы өзінің мұндай кемшілігінен ұялып, ойларын дауыстап айтуға ешбірінің батылы жетпеді.

Біраздан бері бір жақтан әлдеқандай бір дыбыс естіліп тұрды, бірақ олар оны елемеді, кейде біз өзіміз де сағаттың тықылдағанын елемейміз ғой. Дегенмен әлгі құпия дыбыс бірте-бірте қаттырақ естілді, оны енді байқамау мүмкін емес еді. Балалар селк етіп бір-біріне қарады, құлақтарын түріп тыңдады. Ұзақ үнсіздік басталды. Содан соң олар адам қорқатындай «бум» деген дыбысты естіді.

— Бұл не? — деді Джо әрең сыбырлап.

— Білмеймін, — деп жауап берді Том.

— Бұл күннің күркірегені емес,— деді Гекльберри қорқынышпен, — өйткені күркіреген…

— Үндемеңдер, — деп айқайлады Том. — Тыңдаңдар.

Оларға сол бір минут мәңгіліктей көрінді. Бір минут бойы тыныштық орнады. Содан соң салтанатты тыныштықты тағы да «бум» деген дыбыс бұзды.

— Барып қарайық!

Үшеуі де ұша тұра келіп, өз қалалары көрінетін — жағаға жүгірді.

Бұталардың арасымен олар алысқа көз салды. Өзеннің орта жерінде, Санкт-Петербургтен бір миль төмендеу ағыстың бойымен бір шағын параход жылжып келеді, әдетте ол арғы бетке өткізетін паромның орнына жүретін.Оның жалпақ палубасында толған адам, жан-жағында қайықтар жүр. Бірақ балалар олардағы адамдардың не істеп отырғанын түсіне алмады.

Аяқ астынан пароходтың жанынан ақ түтін бұрқ етті; ол түтін бұлтқа айналған кезде көрермендердің құлағына тағы да бағанағы көңілсіз дыбыс естілді.

— Енді түсіндім! — деп айқайлады Том. — Біреу суға кеткен.

— Дұрыс айтасың!— деді Гек. — Былтыр жазда Билли Тернер суға кеткенде осылай болған; онда да судың үстіне зеңбіректен атқан болатын — сонда суға кеткен адам жоғары көтерілді. Иә! Сосын нанның құрышына тірі күміс салып суға жіберді: суға кеткен адамның жатқан жеріне әлгі нан тоқтайды.

— Иә, мен бұл жайлы естігем, — деді Джо. — Нан неліктен тоқтайтынына түсінбеймін.

— Әңгіме нанда емес, әңгіме ол нанды суға жібергенде қандай сөз айтылады — соған байланысты,— деді Том.

— Ештеңе де айтпайды, — деп қарсыласты Гек. — Мен көргенмін, ештеңе айтылмайды.

— Түсініксіз! — деп қойды Том. — Мүмкін ішінен айтатын шығар, ешкім естімесін деп. Әрине, солай! Бірден түсінуге болатын еді.

Балалар Томның айтқанына келісті, өйткені ойы жоқ нанның бір бөлшегі ешқандай қасиетті сөз айтылмаса, мұндай үлкен іске жіберіліп отырғанда өз-өзінен біле қоюы мүмкін емес.

— Шайтан алғыр! Арғы бетте болар ма едім тап қазір! — деді Джо.

— Мен де, — деп қостады Гек. — Кімнің суға кеткенін білгім келіп тұр.

Балалар алысқа қарап, тың тыңдады. Кенет Томның басына жарқ етіп бір ой келе қалды:

— Мен білемін кімнің суға кеткенін. Біз!

Дәл осы сәтте олар өздерін нағыз батырлар сезінді. Қандай салтанат, қандай бақыт! Оларды іздеп жүр, оларды жоқтап жылап жатыр; бұлардың қайғысынан жүректері жыртылуда; адамдар көз жастарын төгіп бұларды еске алуда және қаза болған балаларға өздерінің өте қатал болғандарын ойлап кеш келген өкініш пен ұяттан өздерін азаптады. Бүкіл қала бұлар туралы айтып, балалардың бәрі қызғана қызығуда — не деген керемет! Бұл бәрінен артық. Тек осы үшін ғана қарақшы болуға болады.

Іңір қараңғылығы түсісімен шағын пароход тағы да кешегі ісіне кірісті және бүгін қайықтар жоқ. Қарақшылар тұрағына оралды. Олар қуанышты еді. Салтанатты аңыз өздерінің еншісіне тигеніне мақтанады. Бүкіл қалаға осыншама мазасыздық туғызғандары да бұларға мақтаныш. Олар көп балық аулап, кешкі тамақ әзірледі, қарындары тойғасын жатып алып бұлар туралы қалада қандай әңгіме айтылып жатыр деп бал ашуға кірісті және қайғылы суретті көз алдарына келтіріп, рахаттана елестетті. Бірақ түн көлеңкесіне орағанда олардың әңгімелері тоқтады; үшеуі де алауға үнсіз қарады, ал ойлары алыс жақтарда секілді. Қызулары басылды, Том мен Джо өздерінің жақын адамдары туралы ойлады, әрине, бұлардың ісі оларды шексіз қайғыға батырды.

Күдікті ойлар да мазалады. Екеуінің де жан дүниесінде тыныштық жоқ, екеуі де өздерін бақытсыз сезінді, екеуі екі-үш рет еріксіз күрсінді. Ақыры аяғында Джо жолдастарынан мәдени ортаға оралу туралы, әрине, қазір емес, олардың не ойлайтынын сұрауға батылы әрең жетті.

Том оны мысқыл күлкімен масқаралады. Туған үйге оралу туралы ойлады деп айыптауға болмайтын Гек Томды қостады, ыңғайсызданып қалған Джо, шынында, ойнап айта салғанын «түсіндіруге» асықты. Аналар кешіріммен қарағасын Джо қуанып кетті, дегенмен үйді сағынып жүргені туралы достары сәл де болса секем алып қалды. Бұл жолы көтеріліс басылды — аз уақытқа дейін.

Түн қараңғылығы қоюлана түсті. Гек жиі-жиі мұрнын тартып жатты да, ақыры қорылдады; одан кейін Джо да сол ауылға аттанды. Том біраз уақыт қозғалмай жатты, шынтағына сүйеніп жолдастарының бетіне қарады. Содан соң ол жайлап тізерлеп отырды және алаудың жылтылдаған жарығын пайдаланып, шөптің ішінен бірдеңе сұрады. Шынардың жұқа аппақ бірнеше қабығын тауып, арасынан екеуін таңдап алды; алаудың жанында тізерлеп тұрып өзінің атақты «Қызыл бояуымен» қабықтың әрқайсысына бірнеше сөз жазды. Біреуін қабыққа орады да, қалтасына сүңгітті, екіншісін Джоның қалпағына салды, қалпақты иесінен қашығырақ жылжытып қойды. Қалпақтың ішіне бұдан басқа мектеп балалары үшін баға жетпес қазына болып саналатын, оның ішінде бір түйір бор, резеңке доп, балық аулайтын үш қармақ және шынында хрустальдан жасалған дейтін шарларының біреуін салды. Содан соң аяғының ұшымен басып ағаштардың арасына еніп кетті. Ол жолдастары біраз жерде артта қалғанын және мұның аяғының дыбысын естімейтінін сезгесін, жағалауға қарай жүгіре жөнелді.

Он бесінші тарау

TOM ЖАСЫРЫНЫП ӨЗІНІҢ ҮЙІНЕ БАРАДЫ

Бірнеше минуттан кейін Том өткелге жетіп Иллинойс жағасына қарай тартты. Жарты жол өткенде ғана өзен суы оның белуарынан келді; әрі қарай жүру мүмкін емес, себебі, ағыс жүргізбейді. Қарсы жақтағы жағаға жетуге бар-жоғы жүз ярдтай ғана қалды және Том ойланбастан жүзе жөнелді. Ол ағысқа қарсы жүзді, мұны күтпеген еді. Дегенмен ақыры ол жағаға таяп қалды, жағаны бойлай жүзді де, төмендеу жер тауып судан шықты. Күртесінің қалтасын сипап еді, қабық бар екен, сосын жағалаудағы орман ішімен кетті.

Киімдерінен су сорғалап келеді. Ол орманнан жазық алаңға — қаланың қарсысына шыққанда, сағат әлі тоғыз бола қойған жоқ еді, биік жарқабақтың жанындағы ағаштардың көлеңкесінде шағын пароход тұр. Жымыңдаған жұлдызды әлемде тыныштық. Том жардан еппен төмен түсті де, жан-жағына қарап алып, суға бет қойды, бірнеше қадам жүзіп пароходтың арт жағында байлаулы тұрған шағын қайыққа жетті. Орындықтың астына тығылып жатты да, жүрегі дірілдеп — не болатынын күтті.

Сол-ақ екен қоңырау сыңғырлап, біреудің «Босат!» деген бұйрығы естілді. Минут өтпей-ақ пароход сапарға шықты да, кішкене қайықтың тұмсығын толқын ұра бастады. Том өзін бақытты сезінді: бұл пароходтың ең соңғы сапары екенін, бұдан әрі ол ешқайда бармайтынын білетін. Бітіп болмастай көрінген он екі, он бес минут өткенде Том қайықтан шығып, қараңғыда жағаға қарай жүзді. Көлденең біреу-міреуге кездесіп қалмас үшін ол жүз ярдтай артық жүзіп, жағаның төменгі жағымен шықты.

Сол жерде ол қаланың адам жүрмейтін бұрыш-бұрышымен зымырап отырып, кешікпей апайының есігі кілттеулі шарбағына жетті. Том шарбақтан қарғып түсіп, шам жанып тұрған қонақ үйдің терезесінен қарады. Бөлмеде Полли апай, Сид, Мери және Джо Гарпердің анасы — бәрі әңгімелесіп отыр. Олар кереуеттің жанына жайғасыпты. Кереует әлгілер мен есіктің ортасында тұр. Том есікке жақындады да, еппен тұтқасын көтеріп есікті итеріп еді, есік сықыр етті, ол тағы да итерді, есік сықырлаған сайын Том шошып кетеді; ақыры өзі сыятындай саңылау пайда болған секілді; ол басын сұғып, жаймен еңбектей бастады.

— Мына майшам неге желпілдеп кетті? — деді Полли апай. (Том тезірек жылжыды).

— Шамасы, есік ашық тұр-ау. Әрине, солай. Біраздан бері мұнда түсініксіз бір нәрселер болатынды шығарды. Есікті жапшы, Сид!

Том кереуеттің астына сүңгіп үлгерді. Ол әрі-бері демін алды да, сосын тағы ілгері жылжығаны сонша, тіпті тәтесінің аяғына тиіп кете жаздады.

— Міне, — деп Полли апай сөзін жалғастырды, — ол қатал, ашулы болған емес, тек сотқар болатын, жел қуған қаңбақтай! Ал ол ешқашан ешкімге жамандық жасаған емес. Оның жүрегі алтын еді. Одан асқан қайырымды баланы білген емеспін.

Апайы жылап жіберді.

— Менің Джом да сондай еді ғой; еркелейді, ішінде мың жын отырғандай, ал мейірімі керемет болатын! Құдайым-ай, кешіре гөр мен күнәкарды. Мен оның басынан соқтым ғой кілегей үшін, ал ол кілегейді ашып кеткесін өзімнің төгіп тастағаным есімнен шығып кетіпті. Енді жер бетінен ешқашан оны, ренжіген байғұс баланы көре алмайтындығым… ешқашан, ешқашан, ешқашан! Гарпер ханым жүрегі жарылып кетердей бақырып жылады.

— Том көк жүзінде тынышталған болар, — деді Сид. — Егер ол жер бетінде жақсырақ өмір сүргенде….

— Сид! (Том көрмесе де апайының көзі қаһарланып кеткенін сезді). О дүниелік болған Томым туралы жаман сөз айтпа! Енді оған жаратушы қамқор болады, ал сендер мазаланбай-ақ қойыңдар… Ой, Гарпер ханым, бұл қайғыны мен қайткенде көтере аламын! Елестете алмаймын! Менің қартайған жүрегімді жиі азаптағанмен, ол менің жұбанышым еді ғой.

— Құдайдың өзі берді, өзі алды. Жаратқан жарылқағай! Бірақ сондай ауыр қайғы, ауыр. Өткен сенбіде менің Джом қасыма келді де, тұмсығымның түбінен пистонды тарс еткізгені! Мен сол бойда итеріп жіберіп ем, ол құлап қалды.Оның апта өтпей…. білсем ғой. Егер ол қазір келіп солай істесе, оны құшақтап сүйіп, батамды берер едім…

— Иә, иә, иә, сіздің сезіміңізді өте жақсы түсінемін! Күні кеше түс алдында менің Томым мысыққа сауықтырғыш дәріні беріп, әлгі мысығы түскір үйді аударып тастай жаздады. Ал, мен, Құдайым, кешіре гөр, оймағыммен Томның шекесін нұқып қалдым. Байғұс балам менің, бақытсыз, қаза болған, балақай. Есесіне барлық азаптан енді құтылды. Және оның мен естіген ең соңғы сөздері ренішті болды ғой…

Бірақ оларды еске алудың ауыр болғаны сондай, апай зарлап жылап жіберді. Том да қорсылдай бастады — оның басқаларға емес, өзінe жаны ашыды. Ол Меридің мезгіл-мезгіл бұл туралы жақсы сөздер айтып, қалай жылағанын естіді. Ең соңында оның жүрегін мақтаныш кернеді: ол ешуақытта осынша жақсы баламын деп ойлаған емес-ті.

Дегенмен апайының қайғысы оны толқытты; оның кереуеттің астынан шыға келіп, апайын бақытты еткісі келіп кетті. Мұндай театрлық көріністер оған өте ұнайтын. Бірақ сезімге берілмей, үнсіз жата берді де, басқа әңгімелерге құлақ салды.

Үзік-үзік сөйлемдерден ол бұлардың жоғалғаны жайлы түсініктерді естіді: әуелі жұрт балалар шомылып жүріп суға кеткен десті; одан соң салдың жоғалып кеткенін біліпті; балалардың бірі Том мен Джо кешікпей олар жайлы хабар еститіндерін айтқандарын есіне алды. Бұл хабардан кейін жергілікті данышпандар балалар салмен кеткен, кешікпей ағыстың бағытындағы бір қалашықтан шығады деп болжам айтты; бірақ түске қарай Миссури жағалауында тұрғаны мәлім болды, енді барлық үміт үзілді: балалар шынында да суға кеткен, әйтпесе, түнге қарай аштық оларды үйге дірдектетіп әкелер еді. Ал олардың денелерінің табылмағаны — зұлмат апат өзеннің ортасында болған, әйтпесе үшеуі де керемет жүзгіш — жағаға жетер еді. Бүгін сәрсенбі. Егер денелері жексенбіге дейін табылмаса, яғни ешқандай үміт жоқ және жексенбілік түскі намазда оларға өлгендер ретінде жаназа оқылады. Том селк ете түсті.

Гарпер ханым жылаған күйі бәрімен қоштасып есікке беттеді. Бірақ осы кезде жетімсіреп қалған екі әйел бір-біріне құшақ жая сыңсып жылап қоштасты. Полли апай бұрынғыдай емес нәзік те мейірімді, Сид пен Мериді ұйықтар алдында сүйді. Сид өксіп жіберді, ал Мери көз жасы сорғалап бөлмесіне кетті.

Полли апай тізерлеп Томға арнап дұға оқи бастады.Оның сөздерінен, дірілдеген даусынан Томға деген шексіз мейірімі, махаббаты сезіліп тұрды және дұғасы да адамның жанын елжіреткені сонша, Том көз жасын тия алмады.

Полли апай төсегіне жатып жайғасқанша, балаға біраз уақыт қозғалмай тыныш жатуға тура келді; оқта-текте апайдың күрсінгені естіледі және ол ылғи дөңбекшіп, аһылап-үһілеп мазасыз күй кешуде. Ақыры апай тынышталды, тек мезгіл-мезгіл түсінде ыңқылдап жатты. Том жаймен жылжып шықты да, аяғына тұрып, шамды қолымен қалқалап ұйқыдағы апайына қарады. Оған жаны ашығаннан жүрегі елжіреп тұр. Том қалтасынан қабықты алып, майшамның қасына қойды, сосын тоқтап ойланды. Оның басына бір бақытты ой келді де, жүзі жайнап сала берді. Қабықты қалтасына салды, апайының бас жағына еңкейді де оның сұрғылт ернінен сүйді, одан соң жаймен дыбыс шығармай шықты да есікті мықтап жапты.

Ол әдетте шағын пароход тұратын жағаға келіп жан-жағына қарады, ешкім көрінбеді, пароходқа батыл кірді. Пароходта әдетте бақташыдан басқа ешкім болмайтынын, ал оның әдеті каютаның біріне кіріп алып ұйқы соғады — мұны Том жақсы білетін. Том кішкене қайықты пароходтың арт жағынан босатып, өзі отырды да өзеннің жоғарғы жағына қарай ескегін есті. Бір мильдей жүргесін, ескекке жатып, өзенді кесіп өтіп, қайықты қадаға байлады. Өйткені бұл — оған әуелден таныс шаруа. Оның қайықты өз меншігіне алғысы-ақ келді — ол да қарақшыларға керек ыдыс қой — бірақ олай істесе, қайықты барлық жерден іздеу басталады да, қашқындардың ізіне түсуі мүмкін.

Сондықтан ол жағаға секіріп түсті де, орманға кірді.

Орман ішінде ол жақсылап демалды, ұйқыны жеңуге күш салды, сосын тұраққа қарай ілби басып бара жатты. Таң атып келеді, ал ол қайраңға жеткенде, тіпті жарық түскен еді. Ол тағы да біраз отырды. Сосын күннің көзі алып өзеннің бетін алтынмен өрнектей бастағанда, суға қойып кетті. Бұдан кейін ол үсті-басы су-су күйінде, Джо:

— Жоқ, Гек, Том — сенімді адам. Ол келеді. Рас айтам саған. Ол қашпайды. Мұның қарақшы үшін ұят іс екенін жақсы біледі. Ал қарақшының намысы оған бәрінен қымбат. Ол жаңа бір нәрсені ойлап жүр. Бірақ қандай нәрсе екенін білсем ғой! — деп айтып жатқан сәтте тұраққа жеткен еді.

— Ал, заттар біздікі емес пе?

— Біздікі, Гек, бірақ олай деуге де болмайды. Хатта жазылған, егер ол ертеңгі асқа дейін оралмаса, біз заттарды алуымыз керек.

— Ал ол, міне, алдарыңызда! — деп Том айқайлап, алдарына тұра қалды.

Бұл нағыз театр көрінісіндей әсерлі болды.

Кешікпей олар шошқаның сүбе еті мен балықтан пісірілген ертеңгі тамақты тоя жеп, ас үстінде Том өзінің саяхаты туралы (әрине, қоспасыз емес) әңгіме соқты. Әңгіме аяқталған кезде балалар өздерінше мықтысынып, өздерін батыр сезінді. Том көлеңкеге жантайып, түске дейін ұйқысын қандыруды ойлады. Өзге қарақшылар балық аулауға және аралды шолып зерттеуге кетті.

Он алтыншы тарау

АЛҒАШҚЫ ТҮТІНДЕР. «МЕН ПЫШАҚТЫ ЖОҒАЛТТЫМ»

Түскі астан кейін қарақшылар тобы құмды қайраңға тасбақаның жұмыртқасын алуға шықты. Балалар таяқпен топырақты түрткілеп, жұмсақ жер тапса, қолымен қазып, кейде бір жердің өзінен бес-алты жұмыртқа тапты. Жұмыртқалар доп-домалақ, аппақ грек жаңғағынан сәл кішірек. Сол күнгі кешкі ас тамаша болды: олар қуырылған жұмыртқаға сылқия тойды, ертеңіне, жұма күнгі таңғы тамақ та сондай болды.

Таңғы астан кейін олар қайраңда секіріп, айқайлап бірін-бірі қуып, үстеріндегі киімдерін шешіп лақтырып, сонан соң тыр жалаңаш жүгіріп алыстағы тайыз жерде алысып-жұлысып ойнады. Қатты ағыс оларды кейде аяқтарынан шалынды, бірақ оларға бұл тіпті қызығырақ көрінді. Олар бәрі қатар суға еңкейіп бір-біріне су шашады, әрқайсысы жау жаққа білдірмей жақындайды, беттерін басып қорғанады. Сонан соң олар су ішінде алысып-жұлысып, қолма-қол ұрысқа кірісті. Ақырында үшеуі де судың астында қалды. Су астынан қол-аяқтары бір-біріне жабысып ағараңдайды. Олар судың бетіне шыққанда алқынып, пысқырынып ауа жұтады, күліп мәз болысады.

Әбден шаршап, құмды жағаға сұлай-сұлай кетісті, топыраққа өздерін көміп, ыссы құмнан соң қайта суға қойып, бәрі қайталанды. Ақыры оларға бір ой келді: бұлардың терілерінің түсі қоңыр тоқыма шалбарға ұқсайды, енді олар құмның бетіне дөңгелек сызды да, цирк жасады, оның ішінде үш клоун бар, себебі ешқайсысы бұл қызық рольден бас тартқысы келмеді.

Бұдан кейін олар өздерінің кішкене шарларын шығарды, бір-біріне лақтырысып ойнады, одан тартыс ойынын бастады, ақырында бәрі де жалықтырды. Гек пен Джо тағы шомылуға кетті, ал Том жағада қалды, өйткені шалбарын тастап жатқанда шетіне ойыншық жылан байланған белбеуі шешіліп кеткен. Сиқырлы тұмар болмаған кезде бұл қалай талып қалмады. Ол өзінің іздеген трещеткасын таппай тұрып түсуге батылы бармады, ал оның жолдастары шаршап, жағада демалуға шықты. Әрқайсысы өзімен өзі болып жан-жаққа бет алысты, іштері пысып және сонау күн астында қалғыған туған қала да көздеріне оттай басыла берді. Том құмның бетіне «Бекки» деп жазды. Сосын жалма-жан өшіріп тастады және өзінің осалдығына жыны келді, бірақ сол бойда-ақ әлгі есімді қайта жазды, одан қайта өшірді, енді жазбау үшін жолдастарын шақырды.

Алайда Джоның көңіл-күйі өте төмен екені көрініп тұр. Оның үйін сағынғаны сондай, бұл азапқа енді шыдай алатын емес. Ол әр минут сайын жылап жіберуге дайын. Гек те көңілсіз. Том ешнәрсеге көңілі соқпай отыр, бірақ өзінің қайғысын білдірмеуге тырысты. Оның бір құпиясы бар және ол жайлы жолдастарына сыр ашқысы келмейді, егер жолдастарының қатерлі уайымын сілкіп тастай алмаса, бұл да құпиясын енді ашады. Сосын көңілді түрде:

— Осы аралда бізге дейін де қарақшылар болған! Тағы бір айналып шығайық. Мұнда бір жерде қазына жатқан болар. Егер біз жартылай шіріген сандыққа тап болсақ, оның іші толған алтын мен күміс болса? А?

Бірақ бұл оларға онша әсер ете қоймады: ешкім ештеңе айтпады.

Том тағы да екі-үш қызықты ұсыныс жасап көріп еді, одан да ештеңе шықпады. Джо таяқпен топырақ шұқып, әбден жыларман болып отыр. Ақыры ол:

— Ой, балалар, осының бәрін қояйықшы! Менің үйге барғым келеді. Мұнда көңілсіз, — деді.

— Жоқ, Джо, үйреніп кетесің әлі, — деп үгіттеді Том. — Ойлашы, мұнда балық көп!

— Керек емес маған сенің балығың… Үйге барғым келеді.

— Бірақ, Джо, суға шомылуды ұмыттың ба?

— Сенің шомылғаның неге керек маған. Түкірдім, қайда да шомылуға болады, ешкім кедергі жасамайды оған. Мен үйге кетем, қалай етсеңдер де…

— Тфу, ұятын-ай! Сәби! Анасын сағынады!

— Иә, анама барам! Егер анаң тірі болса, сен де барғың келер еді. Мен сен сияқты сәбимін.

Джоның жылағысы келіп тұр.

— Жарайды, мейлі біздің жылауық сәби үйіне барсын, анасына, біз оны жібереміз, рас қой, Гек? Бейшара анасын сағынған ғой! Қайтеміз! Мейлі барсын! Гек, саған бұл жер ұнайды ғой? Екеуміз қаламыз ғой, а?

Гек: «Иә-ә-ә» деп жай ғана жауап қайырды, бірақ үнінде қуаныштың белгісі жоқ.

— Мен бұдан былай сенімен сөйлеспеймін! Өмір бойы сенімен қаспын! — деп Джо ашулы тіл қатып, орнынан тұрды. — Біліп қой!

Ол былай шығып киіне бастады.

— Мейлің, жоғалтқаным шамалы! — деді Том. — Жыламаймыз сен кетті екен деп. Бар үйіңе, жұрттың бәрі күлсін саған. Керемет қарақшы, айтатыны жоқ! Гек екеуміз сендей жылауық емеспіз. Біз осында қаламыз — шын ғой, Гек? Барғысы келсе, барсын. Онсыз өле қоймаспыз.

Өзінің жасанды салқынқандылығына қарамай, Том қобалжып, киініп жатқан Джоға қарады. Гектің түрі Томды тіпті қауіптендірді.

Гектің үнсіздігінде бір зіл бар секілді. Джо киініп, қоштаспастан Иллинойс жағасына қарай кетіп бара жатты. Томның жүрегі сыздады. Ол Гекке қарады. Гек бұл көзқарасқа шыдай алмай төмен қарады.

— Менің де кеткім келеді, Том, — деді ақыры Гек. — Мында бір түрлі көңілсіз, енді бұрынғыдан да көңілсіз болады. Біз де кетейікші, Том!

— Кетпеймін. Егер кеткілерің келсе, кетіңдер бәрің, ал мен қаламын.

— Том, менің кеткенім дұрыс…

— Бар, бар, сені кім ұстап отыр?

Гек құмда шашылып жатқан киімдерін жинай бастады.

— Том, сен де бізбен жүрсейші! — деп үгіттеді Гек, — шын айтам, ойланып көр. Біз сені жағада күтеміз.

— Ұзақ күтуге тура келеді!

Гек солбырайып аяғын әрең алып бара жатты. Том оның соңынан қарап тұрды, намыс, тәкаппарлық — бәрін ысырып тастап, өзі де бірге кетіп қалғысы келді. Ол балалар қазір кідіріп бұған қарайды деп ойлады, бірақ олар тізеден су кешіп кетіп бара жатты.

Қорқынышты жалғыздық сезімі Томның бойын билеп алды. Ол өзінің тәкаппарлығынан қайтып, достарын қуа жөнелді.

— Тоқтаңдар! Тоқтаңдар! Сендерге бір нәрсе айтам!

Аналар тоқтап, Томға бұрылды. Оларды қуып жетіп, Том өзінің ұлы құпиясын екеуіне жария етті. Олар әуелі дұшпандарын тыңдағандай жылы шырай бермеді, бірақ сонан соң әңгіменің мәнін түсінгесін қуанып, өздерінің әскери ұрандарын айтып, қосыла айқайлады. Олар мұның ойдан шығарған құпиясы ғажайып екенін айтып және оны бұл ертерек айтқанда кету жайлы ойламаған болар едік деп жарыса сөйледі.

Том міңгірлеп бірдеңені түсіндірген болды, бірақ бұл құпиясы да оларды ұзақ тоқтата алмас деген ойменен ең соңғы әдісі ретінде ашық айтпады.

Балалар көңілденіп, тұрақтарына оралды және Томның тапқан құпиясының кереметтігі туралы ауыздарын жаппай мақтаған күйі үйреншікті ойындарына кірісті. Балық пен жұмыртқадан тұратын тәтті тамақтан кейін Том енді шылым шегуді үйренгісі келетінін айтты. Бұл ойды құптай кеткен Джо шылым шегіп көруге қарсы еместігін хабарлады. Гек жалма-жан түтіктер жасап, ішін шылым үгітіндісімен толтырды. Бұл екі шылым шеккіш бұған дейін жүзім жапырақтарын тартатын, бірақ ол тілді үйіріп ашытатын және мұндай шылым нағыз еркектерге лайық емес деп есептелетін.

Олар жерге көсіліп жата кетті де, шынтақтарына сүйеніп түтінді еппен сорып, аса қауіптенгендей пішінмен іштеріне тарта бастады. Түтіннің дәмі онша емес екен, бір түрлі жүректері айнығандай болды, сонда да Том:

— Мынау өте жеңіл, түк емес екен ғой! Мұндай екенін ертерек білгенімде, баяғыда үйреніп алатын едім, — деді.

— Мен де, — деп Джо қоштап қойды.

— Түкке тұрмайды!

— Мен қаншама рет басқалардың шылым шеккендерін көріп: «Мен де үйренсем ғой! Бірақ бұған менің күшім жетпейді» дейтін едім, — деді Том.

— Мен де солай ойлағам. Рас қой, Гек? Сен менің бұл ойымды тыңдап едің ғой? Гек айтсын мейлі.

— Иә, иә, қанша рет, — деді Гек.

— Мен оған жүз рет айттым. Бірде мал соятын жердің қасында. Есіңде ме, Гек? Ол жерде Боб Таннер, Джонни Миллер және Джэфф Тэчер болды. Гек, сондағы менің айтқаным есіңде ме?

— Есімде болғанда қандай, — деп жауап берді Гек. — Бұл менің ақ шаригім жоғалған күні… Жоқ, ол күні емес соның алдыңғы күні болатын.

— Мен айттым ғой! — деді Том. — Гектің есінде.

— Мен мынадай шылымды күні бойы тарта алар едім, — деп қойды Джо. — Менің жүрегім де айнымайды.

— Менің де! — деді Том. — Мен де кешке дейін тарта аламын, ал Джефф Тэчер тарта алмайды.

— Джефф Тэчер? Қайда оған! Ол екі сорғанда құлап қалады. Мейлі тартып көрсін ендеше! Мұның не екенін сонда көреді.

— Түсінікті ғой, ол түтінге тұншығып қақалып қалады, Джонни Миллер де солай, Джонни Миллердің қалай тартқанын көрер ме еді!

— Қайдағы Миллер! — деді Джо. — Ол бейшараның қолынан түк келмейді. Бір сорды ма — оның шаруасы бітті дей бер.

— Дұрыс айтасың, Джо. Біздің балалар үшеумізді көрсе ғой қазіp!

— Ой, керемет болар еді!

— Бірақ тісіңнен шығарма! Ал бір кезде бәріміз жиналғанда мен соған жақындап: «Джо, түтігің бар ма? Шылым шеккім келді», — деймін. Сен сонда түк болмағандай:

«Иә, менің ескі түтігім ғой, тағы бір жаңасы бар, бірақ темекісі онша емес» дейсің. Мен: «Бәрі бір ғой, тек темекі ойдағыдай ащырақ болса болды» деймін. Сен сол жерде түтіктерді шығарасың да, екеуміз жайбарақат бұрқыратамыз. Көрсін олар қызғаныштан көздері шығып!

— Ғажап екен, Том! Осы оқиғаның қазір болғанын қалап тұрмын! Мен де! Біз оларға теңіз қарақшылары болған кезімізде үйрендік дейміз, — сонда олар естері кетіп қызығады бізге!

— Өйтпегенде ше! Көре алмайтын шығар!

Әңгіме осылай жалғасып барып, бірте-бірте басыла бастады. Қарақшылар жиі-жиі түкіретінді шығарды. Балалардың аузындағы тесіктің бәрі фонтанға айналды: олар тілдерінің астындағы жертөледегі кір-қоқысты топан суын бөгеу үшін тазалауға әрең-әрең әлдері келді. Екеуі қанша тырысқанмен тамақтарынан ылқылдап құйыла берді және құсқан сайын жүректері айнып естерін шығарды. Өң жоқ, түс жоқ бозарып, екеуінің де ұсқыны адам көргісіз еді. Джоның әлсіз саусақтарынан түтік түсіп кетті, Томның да жағдайы сондай. Екеуінен де фонтан атқылап күштерін сарықты. Ақыры Джо:

— Мен пышағымды жоғалтып алдым… Барып іздеп келейін… — деді әлсіз үнмен.

Том тілі күрмелген күйі:

— Мен көмектесейін саған. Сен былай қарай бар… ал, мен бұлақ жаққа…

— Жоқ, Гек, сен бармай-ақ қой, өзіміз табамыз, — деп тіл қатты.

Гек орнына қайта отырып, бір сағат екеуін күтті. Сосын достарын сағынып іздеуге кетті. Оларды орман ішінен екеуі екі жақта жатқан жерінен тапты; екеуі боп-боз болып ұйықтап жатыр. Қазір олардың жағдайы сәл де болса тәуір деп ұқты Гек. «Ауыр сәттердің бәрі артта», — деп күбірледі ол.

Кешкі астың тұсында екі батыр да үнсіз отырды, тамақтан кейін Гек түтігіне темекі толтырып, аналарға да дайындай бастап еді, екеуі де: «Керек емес» деп қосыла жамырады, өйткені нашар сезініп отыр — күндіз, түскі тамақта, жағымсыз нәрсе жеген шығармыз деп мәймөңкеледі.

Түн ортасы кезінде Джо жолдастарын оятты. Ауада леп жоқ, бір түрлі жақсылықтың белгісі жоқ секілді. Балалар бір-біріне тығылыса түсіп, содан достық көмек күткендей, жанып жатқан отқа жақындай түсті. Ал түн деген тымырсық және ыстық болатын. Олар үн-түнсіз отырып не болатынын күткендей. Салтанатты тыныштық. Олар жаққан алаудың артында қап-қара түнек. Кенет дірілдеген сәуле жапыраққа түсіп жылт етті де, жоқ болып кетті. Сонан соң әлгіден гөрі жарықтау сәуле жарқ етті. Тағы да, тағы да. Одан кейін ағаш жапырақтарының арасынан ыңырсыған дыбыс шықты; балалар беттеріне бір нәрсенің демі тигендей болды, олар түннің рухы шығар деген ойдан дірілдеп кетті. Тағы тыныштық орнады. Кенет тағы бір сәуле түнді күндізге айналдырып жіберді, балалардың аяқтарының астындағы шөпке дейін айқын көрінді. Ол жарық зәрелері ұшып, бозарып дірілдеген үшеудің бетіне түсті. Найзағай аспанның арғы жағынан сырғанап келе жатқандай күркіреп барып алыс жақтарға шашылып күңкілдеді. Салқын ауаның екпіні жапырақтарға жан бітіріп, алаудың шоғын үрледі де, күлін жапалақтаған қардай шашып жіберді. От жарқылы айналаны қайтадан шұғылалы сәулеге бөлегені сол еді, аспан астын жаңғырықтырған гүріл балалардың дәл төбесінен ұрғандай болды.

Айналаны басқан түнек ішінде қарақшылар зәрелері ұшып бір-біріне тығылды. Жаңбырдың үлкен-үлкен тамшылары жапырақтарды ұрғылай бастады.

— Тезірек палаткаға! — деп бұйырды Том.

Олар ағаштардың сойдиған тамырына, жабайы жүзімге сүрініп-қабынып жан-жаққа пышырай қашты. Құтырған жел айқай салып орман ішін жаңғырықтырып еді, айналаның бәрі оған ілесе сарнап қоя берді.

Көз аштырмай найзағай бірінен соң бірі тынымсыз жарқылдап күннің күркілі бір сәтке де басылмай қойды. Жаңбыр құйып, бірте-бірте өршелене соққан дауыл жердің бетін тасқынға айналдырғандай.

Балалар бір-біріне бірдеңе деп айқайлайды, бірақ сарнаған жел мен күннің күркілі олардың дауыстарын жұтып жатыр. Олар ақырында бірінен соң бірі әрең деп палаткаға жетіп, су-су болып жаураған, қорыққаннан сөз айтуға әлдері жоқ күйде тығылысты; киімдерінен су сорғалаған, тек қиындықты бәрі бірге көргендері ғана көңілдеріне жұбаныш ұялатады.

Дауыл дауыстарын бір-біріне есіттірген күнде де олардың сөйлеуге шамалары жоқ еді — ескі желкен жалпылдап түк есіттірмейді. Дауыл күшейе түсті, ақыры жел желкенді барлық қазықтан жұлып алып, ұшырып әкетті. Балалар қол ұстасқан күйі минут сайын сүрініп үстеріндегі көгерген жарақаттарды көбейте түсті, жағада тұрған дәу еменге тығылысты. Ұрыс енді қыза бастады. Найзағай жиі-жиі жарқылдаған сайын айнала тұтастай айқын да көлеңкесіз кереметтей анық көрінді. Иіліп майысқан ағаштар, аспанға атылған толқындардың көбігінен беті аппақ болып буырқанған өзен, арғы беттегі биік құлама жарлардың бейнелері тұман мен жаңбыр тамшыларының қисық шымылдығы арасынан айқын көрінеді. Ара-арасында ұрыста тізе бүккен қаһарманы сатыр-сұтыр етіп, жас ағаштарды сындыра жерге құлайды; күннің күркілі құлақты жарып зәреңді ұшырар қорқынышты жарылысқа айналды. Ақыры нөсер төкпелеп, күннің күркілі аралды тас-талқан етіп ұшырып жіберердей ашумен сатырлатып, ағаштарды төбесіне дейін топан суға батырып, тіршіліктің бәрін бір сәтте көзді ашып-жұмғанша жоқ қылып жіберетін секілді. Үйсіз-күйсіз жүрген балалар үшін бұл түн өте қорқынышты болды.

Дегенмен ақырында ұрыс басылды, жауласқан әскерлер кері шегініп, олардың қарғысы мен қоқан-лоқысы бірте-бірте алыстап, жер бетіне бұрынғы тіршілік қайта орнады. Зәрелері ұшып қорыққан балалар өз тұрақтарына оралды, бірақ қуанатын бір жағдай бар: олар паналаған кәрі еменге найзағай түсіп өртеніп кетті; бұлар сол жерде қалғанда, үшеуі де өмірмен қоштасатын еді.

Олардың тұрағын да су алып кетіпті, оның ішінде жылынатын, тамақ пісіретін алау да су астында қалған, өйткені бұлардың жасындағы баланың бәрі ештеңені алдын ала ойламайды — жаңбырдан отты сақтау үшін оны көму керек еді. Ең жаманы сол болды: үшеуі де су-су болып, суықтан тістері тістеріне тимей отыр. Олар өкініш білдіріп еді, бірақ кешікпей үлкен жұмыр ағаштың астыңғы жағында жылтыраған от бар екенін көріп қуанысып қалды. Балалар іске кірісті: қайың теректің қабығын құлаған ағаш бөренелерінің астындағы құрғақ шөп-шаламды жинастырып, әлгі жылтыраған алақандай отты үргіледі. Әйтеуір оттың мейірімі түсіп тұтана бастады да, кішкенеден соң лапылдап жанды. Олар үлкен-үлкен бұтақтарды салып еді, от лапылдап гүрілдей жөнелді де, балалар көңілденіп қалды. Шошқаның піскен етін оттың үстіне ұстап кептіріп, кешкі тамаққа тойып алғасын алаудың жанына отырып алып, түндегі бастарынан кешкендері жайлы біраз әсірелеп мақтанышпен әңгімелесті; бәрібір ұйықтайтын жер жоқ — айналаның бәрі малмандай су, алақандай құрғақ жер қалмаған.

Ертеңгі алғашқы сәуле көрінісімен балалар қалғып-мүлги бастады; олар енді құмды жағалауға барып ұйқыға басты. Кешікпей қыздырынып олар орындарынан тұрды да таңғы тамақты дайындауға кірісті. Тамақтан кейін олар тат басқан темірдей қол-аяқтарын әрең қозғап, тағы да үйлеріне қайтқылары келді. Мұны байқаған Том қарақшыларды алаңдатқысы келіп, ананы-мынаны айта бастады. Бірақ оларға алебастрдан жасалған шариктер де, суға шомылу да, цирк те керек емес секілді. Сосын ол өзінің ұлы құпиясы туралы айтып еді, ана екеуінің көзінен жылт еткен сәуле көргендей болды. Осы сәуле жоғалмай тұрғанда Том ойдан жаңа бір оқиғаны ойлап табуға тырысты. Ол жолдастарына қарақшымыз деген ойды уақытша естен шығарып, енді бір мезгіл қызық үшін үнділіктер болайық деген ұсыныс айтты. Бұл ұсыныс бәріне ұнап қалды да, бәрі сол бойда киімдерін сыпырып тастап, қап-қара балшықты жалаңаш денелеріне жағып, бастан башпайға дейін сызғылады да, жолақ-жолақ зебра болып шыға келді. Бұдан соң олар көшіп келген ағылшындарға шабуыл жасау үшін орманға бет алды және олардың әрқайсысы өздерін көсем сезінді.

Олар бір-бірімен жауласатын үш тайпаға бөлінді. Қорқынышты ұрандармен айқай салып, тасадан шабуылға шығып, бір-бірімен ұстасып жатыр және мыңдаған дұшпанды қырғандарына мәз. Бұл көп қан төгілген күн болды да, олар осы ерліктеріне дән риза.

Кешке қарай қарындары шұрқырап және өздерін бақытты сезініп тұрақтарына оралды. Алайда оларды аздаған қиындықтар күтіп тұр еді. Жауласқан үнділіктер өзара татуласу үшін бейбіт келісімге келулері керек, олай болмаса, достық, татулық нанын бөлісіп жеуге болмайды: бірақ татулықтың сигарын сормай бейбіт келісімге келу мүмкін бе? Татулықтың белгісі — сигарды кезек тартпай бейбіт келісімге келу жайлы бұрын-соңды естілген емес. Үнділіктердің екеуі өмір бойы қарақшы болып қалмағандарына іштей өкінді. Алайда басқа амал жоқ, сондықтан өздерін көңілді етіп көрсетуге тырысып, түтік талап етісті де, үнділіктердің дәстүрі бойынша, екеуі кезектесіп тартты. Ең соңында үнділік болғандарына қуанды, себебі сәл де болса ұтыстары бар еді. Олар кәдімгідей шылым шегуді үйреніп алған, енді жоғалған пышақты іздеуді сылтауратып тасаланудың қажеті жоқ. Рас, екеуі де сәл-пәл жайсыз сезінді, бірақ өткендегідей азаптан жанталасқан емес. Олар бұл ыңғайлы жағдайды пайдаланып қалуға асықты. Кешкі астан кейін өз тәжірибелерін тағы бір жасады және бұл жолы да ойдағыдай өтті, кеш көңілді болды. Үшеуі де мақтаныш сезім құшағында өздерінің жаңа табыстарына дәл бір үнділік тайпалардың алтауының терілерін түгел сыпырғандай бақытты еді. Әзірге оларды қоя тұрайық: мейлі тартсын, мылжыңдассын және мақтана берсін. Белгілі бір уақытқа дейін біз оларсыз-ақ сайрандайық.

Он жетінші тарау

ҚАРАҚШЫЛАР ӨЗДЕРІН ЖЕРЛЕП ЖАТҚАНДАР АРАСЫНДА

Сенбінің сол бір кешінде шағын қалада көңілділіктің нышаны көрінбеді. Полли апай, Мери, Сид және Гарпер ханымның бүкіл отбасы көз жастарын тия алмай, қаралы киім киді. Қалашықта бұрын да көп у-шу болмайтын, ал бұл күндері мұнда болмаған тыныштық салтанат құрып тұр. Тұрғындар өздерінің әдеттегі шаруаларымен қалай болса солай, онша мән бермей айналысады, тіпті бір-бірімен әңгімелесуді де қойды, жиі-жиі күрсіне берді. Тіпті балаларға сенбілік демалыс бұрынғыдай қуаныш әкелмеді. Олардың ойындары да онша келіспеді. Сосын өздерімен өздері жүрді.

Кешке қарай Бекки Тэчер мектеп жанындағы бос алаңда көңілсіз жалғыздан жалғыз жүріп, өзін соншалықты бақытсыз сезінді. Бұл маңда оны жұбататын ештеңе болмады.

«Ой, менде тым болмаса өткенде ол берген жез шеңбер болса ғой, — деп ойлады ол — Одан ескерткіш болатын менде еш нәрсе қалған жоқ».

Бекки өксігін жұтып қайғырды.

Кенет тоқтай қалып, өзіне-өзі:

— Дәл осы жерде болып еді… О, егер сол әңгімені тағы да естісем, сондағы оған айтқан сөзімді өліп кетсем де қайталамас едім! Ол енді жоқ және оны ешқашан мен көре алмаймын! — деді.

Осы ой кішкентай қызды әбден шаршатты. Сосын ол көзінің жасын сүртпестен жүре берді. Сонан соң бір топ бала, Том мен Джоның мектептес жолдастары келіп, шарбақтың арғы жағынан сығалап, қаза тапқандардың құрметіне дауыстарын шығармай күбірлеп, өлгендерді еске алысты: бұлар ең соңғы рет көргенде Том бір нәрсе жасап еді немесе мынандай сөз айтып еді, Джо былай деген деп және олардың әр сөзі пайғамбардың жорамалындай болды деген қорытындыға келісті. Әрқайсысы қаза болған балалардың қайсысы қай жерде тұрғанын айтып жатыр және: «Мен былай тұрғанмын, ал ол сен тұрған жерде жап-жақын тұрды да, менің бойымнан бірдеңе тапқандай күлімсіреп маған қарады, зәрем ұшып кетті, түсінесіңдер ме? Сол бойда мен ештеңені білгенім жоқ, енді бәрін көріп, біліп тұрмын,» — деп қосып қояды.

Қаза тапқандарды ең соңғы рет тірі күйінде кім көргені жайлы талас басталады, көпшілігі осы қайғылы хабарды өздері меншіктеп, басқа куәгерлер оны жоққа шығарды; ақырында оларды соңғы рет кім көргені, кім сөйлескені анықталғанда, бақыттылар кеуделерін көтеріп, ал басқалар оларға ауыздарын ашып қызғанышпен қызыға қарады. Бір бейшара бала айтатын ештеңе таба алмай:

— Ал мені Том Сойер бір рет жақсылап сабады, — деді мақтанышпен.

Бірақ оның даңққа бөленем деген ойынан ештеңе шықпады. Себебі, қалған балалар да, басқалар да өздері туралы осындай бірдеңені ойлап таба алатын, сондықтан әлгі байғұс бала салтанатты құрметтен құр қалды. Оқушылар қаза тапқан батырларды естеріне алып, жарыса әңгімелеген күйі тарқады.

Ертеңіне жексенбілік мектептің сабағы аяқталған кезде шіркеу қоңырауының дауысы әдеттегідей емес, бір түрлі жай әрі қайғылы естілді. Қайтқан адамды жерлеуге жиналғандардың жылап-сықтаған үні сол күнгі табиғаттың үнсіздігімен жарасым тапқандай. Қала тұрғындары шіркеуге жиналды, кірерде бір-біріне болған қайғылы оқиға жайлы күбірлеп айтады. Бірақ шіркеудің ішінде сыбыр-күбір жоқ, жым-жырт. Мұндағы тыныштықты өз орындықтарына жайғасқан әйелдер көйлегінің сыбдыры ғана бұзып тұр. Кішкентай шіркеудің іші бүгінгідей осыншама аузы-мұрнынан шыққанын ешкім есіне түсіре алмады. Полли апай, соңынан Мери мен Сид олардан соң Гарпердін отбасы — бәрі қайғыға батқан, қаралы киім киіп шіркеуге кіргенде, кәрі дін қызметкерінен бастап, жиналған жұрт бір кісідей дұға оқыды және қаза тапқандардың туысқандары алдыңғы қатардағы орындықтарға отырғанша түрегеліп құрмет көрсетті. Бұдан кейін басталған үнсіздікті өксіп жылаған дауыстар ғана бұзып тұрды, содан соң дін қызметкері қолын жайып дұға оқи бастады. Жан тебірентер гимн айтылды, одан кейін: «Мен қайта тірілемін, өмірмін» — деген сөздер қайталанды.

Содан соң өсиет айту басталды, уағызшы өзінің жалынды сөзінде қаза тапқан балаларды аспанға көтере мақтап, оларды қайырымды, талантты, ақылды етіп сөйледі, шіркеуде тұрғандардың әрқайсысы іштей ыңғайсызданып, өздерінің ол байғұс балалардың талантын, жақсы қасиеттерін кезінде байқамай тек кемшіліктерін көргендері қалай?

Уағызшы олардың өмірінен жүрек тебірентер бірнеше мысал келтірді: ол балалардың мінез-құлқы керемет, үшеуі де нәзік жанды екен; тыңдағандар олардың істеген істерінің бәрі адам айтқысыз жақсы екенін енді түсініп, тірісінде әрқайсысының істегені дұрыс емес, тентектік деп түсініп, арқаларына белбеудің ізін қалдырғандарын еске түсірді. Уағызшының сөзі барған сайын жүректі дірілдетіп, халық онан сайын елжіреп, ақыры жиналғандардың бәрі өлген балалардың туысқандарына қосылып дауыс ете бастады, тіпті уағызшының өзі де сезімін ірке алмай, тұрған жерінде көзіне жас алды.

Есік жақтан сыбырлаған дыбыс естілді, бірақ оған көңіл аударған ешкім болмады: бір минуттан кейін сырттан кіретін есік сықырлады. Дін қызметкері сорғалаған көз жасын сүртіп тұрған орамалын алып, жасқа толы жанарымен есік жаққа қарап еді… Сол күйі қатты да қалды. Әуелі бір-екі көз, сосын тағы басқалары дін өкілінің қараған жағына қарады, содан соң шіркеу ішіндегілердің барлығы орындарынан атып тұрып, ортадағы өтетін жолмен орындықтар арасынан суға кетіп қаза болған үшеу салып айдап келе жатыр: алдарында Том, одан соң Джо, соңдарында жалба-жұлба киімі солбырайып, ыңғайсызданған Гек. Олар таңертеңнен өздері жайлы айтылған сөздерді тыңдап, есік сыртындағы хорда отырыпты.

Полли апай, Мери және Гарперлер қайта тірілген өздерінің сүйіктілеріне жармасып, құшақтап сүйіп тұншықтырып жатыр және бұларды аман алып қалған құдайтағалаға рахметтерін жаудырды; тек байғұс Гек қана жан-жағынан жақтырмай қараған көздерден ыңғайсызданып не істерін, қайда кетерін білмей тұр. Ол жан-жағына барлай қарап, зытуға дайын еді, Том оның жеңінен ұстап Полли апайға:

— Бұлай болмайды! Гекке де біреу қуануы керек қой! — деді.

— Қуанғанда қандай, қуанады, қуанады, әрине! Байғұс жетім баланы көріп тұрғаныма алдымен мен қуаныштымын!

Полли апай баланы сүйіп, бауырына тартып, бейшараны онан сайын ыңғайсыз сезінуге мәжбүр етті.

Кенет дін өкілі бар дауысымен айқай салды:

— Жаратқанды оның мырзалығы мен мейірімі үшін мадақтайық.

Бәрі қосылып ән шырқады. Ескі заманнан келе жатқан алғыс гимні айтылғанда, шіркеудің төбесі дірілдегендей болды. Теңіз қарақшысы Том Сойер оған қызыға қарап тұрған құрбыларына көз салып, өмірімнің ең керемет сәті осы деді іштей.

Үйлеріне тарай бастаған тұрғындар өздерін өлердей алдаса да, ғажайып алғыс гимнін есту үшін тағы да алдануға дайын екендіктерін бір-біріне айтып бара жатты.

Сол күні Том Полли тәтесінің құбылмалы мінезіне сай жұдырық пен сүюдің талайын басынан кешірді, тәтесінің бұған деген сүйіспеншілігі ме, жоқ жаратқанға алғысы ма, ол түсінбеді.

Он сегізінші тарау

ТОМ ӨЗІНІҢ ТҮСІН АЙТАДЫ

Томның ұлы құпиясы осы екен: ол өзінің қарақшыларымен үйге оралып, өздерін жерлеп жатқандармен бірге болып көру. Сенбі күні кешкісін олар бөренеге отырып Миссури жағасына жетті де, туған қаладан бес мильдей төменгі жаққа барып, жақын жердегі орманға қонып шықты. Таң атар-атпастан үй-үйдің арасымен шіркеуге келіп, сынған орындықтар жатқан хорда әбден ұйқыларын қандырды.

Дүйсенбі күні таңертең дастархан басында Полли апай да, Мери де Томға ерекше мейіріммен қарап, оның айтқанының бәрін жандары қалмай орындады. Әңгіме де әдеттегіден көбірек айтылды. Сөз арасында Полли апай:

— Байқайсың ба, Том, мүмкін сендер үшін қызық болғанмен бір апта бойы бүкіл елді азаптау миға сыймайды… Маған соншалық қайғы шеккізгенің мұңайтады және сенің жүрегіңнің мейірімсіз қатал болғаны… Өзіңнің жаназаңа қатысу үшін сен бөренеге отырып, өзеннен өткенсің, ең болмаса, үйге келіп, тірі екеніңді маған білдірсең етті.

— Иә, сен солай істей алатын едің ғой, Том, — деді Мери, — және егер осы ой басыңа келсе, сен солай істеген де болар едің.

— Солай ма, Том? — деп сұрады Полли апай, оның жүзінен дәл солай болғанын қалап отырғаны көрініп тұрды. — Ал, айтшы басыңа осы ой келген болса, сен бізге хабар беретін бе едің?

— Жо… білмеймін. Бұл біздің ойынымызды бұзады ғой.

— Ай, ай, Том, сен мені жақсы көреді деп ойлайтын едім! — деп күйінді Полли апай, Том ыңғайсызданып қалды.. — Егер сен мен жайлы аз да болса ойласаң…

— Тәте, бұл қасірет емес, — деп Мери сөз қосты. — Том ақылы ауысқан адамдай ылғи асығып жүреді ғой, ойлауға мұршасы жоқ.

— Оның несі жақсы?! Сид ойланып істер еді. Сид келіп, тірі екенін айтып кетер еді. Аһ, Том, бір кезде артыңа қарап, мен жайлы ойламағаныңа өкінерсің, бірақ ол кезде кеш қаласың.

— Тәте, жетер енді, сізді жақсы көретінімді өзіңіз білесіз ғой, — деді Том.

— Егер сенің сөзің істеген ісіңе сай келсе, білген болар едім.

— Мен, шынында да, бұл ойдың басыма келмегеніне өкінемін, — деді Том, дауысынан расында да өкініш байқалып тұрды. — Оның есесіне мен сізді түсімде көрдім — бұл да тектен-тек емес шығар.

— Айтайық, түс көргенде не тұр? Мысық та кейде түс көреді, — бірақ бұл, әрине, ештеңе болмағаннан тәуір. Түсіңде не көрдің?

— Ол былай. Сәрсенбі күні кешкісін түс көрдім, сіз кереуеттің жанында… ана жерде, Сид отын салған жәшіктің қасында, Мери оның жанында…

— Біз ылғи да солай отырамыз… Иә, отырдық, тым болмаса түсіңде бізді есіңе алғаныңа қуаныштымын.

— Сосын мұнда Джо Гарпердің мамасы болғанын көрдім.

— Ол расында болған! Тағы не көрдің түсіңде?

— Көп нәрсе көрдім. Бірақ қазір бәрі бытысып кетті.

— Есіңе түсірсеңші, түсіріп көр?

— Сосын жел үрледі…

— Есіңе түсір, Том! Жел нені үрледі?

Том саусақтарымен маңдайын тіреп отырды да, бір минуттан кейін айқайлап жіберді.

— Есіме түсті! Жел майшамды үрледі.

— Құдайым, жарылқай гөр! Әрі қарай, Том, тағы!

— Тоқтаңызшы есіме түсірейін… Иә, сіз есіктен соққан жел деген сияқтысыз.

— Әрі қарай, Том!

— Бір минут ойыма түсіруге мұрша беріңізші, бір минут! Сіз есік ашылғандай болды дедіңіз.

— Иә, иә, мен солай дедім… Есіңде ме, Мери? Ал, әрі қарай?

— Сосын… сосын… Білмеймін не болғанын… Сіз Сидті жұмсаған сияқты болдыңыз…

— Иә, иә, Сидті қайда жұмсадым?

— Сіз оны есікті жабуға жұмсадыңыз.

— Құдайым-ай, ешқашан мұндайды естіген емеспін! Ал, осыдан кейін қалай түске сенбейсің! Қазір Сирини Гасперге барып айтайын. Содан кейін оның сенім туралы мылжыңын тыңдап көрейік. Әрі қарай айта бер, Том, сосын не болды?

— Енді маған бәрі түсінікті болды, тәте! Сіз мен туралы ол шектен шыққан бұзақы емес, жай еркелейді, тентек құлын секілді дедіңіз.

— Иә, иә, дәл солай дедім! Құдайым-ай! Әрі қарай не көрдің, Том?

— Содан соң сіз жылап жібердіңіз.

— Рас, рас жыладым! Және бірінші рет емес. Ал, сосын?

— Сосын Гарпер ханым жылады және Джо да жақсы бала өзім төгіп алған кілегейді одан көріп сабағаным қандай өкінішті, — деді.

— Том, жаратқанның рухы сенің кеудеңе қонған! Бұл нағыз көріпкелдің түсі! Әрі қарай айта бер!

Содан кейін Сид айтты…

— Мен ештеңе айтпаған секілдімін, — деді Сид.

— Жоқ, Сид, сен айттың, — деді Мери.

— Сөйлемеңдер! Томды алаңдатпаңдар! Иә, Том, ол не дейді?

— Ол жер бетіндегі өміріне қарағанда Том о дүниеде жақсы жүретініне сенетінін айтты.

— Естіп отырсыңдар ма? Сидтің сөзі.

— Сіз оны әрі қарай сөйлетпедіңіз.

— Әрине! Сөйлетпедім! Жоқ, бұл жерде періштенің болғаны даусыз. Осы маңға періште келген!

— Одан соң Гарпер ханым Джоның бірде мұның танауының астынан пистонды жарып зәресін ұшырғанын айтты. Сіз Питерді және ауруды басатын дәрі жайлы айттыңыз.

— Рас, рас!

— Сіз сосын бізді өзенді шарлап іздегендерін, бізді жерлеу рәсіміне жексенбіде болатынын айттыңыз, содан Гарпер ханыммен құшақтасып жыладыңыз, ол сосын үйден шығып кетті.

— Солай, солай! Дәл осылай болғаны анық! Егер сен өз көзіңмен бәрін көрген болсаң, бұдан артық айта алмаған болар едің. Сосын не болды? Айта бер, Том?

— Содан сіз маған арнап дұға оқыдыңыз, мен сіздің әр сөзіңізді естідім. Сосын сіз төсегіңізге жаттыңыз және сізге жаным ашыды да, мен ағаштың қабығына «біз өлген жоқпыз, біз тек қашып кеттік те, теңіз қарақшылары болдық» деп жазып, майшамның жанына қойдым, ал сіз ұйықтап жаттыңыз. Сіздің жүзіңіз сондай мейірімді көрінді, сосын мен еңкейіп ерніңізден сүйдім.

— Рас па, Том, шын ба? Ол үшін сенің барлық тентектігіңді кешіремін. «Сүй» — деді де Полли апай оны қатты қысып құшақтағаны сонша, Том өзін жер бетіндегі ең оңбаған адам сезінді.

— Мұның бәрі бар болғаны түс болғанымен, әрине, керемет, — деді Сид даусын шығарып.

— Үндеме, Сид! Адам өңінде істейтінін түсінде де жасайды… Мә саған ең үлкен алма, Том! Мен мұны сен бір кезде келсең, берермін деп сақтап едім. Және тезірек мектебіңе бар… Маған жаны ашып сені қайтарғаны үшін жасағанға мың рахмет айтам. Өйткені өзіңе шын сеніп, оның өсиеттерін орындаған адамдарға мейірімін түсіреді. Мен оның рахымына лайық емеспін… Егер ол тек лайықты адамдарға ғана мейірімді болса, жер бетінде бұл күндері масайрап жүретіндер аз болар еді және о дүниеде олар жәннатта мәңгілік рахат кешуге құқтары бар болар еді. Қане, барыңдар, Сид, Мери, Том, тезірек кетіңдер — сендермен мылжыңдасуға уақытым жоқ.

Балалар мектепке кетті, ал кемпір Томның ғажайып түсін айту үшін Гарпер ханымға айтып, оның наным-сенім десе шашы тік тұратын мінезін жоққа шығаруға асықты. Сид үйден кетерде не ойлағанын айтудың қажеті жоқ деп ойлады. Ал ол: «Бұлай болуы мүмкін емес. Осындай ұзақ, кәдімгі өмірдегідей түс бола ма — бір де бір қатесі жоқ?» — деп ойлаған.

Том қандай батыр болып шықты! Ол секіріп, жүгірмей, кәдімгі теңіз қарақшылары секілді салмақпен, кеудесін тік ұстап, айналадағы жұрттың бәрі оған қарап тұрғанын ескеріп маңғаздана жүріп келеді. Шынында да, ол басқалардың қарағанын көрмегендей, олардың сыбыр-күбірін естімегендей кейіппен, іштей рахат сезімге бөленіп келеді. Кішкентай оның соңынан ергендеріне оларды өзгелер Томның жанында көргендерін мақтан етіп, батыр қарақшының оларға ештеңе демей ерткенін мәртебе санайтындай. Ол бейне парадтың алдындағы барабаншы немесе аңдарды бастап қала қақпасынан еніп келе жатқан піл секілді. Ал, Томның құрбылары болса, оның үйден қашып кеткені жайлы ештеңе білмейтін адамдай кейіп көрсеткендерімен бәрінің де іштерін қызғаныш қыжылы күйдіріп тұр. Олар бұл секілді қап-қара болып күнге күйсе, аз-ақ күнде даңққа бөленсе, бәрін беруге дайын. Алайда Том ешқайсысын, тіпті біреуі ақысына тұтас цирк берем десе де, көнбес еді.

Мектептегі оқушылар Том мен Джо Гарперге естері кете қызығушылықпен қарап тұрғанын сезген ол екеуі тіпті мұрындарын көтерді. Олар айнала қоршағандарға өздерінің бастан кешкен оқиғалары мен ерліктері жайлы өздеріне тән ойдан шығарудағы шеберліктерін балалар қосып айтып тұрды.

Бір мезгілде олар темекі түтіктерін шығарғанда, оларға деген қызығушылық әбден шегіне жетіп екеуі тіпті құрметке бөленді.

Том ендігі жерде Бекки Тэчерсіз-ақ жүруге бел буды. Оның өз даңқы да жетіп жатыр. Енді ол атақ-даңқ үшін өмір сүреді. Қазір оның атағы жер жарып тұрғанда Бекки мұнымен татуласқысы келетін де шығар. Мейлі. Мұның да кейбіреулер секілді салқын бола алатынын көрсін. Әне, өзі келе жатыр, Том оны байқамаған адам бола қалды. Ол бұрылды да топталып тұрған балалар мен қыздарға қосылып солармен әңгімелесе бастады. Том Беккидің ерсілі-қарсылы жүгіріп, беті өрттей жанып, қыздармен қуыспақ ойнап жүрген болып көрінгісі келетінін, құрбы қыздарының бірін ұстай қалса, қуанғаннан айқайлап жіберетінін көріп тұрды. Бірақ Беккидің қыздардың жақын тұрғандарын ұстағысы келетінін, ұстай қалса, байқатпаған болып мұның өзіне көзінің астымен қарап қоятынын Том сезді. Қыздың бұл қылығы жүрегін жұмсартудың орнына қайта өшіктіре түсті, ол өзін тәкаппар ұстап Беккиді көрмегендей кескін көрсетті. Қыз сосын қыздардың соңынан жүгіруді қойып, оқта-текте мұңды жанармен Томға қарайтынды шығарды. Кенет ол Томның ылғи Эмми Лоренспен сөйлесіп тұрғанын байқады. Жүрегін сыздатқан сезім оның тұла бойын билеп алды. Ол толқып, кетуге ыңғайланды. Бірақ кетудің орнына оның аяқтары Эмми мен Том тұрған топқа алып келді. Ол әбден жақын келіп, қыздардың біреуіне.

— Сен қандай оңбағансың, Мери Остин! Неге жексенбілік мектепке келмедің? — деді.

— Болдым мен. Сен көрмедің бе мені?

— Жоқ, бұл қалай… Сен қайда отырдың?

— Әдеттегідей Питерс ханымның класында. Ал мен сені көргем.

— Шын айтасың ба? Мен қалай байқамағанмын. Мен саған сейіл құру туралы айтайын деп ем.

— Ой, керемет! Кім өткізеді?

— Менің анам… Мен үшін.

— Қандай жақсы! Ал анаң менің келуіме рұқсат ете ме?

— Әрине. Кеш менікі. Кімді шақырғым келсе, соны шақырамын. Сені міндетті түрде!

— Ой, сен қандай тамашасың? Қашан болады?

— Жақында. Мүмкін, демалысқа шыққанда.

— Керемет көңілді болады! Сен қыздар мен балаларды түгел шақырасың ба?

— Иә, менің достарымның бәрін… Сосын менімен дос болғысы келетіндерді де.

Ол көзінің қиығымен Томға қарап қойды, бірақ Том бұл кезде Эммиге аралдағы аласапыран дауыл мен жүз жылдық жуан еменді найзағай күл талқан еткені және сол кезде еменнен үш қадам жерде өзі тұрғанын айтып жатыр еді.

— Сенің кешіңе маған келуге бола ма? — деп сұрады Гресси Миллер.

— Иә.

— Ал маған ше? — деді Салли Роджерс.

— Иә.

— Маған да бола ма? — деді Сузи Гарпер. — Джоны да шақырасың ба?

— Иә.

Бәрі бірдей сұрақ қойды және түгел шақырылатын болғасын, қуана қол шапалақтады, ақырында Том мен Эммиден басқаның бәрі барғысы келетіндерін айтты.

Том ешқандай көңіл бөлместен, Эммиді ертіп кетіп қалды. Беккидің еріндері дірілдеп көзіне жас толса да, ренжігенін білдіргісі келмей әңгімесін айта берді. Алайда сейілге де, басқаларға да енді зауқы соқпай қалды. Ол дос қыздарынан оқшауланып, оңаша жерге барды да, әйелдердің сөзімен айтқанда оңаша жылап алды да, қоңырау соғылғанша көңілсіз жәбірленіп отырды. Орнынан тұрып, көздерінде жарқ еткен от көрінді, қос бұрымын қайырып, мен енді не істейтінімді білемін деді.

Үзіліс кезінде Том Эмми Лоренстің көңілін аулаумен болды. Онымен қыдырып жүріп, Беккидің жүрегін сыздату үшін бізді көрсе екен дегендей қасақана қылық көрсетіп бақты.

Том ақыры оны іздеп тапты; сол бойда оның бақыты аяқ асты болды: Бекки мектеп жанындағы орындықта Альфред Темплмен отыр; екеуі бір кітаптың суреттерін қарап, басқа еш нәрсеге көңіл бөлетін емес. Және бастары түйісіп отыр. Томның тұла бойы қызғаныштан өртеніп кетті. Ол сол сәтте өзін өте жек көріп кетті: Беккидің татуласуды меңзеген ұсынысын қалай қабылдамады! Ол өзін оңбаған ақымақ деп және сол сәтте ойына келген жаман сөздің бәрін өзіне жапсырды. Олар әрі қарай жүре берді. Эмми көңілдене мылжыңдап келеді, өйткені қуаныштан жүрегі ән салып тұрған, бірақ Том тілін тістеп алғандай үнсіз.

Ол Эммиді тыңдап келе жатқан жоқ, қыз тіпті одан жауап күтіп тоқтағанда да, Том «иә, иә» деп бірдеңе айтқан болып міңгірледі. Оның үстіне әлгі жынын құрыстырған көрініске қарау үшін мектептің арт жағынан өтуге тырысты. Еркінен тыс солай қарай жүрді. Оның ашуын келтірген жай — Бекки бұған тіпті де көңіл аудармағаны, оған солай көрінді! Бірақ Бекки мұны көріп өзінің жеңіс тұғырында екенін сезді де, Томның әлгіндегі өзі секілді қайғылы күй кешіп жүргеніне қуанды.

Эммидің көңілді мылжыңы мұның ішін пыстырды. Том өзінің бір жерге баруы керектігін, тіпті кешігіп қалғанын тұспалдап айтып көріп еді, алайда бәрі бос болды — қыз құс секілді сұңқылдай берді. «Аһ, жерге кіріп кеткір, — деп ойлады Том, — сенен құтыла алмайтын болғаным ба?». Ақыры ол кетуім керек деп мәселені тікесінен қойды. Эмми сабақтан кейін оны осы маңда күтетінін айтып еді, Том оны енді көрместей жек көріп кетті.

«Тым құрыса басқа біреу болса ғой, — деді ол өзіне өзі сөйлеп тісін қайрап. — Сен-Луиден шыққан сол оңбаған өзінше ақсүйек. Әдемі киінгеніне мәз, мақтаншақ! Тоқтай тұр, бәлем! Сен біздің қалаға алғаш келген бойда-ақ ішіңді кептіргем, тағы сүйтемін. Тоқтай тұр, мырза, мен саған көрсетемін әлі!». Том дұшпанмен жұдырықтасып жатқандай қолын сермелеп ауаны соққылап тұр. «Міне, саған! Міне, саған! Алдың ба сыбағаңды? Жалынасың ба? Жарайды! Бар, бұл саған сабақ болады». Ойдан шығарылған төбелес Томның жеңісімен аяқталды.

Сағат он екі болды. Ол үйге қарай жүгірді. Эммидің бақытты сезініп, алғыс жаудырған түрін көру оған қатты батты, сонымен қатар қызғаныштың азабы әбден шегіне жетті. Бекки тағы да Альфредпен кітаптың суреттерін қызықтап отыр, уақыт өтіп барады, бірақ Том келмеді, ал бұл қыздың салтанатты жеңісіне көлеңке түсірді. Суреттерді қызықтау оны жалықтырды, сосын ол үндемей, мұңайып отырып қалды. Екі-үш рет біреулердің келе жатқан дыбысынан қауіптеніп еді, бірақ бекер үміттенген екен: Том көрінбеді. Ақырында ол өзін бақытсыз санады және өзінің өш алам деп тым өрескелдік жасағанына өкінді. Альфред байғұс өзімен отырған қыздың әп-сәтте көңілі түсіп, іші пысқанын көргенде: «Мына суретті қарашы, қандай жақсы!» — деп айта берді. Қыз ақырында әбден төзімі таусылып: «Кетші әрмен! Сенің суреттерің жалықтырды!» — қаттырақ айтты. Жылап жіберді де, орнынан тұрып, кетіп қалды. Альфред соңынан ілесе жүгіріп, оны жұбатайын деп еді:

— Өтінемін, мазамды алмашы! Бар! Сені жек көремін! — деп қыз турасын айтты.

Сасып қалған бала не істерін білмей және қыз мұншама ренжитіндей өзінің оған не істегенін білмей дал болды; үлкен үзіліс бойына сенімен бірге сурет көрем деген өзі, кенеттен жылап кетті.

Альфред қаңырап қалған мектепке қарай көңілсіз аяңдады. Ол ашулы және жәбірленген еді.

Себебін білу оған қиынға түспеді: ол қыз Том Сойердің қызғанышын туғызу үшін мұнымен әңгімелесті. Осы ой келгенде оның Томға деген ызасы тіпті күшейе түсті. Ол өзі көзге түспей дұшпаннан кек алатын әдіс табуды ойлады. Осы кезде Томның оқулығы көзіне түсті. Міне, дұрыс болды! Ол кітаптың үйге тапсырма берілген бетін қуана ашты да, бүкіл бетіне сия төкті. Дәл осы сәтте Бекки есік жақтағы терезеден қарап тұр еді, ана баланың не істеп жатқанын көзімен көрді де, ешкімге байқатпай үйіне қарай зытты: ол Томды тауып алып кітап туралы айтқысы келді. Сонда Том қуанып, бұған алғыс айтады, сосын барлық өкпе-наз бітеді. Бірақ жолда келе жатып жоспарын өзгертті: ол пикник жайлы айтқанда Томның бұған көрсеткен қылығын есіне алды. Бұл оқиғаны есіне алғанда Бекки ұяттың азабынан өле жаздап, тұла бойын бір жалын өртегендей болды. «Томға сол керек!» деп шешті ол. Кітапты бүлдіргені үшін мейлі оны шыбықпен жазаласын бұған бәрі бір; бұл Томды өте жек көреді және өмір бойы жек көретін болады.

Он тоғызыншы тарау

ҚАТҚЫЛ СӨЗДЕР. «МЕН ОЙЛАМАППЫН»

Қабағы түйіліп үйге көңілсіз оралған Том тәтесінің алғашқы сөздерін естігенде, мұнда да оның қайғысына жанашыр ешкім күтіп тұрмағанын сезді.

— Том, мен сенің теріңді сыпырып аламын!

— Апатай, мен не істедім?

— Солай деуге аузың барады, а? Мен, кәрі ақымақ, Сирини Гарперге барып айтам, ол да мен сияқты сенің ғажайып түсіңе сенеді деп ойлап жүрсем… аман бол!

Сенің сол күнгі ұрланып үйге келіп, біздің әңгімемізді тыңдағаныңды оның Джосы айтып қойыпты. Мен білмеймін, Том, осынша өтірік айтатын бала өскенде кім болып шығады?! Менің Сирини Гарперге бара жатқанымды көріп тұрып тоқтатпағаның жүрегімді ауыртты: барлығы мені күлкі етіп, келемеж қылды!

Енді осы тарих Томға басқаша болып көрінді. Осыған дейін таңертеңгі әңгімені бұл жақсы ойластырылған әзіл деп түсінген. Енді ол оқиға түкке тұрмайтын бірдеңе болып шықты. Ол басын салбыратып, әуелі не айтарға білмеді, сосын:

— Тәте, солай істегеніме өкінемін… бірақ мен ойламаппын.

— Ah, айналайын, сен ешқашан ойламайсың!

Сен өзіңнің қара басың мен жан рахатың жайлы ойлайсың. Құдай біледі, сен түннің бір уағында Джексон аралынан біздің қайғымызды күлкі ету үшін келген боларсың! Сенің ойыңа келгені түс көрдім деп әңгіме айтып, менің басымды айналдыру ғой, ал бізге жан ашу деген жоқ сенде — ол сенің ойыңа келмейді!

— Тәте, мен бәрін енді түсініп отырмын: әрине, дұрыс емес, бірақ мен кесірлік жасайын дегенім жоқ, сізге шын айтып тұрмын. Және бұдан басқа… сол түні мен сіздерді күлкі ету үшін келгенім жоқ.

— Онда неге келдің?

— Мен сізге бізді уайымдамаңыздар, біз суға кеткен жоқпыз деп айтқым келді.

— Том! Том! Мен құдайға мың рахмет айтқан болар едім, егер сенің басыңа әлгі айтқаныңдай тамаша ой келген болса, бірақ ондай ойдың болмағанын өзің де біліп отырсың ғой… Мен білем, Том.

— Болды, болды! Сізге шынымды айтып тұрмын! Ондай ой болғаны рас!

— Әй, Том, өтірікті соқпа! Өтірік бәрінен жаман.

— Тәте, бұл өтірік емес, шын. Сіздер қайғырып, уайымдамасын деп сол кеште келгенім рас.

— Айтып отырғаның шындық болса, бәрін кешіруге әзірмін. Егер мұның шындық болса, сенің үйден қашып кетіп, неше түрлі бұзақылық жасағаныңа өкінбес едім. Бірақ бәрі өтірік… Әйтпесе сен не үшін келгеніңді маған сол бойда айтар едің ғой.

— Сенесіз бе, сіз бізді өлген адамдай жерлеуге арналған жиын болатынын айта бастағанда, егер біз сол жиынға келіп, шіркеудің жоғары жағына тығылып, сосын өзіміз шыға келсек, — адам айтқысыз қызық болады деп елестеттім. Солай болса деп қиялдадым. Сондықтан әлгі сізге хат жазған ағаш қабығын күртешемнің қалтасына сүңгіттім де, ештеңе айтпай кетіп қалдым.

— Қандай қабық?

— Әлгі сізге біз қарақшы болуға кеттік деген хабарымды жазған ағаштың қабығы. Мен сізді сүйіп алғанда оянбағаныңыз өкінішті. Соған қатты өкінемін — шын айтам!

— Сен мені сүйгенің рас па, Том?

— Әрине, сүйдім.

— Шын айтып тұрсың ба?

— О не дегеніңіз!

— Мені неге сүйдің, Том?

— Өйткені сол сәтте сізді кереметтей жақсы көріп кеттім және сіз түсіңізде ыңқылдадыңыз, жаным ашып кетті.

Бұл айтқаны шындыққа жанасатын секілді. Кемпір дауысы дірілдеп, өзінің толқығанын жасыра алмады!

— Том, мені тағы бір рет сүй де, мектепке бар… және енді маған тиіспе.

Ол кеткен бойда Полли апай шоланға жүгіріп барып, Томның теңіз қарақшысы болып жүргендегі күртешесін алды. Күртешені қолына алып өзіне өзі тіл қатты:

— Жоқ, болмайды! Бейшара бала! Ол өтірікті соқты, бірақ киелі өтірік, өйткені сол өтірігімен мені жұбатқысы келді. Мен үміттенемін, ол мейірімділігінен өтірік айтты. Жаратқан оған кешірім етеді. Мен оның өтірік айтқанына көзімді жеткізсем, қарамас едім.

Апай күртешені алып қойды, бір сәт ойланды; екі рет қолын созды да, екі рет қолын тартып алды; ақыры: «Мейірімді өтірік қой, мейірімді, — маған ренжуге болмайды, — деп өзін ақтағысы келді де, күртешенің қалтасына қолын сұғып жіберді. Бір минуттан кейін ол Томның ағаштың қабығына жазған сөздерін оқып:

— Енді мен оның миллион күнәсін де кешіремін! — деді көзіне жас алып.

Жиырмасыншы тарау

ТОМ БЕККИ ҮШІН ӨЗІН ҚҰРБАН ЕТУГЕ БАР

Полли апай сүйгенде бір керемет мейірім, жақсылық сезді де, Томның қасіреті өзі-өзінен сейіліп сала берді, көңілі көтеріліп, жан дүниесін рахат сезім биледі. Ол мектепке барды және бақыт құшағына енді: Луговой тұйық көшесінің басында Бэкки Тэчермен кездесе кетті. Том ылғи сәтіне қарай іске кіріседі. Ол ойланбастан жүгіріп барып:

— Бекки, бүгін мен оңбаған қылық көрсеттім, соған өкінемін. Ендігі уақытта бұлай істемеймін, өлгенімше! Татуласайық, қалай қарайсың?

Қыз тоқтады да, оның бетіне сондай жек көрінішпен қарады:

— Мен сізге алғыс айтар едім, Томас Сойер мырза, егер менің жаныма бұдан былай жақындамасаңыз. Мен ендігі жерде сізбен сөйлеспеймін.

Ол тұмсығын көтеріп, мұның жанынан өте берді. Том есі шығып кеткені сондай айтатын сөзін айта алмай қалды: «Түкірдім саған! Шыбық тимес шыңқ етер!» дегісі келді. Бірақ айтуға кеш қалды. Ол ештеңе айтқан жоқ, бірақ ызадан жарыла жаздады. Мектеп алаңында көңілсіз жүрді, әттең Бекки ер бала болса ғой — жақсылап емін берер едім! Дәл осы сәтте Бекки жанынан өтіп бара жатыр еді. Том сөзбен түйреді. Қыз да қалыса қоймады, сүйтіп олар дұшпан болып шыға келді. Әбден ашуға булыққан Бекки сабақ басталуын тағатсыздана күтті, себебі қыз сия төгілген оқулық үшін Томды шыбықтап жазалайды, деп асыққан.

Әуелі ол Альфред Темпльдің істегенін айтайын деп ойлап еді, бірақ Томның жаңағы айтқан жаман сөздерінен кейін ол ой есінен шығып кетті.

Бейшара! Ол өзін де жағымсыз жағдай күтіп тұрғанын сезбеді.

Осы мектептің мұғалімі Доббис мырза біраз жасқа келіп, сонда да өзін бақытсыз санайтын. Ол жастайынан доктор болғысы келген, бірақ кедейліктің кесірінен қиырдағы қалашықтың мектеп мұғалімі болды. Күнде класта отырып, оқушылар жауап бермеген кезде үстелдің тартпасынан бір кітапты алып, оқуға кіріседі. Бұл кітапты ылғи тартпаға салып кілттеп қояды. Оқушылардың бәрі сол кітапты көргілері келіп естері кетеді, бірақ қолға түспейді. Бұл не кітап? Кластағы әрбір қыз, әр бала өздерінше жорамалдайды, бірақ ол қандай кітап екенін білуге мүмкіндік жоқ. Міне, Бекки есікке жақын тұрған мұғалімнің үстелі жанынан өтіп бара жатып тартпаның кілті тұрғанын көрді. Мұндай сәті келген сәтті қалай жіберуге болады?! Ол жан-жағына қарап еді — тірі жан жоқ. Бір минуттан кейін Бекки кітапты ұстап тұрды. Кітаптың аты — «Анатомия», авторы — пәлен деген профессор — бұл қызды онша қызықтырған жоқ. Бірінші бетінде жалаңаш адамның суреті. Осы кезде біреудің көлеңкесі кітап бетіне түсті — есіктен Том Сойер еніп келе жатыр екен, ол суретке көз қырын салды. Бекки тездетіп кітапты жауып жатқанда, бір беті жыртылып кетті. Ол кітапты жәшікке сұға салып, кілтті бұрады да өкініш пен ұяттан жылап қоя берді.

— Том Сойер! Сіз бұзықтыққа ғана үйірсіз! Біреудің сыртынан сығалап — не деген оңбағандық!

— Сенің нені қарап тұрғаныңды мен қайдан білейін!

— Ұялсаңызшы, Том Сойер! Сіз, әрине, мені айтып қоясыз да, ал менің жонымды шыбыртқымен жосып жазалайды… Мен не істеуім керек? Не істесем екен? — Ол аяғымен жер тепкіледі де: — Мені жамандап айтыңыз, мейлі! Сіздің оңбағандығыңыз жеткілікті екенін білеміз. Мен де бір нәрсені білемін. Және ол туралы кешікпей білетін боласыздар! Оңбаған! Оңбаған!

Қыз өкіріп жылап, бөлмеден шыға жөнелді.

Том оның аяқ астынан шабуыл жасағанына таңданып не істерін білмей тұрып қалды. Сосын ол өзі:

— Қыздар деген не деген ақымақ халық. Оларды мектепте ешқашан жазалаған емес! Арқаларын жосып жазалау — түк емес. Ал олардың бәрі нәзік әрі су жүрек! Әрине, мен бұл ақымақ қыз жайлы Доббис шалға ештеңе де айтпаймын. Мен өшімді басқа жолмен алармын. Бірақ ол қыз қолға түседі.

Доббис менің кітабымды кім жыртты деп сұрайды. Ешкім үндемейді. Сонда ол әдеттегісінше кезекпен бәрінен — әуелі бірінші, сосын екінші, ақыры кінәлінің өзіне келгенде, мұғалім бірден біледі, қыз ештеңе айтпаса да, біліп қояды. Қыздардың бетінде бәрі жазулы тұрады — оларда сабырлылық деген жоқ.

Сосын оны жазалайтын шығар… Бекки Тэчер, қолға түстің енді шыбыртқы арқаңды жосадай қылады. Одан құтыла алмайсың!

Том сәл ойланып:

— Қайтеміз, әркімнің ісіне қарай! Егер осындай дұзаққа мен түсе қалсам, ол қыз қуанар еді — енді менің терімді өзі жамылып көрсін!

Ол есік алдындағы алаңға жүгіріп барып, бір ойынды бастап кеткен балалар тобына қосылды. Бірнеше минуттан кейін мұғалім келді, сабақ басталды. Том сабаққа онша мән бермейтін. Ол қайта-қайта қыздар отырған жаққа қарап еді, Беккидің бет әлпеті Томның әбден мазасын кетірді! Қыздың қылығы есіне түскенде, оған жанашырлық білдіргісі келмеді, дегенмен жүрегі елжірегендей болып отырды және ешқандай өш алу ойына келмеді. Біраз минуттан кейін мұғалім Томның оқулығының бетіне төгілген сияны көрді. Бекки бір сәтке көңілсіздік құрсауынан босанып, мына болып жатқан көрініске елең ете қалды. Қыз Том сияны төккен мен емес деп қанша сендіргісі келгенмен, мұғалім тыңдамады. Өзінің кінәсін мойындамағаны үшін оны қаттырақ жазалады. Бекки оны жазалағанын көргенде қуанамын деп ойлап еді, олай болмай шықты. Әңгіменің соңы шыбыртқыға тірелгенде Бекки орнынан атып тұрып кінәлі Альфред Темпль екенін айтқысы келді, бірақ өзін-өзі тоқтатып, үнсіз отырды. «Том кітаптың бетін жыртып алған мен екенімді жеткізген болар, — деп ойлады Бекки, — мен ештеңе де айтпаймын! Тіпті оның өміріне қауіп төнсе де, үндемеймін!»

Том арқасын шыбыртқыға біраз төсегеннен соң орнына келіп отырды. Өкінгені білінбейді. Ол, шынында да, балалармен алысып жүргенде мүмкін сия төгілген шығар деп ойлады. Ол кінәлі емеспін деп дәстүр бойынша өзін қорғап айтты.

Бір сағат өтті. Мұғалім тағында танауымен жер шұқығандай қалғып-мүлгіп отыр. Жаттау оқыған оқушылардың гуілінен кластағы ауа біртүрлі ұйқы келтіреді. Доббис мырза тіке отырып есінеді, сосын үстелдің жәшігін ашты да, кітапқа қолын созды. Алсам ба, алмасам ба дегендей кідірді. Балалардың көбі оның бұл қимылына жай ғана қарады, ал олардың ішінде екеуі шыдамсыздана күтті. Доббис мырза әуелі кітапты сипады, сосын қолына алып, орын таққа дұрыстап отырды да, оқуға кірісті. Том Беккиге қарап қойды. Ұсқыны жоқ, мергеннің көздеуіне іліккен үркек қоянға ұқсап әрең отыр. Том сол бойда онымен керісіп қалғанын, ұмытып кетті. Тезірек көмек беру керек! Қазір, осы минутта бір нәрсе жасау керек!

Жағдайдың қиындығы сол — бір нәрсені ойлап табатын уақыт жоқ. Тамаша! Керемет ой келді! Ол жүгіріп барып кітапты алып, есіктен шығып кетеді! Бірақ сәл-пәл ойланып қалды және оңтайлы сәт өтіп кетті: мұғалім кітапты ашып үлгерді. Сәл ертерек қимылдап, сол сәтті ұтымды пайдаланса ғой!

«Өте кеш қалдық, енді Бекки құтыла алмайды».

Тағы бір минут өтті, мұғалім класс ішін көзімен шолып өтті. Оның көзқарасындағы адам айтқысыз зілден кінәсіз балалар да қорыққандарынан қалтырап кетті.

Үнсіз сәл үзіліс: сол сәл үзілістің ұзақтығы сондай, тіпті онға дейін санап үлгеруге болады. Мұғалім ашуға булығып, ақыры:

— Кім мына кітапты жыртқан? — деп сұрады.

Бір дыбыс жоқ.Түйреуіштің түсіп кеткенін де естуге болады. Бәрі үнсіз. Мұғалім кінәліні іздеп әр баланың жүзіне көзін қадайды.

— Бенджамен Роджерс, сен бе кітапты жыртқан?

Жоқ, ол емес. Тағы тыныштық.

— Джозеп Гарпер, сен бе?

Жоқ, ол да емес, Том сәт сайын қауіптеніп, есі шықты. Мына сұрақтар мен жауаптар ол үшін ұзаққа созылған жаза секілді. Мұғалім балалардың қатарын қарап болып, қыздар жаққа бұрылды.

— Эмми Лоренс?

Қыз басын шайқады.

— Гресси Миллер?

Ол да солай.

— Сюзен Гарпер, сен бе мұны жасаған?

Жоқ, ол емес. Ендігі кезекте Бекки Тэчер. Томның қол-аяғы бірдей дірілдеп кетті, жағдай өте қиын еді.

— Ребекка Тэчер (Том оның бетіне қарап еді, қорыққаннан аппақ қудай болып кетіпті) сен бе жыртқан… жоқ, менің көзіме тура қара (қыз жалынышты кескінмен қолын көтерді)… Сен бе жыртқан?

Дәл сол сәтте Томның басына найзағайдай жарқ етіп бір ой келе қалды. Ол орнынан атып тұрып:

— Мұны жасаған мен! — деп айқайлап жіберді. Мектеп түгелімен мынандай адам айтқысыз іс істеген ақымаққа қарап қалды. Том бір минуттай тұрды да, шашылған ойларын жинап, жазаны қабылдау үшін алға шықты. Беккидің көзіндегі таңдану, алғыс, махаббат мұндай жазаның жүзі үшін берген марапаттай еді. Өз ерлігінің салтанатына мәз болған Том Доббинс мырзаның адам төзгісіз соққыларына үн шығармай төзді және сабақтан кейін екі сағат мектепте қалу туралы қосымша жазаға да мыңқ еткен жоқ. Абақтыдағы екі сағат біткесін қақпаның жанында өзін кім күтетінін ол білді, сондықтан қосымша жазаны да онша мән бермей қабылдады.

Сол күнгі кеште ұйықтауға жатарда Том Альфред Темпльден қалай кек алатынын ойластырды. Ұят пен өкініштен өртеніп тұрып Бекки бұған бәрін, тіпті өзінің сатқындығын да айтып үлгерді. Алайда кек алу жоспарының орнына арманға толы басқа бір ойлар келді. Ол көзі ұйқыға бара бергенде де, Беккидің:

«Том, сен деген кеңпейілсің!» — деген қуанышты үні естіліп тұрды.

Жиырма бірінші тарау

КӨПСӨЗДІЛІК ЖӘНЕ МҰҒАЛІМНІҢ АЛТЫНДЫ МҰНАРАСЫ

Демалысқа жақын қалды. Бұрыннан да қатал мұғалім талабын тіпті күшейтті: ол өз мектебінің емтихан кезінде басқа көрермендер алдында жарқырап көрінуін қалайды. Шыбыртқы мен сызғыштар, әсіресе, бастауыш кластарда жұмыссыз жатпады. Тек он сегіз — он тоғыздағы бозбалалар мен қыздар ғана тән жазасынан босатылған. Ал Доббинс мырза өте қатты соғады, оның қолдары cay, жарқыраған тоқыр басын жалған шаштың астына жасырғанмен, кәрілікке әлі біраз уақыты бар секілді. Ұлы күн жақындаған сайын оның азаптауға құштарлығы айқын көріне бастады. Түкке тұрғысыз сәл қателік үшін жазалау оған рахат сезім әкелетіндей. Бастауыштың балалары күні бойы қалтырап-дірілдеп азаптанады, ал түндерде одан кек алудың жолын іздеп жоспар құрады! Олар мұғалімге қандай да болсын жаманшылық жасап, масқара етуге келгенде сәл мүмкіндікті де жіберген емес. Бірақ екі жақтың күші тең емес, сондықтан мұғалім ылғи, жеңіске жетеді. Оған жасалған әрбір жамандықтың соңында адам айтқысыз жаза болады, балалар ұрыс алаңын үлкен шығынмен аяқтап жүрді. Ақырында балалар астыртын жұмыс жасап, керемет жеңіске жеткізетін жоспар құрысты. Олар суретшінің шәкіртімен уәделесіп, оның өздерінің жасырын ісіне көмектесуін сұрады. Ал ол қуанғаннан есі шығып кетті, мұның өз себебі бар еді: мұғалім мұның әкесінің үйінен тамақ ішетін және баланың бұл залым ұстазды өте жек көретін бірнеше себептері бар. Мұғалімнің әйелі деревнядағы туысқандарына ма — әйтеуір бір жаққа кетуге жиналды және бірнеше күннен кейін келетін болды. Яғни кек алуға кесел болатын ештеңе жоқ. Әрбір ұлы оқиғаның алдында мұғалімнің спирттік сусындармен қуаттанатын әдеті бар еді, суретшінің оқушысы емтихан болардың алдында ұрттап алған мұғалім орын тағында қалғып-мүлгіп отырған кезде ойлаған істерін жасап, сосын оны оятады да, мектепке алып барады.

Міне, сол ғажайып күн де келді. Кешкі сегізге қарай мектеп үйі жарқырап, айналасы гүл шоқтарымен, моншақтармен, жапырақтармен көмкерілген веноктарға толды. Мұғалім тақта отырған патшадай өз орнында биікте отыр. Арт жағында тақта бар.Оның шарапты біраз сілтеп алғаны байқалып тұр. Жанындағы орындықтардың үш қатарында, он және сол жағында және ортадағы алты қатарда жергілікті әкім-қаралар мен оқушылардың ата-аналары отыр. Сол жақтағы үлкендер отыратын орындықтардың сыртында емтиханда жауап беретін оқушылар жайғасқан: тап-таза жуынып, киінген балалар өздерін байлаулы бұзаудай сезінеді; ебедейсіз бозбалалар; ақ жұмыртқадай кішкене қыздардың шаштарында гүл; түрлі-түсті қызғылт, көк ленталар тағып, үстеріне бәтестен тіктірген көйлек киген, саусақтарына әжелерінің жылтырақ сақиналарын салған жасөспірім бойжеткендердің қатары. Қалған орындарда сынаққа қатынаспайтын оқушылар отыр.

Кіп-кішкене бір бала орнынан тұрып:

Сіздер үшін таңғаларлық

Оқиға деп қарадым —

Көп алдында сөйлегені

Кіп-кішкене баланың —

деп айтқан сөзін қолын сермеп нығыздады, сосын аман-есен аяғына дейін жетті, жұрттың шатырлата соққан қол шапалағымен марапатталды, еңкейіп сәлем етті де орнына кетті.

Қысылып-қымтырылған кішкене қыз «Лағы бар Меридің» деген тақпақты айтып иілді де өзіне тиісті қол шапалақтауға ие болып, бақыттан жарылып кетердей кейіппен орнына жайғасты!

Бұдан соң өзін соншалықты сенімді түрде ұстап, жұрт алдына Том Сойер шықты да қолын сермелеп:

Азаттықты, еркіндікті беріңдер,

Ол болмаса жер астына көміңдер! —

деп қатты дауыстап тақпақ айта бастап еді, кенет орта жеріне келгенде тұтығып қалды. Осы жерде өз-өзінен ыңғайсызданып жұрттың алдында тұла бойын қорқыныш билегендей болды; аяғы дірілдеп, тамағына бір нәрсе түйіліп қалғандай болды да, бір сөз айтуға шамасы келмей қалды. Рас, тыңдаушылардың оған жандары ашып отырғандары байқалады, бірақ ешбір дыбыс жоқ — бәрі су ұрттап алғандай үнсіз. Олардың жанашырлығынан гөрі үнсіздігі Томға көбірек батты. Мұғалім қабағын шытып еді, сонымен зілзала аяқталды. Том бірдеңелерді айтып сандалды, сосын әбден жер болып, орнына келді. Бірен-саран біреулердің шырт-пырт шапалақтары естілгенмен, ұзаққа бармай тиылып қалды.

Одан кейін: «Өртеніп жатқан палубада бала тұр», сондай-ақ «Ассириялықтар отарға шапқан қасқырлардай келе жатыр» деген сияқты тақпақтар айтылды. Содан соң дауыстап оқу және диктант жазу басталды.

Оқушылары тым сирек латын класы тақпақтарды жақсы орындады. Соңында жасөспірім бойжеткендер өздерінің шығармаларын оқулары керек.

Бұл бүгінгі жоспардың шегесі болды. Қыздардың әрқайсысы платформаның шетіне шығып, жөткірініп алып әдемі лентамен қолжазбасын көзіне тақап, ұқыппен үтір-нүктесіне дейін ережеге сай оқи бастады. Шығармалардың тақырыптарын қыздардың аналары, әжелері, тіпті кейбіреулерінің кәрі әжелері талқылағаны көрініп-ақ тұр: крест жорығынан басталып: «Достық», «Өткенді еске алу», «Тарихтағы құдай кәсібі», «Арман патшалығы», «Мәдениеттің пайдасы», «Мемлекеттердің саяси құрылыс түрлері», «Меланхолия», «Ата-анаға махаббат», «Жүректің бейімділігі», тағы-тағылар.

Бұл шығармалардың басты ерекшелігі — меланхолия сарыны. Екінші ерекшелігі — әдемі де әсем сөздермен өрнектелген. Үшіншісі — ылғи сары тап болған сөздер, сөйлемдер. Көзге бірден түсетін: (адамның ызасын келтіретін) ақыл айту, мораль оқу. Шығарманың тақырыбы қандай болса да, оны жазған оқушының миын сорып мораль айту тіпті күлкілі. Мұндай моральдің жалғандығы кім-кімге де түсінікті, алайда бұл күнде біздің мектептеріміздің бәрінде осындай өтірік мадақтау, өсиет айту керемет бағаланады, мүмкін жер аман тұрғанда өзгермейтін де болар. Біздің елімізде жасөспірім бойжеткен шығармасының соңын діни өсиетпен аяқтауды өзінің міндеті санамайтын мектеп мүлде жоқ. Есейген қыз бала неғұрлым ұятсыз болса, соғұрлым оның өзі діни өсиеттерден жырақ, ал шығармасы толған діни ақыл айту мен моральға толы. Жарайды, біраз шындықтың бетін аштық, шынайы сөз жекелеген адамдардың ғана көңілінен шығатынын ескерейік.

Одан да емтиханға оралайық. Бірінші оқылған шығарманың тақырыбы «Өмір осылай болуы керек пе?»

Мүмкін кішкене үзіндіні тыңдауға оқырманның төзімі жетер:

Тіршіліктің әдеттегі соқпақтарында жасөспірімдер көптен күткен салтанатты мейрамдарды күтеді. Олардың қиялдары қызғылт түске боялған көңілді суреттер салады. Моданы жақсы көретін бойжеткен өзін шаттық пен қуаныш құшағындағы топтың ортасында тұрғандай сезінеді. Ақ киімге оранған талдырмаш денесі көңілді биге айналып; оның аяқ алысы жеңіл, мына салтанатты шаттықтың ортасында жүргендердің ішінде оның көздері бақыт шуағын шашып бәрінен сұлу көрінеді. Осындай тәтті қиял құшағында уақыт тез өтеді, сосын ол армандаған сәт келеді, өзі қиялымен елестеткен жәннатқа енеді. Мына жаңа дүниенің ғажайып көріністері басын айналдырады. Әр көрініс барған сайын оны өзіне баурайды. Алайда көп кешікпей ол сырты жарқылдаған дүниенің арғы жағы — бос әурешілік, өткінші қызықтар екенін түсінеді. Бағанадан бері жанын баураған көріністер енді оның ызасын келтіре бастайды. Салтанатты би залдары көркінен жұрдай болып, оның жүрегін ауыртып, кетуге мәжбүр етті және жер бетіндегі қызықтардың бәрі оның рухани сусынын қандырмайтынына көзін жеткізді!

Осылай да осылай кете береді. Тыңдап отырғандар «Қандай тамаша!», «Не деген сүйкімді сөздер!», «Дұрыс-ақ!» деген секілді мақтаулармен көмкерілген айқайлар үнемі қайталанып отырды. Сол кітап оқылып біткендегі адамды есінен тандыратын, түкке тұрмайтын моральды естігенде жұрт түгел қол соғып қошеметтеді.

Содан соң қылдырықтай қыз бала көзіне мұң тұнған күйі әрі пилюлидің әсерінен бет әлпеті тым сұрғылттанып «поэма» оқуға кірісті.

Мен сол поэмадан біраз шумақ келтірейін:

Миссурилік қыздың Алабамамен қоштасуы

Алабама, қош енді,
Сүйсем-дағы осы елді,
Қоштасатын күн туды,
Қасіретке оранып,
Жүрегім де бұлқынды,
Қайғылы ойлар тағы да
Ұя салды жаныма,
Орманыңды қаншама
Араладым тамсана.
Қоштасарда жыладым,
Сен ең қимас тұрағым.
Таллассидің сулары,
Құстың жасыл құндағы…
Алабама, қымбаттым,
Жылап саған тіл қаттым.

Тыңдаушылардың бәріне түсінікті болмаса да, поэма көбіне ұнады.

Бұдан кейін қара қасты, қара шашты қоңыр қыз алға шығып, сәл тыныстап алды да, бетін қайғыға орап, сыңғыраған дауыспен оқи бастады.

Көрініс

Бозғылт түн қараңғы еді. Көк тағының маңында бір де бір жұлдыз жылтырамайды; алыстағы күннің күңгірт күркілі құлағыңды шулатады; жын қаққан найзағай ойнақтап, бұлтты аспанда салтанат құрып жүр, атақты Франклиннің найзағай атаулыны ноқталағанына жыны келгендей тайраңдайды. Тіпті құтырынған жел өздерінің жасырын тұрақтарын тастай салып, осы көрініс сахнасына одан сайын қорқынышты әсер беру үшін секіріп жүр. Қараңғылық пен ыза жайлаған осы жылы менің жаным бір адамның маған көмектесуін соншалықты тіледі — міне, ол келді —

Мен аңсаған досым, менің қымбатты

Қасіретімді сейілтті де мені сосын жұбатты.

Ол қасиетті көк тұрғындарының бірі секілді салтанат құрды, жасөспірім қыздардың романтикалық қиялындағы жәннаттың жолындағы ешқандай бояусыз, әшекейсіз өзінің табиғи сұлулығымен көз тартады. Оның жүрісінің дыбысы шықпайды, егер ол жаратқан берген құдіретімен мені жанап өтпегенде, мен оны сезбеген де болар едім, ал ол сұлулығын көрсетуге тырыспайтын басқа бойжеткендер секілді үнсіз өтіп кетер еді. Жүзінде белгісіз қайғының ізі жатыр, желтоқсанның ақ мақтадай киіміне тамып, мұз боп қатқан көз жасына ұқсайды.

Бұл масқара он бет екен, соңы пресвитериан шіркеуін мойындамайтындарды адам айтқысыз жазамен қорлайтын өсиетпен аяқталады. Қаланың әкімі әлгі шығарманың авторына сыйлық беріп тұрып, жалынды сөз айтты; оның айтуынша, Дэниэл Уэбстердің өзі де бұл шешендік өнердің ғажап жетістігін мақтан етер еді.

Осы жерде «керемет» деген сөз бар шығармаларда және тірліктің әртүрлі кикілжіңдері «өмір беттері» деп аталған жерлер жай әңгіменің деңгейінде.

Ішімдіктен тұла бойы босап, сәл де болса мейірімді кейіпке енген мұғалім арқасын халыққа беріп, орын тағын жылжытты да, тақтаға Американың картасын сыза бастады, мақсаты — оқушылардан география бойынша емтихан алу. Алайда мұғалімнің дірілдеген қолы иесіне көнбеді, мұны көрген оқушылар жаймен күле бастады. Себебін жақсы түсінген мұғалім дұрыс жазуға тырысты: тақтаға жазғанын сүртіп, қайта өрнек сала бастағанмен, бұрынғыдан да нашар, күлкі қаттырақ естілді. Ол барлық ниетін жұмысқа бағыштап, кластың күлкісіне көңіл аудармады. Кластың күлкісі күшейе түсті және бұл таңғаларлық жай емес! Мұғалімнің қақ төбесі тұсында шардаққа шығатын люк бар-ды, кенет сол люктен мойнына жіп байланған мысық түсіп келеді және мысық мияуламасын деп оның басын шүберекпен қымтап байлап тастапты. Төмен түсіп келе жатқан мысық тырбаңдап жіпке жармасқан болады, бірақ ауа ғана қармады. Кластағы күлкі ұлғая түсті. Мысық тақтамен әуре болып жатқан мұғалімнің басына жақындап қалды, бір кезде тырнағымен мұғалімнің жалған шашына жармаса кетті және сол бойда олжасымен ол жоғары өрледі. Мұғалімнің жылтыр басы жарқырап сәуле шашты, суретшінің шәкірті оның басын алтындап бояп қойған екен.

Бұдан кейін жиналыс аяқталды. Балалар жазасын алды. Мектепте демалыс басталды.

Жиырма екінші тарау

ГЕК ФИНН ТӘУРАТТАН ҮЗІНДІ КЕЛТІРДІ

Том «Арақ ішпейтіндердің жас достары» деп аталатын жаңа қоғамға мүше болып кірді, өйткені, оларға «ерекше белгі» дейтін керемет мойын орамал беріледі екен. Ешқашан шылым шекпеуге, насыбай атпауға, жаман сөздер айтып ұрсыспауға уәде берді. Осыдан кейін ол жаңа бір шындықтың бетін ашты: егер бір нәрсеге өзіңнің ниетің болса, соны, енді өмір бойы істемеймін деп ант беруің керек. Нағыз дұрыс әдіс! Томның дәл сол кезде біреулермен ұрсысқысы және мас болғысы келіп кетті. Бұл ниеті ұлғая берді, тек кешікпей бүкіл елдің алдында мұның мойнына қызғылт мойын орамал тағылады деген үміт қана оны тоқтатты, осы үміт болмаса, ол әлдеқашан қоғамнан шығып кетер еді.

Төртінші шілде жақындап қалды; ол ішпейтіндердің қоғамына кіргелі үш тәуліктен асып барады, оның барлық үміті өлім алдында жатқан сот Фрезерде; сотты салтанатпен жерлейтін шығар, өйткені белгілі тұлға ғой. Сонда Фрезер сот жерленіп жатқанда бұл қызыл мойын орамал көлбеңдейді. Том үш күн бойы соттың денсаулығына көңіл бөлді және шынайы ықыласпен оның қандай күйде екенін сұрап біліп жүрді. Кейде Томның сенімі соншалық үміт ұялататын, сондықтан ол жәшіктен шығарған өзінің ерекше белгісін айнаның алдына тұрып тамашалайтын. Алайда сот кейде өзін нашар сезінгенмен, бір мезгіл кәдімгідей тәуір болып қалады. Ақырында сот тәуір болып келеді деген хабар тарады, кешікпей ол мүлде жазылыпты десті. Том жұрт мұны күлкі еткендей сезініп ашуланды. Ол сол бойда қоғам мүшелігінен бас тартты. Сосын не болды деңіз?! Түнде соттың жағдайы кілт төмендеп, қайтыс болғаны. Осыдан кейін ешкімге сенуге болмайды деп шешті Том. Сотты салтанатты түрде жерледі. Ішпейтіндер, қоғамның жас мүшелері, сәнденіп қатар түзеп жүрді, ал сол кезде олардың бұрынғы жолдасы қызғаныштан жарыла жаздады. Оның есесіне енді Том өзін еркін құстай сезінеді — бұл да жай нәрсе емес!Оның енді мас болуға, адамдармен ұрсысуға мүмкіндігі бар. Таңғаларлығы — оның зауқы соқпай қалды. Ешқандай тыйым болмаған соң Томның күнәкарлық істерге деген құлшынысы аяқ астынан жоқ болып кетті де, бұрынғы қызықтар енді түк болмай қалды.

Көп кешікпей армандап күткен демалыс Томды зеріктіре бастады. Ол күнделік бастап еді, бірақ соңғы үш күнде оған жазуға тұратындай оқиғалар болмады, оны да тастады.

Қалашыққа негрлердің оркестрі келді және бұларға ерекше әсер етті. Том мен Джо Гарпер балалардан өз оркестрлерін құрып, екі күн бойы рахатқа батты.

Атақты төртінші шілде де көңілсіз өтті, жаңбыр құйып, ешқандай парад болған жоқ, Том ұлылардың ұлысы деп ойлайтын Құрама Штаттардың сенаторы Бентон мырза Томның әбден көңілін қалдырды, биіктігі жиырма бес фут болатын дәу емес, жай қарапайым ғана кісі болып шықты.

Цирк келді. Балалар цирктен кейін жыртық кілемдерді палаткаға төсеп цирк қылып үш күн бойы әр баладан үш түйреуіш, қыздардан екі түйреуіш алып тамашаласты; бірақ кешікпей бұл да жалықтырды.

Одан кейін көзбайлаушы және френолог келді, олар кеткесін тіпті көңілсіздік басталды.

Кейде балалар мен қыздар үшін кештер ұйымдастырылатын, бірақ олар өте сирек болады және ондай кештерде көңілді болатыны сондай, ендігісін ұйымдастырғанша күте-күте әбден шаршайсың.

Бекки Тэчер жазда ата-анасымен өздерінің туған қаласы Константинопльге кетті, ол кеткесін өмірдің барлық қуанышы сарқылғандай болды.

Том үшін өткенде өзі көрген қорқынышты өлімнің құпиясы уайым болды. Сол уайым асқазандағы ашық жарадай жанын жеп азапқа салды.

Бұдан соң қызылша келді.

Екі апта бойы Том адамзат атаулы мен бейбітшілік үшін құрбан болған тұтқындай төсекте жатты.

Ауруы жанына батқан оны ештеңе қызықтырмады. Ақырында аяғынан тік тұруға жараған ол тәлтіректеп көшеге шыққанда, барлық жерде адам қызығарлық өзгерістер болмағанын көрді. Қалашықта діни мәселелер жанданып, жұрттың бәрі, оның ішінде кішкентай балаларға дейін «Құдай» туралы әңгіме айтатын болды, Том қаланы түгел айналып шықты, ондағы мақсаты тым болмаса бір күнәкарды кездестірем деп ойлаған, бірақ ол ойынан да ештеңе шықпай, көңілі қалды.

Ол Джо Гарперге барып еді, ол Інжілді оқып отыр екен, Том көңілі құлазып мына көріксіз көріністен тезірек кетуге асықты. Том Бен Роджерсті іздеп еді, ол діни кітапшалар толы корзинаны арқалап, қалашықтағы кедей тұрғындарға таратып жүр екен. Ол ең соңында Джим Холисті тауып еді, ол Томның қызылшамен ауырғаны — көк тәңірінің оған барлық күнәлары үшін әдейі жіберген жазасы, кешірім сұрау керек деп үйретті.

Томның әрбір кездесуі оның онсыз да ауыр жағдайына тонналап қасірет қосқандай әсер етті; әбден шаршаған ол Гекльберри Финнді іздеп тауып еді, ол да мұны Інжілден үзінді оқып, қарсы алды. Том бұған шыдай алмады: жүрегі қақ бөлінгендей күйде; ол үйге әрең жетті де, кереуетке құлай кетті, бүкіл қалада тамұқта азап шегетін жалғыз күнәкар өзі сезінді.

Түнде қатты дауыл тұрып, шелектеп жаңбыр құйды, көзді аштырмай найзағай ойнап, күннің күркілінен құлақ тұнды.

Том көрпені бүркеніп алып, зәресі ұшып өзінің өлімін күтті; осы аласапыранның бәрі мұның күнәлары үшін жасалып жатқанына оның күмәні болмады. Өзінің күнәға толы жан дүниесімен құдайдың да төзімін тауысқанына әбден сенімді және бұған енді кешірім болмайды. Егер біреу-міреу түкке тұрмайтын қоңызға қарсы бүкіл артиллерияны шығарса, Том мұны күш пен снарядтарды босқа шығындау деп есептеген болар еді, бірақ ол көк тәңірі өзі секілді кішкентай қоңызды құрту үшін керемет қымбат тұратын найзағай мен қорқынышты күркілді шығарғанына онша таңғалмады.

Аспандағы күркіл-сарқыл сәл-пәл басылайын деді, ақыры өзінің негізгі міндетін атқармай, өтіп кетті. Баланың алғашқы ойлағаны — Құдайтағалаға шексіз алғыс айтып және бұдан былай жөнделу, екіншісі — күркіл мен найзағай енді келмейтін секілді. Яғни аздап күте тұру керек.

Ертесіне дәрігерлерді тағы шақыруға тура келді. Томның сырқаты қайта күшейіп кетті. Қозғалмай шалқасынан үш апта бойы жатқан Томға үш апта бір ғасырдай көрінді. Ақыры үйден далаға шыққанда өлімнің мұны аяп, жаны ашығанына қуанған жоқ. Соңғы кездері ол өзін үйсіз-күйсіз, жападан жалғыз адамдай сезініп жүргені есінде. Ол еріне басып көшеге шығып еді, торғайды өлтірген мысықты жазалап жатқан Джим Холлис бастаған бір топ балаға кездесті. Мысықтың құрбандығы да сол жерде екен. Олардың арғы жағындағы тасада Джо Гарпер мен Гекльберри Финн ұрлаған қауынды қаузап отыр екен. Бейшаралар! Өткендегі Томның сырқаты оларға да келді.

Жиырма үшінші тарау

МЕФФ ПОТТЕРДІҢ ҚҰТҚАРЫЛУЫ

Қаланың ұйқылы-ояу өміріне қозғалыс енді әйтеуір және қозғалыс болғанда қандай: кісі өлтіргенге сот болатын күн белгіленді. Қалашықта тек сол туралы әңгіме айтылады. Осындай әңгімелерден Том қайда кетерін білмеді. Өлім туралы сәл бірдеңе ести қалса, оның жүрегі аузынан шығып кетердей бұлқынды. Бұл әңгімелердің Томның көзінше айтылатыны тектен тек емес — бұған дұзақ құрудың айласы. Рас, ол өлім жайлы жұрт бұған күдікпен қарайтындай себеп жоқ, алайда қаланың көлденең сөзі оның мазасын түрткілейді. Оқтын-оқтын денесі бір ысып, бір суыды. Ол ақтарыла сөйлеу үшін Гекті оңашалау жерге алып кетті. Ең болмаса аз ғана уақытқа болса да өзі секілді бақытсыз жолдасымен ауыр қасіреті жайлы әңгіме шерту керек қой! Оның үстіне Гектің аузынан ештеңе шықпағанын әбден білгісі келді.

— Гек, сен біреу-міреуге анау туралы айттың ба?

— Не туралы?

— Білесің ғой…

— Жоқ, әрине.

— Бір сөз де?

— Бір сөз айтқан болсам, осы арада жерге кіріп кетейін! Сен неге сұрадың?

— Жай, мен қорықтым.

— Өй, Том Сойер, біздің аузымыздан шыққан болса, екі күн де өмір сүрмеген болар едік. Сен өзің де білесің ғой?

Томның тұла бойы сәл де болса жеңілденіп қалды. Үнсіздіктен соң:

— Гек, сені ешкім мәжбүр ете алмай ма айтуға? — деді.

— Мені ме? Жоқ-ә! Жексұрын будан мені өзенге батырып жібергенін қаласам, — онда мүмкін…

— Яғни бәрі ойдағыдай. Біз аузымызға берік болсақ, бізді ешкім қозғамайды. Дегенмен тағы да ант етейік. Сонда дұрысырақ болады.

— Жарайды.

Олар бір-біріне тағы салтанатты әрі қорқынышты ант берісті.

— Жұрт не айтып жүр, Гек? Мен талай әңгіме тыңдадым.

— Не айтады? Бәрінің айтатыны біреу: Мефф Поттер, Мефф Поттер, Мефф Поттер. Мен естіген сайын қара терге түсемін — бір жерге тығылып қалғым келеді.

— Міне, міне! Мен де солаймын. Оның шаруасы бітеді ғой! Сенің оған жаның ашымай ма… Кейде?

— Өте жиі, тіпті жиі.Оның жолы болмайтын адам екені рас, бірақ ол ешкімге зиян жасаған жоқ қой. Ешкімге, ешқашан да. Аздап балық аулайды, ішкенде жақсы болсын деп, сосын іс жоқ солбырайып жүреді. Әй, құдайым-ай, біздің бәріміз сондаймыз ғой! Жұрттың бәрі болмағанмен, көбі сондай: мысалы менің әкем және басқалар. Ал, ол мейірімді: кейде ол маған балығының жартысын береді, өзіне ғана жететін болса да. Қаншама рет мені құтқарды, көмектесті!

— Маған қағаз жыландарды жөндеп, қармағыма жалғап берген. Оған біз абақтыдан қашуға көмектессек, керемет болар еді!

— Қайдағыны айтып тұрсың! Біз оған қалай көмектесеміз? Және бұдан оған қандай пайда? Қашып шығады, сосын оны ұстап алады.

— Иә… Солай ғой… Дұрыс айтасың. Ол дәл шайтан секілді жұрттың бәрі оған ұрысқанын есту жынымды келтіреді, ал оның ешқандай кінәсі жоқ қой.

— Менің де, Том. Түсінесің бе, бүкіл штаттағы ең қаныпезер адам, неге осы уақытқа дейін оны дарға аспаған деп жүр жұрт.

— Иә, иә, өз құлағыммен естідім: егер оны босатып жіберсе, Линч заңымен жазалайды!

— Солай істейді: дарға асады.

Балалар Поттер туралы ұзақ әңгімеледі, бірақ одан екеуі де көңіл жұбатарлық ештеңе таппады. Қас қарайып қараңғылық түскенде күтпеген кездейсоқ бір нәрсе оларды қиындықтан құтқара ма деген үмітпен екеуі шеткері тұрған шағын абақтының маңын шарлады. Бірақ ештеңе бола қоймады: шамасы оңбаған тұтқынмен мейірімді періштелердің де ісі жоқ.

Олар бір ғана жақсылық істей алды, бұрын да бірнеше рет жасаған: терезедегі темір шілтерден біраз темекі мен бірнеше шырпы берді. Ол төменгі қабатта, қарауыл жоқ еді.

Мынадай сыйлық үшін ол алғысты жаудырғанда бұлар бұрын ыңғайсызданатын.

Бүгін оның алғысын есту тіпті ауыр болды. Поттер:

— Сендердің мейірімдерің үшін көп-көп алғыс айтамын, балалар! Бүкіл қалада екеуіңнен басқа ешкім мені есіне алмайды. Мұны мен ешқашан ұмытпаймын, жоқ-жоқ! Мен өзіме жиі айтамын: балалардың бәріне ойыншық, қағаздан жылан жасап беретінмін, қай тұстан балық аулау керектігін көрсететін едім. Олардың бәрімен жолдас болғам, кәрі Меффтің басына күн туғанда, міне, енді солардың бәрі теріс қарап кетті. Ал Том теріс айналған жоқ, Гек те теріс қарамады, олар мені ұмытқан жоқ және мен де оларды ешқашан ұмытпаймын. Иә, балақайлар, мен масқара іс істедім: мен мас болдым, ақылым ауысты, барлық пәле содан. Ал енді мені дарға асады… Дұрыс, әрине… дұрыс. Бәрінен сол артық, шын айтам! Қайтеміз мұны әңгімелеп… Менің ең жақын достарым, сендерді жабырқатып нем бар. Сендерге бір ғана сөз айтқым келеді: егер шілтерлі үйге түскілерің келмесе, анау қарғыс атқыр шарапты ұрттамаңдар. Кішкене батысқа қарай тұрыңдаршы. Міне, осылай. Мен секілді қасіретке кезіккен адамға достарының бет-жүзін көру де көңілін жұбатады, маған ешкім келмейді, тек сендер ғана. Достардың мейірімді жүзі… достардың мейірімді жүзі. Біріңнің иығыңа екіншің шығып көріңдерші, мен қолымды тигізейін. Иә, осылай. Енді менің қолымды қысыңдар — сендердің қолдарың шілтерге сияды ғой, менің қолым тым үлкен, — деп сөзін аяқтағанда бұл екеуі өздерін қорқақ және сатқын сезінді.

Кішкене қолдар әлсіз, дегенмен олар Мефф Поттерге кәдімгідей көмектесті, егер қолдарынан келсе, бұдан да зор көмекке дайын.

Том үйге әбден бақытсыз жандай оралды, сол түні көрген түстері де адам шошырлық қорқынышты. Ертеңіне және үшінші күні де ол сот үйінің маңында айналшықтап жүрді. Еркінен тыс бip күш оны ішке қарай итерді, бірақ өзін өзі тоқтатты. Гек те дәл осындай күйде болатын. Екеуі бір-бірінен қашып, кездеспеуге тырысты. Оқтын-оқтын екеуі де алысырақ кетіп қалады, бірақ әйтеуір күш сот үйінің жанына тарта береді. Сот залынан біреу шығып еді, Том оның әp сөзін мұқият тыңдады, алайда хабар көңілсіз: Поттер байғұс әділет сотының шым-шытырық торынан шыға алмай, шатаса бергенге ұқсайтын. Соттың екінші күнінің соңында қала өсегі бір тұжырымға келді: үнділік Джоның айтқандарының бәрі толық расталды және Поттерді қандай жаза күтіп тұрғаны күмәнсіз шындық.

Том түнде үйге кеш оралды және терезе арқылы түсіп төсегіне барды. Ол толқып көпке дейін ұйықтай алмады. Ертеңіне бүкіл қала түгелдей сот үйінің маңына жиналды, өйткені бұл шешуші күн болатын. Сот залы лық толы — ерлер мен әйелдер. Ақырында көп күттірген сот алқасының мүшелері келіп орындарына жайғасты. Бірнеше минуттан соң есі шыға қорыққан, сұп-сұр болып кеткен бейшара Поттерді әкелді. Оны жұрттың бәрі көріп отыратын жерге орналастырды. Дәл сондай биік жерде түсі суық үнділік Джо міз бақпай отыр. Тағы үнсіздік басталды, содан соң сот шықты және шериф отырыс басталғанын хабарлады. Сот мүшелері әдеттегідей өзара күбірлесіп, бір қағаздарды жинай бастады. Осы ұсақ-түйек және басқа да мәнсіз баяу қимылдар не боларын күтіп отырған залға ерекше салтанат бергендей болды.

Мефф Поттердің бұлақ басында сол өлім болатын күні ертемен жуынып отырғанын көрген куәгер шақырылды. Куәгер Мефф Поттер мұны көре сала қаша жөнелгенін айтты. Тағы да бірнеше сұрақтан кейін айыпталушы қорғаушыға қарады:

— Енді сіздің кезегіңіз: куәгерге сұрақ беріңіз, — деді.

Айыпталушы басын көтеріп көзін салып еді, қорғаушы «Менің сұрағым жоқ» дегенде көзін еденге қадады.

Келесі куәгер өліктің жанында жатқан пышақты тауып алғанын айтты.

Айыптаушы тағы да қорғаушыға қарап:

— Куәгерге сұрақ беруіңізге болады, — деді.

Қорғаушы:

— Менің куәгерге сұрағым жоқ, — деді тағы да.

Үшінші куәгер ант беріп тұрып мына пышақты Поттердің қолынан бірнеше рет көргенін айтты.

Айыптаушы қорғаушыға:

— Куәгерге сұрақ беруіңізге болады, — деді тағы қайталап.

Поттердің қорғаушысы бұл куәгерге де сұрақ бермейтінін хабарлады.

Отырғандардың жүзінен өкінгендік байқалды. Не қылған қорғаушы? Өзінің қорғап отырған адамын дар ағашынан қорғап қалуға күш салмай ма?

Бірнеше куәгер кісі өлген жерге әкелгенде Поттердің ыңғайсызданғанын айтты. Нағыз қылмыскер сол екені бірден байқалды. Қорғаушы бұл куәгерлерді де еш сұрақ қоймай қоя берді.

Сол есте қалған күні таңертең зират басында болған қайғылы оқиғаны ұсақ-түйегіне дейін айтып берген куәгерлерге Мефф Поттердің қорғаушысы бірде-біреуіне сұрақ қоюға тырыспады. Көрермендер ызаланып, аяқтарын тепкілеп, келіспеушілік білдірді. Сот оларға қатаң ескертті.

Бұдан соң айыптаушы тұрып:

— Нағыз сенімді куәгерлер ант үстінде бұл аса ауыр қылмысты айыпталушының орындығында отырған кісі жасағанын айтты. Менің басқа айтарым жоқ: айыптау расталды.

Поттер бейшара ыңыранып, екі қолымен бетін басып, алды-артына теңселіп кетті. Сот залында ауыр үнсіздік басталды. Тіпті еркектер де қобалжып кетті, ал әйелдер жандары ашығаннан жылап жіберді.

Сол сәтте қорғаушы орнынан тұрып, сотқа қарап:

— Жоғары мәртебелі мырза! Отырыстың басында мен менің қорғап отырған адамым бұл қылмысты ішімдіктің кесірінен есін білмей жасаған деп едім. Бірақ мен ол пікірлерімнен бас тартамын және жазаны жеңілдетіңіздер деп өтініш айтпаймын, — деді де, приставқа:

— Томас Сойерді шақырыңыз! — деді.

Жұрттың бәрі, тіпті Поттердің өзі де, таңданып қалды.

Көздің бәрі сот үстелінің жанына келген Томға қадалды. Бала бір түрлі сасып тұрғандай болды, өйткені зәресі ұшып кетті. Оны ант беретін жерге әкелді.

— Томас Сойер, он жетінші маусымда түн ортасы кезінде сіз қайда болдыңыз?

Томның үнділік Джоның темірден соққандай бетіне көзі түсіп кетіп еді, тілі таңдайына жабысып қалды. Тыңдаушылар демдерін ішіне тартып тына қалды, ал дауысы Томға бағынбай қойды.

Алайда бірнеше минуттан кейін бала өзіне өзі келіп, жауап бере бастады, ал жұрт тыңдап отырды.

— Зиратта.

— Қаттырақ айтсаңыз екен. Сіз қорықпаңыз. Иә, сіз…

— Зиратта болдым.

Үнділік Джоның жүзінен жек көрген мысқыл көрінді.

— Сіз Горс Вильямстың моласының маңында болдыңыз ба?

— Иә, мырза.

— Өтінемін, сәл қаттырақ айтсаңыз. Моладан қандай қашықтықта болдыңыз?

— Сіз екеуміздің арамыздай жерде.

— Сіз тығылып қалдыңыз ба, жоқ, көрініп тұрдыңыз ба?

— Тығылдым.

— Қайда?

— Моланың жанындағы жапырақтардың арасына.

Үнділік Джо кәдімгідей селк етті.

— Сізбен бірге біреу болды ма?

— Иә, мырза, мен онда…

— Сәл тоқтаңыз. Жолдасыңызды дәл қазір айтудың қажеті жоқ. Уақыты келгенде онан да жауап аламыз…

— Сіз зиратқа бір нәрсе апардыңыз ба?

Том екі ойлы болып, кідіріп қалды.

— Айтыңыз, қорықпаңыз, достым, — шындық бәрінен жоғары.

— Не апарып едіңіз онда?

— Тек… өлген мысықты.

Залда күлкі жүріп өтті. Сот қоңырауын шылдыратты.

— Біз өлген мысықтың денесін сотқа көрсетеміз. Ал енді, достым, ештеңеден қорықпайтын мінезіңізбен, ештеңені жасырмай көргеніңізді түгел айтып беріңіз.

Том әуелі батылсыздау бастағанмен, сөзі бірте-бірте төгіле берді; кешікпей сот залында дыбыстың бәрі өшіп, тек Томның дауысы ғана саңқылдап естілді; тыңдаушылар ауыздарын ашып, дем шығармай оның әр сөзін естері кете тыңдағандары сондай, тіпті уақытты да байқамады — оның жан түршіктірер әңгімесі түгел баурап алды.

Том кісі өлтірілген тұсқа келгенде, зал теңселіп кетті:

— Дәрігер тақтаймен Мефф Поттердің басына ұрғанда ол құлап қалды, ал үнділік Джо дәрігерге пышақ алып жармаса кетті және…

Осы кезде үнділік Джо терезеден секіріп қашып кетті, оны ұстауға ұмтылғандарды итеріп тастады, ол сондай!

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close