Том тағы да атақты батырға айналды. Үлкендер оны еркелетіп, бала біткен оған қызыға қарады. Ол аңызға айналып, даңққа бөленді: жергілікті газет оны түбі президент болатын бала, тек оған дейін оны дарға асып үлгермесе, — деп жазды.
Қашан да сөзге еріп тез өзгере қалатын жұрт күні кешеге дейін дымын қалдырмай балағаттап жексұрын көрген Мефф Поттерге енді құшақтарын ашып, мейіріммен қарайтын болды. Бұл үшін адамдарға кінә тағуға болмайды, өйткені бұл да адамның жақсы қасиеттерінің бірі ғой.
Том күндіз салтанат пен шаттықтың құшағында жүрді, бірақ түндері оны қорқынышқа орап алатын болды. Үнділік Джо үнемі түсіне еніп, адам айтқысыз жазамен өшімді аламын деп қорқытты. Ешқандай қызық баланы еліктірмеді, кеш болса болды — шарбақтың сыртына шықпайды. Байғұс Гек те Том секілді қорқыныш пен үрей құшағында, өйткені сот болардың алдыңғы күні кешке қарай Том барлық тарихты Поттердің қорғаушысына айтып берген, сосын менің де бұл оқиғаға қатысым бар екені білініп қала ма деп қауіптенген ол үнділік Джо қашып кеткесін сотта куәгер болмайтын шығармын деп сәл тынышталып еді. Гек өзі туралы мәліметтерді құпия етіп сақтаңыз деп құтқарушыға өтінген. Алайда сол күні түн ортасында Томды қуып отырып құтқарушының үйіне апарғанда, бір-біріне ант етіп, бұл құпияны тірі жанға айтпаймыз деп серттескендерін есіне алғанда Гек адам баласына деген сенімін мүлде жоғалтты.
Күндіз Мефф Поттердің алғысын тыңдағанда Том сол оқиға жайлы бүкпесіз барлық шындықты айтқанына қуанатын, бірақ түн болса болды, аузына ие бола алмағанына өкінеді. Ол біресе буданды ешқашан ешкім ұстай алмайды деп қорқады, біресе оны ұстап алады деп қорқады. Сол адамның өлігін көрсе ғана бұл тыныш тыныс алатынын сезінді.
Бүкіл аймақты тінтіп тексерді, буданды ұстаған адамға сыйлық берілетіндігі жарияланды, бірақ ол табылмады. Сен-Луиден көріпкел іздеуші де табылды. Ол келіп әр жерді түрткілеп, басын шайқап, керемет ойлы адамдай кейіппен «ізді тапқанын» (осындайлардың әдеті) айтып кетті. Ол кеткесін Том бұрынғысынша қауіпті қорқыныш құшағында жүрді.
Алайда күндер өтіп жатты және Томның жанына жай таптырмаған уайым бірте-бірте сейіле бастады.
Жиырма бесінші тарау
ҚАЗЫНАНЫ ІЗДЕУ
Дені cay, өзіндік ой-пікірі бар кез келген баланың өмірінде бір жаққа кетіп қалғысы келетін, жер астында жатқан қазына тауып алғысы келетін кез болады. Сол ынтызарлық бір күні Томды да баурап алды. Ол Джо Гарперді іздеп еді, бос әурешілік болды. Сосын Бен Роджерсті іздей бастап еді, бірақ ол балық аулауға кетіпті. Соңында Том Гек Финнді жолықтырды. Гек Қанды қол — нағыз лайықты жолдас! Том оны әңгімелерін ешкім естімейтін оңаша жаққа шығарып алып, оған өзінің құпия жоспарларын жайып салды. Гек келісті. Гек ақша шығындауды талап етпейтін, көңілді алаңдатар шаруаның бәріне қатынасуға дайын, өйткені уақытының көптігі сондай, тіпті кейде қайда кетерін білмейді. Әрине, «Уақыт — ақша» деген мәтел бұған келіңкіремейді.
— Қай жерді қазамыз? — деп сұрады Гек.
— О, барлық жерді қазамыз!
— Барлық жерде қазына көмілген бе?
— Әрине, жоқ, Гек. Қазына кейде белгісіз бір аралда, кейде шіріген сандықта, болмаса тамыры кепкен, қураған ағаштың түбінде сақталуы мүмкін; көбіне адамдар үйдің еденінің астына жасырады.
— Кім оларды көмеді?
— Қарақшылар ғой. Ал сен кім деп ойладың? Жексенбілік мектептердің директорлары ғой деп пе едің?
— Білмеймін. Менің қазынам болса, жерге көміп жасырмай, ақшама оңды-солды өмір сүрер едім.
— Мен де сүйтер едім. Алайда қарақшылар ақшаны шашпайды; олар оны жерге көмеді.
— Сонда олар кейін көмгендерін алуға келмей ме?
— Жоқ, олар көмген қазынаға келуді ылғи армандайды, бірақ сосын белгілерін ұмытып немесе аяқ астынан өліп қалады. Қазынаны жата-жата тот басады. Содан соң біреу сарғайып біткен ескі қағазды тауып алып, одан қазынаны көмген жердің белгісін іздейді. Ол қағазды түсіну үшін бір апта, тіпті одан да артық талдау қажет, өйткені оның жазулары кезкелген адам түсінетін емес — иероглифтер .
— Иеро… Ол не?
— И-еро-глифтер… түрлі суреттер, бір қарағанда ештеңе емес сияқты.
— Сенде сондай қағаз бар ма, Том?
— Жоқ.
— Онда сен белгілерді қалай білесің?
— Маған белгінің қажеті жоқ. Қазынаны ылғи жын-шайтаны бар үйдің астына көмеді немесе бір аралға, не болмаса кеуіп қалған ағаштың астына. Джексон аралында біз іздеп көрдік қой, кейін ол жаққа тағы бір соғармыз. Жын-шайтан мекендеген бір ескі үй Стилл-Хауздың арт жағындағы бұлақ маңында бар, ол жерде қураған ағаш деген көп-ақ.
— Және әр ағаштың астында тыққан қазына бар ма?
— Дәмесін қарай гөр! Әрине, жоқ!
— Қай ағашты қазуды қайдан білесің?
— Бәрінің түбін қазамыз.
— Ой, Том, біз жаз бойы іздейміз ғой онда!
— Несі бар екен! Есесіне біз іші толған доллар мыс қазан табамыз немесе шіріп бітуге жақындаған сандық іші толы бриллиант. Сонда сен не айтасың?
Гектің көзі жайнап кетті.
— Бұл керемет! Менің өміріме осы жетеді. Ал ол бриллианттарды не істеймін мен? Сен маған жүз доллар менің үлесімді бер, ал бриллианттың маған түкке қажеті жоқ.
— Жарайды! Мен бриллианттарды тастамаймын, оған мазаланбай-ақ қой. Олардың кейбіреуі жиырма доллар тұрады. Бір доллардан арзан бриллиант болмайды.
— Рас па?
— Оллаһи, шын, кімнен сұрасаң да айтады. Сен ешқашан бриллиант көрген жоқсың ба, Гек?
— Жоқ, көрмеген сияқтымын.
— Бірақ корольдарда бриллиант тау болып үйіліп жатады.
— Менің корольдармен таныстығым жоқ қой.
— Саған қайдағы таныстық! Егер сен Еуропаға бара қалсаң, онда корольдарды үйір-үйірімен көрер едің. Олар онда құмырсқадай қайнап, секіріп жүреді.
— Секіреді?
— Әй, ақыным-ай! Олар неменеге секірсін?
— Өзің айттың ғой секіріп жүреді деп.
— Ақымақтық! Еуропада олар сансыз көп дегенім ғой. Әрине, олар секірмейді, неменесіне секіреді? Олар қара құрттай қаптап жүргенін сен көрсең ғой — анау әлгі бүкір Ричард бар ғой сол сияқты.
— Ричард? Фамилиясы қалай?
— Ешқандай фамилиясы жоқ оның. Корольдардың тек есімі ғана болады.
— Сен де айтады екенсің!
— Шын айтам.
— Егер олай болса, мен король болғым келмейді. Мүмкін негрлер сияқты тек есімін атаған ұнайтын шығар, ал бұл маған тіпті де қажет емес, тоқтай тұр, қай жерді қазамыз?
— Білмеймін. Анау бұлақтың жанындағы төбешікте қураған ағаш бар ғой — содан бастаймыз ба?
— Жарайды.
Олар ескі күрек пен сынық қайла алып, жолға шықты. Үш мильдей жүру керек еді. Ысылдап-пысылдап, алқынып әрең жетті — күн жанып тұр, ең жақын ағаштың көлеңкесіне екеуі жантая кетті, біраз демалып, темекі шегіп алмақ.
— Қандай тамаша! — деді Том.
— Иә!
— Гек, тыңдашы, егер біз жер астына көмілген қазына тапсақ, сен өз үлесіңді қайда жұмсайсың?
— Мен бе? Күнде ет салған бауырсақ пен содалы су сатып аламын, қалаға келген цирктің бәріне барамын. Көңілді өмір сүру үшін не істеу керек екенін мен білемін.
— Қалайша бәрін жұмсайсың, біразын салып қоймаймысың?
— Неменеге жинаймын?
— Келесі жылға да жету үшін.
— Ой, ол бос әңгіме. Егер мен ақшамның бәрін жоймасам, біздің қалаға әкем келе қалса, қолын салады ақшаға. Одан кейін өмір сүріп көр! Бәрін тазалап кетеді! Ал, сен өз үлесіңді қайда жібересің, Том?
— Барабан сатып алам, сосын қылыш, қызыл галстук және бульдогтің күшігін асыраймын, сосын үйленемін.
— Үйленесің бе?
— Иә.
— Том, сенің ақылың ауысқан ба?!
— Тоқтай тұр, көресің әлі.
— Бұдан басқа ақымақтық ойыңа келмеді ме, Том? Мысалға сен менің әке-шешемді қара — ертеден кешке шейін төбелес, ұрыс-керіс. Мен оны ешқашан ұмыта алмаймын.
— Бос әңгіме! Менің үйленетін қызым ешқашан төбелеспейді.
— Ал менің ойымша олардың бәрі бірдей. Жоқ, Том, сен жақсылап ойлан! Мен саған айтып тұрмын — ойлан. Қызыңның аты кім?
— Ол қыз емес, жасөспірім қыз бала.
— Ой, бәрібір ғой. Біреулер қыз дейді, енді біреулер қыз бала дейді: кім қалай айтқысы келсе, солай айтады. Екеуі де дұрыс. Аты кім оның?
— Қазір емес, кейін айтармын.
— Жарайды, өзің біл. Егер сен үйленсең, мен жападан жалғыз қаламын.
— Иә, айтады екенсің! Бізге көшіп келесің де, менің үйімде тұратын боласың…
Олар қара терге түсіп, сағат жарымдай жер қазды, бірақ ештеңе таба алмады; тағы жарты сағат еңбек етті, қорытынды жоқ. Гек айтты:
— Қазынаны тереңге көме ме?
— Жоқ, бірақ кейде тереңге көмеді! Бәрі олай істемейді. Шамасы, біз қазатын жерді дұрыс таба алмай жүрміз.
Басқа бір жерді таңдап, тағы жұмысқа кірісті. Енді екпіндері бағанағыдан гөрі бәсеңдеу, дегенмен ептеп алға басуда. Әуелі үнсіз қазып еді, сосын Гек күрекке сүйеніп, жеңімен маңдайынан жаңбырша тамшылаған терді сүртті.
— Сосын қай жақтан қазамыз, мына шұңқырды бітіргесін деймін?
— Кардиф тауындағы жесір әйелдің үйінің артында бір ескі ағаш бар ғой, сол жерді байқап көрсек деп ойлаймын.
— Несі бар, дұрыс жер. Алайда жесір әйел бізден қазынаны тартып алып қоймай ма, Том? Соның жері ғой.
— Бізден тартып алады?! Мейлі алып көрсін! Жоқ, қазынаны тапқан кім, ол — сонікі. Кімнің жерінде жатқаны есепке алынбайды.
Гек тынышталайын деді. Олар қазуды жалғастыра берді, бірақ әрі-беріден соң Гек:
— Шайтан алсын, біз тағы басқа жерді қаздық! Сен қалай ойлайсың?
— Түсінбеймін, Гек. Албастылардың кедергі келтіретіндері болады. Солар бірдеңе жасады ғой деймін.
— Тағы не! Қандай албасты? Оларда күндіз күш бола ма?
— Дұрыс, дұрыс! Менің ойыма келмепті. Енді бәрін түсіндім! Біз екеуміз ақымақпыз! Түн ортасы кезінде ағаштың ең ұзын бұтағының көлеңкесі қай жерге түсетінін тауып, сол жерді қазуымыз керек.
— Ой, құрып кетсін! Яғни осыған дейін біз қансорпа болған екенбіз ғой жарымес адамдай. Енді түннің бір уағында осы жерге тағы салпаңдап келеміз бе? Иттің өлген жеріне! Сен үйден шыға аласың ба?
— Мен шығармын-ау. Және бәрін бүгін бітіру керек, әйтпесе біз қазған шұңқырларды көргендер, біздің не іздеп жүргенімізді біледі де, қазынаны солар тауып алады.
— Олай болса, мен терезеңнің тұсына келіп тағы да мияулаймын ғой.
— Жарайды. Қайла мен күректі бұталардың арасына тығып қояйық..
Түнде, сағат он екінің шамасында, балалар сол ағаштың түбіне келіп отырды да, көлеңке түсуін күтті. Жан баласы жоқ жер және адам қорқатын түннің бір уағы. Шайтандар сыбдырлаған жапырақтардың арасында сыбырласып, түрлі елестер әрбір қараңғы бұрышта тығылып, алыстан иттің үргені естіледі, үкі айқайлап оған үн қосады. Салтанатты үнсіздік балалардың көңілін басып, олар әңгімелесуді де қойды. Ақыры олар түн ортасы болды деп көлеңкенің түскен жерін байқап алып, қазуға кірісті. Үміт деген сәуле оларға қуат беріп, жұмысқа жұмыла түскен олар күрек тереңге сүңгіген сайын бір нәрсеге тиіп кетсе, жүректері тоқтай жаздағанмен, қуанышты ештеңе табылмады. Топырақтың арасынан не тас, не ағаштың тамыры шығады. Ақыры Том айтты:
— Бұл жолы да таппадық, Гек. Тағы да босқа әуре болып жатырмыз.
— Қалай босқа? Біз жаңылған жоқпыз. Көлеңке түскен осы жер емес пе?
— Білем, бірақ мәселе онда емес.
— Енді неде?
— Біз уақытты дұрыс бағдарлаған жоқпыз. Мүмкін біз өте ерте немесе кеш бастаған шығармыз қазуды.
Гектің қолынан күрегі түсіп кетті.
— Дұрыс айтасың. Мәселе сонда. Яғни бұл шаруаны қою керек. Уақытты бәрібір біз ешқашан анықтай алмаймыз. Сосын айналада толған шайтан ба, елестер ме — зәреңді ұшырады. Біреу желкеңнен қарап тұрған секілді, бұрылуға қорқам, мүмкін менің арт жағыма қарауымды күтіп тұрған шығар. Тұла бойымды аяз қарығандай күйдемін.
— Мен де қорқып тұрмын, Гек. Ағаштың түбіне ақша жасырғанда әдетте өлген адамның мүрдесін бірге көмеді қарауыл ретінде.
— Құдай сақтасын!
— Иә, иә, кісіні көмеді, маған талай айтқан.
— Өзің біл, Том, ал мен өліктермен арпалысатын жайым жоқ. Олармен бір пәлеге ұшырайсың.
— Менің де өлі денені қопарғым келмейді, Гек. Кенет бұл жерде жатқан мүрде бас қаңқасын көтеріп бірдеме деуі де мүмкін!
— Қойшы, Том! Зәремді ұшырдың ғой!
— Енді қайтемін, Гек, өзім де не істерге білмей тұрмын!
— Том, тыңдашы, осы жерді тастайық. Басқа бір жерден бақыт іздеп көрейік.
— Асылы, осының дұрыс болар, — деді Том.
— Енді қайда барамыз?
Том әрі-бері ойланды да:
— Анау жаққа, елестері бар сонау үйге барайық.
— Ой, қайдағыны… Елес дегенді жақсы көрмеймін, Том. Олар өлілерден өткен жаман. Өлі адам мүмкін кейде сөйлейтін де шығар, бірақ елестер секілді айналаңда жүріп, бетіңе қарамайды, тісін қайрамайды. Ал елес дегендер соның бәрін істейді. Мен ондай ойындарды көтере алмаймын, Том, оны ешкім де көтермейді.
— Иә, бірақ елестер тек түнде ғана жүреді: күндіз олардың жер қазуға кеселдігі жоқ.
— Солайы солай ғой, бірақ адамдар ол үйге түнде түгілі күндіз де кірмейді.
— Адамдар жалпы біреуді пышақтап кеткен не өлтірген жерлерге барғылары келмейді. Бірақ ол үйде түнде де ештеңе көрінбейді ғой, тек кейде терезесінен көгілдір от жылтырайды, ал нағыз елестер онда жоқ.
— Том, егер сен көгілдір от көрген болсаң, елестейтіндер де қашық емес деген сөз. Өзінен өзі түсінікті ғой. Көгілдір оттар соларға ғана керек.
— Дегенмен олар күндіз сайран салып жүрмейді. Біз неменеге қорқамыз?
— Жарайды, ол жерді де қазайық, егер көңілің ауып тұрса… дегенмен қауіпті.
Осы кезде олар түсіп келе жатты. Төменде аңғардың ортасында ай сәулесіне оранған сиқырлы жалғыз үй тұр, шарбағы баяғыда-ақ қирап қалған; баспалдаққа дейін шөптің астында; терезелерінде әйнек жоқ; төбесінің бір шеті құлаған. Балалар иесіз үйге қарап, қазір көгілдір от жылт етіп көрінеді деген сеніммен, сыбырласып сөйлеседі, мұндай сиқырлы жерде басқаша сөйлесу мүмкін емес. Олар оңға бұрылып қорқынышты үйге жоламау үшін орман арасымен Кардиф тауының екінші жағындағы үйлеріне оралды.
Жиырма алтыншы тарау
АЛТЫН САЛЫНҒАН ШАҒЫН САНДЫҚТЫ НАҒЫЗ ҚАРАҚШЫЛАР ҰРЛАҒАН
Ертеңіне түс әлетінде балалар қураған ағашқа күрек пен қайланы алу үшін тағы келді. Том елестер тұратын үйге барғысы келіп асығуда. Гек болса, ол да қарсы емес, әрине, шынын айтқанда, пәлендей құштарлығы жоқ.
— Тыңдашы, Том, — деп бастады ол, — бүгін қандай күн екенін білесің бе?
Том оймен аптаның қай күні екенін есептеп, жолдасына үреймен қарады.
— Ой-ой-ой! Мен ойламаппын, Гек.
— Мен де ойлаған жоқ едім, ал қазір ток ұрғандай болып тұрмын: бүгін жұма ғой.
— Шайтан алсын! Қалай болу керек, Гек!
Егер жұма күні бастасақ, біз мүмкін қауіп-қатерден құтыла алмас едік.
— Жоқ, мүмкін дегенді қой, шынында да деу керек. Бақытты күндер болады ғой, бірақ жұма емес.
— Мұны кезкелген ақымақ біледі. Бұл шындықты сен ашқан жоқсың, Гек.
— Мен біріншімін деп тұрмын ба? Мәселе тек жұма күнде емес. Өткен түнде сондай қорқынышты түс көрдім… Тышқандар.
— Тышқандар — жақсылыққа емес шығар. Олар не істеді, төбелесті ме?
— Жоқ.
— Онда ештеңе емес, Гек! Егер тышқандар төбелеспесе, қауіп-қатер не болады, не болмайды. Тек құлақ түріп жүру керек. Сонда бәрі дұрыс болады. Бұл шаруаны қояйық: бүгін жер қазбаймыз, одан да ойнайық. Гек, сен Робин Гудты білесің бе?
— Жоқ. Робин Гуд деген кім?
— Англияның тарихындағы ең ұлы адамдардың бірі. Ең, ең, мықты кісі! Қарақшы, дұрысы тонаушы.
— Мен де сондай болсам ғой! Кімді тонап жүр?
— Епископтар мен шерифтерді және ылғи байларды. Кедейлерді ол ренжіткен емес. Оларды жақсы көрді және әрқашан оларға жиған-тергенін бөліп берді.
— Шамасы, керемет адам болған ғой!
— Әрине! Ол деген жер бетіндегі адамдардың бәрінен артық, бәрінен жақсы. Қазір ондай адамдар жоқ — шын айтам! Робин Гудтың бір қолын артына қайырып байлап қойсаң, ол екінші қолымен кімді болса да, ұрып жығады. Ол өзінің емен садағымен бір жарым миль қашықтықтағы он тиынды атып түсіреді.
— Емен садақ деген не?
— Білмеймін. Әйтеуір ерекше садақ дейді. Егер тиынның дәл ортасына тимей, шетіне тисе, Робин Гуд отыра қалып жылайды екен. Және боқтайды, әрине. Міне, біз Робин Гуд болып ойнаймыз. Бұл — нағыз ойын! Мен сені үйретемін.
— Жарайды.
Олар кешке дейін Робин Гуд болып ойнады, арасында екеуі сиқырлы үйге ашқарақ көздерін қадап қояды, сосын ертең бұл жерде не істейтіндерін талқылап, пікір алысты. Күн еңкейіп батуға айналғанда, олар ағаштардың көлеңкелерін көлденеңнен басып өтіп, Кардиф тауының орманының арасымен үйлеріне қайтты.
Сенбі күні түс ауа балалар кепкен ағашқа тағы келді. Әуелі екеуі шылым шегіп, көлеңкеде көр-жерді әңгіме етісті. Сосын өздері қазған шұңқырды онша үміттері болмаса да біраз түрткіледі. Олар қазір-ақ кетіп қалуларына болар еді, Томның айтуынша, кейде адамдар қазып-қазып бес-алты миль қалғанда тастап кетеді. Сосын басқа біреу келіп түртіп қалғанда, әзір байлықтың үстінен шығады. Алайда олар қаншама тырысқанмен, бұл жолы да ештеңе шықпады. Құрал-саймандарын иықтарына салып, балалар тағдырмен әзілдесу үшін емес, қазынаны іздеушілерге тән ізденістің бәрін адал істеді.
Ақырында, міне, олар елестер тұратын үйге келді. Өртенген ыссылықта мына үйдегі өлі тыныштық оларға тым үрейлі көрінді. Қаңырап бос қалған үйде еңсеңді езіп жіберетіндей бір нәрсе бардай қорқынышты. Балалар бірден ішіне кіруге батпады. Олар еппен басып есікке жақындады да, зәрелері ұшып дірілдеген күйде ішке көздерін салды. Алдарындағы топырақ төселген еденде шөп өсіп кеткен, жартысы құлаған пеші бар бөлмені көрді, терезелерінде әйнек жоқ баспалдағы қираған; барлық жерде төбеден салбырап тұрған өрмекшінің ескі өрмегі. Олар жаймен ішке кірді, жүректері ауыздарынан шығып кетердей дүрсілдеп тұр. Сыбырласып сөйлесіп, сәл дыбысқа құлақтарын түреді, бұлшық еттерін босатпай, бірдеме бола қалса, лезде қашуға екеуі де іштей дайын.
Бірте-бірте тыныштыққа да үйрене бастады, қорқыныш енді қызығумен алмасты. Олар айналаның бәріне ықыласпен қарап, өздерінің батылдықтарына әрі мақтанғандай, әрі таңданғандай. Сосын олардың жоғарыға шыққылары келді. Екеуі бірін-бірі қолпаштап, ақыры қайла мен күректі бұрышқа тастады да, екінші қабатқа көтерілді. Онда да төмендегідей иесіз қаңыраған бөлме. Бір бұрышта ішінде құпия сыры бардай көрінген шолан бар екен, бірақ ішінде ештеңе жоқ болып шықты. Енді олар кәдімгідей батылданып өз-өздеріне келе бастады. Олар төменге түсіп жұмысты бастауға бет алып еді кенет…
— Иә, иә! — деді Том.
— Бұл не? — деп сыбырлады Гек қорыққаннан түсі бұзылып.
— Тс-тс! Ана жерде… естіп тұрсың ба?
— Иә. Ой, қашайық!
— Тыныш! Дем алма! Есікке жақындады…
Балалар еденге жата кетті де, еденнің саңылауынан сығалады. Өздерінің зәре-құты қалмады.
— Әне, тоқтады олар… Жоқ, келе жатыр… Келді. Тыныш, Гек, дыбысыңды шығарма! Ой, мен неге осында келдім!
Екі еркек үйге кірді. Балалардың әрқайсысы: «Бұл сақау, саңырау испандық, ол біздің қалада екі рет болған, ал екіншісін ешқашан көрген емеспін», — деп ойлады.
«Екінші» жалба-жұлба бірдеңе киген, шашы таралмаған ұсқынсыз біреу. Испандық плащқа оранып алыпты, ұзын бұрым шашы қалпақтан шығып иығына түсіп тұр; қалың өскен бакенбарды да аппақ; жасыл әйнекті көзілдірік киіпті. Олар үйге кірген кезде, «екінші» испандыққа күбірлеп бірдеңе айтты; арқаларын жарға сүйеп, есікке қарап еденге отырысты, «екінші» әлі бір нәрсені айтады. Ол әуелгідей емес, батылырақ сөйледі және оның дауысы балаларға да естілді.
— Жоқ, — деді ол, — мен бұл іс туралы ойландым, бірақ бұл маған ұнамайды. Өте қауіпті.
— Қауіпті! — деп ызалы күңкілдеді «саңырау», балалар аң-таң. — Сілекейін сүрте алмайтын боқмұрын!
Бұл дауысты естігенде балалар қалтырап кетті: дауыс үнділік Джонікі. Төмендегілер біразға дейін үндемеді. Сосын Джо:
— Қауіпті деп соңғы істегенімізді айт. Бәрі дұрыс болды ғой.
— Онда басқаша болды. Ол өзеннің жоғарғы жағында еді және маңайда бірде-бір үй болған жоқ. Біздің ол жерге қол салғанымызды ешкім білмейді, өйткені ештеңе болған жоқ қой.
— Жарайды, мұнда күндіз келу қауіптірек. Бізді көрген адам таза шаруа емес екенін сезеді.
— Мұны мен білмеймін. Жасырынатын басқа жер табылмады. Тіпті мен де осы шалаштан кеткім келді. Кеше кеткім келіп еді, оңбаған балалар мына таудан түспей қойды, ойға басқа ештеңе келмеді.
Мұны естіген «Оңбаған балалар» қорқыныштан тағы қалтырап кетті де, жұма күні іс бастамауға уәделескендерін еске алып, қуанып қалды. Бір жыл күтпегендеріне өкінді.
Төмендегі екеу бір нәрсені шығарып жей бастады. Біраз үнсіздіктен кейін үнділік Джо:
— Балақай, келген жағыңа тайып тұр: өзеннің жоғарғы жағына. Мен хабар бергенше сол жерде күт. Ал мен тәуекел деп қалада біраз қаңғырайын, көру керек қой не болып жатқанын. Мен біраз нәрсені байқап алып, ойланамын, сосын қауіпті іске кірісеміз. Бұдан соң Техасқа тартамыз! Екеуміз, — деді.
Осылай шешті. Кешікпей екеуі де есіней бастады және үнділік Джо:
— Ұйқым келіп тұр. Қарауылға тұру — сенің кезегің, — деді де, шөпке құлай кетті, қорылдай бастады. Жолдасы оны екі рет шайқап еді, ол үнсіз қалды. Бұдан соң қарауылдың да басы жерге тиіп, ол да қорылға басты.
Балалар тыныстары кеңігендей демалды.
— Ал, енді уақыт болды, кетеміз! — деді Том.
— Кете алмаймын — егер олар оянып кетсе, мен сол бойда өлемін, — деді Гек.
Том қоймады, Гек көнбеді. Ақыры Том аяғынан тік тұрып, жаймен, қауіптене басып жалғыз кетті. Бірақ аяғын басуы мұң екен, арасы ырсиған ағаш еден сықырлап қоя берді, өлердей қорқып кеткен ол етпетінен жата кетті. Екінші рет аяқ баспады. Балаларға уақыт бітіп қалғандай, тіпті мәңгіліктің өзі де шашы ағарып қартайғандай көрінді, екеуі өтіп болмайтын минуттарды санап жата берді; олар күн батып бара жатқанын байқап қуанды.
Ақырында қаңғыбастардың біреуі қорылдағанын қойды. Үнділік Джо отырды, айналаға көз салды, басын тізесіне қойып ұйықтап жатқан жолдасына қарап, мысқылдай күлді де, аяғымен теуіп:
— Міне, қарауылдың ұсқыны, айтарға сөз жоқ! Иә, жарайды, ештеңе болған жоқ.
— Ой, мен қалайша ұйықтап кеткенмін?
— Иә, солай секілді,қозғалатын уақыт болды, достым. Ал қалған ақшаны не істейміз?
— Білмеймін — бұрынғыша осында қалдырсақ деп ойлаймын. Өзімізбен бірге алып жүрудің қажеті жоқ әзір, оңтүстікке қозғалғанша. Алты жүз елу күміс кімнің де болсын қолын тартады.
— Жарайды, егер бұл жерге тағы бір рет келсек, ештеңе бола қоймас.
— Меніңше, бұрынғыша тек түнде келу керек, сол дұрыс болады.
— Бұл дұрыс, дегенмен мынаны ескерсек. Мүмкін, анау істі тездетіп бітіре алмаспын мен. Көлденең бірдеңе кездесіп қалуы мүмкін. Орын онша қауіпсіз жер емес. Одан да тереңірек көмейік.
— Дұрыс, — деп қостады оны қасындағысы, сосын бөлмені аралап, түкпірдегі бір кірпішті алды және ішінде сылдырлаған бірдеңелер бар қапты көтерді. Ол жиырма-отыз доллар алды және сонша долларды үнділік Джоға берді. Осы кезде тізерлеп тұрып, бұрышта пышақпен жер қазып тұрған Джоға қапты берді.
Балалар сол сәтте өздерінің барлық қорқынышын осыған дейінгі қиындықтарды ұмытып, көздері жайнаған күйде Джоның әр қимылын қадағаласты. Міне, құдай берді деген осы! Мұндай бақытты тіпті елестету де мүмкін емес. Алты жүз доллар — бұл деген он баланы байытатын керемет ақша ғой! Міне, қазына деген осы және қай жерді қазамыз деп бас қатырмайсың — бәрі әзір! Олар бұрыннан үйреншікті «Қуанышты шығарсың екеуміздің осы арада тұрғанымызға!» деген бір-бірін шынтақпен түртіп «айтатынын» сөзбен білдірісті.
Үнділік Джоның пышағы бір нәрсеге тиді.
— Ого! — деді ол.
— Не бар екен? — деп сұрады жолдасы.
— Шіріген тақта… жоқ, жәшік білем. Қане, маған көмектесіп жіберші, қазір не екенін білеміз. Жоқ, мен пышақпен тесіп жібердім.
Үнділік Джо аяғынан тік тұрып, бір терезеден екіншіге барып, сырт жаққа көз жүгіртті. Сосын: — Мұнда қайла мен күректі әкелген кім болды екен? Сен қалай ойлайсың, олар мүмкін жоғарыда болар? — деді.
Том мен Гек қорқыныштан өле жаздады. Үнділік Джо пышағын алып, біраз тұрды да, баспалдаққа жақындады. Балалардың ойына шолан түсіп еді, бірақ қозғалуға жай жоқ. Баспалдақ сықырлай бастады. Жағдайдың өте қиын болғаны сондай балалар көзді ашып-жұмғанша естерін жиып, шоланға кіруге дайындалып еді, шіріген ағаш сарт етіп сынды да үнділік Джо баспалдақпен бірге құлады. Ол боғауызбен орнынан тұрып еді, қосшысы айтты:
— Неменеге сонда ұмтылдың? Егер жоғарыда біреулер бар болса, отыра берсін — бізге керегі не? Олар төмен түскілері келсе, секіріп, аяқтарын сындырсын, біздің шаруамыз қанша? Жиырма минуттан соң қараңғы түседі, бізді қуып жетіп көрсін сонда. Меніңше, бұл күректерді осында әкелген кісі бізді көріп жын-шайтан деп ойлады. Қазір алды-артына қарамай зытып бара жатқан шығар.
Үнділік әрі-бері күңкілдеді де, қосшысымен келісіп қараңғы түспей тұрғанда жолға шығуға ұйғарды. Іңір қараңғылығымен олар үйден шығып өзенге қарай өздерінің қымбат сандығын алып бара жатты.
Том мен Гек өлі мен тірінің арасында орындарынан тұрды, оның есесіне еркін демалып, бұрыстан өрілген қабырғаның сызаттарынан олардың соңынан қарады. Соңдарынан жүру керек пе? Жоқ! Балалар мойындарын сындырмай аман-есен төменге түскендеріне мәз. Олар қайтадан басқа жолмен таудан өтіп қалаға оралды. Әңгімелесіп те жарытпады, өйткені жол бойы күректі неге апардық деген ой екеуінің де мазасын кетірді. Егер сол қайла, күрек болмаса, үнділік Джо ештеңе сезбеген болар еді де, алтын мен күмісті өзі керегін алғанша осы жерге қалдырып, сосын, сорына қарай, ақшадан айырылар еді. Сол күректерді осында сүйреп не жындары бар еді?!
Олар қалаға көріне қалса испандықтан көз алмауға және «екінші» номердің қай жерде екенін білгенше оны бақылауға келісті.
Ол жәшікке қолын сұғып, сол бойда қайта суырып алды:
— Қара, мынау ақша!
Екеуі бір уыс мәнеттерді алып қарай бастады. Бұл алтын болып шықты. Жоғарыда жатқан балалар да қаңғыбастарға ұқсап қобалжыды, қуанды.
Үнділік Джоның қосшысы:
— Қазір біз мұны жайғастырамыз. Ал бұрышта таттанған қайла жатыр еді — жаңа ғана көріп едім.
Ол жүгіріп күрек пен қайланы алып келді. Үнділік Джо қайланы алып, біртүрлі күдіктене қарап шықты, басын шайқап, мұрнының астынан міңгірлеп бірдеңе айтты да жерді қаза бастады. Тез арада сандықты шығарды. Өзі шағын, темірмен қапталған, уақыттың мүжігені болмаса, мықты екен. Қаңғыбастар біраз мезгіл үнсіз рахаттанып сандыққа қарап тұрды. — Ал, достым, мынау мың доллар, — деді үнділік Джо.
— Осы маңда бір жаз бойы Мэреланың бандысы кезіп жүрді дейтін еді, — деді қасындағысы.
— Оны мен де естігем, — деді үнділік Джо, — солардың жұмысына ұқсайды.
— Енді саған ана қауіпті істі бастамауға болады.
Үнділік қабағын түйіп:
— Сен мені білмейсің. Яғни ол шаруа жайлы сен аз білесің. Ол тек қана тонау емес, ол кек алу! — Ызалы көзі ұшқын атты. — Маған сенің көмегің қажет. Ал соны бітіргесін, Техас қайдасың дейміз. Үйіңе, өзіңнің Нэнсиіңе және балаларға барасың, мен хабар бергенше күт.
— Жарайды, қалай айтсаң, солай болады. Ал, мынаны қайтеміз, тағы көмеміз бе?
— Иә, (жоғарыдағылар қуаныштан жүректері жарыла жаздады.) Жоқ, ұлы Сахемнің рухына ант беремін! (Жоғарыда көңілсіздік басталды.) Мен ұмыта жаздадым. Қалайда жаңа қазылған топырақ бар! (Балалар қорқыныштан өле жаздады.) Бұл қайла мен күрек қайдан шықты? Оларға жұққан қайдағы топырақ? Бұларды кім әкелді және ол адамдар қайда кетті? Сен біреулерді естідің бе? Біреуді көрдің бе? Бұл қалай — олар көруі үшін ақшаны жерге көмеміз бе? Жоқ, бұлай болмайды. Бұларды менің үңгіріме апару керек.
— Бұл өте дұрыс! Бұл қалай менің ойыма келмеген! Сенше, бірінші номерге?
— Жоқ, екінші номерге — крестің астына. Біріншіге болмайды — адам көп.
— Жарайды. Кешікпей қараңғы түседі, жолға шығамыз.
Кенет Томға қорқынышты ой келді:
— Кек алу? Гек, егер ол екеумізден кек алуды ойлап жүрсе ше?
— Ой, айта көрмеші! — деді Гек қорыққаннан құлап кете жаздап.
Олар бұл туралы қалаға жеткенше әңгімелесті, сосын үнділік,мүмкін, тек Томды ғана ойлаған болар, өйткені сотта оны көрсеткен жалғыз сол ғой деп ұйғарысты.
Томның көңіліне қатердің тек оған төніп тұрғаны тыныштық бермеді: «Дегенмен топпен бірге жеңілірек болар еді» — деп ойлады.
Жиырма жетінші тарау
ҚАЛТЫРАП ҚОРҚАДЫ, БІРАҚ СОҢДАРЫНАН ҚАЛМАДЫ
Бұл күнгі оқиғалар Томға тіпті түсінде де маза бермеді. Ол төрт рет қазынаға қолын созды, төрт рет қолынан шығып жоқ болды; көзінен түс қашып, есін жиғанда болған ащы шындық пен қасірет ақыл-есін жайлап алды. Ертемен төсегінде жатқан күйі күні кешегі бастан кешкендерін бүге-шігесіне дейін есіне алып еді, соның бәрі өзінен алыстаған, тұманға айналғандай, тіпті басқа бір әлемде баяғыда болған оқиғалардай сезінгенін байқады. Сонда оған мүмкін сол оқиғалардың бәрі менің түсім шығар деген ой келді. Бұл ойында тағы бір себеп бар: кешегі толған алтын мен күмістің тек адамның түсінде болмаса, өңінде болуы мүмкін емес. Осы кезге дейін ол елу долларды да көрген емес және бұл қатарлы балалардың бәрі «жүз», «мың» деген ақшаны жұрт әншейін қызыл сөз үшін айтады, ал шынында ондай ақшаның болуы мүмкін емес деп ойлайтын. Біреудің қалтасында жүз доллар секілді байлық болады деп Том ешқашан ойлаған емес. Егер одан жер астына тығылған қазынаны қалай елестететінін сұраса, ол күміс тиындар және таудай үйіліп жатқан сиқырлы, жарқылдап ұстатпайтын долларлар деп ойлайды. Алайда кешегі оқиға мұның есіне оралған сайын түсі емес кәдімгідей шындық екеніне көзі жетті.
Қалай болғанда да ебін тауып бұл тығырықтан шығу керек. Ол тездетіп ертеңгі тамағын ішті де, Гекті іздеуге кетті.
Гек жалпиған кішкене қайықта аяғын суға малып отыр екен, ұсқыны онша еместігі көрініп тұр. Том кешегі оқиға жайлы алдымен Гектің бастағаны дұрыс деп шешті.
Егер ол ештеңе айтпаса, мұның бәрі Томның түсінде көргендері.
— Амансың ба, Гек!
— Саламат па.
Бір минут үнсіздік.
— Том, егер біз шайтан алғыр күректі қураған ағаштың түбінде қалдырғанда, ақша біздікі болатын еді. Жолымыз болмады!
— Яғни соның бәрі түс емес болды ғой. Ал мен кешегінің бәрі түсім болғанын қалап едім. Шындай, түсім болса деп едім, Гек!
— Қайдағы түс?
— Кешегінің барлығы. Мен соның бәрі түсім ғой деп ойлағам.
— Түс! Егер баспалдақ құламағанда, қандай түс екенін көрген болар едің. Мен де түнімен түс көріп шықтым — сол қисық көз испандық албасты мені қуып жүр, жерге кіргір!
— Жоқ, ол неменеге жерге кіреді! Ал оны табуды айт! Ақшаны қай жерге тыққанын бақылау керек.
— Том, біз оны таба алмаймыз. Қолға түсіп тұрған қыруар ақшадан айрылдық. Егер оны тағы көре қалсам, аяғымнан тік тұра алмаймын.
— Мен де солай ойлаймын, тек оны көріп, «екінші» номерге дейін соңынан еріп барсам деп ем.
— «Екінші» номер — барлық мәселе сонда! Мен бұл жайлы ойланғам. Ештеңеге түсінбеймін. Сенше мұның бәрі немене өзі?
— Білмеймін. Іс түсініксіз. Тыңда, Гек, мүмкін бұл үйдің номері шығар?
— Тағы немене! Жоқ, Том, олай емес шығар. Тек біздің қалада емес. Мұнда қандай номерлер!
— Иә, мұның рас. Ойлауға мұрша бер. Ал, егер ол бір трактирдегі бөлменің номері болса ше?
— Міне, міне, соны айт! Трактир де бізде тек екеу. Тез-ақ тауып аламыз.
— Сен мен келгенше осында отыра тұр.
Том көзді ашқанша зытып кетті. Оның Гекпен бірге көшеде жүргенін ол көрсеткісі келмеді. Жарты сағаттан кейін ол қайтып келді. Трактирдегі екінші номерде көптен бері жас адвокат тұрады екен. Қазір де сол тұрады. Басқа трактирдегі екінші номер құпиялау: қожасының баласы бұл номердің ылғи кілттеулі тұратынын, оған кіріп немесе шығып жүрген адамды ешқашан көрмегенін айтты. Неге бұлай екенін, пәлендей себеп жоқ екенін ол білмейді; бұл жағдай Томға да қызық көрінгенмен, осында бір шикілік бар деп ойлады. Алдыңғы түнде сол бөлмеде шам жанып тұрғанын көрген.
— Мен мынаны білдім, Гек. Бізге керек екінші номер осы болу керек.
— Мен де солай ойлаймын, Том. Енді не істейміз сонда?
— Ойлауға мұрша берші.
Том ұзақ ойланды. Сосын әңгімесін бастады.
— Мен саған айтайын. Бұл номердің артқы есігі трактир мен тышқан аулайтын қуысқа ұқсас ескі кірпіш қойманың ортасындағы шағын көшеге шығады. Сен көбірек кілт табуға тырыс, — қанша қолыңа түседі, ал мен апайымның барлық кілтін әкелемін, сосын түн қараңғысында есіктің құлпын ашып көреміз, мүмкін біреуі ашып қалар. Өзің бейқам бол, үнділік Джо көрініп қалмасын, ол қалаға орайын тауып кек алуға келетінін айтты ғой. Егер көре қалсаң, соңынан қалма; егер ол әлгі номерге бармаса, біздің іздегеніміз емес деген сөз.
— Құдай ақы, оның соңынан жалғыз ергім келмейді!
— Ол деген түнде болады, мүмкін, сені көре қоймас; ал егер көрген күнде де ештеңе ойламайды.
— Жарайды, егер сондай қараңғы болса ғана оның соңынан еремін. Білмеймін, білмеймін. Көрейін.
— Егер түн өте қараңғы болса, мен барармын, бұған сенуіңе болады. Ал ол кек алудың реті келмесе, бірден ақшаға барады.
— Рас, рас, Том. Мен оның соңынан еремін.
— Міне, бұл нағыз шаруа! Гек, байқа, ұятқа қалдырма, мен бас тартпаймын.
Жиырма сегізінші тарау
ҮНДІЛІК ДЖОНЫҢ ҮҢГІРІНДЕ
Сол кеште Том мен Гек бәріне әзірленді. Олар кешкі тоғызға дейін трактирдің маңын торлады: біреуі шеткерірек тұрып, көшені бақылады, екіншісі — трактирдің есігін бақты.
Ұқсас адам кірмеді. Түн қараңғы болатын. Том, егер қараңғы түссе, Гек жүгіріп келіп мияулайды, сосын ол кілттерді алып, терезеден шыға салады. Алайда қараңғылық түспей қойды! Гек түнгі он екіге дейін қарауылда тұрды да, қанттан босаған бос бөшкеге жатып ұйқыға кетті. Екінші күні де балалардың жолы болмады. Сәрсенбі де солай өтті. Есесіне бейсенбідегі түн қараңғы болды. Том апайының қаңылтыр шамын алып, оның жарығын түсірмеу үшін орамалмен бүркеп терезеден уақытында түсті. Ол Гек қонып шыққан бөшкеге шамды жасырды да, өзі қарауылға тұрды. Түн ортасына бір сағат қалғанда, трактирдің есіктері жабылып, шамдары сөнді. Испандық көрінбеді. Тұйық көшеге кірген не шыққан ешкім болмады. Бәрі ойдағыдай секілді.Көзге түртсе көрінбейтін қараңғылық пен өлі тыныштықты ара-тұра алыстан естілетін күннің күркілі ғана бөліп тұр. Том шамды алып, бөшкенің ішіне жақты, орамалмен жақсылап орады. Сөйтіп екі батыр түн жамылып трактирге жақындады. Гек есіктегі күзетте тұр да, Том сипалап тұйық көшеге жетті. Бұдан кейін Гек таудың астында қалғандай мазасыздана күтті. Ол қарсы алдынан шам жарқ етсе екен деп тілейді; әрине, бұл қорқып еді, бірақ Томның тірі екеніне көзі жетер еді. Том қараңғылыққа сүңгіп кеткелі бірнеше сағат өтті. Шамасы, ол талып жатқан болар немесе өлді ме екен. Мүмкін қорқыныштан оның жүрегі жарылып кеткен шығар. Қобалжыған Гек тұйық көшеге қалай барғанын өзі де білмей қалды, оның көз алдына неше түрлі қорқынышты суреттер келді және минут сайын қазір оның зәресін ұшыратын бірдеңе болатындай сезінді. Ол онсыз да әрең демалып, жүрегі минут сайын тоқтап қалатындай. Кенет шам жарқ етті де, Том құйындатып жанынан өтті.
— Қаш! — деп айқайлады ол — Қаш тезірек!
Қайталаудың қажеті болмады, бір айтқанының өзі-ақ жеткілікті еді. Гек қаңбақтай ұша жөнелді. Балалар қаланың екінші шетінен ескі қасапхананың жанында тұрған көлеңке қалқаға жеткенше тоқтамастан жүгірді. Бұлар көлеңкенің астына кіре бергенде күн күркіреп, жаңбыр құйып кетті, Том демін әрең алып:
— Гек, зәрем ұшып кетті! Кілттерді бірінен соң бірін құлыпқа сұқтым, ашылмайды; соншалық жай істеген секілді едім, зәрем зәр түбіне кетті — тасырлаған дыбыс шықты. Құлып ашылатын емес. Мен не істеп жатқанымды өзім білмей, есікті тартып қалып ем, ашылып кетті! Өзі әуелден ашық екен! Ішке кіре сала шамды ораған орамалды алсам…
— Иә, иә, не көрдің, Том?
— Гек, мен үнділік Джоның қолын басып кете жаздадым!
— Қой, шын ба?
— Иә деймін! Еденде өлген кісідей тырайып ұйықтап жатыр, екі қолы екі жақта бір көзіне өткендегідей пластырь жапсырған күйі.
— Құдайым-ай! Сен не қылдың? Ол оянды ма?
— Жоқ, тіпті қимылдаған да жоқ, шамасы мас болуы керек. Орамалды алдым да есіктен қалай шыққанымды білмеймін — алды-артыма қарамай зыта жөнелдім.
— Мен болсам, орамалды алуды ұмытып кетер едім.
— Қалай ұмытам? Орамалды жоғалтсам, Полли апайым терімді сылып алады.
— Айтшы, Том, сандықты көрдің бе?
— Гек, жан-жағыма қараған да жоқпын. Сандықты көргенім жоқ. Кресті де көрмедім. Үнділік Джоның қасында еденде жатқан бос шөлмек пен қаңылтыр тостағаннан басқа ештеңе де көзіме түскен жоқ; бөлмеде шағын екі бөшке және көп бөтелке болды. Көрдің бе ол жердің таза емес екенін?
— Қалай?
— Виски бар жер таза емес! Мүмкін басқа трактирлерде шарап ішпейтіндер қоғамының вискиді тығып ұстайтын осындай бөлмелері бар шығар, қалай ойлайсың?
— Шамасы, солай шығар. Кімнің ойына келген. Білесің бе, Том, сандықты ұрлайтын мезгіл осы, егер үнділік Джо мас болып жатса!
— Бар ендеше, алып көр!
Гек шошып кетті.
— Ой, жоқ, олай болса, қажеті жоқ.
— Мен де солай ойлаймын. Үнділік Джоның жанында бір бөтелке жатыр, ал ол аз. Егер вискиден босаған үш бөтелке жатса, мен байқап көрер едім.
Олар үнсіз ұзақ ойланды, ақыры Том айтты:
— Гек, тыңда, үнділік Джоның ол жерден кеткеніне көзіміз жеткенше ештеңе істемейміз. Өте қорқынышты. Егер біз түн сайын күзететін болсақ, оның кеткенін міндетті түрде көреміз де, көзді ашып-жұмғанша сандықты аламыз.
— Жарайды. Мен бүгін түнде күзетемін, басқасының бәрін өзің істесең, мен түн сайын қарауылда тұрамын.
— Жақсы, істеймін. Ал саған Гупер-стриттің бойымен бір квартал жүгіруге тура келеді, сосын мияулай қоясың, ал егер мен ұйықтап жатсам, бір уыс топырақты терезеден лақтыр, мен оянамын.
— Жарайды, солай істеймін!
— Ал, былай, Гек: жаңбыр басылды, мен үйге кеттім. Екі сағаттан кейін жарық түсе бастайды. Сен ана жаққа бар, әзірше бақылай тұр.
— Айттым ғой күзетемін деп, яғни күзетемін. Тіпті бір жыл бойы көшеде тұрсам да. Күндіз ұйықтаймын, түнде күзетемін.
— Жарайды ендеше. Ал сен қайда ұйықтайсың?
— Бен Роджерстің пішен қорасында. Ол мені жібереді және оларда жұмыс істейтін Джек ағай да — негр. Оған су керек болғанда мен оған су әкеліп беремін, ал ол өзінен ауысқан бірдеңе болса, сұрасам, маған береді. Ол өте жақсы негр. Басқалар секілді негрлердің алдында танауымды көтермегесін, ол мені жақсы көреді. Кейде тіпті онымен бірге түскі тамақ ішемін. Сен тек ешкімге айтып жүрме. Қарның ашқанда әшейінде ойлағың келмейтін нәрсені де істейсің.
— Егер күндіз маған керегің болмаса, ұйқыңды қандыра бер. Босқа оятпаймын сені. Ал егер түнде бір нәрсені байқадың ба — маған жүгіріп кел де мияула.
Жиырма тоғызыншы тарау
ГЕК ЖЕСІР ӘЙЕЛ ДУГЛАСТЫ ҚҰТҚАРАДЫ
Жұма күні таңертең Томның естігені қуанышты хабар болды: сот Тэчердің отбасы қалаға келіпті. Қазына да, үнділік Джо да былай қалып, оның барлық ойы Беккиге ауысты. Том жан ұшырып оған жүгірді, кластастарымен «құтқарғыш таяқ» секілді бірнеше ойындарды әбден шаршап құлағанша ойнады. Бұл күн сондай көңілді өтті. Бекки ақыр аяғында анасынан көптен айтып жүрген кешті ертең ұйымдастыруды сұрап еді, анасы келісті. Қыздың қуанышында шек болмады, Том да одан кем қуанбады. Шақыру билеттері кешке дейін таратылды, қаланың рахат болады деп дәметкен балаларының бәрі ертеңгі кешке дайындала бастады. Томның толқығаны сондай, түннің бір уағына дейін ұйықтай алмады: ол Гек қашан мияулайды деп үміттене күтті және ертең кеш үстінде қазынаны көрсетіп Беккиді және оның қонақтарын таңғалдырам деп ойлады. Алайда бұл түні ешқандай оқиға болмады. Ақырында таң атты, сағат онға жақын ба, жоқ, он бірге таяу ма көңілді топ әрі қарай сол жерден кету үшін сот Тэчердің үйіне жиналды. Ол жылдары балалардың ойын-сауығына кесел келтірмеу үшін үлкендердің ондай кештерге баратын әдеті жоқ еді. Балалар он жеті-он сегіздегі екі-үш қыз бен олардан ересектеу жас жігіттердің қамқорлығында қауіпсіз болады деп есептелетін. Мұндай кештерді ұйымдастыру үшін ескі пароход жалдап алынатын да, кешікпей көңілді топ себет толы тамақтарын алып қаланың орталық көшесімен өтетін. Сид сырқаттанып қалды, сондықтан оның бармауына тура келді; Мери оны күту үшін үйде қалды. Қоштасарда Тэчер ханым: — Сендер өте кеш келетін шығарсыңдар. Мүмкін, сен кемежайға жақын тұратын қыздардың біреуінің үйіне қона саларсың, — деді Беккиге.
— Сюзи Гарпердің үйіне қонуыма бола ма?
— Өте жақсы. Өзіңді дұрыс ұста, ақылды бол.
Олар көшеге шыққасын:
— Білесің бе, Бекки, не істейтінімізді? Джо Гарпердің үйіне барғанша, біз тауға көтеріліп, Дуглас жесірдің үйіне барамыз. Онда балқаймақ болады күнде және қандай көп болады! Ол бізге қуанып қалады.
— Ой, көңілді болады ғой онда!
Бекки сәл ойланды да:
— Ал анамды қайтемін? — деді.
— Ол қайдан біледі?
Қыз:
— Меніңше, бұл жақсы емес, — деді сәл ойланғаннан кейін батылсыздау сөйлеп.
— Ой, онда тұрған не бар! Анаң білмейді, сонда жаман болатын не? Әйтеуір сенің амандығың ғой оған керегі, меніңше, оның өзі де рұқсат еткен болар еді, тек ойына келмеді ғой. Әрине, рұқсат етер еді!
Жесір әйел Дугластың тәттіге толы дастарқаны жайлы Томның әңгімесі әсерсіз болмады. Осы кеш туралы тірі жанға айтпауға уәделесті. Кенет Томның басына егер осы түнде Гек бұған хабар берсе не істедім деген ой сап етті. Алдағы рахаттың ләззатын бұзып жіберетін әлгі ой Томның көңілін толқытты. Сонда да ол Дуглас апайдың үйіндегі көңілді отырысты алмастыратын ештеңе жоқ деп ойлады. Кеше Гек белгі бермеді, ендеше бүгін де бермейді. Ол бүгін ақша толы сандық туралы ойламауға бел байлады. Қаладан үш мильдей төменгі жақта пароход жүрісін баяулатып, жағаға тоқтады. Топ бала жағаға түсіп, кешікпей орман да, тау бөктері де күлкі мен айқай-шуға толды. Ойынның бәрін тауысқан әбден қызып алған еркелер қарындары шұрқырап тұраққа жиналды да, неше түрлі тағамға бас қойды. Тамақтан кейін еменнің түбіне жиналған олар әңгіме соғып, демалды. Кенет біреу:
— Үңгірге баратындарың бар ма? — деп айқайлады.
Бәрінің барғысы келеді екен. Майшам алып бәрі жапырлай жарысып, тауға өрмелей бастады. Үңгірге кіретін жер кәдімгідей биікте, таудың жартысында екен және «А» әрпіне ұқсайды. Зілдей емен есік ешқашан жабылған емес. Ішкі жағында шағындау үңгір бар, әдетте үйдегі еденнің астында болатын жертөле секілді салқын, қабырғалары өте берік әктен қаланған және беті шым-шымдап шығатын тер сияқты ылғал тамшыға толы. Тас қараңғы осы жерде тұрып, күн шуағына малынған жасыл аңғарға қарау әрі қызық, әрі құпия сыр бардай. Кешікпей алғашқы таңырқау сейіліп, әдеттегі балалық еркелік басталды. Біреуі майшамды тұтата қалса, қалған балалардың бәрі оған жабыла бастайды: ол қаншама қорғанғанмен шабуылшылар майшамды оның қолынан қағып түсіреді немесе өшіріп тастайды, сосын тағы айқай-шу, күлкі басталады. Дүниеде бәрі де түбінде бітеді. Бірінің соңынан бірі тіркескен топ тік жартаспен басты үңгірден төмен түсе бастады, жыпылықтаған шамдар қатарының көмескі жарығы тас қабырғаларды төбесіне дейін көмескі көрсетіп тұр. Үңгірдің төбесі шамамен алпыс мильдей биіктікте екен. Ең үлкен үңгірдің ені сегіз немесе он фут шамасында. Аяқ басқан сайын басты үңгірдің екі жағында да биік қабырғалы, бірақ ені жіңішке үңгірлер көрінді. Мак-Дугалдың үңгірі нағыз лабиринт екен: ирелеңдеген ұзын-шұбақ дәліздердің шет-шегі көрінбейді. Күнімен, түнімен адам түсініп болмайтын үңгірлер мен бытысқан қабырғалардың арасымен қанша жүрсең де, үңгірден шығатын есікті таба алмайсың — жұмбақ лабиринттер бірінен соң бірі шыға береді дейді айтқыштар. Үңгірдің бас-аяғын ешкім білмейді. Жастардың көбі үңгірдің тек жартысын ғана көрген, әдетте одан әрмен қарай ешкім бармайды. Том Сойер де үңгірді басқалардан артық білмейтін.
Барлығы негізгі үлкен үңгірмен төрттен үш мильдей бірге жүрді де, сосын жан-жақтағы шағын үңгірлерге топ-топ болып немесе екі-екіден бөлініп қараңғы қалтарыстарға тығылып, сосын ойда жоқ бұрыштан атып шығып бірін-бірі қорқытып ойнады. Тіпті үңгірдің бәріне таныс жерлерінің өзінде адасып қалуға әбден болады.
Балалардың тобы бірінен соң бірі бастан-аяқ шамдағы шошқаның майының иісі шыққан денелері балшық-балшық болып, үңгірде өткізген күнге риза көңілмен шығатын жерге жапырлай ұмтылды. Тек сонда ғана олар күннің кешкіріп қалғанын көріп, уақыттың тез өткеніне таңданысты. Пароход жарты сағат бойы айқайлап шақырып тұр. Алайда жұрттың бәрі ғажап оқиғаларды бастан кешірген романтикалық күннің аяқтала бастағанына риза. Шағын пароход өзінің шулаған жүгінен өзеннің ортасына жеткенде, капитаннан басқа ешкім де өткен уақытқа өкінген жоқ.
Пароход оттары жарқырап кемежайдың жанынан өткен кезде Гек қарауылда тұр еді. Ол ешқандай айқай-шуды естіген жоқ, өйткені шаршаған адамдар секілді жастар жуасып тыныштала бастаған. Әуелі Гек бұл не пароход кемежайға тоқтамай бара жатқан деп ойлады да, сосын ол туралы есіне де алмай өзінің шаруасымен болды. Түн бірте-бірте қараңғылап аспанды бұлт жайлай бастады. Сағат он болды, дөңгелектердің дыбысы басылып, әр жердегі оттар да сиреді, көшелерде жүргендер де кездеспеді. Шағын қала кішкентай күзетшіні елестер мен тыныштыққа қалдырып ұйқыға кетті. Он бір болды, трактирдің оттары да сөнді, айнала түгелдей қараңғылыққа көмілді. Гек өте ұзақ күтті, бірақ ештеңе болған жоқ. Ол толқи бастады. Енді күту керек пе? Содан бірдеме пайда бола ма? Әлде бәрін қойып, төсекке бас қою керек пе?
Кенет ол бір дыбыс естіді де, секем алды. Ол кірпіш қойманың арт жағына жүгірді. Бір минут өткенде оның жанынан екі адам өтті және мұны қағып кете жаздады, біреуінің қолтығында бір нәрсе бар. Сандық шығар! Яғни олар қазынаны басқа жерге жасырғылары келді. Томды шақыру керек пе? Бұл ақымақтық болар еді — олар сандықты алып тайып тұрады, сосын аттарын ұмытасың. Ең дұрысы — олардың соңынан еріп, қайда баратындарын біліп алу, қараңғыда олар мұны байқай қоймас. Өзімен өзі ойланып-толғанып, Гек бұрыштан шыға келді де, мысыққа ұқсап жасырынып қаңғыбастардың соңынан ерді. Ол жалаңаяқ күйде олардан адасып қалмастай қашықтықта келе жатыр. Олар жаға жақтағы көшені бойлап үш кварталдай жүрді де, сосын солға бұрылды. Әуелі олар тура жүрді, сосын Кардиф тауына қарай бұрылды да, соқпаққа жете бере тауға көтеріле бастады. Олар тоқтамастан жүріп отырып жар басындағы валлилік шалдың үйінің жанынан өтті және жоғары өрмелей берді. «Жарайды, — деп ойлады Гек, — олар сандықты ескі тас қорғанға көмгілері келген». Бірақ қаңғыбастар ол маңға да кідірмеді. Олар әрі қарай шыңның басына өрлеп барады. Кенет екі биік ағаштың арасындағы жіңішке соқпаққа бұрылды да, қараңғыға сүңгіп кетісті. Гек аяғын тезірек алып оларды қуып келеді, бірақ олар мұны көрген жоқ. Ол әуелі жүгірді, сосын екі қаңғыбастың үстінен түсіремін деп жүрісін бәсеңдетті, тағы біраз уақыт өткесін сәл тоқтап, тың тыңдады, өз жүрегінің дүрсілінен өзге дыбыс жоқ. Үкінің үһлегені естілді тау жақтан — жаман белгі. Бірақ аяқ басқан дыбыс естілмеді. Құдайым-ай, бәрі осымен біткені ме? Ол шегірткені басайын деп ыңғайлана беріп еді, өзінен үш-төрт қадам жерден біреудің жөтелгені естілді.
Гектің жүрегі кеудесінен шығып кете жаздады, бірақ қорқынышын ноқталап, тұрған жерінде қатты да қалды, безгек қысқандай, денесі қалтырап, әлі кеткені сондай жерге құлап кетер ме екенмін деп қорықты. Ол өзінің қай жерде тұрғанын білді: жесір әйел Дугластың үйін қоршаған аласа ағаштардың маңында, үйге кіретін жерден бес қадам жерде ғана. «Жарайды, — деп ойлады ол, — мейлі осында көме берсін; кейін тауып алу қиынға түспейді».
Жай сөйлеген үнділік Джоның дауысы естілді:
— Шайтан алсын сол қатынды! Мүмкін үйінде қонақ бар шығар? Түннің бір уағына дейін шам жанып тұр.
— Мен ештеңе көріп отырғаным жоқ.
Мұны айтқан ескі үйден шыққан жалба-жұлба киімі бар қаңғыбас. Гектің жүрегі мұздай болып кетті: Ә-ә, Джоның кімнен кек алғысы келіп жүргені белгілі болды. Гекке алғаш келген ой қашып кету болды. Бірақ сол бойда жесір әйел Дуглас апайдың Гекке ылғи мейірімді болғаны есіне түсті, ал мына оңбағандар оны өлтіргісі келіп жүр. Гек Дуглас апайға ескертуге өзінің батылы жетпейтініне өкінді, оған ескерте алмайды, себебі мыналар мұны көреді де ұстап алады. Осы ойлар үнділік Джомен екінші қаңғыбастың әңгімесі арасында Гектің басына келді.
— Саған бұталар көрсетпей тұр. Мына жақтан қара. Енді көрдің бе? — деді үнділік Джо.
— Иә. Әрине, қонақтар бар. Сен бұл істі таста!
— Егер мен бұл жақтан біржола кетейін деп отырсам қалай тастаймын? Осыдан басқа ыңғайлы сәт болмайтынын біліп тұрып бас тартам ба! Мен саған тағы да айтамын: ол әйелдің ақшасына түкірдім, сен ала бер. Ал оның күйеуі қанша рет маған тыным бермеді және бір рет емес; мені қаңғыбас қайыршы ретінде отырғызып қойды ғой, сот кезінде онымен қоймай, мені көшеде түрменің алдында негр деп шыбықпен осқылатып жазалады емес пе! Бүкіл қала көрді! Шыбықпен! Сен түсініп отырсың ба? Ол менен сұмдығын асырды да, өлді. Есесіне өшімді әйелінен алам.
— Оны өлтірме! Керегі жоқ!
— Өлтірме? Кім өлтірем деп отыр? Күйеуі тірі болса, өлтірер едім, ал әйелін өлтіру ойымда жоқ. Әйелден өш алғанда өлтірмейді — оның түкке керегі жоқ! Оның танауын кеседі, шошқаға ұқсатып құлағын қырқып алады, солай ұсқынын кетіреді!
— Құдай сақтасын, бұл деген…
— Сенен сұрап отырған ешкім жоқ! Аман тұрғанда үніңді шығарма! Мен ол әйелді кереуетке байлаймын. Егер қансырап өлсе, онда менің шаруам жоқ. Жыламаймын. Ал, достым, сені неге қасыма ерттім, мен жалғыз бәрін үлгере алмайтын болғасын. Сен маған көмектесесің. Егер сырғанап кетсең, өлтіремін! Түсіндің бе? Ал сені өлтіруге тура келсе, қатынның да шаруасын бітіре салам — сонда бұл кімнің жұмысы екенін ешкім білмейді.
— Қайтеміз, бұдан басқа амал жоқ болса, кеттік. Тезірек болғаны дұрыс. Тұла бойым дірілдеп тұр.
— Қазір? Ал, қонақтар ше? Сен мені көрсетуші болма, саған сеніңкіремей тұрмын.
Бұдан кейін үнсіздік болатынын Гек түсінді және ол үнсіздік бағанадан бергі өлтіру жайлы әңгімеден қорқыныштырақ, ол демін ішіне тартып кері қарай аттады; оңға не солға құлап кетем бе деп қорықты да екінші аяғын қозғады. Ол тағы бір қадам кері қарай басты, сосын тағы, тағы… кенет аяғының астында бұтақ сынып кетті. Тынысы тоқтап қалды, тың тыңдап еді — дыбыс жоқ меңіреу тыныштық. Гектің қуанышында шек болмады. Ол екі бұтақтың арасымен корабльге ұқсап бұрылды да, әрмен қарай жолға шыққасын өзін еркін сезініп табанын жалтыратып жүгіре жөнелді. Ол құйындатып валлилік шалдың фермасына жеткенше жүгірді. Қақпаны қатты ұрғаны сондай, шал мен оның еңгезердей екі ұлы терезеден бастарын шығарып қарады.
— Не тарсыл-гүрсіл? Кім есік соққан? Не керек?
— Тезірек кіргізіңізші! Бәрін айтамын!
— Ал сен кімсің?
— Гекльберри Финн! Тезірек ашыңызшы!
— Гекльберри Финн! Есікті шалқасынан ашатындай бұл белгілі тұлға емес қой! Дегенмен оны кіргізіңдер, естиік не болып қалғанын!
— Тек мұны айтқан мен екенімді ешкімге айта көрмеңіздер! — Есіктен кіргендегі Гектің алғашқы сөзі осы болды.
— Құдай үшін, әйтпесе мені өлтіреді! Жесір әйел ылғи маған жаны ашитын еді ғой, мен бәрін айтып берем, егер мені көрсетпеуге уәде берсеңіздер. — Құдай ақы бір нәрсе бар, ол босқа айтып тұрған жоқ, — деді шал. — Айта бер, сені ешкім де ұстап бермейді, жігітім.
Үш минуттан кейін шал ұлдарымен қару-жарақтарын алып тауға беттеді, кешікпей жолдың басталар жерінде тұрған сумах атты ағаштың бұталарының арасында қолдарына мылтықтарын алып әзір тұрды.
Гек олардың соңынан әрі қарай ермей, үлкен тастың артына тығылып, тың тыңдады. Қауіпті үнсіздік ұзаққа созылды, сосын кенет мылтықтар гүрсілдеп, айқай басталды.
Гек арғы жағын күткен жоқ. Ол тастың артынан атып шықты да, таудың етегіне қарай зымырап қаша жөнелді.
Отызыншы тарау
ТОМ МЕН БЕККИ ҮҢГІРДЕ
Жексенбі күні таңертең жерге жарық түсе бастағанда, Гек тауға өрмелеп шығып валлилік шалдың еппен есігін қақты. Бәрі ұйықтап жатыр, бірақ өткен түнгі мазасыздықтан кейін ұйқы да сергек еді. Терезеден айқайлады:
— Кім бұл?
Қорқып кеткен Гектің дауысы әрең шығып:
— Мені кіргізіңізші! Бұл мен, Гек Финн.
— Бұл есім айтылғанда, менің есігім әрқашан түнде де, күндіз де шалқасынан ашылады. Кір, айналайын, өз үйіңде отырғандай сезін.
Үйсіз-күйсіз бала мынандай сөздерді өмірінде бірінші рет естіп тұр, өмір бойы мұндай жылы сөзді оған ешкім айтқан емес. Бұрын өз үйіңде отырғандай сезін деп бір де біреу төріне шақырмап еді.
Есік тез ашылды да, Гек кірді. Оны отырғызып, шал тездетіп киіне бастады.
— Ал, балам, сенің әбден қарның ашқан шығар, сондықтан күн шыққан бойда ып-ыстық таңғы тамақ алдыңа келеді! Ал, біз ұлдарыммен сені кеше келеді деп күтіп, осында қонатын шығар деп едік.
— Мен қатты қорыққаным сондай, — деді Гек, — қашып кеттім. Мылтықтар атқылай бастағанда, мен зытып отырдым, тіпті үш миль бойы демалмастан жүгірдім. Ал, бүгін келгенім, не болғанын білгім келіп еді; таң ата келген себебім, ана албастыларға олар тіпті өлі болса да, тап болам ба деп қорықтым!
— Әй, бейшара бала! Сен түнде әбден шаршаған сияқтысың, — міне, саған кереует, тамақ ішкесін жатып демал. Жоқ, олар өлген жоқ, өкінішке орай. Сенің сөзіңнен біз оларды қайдан іздеу керек екенін білдік; аяғымызды ұшынан басып олардан он шақты қадамдай жерге жасырындық; ал жол бойы көр анадағы секілді тасқараңғы. Кенет мен түкіріп қалғаным! Өзімді ұстай алсамшы! Менің дауысымды естігесін, ана оңбағандар жыбырлап бұтаның арасына кіріп жоқ болды. Мен: «Атыңдар!» — деп айқайладым, өзім олар кеткен жақты көздеп жатырмын. Балалар да атқылады. Алайда жексұрындар қашып үлгерді, ал біз орманның ішімен қудық. Біреуіне де оқ тимеген секілді. Олар да бір-бірден оқ атты, бізге де тиген жоқ. Аяқтарының дыбысы басылуы мұң екен, біз жүгіріп отырып таудан түсіп, полицейлерді ояттық. Олар отрядты жинап өзен бойымен іздеуге кетті, ал жарық түсісімен шериф өз адамдарымен орманды түгел аралайды. Менің ұлдарым да барады. Сол оңбағандардың түр-түсі қандай екенін білсек, бізге көп көмек болар еді. Сен де түнде қарамаған шығарсың?
— Жоқ, мен оларды қалада көріп, соңдарынан ердім.
— Міне, тамаша! Ұсқындарын айтып берші, айналайын балақайым!
— Біреуі — сақау-саңырау испандық, оны қалада бір-екі рет көргенбіз, ал, екіншісі — қайыршы, үсті-басы алба-жұлба, бет келбеті қорқынышты.
— Жетеді, айналайын, бұларды біз білеміз! Мен өзім орман ішінде Дугластың үйінің маңынан көргем, сонда олар менен қашып кеткен. Ал, балалар, сендер барыңдар, шерифке бәрін айтыңдар, тамақты кейін ішерсіңдер!
Шалдың ұлдары сол бойда кетті. Гек ұшып тұра келіп, олардың соңынан есікке жүгірді.
— Құдай үшін, оларды көрсеткен мен екенімді айта көрмеңдерші! Құдай үшін!
— Жарайды, Гек, егер сен солай ұйғарсаң, ал, шынында бұл саған құрмет әкеледі ғой.
— Ой, жоқ, жоқ! Құдай ақы, керек емес!
Жастар кеткесін валлилік шал:
— Олар ешкімге айтпайды, мен де тісімнен шығармаймын. Ал сен неге басқалар білмесін дейсің? — деді.
Гек түсіндіргісі келмеді, тек олардың біреуі туралы бұл көп жайларды біледі, егер ол мұны білсе, Гекті, сөз жоқ, өлтіреді.
Шал үндемеуге тағы уәде берді де, тағы сұрады:
— Ал сен неге олардың соңынан ердің? Олар саған күдікті адамдар боп көрінді ме?
Гек нанымды себебін айтуға тырысып, сәл үндемей қалды. Сосын:
— Сізге қалай айтсам екен, мен өзім де солар секілді қаңғыбаспын ғой, — әйтеуір көп жұрт солай ойлайды, мен оларға өкпелемеймін, кейде сол үшін түні бойы ұйықтай алмайтын кездерім болады, басқаша өмірді қалай бастасам деп ойлаймын. Өткен түнде де солай болды. Ұйқым келмеді түн ортасында көшеде жүрдім, ойлап-ойлап ақыры трактирдің қасындағы ескі кірпіш қоймаға жеттім де, қабырғаға сүйеніп біраз тұрдым тағы ойланайын деп. Сол жерде әлгі екеуі қолтықтарына бірдеңені қысып алған жанымнан өте берді «Ұрлап алғандары болар», — деп ойладым. Олардың біреуі шылым шекті, екіншісі одан оттық сұрады, олар дәл менің қарсы алдыма тоқтап еді, сигардың оты олардың бетіне түсті, мен тани кеттім, көзіне қара жабыстырған ұзын бойлысы — сақау-саңырау испандық та, ал екіншісі жалба-жұлба киім киген біреу.
— Сен сонда қараңғыда киімін қалай көрдің?
Гек сәл шатасып қалды. Сосын әңгімесін жалғастырды.
— Өзім де білмеймін, әйтеуір көрдім.
— Сосын олар әрі қарай кетті де, сен соңдарынан ердің?
— Иә, мен ердім. Олардың не істегілері келіп жүргендерін білгім келді, — нағыз ұрылар секілді көрінді. Мен олардың соңынан еріп, жесір әйелдің шарбағына шейін бардым, қараңғыда жасырынып тұрдым да әңгімелерін естідім. Жыртық киімдісі жесір әйелді қорғады, ал испандық оның бет-аузын кескілеймін деп ант етті — айттым ғой сізге…
— Қалай? Сақау-саңырау осылай сөйледі ме?
Гек тағы қателік жасады. Испандықтың кім екенін шал біліп қалмауы үшін қаншама тырысқанмен тілі құрғыр көнбеді. Ол жалтарып көріп еді, шал бұдан көзін алмай қадалды, Гек одан сайын келістіре алмап еді, шал айтты:
— Қарағым, сен менен қорықпа. Мен саған ешқандай жамандық жасамаймын. Керісінше, сені қорғаймын. Ол испандық тіпті де сақау не саңырау емес, сен өзің сөз арасында айтып қалдың, оны түзей алмаймыз. Сен сол испандық туралы бір жайларды білесің және оны жасырғың келеді. Сен бекер сенбейсің маған. Қандай іс, сен айт, мен сені көрсетпеймін.
Гек бір минуттай шалдың адал көздеріне қарады да, еңкейіп оның құлағына сыбырлады.
— Ол ешқандай испандық емес — ол үнділік Джо!
Валлилік шал үстелінен секіріп кетті. Сәлден соң:
— Ә-ә, енді бәрі түсінікті. Сен мұрнының желбіршегін пышақпен кесемін, құлағын жұламын деген оның сөздерін айтқаныңда, мен сені қосып тұр ғой деп ойлағам, себебі ақ нәсілділер олай кек алмайды.
Ал үнділік — бұл басқа шаруа! — деді.
Ертеңгі тамақтың үстінде әңгімені жалғастыра отырып шал төсекке жатар алдында шам алып балаларымен шарбақ жаққа барып, тамған қан жоқ па екен деп қарағандарын айтты. Қан көрінбеді, бірақ үлкен түйіншек тауып алғандарын жасырмады.
— Ішінде не бар?
Егер сөз найзағай болса да, Гектің ағарып кеткен еріндерінен дәл осындай жылдамдықпен шыға қоймас еді. Ол көзі бақырайып, демалмай жауабын күтті. Шал да одан көзін алмай, таңдана қарады, үш секунд, бес, сосын он секунд қарады да:
— Жай, ұрылардың құралдары. Саған не болды өзі?
Гек орындықтың арқасына әрең демалған күйі шалқайып адам айтқысыз қуанды. Валлилік оған ұқыпты қарап, сосын:
— Иә, ұрлықшылардың құралдары. Осы хабарға сен қуанып қалғандайсың ғой? Соншама неге мазасыздандың? Сеніңше, біз не туралы айтуымыз керек еді.
Шал Гекті жарға тіреді. Оның сұрақ толы көзі Гекті әбден састырды. Ол жөнді жауапты құрастыру үшін дүниедегінің бәрін берер еді. Басына ешнәрсе келмей қойды. Шалдың сұрақ толы көздері онан сайын жеп барады. Тіліне мағынасыз бірдеңелер келеді. Ойланатын уақыт та жоқ, сосын ол даусын әрең шығарып, тәуекел бірдеңені айта салды:
— Мүмкін, жексенбілік мектеп үшін оқулықтар шығар?
Гек байғұс әбден ренжіді, тіпті күлімсірей де алмады, есесіне шал қарқылдап көңілдене күлді, оның үлкен денесі басынан аяғына дейін селкілдеп кетті. Сосын соңында мұндай дені сау күлкі қалтадағы ақшадан артық, өйткені дәрігерге аз төлейсің деді. Кейін:
— Әй, бейшара, сен сұп-сұр болып, еңсең түсіп кетті. Шамасы денің сау емес-ау деймін, — миың да шекеңе қарай қисайып кеткеніне таңдануға болмайды. Бәрі кетеді. Демаласың, ұйқыңды қандырғасын, бәрі де ойдағыдай болар деп ойлаймын, — деп қойды.
Гек өзін ақымақ етіп көрсеткеніне, толқығанына өкінді, өйткені бұл қаңғыбастардың әңгімесін тыңдағанда-ақ олардың арқалап жүргені байлық емес екенін түсінген. Дегенмен ол солай ойлаған болуы керек, табылған бума туралы естігенде өзін мазасыз ұстағаны. Жалпы алғанда ол осы болмашы хабардың өзіне қуанып кетті, ал оның қазына емес екенін білгесін жаны тынышталды. Бәрі ойдағыдай болғанына, қазына сол екінші номерде жатқан болса керек, қаңғыбастарды бүгін түнде ұстап, түрмеге жабады және бұлар Том екеуі осы кеште-ақ алтынды еш кедергісіз ештеңеден қауіптенбей қолға түсіреді.
Олар ертеңгі тамақтарын ішіп бола бергенде, есік соғылды. Гек атып тұрып, тығылуға жүгірді, басқалардың өткен түнгі оқиғаға мұның тікелей қатынасы бар екенін білдіргісі келмеді. Валлилық бірнеше әйелдер мен ер азаматтарға есік ашты, айтпақшы, олардың арасында жесір әйел Дуглас та бар, сосын ол оқиғаның болған жерін көруге асыққан бір топ қала тұрғындарын көрді. Яғни түнгі оқиға туралы жаңалықтан бүкіл қала хабардар. Шалға келген қонақтарға бәрін айтып беруге тура келеді. Жесір әйел оған алғысын жаудырып, өмірін сақтап қалғанына қайта-қайта рахмет айтты.
— Бұл туралы атай көрмеңіз, ханым. Сіз алғыс айтатын тағы бір адам бар, оның еңбегі менен де, менің балаларымнан да зор, ал бірақ өзі көрінгісі келмейді. Егер ол болмағанда, біз ол жерге бармаған болар едік.
Әрине, бұл әңгіме бәрін қызықтырғаны сондай, олар негізгі оқиғаны ұмытып кетті, валлилік шал қонақтарын оқиға желісіне қандырды, ал олар арқылы бүкіл қала білетін болады. Қонақтар әңгіменің бәрін естіп болғасын, жесір әйел:
— Мен төсекте кітап оқып жатып, ештеңе естімедім. Сіз келіп неге мені оятпадыңыз? — деді.
— Қажеті жоқ деп шештік. Қаңғыбастар қайта оралғылары келмеген болар, — құралсыз олар бәрібір ештеңе шығара алмас еді, бостан босқа түннің бір уағында сізді қорқытқанда не болар еді? Менің үш негрім таң атқанша сіздің үйді күзетіп шықты. Олар әлгінде ғана келді.
Тағы да қонақтар келді, валлилік оларға оқиғаны басынан бастап айтты.
Жексенбілік мектепте демалыс кезі болғандықтан сабақ жоқ еді, есесіне қала тұрғындарының бәрі ертемен шіркеуге жиналды. Жұрттың аузында — қаланы дүрліктірген оқиға. Қылмыскердің ізін де таба алмапты деседі. Шіркеуде өсиет айтылғаннан кейін Тэчер соттың әйелі Гарпер ханымды қуып жетіп:
— Менің Беккиім күні бойы ұйықтап жата ма? Ол өлгенше шаршайды ғой деп ойлағам, — деді.
— Сіздің Бекки ме?
— Иә. Ол сіздің үйге қонған жоқ па?
— Жоқ, не деп тұрсыз!
Тэчер ханым өң жоқ, түс жоқ орындыққа отыра кетті, дәл сол сәтте Полли апай бір құрбысымен әңгімелесіп, бұлардың жанынан өте беріп еді. Полли апай:
— Қайырлы таң, Тэчер ханым! Қайырлы таң, Гарпер ханым! Ал, менің балақайым ұшты-күйлі жоқ. Ол кеше сіздердің біреуіңіздің үйіңде қонған болар, сондықтан шіркеуге келуге қорыққан шығар деп едім. Оған қаттырақ айтпаса болмайды, — деді.
Тэчер ханым бұрынғыдан бетер түсі бұзылып, сәл ғана басын шайқады.
— Ол бізде қонған жоқ, — деді Гарпер ханым мазасызданып.
Полли апайдың бет әлпетінен шошып кеткені сезілді.
— Джо Гарпер, сен бүгін таңертең менің Томымды көрдің бе?
— Жоқ, көрмедім.
— Соңғы рет оны қашан көрдің?
Ол есіне түсіріп көріп еді, бірақ айта алмады. Шіркеуге келгендер шығатын есікке жетпей орта жолда тоқтады. Адамдар өзара сыбырласып, қобалжи бастады. Балалардан, жас мұғалімдерден де сұрады! Олардың ішінен де қалаға қайтқанда Том мен Беккидің пароходта болған-болмағанын ешкім білмеді. Қараңғы түсті, қыдыруға кеткендердің бәрі осында бар ма деген сұрақ ешкімнің басына келмеді. Ақырында жастардың бірі олар үңгірде қалып қойған жоқ па екен деп қауіптенді.
Тэчер ханым талып қалды. Полли апай қолын сындырып жылай берді.
Қауіпті хабар ауыздан ауызға, бір топтан екінші топқа, көшеден көшеге тарады, бес минуттан кейін қоңырау соғылып, бүкіл қала аяғынан тік тұрды. Кардиф тауында болған оқиға енді түк еместей болып қалды, дәулер туралы бәрі ұмытып кетті. Аттарын ерттеп, біреулері қайыққа отырды, пароход буын бұрқыратып қозғала берді және жарты сағат өтпей екі жүздей адам жолмен және өзенмен үңгірге кетті.
Ұзақты күн бойына қала елсіз, тіпті өліп қалған секілді күй кешті. Әйелдер Полли апайға, Тэчер ханымға барып, оларды жұбатуға тырысты. Олар бірге жылады, бұл құр сөзден гөрі пайдалы еді. Түні бойы қала хабар күтті, тек таң ата бірнеше сөзден тұратын хабар келді: «Тағы да шам және тамақ жіберіңдер». Тэчер ханым ақылынан адаса жаздады, Полли апай да сондай халде. Сот Тэчер үңгірден үмітке толы көңілді хабарлар жібергенмен, олар ешкімді де қуантпады.
Валлилік шал үйіне таңға жақын шаршап-шалдығып, майшамның майына малынып, балшық-балшық болып оралды. Гек температурасы көтеріліп, кеше оны жатқызған төсекте екен. Дәрігердің бәрі үңгірде, сырқат баланы күту үшін Дуглас апай келді. Қолынан келгеннің бәрін істейтінін, ол жаман болсын, жақсы болсын — құдай жаратқан бала, сондықтан оған қарамай, ауру күйінде қалдыруға болмайтынын айтты. Валлилік шал Гектің жақсы қасиеттері бар екенін байқады, ал жесір әйел:
— Күдіктенбеңіз. Бұл балада жаратқанның мөрі бар. Құдай ешкімді де ұмыт қалдырмайды. Ешқашан. Ол өзінің қолынан шыққанның бәрін ескереді, — деді.
Түске қарай бірқатар топтар әбден шаршап қалаға орала бастады, бірақ сәл-пәл сергектері іздеуді жалғастыра берді. Үңгірдің ең алыс бұрын адам бармаған бұрыштарына дейін аралады: адамның басы айналатын қараңғы дәліздердегі пәлендей тіршіліктің белгісі жоқ, алыста әр жерде жылтыраған оттар сирек те болса көрініп қалады.
Әлдеқайдан айқайлаған дауыстар, мылтықтың атылғаны жаңғырығып жетеді. Бір жерде жартасқа «Бекки мен Том» деп күйемен жазылған жазу тап болды, одан сәл жүргенде шамның майына былғанған лента табылды. Тэчер ханым лентаны танып еңіреп қоя берді. Бұл лента сүйікті қызынан қалған жалғыз белгі, өле-өлгенше шашына байлаған бұйым деді Тэчер ханым. Біреулер үңгірде әр жерде жарық сәуле көрінгендей болды дегенде, жиырма шақты адам солай қарай жапырлай жүгіріп еді, ол іздеушілердің бір тобы болып шықты.
Осылайша қорқыныш пен үрей құшағында үш күн, үш түн өтті: көңілсіз сағаттар бірінің соңынан бірі әрең жылжуда, ең соңында бүкіл қала үмітсіз уайымға бөленді. Жұрт не істерге білмеді. Ішпейтіндер қоғамына қарасты трактирде еденнің астына жасырып қойып виски сататындары кездейсоқ әшкере болғанда, бұл хабарға қала тұрғындары елең етпеді. Шынында, жайшылықта болса бұл жұрттың бәрін дүрліктіретін хабар еді.
Күйіп-жанып сандырақтап ауырған Гек сәл тәуір болып көзін ашқасын әлгі трактир туралы бірдеңелерді айта бастады. Ішпейтіндер қоғамының трактирінен бұлар іздеп жүрген қазына табылып қалды ма деп қауіптенген.
— Иә, табылды, — деді Дуглас апай.
Гек төсегінен атып тұрды да, көзі бақырайып:
— Не табылды? Не? — деді.
— Виски. Сосын, трактирді жауып тастады. Жат, айналайын, сен мені қорқыттың ғой!
— Маған бір нәрсені ғана айтыңызшы, тапқан Том Сойер ме?
Жесір әйел жылап қоя берді.
— Жай сөйлеші, айналып кетейін. Саған сөйлеуге болмайды! Сен қатты ауырып қалдың!
«Яғни вискиден басқа ештеңе таппаған екен. Егер алтынды тапса, бүкіл қаланы бастарына көтеріп шулар еді. Сонымен қазына жоғалды, енді табылмайды! Апай неге жылайды? Ол жылайтындай не болды екен?»
Осы ойлар Гектің басын кезіп, сосын ойдан шаршаған оның көзі ілініп кетті. Жесір әйел өзіне өзі сөйледі:
«Байғұс баланың көзі ілінді. «Том Сойер тапты ма?» Том Сойердің өзін біреу тапса ғой! Оны табамыз деп сенетіндер де сиреді, егер әрі қарай іздеуге күші жететін біреулер болса ғой!»
Отыз бірінші тарау
«ТАБЫЛДЫ ЖӘНЕ ТАҒЫ ЖОҒАЛДЫ»
Енді Том мен Беккиге оралайық та, өткендегі кеште ол екеуінің не істегенін көрейік. Олар барлық балалармен бірге қараңғы дәліздермен үңгірдің таныс ғажайыптарын тамашаласты. Үңгірдің «Қонақ бөлме», «Собор», «Аладдиннің сарайы» деген аттарына таңданысты. Көп кешікпей балалардың бәрі жасырынбақ ойнауға кірісті және Том мен Бекки де әбден сілелері қатқанша ойнады. Сосын олар шамды жоғары ұстап төмен қарай жүрді. Үңгірдің тас қабырғаларына күйемен жазылған есімдер, адрестер мен даталарды талдады. Олар осылай жүріп, әңгімемен қабырғаларда жазу жоқ үңгірге жеткендерін байқамай қалды. Екеуі қабырғаға аттарын жазды да, ілгерілей берді. Кешікпей олар жартастан сорғалап тұрған кішкене бұлақты көрді, оның суы ғасырлар бойы ағып жылтыраған, аппақ әктен шағын Ниагара жасапты! Том Бекки қуансын деп өзінің кішкентай денесімен бұлақтың жанына шығып жарық түсірді. Бұлақтың арт жағынан Том табиғи баспалдақ тапты: екі қабырғаның арасындағы жіңішке қуыстан өтсе, оған жетеді! Ол Беккиді шақырды, адасып қалмау үшін күйемен қабырғаға белгі салып, екеуі бақылауға шықты. Олар дәлізбен біресе оңға, біресе солға бұрылып ұзақ жүрді. Үңгірдің төменгі жағына түсіп бір белгі қалдырды, сосын тағы таңғаларлық не бар екен деп әрмен қарай жүре берді, ойы — көрген қызықтарын жоғарыдағыларға айту. Бір жерге келгенде олар кең үңгірге тап болды, төбеден адамның аяғы секілді серейген және жуан скалатистер салбырап тұр. Том мен Бекки таң-тамаша қалып, қабырғадағы коридорға бұрылды. Осы коридормен жүріп отырып шық секілді жылтыраған тастармен көмкерілген бұлаққа тап болды, бұл бұлақ үңгірдің ортасында тұр, ал оның қабырғаларын керемет колонналар тіреп тұр. Үңгірдің төбесінде бір-біріне тығылысқан жарқанат, әр топта мыңнан кем емес, жабысып тұр. Жарықты көрген жүз шақты жаман құс шырқырап шамға жармасты. Том бұлардың қылығын білетін еді, олардың қауіптілігін сезіп, Беккидің қолын ұстап, кез келген дәлізге жетелей жөнелді.
Дәл осы кезде жарқанат қанатымен қағып Беккидің шамын сөндіріп тастады. Жарқанаттар балалардың соңынан біраз қуды, бірақ қашқындар кездескен жаңа дәліздерге бұрылып, ақырында әйтеуір қауіпті сұмырайлардан құтылды! Кешікпей Том жер астындағы көлді тапты: көл беті күңгірт тартып, алыс бір жақтарға кететін сияқты. Том көлдің жағасын зерттегісі келіп кетті, бірақ әуелі біраз отырып демалып алған дұрыс деп шешті. Осы жерде үңгірдің адамды тұншықтыратын үнсіздігі балаларға өзінің суық қолын сұқты.
— Мен әуелі байқамап едім, алайда біз ешбір дыбыс естімегенімізге біраз болды ғой деймін, — деді Бекки.
— Өзің ойлап қарашы, Бекки, біз олардың астында өте тереңде тұрмыз, оның үстіне солтүстікке қарай ма, жоқ, оңтүстікке ме, болмаса, батысқа немесе шығысқа ма — әйтеуір олардың дауысы естілетін жерде емеспіз ғой.
Бекки мазасызданып қалды.
— Біз төменде көп болдық па, Том? Kepi қайтқанымыз дұрыс емес пе?
— Иә, әрине, қайтқанымыз дұрыс. Бәрінен дұрысы сол.
— Сен жолды таба аласың ба, Том? Үңгірде бәрі шатасып жатқан бірдеңе, менің есімде жоқ.
— Қайтатын жолды, әрине, табар едім, тек жарқанаттар болмаса… Олар екі шамымызды да өшіріп тастауы мүмкін, онда масқара боламыз. Одан да оларға соқпай, басқа бір жолмен кетейік.
— Жақсы. Мүмкін біз адаспаспыз. Ой, қандай қорқынышты! — деп қыз қорқынышты елестерден шошып қалды. Олар бір дәлізге бұрылып, соның бойымен біраз уақыт үнсіз жүрді, кездескен көлденең дәліздерге бұрын көрген жер емес пе деген үмітпен қарап қояды: бірақ ешбіреуі де таныс емес. Том жүретін жаңа жерді барлап қараған сайын Бекки жұбаныш іздеп одан көзін алмайды. Ал, ол:
— Ештеңе емес, бәрі дұрыс. Бұл бізге таныс жер емес, бірақ біз кешікпей оған жетеміз.
Алайда әрбір сәтсіздіктен кейін Томның көңілі төмендеп, бірте-бірте әбден ұнжырғасы түсіп кетті, сосын өздері іздеген галереяны табармыз деген үмітпен басы ауған жаққа бұрыла берді. Ол бұрынғыша бәрі дұрыс деп нығызданғанымен қорқыныш қорғасын болып жүрегіне қадалды, келбетінен «Бәрі бітті» деген ой көрініп тұрды. Бекки өлердей зәресі ұшып, Томға тығыла түсті, көз жасын қаншама жасырғысы келгенмен, тыйылатын емес.
Ақыры ол:
— Мейлі жарқанат бола берсін, бағанағы жолмен қайтайықшы. Әйтпесе одан сайын адаса береміз, — деді.
Том тоқтай қалды.
— Құлағың салшы! — деді.
Айналада тыныштық, тыныштық болғанда өлі тыныштық, екеуінің демалғандары ғана естіледі. Том айқайлады. Жаңғырық оның айқайын қайталап, бос дәліздер де жауап бергендей, соңында әлдеқайдағы біреудің қарқылдап күлгеніне айналғандай болды.
— Ой, қойшы, Том, өте қорқынышты, — деді Бекки.
— Қорқынышты болса да, айқайлау керек, Бекки. Мүмкін олар бізді естір. — Ол тағы айқайлады.
Бұл «мүмкін» деген сөз күлкіден қорқынышты еді, себебі ол үміттің бәрі жоғалды дегенмен бірдей. Балалар тың тыңдап ұзақ тұрды, алайда оларға жауап берген ешкім болмады. Бұдан кейін Том артына бұрылды да, тез-тез адымдады. Аз ғана уақыт өтті, Томның батылсыздау жүрісінен Бекки тағы бір қауіп туғанын сезді: ол қайтатын жолды таба алмай тұр.
— Ой, Том, сен неге белгі салмадың!
— Бекки, мен ақымақ болдым! Нағыз ақымақ! Біз келген жағымызға ораламыз деп ойламаппын. Жоқ, жолды таба алмаймыз. Әбден шатастым.
— Том, Том, біз адастық! Біз адастық! Біз мына қорқынышты үңгірден ешқашан шыға алмаймыз! Ah, біз неге басқалардан бөліндік!
Ол жерге отыра қалып, бақырып жылады, Том мынау өліп кетпесе не есі ауыспаса жарар еді деп шошып кетті. Том оның жанына отырып құшақтады. Бекки бетін оның кеудесіне жасырып оған жабыса түсті және қорқынышы мен пайдасыз өкініштерін айтудан тынбады, ал алыстағы жаңғырық оның дауысын күлкіге айналдырды.
Том күш жинап үміт үзбеуін өтініп жұбатып еді, олай істей алмаймын деді қыз. Том өзіне өзі ұрсып, Беккидің осындай күйге ұшырауына кінәлі екенін айтып еді, бұл көмектесті. Қыз күш жинауға тырысатынын, қазір тұрып ол қайда жүрсе де соңынан еретінін, тек Томның өзін кінәлауды қоюын сұрады.
Екеуінің кінәсі бірдей екенін және айтты.
Олар тағы да бастары ауған жаққа жүре берді. Тоқтамай жүре беруден басқа екеуінде лаж жоқ. Үміт аз уақытқа болса да оларға күш бергендей болды, үміттендірер ештеңе болмаса да, адамның жас кезінде және көп қауіп-қатерге ұшырай қоймаған кезінде үміт сәулесі мүлде сөнбейтіндігінен.
Кешікпей Том Беккидің шамын алып сөндірді. Бұл қажетті үнемшілдік еді. Ешқандай түсіндіру болмады. Бекки бәрін түсіне қойды да, тағы тұнжырап қалды. Ол Томның қалтасында тағы бір бүтін шам барын білетін, сонда да үнемдеу керек.
Кешікпей шаршау басталды, балалар оған көнгілері келмей тырысты: әр минут санаулы болса, олар қалай отырады, қай жаққа болса да, әйтеуір қозғалса құтқарылулары мүмкін, ал отыру — өлімді шақырып, оның келуін тездету.
Ақырында Беккидің әлсіз аяқтары оған қызмет етуден бас тартты. Ол демалуға отырды. Том оның қасына отырды, екеуі туыстарын, достарын, жұмсақ төсекті сосын жарықты еске алып әңгімеледі. Бекки жылады, Том оны жұбатуға тырысты, бұрын да бірнеше рет естіген әңгімелер болғандықтан қызға әсер ете қоймады. Бекки әбден шаршап ұйықтап кетті. Том бұған қуанды. Ол жанында отырып, Беккидің жүдеу жүзіне қарады, көңілді түстерден оның беті бұрынғыдай жайдары болып көрінді. Қыздың тынышталған қалпы Томды да тыныштандырды және күш жинауға көмектесті — ол бұрынғы кездерді есіне алды. Ол ойға шомып ұзақ отырды, кенет Бекки көңілді күлкімен оянды да, бірақ ол күлкі сол сәтте езуінде тұрып қалды да, ыңқылға ауысты.
— Мен қалай ұйықтап қалдым. Менің ешқашан оянғым келмейді. Жоқ, жоқ! Енді ұйықтамаймын, Том! Маған бұлай қарамашы! Мен бұлай сөйлемейтін боламын.
— Сенің ұйықтай алғаныңа қуаныштымын, Бекки; сен демалып алдың, енді екеуміз шығатын есікті табамыз.
— Байқап көрейік, Том. Мен түсімде бір керемет елді көрдім. Менің ойымша, кешікпей біз сонда боламыз.
— Мүмкін болармыз, мүмкін болмаспыз. Көңіліңді көтер, Бекки, сосын шығатын есікті іздейміз.
Олар тұрып, бір-бірінің қолдарынан ұстап пәлендей үміт болмаса да, ілгері жүрді. Екеуі үңгірде қанша болғандарын білгісі келіп ойласып еді — бірнеше апта осында болғандай сезіністі. Алайда бұлай болуы мүмкін емес, себебі майшамдары әлі таусылған жоқ. Көп уақыт өтті, дәл қанша екенін олар білмеді, сосын Том тыңдайық, судың тамғаны естілсе, бізге бұлақ табу керек деді. Кешікпей олар бұлақты тапты, Том тағы демалу қажеттігін айтты. Екеуі де әбден қалжырап шаршаған, бірақ Бекки әлі де жүре алатынын айтты. Томның келіспегені қызды таңдандырды. Неге екенін түсінбеді. Олар отырды, Том майшамды сазбен қабырғаға жабыстырып қойды. Екеуі де ойланып, үнсіз отырды. Сосын Бекки:
— Том, тамақ ішкім келіп тұр! — деді.
Том қалтасынан бір нәрсе шығарды.
— Есіңде ме? — деп сұрады.
Бекки әлсіздіктен әрең күлімсіреді.
— Бұл біздің тойымыздың пирогы ғой, Том.
— Иә, арбаның дөңгелегіндей болса ғой, ал басқа ештеңе жоқ бізде, әрине, өкінішті.
— Той иелері әдетте мұндай пирогты жастықтарының астына қояды, мен де кейін солай істермін деп едім…
Сөзінің соңын айтпады. Том пирогты екіге бөліп, жартысын Беккиге берді, ол рахаттана жеп алды, ал Том өзінің бөлігінің шетін ғана тістеді. Салқын су көп, пирогпен ішуге әбден болады.
Әрі-беріден соң Бекки жүрейік деп ұсыныс жасады.
Том үндемей отырды да:
— Бекки, сен менің айтқанымды тыңдай аласың ба? — деді.
Бекки сұп-сұр болып кетті, бірақ тыңдай аламын, — деді.
— Ендеше, Бекки, бізге осы жерде қалу керек ішетін су бар.
Мынау біздің ең соңғы шамымыз.
Бекки көз жасына ерік берді. Том қолынан келгенше жұбатып бақты, бірақ одан көмек болмады. Ақырында Бекки:
— Том! — деді.
— Сен не, Бекки?
— Бізді іздейді, сосын табады!
— Иә, әрине. Іздейді.
— Мүмкін, бізді іздеп жүрген шығар, Том?
— Иә, іздеуде болар. Олай болса, жақсы, әрине.
— Олар бізді қашан табады, Том?
— Пароходқа барғасын біледі деп ойлаймын.
— Том, онда қараңғы түсіп кетеді. Олар біздің жоқ екенімізді байқамайтын шығар?
— Білмеймін. Сенің анаң басқалар үйлеріне келгесін, сені іздей бастайды.
Беккидің қорыққанын бетінен байқаған Том қателік жіберіп алдым деп ойлады. Беккиді бұл түні үйінде күткен жоқ еді. Балалар үнсіз қалып ойланды. Минут өтпей Бекки тағы еңіреп жылай бастады, Том оның ойына анасы қызының Гарпер ханымның үйіне қонбағанын жексенбі күні ғана білетіні түскенін білді.
Балалар майшамның кішкене қалдығына қарап, қашан сөнетінін қауіптене күтті. Майшам сығырайып өшіп барады. Кешікпей көзге түртсе ештеңе көрінбейтін қараңғылық басталды.
Қанша уақыт өткені белгісіз бір кезде Бекки өзінің Томның құшағында жылап отырғанын байқады. Екеуі де ұйқылы-ояу көп отырғандарын білді, сосын өздерін бақытсыз сезініп қайта оянды. Том бүгін жексенбі, мүмкін тіпті дүйсенбі шығар деді. Ол Беккиді әңгімеге қаншама тартқысы келгенмен, қыз қайғыдан көтеріле алмай және бар үміті үзілгендей күйде еді. Том бұлардың жоқ екенін біліп, енді іздеуге кіріскен болу керек деді. Ол айқайлады, мүмкін біреу-міреу айқайды естіп келер. Алайда қараңғыда шыққан жаңғырық үні қорқынышты естілді де, Том одан кейін айқайламады. Сағаттар бірінен соң бірі өте берді, кешікпей тұтқындарды аштық азаптай бастады. Томда пирогтың өзіне тиген бөлігінің жартысы қалып еді, екеуі бөліп жеді. Бірақ онан сайын қарындары ашты — әлгі кішкене пирог әбден тәбетті ашып жіберді.
Кенет Том айтты:
— Тс-тс! Естідің бе сен?
Екеуі дем шығармай тыңдай қалды. Оларға алыстан әлсіз естілген айқайға ұқсас бір дыбыс естілгендей болды. Том сол бойда Беккидің қолынан ұстап алып айқайлады да, айқай естілген жаққа қарай дәліздің бойымен жүре берді. Аздан кейін ол тағы тың тыңдады, жаңағы айқай тағы естілді, сол жақыннан шыққан секілді.
— Бұл солар! — деді Том. — Олар келе жатыр! Тезірек, Бекки, енді бәрі жақсы болады!
Балалар қуанғаннан естері шыға жаздады. Алайда асығуға болмайды, өйткені аяқ басқан сайын шұңқыр, сақтанбасқа болмайды. Кешікпей олар бір шұңқырға тап болды және сол жерге тоқтауға тура келді. Мүмкін ол шұңқырдың тереңдігі үш фут, тіпті жүз фут болар, әйтеуір оны айналып өтуге болмайды. Том екпетінен шұңқырдың ернеуіне жатып, қолын созып еді, қолына ештеңе ілікпеді. Яғни, шұңқыр терең.
Іздеушілер келгенше осы жерде қалуға тура келді. Екеуі тың тыңдады. Алыстан естілген айқайлар бір түрлі алыстап бара жатқандай. Бірер минут өткенде айқай естілмей кетті. Уайымнан жүректері жарыла жаздады, Том дауысы қарлыққанша айқайлады, бірақ бұдан ештеңе шықпады. Ол Беккиді үміттендіріп сөйлегенмен, ешқандай дыбыс естілмеді. Балалар аяқтарының ұшымен еппен басып бұлаққа баратын жолды тапты. Уақыт өтіп болмады: олар ұйықтап кетті де, сосын қарындары ашып, уайымнан естері кетіп оянды. Бүгін сейсенбі шығар деп ойлады Том.
Кенет оған ой келді. Жап-жақын жердегі үңгірдің бүйірінде бірнеше дәліз бар. Ештеңе істемей, уайым шегіп отырғанша, барлауға шыққан артық емес пе? Том қалтасынан жыланды байлайтын жіпті алып, жартасқа бір шетін байлады да, Бекки екеуі жолға шықты. Том жіпті тарқатып алдында жүрді. Жиырма қадамнан кейін коридор бітті — алда тік жартас. Том тізерлеп отырып, қолын төмен созды. Сосын бұрыштың сыртына қарай қолын сала беріп еді, жартастың арғы жағынан шамамен жиырма қадамдай жерде шам ұстаған біреудің қолы көрінді! Том айқайлап жіберді — кенет қолдың арғы жағынан үнділік Джоның тұлғасы шыға келді! Том тұрған жерінде қатты да қалды, орнынан қозғалуға шамасы жоқ. Келесі минутта, өзінің бақытына қарай, «испандық» қаша жөнелді де, жоқ болып кетті. Том үнділік Джоның сотта оны көрсеткен мұның дауысын танымағанына және өлтірмегеніне Том таңғалды. Шамасы жаңғырық дауысын өзгертіп жіберген болар. Әрине, солай деп ойлады Том. Қорыққаннан ол әбден әлсіреп, егер әлі жетсе кері бұлақ басына жетіп, енді үнділік Джоның қолына түспеу үшін аяғын қия баспауға бекінді. Үнділік Джоны көргенін Том Беккиден жасырды, жай айқайлап едім деді.
Алайда аштық пен уайым қорқыныштан күшті екенін көрсетті. Бұлақтың қасында отырып сарсылып күтуден әлсіреген олар тағы да ұйықтап қалды. Балалар аштықтың азабынан оянды. Томға бүгін сәрсенбі, мүмкін бейсенбі болмаса, тіпті жұма немесе сенбі шығар, бұларды іздеуді қойғандай көрінді. Ол тағы бір дәлізді көргісі келді. Ол үнділік Джодан не басқа қауіп-қатерден қорықпайтынын сезді. Бірақ Бекки тіпті әлсіреп қалды. Уайым мен көңілсіздік қызды әбден жеңді, енді оны ешнәрсемен қозғау мүмкін емес. Ол осы жерде өлетінін және көп күтудің қажеті жоғын айтты. Бекки Томның жіпті алып дәліздерді қарауына рұқсат етті, әрине, қарағысы келсе, тек жиі-жиі мұның қасына келіп сөйлесуін, бұдан басқа, ең қорқынышты сәт келгенде Томның мұның қасынан бір минут та кетпеуін және ең соңына дейін қолын Том ұстап отыруын өтінді.
Том Беккиді сүйіп алды, тамағына өксіктің түйіні жақындап қалғанын сезіп, бұларды іздегендерді қарсы алатынына, үңгірден шығатын есікті табатынына сендіруге тырысты. Содан кейін ол жіпті алып еңбектеп дәліздің біреуіне шықты, аштықтан өліп бара жатқандай сезінгенде, өлім жақын-ау деп ойлады.
Отыз екінші тарау
«ШЫҒЫҢДАР! ТАБЫЛДЫ!»
Сейсенбі басталып еді. Күн іңірмен алмасты. Санкт-Петербург қаласы жоғалған балаларды жоқтап, әлі жылап-еңіреуде. Олар табылмады. Бүкіл қоғам болып олар үшін шіркеуде дұға оқыды, бірқатар үйлер де жандары қалмай бала-шағасымен жалбарынуда, бірақ үңгір жақтан әлі күнге дейін хабар жоқ. Көптеген тұрғындар іздеуді қойып, енді ол балалар табыла қоймас деп өздерінің үйреншікті шаруаларына кірісті. Тэчер ханым қатты ауырды және ылғи сандырақтап жатады. Оның жылағанын естігенде адамның жүрегі жарыла жаздайды, жастықтан басын көтеріп қызын шақырады, құлағын салып тыңдайды, сосын ыңқылдап қайта жатады. Полли апай сары уайымға салынып, бұрыннан бурыл тартқан шашы тіпті ағарып кетті. Сейсенбі күнгі кеште шағын қала қайғыға оранып, бар үмітін үзіп ұйқыға кетті.
Кенет түн ортасында шіркеудің қоңырауы сарнап қоя берді және бір минуттың ішінде көшелердің бәрі шала киінген адамға толды, олар: «Шығыңдар! Шығыңдар! Олар табылды. Олар табылды!» — деп айқайлап жүр. Қоңырауды даңғырлатып, темір ыдыстарын алып шығып ұрып жүр, бүкіл қала Том мен Беккиді қарсы алу үшін өзеннің жағасына қарай жүгірді. Ал оларды ашық арбаға салып, «ура» деген дамылсыз айқаймен басты көшемен үйлеріне шығарып салды.
Шағын қаланың оттары қайта жарқырады, ешкім төсекке бас тигізбеді, қала тұрғындарының өміріндегі нағыз салтанатты түн осы болды. Алғашқы жарты сағатта адамдар бірінен соң бірі Тэчер соттың үйіне топ-тобымен кіріп, аман қалған балаларды құшақтап сүйіп, Тэчер ханымның қолын қысып құттықтасты, әрқайсысы бірдеңе айтқысы келді, бірақ ешқайсысы ештеңе айта алмай, үйден шыға беріп көз жастарын төгіп бара жатты.
Полли апай нағыз бақытты сезінуде, Тэчер ханым да солай. Бұл ханымға енді бір ғана нәрсе жетпей тұр: үңгірге жіберілген хабаршы мұның күйеуіне қуанышты айтып жеткізсе екен. Том қоршаған тыңдармандардың ортасында диванда жатып өзінің бастан кешкендерін адам сенбестей әдемілеп, біраз ойдан шығарғандарын қосыңқырап айтып беруде.
Соңында ол Беккиді тастап, шығатын есік іздеп кеткенін, екі галереядан өтуге жібінің жеткенін, үшінші галереяға бара бергенде алдыңғы жақта алыста бір жарық көрінгенін, ол күндізгі сәулемен жарқыраған Миссисипи мұның көз алдында толқындарын айдап жатқанын ертегідей етіп айтып берді. Ол Беккиге қайта оралып, қуанышты хабарды жеткізгенде, қыздың осындай бос әңгімемен азаптамауын, себебі ол тез арада өледі, тіпті өлгісі келетінін айтты. Сосын ол жарық көрінген жаққа Беккиді апарып екеуі жағада отырып, қуаныштан жылағандары да бір тарих, осы кезде белгісіз бір адамдар кішкене қайықпен кетіп бара жатқанын, Том оларға үңгірден әрең шығып, аштан өле жаздап отырғандарын айқайлап айтқанда, әлгілер бұған әуелі сенбей, үңгір бұл арадан бес мильден артық жерде жоғарыда екенін айтты, дегенмен бұларды қайықтарына отырғызып бір үйге әкелгендерін, тамақ бергендерін, сосын екі-үш сағат демалдырып, қараңғы түсе бұларды үйге әкелгендерін баяндады.
Таң ата Тэчер сот өзінің аз ғана көмекшілерімен үңгірден табылды, онда да олардың соңындағы жіптің көмегімен тауып, қуанышты хабарды жеткізді.
Үңгірде аштан-аш қаңғырған үш күн, үш түн Том мен Бекки үшін бостан-бос өтпепті. Олар сәрсенбі, бейсенбі күндері орындарынан тұрмастан төсекте жатты. Том бейсенбіде басын көтерді, жұма күні қалаға шықты, ал сенбіде әбден сауықты. Есесіне Бекки жексенбіге дейін өзінің бөлмесінен шыға алмады, ауыр науқастан тұрғандай күйде еді.
Том Гектің сырқат екенін естіп, жұма күні оның көңілін сұрауға барды, бірақ ол жатқан бөлмеге мұны кіргізбеді, сенбіде және жексенбіде де Том досын көре алмады. Келесі күндерден бастап оны Гекке күн сайын жіберетін болды, бірақ оның мазасын алатын әңгімелер айтуға болмайтынын ескертті. Жесір әйел Дуглас Том кірген кезде бөлмеде қалды. Том Кардиф тауындағы оқиға жайлы және өткелдің маңынан «жалба-жұлба киінген» қаңғыбастың өлігі табылғанын (шамасы, қашам дегенде суға құласа керек) тек үйге келгесін естіді.
Үңгірден шыққаннан кейін екі жұмадай өткенде Том Гекпен кездесуге кетті. Бұл кезде Гек едәуір әлденіп, қандай да әңгімені естуге болатын күйде еді. Том өзінің айтатын әңгімесі Гекті қызықтырады деп ойлады. Жол бойы Тэчер соттың үйіне кіріп, Беккидің халін сұрады. Тэчер мырза мен оның таныстары Томмен әңгімелесті, тіпті біреуі үңгірге енді барғың келмей ме деп әзілмен сұрады. Том қарсы еместігін айтты. Сот:
— Том, сенің жалғыз еместігіңе мен күмәнданбаймын. Бірақ біз өз шараларымызды қабылдадық. Ендігі жерде ол үңгірде ешкім де адаспайтын болды.
— Неге?
— Өйткені осыдан екі апта бұрын мен үңгірдің аузына темірмен қаптаған үлкен есік қойдырдым және үш бірдей құлып салынды, ал ашқыш кілттер менде.
Том кіләңкөрдей аппақ болып кетті.
— Саған не болды, балақай? Тезірек келіңдер! Бір стақан су әкеліңдерші!
Суды әкеліп, Томның бетіне шашты.
— Міне, сен өзіңе өзің келдің. Саған не болды, Том?
— Тэчер мырза, онда, үңгірде, үнділік Джо!
Отыз үшінші тарау
ҮНДІЛІК ДЖОНЫҢ ӨЛІМІ
Бірнеше минут өткенде бұл хабар қаланы түгел аралап шықты және аузы-мұрнынан шыққан он шақты қайық Мак-Мугалдың үңгіріне қарай тартты, оның соңынан іші-сырты жолаушыларға толы шағын пароход кетті. Том Сойер Тэчер мырзамен бір қайықта отыр. Үңгірдің есігін ашқанда жұрттың қайғылы көрініске көзі түсті. Үнділік Джоның өлі денесі есік алдында жатыр екен, өзінің қайғы мен сағыныш толы көздерін анау есіктің арғы жағындағы жарық та қуанышты еркін дүниеге, есіктің қиығынан сығалаған күйі етпетінен жатыр, Том өзі басынан кешірген оқиғадан білетін болғандықтан бір түрлі жаны ашығандай толқып кетті. Жанашырлық сезімі қылтиып бас көтергенмен Том кәдуілгідей жеңілденіп қалды, сонау күні сотта қаныпезер буданға қарсы сөйлегеннен бері қорқыныш шынжыры оны қаншалықты құрсаулағанын енді сезінді.
Үнділік Джоның аңшылық пышағы екіге бөлініп қасында жатыр. Есіктің төменгі жағындағы ауыр бұрысты пышақпен ойып-ойып бейшара шаршаса керек.
Үнділік Джоға әл бермеген, тек пышағын сындырыпты.
Ол есіктің төменгі бұрысын сындырған күнде де, таспен бастырған есіктің сыртына шыға алмас еді. Мұны үнділік Джо біле тұра өзінің шаршап біткен ақылын алаңдатып уақыт өткізу үшін әуреленген болуы керек. Әдетте қабырғалардың жарығында туристер тастап кеткен ондаған майшамның қалдықтары болатын, енді олар да жоқ. Тұтқын сипалап тапқандарын жеп қойды. Жаман құстың да бірен-саранын ұстап, сирақтарынан басқасын жеп алды. Бақытсыз байғұс аштан өлген. Ол төбедегі сталагмиттің жоғары жағын сындырып, сол тасты ойып сыйғызды. Сол арқылы үш минут сайын бір тамшы таматын ылғалды қорек еткісі келген болса керек. Ол тамшының өмірбаяны ұзақ: пирамидалар салынып жатқанда, Троя талқан болған кезде, Римнің алғашқы үйі салынғанда, Христосты азаптағанда, Вильгельм жаулап алушы Ұлыбританияның негізін қалағанда, Христофор Колумб саяхатқа шыққанда үңгірдегі үш минутта десерттік қасық толатын тамшы бар болатын. Ол қазір де тамып тұр және тама береді. Осының бәрі кешегі күн деп қабылданғанда, тіпті тыныштық түні келгенде де тамады. Дүниедегі заттың бәрінің мақсаты мен міндеті бола ма?
Мынау тамшы бес мың жыл бойы бір кезде қоңыздай бір бейшараның шөлін қандыруы үшін тамып тұрғаны ма? Енді бір он мың жылда тағы бір міндетті орындауы керек пе? Бәрібір емес пе. Қаныпезер буданның теңдесіз қымбат ылғалды жинау үшін тасты ойғанына да көп-көп жылдар өтті, бірақ Мак-Дугалдың үңгіріндегі ғажайыптарды көріп сүйсінуге келген туристер ең алдымен буданның ойған тасын қызықтайды. Үнділік Джоның тас тостағаны үңгірдің бірінші кереметі болып есептеледі, тіпті «Аладдиннің сарайы» да онымен салыстыруға келмейді.
Үнділік Джоны үңгірге кіретін жерге көмді, адамдар оны жерлеуге қатынасу үшін қайықпен, арбамен маңайдағы қалалардан, ауылдар мен фермалардан келді, олар өздерімен бірге балаларын, түрлі тамақтар әкелді және бұл жерлеу қылмыскерді жазалаумен бірдей әсер етті деп риза болысты. Осы жерлеу тағы бір істің — үнділік Джоға рақымшылық жасау туралы губернаторға өтініштің тоқтатылуына себеп болды. Өтінішке көп адам қол қойған еді, түрлі жиындар болып, талай көздің жасы төгілген, талай қызыл сөз айтылған, жылауық, мисыз әйелдерден комитет құрылып, олар қаралы киіммен губернаторға жылап барып, одан өзінің қайырымды есек екенін көрсетуін өтінген болатын. Үнділік Джо қаланың бес тұрғынын өлтірді. Иә, онда не тұр екен? Егер ол албастының өзі болған күнде де, оны құтқаруға өтініш айтатын ақымақтар губернаторға жылап-еңіреп барар еді.
Жерлеудің ертесіне Том маңызды оқиға туралы айту үшін Гекті оңаша жерге апарды.
Томның басынан кешкендері жайлы Гек валлилік шал мен жесір әйел Дугластан естіген, бірақ Том Гектің олардан бәрін естімегенін, себебі олар бір жайды білмейтінін, сол туралы сөйлескісі келетінін айтты. Гектің түсі бұзылып кетті.
— Не туралы екенін мен білемін, — деді Гек. — Сен екінші номерде болдың, вискиден басқа ештеңе таппадың. Ешкім маған мұны айтқан емес, бірақ виски жайлы естігенде мен сен екеніңді біле қойдым, сенің ақшаны таба алмағаның белгілі болды, әйтпесе ешкімге айтпасаң да, маған бір хабарын берер едің. Менің ойымша, ол ақша бізге бұйырмайды, Том.
— Не айтып тұрсың, Гек, мен трактирдің иесін ешкімге көрсеткен емеспін. Біз сенбі күні саяхатқа кеткенде, трактир ашық болғанын өзің білесің ғой. Сол түні сен өзің қарауылда тұруға тиіс болғаның есіңде жоқ па?
— Аһ, иә! Содан бері жыл өткен секілді. Ол менің үнділік Джоның соңына түсіп, жесір апай Дугластың үйіне дейін барып аңдыған түнім ғой.
— Оны аңдыған сен бе?
— Иә, бірақ сен тісіңнен шығарма. Үнділік Джоның достары қалған шығар — олардың маған ашуланып, қастандық жасағаны керек еді маған! Егер мен болмасам, ол ендігі Техаста отыратын еді.
Осыдан кейін Гек өзінің құпия оқиғасын айтып берді. Том бұл әңгіменің жартысын ғана валлилік шалдан естіген.
— Ал, енді — деді негізгі мәселеге қайта оралған Гек, — кім екінші номерден вискидің бөшкесін алса, ақшаны да сол алған, қалай болғанда да, ол ақша енді бізге жоқ, Том!
— Гек, ол ақша екінші номерде тіпті де болмаған!
— Қалай сонда? — Гекльберри жолдасының көзіне тура қарады. — Том, сен сол ақшаның ізіне түскеннен саумысың?
— Гек, ол ақша үңгірде!
Гектің көзі жайнап кетті.
— Қайтала, не айттың, Том!
— Ақша үңгірде!
— Том, үнділік шын сөзің бе? Сен әзілдеп отырсың ба, жоқ, рас па?
— Рас, Гек, мұндай шындықты мен әлі ешкімге айтқан емеспін. Үңгірге барып менің ақшаны алуыма көмектескің келе ме?
— Келгенде қандай! Тек онда белгілер арқылы бару керек, әйтпесе адасып жүрсек.
— Гек, бұл бізге түкке тұрмайтын шаруа.
— Міне, керемет! Ал сен не ойлайсың — ақша со…
— Тоқта, сол жерге жетіп алуды айт сен! Егер біз ештеңе таба алмасақ, мен саған барабанымды берем, менде не бар — соның бәрін берем! Құдай ақы!
— Жарайды, қол алысайық. Қашан баруды ойлайсың?
— Тіпті қазір болса да, барғың келсе. Күшің жете ме?
— Ал ол үңгірдің есігінен алыста ма? Менің тыным көрмей жүргеніме үш пе, төрт пе күн болды, жайлап жүремін тек бір мильден артық жүру қайда маған!
— Егер басқалар секілді жүрсек, бес мильдей. Ал мен басқа жолды білмеймін, қысқа жолды, ол жерде ешкім жүрмейді. Гек, мен сені қайықпен апарам. Барғанша — келгенше ескекті өзім есемін. Сен қолыңды қимылдатпайсың.
— Қазір кетейік!
— Жақсы. Нан мен ет, екі-үш қап жіп алайық.
Сосын күкіртті шырпы деп аталатын жаңа бір нәрселер бар, содан бірнешеуін. Білесің бе, солардың менде болмағанына мен бірнеше рет өкіндім.
Түстен кейін балалар қала тұрғындарының бірінен қайық алды, өзі үйде жоқ екен, екеуі жолға шықты.Үңгірге кіретін жерге бірнеше миль қалғанда, Том айтты: — Мына жарды көріп тұрсың ба, үңгірге кіретін жер осы ғана. Анау жердегі құламада ақ белгі бар, көрдің бе? Менің белгім сол. Енді біз жағаға тоқтаймыз.
Олар қайықтан түсті.
— Ал, Гек, сен тұрған жерден қармақ салғандай жіпті лақтырсақ, кіретін есікке жетеді. Қане, сен тауып көрші.
Гек айналаны түгел шолып, есікті таба алмады. Том мақтанған кескінмен қалың бұталардың арасына кірді де:
— Міне, ол! Қара, Гек, мұндай ыңғайлы кіретін есік еш жерден табылмайды. Тек сен ешкімге айтпа! Мен баяғыдан қарақшы болуға әзірленіп жүрмін ғой, тек оңтайлы жер табылмай жүр еді — қайдан іздеуге болады деуші едім. Енді ондай жер табылды, біз ешкімге айтпаймыз, Джо Гарпер мен Бен Роджерске айту керек шайка болу үшін, онсыз қандай қызық ойын болады!
Том Сойердің шайкасы — керемет қой, Гек, рас емес пе?
— Иә, жаман емес, Том. Ал, біз кімді тонаймыз?
— Адам аз ба? Тығылып аңдимыз — ылғи солай болады.
— Өлтіре ме сосын?
— Жоқ, тек кейде. Тұтқындарды олар ақы төлегенше үңгірде ұстаймыз.
— Ақы төлеу деген не?
— Ақша. Таныстарынан қарыз алуға зорлаймыз; ал тұтқындар бір жылға дейін төлемесе, өлтіресің. Бәрі солай жасайды. Тек әйелдерді өлтірмейді. Әйелдерді тұтқын етіп ұстайды, ал бірақ өлтірмейді. Олар ылғи сұлу, бай және қит еткеннен қорқады. Олардың сағатын, заттарын аласың — тек өте кішіпейіл, жұмсақ сөйлесіп, басыңнан қалпағыңды алуың керек. Тонаушылардан асқан қарапайым да кішіпейіл адам бұл дүниеде болған емес, мұны сен кезкелген кітаптан оқи аласың. Сосын әйелдер саған ғашық болады, үңгірде әрі-бері тұрғаннан кейін жылау-сықтауларын қояды, тіпті ол жерден шығара алмайсың. Егер оларды қуып жіберсең, айналып-айналып, бір кезде қайтып келеді. Барлық кітапта солай жазылған.
— Міне, керемет, Том! Менің ойымша, бұл теңіз қарақшысы болғаннан әлдеқайда артық қой.
— Артық болмағанда! Үйге жақын, қол созым жерде цирк, тағы да не керек.
Енді бәрі әзір болды, балалар інге кірді. Том алдыңғы жақта еңбектеп барады. Олар әрең дегенде жердің соңына жетіп, жіптің басын сол жерге байлады да, алға жылжыды. Бірнеше қадамнан кейін бұлақтың басына жетті. Том өзінің басынан аяғына шейін денесі дірілдеп кеткенін сезді. Ол Гекке қабырғаға өзі жапсырған білтенің қалдығын көрсетіп, Бекки екеуінің осы жерде жалпылдап сөне бастаған майшамға қарап отырғандарын айтып берді.
Балалар сосын сыбырлап сөйлесе бастады, себебі мылқау тыныштық пен үңгірдің қараңғылығы шаршата бастады. Олар екінші дәлізге жеткенше жүре берді, одан үлкен шұңқыр да қашық емес. Майшамның жарығымен қарағанда ешқандай шұңқыр жоқ та, биіктігі жиырма, отыз фут болатын сазды құлама жар бар екен, Том:
— Қазір мен саған бір нәрсе көрсетемін, Гек, — деді.
Ол майшамды жоғары көтерді де:
— Бұрыштан әрірек сонау жаққа қарауға тырыс. Көрдің бе? Әне, анау үлкен тастың үстінде — шамның күйесімен жазылғанды?
— Ей, ол крес қой!
— Ал сенің екінші номерің қайда? Крестің астыңғы жағында ғой, солай ма? Дәл осы жерде мен қолында майшамы бар үнділік Джоны көрдім.
Гек құпия белгіге ұзақ қарады, сосын дірілдеген үнмен:
— Том, кетейікші осы жерден! — деді.
— Қалай! Қазынаны тастап па?
— Иә, тастап, үнділік Джоның рухы жақын жерде жүрген шығар.
— Жоқ, бұл жерде емес. Гек, тіпті де бұл жерде емес. Ол үнділік Джоның өлген жерінде, үңгірге кіретін жерде, бұл жерден бес миль қашықтықта.
— Олай емес. Ол осы маңда, ақшаның айналасында жүр. Рухтардың құлқын мен білмеймін бе? Өзіңе де белгілі ғой. Том Гектің айтып тұрғаны дұрыс-ау деп қауіптене бастады. Көлденең бір нәрсенің болатынын сезгендей қиналды.
Бірақ кешікпей оған бір ой келді.
— Тыңдашы, Гек, біз екеуміз қандай ақымақпыз! Үнділіктің рухы крес бар жерде жүре ме?
Себеп дұрыс еді. Ол Гекті көндірді.
— Ал мен ойламаппын, Том. Бұл дұрыс. Мұнда крестің болғаны екеумізге жақсы болды ғой. Біз енді төменге түсіп, сандықты іздейміз.
Том жол бойы саз баспалдақтарды сындыра бірінші болып түсті. Гек артында.Үлкен тас жатқан шағын үңгірден төрт жаққа жол бар екен. Балалар үшеуін түгел қарады, ештеңе таба алмады. Олар тасқа жерден онша терең емес шұңқырды көрді, онда жерде жайылған жамылғы ескі белбеу, шошқаның терісі, әбден ақсиғанша мүжілген екі-үш тауықтың сүйектері жатыр. Бірақ сандық жоқ. Олар тынбастан іздеді, іздеді, бәрі бос болды.
— Ол крестің астында деп еді ғой. Ал креске ең жақын жер осы. Тастың астында болуы мүмкін емес. Себебі тас жерде тереңде жатыр.
Олар бәрін тағы қарап шықты, сосын шаршап, демалуға отырды. Гек ештеңе ойлап таба алмады. Кенет Том айтты:
— Тыңда, Гек, тастың бір жағында іздер бар, шамның майы жерге тамған, ал басқа үш жағында ештеңе жоқ. Сен қалай ойлайсың, неге? Меніңше ақша тастың астында. Қазір сазды қаза бастаймын.
— Бұл ойың дұрыс, Том, — деп Гек біраз сергіп қалды.
Том Барлоу фирмасының айтулы пышағын тастың астыңғы жағына сүңгітіп еді, шамамен төрт дюймдей тереңдікте пышақ ағашқа тиді.
— Гек, естіп тұрсың ба?
Гек те көрді қолмен қаза бастады. Кешікпей тақтайлар көрінді, олар суырып алды. Тастың астыңғы жағында жарық бар екен.
Том сонда түсіп, шамды төмен түсіріп қарап еді, түгел көре алмады. Ол барып қараймын деді. Еңкейіп тастың астына түсті; жіңішке жол төмен қарай кетеді екен. Том әуелі оңға бұрылды, сосын солға, Гек оның соңынан қалмай келеді. Енді бір бұрылыстан өте бере Том айқайлап жіберді.
— Құдайым-ай, Гек, қара, қара!
Алдарында ана жолғы ақша толы сандық, ол кішкене үңгірде тұр; сол жерде бос оқ-дәрі салатын бөшке, былғары қапты екі мылтық, екі-үш ескі бәтеңке, былғары белбеу, қабырғадан аққан тамшыдан су-су болған тағы бірдеңелер.
— Ақыры жеттік-ау, — деді Гек қоңырайған монеттерді қопарып отырып. — Енді екеуміз байлармыз, Том!
— Гек, мен бұл ақшалардың қолымызға тиюі керек деп ылғи ойлайтынмын. Сенер-сенбесіңді білмейсің тіпті, бірақ қолымызға тиді! Енді қазатын ештеңе жоқ, қане, шығайық! Сондықтан мен көтере алар ма екем, берші маған.
Сандық елу фунттай екен. Том көтеруін көтергенмен, алып жүруге ыңғайсыз әрі өте ауыр.
— Өзім де солай ойлап едім, — деді ол — Елестер тұратын үйден олар сандықты алып шыққан кезде-ақ көрінген. Мен байқағам. Қаптарды алып шығуды ұмытпағаным қандай жақсы болды.
Кешікпей ақша қаптарға салынды, балалар крестің астындағы тасқа көтеріп әкелді.
— Мылтықтарды да, басқаны да алайық, — деді Гек.
— Жоқ, Гек, оларды осында қалдырамыз. Бұлардың бәрі біз қарақшы болғанда керек болады. Заттарды осында қоятын боламыз және жынойнақты да осында жасаймыз. Нағыз лайықты орын.
— «Жынойнақ» деген не?
— Мен қайдан білейін. Қарақшыларда ылғи болады, яғни бізге де керек. Ал кеттік, Гек, көп отырып қалдық. Күн кешкіріп қалған шығар. Қарын да ашты. Қайыққа жетіп тамақ ішеміз, шылым шегеміз.
Кешікпей сумахтың шытырман бұталарының арасынан шықты, айналаға қауіптене қарап, ешкім жоқ екенін көрді, екеуі қайыққа отырып, шылым шекті, тамақтанды. Күн батысқа қарай еңкейген кезде, олар жағадан қалаға қарай жүрді. Том қайықты жағамен есіп келе жатып, Гекпен әңгіме соқты, қараңғы түскен бойда жағаға тоқтады.
— Әңгіме былай, Гек, — деді Том. — Біз ақшаны жесір әйелдің пішен қорасына жасырамыз, ал таңертең мен келемін, сосын біз ақшаны санаймыз, содан кейін бөлеміз, орманнан жер табамыз, ол жерде ешкім қозғалмайды. Сен осы жерде отыр, бақыла, мен Бенни Тейлордың арбасын әкелемін бір минутта келем.
Ол жоқ болып кетті, кешікпей арба алып келді де, оған екі қапты салды, үстіне ескі-құсқы нәрселермен жауып, арбаны сүйреп жолға шықты. Валлилік шалдың үйінің қатарына келгенде балалар демалуға тоқтады. Олар енді қозғала беріп еді, шал баспалдаққа шығып дауыстады:
— Ей, бұл қайсың?
— Гек Финн мен Том Сойер!
— Өте жақсы! Бері жүріңдер, балалар, бәрі тек сендерді күтіп отыр. Тезірек келіңдер, алдымен жүріңдер, ал мен арбаларыңды апарайын. Не бар мұнда? Кірпіш пе әлде темір сүймен бе?
— Темір сүймен.
— Өзім де солай ойлап едім. Біздің қалада бала біткеннің бәрі темір жинап, зауытқа тапсырып тиын-тебен алуды көздейді, ал жұмыс істеуге жоқ. Адам солай жаратылған. Қане, тезірек жүріңдер!
Балалар неге асығу керек екенін білгілері келді.
— Мазаланбаңдар, қазір бәрін білесіңдер, тек жесір әйел Дугластың үйіне келейік.
Гек қауіптене сөйледі (ол әуелден солай үйренген).
— Джонс мырза, біз ештеңе істегеніміз жоқ.
Валлилік күлді:
— Білем ғой, Гек, балақайым. Ештеңе білмеймін.
Жесір әйел саған жаман қарай ма?
— Жоқ. Ол маған жақсы қарайды.
— Онда неге барғың келмей тұр? Неге қорқасың?
Гек бұл сұрақты шешіп үлгермеді, Том екеуін жесір әйел Дугластың үйінің қонақ бөлмесіне итеріп кіргізген кезде оның ақыл-ойы өте жай жұмыс істеді. Джонс мырза арбаны есік алдына қалдырып, өзі де балалардың соңынан ішке кірді.
Қонақ бөлме жап-жарық, онда осы қаладағы салмағы бар деген адамның бәрі жиналыпты. Тэчерлер осында екен, Гарперлер, Роджерстер, Полли апай, Сид, Мери, Пастор, жергілікті газеттің редакторы, тағы көптеген адам және бәрі мерекедегідей киінген. Жесір әйел башпайларынан бастарына дейін балшыққа былғанған балаларды мәртебелі қонақтардай шынайы көңілмен, ерекше мейіріммен қарсы алды. Полли апай ұялғаннан қызарып, қабағын түйіп, басын шайқады. Ал балалар өздерін қонақтардың бәрінен нашар сезінді. Джонс мырза айтты:
— Том әлі үйіне кірген жоқ, мен оны таба алмаспын деп ойлап едім, сол бойда есігімнің алдынан кездесе кетті, мен бұларды осында алып келдім.
— Өте жақсы жасадыңыз, — деді Дуглас апай. — Жүріңдер, балалар.
Ол екі баланы ұйықтайтын бөлмеге апарып:
— Енді жуыныңдар, киініңдер. Міне, екеуіңнің костюмдерің, көйлек, шұлық — бәрі осында. Мынау Гектің костюмдері. Жоқ, алғыс айтпа, Гек, Джонс мырза біреуін, мен біреуін сатып алдық. Бұлар сендердің екеуіңе де керек. Киініңдер. Біз сендерді күтеміз, ал сендер өздеріңді ретке келтіріп, төмен түсіңдер, — деді де, өзі кетіп қалды.
Отыз төртінші тарау
АЛТЫН АҒЫС
Гек айтты:
— Том, жіп табылса, терезеден түсетін. Терезе жерден онша биікте емес екен.
— Ақымақтық, не үшін терезеден түсеміз?
— Мен мұндай топқа үйренген емеспін. Шыдай алмаймын. Мен төменге бармаймын, біліп қой.
— Қойшы әрі! Түкке тұрмайды. Мен қорқып тұрғаным жоқ қой. Сен де қорықпа, мен қасыңдамын ғой.
Сид көрінді.
— Том, — деді ол, — апай күні бойы сені күтті. Мери сенің жексенбілік костюміңді дайындады, сен үшін мазаланды. Айтыңдаршы, сендердің көйлектеріңдегі қайдағы балшық, қайдағы майшамның күйесі мен майы?
— Мырза, өзіңнің қатынасың жоқ затқа басыңды сұқпа! Сен одан да айт, не болайын деп жатыр?
— Жесір апайдың үйінде әдеттегідей кеш. Бүгін валлилік шал мен оның балаларының құрметіне Дуглас апайды ана жолы құтқарып қалғандары үшін. Егер көңілің соқса, саған бір нәрсе айтайын.
— Не айтасың?
— Мынаны айтам: Джонс мырза бүкіл халықты таңғалдырғысы келеді; оның Полли тәтеме айтып жатқанын естіп қалғам, енді ол құпия емес. Жұрттың бәрі біледі, тіпті Дуглас апай ештеңе білмейтіндей көрінгенмен, бәрін біліп отыр. Джонс мырза Гектің осында болуын қалады, Гек болмаса оларда ештеңе де болмайды, түсінесің бе?
— Қандай құпия, неменеге?
— Гек туралы, ол бандиттерді аңдыды ғой. Джонс мырза жұрттың бәрін таңғалдырам деп жүр.
Сид қуана күлді.
— Сид, сен жұрттың бәріне айттың ба?
— Саған бәрібір емес пе кім айтқаны? Біледі екен — жарайды.
— Сид, бүкіл қалада оңбаған бір адам бар — ол сен. Егер Гектің орнында сен болсаң, таудан сырғанап түсіп, бандылар туралы тірі адамға айтпай зытып отырар едің. Тек оңбағандық жасаудан басқа қолыңнан ештеңе келмейді, ал біреулерді жақсылықтары үшін мақтап жатқанды жек көресің ғой. Міне, ал сыбағаңды, алғыс айтпа, керек емес.
Том Сидтің құлағынан тартып, құйрығына теуіп есіктен шығарып жіберді.
— Бар, тәтейге жаманда, егер батылдығың жетсе, сонда ертең тағы да сыбағаңды аласың.
Бірнеше минуттан кейін жесір әйелдің қонақтары үстел басына жиналып, кешкі тамаққа отырды, ал балалар үшін шағындау үстелдерді қабырғаның жанына қойыпты — сол замандағы сол жердің әдеті бойынша. Джонс мырза өзінің қысқа сөзінде Дуглас жесірге өзіне және ұлдарына көрсеткен құрметі үшін салтанатты түрде алғыс айтатын сәт келді. Сөзінің соңында қарапайым да кішіпейіл тағы бір адам…
Осылай да осылай, тағысын тағы. Ол болған оқиғаға Гектің қандай қатысы бар екенін өзінің драмалық ойлау жүйесімен шебер суреттеді, бірақ жұртқа әңгіме бұдан гөрі қызық та бақытты оқиғалар жайлы болса, көбірек әсер еткен болар еді. Дегенмен жесір әйел таңғалған кейіппен Гекке соншалық көп жақсы сөздер айтып оны мақтағанда, ол үстіндегі су жаңа костюмінің азабын ұмытып кетті, өйткені жұрттың бәрінің мұншалықты ықылас-ілтипатына бөленуден асқан азап жоқ секілді.
Жесір әйел Гекті тәрбиелегісі келетінін, сосын ақша болған кезде оның өз ісін бастауына көмектесетінін айтты. Осы жерде Томға кезек тиді. Ол айтты:
— Гекке ақшаның қажеті жоқ. Оның өзі бай.
Қонақтар қоғамда адамның өзін қалай ұстауы керектігі жайлы ұғымды естеріне түсіріп мына ақылмен айтылған әзілге ризалықпен жамырай мәз болғылары келгенмен, күлкілерін әрең-әрең тыйып отырды. Бірақ үнсіздік бір түрлі ыңғайсыз болды. Тыныштықты Том бұзды:
— Гектің ақшасы бар. Сіздер мүмкін сенбей отырған шығарсыңдар, ал оның ақшасы көп. Күлетін ештеңесі жоқ, сіздерге көрсете аламын. Бір минут күте тұрыңдар.
Том жүгіріп есіктен шығып кетті. Қонақтардың бәрі аң-таң, әуелі бір-біріне сосын сұраулы жүзбен Гекке қарасты, ал Гектің тілі біржола байланып қалды.
— Сид, Томға не болды? — деп сұрады Полли апай. — Ол, ой, бұл баладан бәрін күтуге болады…
Осы кезде есіктен екі қапты арқасына салып, мықшиып еңкейген Том кірді, Полли апай сөзін аяқтай алмай қалды. Том алтын теңгелерді үстел үстіне жайып салды:
— Miне, мен сіздерге не айттым?! Жартысы Гектікі, ал жартысы менікі!
Мынадай көріністен кейін қонақтардың тынысы тарылып кетті. Олар алтынға көздерін сатып сөз айтуға шамалары келмеді. Сосын бәрі түсіндіруді талап етті. Том қазір бәрін айтамын деді де, айтып берді. Әңгіме ұзақ болғанмен өте қызық болады.
Бәрі ауыздарын ашып тыңдады, ешкім бір де сөз қоса алмады. Әңгіме біткенде, Джонс мырза:
— Мен керемет сюрприз дайындадым деп жүрсем, менікі түк болмай қалды ғой, — деді.
Ақшаны санай бастады. Он екі мың доллардан сол артық екен. Отырғандардың ешқайсысы, кейбіреулерінің байлығы бұдан көбірек болғанмен, бірден мұндай көп ақшаны көрмепті.
Отыз бесінші тарау
ТӘРБИЕЛІ ГЕК ТОНАУШЫЛАР ТОБЫНА КІРЕДІ
Том мен Гектің тапқандары жүдеу шағын қала Санкт-Петербургтің тұрғындарының ақыл-ойын жаулап алғанына оқушы әбден сенуіне болады. Осынша көп ақша және қолма-қол, тіпті мүмкін емес! Тұрғындардың әңгімесі сол туралы, қызығып та, қызғанып та жүргендер жетерлік, көптеген тұрғындардың қатты толқығандары сондай, тіпті, ақыл-естеріне зақым келді. Қалада және айналадағы ауылдарда тақтаймен жабылған жердің бәрін қопарып, үй-үйді де тексеріп, тіпті үйдің фундаментінің астын қазып қойма іздейтін болды және балалар емес, кәдімгі орнықты азаматтардың өздері солай істеді. Том мен Гек қайда барса да, оларға құрмет көрсетіп, мақтап-мадақтап сүйсініп, жұрттың бәрі олардан көздерін алмайтын болды. Бұрын бұлардың сөзіне құлақ салатын ешкім балалардың есіне түспеді, енді Том мен Гектің айтқанын жұрттың бәрі қайталап, сөздерін қағып алады, олар не істесе де керемет іс істегендей қабылданады. Қалалық газет екеуінің өмірбаянын жазып жариялады.
Жесір әйел Дуглас Гектің ақшасын банкке салды, ал сот Тэчер Полли апайдың өтініші бойынша, Том үшін де солай істеді. Балалардың әрқайсысына көп пайда түсетін болды — әр күн сайын бір доллар, ал жексенбі күні жарты доллар. Пастордың алуға тиісті қаржысымен бірдей, тек оған уәде бергендері болмаса, қолына мұндай ақша тиген емес. Ол кездерде аптасына бір жарым доллар алатын баланың сол ақшаға пәтер мен үстел алуына, оқуына, киінуіне, жуынып-шайынуына болатын. Сот Тэчер Том Сойер туралы жоғары пікірде болды. Ол жай бала болса, оның қызын үңгірден аман алып шыға алмас еді. Мектепте Бекки үшін Томның шыбыртқымен жазаланғанын қыз әкесіне құпия етіп айтқанда, сот әбден толқыды; Томның бар кінәны өзі мойындап, қызды құтқару үшін өтірік айтып жаза алғанын естігенде, Тэчер мырза ол нағыз қасиетті өтірік, Георг Вашингтонның жұрт мақтаныш ететін шындығымен бірдей деп әбден тебіренді. Бекки өзінің әкесінің дәл осындай сенімді де байсалды болғанын көрген емес; сот бұл сөздерді айтқанда кілемнің үстімен әрлі-берлі жүріп, тіпті еденді теуіп қалды. Бекки жүгіріп Томға барып, бәрін айтып берді.
Сот Тэчер Томды бір кезде ұлы заңгер немесе ұлы қолбасшы болады деп үміттенді. Томның ұлттық әскери академияға түсуі үшін өзінің бар күшін салатынын айтты, одан соң елдегі ең мықты оқу орнында заң ғылымдарын оқып бір немесе екі мамандыққа даярлануына болады деді.
Гек Финнің байлығы, мүмкін оның жесір әйел Дугластың тәрбиесінде жүргені оны зиялы қоғамға итеріп кіргізгендей болды және содан ол адам төзбейтін азапты басынан кешірді. Жесір әйелдің қызметшісі мұны киіндіреді, жуындырады, шашын тарайды, киімін үтіктейді, сүттен де ақ тап-таза төсек-орын, жаймаларды ескі досындай кеудесіне басуына болады. Тәрелкеден тамақ жеп, пышақ пен айыр алу, әдейі орамалмен аузы-басын сүртіну, шәшкеден ішу; сабаққа дайындалу, шіркеуге бару; соншалық кішіпейілділікпен сөйлесу керектігінен оның сөз айтуға зауқы соқпайтын болды; қалай бұрылсаң да, жан-жағыңның бәрі өркениеттің темір торы мен кісені оны еркіндіктен айырып, қол-аяғын матап тастады.
Үш апта бойы ол осы қасіреттің бәріне көнді, сосын бір күні қашып кетті. Жесір әйел әбден мазасызданып, екі тәулік бойы барлық жерден іздеді. Жұрттың бәрі көмекке келді, тіпті өлі денесін табармыз деп өзенге тор тастап та көрді. Үшінші күні мал соятын қасапхананың ескі үйінің арғы жағындағы бос бөшкелерден іздеу Томның ойына келді және солардың бірінің ішінде жатқан қашқынды тауып алды. Гек сонда қонып, тіпті жейтін бірдеңелерді жымқыруды да ұмытпапты, ертеңгі тамағын ішіп алып, шылым шегіп талтайып жатыр екен. Ол жуынбаған, шашын да тарамаған, үстінде баяғы жақсы күндерде оған көрік берген жалба-жұлба киім. Том оны бөшкеден суырып алып, оның жұрттың бәрін әуреге салғанын айтты, үйге қайтуын талап етті. Гектің бет-әлпеті бұзылып:
— Айтпа маған, Том. Мен үйде болып көрдім, ештеңе шықпайды, ештеңе, Том. Соның бәрінің маған түкке қажеті жоқ. Мен ондайға үйренбегенмін. Жесір әйел мейірімді, мені ренжітпейді, тек оның тәртібі маған ұнамайды. Күнде бір сағатта тұру керек, жуынуды бұйырады, шашымды тарайды, тіпті бәрін жұлып бітті; ағаш қорада ұйықтауға рұқсат етпейді, оның үстіне шайтан алғыр әне бір костюмді кию керек, оны кисең тұншыға жаздайсың, ауа кірмейді денеңе, оның тазалығы сондай не жата алмайсың, не жерге аунай алмайсың; оның үстіне шіркеуге бар, терлеп-тепшіп сонда тұр — мен ақыл-өсиеттерін тыңдағым да келмейді, жынымды құрыстырады! Шыбын аулама, әңгімелеспе, жексенбіде күні бойы аяғыңа шәрке киіп жүр. Жесір әйел қоңыраумен тамақ ішеді, қоңыраумен ұйықтайды, тұрғанда да — қоңырау, ол үйде бәрі рет-ретімен, оған адам қалай төзеді!
— Иә, жұрттың бәріне де солай ғой, Гек!
— Том, менің басқаларда шаруам жоқ. Мен басқалар емеспін, мен шыдай алмаймын. Тұла-бойыңды арқанмен шырмап қойғандай. Тамақ та еш қиындықсыз келеді — тіпті жегің келмейді. Балық аулағың келе ме — рұқсат сұра, өзенге түсесің бе, тағы рұқсат сұра, бір жерге барғың келіп тұр — рұқсат сұра, шайтан алсын бәрін! Ал қаттырақ сөйлеу, ұрсысу деген атымен жоқ, содан сөйлескісі де келмей қалады екен, үйдің төбесіне шығып тыныс ал, болмаса өл. Шылым шегуге рұқсат етпейді, айқайлауға болмайды, есінеуге де, керіліп-созыла алмайсың, жұрттың көзінше қасынуға рұқсат жоқ және ылғи құдайға жалбарыну. Мен мұндайды көрген емеспін. Тек көмектес, қимылда! Өмір сүргің келмей кетеді! Қашып кетуге тура келді, Том, ештеңе істей алмайсың! Оның үстіне жақында мектеп ашылады — менің сонда баруым керек. Сонымен мен шыдай алмадым. Білесің бе, Том, байлық дегенде ешқандай жақсылық жоқ, біз бекер ойлаппыз. Ал мына үстімдегі киім, мына бөшке — бәрі маған ұнайды. Мен енді одан айырылмаймын.
Том, мен ешқашан мұндай оқиғаға ұрынбас едім, егер анау ақша болмаса; менің үлесімді сен алшы, ал маған он центтен беріп тұрсаң жетеді, бірақ жиі емес, мен ақшаның тегін келмегенін жақсы көремін. Сосын жесір апайға түсіндірші, маған ренжімесін.
— Білесің бе, Гек, мен олай беттей алмаймын. Ол жақсы емес. Ал сен біраз шыдап көр, мүмкін саған ұнап кетер.
— Ұнап кетер! Иә, сен ыстық табаға кішкене отырып көрші — мүмкін саған да ұнайтын шығар. Жоқ, Том, байлықтың маған қажеті жоқ, ендігі жерде мен оңбаған, адамды тұншықтыратын үйлерде тұрғым келмейді. Маған орманда, өзеннің жағасында, сосын мына бөшкеде тұрғанұнайды — мен осы жерде қаламын. Бәрін де шайтан алсын! Қарашы, қолымызға мылтық түсіп, үңгірге тұруға мүмкіндік туған кезде, біз қарақшы болуға әзір болған кезде, осындай көлденең тап болып, бәрін бүлдіргенін!
Том ыңғайлы сәтті пайдаланды.
— Гек, тыңда, мен байығаныммен, бәрібір қарақшылыққа кетемін.
— Қойшы, ей! Мен жерге кіріп кетейін, ал сен мұны шын айтып тұрсың ба, Том?
— Шын болғанда қандай. Тек білесің бе, Гек, біз қарақшылар шайқасына сені ала алмаймыз, егер киімің жаман болса.
Гектің қуанышы су сепкендей басылды.
— Қалайша алмайсыңдар? Теңіз қарақшылығына осы киіміммен қалай қабылдадыңдар?
— Ой, бұл тіпті басқа шаруа. Қарақшылар теңіз қарақшыларынан жоғары болып есептеледі. Олар барлық елдерде ең белгілі рудан шыққандар — герцогтар, тағы аз ба неше түрлі мықтылар.
— Том, сен әрқашан менімен дос болдың. Не, сонда мені мүлде қабылдамайсың ба? Қабылдайсың ғой, а, айтшы, Том?
— Гек, мен сені қабылдар едім, бірақ жұрт не айтады? Айтады; «Ой, Том Сойердің шайқасын қой — ылғи жаман, жыртық бірдеңе!» Бұл сен туралы, Гек, сенің өзіңе де ыңғайсыз болады, маған да.
Жан дүниесіндегі күрестен тас-талқаны шыққан Гек көпке дейін үнсіз отырды. Ақырында айтты:
— Жарайды ендеше, жесір әйелдің үйінде тағы бір ай тұрып көрейін; мүмкін, шыдармын, егер мені шайкаларыңа қабылдасаңдар, Том.
— Жақсы, Гек! Мұны мен түсінемін! Барайық, ақсақал, мен жесір әйелден сені аз жәбірлеуді сұраймын.
— Жоқ, сен, Құдай ақы, өтінесің ғой? Бұл керемет! Егер ол апай өзінің тәртібімен тиісе бермесе, мен ептеп шылым шегер едім, ұрсысып та қалармын, әйтеуір жарылып кетсем де шыдап бағам. Сен шайканы қашан жинайсың, қашан тонаушылыққа кетесің?
— Қазір де жинай аламын. Мүмкін бүгін кешке жиналып, жоралғы өткізерміз.
— Ол не өзі?
— Жұрттың бәрі бір-біріне көмектесуге, шайканың құпияларын сені бөлшектесе де ешкімге айтпауға; ал егер шайканың бір мүшесіне басқа біреу тиіссе, оның өзін де, барлық туыстарын да өлтіруге ант береді.
— Сонда бір сайран салады екенбіз!
— Әрине! Антты дәл түн ортасында береді: ант беретін орын ең қорқынышты, тірі жан жоқ жер болуы керек — ең жақсысы иесі жоқ, елестер ғана тұратын үйде, бірақ оның бәрін қопарып қазып тастады.
— Әрине! Антты табыттың үстінде айтып, өзінің қанымен қол қоюы керек.
— Міне, нағыз шаруа! Теңіз қарақшысы болғаннан миллион рет артық! Өлсем де, жесір әйелде тұрамын, Том; ал егер менен нағыз қарақшы шықса, бұл туралы ел ішінде әңгіме болады да, жесір апай мені тәрбиеге алғанына өзі де мақтанатын болады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Бұл шежіре осылай аяқталады. Шежіре баланың тарихы болғандықтан, осы жерде тоқтауы керек, ал егер жалғасатын болса, үлкен адамның тарихы болады. Үлкен адам жайлы роман жазсаң, қай жерге нүкте қою керектігін — үйлену тойында — алдын ала білесің; ал балалар жайлы жазсаң, өзіңе ыңғайлы жерге қоюға тура келеді.
Осы кітаптағы көптеген кейіпкерлер әлі өле қойған жоқ және бақытты өмір сүріп жатыр. Мүмкін автор біраз уақыт өткесін жас кейіпкерлердің тағдыры жайлы айналысқысы келсе, олардан қандай адамдар шыққанын көргісі келсе, олардың қазіргі өмірі жайлы әңгімелеудің қажеті жоқ.
Орыс тілінен аударған Фариза Оңғарсынова