Білім

МИГЕЛЬ ДЕ СЕРВАНТЕС: АЙЛАКЕР ИДАЛЬГО ЛАМАНЧАЛЫҚ ДОН КИХОТ

Дон Кихот пен атқосшысы Санчо Панса арасында болған көңіл аударуға тұрарлық әңгіме жайында, сондай-ақ басқа да оқиғалар турасында

— Әзірше әңгімең жарап тұр, — деді Дон Кихот, — айта бер. Міне, сен оған келдің дейік, — сұлулық падишасы сол кезде немен айналысып жатты екен? Шамасы, інжуге жіп өткізіп отырған шығар немесе өзіне шын берілген рыцарьға арнап алтын жіппен девиз кестелеп отырған болар?

— Мүлде олай емес, ауласында бидай елеп жатты, — деп жауап қатты Санчо.

— Ендеше, біліп қой, — деді Дон Кихот, — оның саусағы тиген дәннің бәрі сол бойда-ақ інжуге айналып жатады. Ал, сен, достым, байқамадың ба, ол қандай дән еді? Сірә, ең сапалы бидайдың дәні шығар?

— Жоға, барып тұрған ең арзан бидайдың дәні болатын, — деп жауап қатты Санчо.

— Ендеше, саған мынаны айтайын, — деді Дон Кихот, — оның қолымен еленген дәннен еш күмәнсіз аппақ қардай таза нан піседі. Жә, жалғастыра бер. Жолдауымды табыс еткеніңде ол оны сүйіп алды ма? Төбесіне қойды ма? Хатымның баруына байланысты тиісті рәсімдерді жасады ма, — қысқасы, ол қайтті?

— Оған хатыңызды берген кезімде, — деп жауап қатты Санчо, — әжептәуір мөлшерде бидай салынған електі жан сала шайқап жатқан-ды, маған бар айтқаны: “Хатты ана қапшықтың үстіне қоя салыңыз, ағатай, — мынаның бәрін елеп біткенше оны оқитын жағдайым жоқ”, деген сөз болды.

— Беу, сұңғыла сеньора! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Олай дегенде, шамасы, оны қолы босаған кезде асықпай отырып оқиын, сөйтіп бір ләззатқа батайын деген екен ғой. Айта бер, Санчо. Өз шаруасымен шұғылданып жатқанда сенімен ол не жайында сөйлесті? Мен туралы сұрады ма? Сен оған не деп жауап бердің? Айтсаңшы қалай болғанын, сауыт түбінде сия қалдырмасаңшы!

— Ол маған ештеңе жайында ешқандай сұрақ қойған жоқ, — деп жауап қатты Санчо, — бірақ оған бәрін түгел баяндап бердім: осылай да осылай, көзіңізге түсіп, көңіліңізді жібіту үшін қожайыным жабайы адам секілді тау арасында жүр, беліне дейін жалаңаш күйінде өксікке толы күн өткізеді: жерде жатып ұйықтайды, тамақ ішкен кезінде дастарқанды пайдаланбайды, сақалын тарамайды, жылай береді және тағдырына нәлет айтады, дедім.

— Тағдырына нәлет айтады, дегенің онша оңды болмаған екен, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот. — Керісінше, Дульсинея Тобосская секілді биік парасат иесіне іңкәрлік білдіруге лайықты болғаным үшін тағдырыма айрықша ырзамын және өмір бойы ырза боп өтем.

— Ол шынында да биік, — деді Санчо, — менен төрт-бес елідей бойшаң, ант етейін.

— Ау, ол қалай, Санчо? Немене, сен онымен бой салыстырып па ең? — деп сұрады Дон Кихот.

— Жоға, оның реті былай келді, — деп жауап қатты Санчо. — Мен оған бір қап бидайды есекке артуға көмектесе қоймақ болғам, сөйтіп онымен қатар тұра қалғам, — сол арада ғана көрдім, ол менен бір сүйемдей биік екен.

— Ақиқат шындыққа кім қарсы тұра алады, — деп дауыстап жіберді Дон Кихот, — оның бойшаңдығына жан-дүниесінің түпсіз терең сұлулығы жараспайды және барша болмыс-бітімінің көркін келтірмейді деп кім айта алады? Бірақ, сен, Санчо, бір нәрсені сөссіз мойындарсың деймін: қасына таяп барған кезіңде әлденендей бір сүйкімді хош иісті, әлденендей бір жұпар аңқыған лепті, жанға кереметтей жағымды нәрсені, — бұны қалай деп атауға боларын өзім де білмей тұрмын, — сездің бе? Бір сөзбен айтқанда, оның бойынан сән-салтанаты мол дүкендердегідей иіс сезілетінін байқадың ба?

— Бұған жауап ретінде айтарым, оның бойынан еркектердің бойынан шығатындай бір күлімсі иіс сездім, — деді Санчо, — шамасы ол тынымсыз көп қозғалған шығар, сосын терлеп кеткен болар, осы себепті одан бір қолаңса иіс шығып тұрды.

— Соқпа өтірікті, — деді наразы Дон Кихот, — бәлкім, сен тұмауратып қалған боларсың немесе өз бойыңдағы иісті сезген шығарсың. Осынау тікенегі жоқ райханның, осынау далада өскен лаланың, осынау амбра ерітіндісінің қандай хош иісті екенін мен жақсы білем.

— Бәрі де мүмкін, — деп келісе кетті Санчо, — тілеуі болғыр сеньора Дульсинеяның бойынан сезілгендей иістің өз бойымнан да шығатынын жиі байқап жүрем. Оған таңырқайтын да ештеңе жоқ: екеуіміз бір қамырдан иленген жандармыз ғой.

— Сөйтіп, — деп сөзін әрмен жалғады Дон Кихот, — ол дәнді елеп болды да, диірменге жөнелтті. Жолдауды оқығаннан кейін ол не деді?

— Ол жолдауды оқыған жоқ, — деп жауап қатты Санчо, — өзінің оқи да, жаза да алмайтынын айтты. Хатты күл-парша ғып жыртып тастады, селодағы біреулер оқып алып, құпиямды біліп қоя ма деп қорқам, деді; өзіне деген сүйіспеншілігіңіз жайында ауызша айтып бергендерім мен сүйіспеншілігіңізді дәлелдеу үшін басыңызға артқан адам айтса нанғысыз азап-ақиретіңіздің өзі-ақ жеткілікті, деді. Одан соң маған: қолыңыздан сүйетінін және өзіңізбен хат арқылы хабарласқанша жүзбе-жүз сөйлескенді артық көретінін жеткізуімді әмір етті, сондықтан осы бұйрықты алған бойда есерсоқтықты қоюыңызды, мына жапан түзді тастап, егер жолшыбай аса маңызды әлдене бөгесін боп жатпаса, еш те бір кідірместен Тобосоға қарай бағыт ұстауыңызды сұрайтынын және соны талап ететінін, өйткені, өзіңізбен, тақсыр, көрісуге соншалықты ділгер боп жүргенін мәлім қылды. Өзіңізді өзіңіз Қайғылы Бейне Рыцары деп атайтыныңызды айтқанымда ішек-сілесі қатып күліп алды. Мен одан анау әлгі бейшара бискайлық кіріп шықты ма деп сұрағам, ол келді, деді, жаман жігіт емес екен, деді. Сондай-ақ, мен одан каторгаға кесілгендер жайында да сұрағам, бірақ ол әзірше олардың ешқайсысы төбе көрсетпегенін хабарлады.

— Әзірге бәрі ойдағыдай, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот. — Бірақ, сен маған мынаны айтшы: өзім жайында әкелген хабарың үшін қоштасарда ол саған қандай бағалы затты сыйға тартты? Өйткені, кезбе рыцарьлар мен олардың ханымдары арасында ежелден қалыптасқан мынадай бір дәстүр бар: ханымдары жайында рыцарьларға немесе рыцарьлары жайында ханымдарға хабар әкелген атқосшыларға, сенімді адамдар мен ергежейлілерге тапсырманы орындағаны үшін әлденендей бір бағалы дүние берілуге тиіс.

— Берілсе берілген де шығар және, меніңше, бұл мақтауға әбден тұрарлық дәстүр секілді. Бірақ, бұл бағзыда солай болған ғой, ал қазір бір тілім нан мен сүтсірне ғана тарту етіледі, өйткені қоштасарда сеньора Дульсинея шарбақ саңылауы арқылы маған тек соны ғана сыйлады, оның үстіне сүтсірне қойдың сүтінен жасалған боп шықты.

— Бұдан асқан жомарттық та бола қоймас, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот. — Дульсинеяның саған әлденендей бір алтын бұйымды сыйламаған себебі ондай нәрсе, шамасы, оңайда бола қоймаған ғой, алайда сый-сыяпат тек мереке күндері ғана көңіл марқайтпайды, онымен жүздесермін, сосын бәрін орнына келтірермін. Бірақ, өзімді әсіресе таңғалдырып тұрған не екенін білесің бе, Санчо? Маған сен әрі қарай да, бері қарай да әуемен ұшып барып келген секілді көрінесің: Тобосоға баруға және қайтып оралуға бар болғаны үш тәуліктен сәл ғана астам уақыт жібердің, ал осы арадан Тобосоға дейінгі аралық отыз мильден асады ғой. Осыған қарап, өзімді қанатының астына алған және өзіме достық пейілдегі әлдебір данагөй сиқыршы, — ал ондай менде, әрине, бар және болмауы да мүмкін емес, әйтпесе айтулы кезбе рыцарьға айналмас едім ғой, — міне, осы сиқыршы саған байқаусыз түрде қолғабыс етіп отырған-ау деген қорытынды жасадым: өйткені, осындай сиқыршылар кейде кереуетінде ұйқы соғып жатқан рыцарьды көтеріп ала жөнеледі, сөйтіп әлгі рыцарь ертеңіне қалай, неге және неліктен бұлай болғанын өзі де білместен, ұйқтап жатқан жерінен мың миль жырақтан бір-ақ оянады. Сиқыршылар болмаса, бастарына қатер төнген шақта кезбе рыцарьлар бір-біріне қол ұшын да бере алмас еді — ал, бұл олардың тұрақты шұғылданатын шаруасы ғой. Кейде былай да болады: әлдебір рыцарь Армения тауларында андриакпен, қатыгез құбыжықпен немесе басқа бір рыцарьмен шайқасып жатады, — кенет, айқастан әбден әлі бітіп, жан алқымға тіреліп тұрған шағында, қайдан тап болғаны белгісіз, бұлтқа мінген немесе от-жалынға оранған күймеге мінген рыцарь ұшып келеді: бұл — содан сәл ғана бұрын Англияда жүрген оның досы болатын; ол келеді де, айқасқа қойып кетеді, сөйтіп досын ажалдан арашалап қалады, сонсоң кешкісін сол рыцарь өз үйінде асқан зор тәбетпен кешкі асын ішіп отырады, ал оның үйіне шейін, бәлкім, екі мың, әлде тіпті үш мың миль бар шығар. Осының бәрін рыцарьлар атақты сайыскерлерге қамқорлық көрсететін кемеңгер сиқыршылардың өнері мен даналығы арқасында ғана іске асырып отыр. Сенің соншама аз уақыттың ішінде барып келуіңе иланатын себебім де, міне осында, достым Санчо, өйткені, алдында айтқанымдай, әлдебір данагөй демеуші сені әуеге көтеріп ала жөнелген, ал сен мұны тіпті өзің де байқамай қалғансың.

— Тап солай болғанында еш күмән жоқ, — деді Санчо, — өйткені, Росинант, оллаһи, шын айтам, құдды бір құлағына сынап құйған сыған есегіндей құйғытты дейсің келіп!

— Қайдағы сынапты айтып тұрсың! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Сынап емес, тұтас бір қора шайтан, ал бұл арамза найсаптар өздері де өлгенше жөңкіледі, жолында кезіккендерді де оңдырмай жөңкілтеді. Жарайды, бұл әңгімені қоя тұрайық. Ал, енді жүрегімнің әміршісі тезірек жетуге жарлық беріп тұрған шақта, сеніңше, мен не істеуім керек? Өзімді оның бұйрығын орындауға міндеттімін деп білем, солай бола тұрғанымен, бірге келе жатқан ана принцессаға жақсылық жасау жөнінде берген уәдемді орындамауыма тағы болмайды, оның үстіне рыцарьлар қауымының заңы бойынша әуелі уәдемді орындауға тиіспін, жан рақатын сосын ғана ойластыруым керек. Бір жағынан, аяшыммен жүздесуге деген ынтызарлық есіл-дертімді алып, діңкемді құртып барады; екінші жағынан, берілген уәде мен осы қарекет әкелетін абырой-атақ еліктіріп, еркімнен айырып тұр. Бірақ, енді былай деп шештім: шапшаңырақ қозғалып, әлгі дәуге мүмкін болғанынша тезірек жетпекпін, барған соң оның басын шауып түсірем де, елінің билігін принцессаның қолына табыс етем, одан соң, кірпік қағым кідірместен, жаныма жарық нұрын сеуіп тұрған аяшыма қарай жүйткітем, сөйтіп оған кешіккеніме ренжімейтіндей дәлелді себептерді алға тартам, — сонда ол осының бәрі өз абырой-даңқын арттыру мақсатына қызмет ететініне иланады, өйткені қарудың күшімен қол жеткізген, қол жеткізіп жүрген және бұл дүниеде қашан да болсын қол жеткізетіндерімнің бәрі оның маған деген ілтипаты мен өзімнің оған деген адалдығымнан туындап жатыр ғой.

— Тілеуіңіз болғыр-ай, басыңызды қалай ғана жөндеуге болар екен осы сіздің! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Апырай, не деп тұрсыз өзіңіз: сонша жерге саяхат жасағаннан кейін анандай дәулетті де әулетті қалыңдықтан құр алақан қалайын деп отырсыз ба сонда? Жасауына тұтас бір корольдікті бергелі отыр ғой, ал оның көлемі, — шын сөзім, өз құлағыммен естідім, — айналдыра өлшегенде жиырма мың мильден астам екен, олай болса оның Португалия мен Кастилияны қосып есептегендегіден де үлкен болғаны ғой әрі ол өзі адамның тіршілік етуіне не қажеттің бәріне лықа толы көрінеді. Құдай үшін маған қарсыласа көрмеңіз, — одан да әлгі сөзіңіз үшін арланыңыз және айтқан тілімді алыңыз: шамыңызға тигелі отырғам жоқ, священнигі бар алғаш кездескен елді мекенде некеге тұрыңыз, болмаса біздің лиценциаттың өзі-ақ сізге көмектесе алады, — некеңізді ол қатырып тұрып қиып береді. Бұған қоса менің жасымда ақыл айтуға болатынын және бұл ақылдың әбден орынды екенін ескеріңіз, сондай-ақ алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған артық екенін ұмытпаңыз, — өйткені, қанағат қарын тойғызады деген бар, қанағатын ұмытқан адамның қасіретке ұрынуы да қиын емес, ал қасірет басыңды шалса одан құтылуың қиын, бір айналдырғанды шыр айналдырады демей ме.

— Бері қара, Санчо, — деді Дон Кихот, — үйлену жайында кеңес бергенде сен тек бір ғана мақсатты — дәуді өлтірген бойда-ақ король атанатынымды, сөйтіп жақсылықты басыңа үйіп-төгіп, уәде еткенімнің бәрін орындауым оңайға түсетінін көздеп отырсаң, онда саған айтарым: тіпті үйленбеген жағдайда да тілегіңді орындаудың маған түк қиындығы жоқ! Өйткені, жеңіп шықсам тіпті үйленбеген күнде де корольдіктің бір бөлігі өзіме берілетіні, кейін оны кімге қаласам соған тарту етуіме болатыны жөнінде айқасқа кірмес бұрын алдын-ала келісіп қоям. Сосын ол өз иелігіме өткенде оны саған бермегенде кімге береді дейсің?

— Бұл онсыз да түсінікті ғой, — деп жауап қатты Санчо, — бірақ байқаңыз, тақсыр, теңізге жақындау жерді таңдаңыз, ол ара өзіме онша ұнамайтындай жағдайда, қара вассалдарымды кемеге тиеуге мүмкіндік болатын болсын, соңынан оларды өзім жоспарлап қойған мақсатқа жарата жатам ғой. Сондықтан, тақсыр, мейірбан ханымым Дульсинеяға дәл қазір жолығам дегенді біржола естен шығарыңыз да, дәуді өлтіруге аттаныңыз, одан соң екеуіміз жаңағы шаруаны дөңгелентіп тастаймыз ғой, — құдай атымен ант етейін, меніңше, бұл біз үшін әрі барынша құрметті, әрі барынша пайдалы іс болмақ.

— Еш нәрсе жайында қам жеме деп тұрмын ғой саған, Санчо, — деді Дон Кихот, — әлгі айтқан ақылың бойынша әуелі принцессамен бірге аттанам да, Дульсинеяға содан кейін ғана жолығам. Бірақ, есіңде болсын: екеуіміз жасаған шешім мен ұйғарым жайында жан баласына білдірме, тіпті серіктерімізге де ештеңе айтпа, себебі егер Дульсинеяның өзі асыл арманын әлдекімге жария қылудан тартынып отырса, онда мен үшін де, сондай-ақ басқа біреу үшін де, оны жайып салу үлкен әдепсіздік болмақ.

— Ондай жағдайда, — деп құлаққағыс етті Санчо, — білегіңіздің күшімен тізе бүктірген бейбақтарыңыздың бәрін мейірбан ханымым Дульсинеяға аттандыратыныңыз қалай? Бұның өзі, шынтуайтында, оны сүйетіндігіңізді, нақ сүйеріңіз екенін паш ету боп шықпай ма? Егер оның алдына баратындардың түгел тізесіне жығылуы және сіздің жібергеніңізді, ханымның өзіне не қылса да ықтиярлы екенін жария етуі соншалықты қажет рәсім болса, онда бұдан соң асыл армандарыңыз құпияда қала ала ма?

— Өй, милау, өй, барып тұрған кеще! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Осының бәрі оның абырой-атағын асқақтатуға сеп болатынын қалай ғана түсінбейсің, Санчо? Сен біліп қойғын, ханымға бір емес, бір топ кезбе рыцарьдың қызмет етуі, күллі ізгі ниеттері үшін ешқандай қарымта күтпей, тек ханымның қадір тұтар рыцарьлары қатарына қабылдауға бейіл білдіруін ғана қанағат етіп, тек осындай жанның бұл дүниеде бар екені үшін ғана қызмет етуді мұрат тұтуы — біздің, рыцарьлар қауымының, ұғым-түсінігі бойынша ханым үшін асқан зор құрмет боп табылады.

— Мұндай махаббатпен тек жаратқан иемізді ғана сүюге болады, — деді Санчо. — Ешқандай жарылқау да дәме етпей, жаза береді-ау деген үрейдің де жетегіне ермей, жаратқан иемізді тек соның бұл жалғанда бар екендігіне бола сүю керек, деген уағыз естігенім бар-ды. Дегенмен, тек бірдеңе бұйыратын болса ғана мен оны тап солай сүйіп, оған тап солай қызмет етер ем.

— Өй, сен шайтан алғыр! — деп айқайлап жіберді Дон Кихот. — Можантопай біреусің, ал кейде сондай керемет ақылды сөз айтасың! Соған қарап өзіңді оқыған адам ба деп те қалуға болады.

— Сізге ақ-адал шынымды айтсам, мен тіпті әріп те танымаймын, — деп мәлім етті Санчо.

Сол арада маэсе Николас айқайлап, олардың кідіре тұруын сұрады, себебі бәрі бастаудың жанында аялдап аяқ суытпақ көрінеді. Дон Кихот тізгін тартып тоқтады, Санчо бұған қатты қуанды, себебі өтірік айта-айта әбден шаршаған-ды, оның үстіне Дон Кихот бір жерден қатесін тауып ала ма деп қыпылықтаумен болған, өйткені Дульсинеяның тобосолық шаруа әйел екенін жақсы білетінімен, өмірі көрген адамы емес-ті.

Бұл екі арада Карденьо жолаушыларымыздың үшеуі алғаш рет Доротеяның үстінен көрген киімді ауыстырып киіп алды, — бұл өзі онша оңды киім болмағанымен, өзі киіп жүргеннен әлдеқайда тәуір еді. Бастаудың жанына келіп тоқтаған олар священник бекеттен алып шыққан азын-аулақ тамақпен жүрек жалғаған болды. Тап осы кезде жол бойымен әлдебір балақай өтіп бара жатқан-ды; бастау жанына жайғасқандарды зер сала шолып шыққан ол, Дон Кихотқа қарай тұра жүгірді де, жеткен бойда аяғын құшақтай жығылып, аянышты дауыспен қасақана зар илей жылап:

— Ау, мархабатты мырзам! Мені таныдыңыз ба, жарылқаушым-ау? Дұрыстап қараңызшы, мен тап сол еменге таңылған, өзіңіз, тақсыр, босатып алған Андреспін ғой, — деді.

Дон Кихот оны танып, баланы қолынан алып, жанында отырғандарға қарап былай деп тіл қатты:

— Ардан безген, зұлым жандар көрсетіп жатқан жәбір-жапа мен қысымшылық үшін кек қайтаратын кезбе рыцарьлардың дүниеде болғаны қандай ғанибет екеніне көздеріңізді анық жеткізетін мынадай бір жайды біліп қойғандарыңыз артық етпейді: осы жақында ғана орман ішімен өтіп бара жатқан кезімде сондай бір аянышты ыңырсыған дауыс пен айқайды құлағым шалды, — тек қорлыққа душар болған, қорғансыз жанның ғана осындай ыңырсыған дауыс шығаратыны анық еді. Көмек көрсету парызым болғандықтан ыңырсып, жыламсыраған дауыс осы тұстан шығып жатыр-ау деген жақты бетке алып тартып кеттім де, ұзамай емен ағашына байлап тасталған баланы көрдім: ол бала қазір міне алдарыңызда тұр, онымен кездескеніме сондай қуаныштымын, өйткені мұның бәрі ақиқат шындық екеніне өзі куәлік ете алады. Сөйтіп, беліне дейін жалаңаш бұл бала еменге таңылып тасталған, оны бір шаруа белбеумен шықпыртып жатыр, — кейін білгенімдей, бұл оның қожайыны болып шықты. Осыны көргеннен кейін мен одан бұлайша аяусыз жазалаудың себебі не екенін сұрадым. Әлгі әдепсіз бұл өзінің жалшысы екенін және баланың ісіндегі шалалықтың көбі әсте де оның сумилығынан емес жұлмырлығынан туып жататынын, оны сол үшін шықпыртып жатқанын айтты, бұған бозбала: “Сеньор! Ол мені жалақымды сұрағаным үшін ғана ұрып жатыр!” деп қарсылық білдірді. Қожайын ақталуға тырысып, бұлбұлша сайрап берді, мені оны тыңдауын аяғына шейін тыңдадым, бірақ ақталу мақсатында айтқан дәлелдерін қабылдамадым. Ұзын сөздің қысқасы, шаруаға баланы байлаудан босатуға әмір еттім және баланы үйіне ертіп баратыны, соңғы реалына шейін санап беретіні, оған қоса тіпті алғыс айтатыны жөніндегі сертін алдым. Солай емес пе, сүйкімді Андрес? Мен оған бұл бұйрықты қандай қатулы үнмен бергенімді және оның барлық жарлығымды, тәртібім мен талабымды орындау жөнінде қалайша құлдық ұрып уәде еткенін сен байқадың ба? Жауап бер, — ұялма да, абыржыма да. Мына сеньорларға бәрін егжей-тегжейлі баянда, күре жолдардың бойында кезбе рыцарьларды кездестірудің қандай ғанибет нәрсе екеніне бұлардың көздері жетсін және оның қажеттігін мойындайтын болсын.

— Бәрі де айна-қатесіз шындық, тақсыр, — деп қоштады бала оны, — бірақ тек нәтижесі өзіңіз ойлағандай емес, мүлдем керісінше болды.

— Неге керісінше? — деп сұрады рыцарь. — Немене, шаруа жалақыңды төлеген жоқ па?

— Төлемегені өз алдына, — деп жауап қатты бала, — өзіңіз орманнан шығып, екеуіміз оңаша қалған бойда-ақ, ол мені сол еменге қайта таңып, қайтадан шықпырта бастады, оңдырмай ұрғаны сонша, арқамның терісі әулие Варфоломей терісіне ұқсап тілім-тілім боп кете жаздады. Ол мені қағытып, әр қилы әзіл-әжуа айта жүріп ұрды, өзіңізді де аузынан тастамай алуан-алуан мысқыл сөздермен мазақ етті, егер ауру жаныма батпағанда күлкіден ішек-сілем қататын еді. Ақыр соңында оңбаған неменің мені аяусыз соққыға жыққаны сонша, соның шарапатымен күні бүгінге шейін ауруханада жаттым. Ал, осының бәріне сіз кінәлісіз, мархабатты мырзам, — өз жолыңызбен кете бергеніңізде, шақырмаған жерге бармағаныңызда, біреудің ісіне қол сұқпағаныңызда, қожайыным көп болса жиырма бес рет дүре соғар еді де, байлаудан босатып, қарызын төлер еді. Бірақ сіз жоқ жерден келіп килігіп оған тіл тигізіп, сөгіп-балағаттағаннан кейін оның ашуы қозып кетті, сосын өшін өзіңізден, мархабатты мырзам, ала алмайтын болған соң, сіз жырақ шығып кеткен бойда барлық заһарын маған төкті, енді мен, шамасы, өмір бойы мүгедек боп қалатын шығармын.

— Қателігім анау саған қарызын төлеп құтылғанша күтпей кетіп қалғанымда болып тұр, — деді Дон Кихот, — өзіне тиімді болмаса қара шаруа ешқашан айтқан сөзінде тұрмайтынын бай тәжірибемнен білгеніммен, қаперіме келмепті. Бірақ, есіңде ғой, Андрес, егер ол ақшаңды төлемесе, мен оны іздеуге шығам да, мейлі тіпті киттің құрсағына барып тығылса да таппай қоймаймын деп серт бердім ғой.

— Рас, солай дегенсіз, — деп мақұлдады Андрес, — бірақ онда тұрған не бар?

— Не бар екенін көресің әлі, — деп күбір етті Дон Кихот.

Соны айтып орнынан ұшып тұрды да, Санчоға Росинанттың ауыздығын салуға әмір етті — бұлар жүрек жалғап алуға жайғасқан кезде ол жайылуға жіберілген болатын.

Доротея одан не істемек ойы барын сұрады. Анау әлгі шаруаны іздеуге аттанбақ ниетте екенін, арам пиғылды әрекеті үшін жер бетіндегі күллі қара шаруа атаулыға қасақана түрде оны жазалап, Андрестің ақшасын ақырғы мараведиіне шейін төлеттіруге мәжбүр етпегін айтты; Доротея болса, берген уәдесіне сәйкес қолға алған шаруасын аяғына дейін атқарып шықпайынша басқа істермен айналыспауы керегін, басқадан гөрі бұл оның өзіне көбірек мәлім болуға тиіс екенін Дон Кихоттың есіне салды, сондықтан корольдікті қайта жаулап алмайынша құлшыныс білдірмей қоя тұруын өтінді.

— Рас айтасыз, сеньора, — деді Дон Кихот, — өте орынды құлаққағыс еткеніңіздей, корольдікті қайта жаулап алғанымша Андреске шыдай тұруға тура келеді. Бірақ, оның кегін алып бермейінше және ақшасын төлеуге мәжбүр етпейінше тыныш таппайтыныма тағы да уәде берем және ант етем.

— Анттарыңызға сенбеймін, — деп мәлім етті Андрес. — Қандай да бір кек қайтарудан гөрі қазір маған о ғып, бұ ғып Севильяға жетіп алған артық боп тұр. Егер жейтін бірдеңе берсеңіздер ала кетсем деп едім, сосын саушылықта қала беріңіз, тақсыр, және барлық кезбе рыцарьлар: өзіме қандай рыцарьлық жасалған болса, сіздерге де сондай рыцарьлық жасалғанын тілеймін.

Санчо балаға дорбасында сақтап жүрген қорынан бір жапырақ нан мен бір кесек сүтсірне алып берді де:

— Мә, бауырым Андрес, — бәріміз де дәл осындай өкінішті сыбағаға ие болдық, — деді.

— Сізге қандай сыбаға тиді? — деп сұрады Андрес.

— Тап осы нан мен сүтсірне сыбағасы ғана, — деп жауап қатты Санчо. — Оған қоса, кім біледі, менде нан мен сүтсірненің де болмай қалуы әбден мүмкін, сондықтан, достым, біле білсең, бізге, кезбе рыцарьлардың атқосшыларына, аштықтың да азабын, тағдырдың да соққысын, жанға ауыр тиетін, бірақ сөзбен айтып жеткізу қиынға түсетін басқа да нәрселерді бастан өткеруге тура келеді.

Андрес нан мен сүтсірнені қақшып алды да, басқа ешкім өзіне ештеңе бермейтінін көрген соң, мойны салбырап аяңмен ақырын ұзай берді. Дегенмен, қоштасарда ол Дон Кихотқа мынадай нәрсені айтты:

— Құдай ақына, сеньор кезбе рыцарь, егер күндердің күнінде менімен тағы кездесетін болсаңыз, пәршалап сойып жатса да қорғаушы болмаңыз, бәледен құтқаруға, аман алып қалуға тырыспаңыз, өйткені қамқорлығыңыз мені одан да зор бәлеге тап қылады: құдайдың қарғысы атсын сізді, өзіңізбен қоса, бұрынды-соңды жарық дүниеге келген күллі кезбе рыцарь атаулының бәрін де қарғыс атсын!

Дон Кихот оның сазайын тартқызғалы орнынан тұрмаққа талпынып еді, бірақ Андрестің өкшесі өкшесіне тимей зыта жөнелгені сонша, соңына түсуге ешкімнің зауқы соқпады. Андрестің әңгімесі Дон Кихотты өте ыңғайсыз жағдайда қалдырды, күліп жіберіп, оны одан бетер жер қылмас үшін жанында отырғандардың өздерін барынша ұстап бағуларына тура келді.

ХХХІІ тарау

Бұл тарауда Дон Кихот пен нөкерлерінің бекетте бастан кешкендері жайында баяндалады

“Сен же, мен же”, “ас та төк” тамақтарын түгескен бойда олар сәйгүліктеріне ер салды да, атап айтуға тұрарлық әлденендей бір шытырман оқиғаға ілікпестен ертеңіне аман-есен жолаушы бекетіне — атқосшымыз азар да безер болатын орынға келіп жетті, тайып тұрмақ боп қанша талпынғанымен ол да ішке енуге мәжбүр болды. Дон Кихот пен Санчоны көрген бекетші, оның әйелі, олардың қызы және Мариторнес төртеуі бұларды шат көңілмен алдарынан шығып қарсы алды, ал маңғаз да тәкаппар түрге енген Дон Кихот болса, өткен жолғыдан тәуірірек төсек әзірлеуге әмір етті; бекет ұстаушының әйелі бұған жауап ретінде: егер өткен жолғыдан гөрі тәуірірек төлесе оған ақсүйектер жататын құс төсек салып беретінін айтты. Дон Кихот уәде еткен соң оған сол баяғы шоланнан лайықты төсек-орын әзірленді де, ол сол бойда жатып қалды, өйткені тұла бойы мең-зең боп берекесі қашып тұрған-ды.

Ол есікті іштен кілттеп алған бойда, бекетшінің зайыбы әй-шай жоқ шаштараздың сақалына жармаса кетіп:

— Олда-білдә шыным, енді менің құйрығымнан сақал тақпайтын боласыз, оны тап осы қазір қайтарып бересіз: өйткені, күйеуімнің керек-жарағы әр жерде шашылып жатыр, не деген масқара, — яғни, мен оның тарағын айтып тұрмын, оны бұрын әрдайым мына әп-әдемі құйрығыма қадап қоятынмын! — деп айқайды салды.

Шаштараз бергісі келмей қашқақтап, әйел құйрықты өзіне қарай жұлқылап жатты; ақыры лиценциат оған құйрықты қайтаруы керегін айтты, өйткені қазір енді жалған сақалға қажеттілік жоқ, керісінше ол тіпті табиғи түр-сықпытымен-ақ көріне беруге ерікті, ал Дон Кихотқа мұны өздерін тонаған қылмыскерлерден қашып осы бекетке келіп бас сауғаладым деп түсіндіруге болады, егер Дон Кихот принцессаның малайы қайда деп сұраса, принцесса оны елге қайтып келе жатқанын, жанында күллі корольдіктің құтқарушысы барын хабарлау үшін алдын-ала аттандырып жіберді деп жауап беру керек, деді. Священниктің дәлелдемелеріне көңілі көншіген шаштараз құйрықты бекетшінің зайыбына қуана-қуана қайтарып берді, құйрыққа қоса олар әйелдің Дон Кихотты ана жақтан алып шығу үшін берген басқа дүниелерін де қайтарды. Бекеттің тұрғындары Доротеяның сұлулығына тамсанып, жас жігіт Карденьоның сымбаттылығына сүйсініс білдірді. Священник дастарқанға қолда бардың бәрін әкелуге әмір етті, ақысын жақсылап төлейді-ау деп дәмеленген қожайын әп-сәтте-ақ тәп-тәуір түскі ас әзірлей қойды; Дон Кихот бұл кезде ұйқтап жатқан, бәрі бірауыздан оны оятудың қажеті жоқ, өйткені қазір оған тамақтан гөрі ұйқы пайдалырақ деген ұйғарымға келді. Түскі ас үстінде жолаушылар бекетші мен әйелінің, олардың қыздарының және Мариторнестің көзінше ақыл-есті жоғалтудың Дон Кихот тап болған айрықша түрі жөнінде және оны қалай іздеп тапқандары жайында әңгімеледі. Бекетшінің зайыбы Дон Кихот пен малшының арасында болған жайды жыр қылды, сосын Санчо жоқ па екен деп айналасына жалтақтай қарап, жоқ екеніне көз жеткізген соң, көрпеге салып қақпақылдау хикаясын айтып берді, тыңдаушылар бұған ішек-сілелері қата күліп алды. Ал, священник Дон Кихоттың нәгүманға айналуының себебі рыцарьлық романдарды оқуға салынғандығы деген пікір айтқан кезде бекетші әңгімеге араласты:

— Ондай дертке қалай тап болғанына қайранмын. Меніңше, бұдан артық қызық кітапты жер-дүниеден таппайсың, шын сөзім, тіпті өзімде де әрқилы қағазбен бірге сондай бірнеше роман сақтаулы тұр; бұлар менің өмірімнің қуанышы, жалғыз мен үшін ғана емес басқалар үшін де солай: өйткені, егін жинау кезінде түрлі мерекеге орай осында орақшылар жиналады, араларынан сауатты біреу қашан да табылады, сөйтіп ол кітапты қолына алады, ал біз, отызға тарта адам, оны айнала қоршап отырамыз да рақаттана тыңдаймыз, аузымыздың суы құриды. Басқаны қайдам, әйтеуір өзім рыцарьлардың оңды-солды дарытып жататын сұрапыл қатты соққылары жайлы естігенімде делебем қозып, әлде біреудің тұмсығын қан жалатқым-ақ келіп тұрады, ал енді бұл жайында күндіз-түні тыңдауға бармын.

— Ол кітаптарды мен де сенен кем жақсы көрмеймін, — деді әйелі, — себебі сен соны тыңдап отырған кезде ғана үйімде тыныштық орнайды: есіл-дертің соған ауып кетеді, тіпті менімен ұрсысу да ойыңа кірмейді.

— Айна-қатесіз рас, — деп мақұлдады оны Мариторнес, — шынымды айтсам, романдарды тыңдауға мен де керемет ынтызармын, олар сондай тартымды, әсіресе әлдебір сеньораның апельсин ағашының түбінде сүйіктісімен құшақтасып отырғаны, ал күзетке қойылған дуэньяның қызғаныштан іші күйіп, дегбірі кетіп тұрғаны жазылған жерлер сондай сүйкімді. Қысқасы, мұның бәрі маған балдай жағады.

— Ал, сіз не айтасыз, сүйкімді бойжеткен? — деп сұрады священник бекетшінің қызынан.

— Тіпті өзім де білмеймін, құдай ақы шыным, — деп жауап қатты ол. — Мен де тыңдаймын оқығандарын, түк ештеңе түсінбесем де рақаттана тыңдаймын. Тек маған соққылар ұнамайды — соққылар әкеме ұнайды, маған ұнайтыны — рыцарьлардың ханымдарынан қол үзіп қалған кездегі өкініш-күйініштері: қатты аяғандықтан кейде тіпті өксіп те аласың.

— Ал, егер рыцарьлар сізді ойлап өкситін болса, оларды жұбатуға тырысар ма едіңіз, сүйкімді бойжеткен? — деп сұрады Доротея.

— Білмеймін не істейтінімді, — деп жауап қатты қыз, — тек білетінім, кейбір ханымдар сондай қатыгез болады, рыцарьлар оларды жолбарыс қаншығы, арыстан қаншығы деп және басқа да осындай жүрек айнитын сөздермен атап жатады. Құдай басқа бермесін! Сезімнен де, ар-ұяттан да ада не деген жұрт десеңізші: олардың тәлімсіп, тұмсық көтергендерінің салдарынан ақ ниетті адам өлуге немесе ақылынан адасуға мәжбүр! Бұлайша бұлтаққа салудың не қажеті барын білмеймін, егер олар соншалықты жібі түзу әйел болса рыцарьларға неге күйеуге шықпайды: ал аналарға да керегі тек сол ғой.

— Аузыңды жап, қызым, — деді бекетшінің зайыбы, — байқаймын, бұл істерден әжептәуір хабардар секілдісің, ал бойжеткенге көп білген және көп мылжыңдаған жараспайды.

— Сеньор өзіме сұрақ қойған соң оған жауап бермей қала алмадым, — деп наразылық білдірді қыз.

— Былай етіңізші, қожайын, әлгі кітаптарыңызды мұнда алып келіңізші, мен қарап шығайын, — деді священник.

— Мақұл, әкелейін, — деп келісе кетті бекетші.

Бөлмесіне барып, ол жақтан қақпағы жіңішке шынжырмен бекітілген ескі сандықшаны алып келді де, ішінен үш қалың том және әдемі қолтаңбамен толтырылған әлдебір қағаздарды алып шықты. Бірінші кітап Дон Сиронхил Фракийский екен, екіншісі — Фелисмарт Гирканский, ал үшіншісі — Ұлы қолбасшы Гонсало Фернандес Кордовскийдің тарихы мен Дьего Гарсия де Паредестің ғұмыр жолы боп шықты. Алғашқы екеуінің тақырыбын оқыған бойда-ақ священник шаштаразға қарап:

— Қазір бізге тек досымыздың күтушісі мен жиен қарындасы ғана жетіспей тұр, — деді.

— Оқасы жоқ, — деді шаштараз келісіңкіремей, — бұларды өзім-ақ мал қорасына алып бара алам немесе пешке тастай салуыма да болады, — айтқандай, ана қараңыз, пештің оты лаулап-ақ тұр екен.

— Не дейсіз? Кітаптарымды отқа жақпақсыз ба? — деп сұрады бекетші.

— Тек екеуін ғана, — деп жауап қатты священник: — Дон Сиронхил мен Фелисмартты.

— Немене, сонда бұлар дінге қарсы әлде флегматикалық дүниелер ме, неге өртемексіздер бұларды? — деп тәптіштей түсті бекетші.

—Флегматикалық емес схизматикалық35 деу керек, достым, — деп құлаққағыс етті шаштараз.

— Мейлі, солай-ақ бола қойсын, бірақ сіздер міндетті түрде әйтеуір бірдеңені отқа жаққыларыңыз келсе, онда Ұлы қолбасшы мен Дьего Гарсияны алыңыздар, ал бұдан басқаларын жаққызғанша өз баламды жаққызғаным жақсы! — деді бекетші.

— Достым! — деп қарсылық білдірді священник. — Бұл екі кітап өтірікке, бос мылжың мен пәтуасыз әңгімеге толы, ал ұлы қолбасшы жайындағы мына кітап болса, бұл шыншыл шығарма, онда көптеген ұлы ерлігі үшін күллі әлем ұлы қолбасшы атандырған Гонсало Фернандес Кордовскийдің іс-әрекеті сипатталады және осындай абыройлы да асқақ дәреже-атаққа тек соның жалғыз өзі ғана ие болған. Ал, Дьего Гарсия Паредес болса, бұл — эстремадурлық Трухильо қаласында туып-өскен, атақты әулеттен шыққан кавальеро, табиғат оған күш-қайратты аямай бергені сонша, шыр айналып тұрған диірмен дөңгелегін жалғыз саусағымен-ақ тоқтатып тастайтын болған. Ал, бір жолы ол қолына шпагасын алып көпірдің кіре берісіне жалғыз тұрып алған да, жаудың сансыз көп сарбазының жолын бөгеп өткізбей қойған. Оның ерлік істерінің көптігі сонша, егер бұлар жайында кавальероға тән қарапайымдылықпен өз ғұмыр жолы жайында оның өзі әңгімелемей, турасын ғана айтатын басқа бір әділ жылнамашы жазған болса, онда бұдан соң Гекторлардың, Ахиллестер мен Роландтардың іс-әрекеті біржола ұмыт боп, естен шығар еді.

— Сол да сөз бопты-ау! — деп дауыстап жіберді бекетші. — Диірмен дөңгелегін тоқтатып тастайды дейді — ондаймен бізді таңғалдыра алмайсыз! Құдай-ақы, жарқыным, Фелисмарт Гирканский жайында оқысаңызшы: ол құлашын бір сермегенде-ақ бес дәуді бірдей белінен қақ бөліп тастаған ғой, ол үшін бұлар кәдімгі анау құйттай балалар бұршақтан жасайтын қуыршақ құрлы болмаған. Тағы бір жолы ол мұздай қаруланған миллион алты жүз мың жауынгерден тұратын орасан зор, айбынды армиямен айқасқа түсіп, бәрін түгел қойдай қуып, тырқыратып жіберген. Ал, жүрек жұтқан батыр, даңқты дон Сиронхил Фракийский жөнінде не айта аласыз? Ол жайындағы кітапшада бір жолы өзенде жүзіп келе жатқанында су астынан аузынан от шашқан айдаһардың шыға келгені, айдаһарды көрген бойда оның оған тарпа бас салғаны, қабыршақты арқасына атша мініп алып, тамағынан бар күшімен қос қолдап қысып тұншықтыра бастағаны жайында, жаны қысылған айдаһардың енді болмаса тұншығып өлетінін сезіп судың

астына батқанды жөн көргені, сөйтіп рыцарьды өзімен бірге ала кеткені, ал рыцарьдың сонда да одан қолын босатпағаны жайында айтылады ғой. Есесіне су астынан рыцарь не ғажайып әсем сарайлар мен бақтарды көреді, сол арада айдаһар егде жастағы қарияға айналып шыға келеді де, оған тыңдаған сайын тыңдағың келе беретін не түрлі қызықты хикая айтып береді. Атамаңыз, сеньор, тыңдап көрсеңіз айызыңызды қандыратыны сонша, ақыл-есіңізді де жоғалтып аларыңыз хақ. Бұнымен салыстырғанда ұлы қолбасшыңыз бен Дьего Гарсияңыз не тұрады тәйірі!

Осы сөздерді тыңдап отырған Доротея Карденьоның құлағына сыбырлап:

— Енді болмаса, бекетшіміз екінші Дон Кихотқа айналғалы тұрғандай, — деді.

— Мен де солай ойлаймын, — деп қостады оны Карденьо. — Сөз саптасына қарағанда, романдарда жазылған нәрсенің бәрі өмірде болған оқиғалардың айна-қатесіз көшірмесі деп түсінетін секілді, бұл сенімінен оны жалаң аяқ ағайындар да айныта алмақ емес.

— Бері қараңыз, балам, — деп священник қайтадан сөйлеп кетті, — Фелисмарт Гирканский де, дон Сиронхил Фракийский де және рыцарьлық романдарда жазылатын осы секілді басқа да рыцарьлардың ешқайсысы өмірде болмаған ғой, — бұның бәрі жай әншейін қиялдың қисындары ғана, ал бұларды, өзіңіз айтқандай, жұрт көңіл көтерсін деп еріккен ақыл-ой иелері ойлап тапқан, міне соларды тыңдаған кезде орақшыларыңыздың қалай көңіл көтеретінін өзіңіз де білесіз. Бірақ, мен сізге ант бере отырып айтайын, мұндай рыцарьлар өмірде болған емес және ондай ауыз бармайтын сөлекет ерліктерді дүниеде ешкім ешқашан жасаған емес.

— Оны сіз басқа біреуге барып айтыңыз, — деп құлаққағыс етті бекетші. — Біз де бірдеңені білеміз, жер басып жүргенімізге талай болды. Осы ақымақ қылғаныңыз да жетер, жарқыным, — құдай ақы, ондай адамыңыз мен емес. Дәмеңіз қандай зор еді сіздің, тілеуіңіз болғыр, — осынау тамаша кітаптарда жазылғанның бәрі түкке алғысыз шатпақ деп мені сендіргіңіз келеді: солардың бәрі мемлекеттік кеңестегі сеньорлардың рұқсаты бойынша басылып шығып жатқан жоқ па, ал олар болса — айқас дейсің бе, сиқыршылық дейсің бе, басыңды шыр көбелек айналдыратын осынша сандырақтың бәрін бір мезгілде басып шығаруға рұқсат ететіндей адамдар емес қой.

— Ау, мен сізге айттым ғой, достым, мұның бәрі біздің ерігіп-зеріккен ой-санамызға ермек болу үшін жасалып жатыр ғой, — деп қарсылық білдірді священник. — Төрт құбыласы түгел мемлекеттердің қай-қайсысында да жұмыс істегісі келмейтін, не болмаса жұмыс істеуге міндетті емес, не жұмыс істей алмайтын жандардың бәріне шахмат, доп және бильярд ойнауға қалай рұқсат етілетін болса, мынандай кітаптарды басып шығаруға да тап солай рұқсат етіледі, өйткені күллі әлемде осы хикаялардың біреуі болмаса біреуін өмірде болған оқиға деп сенетін қас надан табыла қояр деп ешкім ойламайды, — ойламайды емес, шын мәнінде де солай. Егер маған мүмкіндік берілсе және тыңдаушыларым ықылас танытса, жақсы рыцарьлық роман қандай болуы керектігі жайында бірдеңе айтып берген болар ем, — бәлкім, бұның пайдасы да тиіп қалар, ал кейбіреулерге тіпті ұнар да. Бірақ, мен қашан да болса әйтеуір бір күні осы олқылықтың орнын толтыруға қабілетті адамдармен тілдесермін деп үміт етем, ал әзірше, бекетші мырза, айтқан сөзіме сеніңіз, міне, мынау кітаптарыңыз — ондағының қайсысы шындық, қайсысы өтірік екеніне өзіңіз баға беріңіз, оқығыңыз келсе оқи беріңіз, бірақ тек құдай сізді мейманыңыз Дон Кихоттың қисайған жағына қарай қыңыратқудан сақтасын.

— Жоға, — деді бекетші, — есім ауысқаннан аманмын және кезбе рыцарь болуға да құлшынып отырғам жоқ. Осынау сүйкімді рыцарьлар жер дүниені кезіп жүретін заманның әлдеқашан өтіп кеткенін де жақсы түсінемін.

Осы әңгіменің үстіне Санчо келді, сөйтіп қазіргі кезде кезбе рыцарь дейтіндер жоқ және рыцарьлық роман атаулының бәрі жалған, ойдан шығарылған өтірік деген сөзді құлағы шалып, не істерді білмей абдырап, ойланып қалды да, егер қожайынының саяхаты сәтсіз аяқталатындай болса одан бірден қол үзуге, сөйтіп қатын-баласы мен бұрынғы тірлігіне қайта оралуға сол жерде өзіне-өзі қолма-қол серт берді.

Бекетші кітап салынған сандықшаны алып кетуге оқталған болатын, алайда священник оған:

— Сәл кідіре тұрыңыз, андағы қағаздарда сондай әдемі қолтаңбамен не жазылғанын көрсем деп ем, — деді.

Бекетші қағаздарды шығарып, священникке алып берді, сол арада анау мұның көлемі сегіз табақтай қолжазба екенін, “Пәруайсыз әуестік жайындағы хикаят” дейтін тақырыбы жоғарғы жағына үлкен әріптермен жазылып қойғанын көрді. Қолжазбаның бірнеше жолын шолып өткен священник:

— Хикаятқа тәп-тәуір тақырып берілген екен, осыны менің оқып шыққым келіп тұр, — деді.

Бекетші бұған жауап ретінде былай деді:

— Оқыңыз, оқыңыз, діндар әкей! Оны оқып шыққан меймандарымның бәрі де өте риза болысты, онымен қоймай оны менен сұрап алмаққа тырысты. Бірақ ақыры бергем жоқ, — мұны осы арада кітаптары мен қағаздары салынған сандықшасын ұмыт қалдырған адамның өзіне қайтармақпын. Күндердің бір күнінде иесі бекетіме бас сұғуы әбден мүмкін ғой, кітапсыз өмірім өте көңілсіз болатын болса да, арыммен ант етейін, бұларды өзіне қайтарып берем: қалай дегенмен де, трактир ұстап тұрсам да, христиан емеспін бе.

— Мұныңыз өте орынды, достым, — деді священник. — Солай бола тұрғанымен, егер хикаят маған ұнаса оны көшіріп алуға рұқсат етерсіз деп ойлаймын.

— Рұқсат еткенде қандай, о не дегеніңіз, — деді қожайын.

Олар сөйлесіп жатқан шақта Карденьо хикаятты алып оқи бастады; сосын священник пікірінің орынды екенін байқап, одан дауыстап оқуды өтінді.

— Мен оқып та берер едім, бірақ оған кететін уақытты ұйқыға жұмсаған тиімдірек пе деп ойлаймын, — деді священник.

— Өзім үшін ең тәуір демалыс әлденендей бір хикаяға құлақ қою, — деді Доротея. — Көңілімді билеп алған елегізу әлі тарқамай тұрғандықтан, ол бәрібір маған ұйқы бермейді, бірақ ұйқтап алғаным да артық болмас еді, әрине.

— Ондай жағдайда, әуестік үшін болса да хикаятты оқып берейін, бәлкім, онда шынымен-ақ қызықты бірдеңе бар шығар.

Маэсе Николас та сондай өтініш білдіріп қалды, оған ілесе Санчо да тілек айтты; соны көрген священник өзгелерді де ләззатқа кенелтетінін, өзінің де ләззат алатынын сезіп, былай деді:

— Бопты ендеше, мұқият құлақ қойыңдар. Хикаят былай басталады:

ХХХІІІ тарау

Мұнда Пәруайсыз әуестік жайындағы хикаят баяндалады

Италияның дәулетті де сәулетті қаласы Флоренцияда, Тоскана деп аталатын провинцияда, Ансельмо және Лотарио есімді бай да бақуатты екі дворян тұрып жатты, екеуінің керемет жарасты болғаны сонша, таныстарының бәрі оларды есімімен атамай, әншейін екі дос деп қана әліптейтін. Олар жас еді, бойдақ еді, жастары да, әдеп-әдеттері де бірдей болатын; достасып кетулеріне осының өзі-ақ әбден жеткілікті болды. Алайда, Ансельмо сүйіспеншілік сезіміне беріле қоюға бейімдігін байқатса, Лотарио аң құмарлығымен ерекшеленетін; сөйте тұра, кей-кейде Ансельмо әдетке айналған өз ермегін ұмыт қалдырып, Лотарионың ермегіне ортақтасатын, Лотарионың өз ермегін былай тастап, Ансельмоның ермегіне араласып кететін кездері де болып тұратын; және бір-бірімен тату болғандары сонша, араларынан қыл өтпейтін дос деген сөз тап осыларға арнап айтылғандай еді.

Ансельмо сол қалада туып-өскен, текті жерден шыққан бір әдемі қызға есі кете ғашық боп қалды, өнегелі отбасында тәрбие алған, өзі де өнегелі бұл қыз жайында жан досы Лотарионың пікірін білгеннен кейін, — ал оның араласуынсыз Ансельмо қай істе болсын өз бетімен қандай да бір шешім қабылдамайтын, — ол қызды айттырмаққа бел буды және бұл шешімін орындады да; осы мақсатпен қыздың ата-анасына Лотарио аттанып, досының көңілін мәз қылып, барлық шаруаны ойдағыдай реттеп қайтты, сөйтіп көп ұзамай-ақ Ансельмо арман еткен құсын қолына қондырды, ал сүйген жарына қосылып жаны жай тапқан Камилла көктегі құдірет пен көмек-қолғабысы арқасында өзін осынша бақытқа кенелткен Лотариоға күндіз-түні алғыс жаудырумен болды. Үйлену тойынан кейінгі, қашан да шаттыққа толы алғашқы күндерде, Лотарио бұрынғы дағдысынша досының үйінде жиі болып, оған қолдан келгенінше құрмет көрсетіп, қошемет жасап, көңілін аулап жүрді; бірақ, үйленуге қатысты жоралғылар тәмамдалып, қонақтар мен құттықтаушылар ағыны біржола сарқылғаннан кейін Лотарио оның үйіне баруды әдейі бірте-бірте сирексіте бастады, — ол үйленген достарыңа бойдақ кездеріндегідей жиі-жиі барғыштай берудің қисыны жоқ дейтін пікірді ұстанатын (жөн білетін адам ғана осындай пікірді ұстанары анық), өйткені абзал да шынайы достықта күмән-күдікке орын болмайтыны және болуы да мүмкін еместігі дәлелдеуді қажет етпегенімен, үйленген адамның жаны аса қытықшыл келетіндіктен, оның қытығына досы ғана емес, тіпті бірге туған бауыры да тиіп кетуі мүмкін деп есептейтін.

Лотарионың сырттап жүргенін Ансельмо да сезіп қалып, бұл ісінің терістігін бетіне басып, отау көтеруіне байланысты аралары суып кететінін білгенде ешқашан үйленбес едім дегенді айтып, бойдақ кезінде екеуінің қандай керемет жақсы қатынаста болғанын көргендердің бәрі оларды еркелетіп екі дос атандырғанын, енді келіп Лотарионың шамадан тыс сақтығына бола жұрттың аузынан түспейтін, айрықша ұнамды атаудан айрылып қалғысы келмейтінін алға тартты; сондай-ақ, Лотариодан бұның үйін сол бұрынғыша өз үйіндей сезінуін, келгісі келген уақытта келіп, кеткісі келген уақытта кетуін өтінді, — енді екеуіне осындай тілмен сөйлесу ғана қалғанына өкініш білдірді; оған қоса, жұбайы Камилланың да мінез-құлқы мен әдет-дағдысы өзінікімен бірдей екенін және бұл екеуінің бірі десе екіншісі ішкен асын жерге қоятын дос көңілін жақсы білетіндіктен Лотарионың аяқ-асты қырын қарап кеткен себебіне таңырқаныс танытып жүргенін ескертті.

Үйіне бұрынғыша қатынап тұруы қажеттігіне Лотарионың көзін жеткізуге тырысқан Ансельмоның осы және басқа да дәлелдемесіне Лотарионың салиқалы да салмақты әрі көңілге қонымды жауап қайтарғаны сонша, ізгі ниетке негізделген қисындары Ансельмоның жүрегін жібітіп, ақыры екеуі өзара бәтуаға келіп, Лотарио аптасына екі рет және мереке күндері бұның үйінен түстенетін болды; сөйте тұрса да, осындай келісімге қарамай, Лотарио досының ар-намысына қылау түсетіндей іске бармау жайында іштей байлам жасады, өйткені ол өз ар-ұятынан гөрі досының ар-ұяты кіршіксіз таза болуы жайын көбірек ойлайтын еді. Жаратқанның жәрдемімен асқан сұлу әйелге үйленген еркек өзі кімдермен дос-жар адам есебінде араласатынына, сондай-ақ әйелінің өз құрбыларының ішінде кіммен көбірек әмпей-жәмпей болатынына салғырт қарамауға тиіс деген тұжырымға келген еді ол және мұндай тұжырым жасауының да жөні бар-ды, себебі көшеде, шіркеуде, көп адам қатысатын серуенде, киелі орындарға тағзым ету кезінде (әйелін мұндай жерлерге жібермей ұстап қалуға күйеуі көп ретте шарасыз болады) оңаша жолығысу жөнінде уағдаласудың реті келе бермейді, есесіне мұндай жолығысуды құрбысы немесе айрықша іш тартатын әйел жекжаты өз үйінде оп-оңай ұйымдастыра алады. Бұған қоса Лотарио ерлі-зайыптылардың мүлт кеткен жерлерін көрсетіп отыратын достары болуы керегін, өйткені әйелін жанындай жақсы көретін күйеу оның кемшілігін көп байқай бермейтінін немесе көңілін қалдырып алам ба деп қорқып, қай істе қате жібергенін, қалай еткені жөн болатынын, қай қылығының жараспайтынын, қайсысының мақтауға тұрарлық екенін айта қоймайтынын, ал егер досы бұл жайында адын-ала құлаққағыс етсе, онда бәрін оп-оңай жөнге сала алатынын да ескерткен. Бірақ, Лотарио ойлағандай, әрі ақылды, әрі адал, әрі сенімді досты қайдан табуға болады? Оны мен білмеймін; бұған жалғыз тек Лотарионың өзі ғана лайықты болса керек еді, өйткені ол досының ар-намысын асқан ұқыптылықпен және ерекше елгезектікпен қорғап жүрген-ді, сөйтіп осынау бай да балпаң әрі тәрбиелі, оған қоса, өзі жөнінде ойлап қоятынындай, көптеген ізгі қасиеттер иесі саналатын жас жігіттің, Ансельмоның зайыбы Камилла сынды аса сүйкімді әйелге келіп-кетіп жүруі еріккен өсекшілер мен не істерді білмей зеріккен, іші тар жұрттың көзіне сөкет көрінбеуі үшін ол өзіне бөлінген күндердің санын азайтуға, шектеуге және қысқартуға тырысып бақты; шындығы керек, Камилланың көргенділігі мен қарапайымдығы барып тұрған керауыздардың да көмейіне құм құя алатын, бірақ Лотарио оның ар-ұятына да, досының ар-ұятына да көлеңке түспеуін көздеді, сол үшін өзіне бөлінген күндерді, өзі сендіріп бағатындай, кейінге қалдыруға болмайтын қилы шаруаларға арнауды әдетке айналдырды, нәтижесінде Ансельмоның көп уақыты өкпе айтуға, ал Лотарионың көп уақыты ақталуға кетіп жүрді. Бірақ, бір жолы екеуі далаға қыдырып қайтуға шыққан кездерінде Ансельмо Лотариоға мынандай әңгіме айтты:

— Лотарио досым, сен, шамасы, өзіме осындай ата-ана тарту еткен, сондай-ақ табиғи қабілет дейтіндер мен жан рақатын таптыратын нәрселердің бәрін жомарттықпен басыма үйіп-төккен, оған қоса өзің секілді досқа, Камиллам сынды зайыпқа, — тиісті дәрежеде бағалай алмай жүргеніммен, әйтеуір қолымнан келгенше қадір тұтатын қос қазынама, — тап қылған жаратқан иеміздің жақсылығын қалай дәріптеуді білмей дал боп жүр деп ойлайтын да шығарсың мені. Әйткенмен, адам өзін бұл дүниеде бақытты сезініп, бақытты ғұмыр кешуі үшін не қажеттің бәрі қолымда тұрғанымен, өзімді алдауға ұшыраған, жападан-жалғыз қалған, күллі әлемдегі ең сормаңдай жандай сезініп жүрмін; өзім де түсіндіріп бере алмайтын, айтуға да аузым бармайтын бір тілек мені көптен азапқа салып, жанымды жегідей жеп жүр, соған өзім де таңғалам, өзіме өзім ренжимін, өзіммен өзім арпалысқа түсем, оны еске алмауға, ескермеуге барымды салам, сөйтсем де бұл құпиямды іште сақтау да, қасақана жұртқа жария ету де қолымнан келмей тұр. Сондықтан ерте ме, кеш пе бәрібір мәлім болмай қоймайтындықтан, оны сенің сыр шашпайтын сырбаздығыңа сеніп тапсырғанды жөн көрем, өйткені сыр шашпайтындығыңның және шын дос ретінде маған көрсететін жан аямас жәрдеміңнің арқасында көп ұзамай-ақ осы бір қамығудан құлан-таза арылып, есалаңдығымның нәтижесінде қандай мазасыз халге душар болсам, ықылас-пейіліңнің нәтижесінде сондай дәрежеде қуанышқа кенелермін деп сенем.

Ансельмоның сөзі Лотарионы әрі-сәрі ғып қойды — мына ұзын-шұбақ алғы сөздің әлде кіріспенің не үшін керек болғанын түсіне алмай әуреге түсті; досын осынша азапқа салып, көңілін тыныш таптырмай жүрген нәрсенің не екені жайында қанша бас қатырғанымен, бәрібір оның нобайы ақиқаттан әлдеқайда алыс жатқан болатын; сонан соң берекені алған әрі-сәрі халден арылуды көздеген ол маза бермей жүрген ойларын бұлайша тұспалдап айтуы арқылы Ансельмо өздерінің ақ-адал достығын аяқ-асты еткенін, өйткені бәрін жасырмай жайып салса, өзінің, Лотарионың, оған бұл ойларын құпияда сақтау жөнінде кеңес беретіні, не бұл ойларын іске асыруға көмек көрсететіні Ансельмоға бек жақсы белгілі екенін мәлім етті.

— Рас айтасың, — деді Ансельмо. — Олай болса, осы сенімді арқалана отырып, Лотарио досым, саған жұбайым Камилла өзім ойлап жүргендей соншалықты кіршіксіз таза әрі ізгі қасиеттер иесі ме — міне, осыны білуге аңсарым ауып жүрген жайым барын хабарлағым келеді, — ал өз пікірімнің әділдігіне тек оны сынақтан өткізу арқылы ғана көз жеткізе алмақпын, алтынды отпен сынайтыны секілді, бұл сынақ оның ізгі қасиеттерінің дәреже-деңгейін анықтап беруі керек. Өйткені, досым, өзімнің нық сенімім бойынша, ілтипатына ие болуға ешкім құштарлық білдірмеген әйел ізгі қасиеттер иесі саналуға тиісті емес, тек өзіне ғашық болғандардың ант-су ішіп айтқан сөзі де, сый-сияпаты да, көзінің жасы да, қыр соңынан қалмай үздігуі де селт еткізбеген әйелдер ғана шынымен дініне берік саналмақ. Расында да, — деп жалғастырды ол сөзін одан әрі, — ешкім әйеліңді азғырып, тура жолдан тайдыруға талпыныс жасамаған болса, ондай әйеліңнің адал болғанында не тұр? Егер жеңіл жүріске салынуына ешқандай желеу болмаса, егер өз тарапынан кеткен аз ғана ағаттығы үшін өлімге қиятын күйеуі барын білетін болса, ондай әйелдің ұялшақтығы мен жұрт көзіне түсуді жаратпайтын жасқаншақтығында не тұр? Ендеше, қорқыныштан немесе оңтайлы сәт кезікпегендіктен ізгі қасиеттерге ие боп жүрген әйелге, қолына түсіруге құштар болған және қыр соңынан қалмай қойған еркектермен арпалыста ар-ұятын сақтай білген әйелге деген құрметпен қарағандай қарай алмаймын. Міне, осы себептен, сондай-ақ өз пікірімді нығайтып, негіздей түсу үшін көптеп келтіруіме болатын басқа да себептерден, жұбайым Камилланың аталған қиындықтарды бастан кешуін, өзіне айрықша ынтызарлық білдіруге лайықты адамның өмешесі үзілуі мен ындыны құруы секілді от-жалынды өткелектерден өтіп, тазарып, шынығып шығуын қалаймын. Егер осы арпалыста ол жеңімпаз атанса, ал оған титтей күмәнім жоқ, онда өзімді жер басып жүрген жандардың ішіндегі ең бақыттысымын деп санар едім, бұл жалғанда енді басқа ешқандай тілек-арманым жоқ деп жария етуге толық қақым болар еді, сөйтіп, тағдыр өзімді бір кемеңгердің: “Ізгі қасиетті жұбай кімде бар?” дейтін сауалына жауап боларлық діні берік әйелге жолықтырды деп айта алар едім. Ал, егер өзім күтпеген жағдай орын алып жатса, онда бәрін алдын-ала сезіп білген сұңғылалығыма деген қуанышым осыншама қымбат құрбандықпен қол жеткізген тәжірибем әкелетін күйініштің зардабын жеңілдетуге жәрдемдесер еді. Сөйтіп, енді ойға алған бұл ісіме деген қарсылығыңның қандайы да оны жүзеге асыруыма кедергі бола алмайтынын алдын-ала мәлім ете отырып, Лотарио досым, өзіңнен осы арман-бағымды күтіп, мәпелейтін бағбан болуға келісім беруіңді сұраймын, — ал мен, өз тарапымнан, қандай қарекет жасауыңа да толық ерік берем, жұрттың бәрі сыйлайтын, қарапайым, ақкөңіл де адал әйелдің ықыласына ие болуың үшін өзім қажет деп тапқан жағдайдың бәрін жасаймын. Ал, ең бастысы, осындай аса күрделі шаруаны өзіңе сеніп тапсыруға мені мынадай нәрсе итермелеп отыр: Камилланың ықылас-пейілін өзіңе аударып алған күнде де, бәрібір бұл ақырғы шектен аттауға апармайды, — ниет қылған мақсатымыз ғана іске асады, — сөйтіп, ар-намысыма сен тек ойша ғана қиянат келтіресің, масқарашылығым сыр шашпайтын асыл қасиетіңнің қоймасында көмулі қалады, ал бұл қасиетің маған қатысты жағдайда өлімнің сыр шашпайтын қасиетіндей мәңгілік болатынына сенімдімін. Сөйтіп, егер өмірімнің өмір деп аталуға лайықты болғанын қаласаң, осы қазірден бастап махаббат майданына білек сыбана кірісетін бол — әрине, немқұрайды, самарқау түрде емес, ойға алған ісімнің мақсат-мұратына сай айрықша ынтызарлықпен және шынайы достығымыздың айғағы бола алатындай бар ынты-шынтыңмен кіріс.

Ансельмо осындай әңгіме айтты, Лотарионың оны ден қоя мұқият тыңдағаны сонша, анау әңгімесін аяқтағанша жоғарыда келтірілгеннен басқа бір ауыз сөз қоспады, алайда Ансельмоның үнсіз қалғанын көріп, бейне бір қарсы алдында зәрені алатын әрі таңғалдыратын әлдене тұрғандай, оған тесіле қарап қалды да, ақыры былай деп тіл қатты:

— Досым Ансельмо, маған айтқан бұл сөздеріңнің қалжың еместігіне әлі сене алмай тұрмын, өйткені осының бәрін шыныңмен айтып тұрғаныңды сезген болсам, онда сөзіңді бөліп жіберіп тыңдамай қояр едім де, ұзақ-сонар әңгімеңді аяғына шейін айтқызбас едім. Оллаһи шыным, не сен мені жақсы білмейтін секілдісің, не мен сені жақсы білмейтін сияқтымын. Жоға, сенің Ансельмо екеніңді жақсы білемін ғой, менің Лотарио екенімді де сен білесің. Масқара болғанда, сені сол бұрынғы Ансельмо емес-ау деген ойға келе бастадым, ал сен, мені, шамасы, баяғы өзің білетін Лотарио емес қой деп ойлайтын тәріздісің, — өйткені, өзіңнен естіген жайды Ансельмо досым маған айтпас еді, ал өзің өтініш білдірген нәрсеңді өзіңе жақсы мәлім Лотариодан сұрай алмас едің, өйткені ең жақын достарға, ақын сөзімен айтқанда, тек usgue ad aras36 бір-бірін сынау және бір-біріне көмекке келу парыз: яғни, бұл құдай қош көрмейтін істерге достықты пайдалануға болмайды деген сөз. Ендеше, мәжусидің өзі достықты осылай түсінсе, онда бұ дүниедегі достық үшін о дүниедегі достықты құрбан етуге болмайтынын білетін христиан оны қаншалықты терең түсінуге тиіс? Адам өзінің о дүниеге баратын әзіз жанына қам жемейтіндей, тек қана досының дегенін орындауға құлшынатындай өрескелдікке бой ұрса, онда оның мұндай іске баруына айта қаларлықтай маңызды бір себеп, — мысалға, досының ар-намысына немесе өміріне қатер төнген сәттердегідей, — түртпек болуға тиіс қой. Ал, айтшы өзің, Ансельмо, не үшін мен сондай ұятты іске баруым керек, әлде ар-намысыңа немесе өміріңе қауіп төніп тұр ма? Әрине, олай емес, — қателеспесем, керісінше, өмірің мен ар-намысыңды қаза қылуға мені өзің айдап отырсың, сенікіне қоса, әрине, өз өмірім мен ар-намысым да қаза болмақ. Өйткені ар-намысты жоғалтқаннан өлген артық саналатыны себепті, ар-намысыңды аяқ-асты еткенім де бір, өміріңді үзгенім де бір ғой, ал егер бақытсыздығыңның бағбаны етіп мені белгілеген болсаң, онда бұл қалайша мені ар-намыстан ада қылмасын, соның салдары ретінде өмірімнен айырмасын? Мені жақсылап тыңдап ал, Ансельмо досым, ниет қылған ісің жайында не ойлайтынымның бәрін айтып болғанымша шыдам тап және сөзімді бөлме: өйткені, маған кейін қарсы дау айта аласың және мен не айтсаң да тыңдаймын.

— Жарайды, онда. Бірақ, тек ештеңе жасырма, — деді Ансельмо.

Лотарио сөзін әрмен жалғады:

— Менің ойымша, Ансельмо, ақыл-ойыңның қазіргі ахуалы маврлар ақыл-ойының қашанғы ау-жайынан аумай қалған; өйткені, діни ілімдерінің неліктен жалған екенін оларға ұқтыру мүлдем мүмкін емес қой: оны Қасиетті жазбаға сілтеме жасау арқылы да, пайымдау амалымен түзілген тұжырымдарға негізделген дәлелдер арқылы да, шынайы сенімнің догматтары арқылы да түсіндіре алмайсың — оларға сезуге болатын, сіңіруге оңай, қонымды, көрнекі, күмән келтіру қиын, “Егер тең көлемді екі шамадан көлемі бірдей екі бөлікті алып тастасақ, қалғандары да тең көлемді болады”, деген секілді жоққа шығаруға көнбейтін математикалық дәлелдемесі бар мысалдар керек. Егерде оларға сөзбен айтып түсіндіру мүмкін болмаса, — оларға бірдеңе түсіндіре қою қашан да оңай емес, — онда қолмен нұсқап көрсетуге, көз алдына әкеп тосуға тура келеді, бірақ қасиетті дініміздің шынайылығына шандыру үшін оларға бұның да аздық етіп жататынын байқайсың. Енді міне дәл осы әдіс пен тәсілді сенің өзіңе қолдануыма тура келіп тұр, өйткені жүзеге асырмаққа ниет қылған тілегің шектен шыққан есалаңдық боп табылады, онда зәредей болса да мән-мағына жоқ, сондықтан сенің, жұмсартыңқырап айтқандағы, аңқаулығыңның себебі неде екенін түсіндіріп жату да бір, уақытты босқа рәсуа ету де бір; шынымды айтсам, осынау арам пиғылыңның сазайын тартуың үшін сені сол адасқан бағытыңмен қоя беруіме де болар еді, бірақ өзіңе деген достық сезімім саған мұндай қаталдық жасауға жібермей тұр және апатқа ұшырарың ақиқат шақта өзіңді тастап кетуге рұқсат бермей тұр. Осының бәрі өзіңе ұғынықты бола түсуі үшін сен мынаны айтшы, Ансельмо, күнәсызды күнәкар етуге, адалды айнытуға, ақпейілді сыйлықпен алдауға, әдептіні азғыруға міндетті екенім жайында айттың ба сен маған? Айттың, әрине. Ал егер зайыбыңның күнәсыз, адал, ақпейіл, әдепті екенін өзің жақсы білетін болсаң, онда саған одан артық не керек? Егер ол талпынысымның тамырына балта шабатынына сенсең, — және солай болмай қоймайтыны да белгілі, — оған қазірдің өзінде бойында бар қасиеттерден артық тағы біреуін тауып бере алар ма едің және ол бұдан не ұтар еді? Әлде сен ол жайында мүлде басқа ойдамысың немесе не істеп, не қойып жүргеніңді өзің де білмейсің бе? Егер ол жайында басқа ойда болсаң, оны сынақтан өткізудің керегі не? Ол көргенсіз біреу болса, онда оған ойыңа не келсе соны істей бер. Бірақ, егер ол өзің есептейтіндей керемет жақсы жұбай болса, онда ақиқатты сынаққа салу деген барып тұрған ессіздік боп шығады, өйткені ондай сынақ жұбайың жайында әу баста қалыптасқан пікірді өзгерте алмайды. Пайдасынан гөрі зияны көбірек көрінетін істі тек есі кемдер мен есесі кеткендер ғана қолға алуы мүмкін — әсіресе бұған оларды ешкім итермелемесе, айдап салмаса және егер мұның есерсоқтық екені әу бастан-ақ аңғарылып тұрса. Іргелі істер жаратқанның құрметі мен бейбіт өмірдің құрметіне арналады, немесе екеуінің бірдей құрметі үшін атқарылады: жаратқан үшін жер үстіндегі періште тірлігін кешетін әулиелер қызмет етеді, бейбіт өмір үшін телегей теңіз суды жүзіп өтіп, түрлі елге саяхат жасайтындар, жат жерліктермен жүздесетіндер еңбек етеді — бәрі де жан рақатын таптырады дейтін нәрселерге қол жеткізуді мұрат тұтады; ал жаратқан мен бейбіт өмірдің екеуіне бірдей айбынды жауынгерлер қызмет етеді: бұлар дұшпанның қатарын зеңбірек добы опырып кеткенін көрген бетте-ақ қорқыныш атаулыны мансұқ етіп, өз бастарына анық қатер төнгенін қаперіне де алмай, дінді, отанды, корольді қорғап қалу арманымен қанаттанып, қай-қайсысын да қалт жібермей қарауылдап тұрған мың түрлі қазаға еш қаймықпастан қарсы ұмтылады. Міне, дүниеде осындай істер істеліп жатады және осыған орай туындайтын түрлі қиыншылық пен қауіп-қатерге қарамастан олар ар-намыс, атақ-даңқ және береке-дәулет үшін қызмет етеді. Ал бірақ, өзің айтқандай, ниет қылып жүрген және жүзеге асырмақ ойың бар ісіңмен сен құдайдан қайыр көре алмайсың, жан рақатына кенеле алмайсың, адамдар арасынан құрмет-қошемет таба алмайсың, өйткені тіпті бәрі өзің тілегендей болып аяқталған күнде де, бәрібір бұл саған анау айтқан қуаныш та, пайда да, абырой да әкеле қоймайды. Ал, егер бәрі басқаша аяқталатын жағдайда сенің күніңді ит басына бермесін, өйткені қандай бақытсыздыққа тап болғаныңды жан баласы білмейтіні жайындағы ой саған жеңілдік әкелмейді, — оны сен өзің білесің, осының өзі-ақ жаныңды жегідей жеп, жігеріңді құм қылып, жүнжітіп жіберуге жетіп жатыр. Осы айтқан сөзімнің дәлелі ретінде саған атақты ақын Луиджи Тансиллоның Шадияр Петрдің көз жасы атты туындысының алғашқы бөлімін тәмамдаған шумақтарын келтірейін, — олар мынадай:

Молайтқанда жарығын көктен шарайна,
Молаяды Петрдің ұждан азабы.
Жоқ болса да жан баласы маңайда,
Өртенеді еске алып қиянат пен мазағын:
Өзін-өзі айыптайды турашыл жан қашан да,
Керегі жоқ куәнің, күтпейді үкім басқадан.
Жан азабы қуырады оны шоғында,
Жүрсе-дағы жапан түзде жан аяғы баспаған.

Тап осылайша сені де жан баласы білмейтін құпияң азаптан құтқарып қала алмайды, керісінше сен күні-түні жылайтын боласың, — көзіңнің жасы кеппейтін болады, көзіңнен жас шықпаса, жүрегің қан жылайтын болады: бір аңғал дәрігердің кубок сынағынан өтем деп, ақынымыздың айтуынша, ақылман Ринальд ұстамдылық танытып бас тартқан кубок толы шарапты тартып жіберіп осылайша оңбай опық жегені бар-ды. Бұл өзі поэтикалық қисын болғанымен, оның астарында есте сақтауға, мәнін ұғынуға және өмірде қолдануға лайықты лұғат жасырынып жатыр. Бұл да аз, мен саған қазір тағы бір нәрсе айтам, қандай жан шошырлық ағаттық жасағалы тұрғаныңа бұдан соң көзің біржола жететін болады. Мынадай нәрсені көз алдыңа елестетіп көр, Ансельмо, айталық, құдіретті күштің көмегімен немесе сәті оңынан келген кездейсоқтықтың нәтижесінде сен бір ғажайып алмастың иесі және заңды қожайыны болдың дейік. Оның тазалығы мен салмағы өзің апарып көрсеткен зергерлердің бәрін таң-тамаша қалдырып, бәрі де бір ауыздан бұның салмағы, тазалығы және сапасы осындай тастың жаратылысы туындата алатын ең жоғары да ақырғы мүмкіндік екенін айтып, бәрінің пікірі осыған тоқайласады және өзің де осындай ойдасың, оларға ешқандай қарсы дау айта алмайсың. Енді деймін-ау, ойламаған жерден осы алмасты төске апарып қойып, беріктігі мен сапасын сынақтан өткізу мақсатымен ауыр балғамен бар күшпен соққылай бастасаң — бұл ақылға қонымды іс болар ма еді? Айталық, тіпті сен солай еттің делік, ал тас осынау өрескел сынақтан аман-сау өтті делік, бірақ бұның нәтижесінде оның құндылығына да, атақ-даңқына да дәнеңе қосылмас еді ғой. Ал егер ол уатылып кетсе ше, бұл әбден мүмкін нәрсе, онда ол қайта қалпына келместей боп құрымай ма? Әрине, сөйтеді, ал оның иесі зиялы қауым арасында нақұрыс деген атаққа ие болады. Ендеше, біліп қой, Ансельмо досым, осынау ғажайып алмас — бұл Камилла, өзіңнің көз алдыңда да, басқа жұрттың көз алдында да тап солай. Сондықтан оны кездейсоқ жағдайға киліктіруде мән де, мағынада жоқ, өйткені ол бүлінбей аман қалса, бұдан құндылығы арта түспейді, ал егер шыдас бере алмай ажал табар болса, онда онсыз қалай тірлік кешетінің жайында, оны да, өзіңді де ажалға ұшыратқаның үшін өзіңе-өзің қандай ауыр кінә артатының жайында алдын-ала ойлан. Бұл дүниеде адал да жібі түзу әйелден артық асыл қазына жоқтығын, әйелдің ар-намысы дегеніміз —жұрттың аузындағы жақсы аты екенін түсін. Ал, жұбайың жайындағы жұрттың лебізі — жан сүйсінерлік, оны өзің де білесің, ендеше бұл ақиқатқа күмән келтірудің қандай қажеттілігі бар? Түсін, досым, әйел — нәуетек пенде, оның жолына кедергі тұрғызбау керек, әйтпесе ол сүрініп кетеді де құлап қалады, керісінше, кедергілерді аршып, жолын тазартып беру керек, сонда ол жетілудің ізгі қасиеттерге жетелейтін жолымен жанын қинамай жылдам жүріп өтеді. Жаратылыстанушылар айтатын бір әңгіме бар. Ақкістің терісі қардай аппақ дейді олар, осы хайуанаттың соңына түскен аңшылар мынадай қулыққа баратын көрінеді: оның қашқанда барып тығылатын жерлерін алдын-ала көріп-біліп алған олар сол орындарды лас балшықпен былғап қояды екен де, ақкісті үркітіп, тура әлгі қуыстарға қарай қуалайды екен, ал ақкіс болса, қуыстағы ласты көріп тұрып қалатын көрінеді, өйткені балшыққа сұғынып үстін былғағаннан гөрі аңшының қолына түскенді хош көреді екен, яғни кіршіксіз аппақ терісін бостандығынан да, тіпті өмірінен де қымбат санайтын болған. Адал да жібі түзу әйел — бұл ақкіс, оның ар-намысы қардан да ақ және таза, кімде-кім оның ар-намыстан айрылып қалмағанын, керісінше оны сақтап, қадір тұтқанын мақұл көрсе, онда ол ақкісті аулаушылар қолданатын тәсілді пайдаланбауға тиіс, оны түрлі сыйлықтар мен жабысқақ жалған ғашықтардың қызметі секілді лас нәрселерге қарай итермелемеуі керек, — кім біледі, бәлкім ол жаратылысына байланысты ізгі қасиеттерге оншалықты бай да бола қоймас, дініне берік те емес шығар, сондықтан, жолдағы кедергілерден біреудің көмегінсіз өтуге дәрменсіз болар, ондай жағдайда мұның бәрін оның жолынан алып тастау керек, сөйтіп оны ізгі қасиеттер мен жақсы атақ ұғымы түзетін ғажайып әлемнің кәусарынан сусындату керек. Ізгі ниетті әйелді, сондай-ақ, жарқыраған таза хрустальдан жасалған айнамен де салыстыруға болады, — дем жіберсең болғаны бетін буалдыр бүркеп, күңгірт тартып сала береді. Жібі түзу жақсы әйелге де киелі заттай қараған жөн: оны қадір тұту керек, бірақ оған жанаспаған дұрыс. Райхан гүлдері мен басқа да гүлге толы көркем бақты, — қожайыны ешкімді ішіне кіргізбейтін және гүлдеріне қол тигізуге рұқсат етпейтін, олардың хош иісі мен көркіне алыстан, қоршау торының сыртынан ғана тамсануға болатын бақты, — қалай күтіп, мәпелеу қажет болса, адал жарды да тап солай күтіп, мәпелеу қажет. Сөзімнің соңында қазіргі заманғы бір комедиядан бірнеше шумақ өлең келтірейін, — бұлар осы қазір ғана есіме оралды және, меніңше, оны келтіре кеткеннің оғаштығы жоқ секілді. Бір ақылман қария бойжеткен қызы бар екінші біреуге қызынан көз жазбауға, ешқайда жібермеуге және үйде қамап қояға кеңес береді, оған қоса мынадай нәрсені айтады:

Әйел де — әйнек аумаған.
Сынбай ма, деп, сына ма —
Әуре боп босқа сынама:
Жан жоқ қапы қалмаған.
Естінің бар есебі,
Қозғамайды ол, жалпы,
Оп-оңай қирап қалатын,
Жөнделмес және нәрсені.
Ескеріп жүрсін әрдайым
Қағиданы осы, кім-кім де:
Данаясы бар жерлерде,
Алтын жаңбыр да тұр дайын.

Осы кезге шейін айтқанымның бәрі бір өзіңе ғана қатысты болатын, Ансельмо, енді өзім жайында да айта кеткенім артық етпес және егер бұл ұзаққа созылып кетсе, кешір, — өзің тап болған және менің көмегіммен жарыққа шығуды көздеп отырған тас қараңғы жолың осыны талап етеді. Мені дос санайсың, сөйтесің де, мені ар-намыстан айырғың келеді — бұл достыққа жатпайтын нәрсе. Бұл да аз: өз тарапымнан менің де өз ар-намысыңды аяққа таптағанымды қалап отырсың. Мені ар-намыстан айырғың келетіні — айдан анық нәрсе; өйткені, өтінішіңе орай Камиллаға көз сала бастасам, оның мені ар-ұяттан жұрдай және азғын деп ойлайтынында еш күмән жоқ, себебі дос деген атым мен парызымның шектеулі шеңберінен шалғай шығатын қадамға барғаннан кейін мені басқаша қалай деп атауға болады. Сондай-ақ, өз кезегімде, өзіңнің де ар-намысыңды қорлағанымды қалайтыныңа шүбә жоқ, өйткені ынтық екенімді сездіре бастағанымды көрген Камилланың, шамасы, бұл бойымнан әлденендей бір жеңілтектікті байқап қалған екен, сөйтіп арам пиғылын сездіруге батыл кіріскен екен деп ойлайтыны сөзсіз, бірақ сен оның сүйген жарысың ғой, сондықтан егер Камилла ар-намысым қорланды деп тапса, таяқтың екінші ұшы саған да тиеді. Кеңінен тараған мына бір салт та осыдан тамыр жаяды: әйелінің кінәлі іске барғанынан күйеуі мүлдем бейхабар болса да және жеңіл жүріске салынуына сылтау тауып бермесе де, оны аз десек, осы бақытсыздықтың алдын алуға мүлдем шарасыз болса да, — себебі, бұл оның қамсыздығына немесе ағаттық жіберуіне байланысты істелген нәрсе емес қой, — қайткен күнде де, бәрібір жұрт жеңілтек әйелдің күйеуіне намысына тиетін, қорлайтын неше түрлі ат қойып, айдар тағады. Тіпті зайыбының құшаққұмарлығын жақсы білетін, өз басының айып-кінәсына байланысты емес, әйелінің қылтың-сылтыңына байланысты сормаңдай боп жүргенін іштей жақсы сезіп тұрған жандардың өзі оған аяушылықпен қарамайды, жиренішпен қарайды. Ал, енді мен саған зайыбының опасыздық жасағанынан мүлдем хабарсыз, онда еш айыбы жоқ, оған еш қатысы жоқ және оған сылтау тауып бермеген күннің өзінде де жеңілтек әйелдің күйеуін жұрттың бәрі неліктен ар-намысын жоғалтқан адам санайтынын түсіндірейін. Сөйтіп, енді сөзіме мұқият құлақ қой, — бұның да саған пайдасы болмаса зияны жоқ. Қасиетті жазбада құдайтағала жердегі жәннатта арғы атамызды жаратқан кезде оған қатты ұйқы жіберіпті делінеді, сөйтіп Адам ұйқтап жатқанда оның сол жақ бүйірінен қабырғасын суырып алып, одан арғы анамыз Хауаны жаратыпты. Адам ұйқысынан оянып, Хауаны көрген кезде: “Бұл менің тәнімнен жаралған тән, сүйегімнен жаралған сүйек”, депті. Құдайтағала айтыпты: “Әйелі үшін адам әкесінен де, шешесінен де жырақтайды, сөйтіп бір тәнге айналады”, депті. Міне, тек өлім ғана ара жігін ажыратуға ықтиярлы некенің қасиетті құпиясы сол кезден бастау алған еді. Некенің айрықша күш-қуатқа ие болатыны сонша, әр түрлі екі адам біртұтас тәнге айналады; бұл да аз: сүйіп қосылған жұбайлардың жаны — екеу, бірақ арман-мақсаты — біреу ғана. Бұдан шығар қорытынды, егер күйеуі мен әйелін бір тән десек, онда әйелінің тәніндегі дақтар мен кем-кетіктер, әлгінде айтып өткенімдей, ешқандай айыбы болмаған күннің өзінде, күйеуінің де тәнін былапыттайды. Бәрі біртұтас тән болуы себепті, адамның аяғы немесе басқа бір дене мүшесі ауырғанын тұла бойы түгел сезінетініндей, сөйтіп балтырдың ауырғаны ешқандай айып-кінәсы жоқ бастың да мазасын алатынындай, күйеуі де әйелінің арсыз ісінің құрбаны болады, өйткені екеуі біртұтас тәнге айналғандар. Ендеше, бұ дүниедегі арлылық пен арсыздық атаулының бәрі, соның ішінде жеңілтек жұбайдың арсыздығы да, тән мен қанға тікелей қатысты болатын болса және солардан туындайтын болса, онда күйеуіне де одан тиісті үлес тиеді, ештеңеден хабарсыз жүргенімен, бәрібір, ар-намысы аяққа басылады. Жайбарақат тірлік кешіп жатқан ақ ниетті абзал жарыңды әуреге салу арқылы қандай қатерге бас тігетініңді ойла, Ансельмо. Пәтуасыз да пәруайсыз әуестігің жібі түзу жұбайыңның бойында бұғып жатқан құпия құштарлық қақпасын ашып жіберуі мүмкін екенін ойла. Ұтысың шамалы ғана болатынын ұғын, ал ұтылысың шаш-етектен келмек, ол жайында үндемей-ақ қояйын, өйткені оны сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Егерде осы айтқанымдарым арам пиғылыңнан айнытуға мәжбүр ете алмаса, онда абыройсыздығың мен бақытсыздығыңның бағбаны болуға басқа біреуді таңда, мен ондай бола алмаймын, тіпті осының салдарынан арамыздағы достық қатынастың үзілетініне де қарамаймын, ал мен үшін бұдан асқан құрбандық жоқ.

Осыны айтып ақ ниетті, ақылға бай Лотарио үнсіз тұрып қалды, ал алабұртып, ойға шомған Ансельмо болса, не дерін білмегендей көпке дейін үн қатпады; ақыры былай деп жауап берді:

— Айтпақ болғаныңның бәрін қалай мұқият тыңдағанымды өзің де көрдің ғой, Лотарио досым, жанашыр лебізің, мысалдарың мен теңеулерің асқан ақылды адам екеніңді, достық сезіміңнің айрықша шынайылығын паш етеді, ал мен, өз тарапымнан, пікіріңе құлақ аспай, өз дегенімде қалар болсам, жақсылықтан жырақтап, жамандықтың жетегінде кететінімді аңғарып тұрмын. Мұның солай екені рас, бірақ сен қазір бойымды әлденендей бір дерт жайлап алғанын түсінуге тиіссің, дәл осындай дерт кейбір әйелде де болады, сол кезде олардың топырақты, әкті, көмірді, кейде тіпті бұдан да жаман нәрселерді — ауызға салмақ түгіл қарауға да жүрегің айнитын нәрселерді — жеуге аңсары ауады. Мені бұдан сауықтыру үшін қулық керек боп тұр және бұл үлкен де қулық емес: Камиллаға жүрдім-бардым, жорта ықылас білдіре бастағаныңның өзі жетіп жатыр, ал ол алғашқы қарқыннан қалмай жығыла кететін әлжуаз біреу емес. Осындай бастаманың өзі-ақ мені қанағаттандырар еді, ал сен болсаң мені өмірге қайта оралтып қана қоймай, ар-намысыма төніп тұрған қатердің жоқтығына да көзімді жеткізесің, сөйтіп достық парызыңды өтейсің. Өтінішімді орындауға міндетті болатыныңның себебі мынада: осындай сынақ өткізуге ақи-тақи бел буғандығымнан, бұл пәруайсыз әурешілігім жайында басқа біреулерге хабарлап қоюыма, сөйтіп өзің соншалықты қамқор боп жүрген ар-намысымның ақсап қалуына жол бермеуің керек. Егер Камиллаға ынтызарлық білдіріп жүрген кезіңде оның алдында арыңа азды-кем ақау түскенін сезсең бұған ешқандай немесе мүлдем дерлік мән берме, өйткені, өзіміз күткендей, илікпейтініне көзіміз жеткен соң, сол бойда-ақ оған екеу-ара қулығымыз жайындағы бар шындықты айтып бере аласың, одан соң оның өзің жайындағы пікірі қайта қалпына келмек. Сөйтіп, жоғалтарың түкке тұрғысыз болатынын, ал мені қандай зор қуанышқа кенелтетініңді түсіне келіп, нендей кедергі жолыққанына қарамай сен осыны іске асыр, өйткені, қайталап айтам, сен тек бастап бер, ал мен мұны біткен шаруа санаймын.

Ансельмоның алған бетінен қайтпайтынын көрген, бұл шешімін өзгерту үшін тағы қандай мысал келтіріп, тағы қандай дәлелдемені алға тартуды білмеген, арам пиғылы жайында басқа біреулерге айтып бермек ойы барын естіген Лотарио бұдан да зор лаң-сүреңнің алдын алу үшін дегеніне көніп, дедегімен жүруге келісті, алайда іштей барлығын Ансельмо да ырза болатындай және Камилланың да жаймашуақ көңіліне қаяу түспейтіндей етіп орындамаққа ұйғарым жасады; осы мақсатта ол Ансельмоға ешкімге ештеңе айтпауды тапсырды, өйткені, ол, Лотарио, бұл істі өз мойнына алмақ және Ансельмо қашан лайық көрсе сол кезден кірісіп кетпек. Ансельмо оны елжірей құшақтап, құдды бір анау ерен жақсылық жасағандай алғысын аямай жаудырды; сөйтіп, олар іске ертеңнен бастап кіріспекке келісті, Ансельмо Лотарионың Камилламен оңаша жолығысуына арнап орын тауып, уақыт белгілейтін болды, сондай-ақ сыйлыққа берілетін, тарту етілетін ақшамен және бағалы бұйымдармен қамтамасыз етуді міндетіне алды. Бұған қоса ол Лотариоға музыка ойнап Камилланың көңілін көтеруге, оған арнап өлең шығаруға кеңес етті; егер Лотарио бұдан бас тартатын болса, онда бұл үшін оның өзі-ақ өлең шығарып бере алатынын айтты. Лотарио мен бәріне дайынмын, деп алдай салды, Ансельмо болса бұған сеніп қалды. Өзара осындай келісімге келген олар Ансельмоның үйіне барып, Камилланың мазасы кетіп, уайым шегіп отырғанының үстінен түсті, себебі сол күні күйеуі үйіне әдеттегіден кеш оралған-ды.

Лотарио үйіне қайтты, Ансельмо болса мәз-шат көңілде қала барды. Осынау өрескел әурешіліктің ойдағыдай аяқталуы үшін не істеу керегін білмей басы қатқан Лотарио, алайда, сол күні түнде-ақ Ансельмоны қалай алдап, Камилланы қалай ренжітпеудің жолын ойлап тапты. Сөйтіп, ертеңіне досының үйіне түстенуге барды, Камилла оны жайдары көңілмен қарсы алды — жалпы, қашан барса да ол мұны айрықша жылы мейіріммен қарсы алып, жаны қалмай күтетін, өйткені оған деген күйеуінің ықылас-пейілі қандай екені өзіне жақсы мәлім-ді. Міне, түскі ас та ішілді, ыдыс-аяқ та жиналды, сол арада Ансельмо Лотариоға тығыз шаруамен бір жерге баруы керек боп тұрғанын, бір жарым сағаттың айналасында қайтып оралатынын айтып, оған шейін Камилламен бірге бола тұруын сұрады. Камилла оған бармай-ақ қойсаңшы деп жалына бастады, Лотарио оны шығарып салуға тілек білдірді, бірақ Ансельмо табандап тұрып алды, — Лотарионы қайткенде де өзін күте тұруға көндірді: оның, Ансельмоның, мұнымен аса маңызды бір шаруа жайында сөйлесуі керек көрінеді. Ал, Камилладан өзі қайтып оралғанша Ансельмоны жалғыз қалдырмауын сұрады. Қысқасы, жедел шаруамен, шындығында, жүдә өтірік шаруамен, асығыс кетіп бара жатқандай көрінгені сонша, мұның жалғандығына ешкім күмән келтіре алмаған болар еді. Ансельмо шығып кетті де, асханада Камилла мен Лотарио екеуі ғана қалды, өйткені малайлар түскі асын ішіп жатқан. Лотарио өзін бейне бір майдан алаңында, — Ансельмо өзі тап болса екен деп армандаған майдан алаңында, — қалғандай, қарсы алдында айдай сұлу ажарымен-ақ қарулы рыцарьлардың қалың тобын жер жастандыратын жау тұрғандай сезімде болды, — Лотарионың не себепті қорқынышқа бой алдырғанын түсінерсіз деп ойлаймын. Сондықтан, креслоның таянышына шынтағын қойып, алақанымен жағын тіреген ол, ең дұрысы, әдепсіздігі үшін Камилладан кешірім сұрап, Ансельмо оралғанша кішкене көз іліндіріп алғысы келетінін айтқан ғой деп шешті. Камилла оның креслода ұйқтағанша, эстрадоға жайғасқаны жайлырақ болатынын байқап, Лотарионың сонда барып жатуын сұрады. Алайда, Лотарио одан бас тартып, Ансельмо келгенше креслода жатып ұйқы соқты, ал анау Камилланы өз бөлмесінде отырған жерінен, Лотарионы ұйқтап жатқан жерінен тауып, кішкене кідіріңкіреп қалған екем, бұлар, шамасы, сөйлесіп те, тіпті шамалы қалғып та алуға үлгерген екен деп ойлады, сөйткен соң Лотарио ұйқысынан оянғанша дегбірі кетіп дызақтап бітті — оянған бойында оны үйден алып шығып, қандай жаңалық барын сұрамақ еді. Бәрі де тілегеніндей-ақ болды: Лотарио оянды, сол бойда екеуі сыртқа шықты, ол Лотариоға сұрақ қойды, анау алғашқы кездесуде-ақ бәрін жайып салған жарамсыз болар деп тапқанын, сондықтан әзірше тек оның сұлулығына сұқтанып, ақыл-парасаты мен ажары қала жұртының аузынан түспей жүргенін айтып мақтаумен болғанын хабарлады, сондықтан ол, Лотарио, негіз қаланды деп есептейді: Камилланың ықыласын баурауға бағытталған әрекетін бастап та кетті және оны алдағы әңгімеге дайындап қойды, осы себепті келесі жолы ол мұның аузынан шыққан әр сөзге жан-тәнімен құлақ қоятын болады, сол үшін бұл әр адымын аңдап басатын адамды тура жолдан тайдыру мақсатында шайтанның өзі қолданатын қулыққа барып отыр: түнектің рухы боп табылатын шайтан жарықтың рухына айналып, мейірімділік кейпіне енеді емес пе, өтірігі әу баста-ақ әшкере боп қалмаса, қашан ойлаған мақсатына қол жеткізгенше бет-бейнесін ашып көрсетпейді емес пе. Бұл айтылғанның бәрі Ансельмоның көңілінен шықты, сөйтіп ол енді күн сайын, тіпті үйден кетпей-ақ, әлденендей үй-ішілік шаруамен шұғылданған боп жүріп-ақ, оны Камилламен оңаша қалдыратынын, мұның әншейін айла-шарғы екені Камилланың қаперіне кіріп те шықпайтынын мәлім етті.

Сөйтіп, біраз күн бойы Лотарио Камилламен жақ ашып бірде бір мәрте сөйлескен жоқ, ал досын онымен әңгімелесіп жүрмін, бірақ осынша уақыттың ішінде оны тура жолдан аз да болса ауытқитындай ештеңеге үгіттеп көндіре алмадым, дәме етерліктей дәнеңе сездірген жоқ, деп сендірумен болды; ол өз алдына, егер пасық пиғылдан арылмасаң, бәрін күйеуіме айтып берем деп қорқытады, деді.

— Тамаша, — деп жуаси үн қатты Ансельмо. — Сөйтіп, Камилла сөзге төтеп бере алды, — ал енді іске қалай төтеп берер екен, соны көрейік. Ертең саған екі мың алтын теңге табыс етем, мұны оған сыйлық ретінде ұсынатын боласың, сосын алтын-күміс пен асыл тастан жасалған әшекей сатып алуы үшін тағы екі мың берем, бұл оны ерекше еліктіруге тиіс, — өйткені, жер бетінде қанша әйел болса, соның бәрі, тіпті сертіне шектен тыс беріктері де, сәнді киім киіп, салтанат құрғанды ұнатады, соның ішінде әсіресе әдемі әйелдер мұны айрықша жақсы көреді, ал егер ол осы арбауға да төтеп берсе, онда өзімді қанағат таптым деп санаймын да, одан әрі басыңды ауыртпайтын болам.

Лотарио оның бір істі бастаса аяғына дейін жеткізбей қоймайтынын, тіпті құр босқа сүлдері құрып, тақырға отыратынын алдын-ала біліп тұрғанына да қарамайтынын байқады. Ертеңіне ол төрт мың эскудо алды, онымен бірге алдынан төрт мың қиыншылық өре түрегелді, өйткені тағы қандай өтірік ойлап табарын білмеп еді: алайда ақыр соңында Камилла мақтау сөзге қалай немқұрайды болса, сыйлықтар мен серттерге де сондай немқұрайды екен, сондықтан босқа әуреленудің қажеті жоқ, ол уақытты босқа жіберу боп шығады, дегенді айтпақ болды. Бірақ тағдыр бәрін басқа арнаға салды: әдеттегіше Лотарио мен Камилланы оңаша қалдырған Ансельмо көрші бөлмеге кіріп кілттеніп алған соң, олардың не істеп, не қойып жатқанын білмекке кілт салатын тесіктен сығалап, тың тыңдаумен болған-ды, сөйтіп жарты сағат бойы Лотарионың Камиллаға қарап ләм деп ауыз ашпағанын көріп, тіпті екеуін тұтас бір жыл бірге қалдырса да ештеңе айтпайтынын біліп, досының аузынан естіген Камилла жауаптарының бәрі бастан-аяқ ойдан шығарылған өтірік деген қорытындыға келді. Сосын осыған ақи-тақи көз жеткізу үшін олардың үстіне кірді де, Лотарионы былай шығарып алып, не жаңалық барын, Камилланың көңіл күйі қалай екенін сұрады. Лотарио оған ендігі жерде бәрін жылы жауып қоятынын, өйткені Камилла қайтарған жауаптардың қаталдығы мен қайырымсыздығы сондай, онымен әңгімені әрі жалғауға жүрегі дауаламайтынын айтты.

— Әй, Лотарио, Лотарио! — деп дауыстап жіберді Ансельмо. — Достық парызыңды орындауға неге құлқың жоқ сенің, өзіңе деген шексіз сенімімді ақтауға неге салғыртсың сен! Жаңа ғана қолымдағы мына кілтті салатын тесіктен сені қадағалап тұрдым, Камилламен бір ауыз тілдеспегеніңе куә болдым. Соған қарап, сен онымен әлі ештеңе жайында сөйлеспеген екенсің деп түйдім. Егер бәрі нақ солай болса, — ал, осылай екенінде шүбә жоқ, — онда не үшін мені алдап жүргеніңді, әртүрлі айла-шарғыға барып, өз мақсатыма өзгешелеу жолмен жетуіме не үшін бөгет жасағаныңды айтшы?

Ансельмо басқа ештеңе деген жоқ, бірақ Лотарионың қатты ыңғайсызданып, қыбыжықтап қалуына осының өзі-ақ жеткілікті болды, сөйткен соң, өтірік айтумен айналысқаны жайында өзіне тағылған айыпты жеке басын қорлау есепті қабылдаған ол сол арада тұрып Ансельмоға ендігі жерде бұл іске бар ынты-шынтысымен кірісетінін айтып ант берді, оған қоса, егер әуесқойлық танытып артынан аңдыса, бұған Ансельмоның өзі-ақ көз жеткізетінін ескертті, — алайда, мұндай қадағалауға қажеттілік туа қоймайды, өйткені Ансельмоның көңілін табу мақсатында байқатпақ елгезектігі қандай күдікке де жол қалдырмайтын болады, деді. Ансельмо оның бұл сөзіне сенді, сөйтіп анау еркінірек те батылырақ қимылдасын деген оймен қала маңайындағы деревняда тұратын танысына бір аптаға барып қайтуды ұйғарды: онымен алдын-ала келісіп алғандықтан, Камиллаға көз қылу үшін анау бұған қайта-қайта шақырту жіберіп жатқан-ды. Беу, соры қайнаған, көр соқыр Ансельмо! Немен айналысып жүрсің? Қандай қасіретке қол созып тұрсың? Қай жаққа қарай бастауға әмір еттің өзіңді? Ойлансайшы: өзіңе өзің ор қазып жүрсің ғой, өз ар-намысыңды өзің қорлағалы тұрсың ғой, өзіңді құрдымға қарай бастауға әмір еттің ғой. Жұбайың Камилла — ізгі қасиеттер иесі; жайбарақат, жаймашуақ қалыпта құшағыңа аласың оны; төсек рақатын татуыңа ешкім кедергі келтіріп жатқан жоқ саған; оның ой-ниеті төрт қабырғадан алысқа ұзамайды; жер бетінде жүрген сен оның аспаны секілдісің, арман-мақсатының шырқау шегі де сен ғана, талап-тілегінің өлшемі де сен ғана, әрқашан өз ықтиярыңмен және құдіретті күштің ықтиярымен ғана тірлік кешеді ол. Оның ар-намысының, сұлулығының, тазалығы мен қарапайымдылығының қойнауында жатқан қазына-байлықтың қай-қайсысын да қалауыңша тегіннен-тегін иеленіп отырған болсаң, бұрын-соңды кезікпеген жаңа қазына көзін іздеп жер қазудың не қажеті бар еді саған? Қасірет топырағының төбеңе опырыла құлауы да мүмкін ғой, өйткені бәрін де, шынтуайтына келгенде, әйелдің әлжуаз жаратылысының шатқаяқ бағандары тіреп тұр ғой. Есіңде болсын, қол жетпеске қол созғандар қол жетерден де құралақан қалады, бұл жайында ақын бұдан да тәуірірек айтқан:

Іздеймін еркіндік — түрмеден,
Қапас үйден — кеңістік,
Қасіреттен — жұбаныш,
Өлімнен — өмір, дерттен — қуаныш,
Ұрыдан күтем — естілік.
Құдіретті күш пен қу тағдыр,
Кестіңдер мені жазаға,
Осыным үшін мәңгілік:
Қолым жетпеске — қызығам,
Қолым жетері — әңгілік.

Ертеңіне Ансельмо деревняға аттанды, кетерінде Камиллаға өзі жоқта Лотарионың үйге көз қырын салып тұратынын, үйден түстенетінін айтып, күйеуіне қандай жағдай жасаса, оған да сондай жағдай жасауға тиіс екенін мәлім етті. Қарапайым да адал жұбай болғандықтан Камилла қамығып қалды да, күйеуінің берген тәртібіне көңілі толмай, өзі жоқта әлдекімнің оның үстелінде отырғанын онша орынды көріп тұрмағанын, ал егер шаруаны жайғау қабілетіне күдіктенсе, онда осы жолы байқап көруіне болатынын —бұдан да қиын істерді атқару қолынан келетініне соған қарап-ақ көз жеткізе алатынын құлаққағыс етті. Ансельмо осындай ұйғарым жасағанын, оған қалғаны тек бас иіп, бұйрықты бұлжытпай орындау ғана екенін ескертті. Камилла оның айтқанын орындайтынын, бірақ бұған онша риза еместігін мәлім қылды. Ансельмо жүріп кеткен күннің ертеңіне Лотарио келді, Камилла оны жайдары жүзбен қарсы алды, бірақ өзін мейлінше сыпайы ұстады. Жалпы, ол Лотариомен оңаша қалмауға барын салды, айнала-маңында малай жігіттер мен малай әйелдер қаптап жүретін болды; көбінесе Леонелла есімді күтуші қыз жанынан шықпайтын, оны айрықша жақсы көретін, екеуі Камилланың ата-анасының үйінде бірге өскен-ді, Ансельмоға күйеуге шыққаннан кейін Камилла оны қасына алған. Алғашқы үш күнде Лотарио оған ештеңе айта алмады, ал оның орайы келген сәттер де болмай қалмаған, дәлірек айтқанда, малайлар ыдыс-аяқты жинастырып, Камилланың әмірімен тез барып тамақтанып қайтуға кеткен кездер соған қолайлы-ақ еді; бірақ, бұл да аз: ол Леонеллаға тамағын ертерек ішіп алуға, одан соң қайтып келіп қасында отыруға бұйрық берген-ді; алайда, есіл-дерті ойын-күлкі болған Леонелла осы мүмкіндігі мен уақытын өз қызығына берілуге арнап, ханымының әміріне әрдайым құлақ аса бермейтін, — керісінше, бейне бір дәл осындай бұйрық алғандай, оны Лотариомен оңаша қалдырып кететін. Алайда, Камилланың биязы қалпы, байсалды бет-әлпеті және артық-ауыс әңгімеге бармай өзін өте паң ұстауы — осының бәрі Лотарионың аузына қақпақ қойған-ды.

Сөйтсе де, Лотарионың аузын аштырмай қойған Камилланың бойындағы ізгі қасиеттердің пайдасы екеуі үшін де зиянға шықты, өйткені, ауызға қақпақ қойылғанымен, ойға бұғау салынбаған еді: ол Камилланың тірі адам түгіл мәрмәр мүсінді де өзіне ғашық қыла алатын әдемі ажары мен жан сұлулығына тән ғажайыптарын тамсана тамашалай алатын. Камилламен сөйлесуге тиіс болған уақыт аралықтары кезінде Лотарио одан көз аудара алмай, махаббатына қаншалықты лайықты екені жайында ой кешетін; осы ой оның Ансельмоға деген адалдық сезімін біртіндеп ығыстырып шығара бастады, соны сезгенде қаланы тастап, Ансельмо өзін көрмейтін, өзі де Камилланы көре алмайтын жаққа қарай кетуге сан мәрте оқталды да, бірақ сұлуға сұқтана көз тігіп отырған кезде табатын жан рақаты оны ешқайда жібермей, табандатып қойды. Камилланың сұлулығына сүйсініп жан рақатын табуға еліктіретін сезімді енді қайта бастан кешпеу үшін, бұл сезімді бойында тұншықтыру үшін өз-өзімен арпалысып-ақ бақты; өзімен-өзі оңаша қалған сәттерде ол мұны сандыраққа бағалады; өзін-өзі залым, екі жүзді дос, тіпті азғын христиан деп те атады; сан-сапалақ ой кешіп, Ансельмо мен өзін салыстырумен болды, бірақ нәтижесінде бәріне кінәлі — бұның, Лотарионың, ұстамсыздығы емес, Ансельмоның есуастығы мен астамшылығы деген тұжырымға тіреле берді, адамдар алдында ақтала алатынындай, құдайдың алдында да ақтала алса, онда күнәсі үшін еш қам жемеуіне болатынына сенді.

Камилланың көруге көз керек ажары мен жан сұлулығы, сондай-ақ ақылсыз күйеуінің арқасында оңтайы келген жағдай Лотарионың адалдығынан жұрнақ та қалдырмады; сөйткен соң, Ансельмо кеткеннен кейін арада үш күн өткенде, өз тілегін тұншықтыру мақсатындағы арпалыстан жеңіліп, тек құштарлығының ғана жетегіне ерген ол, соншалықты толқу үстінде және соншалықты ынтызарлықпен Камиллаға сүйіспеншілік сезімін ағыл-тегіл ақтара бастады: не қыларын білмей есі шыққан Камилла үн-түнсіз орнынан тұрды да, бөлмесіне кетіп қалды. Алайда, оның салқындығы Лотарионың үмітін үзген жоқ, өйткені үміт махаббат сезімімен бір мезгілде пайда болады, — керісінше: оның ықылас бөлетініне деген үміті бұрынғыдан да арта түсті. Ал, Лотариодан мұндайды өмірі күтпеген Камилла не істерді білмеді; ақыры ойлана келіп, оған сүйіспеншілік сезімін қайта ақтаруға сылтау тауып беру және мүмкіндік жасау әрі қатерлі, әрі әдепсіздік болар деп тауып, Ансельмоға мынадай мазмұнда хат жазып, малай арқылы беріп жіберуге тәуекел етті — және оны сол күні кеште аттандырып та үлгерді:

ХХХІҮ тарау

Мұнда Пәруайсыз әуестік жайындағы хикаят одан әрі жалғасады

“Әскердің қолбасшысыз, қамалдың комендантсыз қалғаны жаман деседі, — ал мен, әлденендей бір тосын жағдайлар тап келмесе, жас келіншектің күйеуінен ажырап қалғаны одан да жаман дер едім. Қасымда жоқтығыңыз маған өте ауыр тиіп тұр және бір-бірімізден қол үзіп қалғанымыздың қиыншылығы сондай, тез арада келмесеңіз, ата-анамның үйіне барып тұруға, үйіңізді күзетшісіз қалдыруға мәжбүр болам, өйткені мені күзетуге қалдырған адамыңыз, — егер бұл шынымен күзетші болса, — Сізге қатысты нәрседен гөрі өзінің рақат-қызығы жайында көбірек ойлайтын секілді. Ақылды адамсыз ғой, не айтпақ болғанымды онсыз да түсінерсіз, оның үстіне бұған тағы бірдеңе қосудың өзі маған жараспайды-ақ”.

Хатты оқып шыққан Ансельмо Лотарио іске кіріскен екен, ал Камилла, шамасы, Лотариомен ара қатынасын бұның, Ансельмоның, өзі іштей қалағандай қалыпта ұстап тұр екен, деп түйді; бұл хабарға қатты қуанған ол қандай да бір себеппен болсын үйді тастап кетпеуін, өйткені ұзамай барып қалатынын Камиллаға айтып баруға әмір етті. Ансельмоның жауабы Камилланы таңғалдырды, бұрынғыдан да бетер абдырап кетті, өйткені үйде қаларын әлде ата-анасына барарын білмеген-ді — қалайын десе, ар-намысын қатерге байлауы ықтимал, кетейін десе, күйеуінің сөзіне құлақ аспаған боп шығады. Ақыр соңында өзі үшін ең ауыр жолды таңдады, атап айтқанда — үйде қалуға және қызметші-күтушілердің сыпсыңына жол бермеу үшін Лотариомен жүздесуден қашқақтамауға бекінді; Камилла енді жұбайына әлгіндей хат жазып жібергеніне өкіне бастады: Лотарио бұның тарапынан әлденендей жеңіл мінез байқап, әдептен аттауына сол түрткі болған-ау деп ойлап қала ма деп қорықты. Бірақ, пәк-тазалығына нық сенімді ол, жаратқанның жәрдемі мен өз ақыл-есіне арқа сүйемекке бекінді, ал ақыл-есі Лотарио өзіне қандай сауал қоймасын мейлі ешқандай жауап бермеуін, бұл жағдаят көңіліне алаң кіргізбеуі үшін және ұрыс-керіс шықпауы үшін күйеуіне енді ештеңе хабарламауын жөн көріп тұрған, — оны аз десек, Камилла енді күйеуі өзінен әлгі хатты неліктен жазғанын сұрағанда Лотарионы қалай ақтап алуға болатынын да ойластыра бастаған-ды. Тығырықтан жол табар ұшқыр қиял деуден гөрі ақжүректік айнасы деуге келіңкірейтін осындай ойдың жетегіндегі Камилла ертеңіне Лотарио сөзіне құлақ тосты, ал анау мүлдем өрекпіп кетті, нәтижесінде Камилланың шыдамдылығы шатқаяқтай бастады; сөйтіп, Лотарионың жылауы мен жалбарынуы оятқан жан ашырлық пен махаббат мейірімін аңдатарлық әлдене байқалып қалмасы үшін, қарапайымдылығына бағып көзін тайдыруына тура келді. Бұның бәрі Лотарио назарынан қалыс қалмады, қанын қыздыра түсті. Ақыр аяғында, Ансельмоның жоқтығын пайдаланып, қоршау шеңберін одан әрі тарылтқанды жөн көрді, сөйткен соң сұлулығын әспеттейтін әдемі сөздермен қаруланған ол Камилланың атаққұмарлығына шабуыл жасады, өйткені сұлулардың жүрегінде орын тепкен даңққұмарлық мұнараларын мақтау мен мадаққа майталман ауыз сомдаған дәріптеулер ғана жедел түрде күйретіп, жермен-жексен ете алатын. Солай болып та шықты: оқ-дәріні аямай жұмсаған Лотарио оның ұстамдылық жартасының астын асқан ептілікпен үңгігені сонша, тіпті Камилла мәрмәрдан қашап жасалған күнде де, бәрібір құламай тынбайтын еді. Лотарио жылады, жалбарынды, уәде берді, жағымпазданды, қасарысты, алдаусыратты — осының бәрін бар ынты-шынтысымен және шынайы ықыласпен істегені сонша, Камилланың ұялшақтығы ұмыт болды, сөйтіп Лотарио өзі онша үміт ете қоймаған, бірақ арман еткен жеңісіне жетті.

Камилла берілді; берілді Камилла; бірақ Лотарионың достық сезімі де төтеп бере алмағанда, бұған таңдана қоярлық не бар? Махаббат ынтызарлығынан құтылу үшін одан тек аулаққа қашу ғана қажет болатынын, мұндай әлеуетті дұшпанмен алысуға ешкімнің тәуекел етпегені жөн екенін, өйткені оның адами күшіне құдіреттің күші ғана тойтарыс бере алатынын анық танытатын бір мысал осындай. Ханымның жолдан тайғанын жалғыз тек Леонелла ғана білді, себебі сатқын достар мен жаңа нақсүйерлер атаулының бәрі оның назарынан тыс қалмайтын. Камилланың алдында өз сезімінің бағасын төмендетіп алудан және көңіл қалауымен емес, кездейсоқ және ғайыптан қолына түсірген екен деп ойлап қалуынан қорыққан Лотарио оған Ансельмоның әурешілігі жайында да, онымен табысу үшін өзіне, Лотариоға, мүмкіндік жасағаны жөнінде де жұмған аузын ашқан жоқ.

Арада бірнеше күн өткенде Ансельмо үйіне оралды, үйіне келуін келгенімен сақтауға мейлінше салғырт қараған, бірақ барынша жоғары бағалайтын нәрсесінің орны үңірейіп тұрғанын аңғармады. Сол бойда Лотариоға аттанып, оны үйінен тапты; екеуі құшақтасып көрісті, содан соң Ансельмо не жаңалық барын, өмір сүруі керек пе әлде өле бергені жөн бе, не істеуі керегін сұрады.

— Жаңалық сол, Ансельмо досым, — деп жауап қатты Лотарио, — жұбайың үлгі тұтуға және күллі адал әйелдің әулиесі болуға лайық жан екен. Оған арнап айтқан сөзім далаға кетті, уәделерімді құлағына да ілмеді, сыйлықтарымды қайтарып тастады, алдамшы көз жасымды көріп ішек-сілесі қатқанша күліп алды. Қысқасын айтқанда, Камилла деген — сұлулықтың шырқау шыңы, адалдықтың қайнар бұлағы, әдептіліктің, қарапайымдылықтың және жібі түзу әйелдерге абырой мен бақыт әкелетін басқа да барлық ізгі қасиеттің қоймасы. Ақшаңды қайтып ал, досым, міне мынау, оның қажеті болмады, өйткені Камилланың беріктігі сондай, сыйлық пен уәдеге илікпейді, — ол үшін бұл шектен тыс жиіркенішті нәрсе. Осыны қанағат тұт, Ансельмо, жаңадан сынақ жасаймын деп әуреленбе. Күйеуінің жұбайына қатысты туындайтын және туындауы мүмкін сенімсіздік пен күмән теңізін сен тізеңнен келтірмей-ақ кешіп өттің, ендеше жаңа қауіп-қатердің шалқар теңізіне қайта шығып басыңа бәле іздеме, тіршілік теңізінен жүзіп өтуің үшін жаратқан иеміз берген кеменің беріктігі мен бекемдігін тексеруді басқа жетекшіге жүктеуші болма, — иә, сен өзіңді тыныш айлаққа келіп жеттім деп есепте, жан тыныштығының зәкірін таста да, таңдаулылардың да таңдаулысы төлеуге тиіс, төлемеске лажы жоқ қарызды сұрай келгенше сол жерде тұра бер.

Лотарионың сөзі Ансельмоны айрықша қанағат сезіміне бөледі, бұған абыздың дуалы аузынан шыққан сөздей сенді; әйткенмен, ол досынан әуесқойлық үшін болса да және уақытты қызықты өткізу үшін болса да бұл істен біржола қол үзбеуін сұрады; болашақта, әрине, осыншалықты ақ тер, көк тер әрекет жасамай-ақ қоюыңа болады, деді ол, бірақ, енді оның, Ансельмоның, жалғыз ғана тілегі — Хлора деген бүркеншік есіммен Камиллаға арнап мадақ өлең жазылғаны, ал өзі Камиллаға Лотарио бір ханымға ғашық боп қалып, оның қарапайымдылығын ескеріп, әдептілік сақтау үшін оны осы есіммен жырға қосып жүр демек; егерде Лотарионың өлең шығаруға құлқы болмаса, өзі-ақ шығарып бере алады.

— Өйтіп әуреге түспей-ақ қой, — деп қарсылық білдірді Лотарио, — өйткені, музалар мені онша жатырқамайды, сирек те болса жүз көрсетіп тұрады. Ендеше, ғашықтық дертіне шалдыққаным жайында әлгінде айтқандарыңның бәрін Камиллаға жеткізе бер, ал өлеңді жазуын мен жазып шығам, арнау иесінің өзіндей келісті болмаса да, әйтеуір шама-шарқым жеткенше тәуір ғып жазарым анық.

Есалаң дос пен сатқын дос екеуі осыған бәтуаласты; үйіне қайтып оралған Ансельмо болса, осы уақытқа шейін сұрау салмай Камилланы қатты таңырқатып жүрген нәрсені, атап айтқанда, анандай хатты жазуға не түрткі болғанын сұрады. Камилла оған Ансельмо үйде жоқта Лотарио өзін еркіндеу ұстай ма деп қалғанын, бірақ артынан ол ойынан айнығанын, солай көрінген шығар деп шамалайтынын, өйткені Лотарио қазір өзінен қашқақтап, оңаша қалуға құлшынбайтынын хабар етті. Ансельмо бұған жауап ретінде, мұндай күдікпен біржола қош айтысуы керегін, себебі Лотарионың бір ақсүйек әулеттен шыққан қызға ғашық боп, оны Хлора деп атап өлең шығарып жүргенін құлағы шалғанын, тіпті ол біреуге ғашық болмаған күнде де Лотарионың адалдығына және екеуінің арасындағы қыл өтпес достыққа күмән келтіруіне негіз жоқтығын айтты. Егер Лотарио Хлораға ғашықтығы жалған екенін, бұл жайында Ансельмоға айтқанда Камилланы дәріптеуден қуаныш табуға мүмкіндік алмақ болғанын Камиллаға құлаққағыс етіп қоймағанда, оның қызғаныш торына тұтылатынында күмән жоқ-ты, алайда бұдан алдын-ала мағлұмдар болған келіншек бұл хабарға жайбарақат қана құлақ салды.

Ертеңіне, түскі астан кейін, үшеуі оңаша қалғанда Ансельмо Лотариодан сүйікті Хлорасына арнап шығарған өлеңін оқып беруін өтінді, — Камилла оның кім екенін бәрібір білмейді, сондықтан аяшың жайында ойыңдағыңның бәрін іркілмей айта беруіңе болады, деді.

— Камилла білген күнде де ештеңе жасырып қалмас едім, — деді Лотарио келіспей. — Ғашық жігіттің аяшының сұлулығын дәріптеп, қатыгездігіне өкпе айтқаны — оның жақсы атына кір келтіргендік емес. Қалай болғанда да, әйтеуір, мынау рақымсыз Хлора жөнінде кеше шығарған сонетім:

Мылқау түнек түскенде жерге биіктен,
Баурағанда пендені ұйқы самалы,
Азабымның жүргізем мұңлы санағын,
Құдірет пен Хлораға арнап сүйікті.
Таң шапағы ашқан кезде бір демде
Шығыс беттің қызыл арай қақпасын,
Күрсініс пен өкпе-реніш астасып,
Ағытылар толас таппай кеудемнен.
Көк аспаннан жерге қарай үдеріп,
Шаңқай түсте от жебелер жауғанда,
Зар илеймін, ышқынамын еңіреп.
Міне, тағы түн де келді түнеріп,
Құдірет пен Хлораның саңырауға
Ұқсасын біліп, аһ ұрамын дебдіреп.

Камиллаға сонет ұнады, әсіресе оны Ансельмо қатты ұнатты; жақсы екенін айтып, осындай керемет шынайы сезімге қайрылмайтынына қарағанда бұл ханым, шамасы, асқан қатыгез болғаны ғой, деді. Бірақ, сол арада Камилла:

— Ғашық ақындардың аузынан шыққан сөздің бәрі шындық па? — деп сұрады.

— Ақын ретінде олар жалған сөйлейді, бірақ ғашық ретінде олардың айтары аз болады әрі адалын айтады, — деп жауап қатты Лотарио.

— Бұған еш күмән жоқ, — деп келісе кетті Ансельмо онымен. Бұлай дегенде, осы қоштауы арқылы Лотарионың Камилла алдындағы беделін өсіру мақсатын ғана көздеген, бірақ Лотариоға ықыласы ауып кеткен Камилла Ансельмоның бұл қитұрқысын аңғармады.

Лотариоға қатыстының бәріне бүйрегі бұрып тұратындықтан, оған қоса оның бүткіл арман-ойы мен жазбалары өзіне ғана бағышталғанын және шын мәніндегі Хлораның өзі екенін жақсы білетіндіктен, ол Лотариодан тағы қандай сонеті немесе басқадай өлеңдері барын сұрады.

— Бір сонет бар, — деп жауап қатты Лотарио, — бірақ бұл алғашқысы секілді жақсы ғой немесе, дұрысы, сол секілді шамалы ғой деп ойламаймын. Оны өздеріңіз айта жатарсыздар:

Жек көрумен-ақ түбіме жетерсің сен,
Білем оны, құларым хақ құрдымға.
Білем тағы, жұлдыз жанар, нұр тұлға
Ажарыңның құлы боп өтермін мен.
Атақтан, құштарлықтан, өмірден жеріп,
Аттаған шақта ақырғы шектен,
Үнсіздік еліне, жанымды жүдеткен
Асыл бейнең бірге кетеді еріп.
Қастерлімнен осы, ардақты алтыннан,
Айыра алмас мені ақырғы сәтте
Селқостық та, ұнатпау да қабарып.
Сорлы басым! Ағыста қалдым алқынған,
Қарасам да қанша, қуат іздеп дәтке,
Жол көзер жұлдыз көрсетпейді жанарын!

Ансельмо екінші сонетті де біріншісінен артық болмаса кем бағаламады, осылайша өзін шыр айналдыра шырмап, абыройсыздыққа берік етіп байлаған шынжырдың буынына буын жалғай берді; өйткені, Лотарио абыройын әсіресе қатты былапыттаған кезде ол оған: міне, ар-намысым үшін енді ғана алаңсыз болатын болдым, дегенді айтатын; дәл осылай Камилла да масқарашылық тұңғиығына қарай баяу сырғанап бара жатқан-ды, ал күйеуіне ол тазалық пен жақсы атақтың асқар шыңына қарай өрлеп бара жатқандай көрінетін. Әйтсе де, бір жолы Камиллаға күтуші қызымен оңаша қалудың орайы келді де, Камилла оған былай деп тіл қатты:

— Қымбатты Леонелла, өзімді тым арзан бағалап, жылдам ыңғай бергенімнің салдарынан Лотарионың бір табандап қол жеткізудің орнына жүрегімді бірден жаулап алғанына ұялып жүрмін. Құштарлығының бет қаратпас болғанын, қарсылығымды жапырып жібергенін қаперінен шығарып, мені икемге көнгіш немесе жеңілтек деп жазғыра ма деп қорқам.

— Бұған бола қапа болмай-ақ қойыңыз, мейірбан ханым, — деді Леонелла, — онда тұрған дәнеңе жоқ: егер сыйлықтың өзі шынымен тәуір де бағалы болса, оның құндылығы шапшаң қолымызға тигеніне байланысты төмендемейді. “Игіліктің ерте-кеші жоқ” дейтін мақал бар емес пе.

— Мынадай да мақал бар: “Арзанға түскеннің қадірі де арзан”, делінеді, — деп сөз қыстырды Камилла.

— Бұл мәтелдің сізге қатысы жоқ, — деп қарсылық білдірді Леонелла, — себебі, махаббат, естуімше, бірде құс боп ұшса, бірде жаяу жүреді, біреумен құйғытса, екінші біреумен митыңдайды, біреулерді мұздатса, өңгелерді өртеп жібереді, біреуді жарақаттаса, екінші біреуді шейіт қылады, оның тілегі қас қағымда тұтанып, қас қағымда өшуі мүмкін, таңертең ол қамалды қоршауға алады, ал кешкісін қамал қирап жатады, өйткені, оған қарсы тұрарлық күш жоқ. Олай болса, неден қауіптеніп, неден үрейленіп отырсыз? Себебі, Лотарио да тап сондай кепті бастан кешті емес пе, өйткені махаббат екеуіңізді бірдей тізе бүктірудің құралы етіп қожайынымның сапарға кетуін қалап алды ғой. Махаббат ойластырған нәрсе тап сол Ансельмоның үйде жоқ кезінде, ол қайтып келгенге шейін іске асуға тиіс еді, өйткені оның сапардан қайтып оралуы бәрінің шырқын бұзатын: себебі, тілегін орындауға келгенде махаббат үшін оңтайлы жағдайдан артық жақсы көмекші жоқ қой, сондықтан ол мұны, әсіресе алғашқы кездерде, ойға алғандарын орындауға барынша пайдаланып қалуға тырысады. Мұның бәрін негізінен өз тәжірибемнен білем, әлдекімнен естіген әңгімем емес, кейін бір реті келгенде өзім жайында айтып берермін сізге, синьора, — себебі мен де ет пен сүйектен жаралған жанмын ғой, оған қоса әлі жаспын. Айтайын дегенім, синьора Камилла, сіз оған салған жерден сеніп, бірден көне кеткен жоқсыз, көз жанары, күрсінісі, айтқан сөзі, берген уәдесі мен тартуларына қарап алдымен оның жан дүниесіне терең бойладыңыз, сөйтіп оның адамгершілік қасиеттерін танып, махаббатқа әбден лайық екеніне көзіңіз жетті. Олай болса, екі жүзділік пен менмендік сыбырына құлақ түрмеңіз, Лотарионы қалай сыйласаңыз, оның да сізді солай сыйлайтынына өзіңізді сендіріңіз: махаббат торына тұтылғаныңызға ол соншалықты қуанышты әрі бақытты, осынау махаббат торы оның алдындағы қадір-құрметіңізді бұрынғыдан да арттыра түседі, оған қоса ол әрбір түтіні түзу ғашыққа тән болуға тиіс делінетін төрт Б-мен ғана емес, яғни басы бостығы, байқампаздығы, болаттай беріктігі, бүкпелей білетіндігімен ғана емес, күллі әліппемен де мақтана алады — мұқият тыңдаңыз, қазір оны сізге жатқа айтып берем. Өз түсінігімше, ол ақылды, одан соң әлгі төрт Б келеді, дәріпті, есті, жігерлі, зейінді, инабатты, келбетті, лауазымды, мейірімді, намысқой, орнықты, парасатты, рақымды, сабырлы, тәуекелшіл, уәзипалы, шалымды.

Бұл әліппе Камилланың көңілін сергітіп жіберді, сөйтіп ол Леонелланың махаббат мәселесіндегі тәжірибесі сөзіне қарап бағалауға болатыннан, шын мәнінде, әлдеқайда молдау екен деп шешті. Сол арада Леонелла мұнысын мойындап, өнегелі шаңырақтан шыққан, сол қаланың тұрғыны боп табылатын бір жас жігітпен ойнап-күліп жүргенін Камиллаға жайып салды; бұл хабар Камилланы шошытып жіберді, ар-ұятына қатер туса осы бір тұстан тууы мүмкін-ау деп, үрейленіп қалды. Қадағалай сұрап, қатынастары қаншалықты тереңдегенін білмек болды. Анау еш қысылып-қымтырылмастан қатынастары тіптен тереңдеп кеткенін айтты. Әлбетте, әрдайым осылай болады: ханым мүлт кетсе болды, күтуші әйел де қолма-қол ұятын жоғалтады, сөйтіп, ханымның сүрінгенін көріп өзі де сылти бастайды, оны жұрттың біліп отырғанынан қымсынбайды. Амалы таусылған Камиллаға Леонелладан сүйген жігітіне өзінің ашыналығы жайында айтпауын сұрап жалынудан басқа ештеңе қалмады, сондай-ақ Ансельмо мен Лотарио біліп қоймасы үшін жеке басының жеңіл жүрісін де құпияда ұстауын өтінді. Леонелла уәдені берудей-ақ берді, бірақ оны орындау жағын оңдырмағаны сонша, Камилланың осы қыздың қырсығынан абыройдан айрылып қалуым мүмкін-ау деген сезігі ақыры расқа шықты, өйткені қожайын әйелдің бұрынғы өктемдіктен қол үзе бастағанын байқаған және көңілдесімен жатқан жерінің үстінен түскен күнде де бәрібір ұстап бермейтініне кәміл сенімді, ұят дегенді ұмытқан, әдепсіз Леонелла жігітін үйге алып келуден тайынбаған-ды, — қожайын әйелдер жасайтын күнәнің зардапты салдарының бірі осындай: олар күтушілерінің күңіне айналып, жағымсыз да жиіркенішті істерін бүркемелеп отыруға мәжбүр болады. Камилла да тап осындай кепті бастан кешті: үйіндегі бөлмелердің бірінде сүйіктісімен құшақ қауыштырып жатқан Леонелланың бір емес, бірнеше рет үстінен түсті, алайда оған тіпті реніш білдіруге де батылы жетпеді, керісінше жігітін жасырып тастауға жәрдемдесіп, Ансельмоның көріп қалмауы үшін қолынан келгеннің бәрін жасап бақты. Алайда, олардың осындай айла-амалдарына қарамастан, бір жолы Лотарио әлгі жігіттің ала таңда Ансельмо үйінен шығып бара жатқанын байқап қалды; бұның кім екенін білмеген ол әу баста көзіме қос көрінген екен деп ойлады; бірақ, плащын қаусырынып алған әлгінің асқан сақтықпен, адымын абайлай басып жылыстап бара жатқанын көргенде аңғал болжамынан айнып, басқа бір тұжырымға келді: ақыр аяғында Камилла жол тауып шықпағанда бұл тұжырымының салдарынан бәрі де оңалмастай опық жеген болар еді. Леонелланың бұл дүниеде бар-жоғын Лотарио мүлдем ұмытып кеткен-ді, сондықтан Ансельмоның үйінен осындай мезгілсіз уақытта шығып келе жатқан адамның Леонеллаға келуі мүмкін-ау деген ой қаперіне кіріп те шықпаған; сол арада ол өзіне оп-оңай ыңғай бергені секілді, бұл жолы да Камилла көңілшектік жасап, жылдам көне қойған екен деп түйді, — жеңіл жүріске салынған жұбайдың жаман құлығынан туындайтын салдар осындай болады: тіптен сол жалынып-жалпаю, уәде беру арқылы тар төсекте табысуға қол жеткізген ашынасының алдында да қадірі қалмайды, өйткені ашынасы оның басқа біреумен табысуы ендігі жерде бұдан әлдеқайда жеңілге түседі деп ойлайды, сол себепті болмашы күдіктің өзі оған енді ақиқат шындық секілді елес береді. Осыны көрген Лотарио, шамасы, ақылын жоғалтып алса керек, ұстамды мінезінен айрылып, дебдіреп қалды, өйткені жанын жегідей жеген жойқын қызғаныш апшысын қуырған, Камилладан қалайда өш алуға ынтыққан ол, — шын мәнінде өзінің алдында еш айып-кінәсы болмаса да, — бас қатырып жатпай, әлі төсегінен де тұрып үлгермеген Ансельмоға жүгіріп барудан басқа тәуір де жөндем ештеңе ойлап таба алмады, сөйтіп оған былай деп тіл қатты:

— Біліп қой, Ансельмо, өзіңе айтуға оқталған бір сөзімді айта алмай, өзіммен өзім арпалысып, азапқа түсіп жүргеніме көп күн болды, енді оны сенен жасырар шамам жоқ және қақым да жоқ. Біліп қой, Камилла есімді қамал берілуге көнді, қандай шарт қойсам да қабылдауға дайын. Бар шындықты өзіңе осы күнге шейін айтпай келгенімнің жалғыз ғана себебі — бұл оның әйелдерге тән әншейін қылтың-сылтыңы емес пе екен, өз рұқсатың бойынша білдіре бастаған сүйіспеншілік сезімім шынайы нәрсе ме, соны сынақтан өткізіп, тексеру жайын ойластырып жүрген жоқ па екен, соған анық көз жеткізгім келген. Бұған қоса, егер Камилла адал жұбай болса және екеуіміз ойлағандай ізгі қасиеттердің иесі болса, онда өзіне ынтызарлық білдіргенімді саған хабарлайтын шығар деп ойлағам, бірақ оның бұған асықпай жүргенін көріп, берген уәдесінің жалған еместігін түсіндім, — ал маған ол киім-кешегіңді сақтайтын бөлмеде (рас-ақ: өздері әдетте дәл осы бөлмеде табысатын), өзің тағы бір жаққа кеткен кезде жолығысуға уәде етті. Алайда, ашуға ерік беріп, жедел түрде кек қайтаруға кіріспей тұра тұруыңды сұрар едім, өйткені ол әзірше тек қиялмен ғана күнә жасады, ал оны іс жүзінде жасағанша ойы өзгеріп, басқа арнаға ауытқуы, сөйтіп әлгі күнәні опасыз пиғылына деген өкініш алмастыруы әбден мүмкін ғой. Ендеше, осы күнге шейін әрдайым немесе әрдайым дерлік ақыл-кеңесімді тыңдап келсең, қазір өзіңе айтқалы отырған тағы бір кеңесіме құлақ сал: кейін бәрін көзіңмен көріп, көңілге түйгеннен кейін қандай шара қолдануыңа болатыны жайында байсалды байлам жасауың үшін мұны жақсылап есіңде сақта. Өткен жолғыдай, екі-үш күнге бір жаққа баратыныңды айт та, өзің киім-кешек сақтайтын бөлмеге тығылып қал, онда кілемдер мен басқа да мүліктер тұрғандықтан осыған өте қолайлы орын боп табылады. Сол жерде екеуіміз Камилланың қандай пиғыл-ниетте жүргенін өз көзімізбен көретін боламыз, егер ойға алған ісі опасыздық болса, солай екенінде шүбә жоқ, онда алтын басыңды қорлағаны үшін аяусыз жаза беретін, артық сөзге бармайтын, бәрін алдын-ала ескерген, ақылмен әрекет ететін жендетке айналуыңа болады.

Лотарионың айтқандары Ансельмоны әрі таңғалдырып, әрі таңдандырып, тығырыққа тіреп қойды, өйткені мұндай әңгімені енді естимін деп мүлдем күтпеген, — Лотарионың жалған үздігуін жұбайы үзілді-кесілді тыйып тастады деп ойлап, төбесі көкке елі жетпей жүрген. Еденге көз аудармай қараған қалпы ұзақ отырды, сосын ақыры:

— Сен нағыз дос екеніңді дәлелдеп бердің, Лотарио. Ақыл-кеңесіңді бұлжытпай орындайтын болам. Не істесең соны істе, бірақ мына күтпеген жағдайға орай мұны құпияда сақта, — деді.

Лотарио соған уәде етті, бірақ Ансельмоның үйінен шыққан бойда-ақ әлгі айтқандарына оңбай өкінді, мұның үлкен ақымақтық болғанын түсінді, өйткені осынша қатыгездік пен жексұрындыққа бармай-ақ Камилладан оның өзі-ақ кек ала алатын еді. Ұшқалақтығы үшін өзін-өзі қарғап-сілеп, ұстамсыздығы үшін тілдеді, бұл ағаттықты қалай жөндеп, тығырықтан жол табу үшін қандай амал жасау керегін білмей дағдарды. Ақыр соңында Камиллаға барып болған жайдың бәрін айтып айыптанғанды жөн көрді; бұның ретін келтіру оған қиынға түскен жоқ — сол күні-ақ онымен оңаша жүздесті, өздерін ешкім тыңдап тұрмағанына көз жеткізіп алған соң Камилла былай деді:

— Білесің бе, жаным Лотарио, жүрегімнің қатты ауырып, сыздап тұрғаны сонша, осы қазір жарылып кететін секілді, егер де ақи-тақи жарылмаса онда бір ғажаптың көмегімен ғана аман қалуы мүмкін. Бері қара: Леонелланың арсыздыққа салынғаны сонша, көңілдесін үйіме алып келіп түні бойы ойнап-күлетінді шығарды, мұнысы менің жақсы атыма нұқсан келтіріп жүр, өйткені әлгі жігіттің беймезгіл уақытта үйімнен шығып бара жатқанын көргендердің ойына не түрлі күмән кіруі мүмкін ғой. Маған әсіресе ауыр тиетіні — оны не жазалай алмайтыным, не ұрсып-сөге алмайтыным, өйткені өз іс-қылықтарымыздың басы-қасында жүргендіктен оның іс-қылығы жайында жұмған аузымды ашпауға мәжбүр болам, осының бәрі бір бәлеге бастай ма деп қорқам.

Оны үнсіз тыңдап отырған Лотарио әу баста мұның бәрін Камилла әлгінің өзіне емес, Леонеллаға келгенін дәлелдемек боп көз алдау үшін қиыстырып отыр деп ойлаған; алайда Камилланың қатты күйзеліп, жылап, өзінен ақыл-кеңес сұрағанын көргеннен кейін оған қалтқысыз сенді, сенген соң бұрынғыдан да бетер ұялып, істеген ісіне қатты өкініш білдірді. Сөйтсе де, Камилладан бекерден-бекер күйіне бермеуін өтініп, Леонелланың есерлігін ауыздықтаудың бір жолын ойлап табатынын айтты. Ақыр аяғында Лотарио дегбірін құртқан дүлей қызғаныштан Ансельмоға барып бәрін баяндап бергенін, сөйтіп Камилланың опасыздығына көз жеткізу үшін, екеуара келісім бойынша, оның киім сақтайтын бөлмеде жасырынып жататынын айтты. Осынау есалаңдығына кешірім етуін сұрап жалбарынып, жағдайды қалай қалпына келтіруге болатыны жайында, нәгүмандығы салдарынан кіріп кеткен мына қиыр-шиыр шытырманнан қалай жол тауып шыға алатыны жөнінде кеңес беруін өтінді.

Лотарионың айтқандарын естіген Камилла не дерді білмеді, ызадан күйіп кете жаздап, өзі туралы осындай өрескел ойдың жетегінде жүргені үшін және оғаш та оспадарсыз іске барғаны үшін Лотарионы жерден алып, жерге салып тілдеп, әділ де орынды өкпе-реніш білдірді; алайда әйелдің ақыл-ойы татымды тұжырым жасауға келгенде еркектің ақыл-ойынан олқы түсіп жататынымен, жақсылыққа да, жамандыққа да үн қатуға келгенде жаратылысына тән қасиетіне байланысты одан алғырлау болғандықтан, Камилла осынау бір қарағанда сына қағылар саңылау жоқтай көрінетін тығырықтан шығар жолды қас пен көздің арасында-ақ тапты. Сөйтіп, Лотариоға Ансельмо ертеңіне тап сол өздері уағдаласқан жерде тығылып жататын болсын, соны қатаң қадағала, деді; сосын осынау жасырынбақтан әжеттеріне асатын пайда таппақ ойы барын, нәтижесінде бір-бірімен алаңсыз аймаласып, құмар қандыруға жол ашылатынын құлаққағыс етті; арғы ойын ақыр аяғына дейін ашпаған ол, Лотариоға Ансельмо тығылып қалған кезде Леонелланың шақыруымен ішке кіріп, қойылған сұрақтарға Ансельмоның естіп жатқанын білмейтіндей кейіпте жауап беруі керегін ғана ескертті. Лотарио өзінің әрі батылырақ, әрі мейлінше сақ әрекет етуі үшін Камилладан ойға алған ісі жайында толығырақ айтып беруін сұрап жалына бастады.

— Саған әрекет етудің керегі жоқ; қайталап айтам, саған тек сұрақтарыма жауап беру ғана қажет. — Міне, Камилланың оған айтқанының бар-жоғы осы ғана болды, өйткені өзіне өте орайлы көрінген ниетін Лотарионың жақтырмай тастауынан, сөйтіп тиімсіздеу басқа бірдеңені ойлап тауып, кірісіп кетуінен қорқып, оған өз жоспары жайында айтпай тұра тұрғанды жөн көрген-ді.

Бұдан соң Лотарио кетіп қалды, ал ертеңіне Ансельмо деревнядағы танысына бара жатқан боп шығып кетті де, қайтып келіп жасырынып қалды — Камилла мен Леонелла қолайлы жағдайды қарастырып қойғандықтан, бұл оған қиындыққа түспеді.

Сөйтіп, Ансельмо тығылып қалды, тұла бойын айрықша толқу биледі: осы қазір көз алдында әлдекімдер ар-намысын ластай бастайтынын, қас қағым сәт өтпей-ақ баға жетпес байлығын — сүйген жары Камилланы ол осылай бағалайтын — әлдекімдер алып кететінін күтіп жатқан адам ғана, шамасы, осындай толғанысты бастан кешсе керек. Ансельмоның тығылып жатқанына кәміл сенімді Камилла мен Леонелла киім сақтайтын бөлмеге келіп кірді; табалдырықтан аттай бере-ақ Камилла ауыр күрсініп алып былай деді:

— Аһ, мейірімді Леонелла! Райымнан қайтаруға тырысып әуре бола ма деп ойға алған ісім жайында өзіңе ештеңе айтпағанмын, соны қазір орындауға дәтім жетпей тұр, қане, Ансельмоның қанжарын алшы, қасиетсіз кеудеме қадашы оны! Жо-жоқ, тұра тұр, неге мен біреудің кінәсіне бола қасірет шегуге тиіспін? Ең алдымен, Лотарионың ардан жұрдай әдепсіз көзі бойымнан соншалықты не тапқанын, неге бұлайша аяқ асты батырлық көрсетіп, қара ниет құштарлығын маған баян еткенін, сөйтіп өзінің досын масқарашылыққа ұшыратып, менің ар-намысымды аяққа басқанын білгім келеді. Баршы терезеге, Леонелла, шақыршы оны, — қазір оның көшеде тұрғаны анық: арсыз тілегім қашан орындалар екен деп тосып тұрған шығар. Бірақ, одан бұрын менің тілегім — қатыгез болғанымен қасиетті тілегім орындалар.

— Аһ, қадірлі ханым! — деп сарнап қоя берді әрі аңғарымпаз, әрі бәрінен хабардар Леонелла. — Қанжар сізге не керек? Шынымен-ақ өзіңізді өзіңіз өлтіргіңіз келе ме әлде Лотарионы өлтірмексіз бе? Бірақ, қандай жағдайда да бәрібір ар-намысыңыз бен жақсы атыңызды харап қыласыз. Одан да іштен тыныңыз да, осынау азғынды өзіміз оңаша отырғанда табалдырықтан аттатпаңыз. Ойлап көріңізші, синьора, біз нәуетек әйелміз, ал анау ер адам және оның үстіне әй-шайға қарамайтын дөкір біреу. Егер ол мұнда құштарлықтан көзі қарауытып, арам пиғыл жетегімен келген болса, онда ойға алғаныңызды орындаймын дегенше өзіңіз үшін өлімнен де жаман боп шығатын ниетін іске асырып та үлгеруі мүмкін ғой. Әй, осы Ансельмо мырзамды-ай, анадай алдамшыны үйінде еркінсітіп қойғаны несі екен? Айталық, синьора, оны өлтірдіңіз дейік, — меніңше, көздеп жүргеніңіз де осы сияқты, — сонда мәйітті қайтпекпіз?

— Не істейміз дейсің бе? — деді Камилла. — Оны Ансельмо жерлесін, — бұл іс оған көңілді демалыс секілді көрінетін шығар, өйткені ол жерге өзінің масқарашылығын көмеді ғой. Ал, шақыр енді оны мұнда, — қара ниеті үшін қайтарылатын кекті кешеуілдете беруім — жұбайылық адалдыққа берген сертіме сатқындық жасаумен бірдей секілді боп тұр өзіме.

Ансельмо бәрін естіп тұрды және Камилланың әр сөзінен ол жайында қаншалықты теріс ойда болғанын түсініп тұрды; ал Лотарионы өлтіруге анық бекінгенін аңғарған кезде, мұндай істі болдырмас үшін тығылған жерінен шыға келіп, бой көрсетуге оқталды, бірақ ештеңеден шімірікпейтін осынау өжеттік пен осынау ізгі ниетті шешім немен аяқталарын білуге деген құмарлық оны кідіртіп қойды, жеме-жемге келгенде ғана шығып, Камиллаға тоқтау салармын деп ұйғарды.

Ал, бұл екі арада Камилла өтіріктен ес-түстен айрылып, талып кеткен болды, сөйтіп кереуетке гүрс етіп құлаған кезінде Леонелла шар ете қалды да:

— Ойбай, бұл не деген сұмдық! Қандай бақытсыз сорлы едім — жер бетіндегі тазалықтың жауһары, ізгі қасиетті жұбайлардың әулиесі, ұстамдылықтың қайталанбас үлгісі көз алдымда дүниеден озғалы жатыр ғой… — деп зар илеп жылай бастады.

Бұған қосымша ол тағы талай нәрсені айтты, мұны естіген жанның бәрі де оны әлемдегі ең жанашыр және адал күтуші, ал ханымын қуғын көріп жүрген жаңа Пенелопа деп ойлап қалар еді. Камилла көп күттірмей-ақ есін жиды, басын көтеріп, жан-жағына қаранған соң:

— Саған не болған, Леонелла, күн астындағы және ай астындағы әлемге біткен ең адал досты неге шақырмайсың мұнда? Асықсаңшы, барсаңшы, жүгірсеңші, ұшсаңшы, жайбасарлығың ашуымның күшін азайтып жібермесе неғылсын, арман еткен әділ кегім қаһар төгіп, қарғыс айтумен сейіліп кетпесе неғылсын, — деді.

— Барам, бара жатырмын, ханым, — деді Леонелла, — тек әуелі қанжарыңызды маған беріңізші, әйтпесе мен жоқ кезде бірдеңе жасап қоярсыз да, жақын-жуықтарыңыз кейін өмір бойы жылаумен өтер.

— Оған қам жемей-ақ қой, сүйкімді Леонелла, мен ондай артық іске бармаймын, — деп қарсылық білдірді Камилла. — Өз ар-намысымды қорғауым, сеніңше, ессіздік әрі ақылсыздық сияқты көрінетін шығар, алайда мен, әуелі бақытсыздығына айыпты адамды өлтірудің орнына, кіршіксіз таза болса да өзін-өзі өлімге қиған Лукреция емеспін ғой. Иә, мен өлемін, егер өзіме лайықты жаза сол болса, бірақ әуелі қандай да бір желеу бермегеніме қарамастан оспадарсыздық көрсеткен, сөйтіп көзімнің жасын кептірмей қойған адамның сазайын тартқызып, одан кегімді алып кетуім керек.

Леонелла Лотарионы шақырып келуге бара қоймай ұзақ жалындырды, сөйтіп ақыры кетті, ол жоқ кезде ханымы өзімен-өзі сөйлесті:

— Жасаған-ай, жасаған-ай! Бұрын да талай қуып салғанымдай, Лотарионы сол жолы да қуып жібергенім жөн болатын еді ғой, өзімді ардан безген, азғын әйел санатына қосуына жол беріп қойғанымды қарашы, — өкінішке қарай, қазір онда сондай желеу бар, — бірақ бұл ойынан құлантаза арылады әлі-ақ! Сөйткенімде, сөз жоқ, жақсы болатын еді. Бірақ, қылмысты пиғыл-ниетінің ауаны алып барған жерден Лотарио түк ештеңе болмағандай аман-сау шықса, өзімнің де кегім қайтпас еді, жұбайымның да ар-намысы ласқа былғанған күйі қалар еді. Харами тілегі үшін ол сатқын өмірмен қош айтысуға тиіс! Камилланың күйеуіне деген адалдығын сақтап қалғанымен қоймай, оның намысын қорлауға талпынған адамнан өш алғанынан зиялы қауым хабардар болсын (егер зиялы қауым бұл жайында қашан да болса бір білсе). Сөйте тұрғанымен, Ансельмоны құлағдар етіп қойғаным да артық етпейтін еді деп ойлаймын. Бірақ, бұл жайында деревняға жолдаған хатымда емеурін жасадым емес пе, ал оның құлаққағыс еткен қаупімнің алдын алуға асықпаған себебі, сірә, мейірбан да ақжүрек адам болуы себепті сыннан өткен досының өз ар-намысына зардап келтіретіндей істі ойластырып жүргеніне сене алмағанынан және сенгісі де келмегенінен ғой деймін. Тіпті өзім де бұған көпке дейін мән бермей келдім ғой, сыйлап-құрметтейтініне сендіріп бағудың, бағалы сыйлықтар берудің, егіл-тегіл көз жасының астарында арам пиғылы жатқанын байқамасам, бәлкім, мән бермес те едім. Бірақ, бұндай әңгіменің қазір қажеті не? Батыл шешім біреудің кеңесіне мұқтаж бола ма? Әрине, мұқтаж емес. Ендеше, сақтан, сатқындық, дайын бол, ыза-кек! Кір ішке, опасыз, жақында бермен, өл, арам қат, одан соң не болса о болсын! Көктегі құдірет өзімді жұбай етіп қосқан жанның құшағына пәк қалпымда кірдім, енді одан пәк қалпымда шығуға тиіспін, — ол да аз: оның құшағынан өзімнің бейкүнә қаным мен жер-әлемде бұрын көз көріп, құлақ естімеген зұлым достың арам қанына малшынып шығатын болам.

Мұның бәрін ол жалаң қанжарды қолына ұстаған күйі бөлме ішін әрлі-берлі кезіп жүріп, сөз арасында ойға келмейтін оқыс қимылдар жасай жүріп және сезімге шектен тыс беріле жүріп айтты — мұны көріп тұрған адам оны ақыл-есінен айрылған біреуге балар еді, нәзік жанды әйел емес, ойлаған ісін орындамай тынбайтын нағыз қансүрек деп қалар еді.

Кілемнің тасасында тұрған Ансельмо бәрін көріп, бәріне таңырқанумен болды, сол арада оған осы көргендері мен естігендері бұдан да гөрі ауқымдырақ күмәнді сейілтуге жарап қалатындай сезілді, сөйтіп, әлденендей бір шетін оқиғаның орын алуынан қорыққан ол Лотарионың келуіне байланысты жасалатын тәжірибені тыйып тастауға бейіл берді. Осыған бекінген Ансельмо тығылған жерінен атып шығып, жұбайын құшағына алып, жұбатуға оқталған да еді, бірақ Леонелланың Лотарионы қолынан жетектеп кіріп келе жатқанын көзі шалып еріксіз іркіліп қалды. Ал, Камилла болса, Лотарионы көрген бойда-ақ қанжармен еденге шекті белгілейтін сызық сызып, былай деді:

— Лотарио! Саған айтарым мынау: егер мына шектен аттайтын болсаң немесе оған сәл де болса жақындайтын болсаң, онда сол ниетіңді байқап қалған сәтімде-ақ мына қанжарды кеудеме қадаймын! Енді сен жауап ретінде әлдене айтып үлгергеніңше, саған өзім бірер ауыз сөз айтқым келіп тұр, одан соң қалай хош көрсең, солай жауап бере жатарсың. Біріншіден, Лотарио, сен өзің күйеуім Ансельмоны білесің бе және оны қалай бағалайсың, соны айтсаң, ал екіншіден, сен өзің мені білесің бе, соны айтып берсең. Қане, жауап бер, ұялма және қандай жауап қайтарам деп ойланып тұрып алма, өйткені сұрақтарым қиын емес.

Камилланың не істемек ойы барын әу бастан, Ансельмоны жасырып тастауға тапсырма берген кезінде-ақ, сезіп-білуіне Лотарионың сұңғылалығы жететін; сондықтан бірден Камилланың ыңғайына көшіп, тапқыр да ұтқыр жауап қайтара бастады, сөйтіп екеуінің асқан шебер ойынына байланысты осынау өтірікті ақиқат шындық ретінде қабылдамау еш мүмкін емес-ті; ал, оның Камиллаға қайтарған жауабы мынандай болды:

— Аяулы Камилла, мені мұнда шақырғаныңда көздеген мақсатыма мүлдем маңайласпайтын нәрселер жайында жауап алады екен деп әсте ойламағам. Егер бермек болған сыйлығыңды кейінге қалдыруға ниет қылсаң, онда әу бастан дәмелендірмей-ақ қойғаның жөн еді, өйткені үмітің неғұрлым көбірек болса, арман еткенің де соғұрлым үздіктіре түспек. Бірақ, сауалдарыма жауап қайтарудан қашқақтайды деп ойлап қалмауың үшін, оның бәріне де жауап беремін: иә, жұбайың Ансельмоны білемін, бір-бірімізді бала кезден білеміз, бірақ қандай ғаламат жаңсақ басу болсын қашан да ақтап алуға әзір махаббаттың сыбыр-күбірі бойынша жасаған жамандығыма өзім куәгерлік етпесім үшін өзіңе жақсы мәлім достығымыз жайында саған бірдеңе айтып жатпаймын. Мен сені де білемін, оған қандай қымбат болсаң маған да сондайсың: себебі, ізгі қасиеттер иесі болмасаң дворяндық парызыма ешқашан қиянат жасамас ем және қазір өзім махаббаттың, осынау әлеуетті қаскөйдің, сыбыр-күбірі бойынша мансұқ етіп отырған шынайы достықтың қастерлі қағидаларына қарсы әрекетке бармас ем.

— Егер мұны мойындасаң, шынайы махаббаттан садаға кеткір сүмелек, — деді Камилла, — менің алдыма қай бетіңмен келіп тұрсың? Мен, өзің де жақсы білетіндей, досыңның қарап отыратын айнасы емес пе едім? Оны қаншалықты жазықсыз жәбірлеп жүргеніңді көруің үшін жүзіне деміл-деміл көз салып қойсаң нетті? Бірақ, мен қандай бақытсыз едім! Өйткені, достық парыз алдындағы жауапкершілігіңді жылы жауып қоюыңа не түрткі болғанын шамалау да онша қиын емес: сірә, мені әлденендей бір әдепсіздікке барды деп ойлау керек шығар, — мен мұны ұятсыздық деп атай алмас едім, себебі мұнда алдын-ала ойланып істелген ештеңе болған емес, әлденендей бір ағаттық қана жіберілуі мүмкін, әдетте әйелдер қауіп етер дәнеңе жоқтығын білген кезде аңғырттығы салдарынан осындай ағаттыққа ұрынып жатады. Шынында да, айтшы өзің, опасыз: жалбарынышты лепесіңе жауап ретінде пасық пиғылыңның жүзеге асуына зәредей болса да үміт ұшқындататын бір ауыз сөз айттым ба немесе белгі бердім бе саған? Сүйіспеншілік сөздеріңді түкке алғысыз етіп әжуалап, барынша қатыгездікпен және қаталдықпен мінеп-сөкпеген кезім болды ма? Аузыңнан ағыл-тегіл ақтарылған көп сөздің ең құрығанда біреуіне сеніп пе едім, сол айтқан сөздеріңнен де көп сыйлықтарыңның ең болмағанда біреуіне қол созып па едім? Дегенмен де, егер үміт үкісі желбіремесе махаббат жайындағы тәтті қиялдың жетегінде ұзақ уақыт жүруге болмайды ғой деп ойлаймын, сол себепті сенің есерсоқтығың үшін өзім жауап бермекпін, өйткені, өз тарапымнан жіберілген әлденендей бір аңдаусыздық маған деген төтенше ықыласыңа осы уақытқа шейін сүйеу боп келгені анық, — міне сол үшін өзімді жазалап, сенің айыбың үшін өзім құрбан болғым келеді. Егер өзіме өзім осынша рақымсыз болсам, саған да басқаша бола алмайтынымды түсінуің үшін, өзің қолыңнан келгенінше қорлап біткен, сондай-ақ арам ниетіңе дес беріп, дәмелендіретін жайлардан бой тартуға, — шамасы, ақыры бой тарта алмағаным ғой, — бар ынты-шынтымды салмауым салдарынан өзім де қорлауға үлес қосқан, ақпейіл де ақжүрек жұбайымның жәбірленген ар-намысы жолына шалмақ құрбандығымның куәсі болғаныңды қалаймын. Қайталап айтам: сенің ойыңда осындай оғаш арманның орнығуына аңғалдығым себеп болды ма деген күдік мені әсіресе қатты күйіндіреді, міне тап осы үшін ғана өзімді өз қолыммен жазаға тартқым келеді, өйткені маған басқа біреу жендеттік жасаса, онда айыбымның ауыздан ауызға тарап кетері хақ. Бірақ, мен тек өзім ғана о дүниелік болып қоймай, өлсе ғана кек алу арманым орындалатын адамды да өзіммен бірге ала кеткім келеді; бұл — мені күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырған кек, өйткені, мен қандай жолмен болсын қайтарылған кекті туралығын айтатын төрелік тағайындаған жаза деп білем және оны орындауға өзімді осындай торығуға тап қылған адам түк те қарсы тұра алмайды!

Аяқ асты құбылып, қабағын қарс түйіп, қолындағы қанжарын тік көтеріп алған ол кеудесіне кірш еткізе қадамақ ниетпен Лотариоға тұра ұмтылды, мұны көрген анау бұл Камилланың ойыны әлде шыны екенін білмей аңтарылып қалды, өйткені оның соққысын дарытпау үшін бар ептілігі мен күш-қайратын жұмсауына тура келген-ді. Камилла болса, осынау алабөтен ойынды еш қысылып-қымтырылмай еркін ойнады және желігіп алғаны сонша, осы өтіріктің бәрін шындық бояуына шылау мақсатында оны өз қанымен қызартудан да тайынбайтынын байқатты, өйткені Лотариоға қанжар сала алмайтынына көзі жеткеннен кейін немесе көзі жеткендей түр жасағаннан кейін:

— Заңды тілегімнің ақыр аяғына дейін жүзеге асуына тағдыр-талайым оң қабақ танытпай тұр, бірақ ол қаншалықты құдіретті болғанымен бұл ойымды жартылай болса да іске асыруға кедергі келтіре алмайды! — деді.

Соны айтып, жұлқынып, Лотариодан қолын босатып алды да, қанжардың ұшын өз денесіне қарай бағыттап, бірақ жарақат аса терең болмауын қадағалап, оны сол жақ бүйіріне, иықтан сәл төмендеу жерге қадады, сөйтті де естен танып қалғандай кейіпте еденге құлап түсті.

Қанға былғанып еденде сұлап жатқан Камиллаға қарап қалған Леонелла мен Лотарио таңғалып-таңырқанумен болды: шыны осы екенін әлде құр алдаусыратып жатқанын олар әлі түсіне алмаған-ды. Үрейі ұшқан Лотарио Камилланың қасына жүгіріп барды, бірақ жарақаттан келер қауіп жоғын көріп сабасына түсті де, сүйкімді Камилланың зеректігіне, тапқырлығы мен ақылдылығына тағы да тағы қайран болды; сөйтіп, бұл арада өзін қалай ұстауы керегін есіне алып, құдды бір Камилла марқұм боп кеткендей өкіре жылап, өзіне де, оны осындай тақсірет тартуға жеткізген жанға да қарғыс сөзді қардай боратты. Ансельмо досы бәрін естіп тұрғанын білетіндіктен, оның не түрлі сұмдықты айтқаны сонша, бұл сөзге құлақ салғандар, тіпті Камилланың дүниеден қайтқанынан хабардар болған күннің өзінде де, одан гөрі бұған көбірек жанашырлық білдірер еді. Леонелла Камилланы көтеріп алып, кереуетке апарып жатқызды; сосын Лотариодан сүйікті ханымын жан баласына білдірмей жасырын емдеп жазатын дәрігер табуын сұрап жалынды, одан соң ханымы сауығып шыққанша қайтып орала қалса, Ансельмоға Камилланың жарақаты жайында не айтса болатыны жөнінде кеңес беруін өтінді. Лотарио оған қалай ұйғарсаң, солай жауап бер дегенді айтты, — қазір жөндем кеңес бере алатын халде еместігін, одан жалғыз ғана өтініші — қанды тезірек тоқтатуын сұрайтынын, өйткені өзі жұрттың көзінен жоғалмақ ойы барын мәлім етті, — сөйтті де, қатты қайғырып, уайымға батқан адамның кейпінде бөлмеден шығып кетті. Ешкім көрмейтін оңашаға шыққаннан кейін ол Камилланың айла-шарғысына және Леонелла істерінің қалайша боямасыз, барынша табиғи боп көрінгеніне таңырқауы таусылмай, үсті-үстіне шоқына бастады. Ансельмоның енді жұбайын Порцияның өзімен теңестіретініне ол кәміл сенімді еді, сондықтан шындықтың қос жауырынын бірдей жерге тигізген өтіріктің бұрын-соңды болып көрмеген жеңісін бірге атап өту үшін онымен кездеспекке асықты.

Сол екі арада Леонелла ханымының қанын тоқтатты, — оның қаны ойластырылған істің шындыққа ұқсас боп шығуына дәлме-дәл жететіндей мөлшерде ғана аққан болатын, — сосын жарақатты шараппен шайды да, мұқият түрде байлап тастады; осы шаруаны атқара жүріп айтқан сөздерінің өзі-ақ, егер бұл жерде бұдан бұрын басқа бір ауыз сөз айтылмаған күнде де, жұбайы — ізгі қасиеттердің қайнар бұлағы екеніне Ансельмоны әбден иландыруға жетіп жататын. Леонелланың лепесіне Камилланың өз лепесі де қосақталды, — ол өзін қорқақ, қоянжүрек деп атады, өйткені, әбден ығыр қылған тіршілікпен қош айтыспаққа ниет қылғаныммен, жеме-жемге келгенде рухымның беріктігінен айрылып қалдым, деді. Сосын күтушісінен болған оқиға жайында ардақты жұбайына хабарлаудың қажеті бар-жоғын сұрады; анау айтпай-ақ қойғаны жөн деп тапты, өйткені оның Лотариодан кек алуды мақсат тұтуы мүмкін, ал бұл оның өз басы үшін өте қатерлі іс боп табылады, — қамқор әйел күйеуін шатаққа айдап салмайды, керісінше, оны қолынан келгенінше ұстап қалуға тырысады, деді. Камилла оған кеңесі көңіліне қонатынын, дәл солай істейтінін, бірақ байқалмай қалмайтыны кәміл мына жарақаттың жайын Ансельмоға қалай түсіндіруге болатынын ойластыру керектігін айтты; Леонелла болса, бұған жауап ретінде өзінің қалжыңдап болса да өтірік айта алмайтынын мәлім етті.

— Ал мені айта алады деймісің, бикеш-ау? — деп дауыстап жіберді Камилла. — Тіпті өмір сүрер-сүрмесім соған тіреліп тұрған күнде де, бәрібір, не ойдан шығаруға, не жалған куәлік етуге дәтім жетпес еді. Сондықтан, алдап-сулап құтылу қолымыздан келмейтіндіктен, өтірік соғып айыпты болғанша, бәрін жасырмай баяндап бергеніміз дұрыс.

— Қапа болмаңыз, синьора, — деп жұбатты оны Леонелла, — ертең таңертеңге дейін не айту керегін ойлап табармын, оның үстіне жарақатыңыз да ол аңғара қоятындай жерде емес, жаратқан иеміз жанашырлық білдіріп, ақ тілеу, адал ниетімізге қолдау көрсетпес деймісің. Сабыр етіңіз, ханым, құтыңыз қашып отырғанын мырзам байқап қоймасы үшін сабаңызға түсіңіз, ал қалғанын өзіме және ізгі тілектерге қашан да оң көзбен қарайтын жаратқанға тапсырыңыз.

Ар-намысын мүрдем кетіру трагедиясын ойнап жатқандарды Ансельмо бар ықылас-зейінін сала тыңдап, тамашалап тұрды, ойынға қатысушылардың өз рөлдерін ерекше құлшыныс, шынайы ықыласпен орындағандары сонша, бейнелеп жатқан кейіпкерлері бұлардың тап сол өздері секілденіп кетті. Ансельмо үйден шығып, мейірбан досы Лотариомен жүздесіп, жұбайының беріктігін сынаққа салу арқылы тапқан баға жетпес інжу-маржанына бірге қуану үшін кеш түсуін тағатсыздана күтті. Камилла мен Леонелла оның үйден шығып кетуіне қолайлы жағдай тудырып, ол мұны тиімді пайдалана қойды, сөйтіп үйден шыққан бойда Лотариоға тартты; екеуі ақыры жолықты, жолыққан кездегі оның досын қалай құшақтағанын, қуанышын қалай жеткізгенін және Камилланы қалай жер-көкке сыйғызбай дәріптегенін айтып беруге адамзат тілі дәрменсіз. Лотарио оны селқос тыңдады, өйткені досының қаншалықты тұрпайы түрде алданып жүргені және өзінің оған қаншалықты қиянат жасағаны жайында ой кешіп кеткен-ді; Ансельмо Лотарионың қуанбағанын көріп тұрғанымен, бұнысын Камилланы жараланған халде қалдырып кеткеніне және осынау бақытсыздыққа өзін кінәлі санайтынына жорыды; сондықтан Ансельмо, айта кеткен жөн, Лотарионың Камилла жайында алаңдамауына болатынын, өйткені өзінен жасырып қалғысы келетіндеріне қарағанда, жарақатының қауіпсіз екеніне кәміл сенетінін мәлім етті, — олай болса, қорқатын дәнеңе жоқ, бірге қуанып, көңілденуі керек, себебі оның айлакерлігі мен делдалдығы оны, Ансельмоны, жан рақатының ең жоғарғы шыңына шығарды, деді; енді өзінің, Ансельмоның, жұбайына арнап өлең жазудан басқа ештеңемен шұғылданғысы келмейтінін, Камилланың кейіндеу өрбитін ұрпақтар қаперінен орын алуын қалайтынын хабарлады. Лотарио оның бұл ізгі ниетін мақұлдап, осынау ғажайып ескерткішті тұрғызуға өзі де үлес қосатынын айтты.

Ансельмо осындай таңырқауға тұрарлық түрде алдауға ұшырады; шаңырағына атақ-абыройын асыратын бағбанды енгіздім деп ойлаған ол, ар-намысын күлге айналдырған тажалды енгізді. Камилла Лотарионы қарсы алған кезде жүзі қоңырайғанымен, жүрегі қоңыраулатып тұратын болды. Бұл алдау әлденеше айға созылды, сонан соң Фортуна ақыры сыртын берді, нәтижесінде соған шейін асқан шеберлікпен бүркемеленіп келген азғындық әшкереленіп, Ансельмо пәруайсыз әуестігі үшін жан тапсырды.

ХХХҮ тарау

Бұл тарауда Дон Кихоттың қызыл шарап құйылған местермен өліспей-беріспейтін қырғын шайқасы жөнінде айтылады және Пәруайсыз әуестік жайындағы хикаят тәмамдалады

Хикаяның аяқталуына аз ғана қалғанда Дон Кихот демалып жатқан шоланнан үрейі ұшып үргелектенген Санчо Панса айқайын сала атып шықты:

— Мұнда келіңіздер жылдам, сеньорлар, көмектесіңіздер қожайыныма, — қожайыным өліспей-беріспейтін аяусыз айқасқа түсіп жатыр: өзім өз болғалы мұндайды ешқашан көрген де, білген де емен. Әлгі дәуді, сеньора принцесса Микомиконаның дұшпанын, шауып кеп қалғанда басы қарбыздай домалап кетті, оллаһи шыным!

— Өй, не деп тұрсың, бауырым? — деп дауыстап жіберді, оқуын үзген священник. — Есің дұрыс па өзіңнің, Санчо? Дәу осы арадан екі мың миль алыста емес пе, ол қайдан шыққан бәлекет?

Осы мезгілде шолан жақтан сатыр-гүтір дыбыстар мен Дон Кихоттың:

— Тұрған орныңнан тырп етпе, ұры-қары, қарақшы, қорқақ! Енді менен құтыла алмайсың, наркескеніңнен де енді саған қайыр жоқ! — деген дауысы естілді.

Осы сөздерді айтқан кезде ол, шамасы, семсерімен қабырғаны бар күшпен салып жіберген болса керек. Санчо былай деді:

— Ау, неғып тұрсыздар аңқиып, — не төбелесіп жатқандарды ажыратыңыздар, не қожайыныма көмектесіңіздер. Бірақ бұған қажеттілік те жоқ қой деймін, өйткені дәудің тырапай асқаны сөзсіз, ендігі ол жаратқанның алдында арамза істерге толы өмірі жайында есеп беріп те жатқан шығар. Олай деп тұрғаным, қаны судай аққанын, шарап құйылған торсық секілді дығал басының қалай ұшып түскенін өз көзіммен көргем.

— Алда ғана сорым-ай! — деп сол арада бекет ұстаушы айқайлап жіберді. — Ана антұрған Дон Кихот бас жағындағы қызыл шарап құйылған местің бірін тесіп жіберген ғой, ал мына кеще төгілген шарапты қан деп ойлаған!

Осы сөзді айтқан ол шоланға барып кірді, қалғандары соңынан ілесті, сол сәт олардың алдынан адам айтса нанғысыз әлем-жәлем қияпаттағы Дон Кихот шыға келді. Үстінде жалғыз көйлек қана екен, шолақтығы сонша, қара санына әзер жетеді, ал арт жағы тіпті бес-алты елідей қысқа көрінді; сидиған ұзын, жүндес сирақтары жуылмағанына көп болғанын жария қып тұр; басына бекетшінің май сіңді қызғылтым түнгі телпегін киіпті, сол қолына Санчоның есіне қайдағы-жайдағыны салатын көрпені орап алыпты, ал оң қолына семсерін ұстаған, онысын оңды-солды сұққылайды әрі өзі құдды дәумен айқасып жүргендей қоқилана сөйлеп қояды. Ең жақсысы, көзінің жұмық болғаны болды, өйткені ол ұйқы құшағында еді, дәумен түсінде сайысып жатқан: бастан кешпек шытырман оқиғаларын көз алдына айқын елестеткені сонша, өзін Микомикона корольдігіне келіп жеткендей, сөйтіп дұшпанымен айқасқа кіріскендей сезінген еді; сөйтіп, дәуге семсер сілтеп жүрмін деп ойлап, местердің бәрін тескілеп тастаған-ды, нәтижесінде шоланның іші көл-көсір шараптан көлкіп жатқан. Соны көрген бекетшінің құтырынып кеткені соншалық, Дон Кихотқа тұра ұмтылып, оны төмпештің астына ала бастады, егер Карденьо мен священник ара түспегенде Дон Кихоттың дәумен шайқасы мәңгілікке аяқталған болар еді, ал бейшара рыцарь тіпті соның өзінде де ұйқысынан оянған жоқ; ақыры шаштараз барып құдықтан үлкен қазанға толтырып салқын су құйып әкелді де, оны басынан аяғына дейін малшындырды, Дон Кихот содан кейін ғана оянды, бірақ ұйқылы-ояу күйде өзінің қандай кейіпте екенін байқамады. Доротея болса, оның шолақ та жеңіл-желпі киімін байқап қалып, досы мен дұшпанының арасындағы шайқасты қызықтамай-ақ қоюды ұйғарған.

Санчо еденнен дәудің басын іздеп, қарамаған жері қалмай, ақыры таппаған соң былай деді:

— Бұл үйсымақты білем — үй емес, барып тұрған жын-шайтанның ордасы. Өткен жолы тап осы арада беймәлім біреу ал кеп ұрып, ал кеп ұрып әңкі-тәңкімді шығарды, — ал, соның кім екенін өзім осы күнге шейін көрген емен, — қазір енді бас жоғалып отыр, ау оны қалай шауып түсіргенін өз көзіммен көрдім емес пе: қан деген шелектеп ақты ғой.

— Ау, сен қайдағы қанды, қайдағы шелекті айтып тұрсың, жаратқан иеміз бен қасиетті әулиелердің жеккөрінішті жетімегі-ау? — деп айқайлап жіберді бекетші. — Ей, сен өзің көріп тұр емеспісің, алаяқ-ау, қанның местері тесілген шелектерден ағып жатқанын, — жоға, дұрысында, керісінше болып жатыр дегім келіп еді, — мына арадағы дүниенің бәрі қызыл шарапта қалқып жүр, местерді тескеннің жаны да тозақта тап осылай қалқып жүргей!

— Түк түсінсем бұйырмасын, — деп жауап қатты Санчо, — білетінім тек, сол басты іздеп таппасам, ең бақытсыз адам өзім болмақпын, өйткені графтыққа жетем деген арманым суға батқан тұздай із-түзсіз жоғалмақ.

Ояу жүрген Санчо ұйқтап жүрген Дон Кихоттан да жаман болды — мырзасы берген уәдеге бар ықылас-пейілімен ұйып қалғаны байқалады. Қожайынының есерлігі мен атқосшысының жайбарақаттығы бекетшінің жынын келтірді, сөйткен соң, енді бұлар менен оңайлықпен құтылмайды, өткен жолғыдай түк төлемей кетіп қала алмайды, деп қарғанып-сіленді, — бұл жолы рыцарьлықтың айрықша құқы дегеннің оларға көмегі болмайды, өткен жолғыға да, осы жолғыға да төлейді, оған қоса, жыртылған местерге жасалатын жамаудың да өтемін қайтарады, деді.

Священник Дон Кихотты қолынан ұстап тұрған, сондықтан анау шытырман оқиға аяқталған екен, қарсы алдымда принцесса Микомикона тұр екен деп ойлап қалып, священниктің алдына тізерлей кетті де, былай деп үн қатты:

— Құдіретіңізге құлдық, ізгі жүректі және даңқты сеньора, осынау жиіркенішті жанның өзіңізге енді ешқандай жәбір көрсете алмайтынына сене беріңіз. Ал, өзім болсам, берген сертімнен енді азатпын деп санауыма болады, өйткені жасаған иеміздің жарылқауы мен бір сол үшін ғана тіршілік етіп, тыныс алып жүрген сүйіктімнің қамқорлығы арқасында, ол сертімді кәдімгідей ғып орындап шықтым.

— Не деп едім сіздерге? — деп айқайлап жіберді бұл сөздерді естіген Санчо. — Мас емес едім ғой, ешқандай. Сыбағасын берген ғой дәуге қожайыным, олла-біллә! Қысқасы, істің беті бері қарады, графтығым да ұзамай қолыма тиіп қалар!

Мырзасы мен малайының — екеуінің бірдей сандырақтап тұрғанына кім күлмейді дейсің? Бәрі де күлді, тек бекетші ғана күлмей, бұларды қарғап-сілеумен болды. Ақыр соңында священник, Карденьо мен шаштараз үшеуі қатты шаршап-қалжыраған Дон Кихотты әке-көкелеп жүріп төсегіне қайта жатқызды, анау жатқан бойда ұйқтап кетті. Оны ұйқысын қандырсын деп сол жерде қалдырған олар дәудің басын ақыры таба алмаған Санчоның көңілін жұбату үшін есік алдына шықты. Алайда, одан гөрі местерінің мезгілінен бұрын опат болғанына опынып, өлшеусіз қайғыға батқан бекетшіні жұбату қиынға түсті. Ал, бекетшінің әйелі болса, ол да бақырып-шақырып, зарын төгіп жатыр еді:

— Осы бір кезбе рыцарь үйіме жамандықтан басқа ештеңе әкелген жоқ, желкемнің шұқыры ғана көретін кісі екен өзі — соншалықты шығынға батырды мені! Өткен жолы түнемеге ақыры түк ештеңе төлеместен тайып тұрды: өзіне берілген, атқосшысына берілген, атына берілген және есегіне берілген нәрселерге — кешкі асқа да, төсек-орынға да, сабанға да, сұлыға да өтем жасамай кетті: мен рыцарьмын, шытырман оқиға іздеймін, дейді (сондай оқиғаларға шырматылып, шыға алмай қалғыр — өзі де, дүниедегі шытырман оқиға іздеуші атаулының бәрі де!), сондықтан төлеуге міндетті емеспін, кезбе рыцарьлар қауымының ережесінде солай жазылған, деп шайнайды. Одан соң маған мына сеньор келді, — тағы да бәрі әлгінің қырсығынан, — құйрығымды сұрап әкетті де, жұлым-жұлым қып бүлдіріп қайтып әкелді, енді оны күйеуім өз қажетіне жөндеп пайдалана да алмайды. Осының бәрі аздай, местерімді тескілеп, ішіндегі шарабын ағызып жіберу деген не сұмдық, қанын солай ағызып жібергей-дағы біреу! Мейлі не қылса да еркі білсін, бірақ, әке-шешемнің асыл бейнелерімен ант етейін, ол маған соқыр тиыныма шейін санап беретін болады, әйтпесе атымды басқа қойыңдар, өз ата-анамның қызы болмай-ақ кетейін!

Бекет ұстаушының ашу мен ызаға ерік берген әйелі міне осылай деген еді, ал мейірбан күтушісі Мариторнес оны қоштап-қуаттаумен болды. Қызы әредік-әредік мырс етіп күлгені болмаса, түк үн қатқан жоқ. Местер мен шарапқа қатысты зиянның, әсіресе бұл жерде айрықша бағаланатын құйрықтың бүлінуіне байланысты шығынның бәрін толық өтеуге уәде берген священник дау-дамайды тыйды. Доротея Санчо Пансаны жұбатып, мырзасының дәудің басын алғаны дәлелденсе, онда корольдігінде тыныштық орнаған бойда оған ең тәуір графтықты беретінін мәлім етті. Санчо бұған қатты қуанып, дәудің басын көргені рас екенін, тіпті мынадай бір ерекшелігін: бастың сақалы белуардан келетінін де есінде сақтап қалғанын айтып, принцессаны сендіре бастады, ал оның жоғалып кетуінің жалғыз ғана себебі, бұл үйдегі оқиғалардың бәріне сиқырлау мен көз байлау араласады, деді; оған бұл, Санчо, өткен жолы көз жеткізіпті. Доротея өзі де солай ойлайтынын, бекер-бос күйзеле бермеуі керегін, бәрі де ойдағыдай болатынын айтты.

Сөйтіп, бәрінің көңілі бірлеген кезде священник хикаятты аяғына дейін оқып шығуға ұсыныс білдірді, өйткені аз-ақ қалыпты. Карденьо, Доротея және басқалары одан оқып шығуын өтінді. Сөйткен соң, жиналғандарды рақатқа батыру үшін және өзі де ләззат алу үшін ол хикаятты оқуға қайта кірісті, ал хикаят мына жерден үзілген болатын:

Сөйтіп, Камилланың көргенділігі мен әдептілігіне көз жеткізген Ансельмо қамсыз-мұңсыз күн кешті, ал Камилла анау күдік алып қалмауы үшін Лотарионы көргенде қабағын жорта қарс жауып алатынды шығарды; Лотарио да, өз тарапынан, Ансельмоның көңілін орнықтыра түскісі келіп, енді оның үйіне барғысы келмейтінін айтып, бұл үшін оған ренжімеуін өтінді, өйткені, Камилланың өзімді жақтырмайтынын сезіп жүрмін, деді; алайда, алдауға ұшыраған Ансельмо бұған үзілді-кесілді қарсы шықты, — міне, осындай сан қырлы өрнек арқылы ол ар-намысын аяққа басудың өрмегін тоқи берді, ал өзі болса мұны бақыт өрмегі деп ойлап жүрген-ді. Ал, махаббат ойнағына қатаң бақылау жоқтығына мәз, ханымының ұятқа қалдырмайтынына, қажет болған жағдайда тіпті белгі беретініне, сондықтан құштар ісімен енді ештеңеге алаңдамай, ештеңеден қорықпай айналысатынына кәміл сенімді Леонелла болса, күнәкарлық құшағына көзді тарс жұмып қойып та кеткен-ді. Сөйтіп жүргенде, бір күні түнде Ансельмо Леонелла бөлмесінен аяқ дыбысын естіді, мұның кім екенін білмекке тәуекел етіп ішке бас сұқпақ болғанында, есікті іштен итеріп тұрғандарын сезді, бұл жағдай оның есікті қайткен күнде де ашуға деген ынтызарлығын оятты; бар күшін салып итерген соң, есік ақыры ашылып, ішке кірді, бірақ сол арада әлдебіреудің терезеден сыртқа секіріп кеткенін көзі шалып қалды; Ансельмо оны ұстап алмаққа, немесе, тым құрығанда, кім екенін көріп қалмаққа, соңынан тұра ұмтылды, алайда бұл ойының ешқайсысын да орындай алмады, өйткені Леонелла оны қос қолдап құшақтай алған-ды.

— Сабыр етіңіз, қайырымды мырзам, — деді ол, — абыржымаңыз және секіріп кеткеннің соңынан да жүгірмеңіз, — бәріне кінәлі — мен, қысқасы, ол менің күйеуім.

Ансельмо оған сенген жоқ, — ашуға булыққан ол қанжарын суырып алды да, Леонеллаға ештеңе жасырмай бәрін түгел жайып салуға әмір етіп, әйтпесе өлтіретінін айтып, қанжарды салып алуға оқталды. Зәресі зәр түбіне кеткен күтуші, не айтып, не қойып тұрғанын өзі де білмей:

— Өлтіре көрмеңіз мені, сеньор, өзіңіз үшін одан гөрі әлдеқайда маңыздырақ нәрсе жайында баяндап берейін, — деді.

— Айт, әйтпесе өлесің, — деді Ансельмо.

— Қазір айта алмаймын, — деді Леонелла, — қазір құтым қашып, берекем кетіп тұр. Таңертеңге шейін шыдаңыз, таңғалғаннан талып түсетін не қилы жайларды естисіз. Тек сіз бекерге абыржымаңыз: жаңа мына жерден секіріп кеткен жас жігіт өз қаламыздың тұрғыны, ол маған үйленуге уәде етті.

Ансельмо мұны қанағат тұтып, таң атқанша күте тұруды ұйғарды, өйткені Камилла жайында әлденендей бір жаман сөз естимін деген ой үш ұйқтаса түсіне кірмейтін нәрсе еді, — жұбайының көргенділігі мен әдептілігіне деген сенімі соншалық болатын; осы себепті бөлмеден шықты да, Леонелланы сыртынан кілттеп, өзіне айтпақ болған сөзін айтпайынша бұл жерден ешқайда аттап баспайтынын ескертті.

Одан соң күтуші қыз бен арада болған жайды мәлім қылмаққа, сондай-ақ Леонелланың ертең өзі үшін ерекше маңызы бар әлде бір жайды айтып беруге уәде еткенін Камиллаға хабарламаққа жатын бөлмесіне қарай тартты. Бұл хабардан Камилла шошынды ма әлде жоқ па, ол жағын сөз ғып жатудың қажеті бола қоймас, — Леонелла Ансельмоға өзінің ойнас жасап жүргенін айтпақшы-ау деген жорамалдан (бұл арада басқа бірдеңе жайында жорамалдаудың еш қисыны жоқ-ты) иманы тас төбесіне шығып, дегбірден айрылып қалған ол, күмән-күдігі ақталар-ақталмасын күтуге де мұғдары болмай, Ансельмоның ұйқтап қалғанына көз жеткізген бойда, сол күні түнде, ең бағалы заттары мен азын-аулақ ақша алып, ешкімнің көзіне түспей үйден шықты да, жан ұшыра жүгіріп Лотариоға барып, болған жайды баяндап бергеннен кейін одан өзін бір жерге жасырып тастауын немесе Ансельмо іздеп таба алмайтындай бір жаққа барып өзімен бірге бой тасалауын өтініп, жалынып-жалбарына бастады. Бұның бәрі Лотарионы төбеден ұрғандай есеңгіретіп жіберді, не айтарды да, не істерді де білмей дағдарды. Ақыры Камилланы апайы басқарушы болып істейтін монастырьға апармақшы болды. Камилла келісті, сөйтіп осындай жағдайларға лайық асығыстықпен Лотарио оны монастырьға апарып салды, сосын өзі, ешкімге ләм деп ештеңе айтпастан, қаладан шығып кетті.

Ертеңіне таңертең, Камилланың қасында жоқтығына да көңіл аудармаған, Леонелланың өзіне не айтпақ болғанын білуге аңсары ауған Ансельмо орнынан тұрған бойда күтуші қызды кілттеп кеткен жеріне қарай асықты. Есікті ашып ішке кірді, бірақ Леонелланы таппай қалды: тапқаны тек терезе жақтауына байланған ақ жаймалар ғана болды — бұл оның осы жаймалар арқылы төмен түсіп, қашып кеткендігінің айқын белгісі әрі дәлелдемесі еді. Бұған қатты күйінген ол бәрін Камиллаға айтып бермек болды, бірақ оны төсегінен де, үйдің ішінен де, еш жерден таба алмаған соң, бойын үрей биледі. Малайлардан сұрастырып көріп еді, ешқайсысы ештеңе білмейтін боп шықты. Алайда, Камилланы іздестіріп жүрген ол сандықтарының ашық қалғанын кездейсоқ көзі шалды, сондай-ақ көптеген бағалы зергерлік бұйымның жоқ екенін байқады, міне осы арада ғана ол қандай қасіретке тап болғанын ұғынды және оған кінәлі Леонелла еместігін де түсінді; сөйтіп, сол тұрған қалпында, үстіне жөндем киім де киместен, ауыр ойға берілген күйде, қандай бақытсыздыққа ұшырағанын айтпаққа досы Лотариоға аттанды. Бірақ, Лотарио да үйінде болмай шықты, малайлары түнде оның бар ақшасын қалтасына салып, атқа мініп бір жаққа кетіп қалғанын хабарлады, мұны естіген Ансельмо ойы он саққа жүгіріп, ештеңенің ұштығын ұстай алмай мәңгіріп тұрып қалды. Ал, үйіне қайтып оралған кезінде, жығылғанға жұдырық дегендей, малайларының бәрі, еркек-әйелі бар, бірі қалмай түгел қашып кеткенін, үйінің қаңырап бос қалғанын көрді.

Ол не жайында ойлауды да, не істеуді де, не айтуды да білмеді — жынданып кете жаздап шақ тұрғанын ғана сезді. Бір дегеннен біржола әйелінен, досынан, малайларынан айрылғанын көріп те, түсініп те тұрған-ды, құдіретті күш өзінен теріс айналғанын, ал, ең бастысы, ар-ұяттан жұрдай болғанын сезінген, өйткені Камилланың үшті-күйлі жоғалуы ар-ұятын жоғалтумен бірдей еді. Ұзақ ойланғаннан кейін ол ақыры деревнядағы жолдасына баруды ұйғарды, оның үйінде ол бұрын да талай қонақ болған, ал өзі сонда жүргенде мұнда қайғы-қасіретінің өрмегі тоқылып жататын. Үйін құлыптап, атына қарғып мінді де, басымен қайғы болған күйі әрі-сәрі халде жолға шықты; бірақ жарты жолдан асқанда жанын жегідей жеген ойлардан дәрмені құрып, тоқтап, атын ағашқа байлап қойды да, еңірей жылап, аһ ұрып жерге құлай кетті; сол жерде қараңғы түскенше жатып, көз байланар шақта қала жақтан келе жатқан салт аттыны көріп, сәлемдескеннен кейін, Флоренцияда не жаңалық барын сұрады. Қаладан келе жатқан жолаушы былай деп жауап берді:

— Жаңалық жетеді, мұндайды көптен құлағымыз шалмаған. Ансельмо есімді байдың досы, Сан-Джованни маңайында тұратын Лотарио өткен түнде досының әйелі Камилланы алып қашып кетіпті десіп жұрт ашықтан-ашық айтып жатыр, Ансельмоның өзі де із-түзсіз ғайып бопты. Мұның бәрін Камилланың күтушісі айтып беріпті, ал оның өзін түнде Ансельмо үйінің терезесінен жайма байлап түсіп жатқан жерінен қала бастығы ұстап алыпты. Өз басым нендей жағдай болғанын анық білмеймін. Білетінім, осы оқиғаға байланысты бүкіл қаланың шулап жатқаны ғана, өйткені әлгі екеуі араларынан қыл өтпес дос болғандықтан, олардан мұндай сорақылықты ешкім күтпепті, — себебі, айтуларынша, жұрттың бәрі оларды екі дос деп қана атайды екен.

— Лотарио мен Камилланың қай жолмен кеткенін құлағыңыз шалған жоқ па? — деп сұрады Ансельмо.

— Ол жағынан мүлдем хабарым жоқ, қала бастығы оларды індете іздестіріп жатқан көрінеді, — деді қалалық.

— Жолыңыз болсын, сеньор, — деді Ансельмо.

— Аманшылықта болыңыз, — деп жауап қатқан қалалық сапарын жалғады.

Осынау жаманат хабардың Ансельмоны жабықтырып жібергені сонша, ол жынданып кетудің ғана емес, жан тапсырудың да аз-ақ алдында тұрған-ды. Зордың күшімен орнынан көтерілген ол жолдасының үйіне қарай бағыт алды, — анау мұның қандай қасіретке ұшырағанынан бейхабар еді, бірақ бет-әлпеті аппақ қудай боп, жүдеп-жадап, титығына жетіп шақ тұрғанын көріп, айтып жеткізгісіз ауыр қайғысы барын ұқты. Ансельмо жатқысы келетінін айтты және қағаз-қалам сұрады. Жолдасы оның тілегін орындап төсекке әкеп жатқызды, оңаша қалдырып, тіпті, өтініші бойынша, есікті сыртынан кілттеп те тастады. Ал, оңаша қалған кезінде қандай тақсіретке тап болғаны жайындағы ойдың апшысын қуырып, көңілін астан-кестең етіп жібергені сонша, ақырғы демі жақындап қалғанын анық сезді; осыған байланысты хат қалдырып, өзінің ойламаған жерден өлім табу себебін түсіндіріп кеткенді жөн көрді; осылай ұйғарған ол хатын жаза бастады, бірақ айтайын дегенін түгел айтып үлгермей жатып, демі үзіліп кетті, сөйтіп пәруайсыз әуестігі салдарынан тапқан қайғысы көрер күнін біржола шектеп тынды. Арада әжептәуір уақыт өткенімен Ансельмоның ешкімді шақырмай жатқанын байқаған үй иесі халі қалай екенін сұрамаққа ішке кіріп, басын жазу үстеліне сылқ түсірген Ансельмоның кереуетке жамбас сүйеп отырғанын, алдында жазылып бітпеген беті ашық парақ жатқанын, ал қаламын қолынан әлі шығармағанын көрді. Қожайын бермен жақындап, атын атап дыбыс берген, жауап болмаған соң білегін ұстап көріп, суық екенін сезіп, жүріп кеткенін түсінді. Бұл жайдан қатты шошынып, қапаланған үй иесі Ансельмоның ажалына куәлік ету үшін малайларын шақырып алды, сосын марқұмның өз қолымен жазылғанын жария етіп, қалдырған хатын оқып шықты, ал онда мынадай жолдар бар-тын:

“Пәтуасыз да пәруайсыз тілегім түбіме жетті. Егер өмірден өткенім жайындағы хабар Камиллаға жетер болса, оны кешіргенімді білсін, өйткені ғажайып бірдеңе жасау оның қолынан келмес еді, ал мен одан ондайды талап етпеуге тиіс едім, осы себепті, ар-ұятымның аяққа басылуына өзім басшы болғандықтан, мені аяудың…”

Ансельмоның хаты осы жерден үзілетін; бұған қарап оның дәл осы қас қағымда, ойын аяқтай алмаған күйі өмірмен қош айтысқанын аңғаруға болатын. Ертеңіне үй иесі Ансельмоның өлімі жайында туыстарына хабар берді, — оның басындағы тақсіреттен олар да құлақтанып үлгерген екен, сондай-ақ Камилланың монастырьда жатқанын, оның да жұбайының осынау амалсыздан жасалған сапарына серік бола жаздап шақ қалғанын біледі екен, бірақ бұған себеп болған күйеуінің дүние салғаны жайындағы хабар емес, ашынасының із-түзсіз жоғалғаны жайындағы хабар көрінеді. Жұрттың айтуынша, жесір қалғаннан кейін де ол монастырьдан кете қоймапты, шашын қырқып діндарлар қауымына кіруге де асықпапты. Алайда, арада көп уақыт өтпей жатып, Лотарионың де Лотрек пен ұлы қолбасшы Гонсало Фернандес Кордовский арасындағы шайқаста қаза тапқаны жайында хабар келді; бұл шайқас Неаполитан корольдігінде болған еді, ал осынау тым кештеу тәубасына келген дос сонда жан тапсырған-ды; осыны естігеннен кейін Камилла шашын қырықты, сосын, арада онша көп уақыт өтпей, торығу мен уайым-қайғы зардабынан дүниеден қайтты. Сөйтіп, біреуінің ақылға қонымсыз бастамасы үшеуінің де көрер күнін шектеп кетті.

— Хикаят маған ұнайды, — деді священник, — бірақ тек мұның өмірде шынымен-ақ осылай болғанына сенбеймін, ал егер ойдан шығарылса, онда онша сәтті ойлап табылмаған, — өйткені, ақиқатын айтқанда, мына сияқты кесепатты сынақ өткізуге құштар Ансельмодай ақымақ күйеудің дүниеде болатынына сену қиын. Ашыналар сөйтіп жатыр екен десе илануға болар, бірақ күйеуі мен әйелі арасында мұндай әурешілікке жол беріледі деу — жоға, бұл онша қисыны келіңкіремейтін нәрсе. Ал, енді баяндау тәсіліне келсек, онысы тәп-тәуір.

ХХХҮІ тарау

Мұнда бекетте орын алған басқа да өте сирек кездесетін оқиғалар жайында баяндалады

Осы кезде қақпа жанында тұрған бекетші:

— Әне, сәні мен салтанаты жарасқан бір топ салт атты келе жатыр. Олар осында түссе, бізде бүгін керемет той-топыр болмақ, — деді.

— Ол неғылған адамдар? — деп сұрады Карденьо.

— Атқа салт мінген төрт еркек, үзеңгілері қысқа, найзалары мен дөңгелек қалқандары бар, бәрі де қара бетперде тағынған, — деп жауап қатты қожайын, — олармен бірге ханымдарға арналған ерге қонған бір әйел келеді, үстіне түгел ақ киген, ол да бетперде таққан, оларға екі малай жаяу еріп келеді.

— Жақындап қалды ма? — деп сұрады священник.

— Тақап қалды, қазір келеді, — деді қожайын.

Мұны естіген бойда Доротея бетін бүркемеледі, ал Карденьо Дон Кихоттың жанына кетті; олардың осындай қам жасап үлгергені сол-ақ, бекетші айтқан жүргіншілер сау етіп аулаға кіріп келді, сосын төрт салт атты, шетінен сен тұр, мен атайын алпамсадай жігіттер, өздері де аттан түсіп, әйелдің де аттан түсуіне көмектесті, араларындағы біреуі оны көтеріп алып, Карденьо барып тығылған бөлме есігінің жанындағы креслоға отырғызды. Осы уақыттың ішінде еркектер де, оларға ерген әйел де ләм деп ауыз ашқан жоқ, бетперделерін де сыпырған ешқайсысы болмады; тек әйел ғана креслоға отыра бере уһ деп ауыр күрсініп алды да, сырқат жандай қолын сылқ түсірді. Малайлар аттарды атқораға әкетті.

Священник дегбірсізденіп, бұлардың неғылған адам екенін, неліктен бұлайша киінгенін және неге тіл қатпайтынын білгісі келіп, малайлардың бірінен осыны түсіндіріп беруін сұрады; анау оған былай деп жауап қатты:

— Өтірік айтып қайтем, сеньор, бұлардың кім екенін өзім де білмеймін. Білетінім, бұлар, сірәғысында, лауазымды адамдар болар, әсіресе ана сеньораны көтеріп алған мырзаны айтам, оны өзіңіз де көрдіңіз ғой. Мұндай тұжырымға тоқтап тұрғаным, өңгелері соған құрмет көрсетеді және не нәрсенің бәрі де соның бұйрығы мен айтқаны бойынша істеледі.

— Ал, ана сеньора кім? — деп әуестік білдірді священник.

— Бұл жайында да сізге жөнді ештеңе айта алмаймын, — деп жауап қатты малай, — қаншама уақыт бірге келе жатсақ та, бет-әлпетін әлі көрген емеспін. Рас, күрсінуін ол өте жиі күрсінеді, ал аһ ұрғанда қайғы-шердің запыранымен бірге жаны да аузынан қоса шығып кететіндей көрінеді. Бұдан басқа ештеңе білмейтінімізге таңғалатын түк те жоқ, өйткені жолдасымыз екеуіміздің бұлардың қасына ергенімізге екі-ақ күн болды: оларды жолдан ұшыраттық та, олар бізді өздерін Андалусияға шейін шығарып салуға үгіттеп көндірді және жақсылап ақы төлеуге уәде етті.

— Ал, бұлар көздеріңше бір-бірін атымен атаған жоқ па? — деп сұрады священник.

— Атамақ түгіл жол бойы жақ ашқан жоқ — соған өзіміз де таңғалдық, — деп жауап қатты малай. — Тек бейшара сеньораның күйзеле күрсінгені мен егіліп жылағаны ғана естіліп тұрды, сондай қатты аяныш туғызды. Оны бір жаққа күштеп алып бара жатқандарына күмәніміз жоқ, ал киіміне қарағанда ол монахиня секілді немесе монастырьға бара жатқан сияқты, сірә, шынында да солай шығар және, шамасы, еркінен тыс түрде шашын қырықпақшы тәрізді, қайғыға берілу себебі де содан болар.

— Әбден мүмкін, — деді священник.

Малайларды жайына қалдырған ол Доротеяның қасына қайтып оралды. Ал, бетперде киген ханымның күрсінісіне жан ашырлық білдірген Доротея болса, оның жанына жақындап:

— Нендей жағдай сізді қайғыға батырып отырған, мейірбанды ханым? — деп сұрады. — Ойланып көріңізші, әйелдер қауымының қолынан келетін және өздері-ақ сейілтіп жібере алатын қайғы емес пе екен бұл? Өз тарапымнан сізге қандай көмек көрсетуге де дайынмын.

Қамығып отырған сеньора оған жауап қатқан жоқ; Доротея қояр болмай, қылқылдап әлгі өтінішін тағы қайталады, ал анау сол бұрынғыша селт етпей отыра берді; ақыры бетперде киген кавальеро (малайдың айтуынша, бәрі алдында бас ұратын мырза) келіп, Доротеяға:

— Бұл әйелді әлде бірдеңемен алдандырам деп әуре болмаңыз, сеньора, — ол қандай да болсын жақсылығыңызға жақсылықпен жауап қайтармауды өз қағидасына айналдырған, сондай-ақ одан сауалыңызға жауап аламын деп те шаршамаңыз, егер тек өтірік бірдеңе естігіңіз келмесе, — деді.

— Мен өмірі өтірік айтып көрген емеспін, — деп осы кезге шейін жұмған аузын ашпаған ханым аяқ асты сөйлеп қоя берді, — керісінше, тап осы шектен тыс шыншылдығым мен ешқашан екі сөйлемегенімнің салдарынан ғана осындай бақытсыздыққа тап болып отырмын, оның куәсі мына өзіңіз, өйткені менің ақиқаттан қыл елі аттамайтын адалдығым сізді нағыз өтірікшіге әрі суайтқа айналдырды.

Бұл сөздерді Карденьо ап-анық естіді, — ол өте жақын жерде, Дон Кихоттың бөлмесінде болатын, әлгі сөзді айтқан сеньорадан оны тек есік қана бөліп тұрған, — сөйтіп, соны естіген бойда ол:

— Оу, жаратқан! Өңім бе, түсім бе? Кімнің дауысын естіп тұрмын мен? — деп айқайлап жіберді.

Тұла бойын толқу билеген сеньора басын жалт бұрды, бірақ айқайлаған адамның кім екенін көре алмаған соң, орнынан тұрып әлгі бөлмеге қарай өткісі келді, алайда кавальеро оны тоқтатып, адым аттатпай қойды. Көңіліне алаң кіріп, қатты абыржыған сеньора бетін жауып тұрған бүркеуіш матаның қалай төмен түсіп кеткенін аңдамай қалды, жиналып тұрғандар болса, оның сәл қуқыл тартқан, бірақ көруге көз керек әдемі әлпетін көріп аңырып қалды, — сондай-ақ, қыздың өңінен үрейге бой алдырғаны да аңғарылып тұр еді, өйткені жанарына іліккен нәрсенің бәрін шапшаңдата шолып шыққаны сонша, құдды есін жоғалтып алғандай көрінді; осынау түсініксіз құбылыс Доротеяның да, оған көз тігіп тұрғандардың да бойында үлкен аяныш туғызды. Кавальеро қызды иығынан қатты қысып құшақтап алған болатын, осыған зейіні ауған ол бетіндегі перденің сырғып бара жатқанын аңғармады, сөйтіп, бетпердесі ақыры жерге құлап тынды; сеньораны сүйемелдеп тұрған Доротеяның осы сәт оған көзі түсіп кетті де, сеньораны иығынан құшақтап алған жанның басқа ешкім емес, өзінің күйеуі дон Фернандо екенін көрді; оны таныған бойда-ақ кеудесінен аһ ұрған зарлы үн шығып, талықсып кетті; егер жанында тұрған шаштараз шап беріп ұстай алмағанда жерге құлап түсерінде күмән жоқ-ты. Сол арада оған священник көмекке келіп, бетін бүркеген жамылғыны қайырып тастап, су шашты, анау қыздың бетін ашқан кезде дон Фернандо, — екінші қызды иығынан құшақтап тұрған сол еді, — Доротеяны қолма-қол танып, абыржып тұрып қалды, бірақ Лусинданы босатуды қаперіне де алмады — иә, оның қолынан босанып шықпаққа тырысып жатқан Лусинданың тап өзі еді: күрсінген дауысына қарап ол Карденьоны таныған болатын, ал Карденьо оны танып еді. Доротеяның ес-түссіз құлаған кезіндегі аһ ұрған дауысын Карденьо да естіген, соны құлағы шалған бойда бұл өзінің Лусиндасы екен деп ойлап шошып кеткен ол басқа бөлмеден сыртқа атып шықты, шыққан бойда көзіне алғаш шалынғаны — Лусинданы құшақтап тұрған дон Фернандо болды. Дон Фернандо Карденьоны да бірден таныды, сөйтіп Лусинда, Карденьо және Доротея үшеуінің таңғалғаннан тілдері байланып қалды, — олар қандай кепке тап болғандарын өздері де білмей аңтарылып тұрған-ды.

Олар үн қатпай бір-біріне тесіле қарап тұрды: Доротея дон Фернандоға, дон Фернандо Карденьоға, Карденьо Лусиндаға, Лусинда Карденьоға қарап қалған болатын. Ақыры алғаш боп Лусинда тіл қатып, дон Фернандоға былай деді:

— Босатыңызшы мені, сеньор дон Фернандо, — басқа ештеңені ұят санамасаңыз да, дворяндық ар-намысыңыздың аяқ-асты болатынына ұялсаңызшы, — өзім шырмауығы боп табылатын қабырғаға, үздігуіңіз, қорқытып-үркітуіңіз, уәделеріңіз бен сыйлықтарыңыз жұлып ала алмаған тірегіме жіберіңізші мені. Қараңызшы, қандай ғажайып әрі адам сенгісіз жолдармен жаратқан иемнің мені жан жарыма жолықтырып тұрғанын, ал оны қаперімнен тек ажал ғана біржола ығыстырып шығара алатынын өзіңізге осыншалықты қымбатқа түскен тәжірибеңіз арқылы жақсы білуге тиіссіз ғой. Жаныңызға батыра айтылған осынау ашық мойындау маған деген махаббатыңызды — ашу-ызаға, мейіріміңізді — өшпенділікке айналдырса нетті (қолыңыздан келетін бұдан басқа ештеңе жоқ қой), сөйтіп, мені мүрдем кетіруге итермелесе екен, — сүйікті жұбайымның көз алдында жан тапсырсам, бұл дүниеде босқа ғұмыр кештім демес ем: бәлкім, осылайша өлім табуым өмірімнің ақырғы сәтіне шейін адал болғандығыма оның көзін жеткізетін шығар.

Сол екі арада Доротея өзіне-өзі келіп, Лусинданың сөзіне қарап оның кім екенін түсіне қойды, сосын дон Фернандоның Лусинданы босату ойында жоғын әрі оған ешқандай жауап қатпай тұрғанын көріп, бар күшін жұмсап түрегелді де, аяғын құшақтай құлап, егіл-тегіл еңірей жылап жатып мынадай әңгіме айтты:

— Қазір құшағыңда ұстап тұрған күн сәулесі көзіңді қарықтырмағанда, аяғыңның астында сұлап жатқан, қашан өзің құтқарып алғанша қасірет құлдығында қала беретін бейшара Доротеяны әлдеқашан байқаған да болар едің-ау. Мен — сол өзің білетін, қайырымдылығың арқасында әлде көңіл ауанымен өзің зор құрмет көрсеткен, сөйтіп сүйгенім деп атаған шаруа қызымын. Мен — сол өзің білетін, қарапайымдылық аясынан әрі аспайтын қуанышты ғұмыр кешіп жатқан, бірақ ақырында үздігуіңе, шынайы секілді боп көрінген сезіміңе үн қатып, оңаша тірлігінің қақпасын ашып тастаған, сөйтіп бостандығының кілтін қолыңа табыс еткен қызбын, алайда осынау ақ-адал пейіліме сен қара ниеттілік таныттың, бұған өзіммен оңаша кездескен кезің және қандай кейіпте жүз көрсеткенің айқын дәлел бола алады. Сонымен бірге, мені бұл жерге ар-намысымның аяққа тапталуы айдап келді деп ойлап қалмағаныңды қалар едім, — жоқ, бұл жерге мені өзімді ұмыт қалдырғаныңнан туған өкініш пен күйік айдап келді. Сен менің өзіңдікі болғанымды қаладың және сондай керемет құштарлық көрсеттің, сондықтан, қазір тіпті басқаға аңсарың ауып тұрған күнде де, бәрібір мендік болмай қоя алмайсың. Ойланып көрші, әміршім, сен ғой сол арудың әдемілігі мен текті жерден шыққанына бола менен теріс айналдың, ал менің шетсіз де шексіз махаббатым оның әдемілігі мен тектілігінің өтеміне жарамай ма екен? Сен аяулы Лусиндаға жар бола алмайсың, себебі сен — мендіксің, ол да саған жар бола алмайды, себебі ол — Карденьонікі. Осы жөнінде ойланып көрші, сонда өзіңнен жиренетін жанға ұнауға ұмтылғаннан гөрі, өзіңді ардақ тұтатын жанға бейіл беруге өзіңді-өзің көндіру әлдеқайда жеңілге түсетініне көзің анық жететін болады. Сен қамсыз-мұңсыз жүргенімді пайдаланып кеттің, пәктігімді арбауға түсірдің, қандай шаңырақтан шыққаным да саған құпия болған жоқ, өз ырқыңа қалай көнгенімді де жақсы білесің, — ендеше, алданып қалдым деп өкінетіндей себебің де, негізің де жоқ. Егер осының бәрі рас болса, егер шынайы кавальеро екенің секілді, шынайы христиан болсаң, онда әу баста қол созым жерде ғана тұрғандай көрінген бақытымды әртүрлі айла-шарғылар арқылы неге алыстата бересің? Егер мені дәл осы қалпымда сүймейтін болсаң, ал мен шын мәніндегі әрі заңды түрдегі зайыбыңмын, ондашы мені, тым болмағанда, күңің ретінде жақсы көріп, жаныңа жақындатсаңшы, өйткені қарамағыңда қызмет етіп жүргенімді өзім үшін зор бақыт, тағдырдың оң қабақ танытқаны деп бағалар едім. Тастама мені, бас тартпа менен, өйтсең менің масқара болғаным жайында жұрт не түрлі өсек пен қауесет таратады, ата-анамды қартайғанда қайғы жұтудан құтқар: себебі олар сенің ата-анаңа ақ пейіл, адал ниетпен қызмет етті ғой, сондықтан өзіңнен оң шешім күтуге ықтиярлы. Егер де менің қаныммен араластыру арқылы өз қанымды қорлаймын дейтін болсаң, онда мына нәрсеге ой жүгіртіп көр: текті рулардың бәрі немесе бәрі дерлік осындай жолдан өткен, сондай-ақ текті жерден шыққандықты анықтар кезде шешенің қаны есепке алынбайды. Оның үстіне, шынайы тектілік адамның ізгі қасиеттері бойынша танылады, егер сен толық қақым бар нәрсенің өзін бұйыртпай өңменімнен итеріп, мейірімсіздік көрсетер болсаң, ондашы менің сенен гөрі тектілеу болғандығым. Сонымен, сеньор, сөзімнің соңында өзіңе айтарым мынау: хош көресің бе, жоқ па, ол өз еркің, бірақ мен сенің жұбайыңмын, бұған куә — өзің айтқан сөздер, оның жалған болуы мүмкін емес және тиіс те емес, егер тек мені қадір тұтпауға себепкер болып тұрған нәрсеңді шыныңмен-ақ қадір тұтатын болсаң; бұған куә — берген сертің, бұған куә — өтірік айтпағаныңа куәлік етуге шақырған көктегі құдірет. Егер мұның бәрі аз болса, онда сауық-сайран кешіп отырған шағыңда ар-ұятыңның үнсіз айқайын еститін боласың, ол өзім айтқан шындықты есіңе салып, мәз-шат көңіліңді жер ететін болады.

Ашынған Доротея әлі де талай сөз айтты және сезімге беріліп, көзінің жасын төгіп отырып айтқаны сонша, тіпті дон Фернандоның серіктері де, сол жерде жиналып тұрғандар да көзіне жас алды. Дон Фернандо оның бір сөзін бөлмей мұқият тыңдады, ал Доротея болса, айтарын түгел айтып болған соң, аһ ұрып, солқылдап жылай бастады, оның қаншалықты қайғы шегіп жатқанын көрген және жан ашырлық білдірмеген адамның жүрегі тастан жаратылуға тиіс-ті. Қайғысына ортақтастық білдіріп, сұңғылалығы мен ажарына сұқтанған Лусинда одан көз аудара апмай қалды; жақын барып, жұбату айтқысы да келген, бірақ дон Фернандо оны әлі құшағында ұстап тұрған болатын. Дон Фернандо Доротеяға ұзақ уақыт қадала қарап тұрды, ақыры өте ыңғайсыз жағдайда қалған әрі мұндайды күтпеген ол құшағын жазып, Лусинданы босатып жіберді де:

— Сен жеңдің, аяулы Доротея, сен жеңдің. Айтқан сөзіңнің бәрі ақиқат шындық екенін мойындамасқа дәті жетер жан табылмас, — деді.

Лусинда ес-түстен айрылудың аз-ақ алдында еді, дон Фернандо оны босатқан кезде теңселіп кетті, бірақ дон Фернандо танып қоймасы үшін оның арқа тұсында тасаланып тұрған Карденьо қорқынышын былай серпіп тастап сол сәтте-ақ оны сүйемелдеуге ұмтылып, құшақтай алды да, былай деп тіл қатты:

— Егер шапағаты мол құдірет саған тыныштық таптыруға ниет етіп, солай ұйғарған болса, беу, жүрегімнің адал да табанды һәм сүйікті әміршісі, ондашы бұл тыныштығың менің құшағымнан басқа еш жерде жайбарақат бола алмайды, міне енді сені құшағыма аламын және тағдыр мендіксің деп атауға бұйырған шақтарда бұл құшаққа өзіңді бұрын да талай алғанмын.

Осы сөздерді құлағы шалған, Карденьоны әуелі дауысы бойынша танып қойған Лусинда оған жанарын тіктеді, сосын көз шарасында оның тап сол екені айқын кейіптелген кезде, тұла бойын кернеген қуаныштан әдеп атаулыны былай жиып қойып оны мойнынан құшақтай алды да, бетіне бетін басып тұрған күйі былай деп үн қатты:

— Бейшара тұтқын қыздың заңды қожайыны жалғыз сен ғана, беу, мархабатты мырзам, дұшпан-ниет тағдыр бұған қанша қарсылық жасамасын мейлі, сенің өміріңмен өмір сүретін менің өміріме қандай қауіп-қатер төнбесін мейлі, бәрібір оған өзің ғана қожасың, басқа ешкім де емес!..

Дон Фернандо мен сол жерде жиналып тұрғандар үшін бұл бір ғажайып көрініс болды, бәрі де осынау өте сирек кездесетін оқиғаға таңырқана қарап тұрысты. Доротеяға дон Фернандоның өңі бозарып кеткендей және Карденьодан кек алуды мақсат тұтқандай кейіпте қолын шпагасының тұтқасына қойғандай көрінді; осы ой жылт еткен сәтте-ақ ол асқан әбжілдікпен оның аяғын қос қолдап құшақтай жығылды да, аяғын үсті-үстіне сүйіп, қозғала алмайтындай етіп қатты қысып алған күйі әрі ботадай боздап жылаған күйі былай деп сөйлеп кетті:

— Беу, менің жалғыз ғана жан саям, осынау жеме-жемде не істегелі тұрсың сен? Өз жұбайың аяғыңды құшып жатыр, ал өзің жұбай қылмаққа ниет еткен ару күйеуінің құшағында тұр. Ойланып көрші, құдіретті күштің өзі орайын келтірген нәрсенің шырқын бұзған дұрыс па әлде барлық қиындықты бастан кешіп, шын берілгендігі мен пиғыл-ниетінің пәктігін өзіңе дәлелдеп берген, екі көзін өзіңнен ала алмай, заңды қосағының беті мен омырауын махаббаттың көз жасына суарып тұрған жанды бауырыңа тартқаның дұрыс па? Жаратқан иеме жалынамын және ар-ұятыңа тапсырамын, белгілі болған бұл жағдай ашу-ызаңды қоздырмаса екен, керісінше, оны бәсеңдетсе екен, сонда осынау ғашықтардың өз тарапыңнан ешқандай кедергі көрмей, жаратқан иеміз тарту еткен мерзімнің ұзына бойында тату-тәтті ғұмыр кешуіне ренжіп-налымай ықыласты түрде пұрсат берер едің, осылайша сен абзал да пәк жаныңның тектілігін танытар едің, сөйтіп жұрттың бәрі сенің ындынқұмарлықтан гөрі ақыл-парасатқа көбірек бас иетіндігіңе көз жеткізер еді.

Ал, Карденьо болса, Лусинданы тас қылып құшақтап алған күйі дон Фернандодан көз жазбай қарап тұрған: дұшпандық әрекетін байқап қалған бойда-ақ оған тойтарыс бермекші еді, реті солай келіп жатса тіпті теріс ниеттегілерге өзі тап бермек ойы бар-ды, бұл үшін басын қатерге тігуден де тайынбаған; алайда, бұл кезде дон Фернандоны достары, сондай-ақ сол жерде тұрған священник пен шаштараз айнала қаумалап, бәрі бір ауыздан, іштерінде ақкөңіл Санчо Панса да бар, одан Доротеянның көз жасына аяушылық білдіруін сұрап жалынып-жалбарына бастаған. Егер Доротея айтқанның бәрі ақиқат болса, ал олардың бұған сенімі кәміл, онда оның мейлінше заңды боп табылатын үмітінен алданып қалмауына қам жасау керек, десті олар; сондай-ақ, барлығының осы арада, кездесеміз деп өмірі ойламаған жерде, бір қарағанда солай көрінгенімен, әсте кездейсоқ бас қосып тұрмағанын, бәрі де құдіретті күштің әмірімен болып жатқанын түсінуі керегін айтты. Священник өз тарапынан Лусинданы Карденьодан ажыратуға енді тек ажал ғана ықтиярлы екенін, тіпті оларды шпаганың ұштығы ажыратқан күнде де, олар мұндай өлімді өзіне зор бақыт санайтынын құлаққағыс етті; сондай-ақ, өмірдің қиын-қыстау тұстарында өз нәпсіңді өзің тыя білу арқылы тектілігіңді танытып, басқа екі пенденің құдіретті күш тарту еткен бақыттың қызығын көруіне кеңшілік жасаудың өзі аса үлкен даналық боп табылатынын еске салды; сосын оның Доротеяның көркіне жөндеп көз тіккені жөн екенін, жөндеп көз тіксе, одан асып түсетін әйелді айтпағанда, онымен теңесе алатын әйелдің де сирек екенін өзі-ақ байқайтынын тілге тиек етті; осындай сұлулығына қоса оның көнпістігі мен өзіне деген шексіз сүйіспеншілігін де ұмытпауы керегін, ал, ең бастысы, егер ол өзін кавальеромын және христианмын деп санайтын болса, онда өз парызын орындауға тиісті екенін, — сол парызын орындауы арқылы оның құдай алдындағы парызын да орындап, саналы адамдардың бәрін қуанышқа бөлейтінін, ал саналы адамдар болса, сұлулықтың бір артықшылығы, тіпті ол текті жерден шықпаған пенденің басына бұйырған күнде де, жан дүниесінің кіршіксіз тазалығына ұласқан шақта, жаңа биікке көтеріліп, кез-келген ұлылықпен бой салыстыра алатынын, оны өз деңгейіне дейін көтеріп, өзімен теңестірген жанның ар-намысына зәредей нұқсан келтірмейтінін жақсы білетінін һәм түсінетінін айтты; оған қоса, егер күнәға батыратын әрекетке бастамаса, ынтызарлық ырқының ыңғайына жығылған жанды күстаналауға болмайтынын да ескертті.

Өңгелері де қарап қалмай, не түрлі сөзді айтқаны сонша, дон Фернандоның мейірбан жүрегі жұмсарып (текті әулеттен шыққаны тегін деймісің), қанша тырмысса да жоққа шығара алмайтын шындықтың алдында тәубаға келді; сөйтіп, райдан қайтқанының және осы арада өзіне арнап айтылған ақылға қонымды дәлелдемелер көңілінен шыққанының белгісі ретінде Доротеяға қарап еңкейіп, оны құшағына алды да, былай деп жуаси үн қатты:

— Тұра ғой, орныңнан, аяулым, — қашан да жүрегімнің төрінен орын алып жүрген жанның алдымда тізерлеп отырғаны жараспайтын нәрсе. Егер осы күнге шейін мұны өзіңе айтпай келсем, бәлкім, бұл құдіретті күштің солай ұйғарғанынан шығар: қадіріңе шындап жету үшін, алдымен тұрақтылығыңа көз жеткізуім қажет болды. Саған айтар жалғыз тілегім: өзіңе деген шектен тыс озбырлығым мен менсінбеушілігім үшін мені жазғырмашы, өйткені тап сол өзіңді сүйіктім деп айтуға итермелеген себеп пен сиқыр мені сүйіктің болмауым үшін қолымнан келгеннің бәрін жасауға құштар қылды. Ал енді менің өтірік айтып тұрмағанымды артыңа бұрылып қарап, бақыт құшағына еніп те кеткен Лусинданың көзіне көзіңді қадаған бойда-ақ білерсің деп ойлаймын, оның көзінен менің барлық қылмысымды ақтайтын үкімді оқуыңа болады. Егер ол арман еткенін ақыры тапқан болса, мен де саған ұшырасу арқылы өз арманымның асқар биігіне жеттім, ендеше ол өз Карденьосымен бірге бақыт пен қуаныш толы ұзақ ғұмыр кешсін, мен де екеуіміз үшін жаратқаннан соны сұрап жалбарынатын болам.

Осыны айтып ол ерекше бір нәзік сезіммен Доротеяны құшағына алып, құшырлана сүйді, сөйтіп оған шынайы сүйіспеншілігі мен өкінішінің бұлтартпас соңғы дәлеліндей боп көзінен жас домалап кетпеуі үшін бар ұстамдылығын жұмсауға тура келді. Лусинда мен Карденьо да, сондай-ақ, сол арада тұрғандар да бұл секілді мықтылық көрсете алмады, өйткені бәрі де егіл-тегіл боп жылап тұрды: бірі өз тілегінің орындалғанына ырза боп жыласа, екіншісі өңге біреуді аяп жылаған-ды, оларға сырттай көз салғандардың бұлар әлденендей бір ауыр қайғыға душар болған екен деп ойлап қалары кәміл-ді. Тіпті Санчо Панса да жылады, бірақ кейін өзі ағынан жарылып айтқанындай, ол Доротеяның мүлдем Микомикона королевасы болмай шыққанына деген өкініштен жылаған көрінеді, себебі одан көп жақсылық көрем бе деп соншалықты дәмеленіп жүрген-ді. Жылап-сықтау біразға дейін созылды, сонан соң Карденьо мен Лусинда дон Фернандоның алдына тізерлей кетіп, оған шексіз ырзашылық білдірді және оны ерекше қошеметпен білдіргендері сонша, анау не жауап қайтарарын білмей абыржып қалды да, бар болғаны оларды орнынан тұрғызып айрықша құрметпен және аса бір іззеттілікпен құшағына қысты.

Одан соң ол Доротеядан туған жерден тым шалғай мына өңірге қалай тап болғанын сұрады. Доротея болса, ана жолы Карденьоға айтқанының бәрін қысқа да нұсқа түрде баяндап берді, әңгімесінің дон Фернандо мен серіктеріне ұнағаны сонша, олардың тағы да тағы тыңдай түскісі келді — күйініш-наласы жайында Доротея сондай жағымды түрде сыр шерткен еді. Ол әңгімесін аяқтағасын дон Фернандо Лусинданың қойнынан өзінің Карденьоның жұбайы екенін, сондықтан оған жар бола алмайтынын жария еткен хатты тауып алғаннан кейін қандай кепті бастан кешкенін айтты. Лусинданы өлтіргісі келіпті, ата-анасы араша түспегенде, бәлкім, тіпті өлтіріп те тастауы мүмкін екен; сөйткен соң бұл оңтайы келген бойда кек қайтаруға ниеттеніп кетіп қалыпты, ал ертеңіне Лусинданың үйінен қашып кеткенін, қазір оның қайда екенін ешкім білмейтінін естіпті; арада бірнеше ай өткенде ақыры ол Лусинданың монастырьда жатқанын, егер Карденьоға ақи-тақи қосыла алмайтын болса, онда қалған ғұмырын сонда өткізуге ұйғарғанын біліпті; осы хабарды алған бойда жанына үш кавальероны ертіп монастырьға қарай бағыт ұстапты, алайда оның осында жүргенін білсе, монастырьдағылар күзетті күшейтіп жібере ме деп қорқып, Лусинданың көзіне түспегенді хош көріпті; сөйтіп, қақпаның ашық қалған кезін тауып, екі кавальероны кіре беріске қарауылға қойып, өзі үшіншісімен бірге Лусинданы алып шықпаққа ішке кіріпті. Лусинда бұл кезде монастырь ауласында монахинямен әңгімелесіп отыр екен; олар бұның есін жиып үлгеруге мұршасын келтірмей көтеріп ала жөнеліпті де, жолға шығуға даярлық жасау үшін ешкім таба алмайтын жерге жасырып қойыпты; бұның бәрін олар еш қиындықсыз атқарыпты, өйткені монастырь елді мекеннен жырақта, жазық далада орналасқан екен. Лусинда болса, дон Фернандоның қолына түскеннен кейін талып қалыпты, ал есін жиғаннан кейін тек үнсіз күрсініп, егілумен болыпты; осылайша үнсіздік пен жылап-сықтауды серік еткен олар жүріп отырып осы бекетке жетіпті, қазір бұл бекет оларға өткен-кеткеннің бәрі ұмыт болатын, бұ дүниедегі азап пен мазақтан арылатын бейіш секілді көрінеді екен.

ХХХҮІІ тарау

Мұнда сүйкімді инфанта Микомикона бастан өткерген жайдың жалғасы баяндалады және басқа да қызықты оқиғалар жөнінде әңгімеленеді

Санчо бұл әңгімелерге жаны күйзеле отырып құлақ салды, енді қайтсін, дәрежелі атаққа ие болам ба деген дәмесінен бықсыған шала ғана қалды: сүйкімді принцесса Микомикона — Доротеяға, дәу — дон Фернандоға айналып кетті, ал қожайыны болса қорылдап ұйқы соғып жатыр. Доротея өз бақытының түсі емес, өңі екеніне әлі сене алмай тұрды; Карденьоға да өз бақыты — қиял тәрізді көрінді, Лусинда да өз бақыты жайында тап осындай ойға бейім болды. Дон Фернандо ар-намысы мен абыройын жоғалтып ала жаздаған қиыр-шиыр шытырманнан жол тауып шығуына жәрдем беріп, аяушылық жасаған жаратқанға алғыс жаудырды; қысқасы, бекетте табысқандардың бәрі де шат-шадыман көңіл-күйде болды, сөйтіп, әбден шатысып-бытысқан шырғалаң ақыры осылайша оң шешімін тапқандай еді. Священник бұның бәріне ақылға қонымды түсініктеме беріп, әрқайсысын қуаныштарымен құттықтады; бірақ, бекетші әйелінен артық шаттанып, шалқып-тасыған ешкім болған жоқ, өйткені Дон Кихоттың қырсығынан шеккен шығындарын Карденьо мен священник артығымен қайтарып беруге уәде еткен еді. Тек Санчо ғана, әлгінде айтылғандай, жапа шегіп, қайғырып, қамығумен болды; дәл осы шамада ұйқысынан оянған мырзасына ол аса жабығыңқы кейіпте келіп, былай деді:

— Тақсыр, Қайғылы Бейне, қанша ұйқтаймын десеңіз де еріктісіз: енді ешқандай дәуді өлтірудің керегі жоқ, принцессаға корольдігін қайтарудың да қажеті болмай қалды, — бәрі тынды, бәрі тәмам.

— Өзім де солай ойлаймын, — деді Дон Кихот, — дәу мен арамызда сондай бір өліспей-беріспейтін қанды шайқас болып өтті, мұндай шайқасқа түсу, шамасы, енді маған ешқашан бұйырмайтын да шығар. Мен алдым да семсерімді сілтеп кеп қалдым, қарасам — басы жоқ, ұшып кетіпті, ал енді қанының көп кеткені сонша, еденде су сияқты сарылдап ағып жатты.

— Одан да — шарап сияқты, десеңізші, тақсыр, — деді наразы Санчо. — Егер білмесеңіз біліп қойғаныңыз дұрыс болар, өлтірілген дәу дегеніңіз — тесіліп қалған мес, қан дегеніңіз — оның құрсағындағы алты арроб қызыл шарап, шауып тасталған бас дегеніңіз… жә, атасына нәлет, құрып кетсінші бәрі!

— Әй, сен не шатып тұрсың, найсап! — деп айқайлап жіберді Дон Кихот. — Есің дұрыс па өзіңнің?

— Орныңыздан тұрыңыз, тақсыр, — деді Санчо, — не істеп, не қойғаныңызға қараңыз, бұл үшін бізге қанша ақша төлеу керегін бажайлаңыз, одан соң Доротея есімді кәдімгі қарапайым ханымға айналып шыға келген королеваны көріңіз, оған қоса бұл арада не болып, не қоймады дейсіз, оның бәріне зейін салсаңыз шынымен-ақ таң-тамаша қаларыңыз хақ.

— Мені ешнәрсе таңғалдырмайды, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот. — Есіңде болса, өткен жолы екеуіміз осында тоқтағанда-ақ саған бұл үйдегі оқиғалардың қандайына да көз байлау мен сиқыршылықтың қатысы болады дегенмін, сондықтан осы жолы да солай боп жатса, оған таңданатын не бар.

— Егер көрпеде ұшқаным соған қатысты іс болса, соның бәріне сенер-ақ едім, — деп мәлім етті Санчо, — бірақ, әңгіме оның нағыз шын мәніндегі ұшу екенінде боп тұр ғой. Тап осы бекетшінің өзі көрпенің бір шетінен ұстап, мәз бола күліп, мені асқан ептілікпен аспанға жеткізе әуелетіп тұрғанын өз көзіммен көргем, денесінің қимыл-қозғалысы қандай екпінді болса, күлкісі де құлақты жарып жібере жаздайтындай қатты еді. Мен өзім қарапайым да күнәкар пенде болғаныммен, менің де ой-болжамым бар: егер бұл адамдар өзіңе таныс болса, ондашы ешқандай көз байлау дегеннің болмағаны, жақсылап шекелеу мен ештеңенің мәнін түсінбей мәңгірудің ғана болғаны.

— Жә, жаратқан иеміз хош көрсе, бір жөні табылар, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот. — Киімдерімді алып берші, киінейін де, өзің айтқан оқиғалар мен өзгерістердің неғылған нәрсе екенін білейін.

Санчо оған киімдерін алып берді, анау киініп жатқан кезде дон Фернандо мен сол жерде тұрғандарға священник Дон Кихоттың ақылға сыйымсыз іс-әрекеттерін және оны Жұпыны Жартастан алып шығу үшін өздерінің қандай қулық жасағандарын, ол жерге барып жатып алуына сеньорасы өзін менсінбегендей көргені себеп болғанын айтып берді. Одан әрі священник оның бастан кешкен хикаяларын түгел дерлік баян етті: мұның бәрін ол Санчодан естіген-ді. Тыңдаушылар әрі таңырқанысып, әрі мәз бола күлісті, сөйтіп, ақыр соңында, олар да Дон Кихотпен дидарласқандардың бәрі тоқтайтын байламға, атап айтқанда — шырқы кеткен сана-сезімнің ешқайсысы ақыл-есті жоғалтудың мұндай ерекше түріне шалдықпаған дейтін тұжырымға тоқтады. Одан соң священник тағы: қиын түйіннің қуанышты шешім табуы сеньора Доротеяға ойынды әрмен жалғауға мүмкіндік бермесе, онда басқа біреуді іздеп тауып, оған Дон Кихотты туған жеріне жеткізіп салу жөнінде өтініш білдіру керек болатынын айтты. Карденьо тұрып, бастаған істі аяғына жеткізген жөн екенін, Доротеяны Лусинда айырбастап, оның орнына ойнай алатынын мәлім етті.

— Жоға, ол дұрыс болмайды, — деп қарсылық білдірді дон Фернандо, — одан да Доротея сол баяғысынша жалғастыра берсін. Мейірбан кавальероның иелігі бұл арадан онша қашық болмаса, сырқатынан айығып шығуына қуана-қуана қол ұшын берер едім.

— Осы арадан екі күндік жол.

— Тіпті одан көп болса да мейлі — осынау ізгілікті іс үшін онда барып қайтуға ықыласым ауып-ақ тұр.

Осы мезгілде үстіне әскери жарағын толық асынған, басына майысып қалған Мамбрин дулығасын киген, қолына қалқан ұстаған және сырыққа ұқсас найзасына сүйенген Дон Кихот бой көрсетті. Ол дон Фернандоны да, басқаларды да өзінің ерепейсіз түр-сықпытымен: қабарып-ісінген, қуқыл тартқан жарты шақырымдық сопақша бетімен, сауыт-сайманының ала-құлалығымен және паң да тәкаппар кейпімен қайран қалдырды, оның не айтарын күтіп бәрі тым-тырыс тына қалды, ал Дон Кихот болса сүйкімді Доротеяға жанарын қадаған күйі мейлінше маңғаз әрі байсалды кейіпте сөйлеп кетті:

— Сүйкімді сеньора, атқосшым маған ұлылығыңыздан ұшқын да қалмағанын, осыған дейінгі мәлім бейнеңіз біржола ғайып болғанын, өйткені әрі королева, әрі ақсүйек сеньорадан қарапайым қызға айналып шыға келгеніңізді хабарлады. Егер бұл менің тарапымнан өзіңізге тиісті көмек көрсетілмейді-ау деп қауіптенген әкеңіздің, амалшы-корольдің, ықтияры бойынша жасалса, онда, осы сөзіме сеніңіз, оның қас надан болғаны, сондай-ақ бұл оның рыцарьлар жайындағы хикаялардан мүлдем мақұрым екенін де көрсетеді. Себебі, егер ол аталмыш хикаяларды мына мен секілді ұзақ уақыт бойы әрі аса мұқият түрде оқып, зерделесе, онда атақ-даңқы өз атақ-даңқымнан әлдеқайда пәс рыцарьлардың өзі бұдан да күрделі міндеттерді мыңғырына дыңғыр кірмей-ақ атқарып жататындығының мысалын адым аттаған сайын кезіктірген болар еді, ал енді әлденендей бір дәусымақты, тіпті ол дөкірдің дөкірі болса да, өлтіре салу дегеніңіз түкке арзымайтын нәрсе ғой. Себебі, мен онымен осыдан бар-жоғы бірнеше сағат бұрын ғана кездескенмін, одан соң… жә, бұл жайында әңгіме етпей-ақ қояйын, әйтпесе мені өтірік айтады деп айыптаулары мүмкін. Алайда, құпия атаулының артын ашатын уақыт шіркін бір күні менің де құпиямның құлпын ашып берері ақиқат.

— Сіз дәумен емес, алпамсадай екі меспен кездестіңіз, — деп бекетші сөз қыстырды.

Бірақ, дон Фернандо оған сөйлемей тыныш тұруға және Дон Кихоттың сөзін ешқандай сылтаумен ешқашан бөлмеуге әмір етті, ал Дон Кихот әңгімесін әрмен жалғады:

— Сөзімнің соңында өзіңізге айтарым, қадірменді де қарапайым ғана сеньора, егер басыңыздан кешкен аталмыш құбылысты әкеңіз жоғарыда өзім ескертіп өткен себеппен іске асырған болса, оған құлай сеніп қалмаңыз, өйткені бұл дүниеде семсерім өзіне жол салып өте алмайтын қауіп-қатер дейтін атымен жоқ және ортақ жауымыздың басын шауып, денесін жерге сұлатып түсірген осы семсердің көмегімен көп ұзамай-ақ туған жеріңіздің тәжін басыңызға кигізетін болам.

Дон Кихот үнсіз қалды да, принцесса не айтар екен деп күтті, ал анау дон Фернандоның қашан үйіне жеткізіп салғанша Дон Кихотты алдап-сулауды жалғастыра беруге ұйғарғанын білетіндіктен, кереметтей кербездікпен әрі сондай сүйкімді дауыспен сөйлеп кетті:

— Беу, жаужүрек Қайғылы Бейне Рыцары, мені болмысы өзгерді, өңге біреуге айналып кетті деп өзіңізге кім айтсын мейлі, бәрі де өтірік әңгіме, өйткені кеше қандай болсам, бүгін де сондаймын. Әрине, тағдыр-талайыма бұйырған азын-аулақ бақтың арқасында бойымда белгілі бір дәрежеде өзгеріс болғаны рас, сөйтіп қазіргі ахуалым өзім ойлағаннан әлдеқайда тәуірлеу, бірақ бұл әсте де мені бұрынғыдан басқа болып кетті, өзіңіздің әрі әлеуетті, әрі жеңіліс дегеннен бейхабар білегіңізге арқа сүйесем дейтін күндіз-түні бірдей ойдан шықпайтын асыл арманымнан бас тартты дегенді білдірмейді. Сондықтан, мархабатты мырзам, туған әкеме байланысты күдігіңізден арылыңыз, оның кемеңгер де көреген адам болғанын мойындаңыз, өйткені өз ілім-білімінің арқасында ғана ол мені қасіреттен құтқарудың осынша оңай да сенімді жолын тауып берді ғой: себебі, егер сіз болмасаңыз, сеньор, осында өзіме бұйырған бақтың маған жақын да жуымайтынына еш күмәнім жоқ. Мұны бақытымның бұлтартпас куәлары, яғни осы арада тұрған сеньорлардың басым көпшілігі растап бере алады. Біз тек ертең ғана жолға шыға аламыз, өйткені бүгін бәрібір алыс ұзап кете алмаймыз, ал енді бастаған ісімізді аяғына дейін абыройлы жеткізу жағын бір құдайға тапсырам және өзіңіздің жүрек жұтқан батырлығыңызға сенем.

Ақылға бай Доротея осындай уәж айтты, оны тыңдап алған Дон Кихот Санчоға ашулана қарап, былай деді:

— Саған айтарым, антұрған Санчо: тап сендей мұндарды бүкіл Испаниядан шырақ алып іздесең де таппайсың. Ал, айтшы қане, қара ниет қаңғыбас, принцессаны — Доротея есімді бикешке айналып кетті, ал дәудің өзім шауып түсірген басы — тағы бірдеңе болды дегенді осы қазір ғана маған өзің айтқан жоқ па ең, сөйтіп осы күнге шейін ешкім абыржыта алмаған мені осындай былжырақтарыңмен қатты абыржытып тастаған сен емес пе ең? Ант етем… — осы арада ол көкке көзін тігіп, тістеніп алды, — кезбе рыцарьларда ерте ме, кеш пе пайда болатын күллі алдамшы атқосшының бәріне сабақ болуы үшін сені қазір табан астында кескілеп тастаудан тайынбаймын!

— Сабыр етіңіз, мархабатты мырзам, — деді Санчо. — Бәлкім, сеньора принцесса Микомиконаның құбылысы жөнінде қателессем қателескен де шығармын, ал бірақ дәудің басына, дәлірек айтқанда, шұрық-тесік болған местерге және қан дегеніңіздің — қызыл шарап екеніне келсек, бұл арада, құдай ақы, қателескен жоқпын, өйткені семіп қалған местер, әне, бас жағыңызда ілулі тұр, ал еденде шарап көл боп ағып жатыр. Асықпаңыз, бұның салмағы қалтаңызға түскенде әлі-ақ көзіңіз жететін болады, яғни, айтайын дегенім, сеньор бекетші өзіңізге төлем қағазын бергенде бұған анық көз жеткізе аласыз. Ал, сеньора королеваның бұрын қандай болса, қазір де сондай екеніне шын жүректен қуаныштымын, — демек, бұйырған кетпейді деген сөздің рас болғаны ғой.

— Саған айтар сөзім біреу ғана, Санчо, — деп мәлім етті Дон Кихот, — сен мені кешір, бірақ сен ақымақсың, осымен әңгіме тәмам.

— Әңгіме тәмам, — деп дон Фернандо оның сөзін іліп әкетті, — бұл жайында енді сөз етудің қажеті жоқ. Ал, енді сеньора принцесса ертең жүргенімізді қаласа, өйткені бүгін кеш боп кетті, онда тап солай істегеніміз жөн, бүгін түнде таң атқанша асықпай әңгіме соғамыз, таң атқан соң жолға шығып, сеньор Дон Кихотқа серік боламыз, өйткені оның қастерлі сертін орындау жолындағы бұрын-соңды естілмеген ерен ерліктерін өз көзімізбен көргіміз келеді.

— Керісінше, мен сіздерге қызмет етіп, серік болуға тиіспін, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот. — Өзіме деген ықылас-пейіліңіз үшін және өзімді осынша жоғары бағалағаныңыз үшін сізге шексіз ризамын, бұл жоғары бағаңызды қайтсем де ақтап шығуға тырысамын, бұл үшін тіпті өмірімді қиюдан да, егер одан гөрі қымбатырақ бір нәрсе табыла қалса, соның өзін құрбан етуден де тайынбаймын.

Дон Кихот пен Фернандо осылайша біразға дейін бір-бірін көтермелеп, бір-бірін шын берілгендігіне сендіріп бақты; бекетке әлдебір саяхатшы келіп кірген кезде ғана олардың ауыздарына амалсыз тиым болды; киім-кешегіне қарап бұның жақында ғана маврлар елінен келген христиан екенін аңғаруға болатын, өйткені үстіне кигені көк шұғадан тігілген, жеңі шынтаққа ғана жететін, жағасыз шолақ кафтан, көк түсті кенеп шалбар, осындай түстегі берет еді, аяғына кигені қысқа қонышты сары етік болатын; иығына қайыс белбеу асыныпты, белбеуге мавр қылышы байланыпты. Есекке мінген мавр әйел соңынан еріп келе жатты: бетін жамылғымен бүркеп алыпты, басына қамқа телпек киіпті, үстіндегі альмалафасы тобығына дейін келіп тұр. Ер адам дене мүсіні сымбатты, жауырынды еді, жасы қырыққа жетер-жетпес, өңі қара торылау, ұзын мұрты мен сәнді сақалы бар-ды; бір сөзбен айтқанда, егер киімі келіскенде оны ақсүйектер әулетінен шыққан деп қалуға әбден болатын. Келген бойда ол бөлме сұрады; оған бос бөлме жоқ екені айтылды, бұл оны ренжітіп тастағандай көрінді; сосын киіміне қарап мавр деп ойлауға болатын әйелге барып, оны есектен көтеріп түсірді. Лусинда, Доротея, бекетшінің жұбайы, оның қызы және Мариторнес мавр әйелінің өздері бұрын ешқашан көрмеген, елден ерек киіміне әуестік білдіріп, оны қаумалап тұра қалды, мавр әйел мен серігінің түсетін жер табылмағанына қамығып қалғанын байқаған Доротея өзіне тән ақ көңілділік, сыпайылық және сұңғылалықпен оған былай деді:

— Жайлы орынның жоқтығына бола жабырқамаңыз, мейірбан ханым, бекеттердің барлығындағы жағдай осындай, алайда егер қасымызға қонуды қолай көрсеңіз, — деп ол Лусиндаға қарап ишарат жасап қойды, — онда бүкіл сапарыңыздың барысында бұдан асқан қонақжайлылық кездестірмейтін боласыз.

Бетін жамылғымен бүркеген әйел оған ешқандай жауап қатқан жоқ, тек бойын түзеп, қолын кеудесіне айқастыра ұстады да, алғыс білдіргенінің белгісі ретінде иіліп тағзым етті. Осынау кішіпейілділік ишарасын жасап жатқан кезінде бір ауыз бірдеңе айтпағандықтан бұның мавр әйел екеніне, христиан тілінде сөйлей алмайтынына бұлардың еш күмән-күдігі қалмаған-ды. Бұған дейін әлденемен әуре боп жүрген тұтқын осы арада бұлардың жанына жақындап, әйелдердің серігін қаумалап алғанын, өзіне арналған лебіздерге ләм деп жауап қатпай тұрғанын көріп:

— Қадірменді сеньоралар! Бұл қыз біздің тілімізді жөнді түсінбейді, туған жерінің тілінде ғана сөйлейді, сұрақтарыңызға жауап бермегенінің және жауап бермейтінінің себебі де сонда, — деді.

— Оған ешқандай сұрақ қойған жоқпыз, — деді Лусинда келісіңкіремей, —өзіміз түскен бөлмеде бізбен бірге қонып шыға алатынын, бекеттердегі түнеме кезінде табуға болатын барлық жағдайды жасайтынымызды ғана айттық, өйткені мұқтаждық көріп тұрған жат жерліктерге, соның ішінде әйелдерге қонақжайлық жасауды борышымыз деп білеміз.

— Өз атымнан және мына қыздың атынан қолыңыздан сүйдім, мейірбан ханым, — деді тұтқын, — сондай-ақ, осынау ілтипатыңызды лайықты дәрежесінде аса жоғары бағалаймын, өйткені қандай жағдаят кезінде және, түр-сымбаттарыңызға қарап бағалағанда, қандай ханымдар тарапынан көрсетіліп тұрғанын есепке алғанда, мұны жарылқаушылық деп атамаудың жөні жоқ.

— Айтыңызшы, сеньор, мына сеньора христиан ба әлде мавр ма? — деп сұрады Доротея. — Киген киімі мен жұмған аузын ашпайтыны бізді мүлдем басқа ойға жетелеп тұр.

— Оның киім-кешегі де, тәні де — мавр, ал бірақ жаны — нағыз христиан, өйткені сондай болмаққа құлшынып жүр.

— Ендеше, ол әлі шоқынбаған болды ғой? — деп сұрады Лусинда.

— Біз оған үлгермедік, — деп жауап қатты тұтқын. — Алжирді, өзінің туып-өскен жері мен елін, тастап шыққан кезден күні бүгінге дейінгі мерзім аралығында оған мүлтіксіз орындалуын қасиетті шіркеу өзімізге міндет еткен салттармен алдын-ала таныспай-ақ шоқынуға мәжбүр болатындай өлім қаупі төнген бірде-бір жағдай жолыққан емес. Бірақ, құдай қосса, ұзамай-ақ ол өз дәреже-атағына лайық шоқынады, өйткені оның дәреже-атағы үстіндегі киімі мен менің киім-кешегіме қарап бағалауға болатыннан әлдеқайда жоғары.

Оның бұл сөзі тыңдаушылардың мавр қыз бен тұтқынның кім екенін білуге деген ынтызарлығын туғызды, бірақ сұрауға ешқайсысы батпады, — бұлардың әуелі демалып, көңіл бірлеуі керегін, сосын барып қана сұрастыруға болатынын бәрі де жақсы түсініп тұрған. Доротея мавр қызды білегінен алып, қасына отырғызды да, бүркенішін алып тастауын өтінді. Мавр қызы өзіне не айтылғанын, не істеуі керегін білгісі келгендей тұтқынға сұраулы көзбен қарады. Анау оған араб тілінде бүркенішін алып тастауды сұрап тұрғандарын және солай істегені жөн екенін айтты; мавр қызы бүркенішін қайырып қойды, сол арада жиналғандар оның керемет әдемі келбетіне сұқтана қарап қалды: Доротеяға ол Лусиндадан да ажарлы көрінді, Лусиндаға ол Доротеядан да шырайлы сияқтанды, өңгелері бұл екеуімен сұлулық жарыстыруға жарайтын біреу табылса, ол тек осы мавр қызы ғана болар деп түйді, тағы біреулері мавр қызының азды-кем артықшылығы да барын аңғарғандай болды. Ал сұлулықтың жанды жай тапқызып, жүректі баурайтын айрықша қабілеті мен ерекше құдіреті болатындықтан, бәрі де сүйкімді мавр қызын аялап, оның көңілін табуға ынтық болды.

Дон Фернандо тұтқыннан қыздың есімі кім екенін сұрады, — анау оның есімі Лела Зораида екенін айтты, ал мұны естіп қалған мавр қызы тұтқыннан христиан тілінде не жайында сұрап жатқандарын түсіне қойып, беймаза күйге түсіп, асып-сасып, аптығып:

— Жоқ, Зораида емес, — Мария, Мария! — деді. Яғни, есімінің Зораида емес, Мария екенін айтқысы келген-ді.

Осы сөзінің өзі және мавр қызының мұны айтқанда қалайша қатты толқып, абыржығаны сол арада тұрғандардың көзіне жас парлатты, әсіресе жаратылысы нәзік әрі жүрегі жұмсақ әйелдер жағы көбірек босады. Лусинда оны ерекше елжірей құшақтап:

— Иә, сенің атың Мария, Мария, — деді.

Мавр қызы оны қоштады:

— Иә, иә, Мария, — Зораида маканш! (“Жоқ” дегенді білдіреді.)

Осы екі ортада кеш те түсіп, дон Фернандо серіктерінің тапсырмасымен бекетші кешкі астың көңілдегідей боп шығуына бар ынты-шынтысын салды. Сөйтіп, ас та әзір болып, олар той-думан өткізілетін және жұртшылық тамақтанатын орындардағыдай ұзын үстелдің басына, — өйткені бекетте дөңгелек үстел де, төрт бұрышты үстел де жоқ боп шықты, — жиналған кезде, бәрі төрағалық құрметті орынға, қарсылық білдіргеніне қарамай Дон Кихотты әкеп отырғызды, ал Дон Кихот болса, қасына сеньора Микомиконаның жайғасқанын қалады, себебі өзін оның оққағарымын деп санайтын. Олардың жанынан Лусинда мен Зораида, бұлардың қарсы бетінен дон Фернандо мен Карденьо, одан соң тұтқын және басқа да кавальеролар орын алды, ал ханымдардың жанына священник пен шаштараз жайғасты, сөйтіп бәрі айрықша зор тәбетпен тамақтануға кірісті, алайда оларды Дон Кихот бұдан да зор рақатқа кенелтті, — ешкі бағушылармен бірге кешкі ас ішіп отырғанда шабытқа мініп ұзақ-сонар әңгіме ағытқан шағындағыдай шабыттанып кеткен ол алдындағы асын былай ысырып қойып, сөйлеп ала жөнелді:

— Асықпай ақылға салып көрсең, мархабатты мырзалар, кезбе рыцарьлар орденіне жататындардың адам айтса нанғысыз ғаламат оқиғаларға жиі куә болатыны жайында тұжырым жасамас әддің қалмайды. Шын мәнінде де, жер бетінде тірлік кешіп жүрген пенделердің бірі қазір мына қамал-сарайдың қақпасынан кіріп келсе, сөйтіп біз оның көзіне тап осы қалпымызда көрініс берсек, ол біздің шын мәнінде кім екенімізді біле алар ма еді? Жанымда отырған мына сеньораның — бәрімізге жақсы мәлім ұлы королева боп табылатыны, ал өзімнің — Даңқ тұғырының ең биігіне шыққан тап сол Қайғылы Бейне Рыцары екенім оның қаперіне кірер ме еді?.. Рыцарьлық өнердің адамзат баласы ойлап тапқан күллі өнер мен кәсіп атаулыдан әлдеқайда артық екені қазір ешқандай дау тудырмайтын ақиқатқа айналды, оның үлкен қауіп-қатерлерге ұштасып жататынының өзі-ақ құрметке әбден лайық екенін көрсетеді. Әскери қызметтен оқымыстылық артық дейтін сөзді де құлағым шалады, мұндай әңгімені бықсытатындар кім болса да мейлі, мен оларды не айтып, не қойып жүргенін өзі де білмейтін жандар деп бағалар едім. Сондағы олардың алға тартатын және өздеріне аса салмақты көрінетін дәлелі — ой жұмысы қол жұмысынан артық, ал әскери қызметте тек қана тән жаттығады деседі, — сонда деймін-ау, әскерилер — қара күшіне ғана сенетін қарапайым жұмыскер болғаны ма, сонда біз, әскерилер, өзіміз әскери өнер деп атайтын ұғымға алымды да шалымды ақыл-ой қажет етілетін ерлік істер кірмейтін болғаны ма, сонда қарамағына тұтас бір қосын сеніп тапсырылған немесе қоршауда қалған қаланы қорғау міндеті жүктелген қолбасшының ақыл-ойы тәнімен салыстырғанда аз еңбек ететін болғаны ма! Ойлап көріңіздерші: жалғыз тән қуаты арқылы ғана дұшпанның пиғыл-ниетін, ой-жоспарын, әскери қулықтарын түсінуге және жұмбағын шешуге, құрған торын аңғаруға, қауіп-қатердің алдын алуға бола ма? Жоқ, бұның бәрі тек парасат-пайымға ғана байланысты, тәннің бұған қатысы жоқ. Сонымен, оқымыстылыққа ақыл-ой қаншалықты қажет болса, әскери қызмет үшін де соншалықты қажет екенін көрдік, енді ғалым адамның ба әлде әскери адамның ба — қайсысының ойы көбірек еңбек ететініне назар салайық, ал бұның өзі олардың көздеген мұраты мен діттеген мүддесі қандай екенінен көрініс табады, өйткені неғұрлым ізгі мақсатқа ұмтылған талап соғұрлым қадірлі болады. Ғылымдардың межесі мен мақсаты, — бұл арада мен жанымыздың жұмақтан орын алуына жәрдемдесетін діни ілімдер жайында айтып отырғаным жоқ, өйткені түп мақсаты осындай түпсіз терең мұндай ғылыммен басқа бірде бір ғылым теңесе алмайды, — мен дағдылы ғылымдар жайында айтып отырмын, ал бұлардың мақсаты — игіліктерді әділетті түрде үлестіру, әркімнің тиесілі сыбағадан құр қалмауын қарастыру, көпшілік игілігін көздейтін заңдардың сақталуын қадағалап, шаралар қолдану боп табылады. Бұл, сөз жоқ, жоғары да ізгі мақсат, оны қалай мақтасаң да артық емес, алайда мұның әскери өнерге лайық мақтау мен мадаққа шендесе алмайтыны және белгілі, өйткені әскери өнердің мақсаты мен ол діттеген мүдденің түп қазығы — бейбітшілік боп табылады, ал бейбітшілік дегеніміз дүниедегі ең жоғары ізгілік. Міне, сондықтан да жер-әлем мен адамдардың ең алғаш естіген ізгі хабары бәріміз үшін шуақты күнге айналған түнде періштелер аспан төрінен әнмен жеткізген: “Көктегі жаратқанның даңқы арта берсін, жер бетінде бейбітшілік орнасын, адамдар рақымшыл болсын”, деген хабар-ды. Аспан мен жердің ең ұлағатты ұстазы өзіне шын берілген, өзі бейіл берген пенделеріне біреудің босағасынан аттаған кезде: “Бұл үйде бейбіт өмір болсын”, деуге өсиет етті. Осынау пенделеріне ол: “Сендерге бейбіт өмір қалдырам, сендерге бейбіт пиғыл-ниет берем; бейбіт тірлік кешіңдер”, дегенді сан қайталап айтты, шын мәнінде де бұл бізге құдіретті күш берген және меншікке қалдырған асыл қазына боп табылады, онсыз аспанда да, жерде де оңды ешнәрсе болып жарытпайды. Тоқ етерін айтқанда, соғыстың тікелей мақсаты — бейбітшілік, ал соғыстың мақсаты осы болса, ендеше, әскерилердің де мақсаты сол ғой. Сөйтіп, соғыстың мақсаты бейбітшілік екенін, сондықтан оның ғылымдар көздеген мақсаттан биік болатынын даусыз ақиқат ретінде мойындасақ, енді оқымысты адам мен жауынгердің тән азабы мәселесіне ойысып, қайсысы көбірек екеніне зер салайық.

Дон Кихоттың лепіре сөйлеп, қызыл сөзден қырман жасағаны сонша, тыңдаушылардың ешқайсысы қазір оны есі ауысқанға балай қоймайтын, — керісінше, бұлардың көпшілігі кавальеро, яғни майдан алаңында ер жеткен адам бола тұрғанымен, оны айрықша ықыласпен тыңдады, ал анау сөзін әрмен жалғастыра берді:

— Сөйтіп, студенттің шегетін азабы мынадай; біріншіден, жоқшылық (әрине, олардың бәрі бірдей сорлы емес, мен әдейі ең нашар деген жағдаятты тілге тиек етіп отырмын), ал студент тарығады деген сөзден, меніңше, оның қандай бейшаралықты бастан кешетінін айтқызбай-ақ аңғаруға болады, себебі жоқ-жітіктің халі мүшкіл. Оның көрмейтін қорлығы жоқ: аштықты да, жалаңаштықты да, тоңып-шашырауды да бастан кешеді, ал кейде осының бәрін соның бір басынан табуға болады. Дегенмен, мезгілімен болмаса да, дәулеттілер дастарқанының қалған-құтқан бірдеңесімен болса да, әйтеуір жүрек жалғайды, бұл — студенттердің әбден жадап-жүдегенінің нышаны, өздерінің арасында бұндай жағдайды олар жан бағу деп атайды, сөйтіп біреу болмаса біреуден бұлар үшін қазан-ошақтың қасынан немесе пештің жанынан жата кететін орын табылады, бұл жерде олар шып-шып терлемесе де, әйтеуір, қалтырап тоңбайды, ең бастысы, әйтеуір, басында баспана болады. Көйлек-көншектің жоқтығы, аяқ киімнің жетіспеушілігі, сырт киімнің тозыңқырап кетуі, — бұл енді сирек те болса ұшырасып тұратын нәрсе, — сондай-ақ, сәті түскен жағдай ара-тұра ішіп-жемге тап келтірген шақта олардың іркілмей бас салатын ашқарақтығы секілді ұсақ-түйектерге тоқталып жатпаймын. Міне, өзім сипаттап берген осындай жолмен, қиын-қыстау, соқпақты жолмен, қайта-қайта сүрініп, қайта-қайта құлап, құлау үшін және қайта тұрып, олар өздері арман еткен ғылыми дәрежеге де жетеді. Міне, ақыры дәрежеге де қол жетті, шарапат-мейірімі мол Фортуна бейне қанатына мінгізіп алып өткендей-ақ, қайырлатып қоятын қайраңдар, Сциллалар мен Харибдалар да артта, міне, олардың біразы креслоға жайғасып көз алдымызда әлемге әмір жүргізіп, билеп-төстеп те отыр, ал өздерінің жақсы мінез-құлықтарына берілген лайықты өтемақы ретінде аштық — тоқтыққа, жалаңаштық — сәнқойлыққа айналды, тоңып-шашыраудың орнына олар қоңыр-салқында отыратын болды, бойрада жатып ұйқы соғудың орнына — голланд шұғасы мен дамаскілік жібек төсеніп демалатын болды… Ал енді олардың шегетін ауыртпалығы мен майдан даласындағы жауынгердің бастан кешетін ауыртпалығын салыстырып қараңыз, студент қиыншылығы жауынгер тақсіретінің ширегіне де татымайтынын қазір өздеріңіз-ақ көретін боласыздар.

ХХХҮІІІ тарау

Мұнда Дон Кихоттың әскери қызмет пен оқымыстылық жайындағы қызғылықты ой-тұжырымы баяндалады

Одан әрі Дон Кихот былай деді:

— Біз студент кедейшілігінің қандай түрі болатынын талдаудан бастадық, — енді солдат одан гөрі бай ма екен, соған келейік. Бақсақ, дүниеде солдаттан кедей ешкім жоқ екен, өйткені ол жарытымсыз жалақысына тірлік кешеді, оның өзін кешіктіріп береді, кейде тіпті бермей қояды, немесе басын қатерге тігіп және беттің арын белге түйіп тонап алғанын талғажау етеді. Киім-кешек жағының да жұтаңдығы сонша, жамаулы-жасқаулы колеті оған әрі сән-салтанатқа киетін киім, әрі көйлек орнына жүреді, қыстың қақаған суығында, айдалада ол әдетте өзінің демімен ғана жылынады, ал менің өз түсінігімше, аш адамның аузынан шыққан дем де салқын болады, ол жаратылыс заңын мойынсұнбайды. Енді мына қызыққа қараңыздар: ол да қараңғылық түскен кезде жауын-шашыннан пана табады, оны күй талғамайтын адамға тарлау көрінбейтін төсек-орын күтіп тұрады, — расында да, тақыр жерде аяғын қалай-қалай созса да немесе ақ жайманы қыртыстандырудан қорықпай, бір бүйірінен екіншісіне қанша аунаса да ерікті емес пе. Сөйтіп, міне ақыры әскери адамға арналған дәрежені алатын да шақ туады: шайқас болатын күн келеді, сөйтіп егер оқ басынан тисе, онда оған жарақат таңғыштан докторлық телпек кигізіледі, ал егер оқ басынан тимесе, демек, аяғы немесе қолы зақымға ұшырағаны. Бірақ тіпті мұндай күйге тап болмай, мейірімі мол жаратқан оны бәле-жаладан аман сақтап қалған күнде де, бәрібір, оның байып шыға келуі екіталай нәрсе, оған қоса бұл жазғанның әлі де талай айқас пен шайқасқа түсуіне тура келеді және әскери қызмет сатысымен азды-кем жоғары өрлеуі үшін барлық ұрыста жеңіске жетуі шарт, бірақ мұндай ғажайыптар сирек болады. Ал өздеріңіз айтыңыздаршы, сеньорлар, соғыста қаза тапқандармен салыстырғанда ерлігі үшін марапатталғандардың әлдеқайда аз болатыны жайында ойланып көрдіңіздер ме? Әрине, мұны салыстырудың қисыны жоқ, қаза тапқандарға сан жетпейді, ал тірі қалғандар арасындағы марапатталғандар үш орындық санмен есептеледі, деулеріңіз мүмкін. Ал, енді сот маңайындағылардың жағдайы мүлдем басқа: олар ішіп-жемнен ешқашан кенделік көрмейді, алдыңғы есіктен кіргізу мүмкін болмаса артқы есіктен кіргізіп береді, — осының бәрінен солдат еңбегінің азабы ерен, марапаты аз екенін көреміз. Бәлкім, отыз мың солдаттан гөрі екі мың сот қызметкерін марапаттау оңай ғой дейтіндердің де табылуы мүмкін, өйткені соңғылары жақсы қызметпен марапатталады, ал мұндай қызметтердің қажеттілік тууына орай тиісті кәсіп түрімен айналысатын адамдарға әрдайым беріліп тұратыны мәлім, ал солдатты жалғыз тек өздері қызмет ететін сеньордың қаражатына ғана марапаттауға болады, бірақ осының өзі-ақ менің ойымды мақұлдап тұр емес пе. Алайда бұл әңгімені қоя тұрайық, өйткені мұндай шырғалаңнан жол тауып шығу қиын, сондықтан әскери қызметтің оқымыстылықтан басымдығы жайына — осы күнге шейін шешімін таппай келе жатқан мәселеге оралайық, себебі өз пікірін қуаттайтын жаңа дәлелдемелерді екі жақ та індете іздестіріп, көптеп тауып жатыр. Ескерте кеткен артық етпес, оқымысты адамдар өздері болмаса әскерилер де өмір сүре алмас еді дегенді айтады, өйткені соғыстың өзі де сөзсіз бағынатын заңдар бар, ал ондай заңдарды жасақтау ғылым мен оқып-тоқығаны мол адамдардың ісі, деседі олар. Әскерилер бұған дау айтып, өздері болмаса заңдар да болмас еді дейді, өйткені мемлекетті аман алып қалатын, корольдіктерді сақтайтын, қалаларды қорғайтын, жолдарды күзететін, теңіздерді қарақшылардан тазартатын өздері екенін алға тартады, — қысқасы, егер өздері болмаса, мемлекеттерде, корольдіктерде, монархияларда, қалаларда, жер бетіндегі жолдар мен теңіз жолдарында — барлық жерде, соғыс кезінде, әсіресе оған айрықша ерік пен билік берілген шақта, болып жататын айтып жеткізгісіз сұмдықтар мен жөнсіздіктер орын алар еді дегенді тілге тиек етеді. Расында, не нәрсе қымбатқа түссе, соның жоғары бағаланатыны және солай бағалануға тиіс те екені белгілі ғой, — бұл баршаға мәлім жәйт. Әжептәуір дәрежедегі заң шығарушыға айналу үшін уақыт қажет болады, табандап отырып оқып-тоқу қажет болады, киім-кешек пен ішіп-жемнен тарығуға тура келеді, бастың айналуымен, асқазанның сыр беруімен, өзім шет жағын айтып кеткен, басқа да осыған байланысты бірқатар жайлармен санаспау керек болады. Ал, енді жақсы солдатқа айналу үшін оның студент бастан өткергеннің бәрін де бастан кешуіне тура келеді, бірақ мұның шетіндігі сонша, тіпті салыстырудың өзі саппастық боп шығар еді, өйткені солдат қас қағым сайын басын қатерге тігеді. Шын мәнінде де, студенттің бойын билеген және қыр соңынан қалмай қойған кедейлік пен жоқ-жұтаңдық алдындағы қорқынышты қоршаудағы қамалда равелиндер мен кавальерлерді күзетіп тұрған, дұшпанның қамал қабырғасы астын үңгіп жатқанын сезгенімен, қарауыл орнын тастап, осынау зор қатерден қашып құтылуға болмайтынын біліп тұрған солдаттың бастан кешкен қорқынышын салыстыруға бола ма? Қолынан келер жалғыз ғана нәрсесі — бастығына белгі беру ғана, сонда бастық контрмина арқылы қатердің алдын алуға қам жасайды, ал ана жазған болса қашан бұлттарды бетке алып қанат байламай-ақ ұшып кетерін немесе қашан ықтиярынан тыс құзға құларын күтіп тікесінен тік, сірескен қалпы тұра береді. Ал егер, сіздің ойыңызша, бұл да онша үлкен қауіп көрінбесе, онда ашық теңізде екі галераның бір-бірін абордажға алмақ боп тым жақын келіп тоқайласқан сәтінде солдаттың ені екі-ақ фут таранда тұруы оған әлгіден кем қатер төндірмейтінін, тіпті одан да қауіптірек екенін айтуға болады. Бұған қоса ол тура қарсы алдынан, дұшпан жақтан, бар болғаны найза ұсынымдай ғана жерден, өзіне қарап оқталған қанша мылтық болса, сонша жанның өзіне ажал таптыруға асығулы екенін өз көзімен көріп тұрады, аяғын бір адым шалыс басса-ақ Нептунның су асты иелігін аралауға аттанып кететінін де сезіп тұрады, бірақ ар-намысы тайсақтауға жол бермей, кеудесін шімірікпестен оққа тосады, әлгі енсіз тақтайша арқылы дұшпанның кемесіне өтіп кетуге тырмысады. Бірақ, әсіресе қатты таңғалдыратыны мына нәрсе: біреуі енді қайтып ешқашан шыға алмайтын жаққа құлап кетсе-ақ болды, орнына екіншісі келіп тұра қалады, ал ол да ата жауындай аңдып жатқан теңіз толқынына тоғытылса, оның орнын өңгелері кезекпен кезек келіп баса береді, тіпті олардың қалайша аңдаусыз түрде құрдымға құлап жоғалып жатқанын да аңғара алмай қаласың, — иә, мұндай жүрек жұтқандық пен көзсіз ерлікті басқа ешқандай шайқастан жолықтыру мүмкін емес. Қорғасын оқ бүркетін мылтық дегеннің, — қарғыс атқыр өнертабысына берілер сыйлық ретінде оны ойлап тапқан жанның тамұққа жіберілгеніне сенімім кәміл, — жан түршігерлік қаһарынан хабарсыз заман қандай ғанибет еді десеңізші! Сондай мылтық қолына түскен кез-келген сүмелек қазір айбынды кавальероның, — жаудан жасқануды білмейтін, жүрек жұтқан батырлығымен өзгелерді де ерлікке жігерлендіретін кавальероның, — өмірін бір демде-ақ үзе алады: кенеттен тарс етіп атылған оқ (оны атқан адамның тіпті осынау ант атқан қарудың аузынан жарқ еткен оттан зәре-құты қалмай қорқып, қашып та кетуі ықтимал) қас қағым сәтте-ақ атпал азаматтың ой ағымын да, оған қоса ұзақ жылдар бойы жан рақатын кешуге лайық ғұмырын да үзіп кете барады. Міне, осы себептен, әлгі айтылғанның бәрін ой елегінен өткізе келіп, мынадай мейірімсіз заманда кезбе рыцарьлық қызметін таңдағаныма іштей қатты өкініп те жүрмін, өйткені өзім қандай қауіп-қатерден болсын қорықпағаныммен, бәрібір, қорғасын мен дәрі ақ білегімнің күшімен, ақ найзамның ұшымен әлемнің өзімізге мәлім барлық елінде бірдей құрмет пен даңққа бөлену мүмкіндігімнен айырады-ау деп ойлаған шағымда көңілімді күмән жайлайтын болып жүр. Бірақ, бәрі де жаратқанның ықтиярында, егер ойға алғандарымды түгел орындап шыға алсам, ең зор құрметке бөленеріме күмәнім жоқ, өйткені мен өткен ғасырлардағы кезбе рыцарьлардың ешқайсысы кезіктірмеген қауіп-қатермен күндегісін-күнде бетпе-бет ұшырасып жүрмін ғой.

Басқалар тамақ ішіп жатқанда Дон Кихот осындай ұзын-шұбақ ой-тұжырымын ортаға салды, ал өзі, Санчо Пансаның қазір ас ішетін уақыт, әңгімені кейін айтуға болады ғой деп әлденеше рет құлаққағыс жасағанына қарамастан, алдындағы дәмнен татып та алған жоқ. Осындай, бір қарағанда, әжептәуір парасатты түйін жасай алатын, көп нәрседен хабары бар адамның әңгіме арнасы әлгі аты өшкір рыцарьлық жайына ойысса болды, ақыл-естен біржола айрылып қалатынына тыңдаушылар тағы да тағы өкініш білдірді. Священник Дон Кихоттың әскери қызметтің пайдалылығын дәріптеген дәлелдемелері көңілге әбден қонымды екенін, өзі священник, оқып-тоқыған, оған қоса ғылыми дәрежесі бар адам бола тұрғанымен, оның пікірін қолдайтынын айтты.

Міне, кешкі ас та ішілді, үстелдегі ыдыс-аяқ та жиналды, сөйтіп бекетшінің жұбайы қызымен және Мариторнеспен бірге Ламанчалық Дон Кихоттың шоланын тәртіпке келтіруге кіріскен кезде, — бұл жолы онда ханымдар ғана қонып шықпақшы еді, — дон Фернандо тұтқыннан өмір тарихы жайында әңгімелеп беруін өтінді, оның осы жерде Зораидамен бірге бой көрсетуінің өзі-ақ өмір жолының өзіндік ерекшелігі барын және қызғылықты екенін аңғартатынын айтты. Тұтқын оған бұл өтінішін қуана-қуана орындайтынын, алайда әңгімесі бұларды онша қызықтыра қоймайды-ау дейтін қаупі барын, бірақ олардың дегенін орындауға әрқашан әзір екеніне көздері жетуі үшін, қалай болған күнде де, айтып беретінін мәлім етті. Священник те, басқалары да оған алғыс жаудырып, өтініштерін тағы бір мәрте қайталады, ал анау болса, жұрттың бәрі бірауыздан ықылас білдіріп жатқанын көріп, әмір етудің өзі-ақ жеткілікті жерде өтініш айтқан орынсыз болады, деді.

— Ендеше, мейірбан мырзалар мен ханымдар, мейлінше шыншыл бұл хикаяға зейін қоя құлақ салыңыздар, онымен салыстырғанда ойдан шығарылған, ұзақ ойланып-толғану мен майталман шеберліктің табы сезіліп тұратын әңгімелер сіздерге, бәлкім, онша тартымды да болмай қалар.

Осы сөзден соң бәрі өз орындарына қайта жайғасты, ешкім тіл қатып, тіс жармады, ал анау жұрттың бәрі тыңдауға әзірленіп тына қалғанын көріп, бәсең де ұнамды үнмен әңгімесін былай деп бастап кетті:

ХХХІХ тарау

Мұнда тұтқын өз өмір жолы мен бастан кешкен тауқыметтері жайында әңгімелейді

— Фортунадан гөрі жаратылыс көбірек жарылқаушылық көрсеткен менің аталарым Леон тауындағы бір елді мекенде өніп-өскен еді, — ашығын айтқанда, айнала-маңайды жоқшылық жайлап алғаны сонша, жұрттың көзіне әкем дәулетті адам секілді көрінетін, ал егер орынсыз шашып-төгуге бейім болмай, үнемшілдікке әуес болғанда ол шынымен-ақ сондай адамға айналар да еді. Оның жөнсіз жомарттығы пен ақшаны босқа рәсуа қылуға бейімдігі жас кезінде, солдаттықта жүргенде қалыптасқан-ды, өйткені солдаттық дегеннің өзі ерекше бір мектеп, онда үнемшіл — жомартқа, ал жомарт — ысырапқорға айналады, ал сараң солдат кездесе қалса, оны жер астынан шыққан жіктей көреді, өйткені мұндайлар онда өте сирек. Әкемнің мырзалығы ысырапқорлықпен шендесіп жатты, ал үйелмені бар адамды, мойнында әулетінің атағы мен абыройын балаларына мұра қылу парызы бар адамды мұндай қасиет жақсылыққа жеткізбейтіні белгілі. Әкеден үшеу едік, үшеуіміз де ер бала болатынбыз және бәріміз де өзімізге лайық кәсіп таңдайтын жасқа жеткенбіз. Өзі айтқандай, ырқына ие бола алмайтынын көрген әкем ысырапқорлығы мен ақша шашуға деген құштарлығының қайнар бұлағын ақи-тақи бітеп тастауды ұйғарды, яғни өзін-өзі дүние-мүліктен айырғанды хош көрді, ал дүние-мүліксіз Александр Македонскийдің өзі де тас сараң көрінер еді. Сөйтіп, бір күні ол үшеуімізді бөлмесіне ертіп апарды да, есікті іштен кілттеп алып, шамамен мынадай әңгіме айтты:

“Балаларым! Өздеріңді жақсы көретінімді білдіруім үшін, сендер менің баламсыңдар деген сөзді айтқанымның өзі-ақ жетеді, бірақ сендерді неге тиісті дәрежеде жақсы көрмегенімді білдіруім үшін, өздеріңе тиесілі дүние-мүлікті толық күйінде сақтай алмағанымды айтсам да болады. Міне, сондықтан, туған әке ретінде жақсы көретініме, өгей әке секілді азып-тозып кеткендеріңді тілемейтініме енді анық көз жеткізулерің үшін, байыппен пайымдай келіп, бәрін де асықпай өлшеп-пішіп, ескере отырып бір қадам жасауға бел будым. Сендер қазір өмірден орындарыңды табатын немесе, ең болмағанда, кейін өздеріңе абырой әперетін және пайда келтіретін кәсіп түрін таңдайтын жастасыңдар. Қожалығымды төртке бөлуді ұйғардым: үш бөлігін сендерге берем, ешқайсыңды алаламаймын, төртіншісін көрер күнім түгесілгенше тірлік кешуім үшін өзімде қалдырам. Алайда мен әрқайсың қожалықтың тиесілі бөлігін алғаннан кейін қазір өзім ұсынғалы отырған жолдардың бірін таңдағандарыңды қалар едім. Бізде, Испанияда, өз түсінігімше, дөп айтылған бір мақал бар, жалпы алғанда, қандай мақал болмасын дөп айтылмайтыны жоқ, өйткені бұлар, шынтуайтында, көп жасап, көпті көрген адамдардың қысқаша ой-тұжырымы боп табылады, ал енді өзім меңзеп отырған мақал: “Не шіркеу, не теңіз, не корольдің сарайы деңіз”, дейді, — басқаша сөзбен айтқанда: адам қатарына қосылғысы келгендер, оған қоса дәулет жинағысы келгендер не діни дәреже алуға тиіс, не сауда-саттық жолын таңдап, теңізбен сапар шегуі қажет, жә болмаса корольге қызметке кіруі керек, — себебі: “Сеньордың сый-сияпатынан, король дастарқанының қиқымы артық” деген сөз тегіннен-тегін айтылмаған ғой. Мұның бәрін жыр ғып отырған себебім, — ал, мұны менің тілегім әрі өздеріңе қояр талабым деп біліңдер, — біреуің өз өміріңді ғылымға бағыштасаң, екіншің — сауда-саттықпен айналыссаң, ал үшіншің — король әскерінің құрамында король-ағзамға қызмет етсең деп едім, өйткені сарай адамына айналу — оңай шаруа емес, ал әскери қызметте оншалықты байып та кете алмайсың, бірақ, есесіне, зор даңқ пен үлкен құрметке ие болуың мүмкін. Бір аптадан соң әрқайсың менен тиесілі үлестеріңді ақшалай аласыңдар, соқыр тиынын қалдырмай санап берем, оны өздерің-ақ көресіңдер. Ал, енді осы сөзіммен келісесіңдер ме және тілімді аласыңдар ма, соны айтыңдаршы”.

Үлкендері өзім болғандықтан маған бірінші боп жауап беруге тура келді, сол арада мен әкемнен дүние-мүлікті бөлмеуін, өзі қанша ақша шығындағысы келсе сонша шығындай беруін өтіне бастадым, әлі жас екенімізді, ақшаны өз еңбегімізбен таба алатынымызды айттым, сөзімнің соңында оның тілегін орындауға әзір екенімді, армияға барғым келетінін, сөйтіп осы салада құдайтағала мен корольге қызмет еткенді хош көретінімді мәлім еттім. Өзімнен кейінгі інім де әуелі әкеме дәл сондай тілек білдірді, сосын Америкаға аттанғысы келетінін, тиесілі ақшасын сонда қолға алмақшы ісіне жұмсайтынын жария қылды. Кенже інім, меніңше, арамыздағы ең ақылдымыз да сол, діни қызметші болғысы келетінін немесе Саламанкада бастаған оқуын аяқтап шықпақ ойы барын айтты.

Сөйтіп, айналыспақ кәсіптерімізді өз ықтиярымызбен таңдап алған соң әкеміз бізді құшағына қысты. Берген уәдесін ол дәл уақытында орындады, үлесіміз қолға тигеннен кейін, ұмытпасам, үш мың дукаттан келді ғой деймін (жат біреудің қолына өтіп кетпеуі үшін қожалықты немере ағамыз сатып алғанын, ақысын қолма-қол ақшамен төлегенін айта кеткенім артық етпес), үшеуіміз мейірбан әкемізбен қоштастық; қартайған шағында әкемізді көк тиын қаражатсыз қалдырғанымыз адамгершілікке жатпайтынын ойлап, мен өзім сол күні-ақ оны қолымдағы үш мың дукаттың екі мыңын алуға үгіттеп көндірдім, өйткені қалған ақшаға солдат үшін не қажеттің бәрін алуға болады, деп сендірдім. Інілерім де мұнымды мақұл көріп, әкемізге әрқайсысы мың дукаттан берді; сөйтіп, әкемнің қолына төрт мыңдай тиді, оның сыртында сатқысы келмей өз иелігінде қалдырған жылжымайтын мүлкін ақшаға шаққанда шығатын үш мыңдай дукаты тағы бар еді. Сонымен, біз әкемізбен және әлгінде атап өткен немере ағамызбен қоштастық; бойымызды айрықша толқу баурап алғаны сонша, бәріміз де көзімізге жас алдық, ал әкеміз болса сәтті-сәтсіз қадамдарымыз жайында хабар-ошар жолдап тұру жағын естен шығармауымызды сұрап жалынумен болды. Біз уәде еттік, ол бізді құшағына қысып, батасын берді, одан соң бір інім Саламанкаға, екіншісі Севильяға жол тартты, ал мен өзім Аликантеге аттандым, сонда барғанымда жүн тиеген генуялық бір кеменің Генуяға жүрмекке дайындалып жатқанын білдім.

Туып-өскен үйімнен жырақ кеткеніме жиырма екі жыл болды, осы уақыт ішінде сан қайтара хат жолдағаныммен, әкем жайында да, інілерім жайында да ешқандай хабар ала алмадым. Аликантеде кемеге отырып, аман-есен Генуяға келіп жеттім, одан Миланға барып, сол жерден әскери керек-жарақ пен киім-кешек сатып алдым да, Пьемонт әскері қатарына кірдім, бірақ Алессандрия делла Паллаға бара жатқан жолда ұлы герцог Альбаның Фландрияға аттанбақшы боп жатқанын естідім. Алғашқы ойымнан айнып, соған барып қосылдым да, жорықты басынан аяғына шейін сонымен бірге өткіздім, Эгмонт пен Горн есімді графтардың өлім жазасына кесілгенін өз көзіммен көрдім, Гуадалахарада туып-өскен Дьего де Урбина есімді атақты әскер басының әмірімен ту ұстаушы дәрежесіне көтерілдім. Сөйтіп, өзім Фландрияға келіп жеткеннен кейін көп ұзамай әулиелігіңе құлдық, топырағың торқа болғыр Бесінші Пийдің ортақ жау — түріктерге қарсы Венециямен және Испаниямен одақ құрғаны жайында қауесет тарады, өйткені бұл кезде түрік флоты осы уақытқа шейін Венецияның қол астына қарап келген айтулы Кипр аралын басып алып, оны өлшеусіз өкініште қалдырып отырған-ды.

Одақтастар әскерін мейірбан короліміз дон Филипптің әкеден бір туған інісі, мәртебелі мырза дон Хуан Австрийскийдің басқаратыны мәлім болды, сондай-ақ соғысқа айрықша дайындық жасалғаны жайында да айтылып жатты, — осының бәрі мені ерекше еліттіріп, алдағы жорыққа қатысуға құлшындырды. Орайы келген бойда-ақ ұзамай капитан атағын береміз деп үміттендіріп, тіпті ашықтан-ашық уәде беріп жүргендеріне қарамай, бәрін тастап кете бармақ болдым және солай істедім де, сөйтіп Италияға келіп жеттім, сәтіне сай келген кездейсоқтық шығар, тап сол кезде сеньор дон Хуан Австрийский венециялық флотпен бірігу үшін Генуядан Неапольға аттанғалы жатыр екен, екі әскер ақыры Мессинада бірікті ғой. Қысқасы, осынау айы оңынан туған жорыққа мен инфантерия капитаны шенінде қатыстым, бұл жоғары шенге, шынымды айтсам, сіңірген еңбегім арқылы емес, жолым болғыштығы арқасында ие болғам. Бірақ, христиандар үшін осынау ерекше зор қуанышқа толы күні, түріктерді теңізде жеңетін ешкім жоқ деген алдамшы ойдың жетегінде жүрген барша әлем мен жер бетіндегі барша халықтың көзі ақыры ашылған күні, тап сол оттомандық менмендік пен тәкаппарлықтың күлі көкке ұшқан күні деймін-ау, соншама көп бақытты жандар арасында (өйткені, бұл айқаста шейіт болған христиандар — тірі қалып, жеңіп шыққандардан да гөрі бақыттырақ) жалғыз мен ғана бақытсыздыққа ұшырадым; егерде мұндай оқиға Ежелгі Рим заманында орын алған болса, онда басыма теңізшілерге арналған жеңіс гүлдестесін кием бе деп дәмеленуіме болар еді, бірақ оның орнына тап сол қуаныш шуағын шашыратқан күнді ауыстырған түнде қолыма бұғау, аяғыма кісен салынды. Бұл былай болды. Алжир королі Улудж-Али, өжет те өте бір жолы болғыш теңіз қарақшысы, Мальта орденінің флагмандық галерасына тап беріп, тас-талқанын шығарды, нәтижесінде онда бар-жоғы үш-ақ жауынгер тірі қалды, олардың өзі де ауыр жарақаттанғандар болатын, бірақ сол арада оған Джованни Андреаның флагмандық галерасы көмекке ұмтылды, ал мен өз ротаммен сол кемеде болатынмын. Осындай жағдайдағы дағдылы дәстүр бойынша мен дұшпанның галерасына секірдім, бірақ дәл осы сәтте біздің кеме мен галераның арасы алшақтап кетті де, солдаттарым соңымнан ілесе алмай қалды, нәтижесінде жаудың ортасында жалғыз қалып, олар көп болғандықтан қарсылық көрсете алмадым, — қысқасы, жарақаттан сау-тамтығым жоқ қалпымда оларға тұтқынға түстім. Бәлкім, өздеріңіз де білетін шығарсыздар, сеньорлар, Улудж-Али күллі эскадрасымен бірге қашып құтылды ғой, сөйтіп мен оның қолына тап болдым — соншама көп мәз-шат жарандар арасындағы жалғыз ғана қайғы шегуші, соншама көп бостандық алушылар арасындағы жалғыз ғана тұтқын мен болдым, өйткені түрік кемелерінде ескекшілік еткен он бес мың христиан сол күні ақыры арманға жетіп, азаттық алған-ды.

Мені Константинопольге алып келді, сол тұста Селим сұлтан осы айқаста өз міндетін мүлтіксіз орындағаны үшін, ерлігінің айғағы ретінде Мальта орденінің туын алып келгені үшін қожайынымды генерал-адмирал етіп тағайындады. Арада бір жыл өткенде, яғни жетпіс екінші жылы, адмирал кемесінде ескекшілікте жүріп Наварин шайқасының куәгері болдым. Түрік флотын айлақта басып алу мүмкіндігі қалай қолдан шығып кеткенін өз көзіммен көрдім, өйткені түріктің барлық теңіз және құрлық жаяу әскері өздеріне сол айлақтың өзінде шабуыл жасалады деп күтіп жатқан, сондықтан, бостан босқа қырылып қалғылары келмей, құрғақпен қаша жөнелу үшін киім-кешектері мен башмақтарын (түріктер аяқ киімдерін осылай атайды) дайын ғып отырған: біздің флот оларға осындай орасан зор үрей төндірген болатын. Алайда, бәрі басқаша боп шықты — бірақ, бұл біздің адмиралдың кінәсінен немесе немкеттілігінен емес-ті, керісінше, христиандар күнәға батқанда және жаратқан иеміз қырын қарағанда өзімізге жаза беретін жендеттердің де табыла кететіндігінен еді. Дәл солай болып та шықты: Улудж-Али Модонаға қарай шегінді, — Наварин маңайында осындай арал бар, — сөйтті де, әскерін түсіріп, айлаққа кірер ауызды бекітіп тастады, сол арада сеньор дон Хуан қайтып оралғанша тапжылмай отырды да қойды. Осы жорықтың барысында біздің әскерлер Жирен Сақал дейтін атақты теңіз қарақшысының баласы басқаратын “Олжа” атты галераны қолға түсірді. Оны қолға түсірген соғыс падишасы және солдаттарының туған әкесі, қашан да жолы болғыш және қашан да жеңіліс табу дегенді білмейтін әскер басы дон Альваро де Басан, де Санта Крус маркизі, басқарған неапольдық флагмандық “Құртқа” галерасы болатын. Осы арада “Олжаның” қалай олжа етілгені жайында айтпай өте алмаймын. Жирен Сақалдың баласы аса қатыгез болатын, тұтқындарға көрсетпеген қорлығы жоқ-ты, содан “Құртқа” галерасы өздерін өкшелеп келе жатқанын және қуып жетуге таяп та қалғанын көрген ескекшілер бір демде ескектерін лақтырып тастап, жылдамырақ есуге әмір етіп бақырып-шақырып тұрған капитанды тұтып алып бір сәкіден екінші сәкіге, кеменің алдыңғы жағынан артқы жағына қарай қақпақылдай бастайды, қақпақылдау кезінде жол-жөнекей оңдырмай тістелегендері сонша, ақыры жерге түсірген кездерінде анау көп кідірмей ана дүниеге аттанып кете барады, — қайталап айтқаным артық болмас, ол тұтқындарға өте қатыгез болған-ды және шектен тыс өшпенділік туғызған-ды. Біз Константинопольге қайтып оралдық, ал келесі, жетпіс үшінші жылы, сонда отырған бізге сеньор дон Хуанның Тунисті басып алғаны, оны түріктерден тазартып, мулей Ахметтің басқаруына бергені, сонысы арқылы мулей Хамидтің, дүниедегі нағыз қаныпезер және нағыз жау жүрек маврдың, Туниске қайта оралмақ үмітін біржола үзгені мәлім болды. Бұл шығынға жаны шырқыраған сұлтан, арғы-бергі аталарына тән аярлықпен венециялықтармен бітімге келді, — бұған венециялықтар оның өзінен де көбірек зәру боп отырған-ды, — сөйтті де, келесі, жетпіс төртінші жылы, Голета мен Тунистің іргесіндегі фортты қоршауға алды, — сеньор дон Хуан форттың құрылысын аяқтап үлгермеген-ді. Осынау әскери қақтығыстардың барлығында да мен ескекте отырдым және босанып шығамын-ау деп те үміттенген емеспін, — қайткен күнде де, әйтеуір, ақша төлеу арқылы азаттық аламын-ау деген ой менде болған жоқ, өйткені бақытсыздығым жайында әкеме ештеңе жазбауды ұйғарғам.

Ақыры Голета берілді, форт та берілді, бұларды қоршауға жетпіс бес мың жалдамалы түрік әскері мен Африканың түкпір-түкпірінен жинап әкелінген төрт жүз мыңнан астам мавр мен араб қатысты, оның үстіне осынау жер қайысқан қол жеткілікті мөлшерде оқ-дәрімен және әскери жарақпен қамтамасыз етілген-ді және жер үңгумен айналысатын адамдары да айтарлықтай мол болатын, осы себепті Голета мен фортты бетінен келтіріп көміп тастау үшін әр солдаттың бір-бір уыс топырақ тастағанының өзі жетіп жататын. Бірінші боп Голета тізе бүкті, соған дейін оны ешбір дұшпан ала алмайтындай көрінетін, — оның тізе бүккені қорғаушыларының кінәсінен емес-ті, олар қамалды қорғау жолында қолдан келгеннің және өздері міндетті болғанның бәрін жасады, оның берілуіне, тәжірибе көрсеткеніндей, шөл даладағы құмда окоп қазудың оңайлығы себеп болды: әдетте екі сүйемдей қазсаң-ақ су шыға келетін, ал түріктер екі шынтақ бойы қазғанымен су көріне қоймады. Сөйтіп, олар құм толтырылған сансыз көп қапшықтан таудай биік дуал тұрғызды, бұл қамал қабырғаларынан иық асырып тұратын болды, ал қоршаудағылар қорғану мүмкіндігінен айрылып, биіктен атқылауға еш кедергі жасай алмады.

Біздің жауынгерлер Голетада қамалып жатып алмай, жазық далаға жайғасып, дұшпанның кемеден әскер түсіруін тосуы керек еді дейтін желбуаз пікірді жақтаушылар да аз болған жоқ, бірақ бұлай деп тек сырттай тон пішушілер, мұндай іске бұрын-соңды қатысып көрмегендер ғана айта алатын. Шынтуайтында, Голета мен фортта жеті мыңдай ғана жауынгер болды, қанша жерден жау жүрек болса да, осынша шағын құрамдағы әскер жазық далада дұшпанның бәленбай есе басым күшінің тықсыруын тоқтата алар ма еді? Сансыз көп әрі өшпенділікпен өңмеңдеген жаудың, оған қоса өз топырағында шайқасып жатқан жаудың қоршауында қалған, ешкімнен көмек ала алмаған қамал берілмеген де қайтетін еді? Керісінше, көпшілік адам, оның ішінде өзім де бармын, ағыл-тегіл мол қаражатты тектен-тек жеміріп жатқан осынау қырсықтың, жалмауыздың, қара күйенің жойылуы, жалғыз тек сол жеңіліс дегенді мүлдем білмеген, жаны жаннатта болғыр Бесінші Карлдың оны қалай жаулап алғанын еске түсіруден басқа ештеңеге жарамайтын (шынында да, оның онсыз да мәңгілікке сақталған және сақтала бермек атақ-даңқына арнап осының тастарынан ескерткіш тұрғызған оңды болар еді!), осынау қасіреттің қайнар көзі мен қордасының жойылуы, міне осының жойылуын айтамын, — жаратқан иеміздің Испанияға деген айрықша ықылас-пейілінің, оны өз қанатының астына алғанының белгісі шығар деп түйдік. Сондай-ақ, форт та тізе бүкті, алайда түріктердің оның әр сүйемі үшін қан төгуіне тура келді, өйткені оны қорғаушылардың тайсалмай және тайынбай шайқасқаны сонша, оған жиырма екі рет шабуыл жасаған жау жиырма бес мың жауынгерінен айрылды. Тірі қалған үш жүз адамның бірде біреуі мұздай қара көк қалпында тұтқынға түскен жоқ — бұл олардың жүрек жұтқан батырлығының дәлелі, табанды түрде қорғанғандарының, ешқайсысының майдан алаңын тастап кетпегендігінің айғағы. Валенсиялық кавальеро және жүрек жұтқан жауынгер, дон Хуан Саногера қорғаған тағы бір шағын форт немесе, дәлірек айтқанда, шығанақ жағасында тұрғызылған мұнара да берілді. Голета коменданты дон Педро Пуэртокарреро тұтқынға алынды, — ол қамалды қорғау үшін қолынан келгеннің бәрін жасаған-ды, ақыры оның осылайша күйреуінің күйініші жанына қатты батқаны сонша, өзін Константинопольға қарай айдап бара жатқан жолда құсадан дүние салды. Форттың коменданты, миландық дворян, қолы ұсынақты құрылысшы әрі көзсіз батыр Габриеле Червеллон да тұтқынға түсті. Бұл екі қамалда Иоанн Шоқындырушы орденінің иегері, жаны жайсаң азамат, өз інісі, атақты Джованни Андреа Дориаға өлшеусіз жақсылық жасаған Пагано Дориа сынды талай айтулы адам қаза тапты. Оның өлімінің өкінішті болатыны — фортты ұстап тұра алмайтындарына көз жеткізген соң, уәделеріне сеніп арабтарға берілген болатын, ақыры солардың қолынан ажал тапты: ал, арабтар оны маврша киіндіріп, Табаркаға, генуялықтар иелігіндегі шағын айлаққа, дәлірек айтқанда, поселкеге, — маржан тас өндіру мақсатында генуялықтар бұл айлақта жиі болып тұратын, — жеткізіп саламыз деп уәде еткен-ді, міне тап сол арабтар оның басын кесіп алыпты да, түрік флотының сардарына апарып беріпті, ал анау оларға өзіміздің, кастильялықтардың, “Сатқындықты пайдалан, сатқындардың көзін құрт” дейтін мәтелімізде айтылғанындай шара қолданыпты: естуімізше, Дорианы тірі жеткізбегендері үшін сардар оның басын өзіне сыйлыққа әкелгендерді дарға асуға бұйырыпты.

Тұтқынға алынған христиандардың — фортты қорғаушылардың арасында Андалусияның бір аймағында туып-өскен дон Педро де Агилар дейтін жігіт болды, — фортта ту ұстаушы міндетін атқарған-ды, жұрттың бәрі оны жүректі жауынгер деп білетін және аса бір ақылды адамға балайтын, оған қоса оның өлең шығаруға деген айрықша қабілет-дарыны бар-ды. Ол жігіт жайында әңгіме қозғаған себебім, тағдырдың айдауымен ол қожайынымның құлына айналды, сөйтіп екеуіміз бір галерада бас қостық, тіпті бір сәкіде отырдық. Осы айлақты тастап шыққанға дейін-ақ әлгі кавальеро сонет түріндегі эпитафия37 іспетті, бірі — Голетаға, екіншісі — фортқа арналған екі өлең жазды. Шынымды айтсам, соларды өздеріңізге оқып берсем деп ем, өйткені екеуін де жатқа білем және бұлар сіздерге іш пыстырарлық көрінбес, керісінше, рақаттана отырып тыңдарсыздар деп ойлаймын.

Дон Педро де Агилар есімін естіген дон Фернандо серіктеріне көз салды, сол бойда үшеуі бір-біріне қарап жымия езу тартты. Тұтқын сонеттерді оқып беруге оқталып, енді бастай берген кезде дон Фернандо серіктерінің бірі:

— Оқуды жалғастырмас бұрын, мырза, рақым етіп, жаңа өзіңіз есімін атаған дон Педро де Агилардың кейінгі тағдыры не болғаны жөнінде айтып берсеңіз етті, — деп оны бөліп жіберді.

— Ол жайында білетінім мынау ғана, — деп жауап қатты тұтқын: — Константинопольде екі жылдай болды, сосын грек тыңшысының көмегімен арнаут болып киініп қашып кетті, бірақ бостандыққа қолы жетті ме, жетпеді ме, ол жағын анық білмеймін, алайда, өз ойымша, ол бостандықта болуға тиіс, — арада бір жыл өткенде ана гректі Константинопольден жолықтырып қалғам, бірақ олардың сонда қашып шыға алған-алмағанын сұраудың орайы келмеді.

— Ол бостандықта жүр, — деді кавальеро. — Дон Педро деп отырғаныңыз менің туған ағам ғой, қазір ол әйелімен және үш баласымен біздің жақта көйлегі көк, тамағы тоқ тұрып жатыр.

— Шарапаты мол жасаған, жақсылығыңа рақмет! — деп дауыстап жіберді тұтқын. — Мен үшін бұл дүниеде азаттықпен қайта табысу қуанышынан артық қуаныш жоқ.

— Оған қоса айтарым, ағамның сонеттерін жатқа білем, — деп сөзін жалғады кавальеро.

— Ендеше, бұларды өзіңіз оқып берсеңізші, менен гөрі тәуірірек оқитыныңызда күмәнім жоқ, — деді тұтқын.

— Мақұл, оқиын, — деді кавальеро. — Міне, мынау Голетаға арналған сонет:

XL тарау

Мұнда тұтқын бастан кешкен жайлардың жалғасы баяндалады

Сіздерге, дін жолында ажал тапқан,
Адыра қылып ағзаларын, жас жаны
Қанат қағып төріне қарай аспанның,
Жан рақатын жолықтырған жаннаттан;
Сіздерге, жат өңірде жан-тәнімен
Қалтқысыз адал қызмет еткен еліне;
Теңіз суын, құмын дұшпан жерінің
Жау қанымен бояған һәм өз қанымен;
Сіздерге қайсарлық емес — тек күш-қайрат
Жетпеген-ді. Жеңілісті мұндай мадақтап,
Әділін айтып, бағалаймыз жеңіс деп.
Қиратынды астында қалдыңдар жайрап,
О жақта — мәңгі өмірге, бұ жақта — атаққа
Жан қию арқылы жеттіңдер бәрің тегістей.

— Иә, бұл тап сол сонет, — деп қоштады тұтқын.

— Ал енді мынау, жаңылмасам, форт жайында, — деді кавальеро.

Мына жерде, нәрсіз-сусыз құмақта,
Оқ бораны мұнараларды қиратты,
Үш мың сарбаз ерлікпенен жай тапты,
Енді олардың жаны қазір жұмақта.
Қорқынышты білмеді олар, кектессе
Жеңе алмас еді жау оларды жабылып,
Қылыштасудан қалмаса тек талығып,
Білектерінен әл-дәрмен егер кетпесе.
Не қасіретті көрмеді бұл атырап,
Тыным бермей төнгенде жау жан-жақтан.
Қанға бөкпей және ешқашан қалған жоқ.
Бірақ, ешқашан мына сорлы топырақ
Сонша жанды жіберген жоқ жаннатқа,
Сонша тәнді құрсағына да алған жоқ.

Сонеттер барлығына да ұнады, ал жолдасы жайында жақсы хабар естіп, жаны жай тапқан тұтқын әңгімесін әрмен жалғады.

— Сөйтіп, Голета мен форт тізе бүкті, содан соң түріктер Голетаны жермен-жексен етіп күйретуге әмір етті (ал, форттың талқаны шыққаны сонша, онда қирататын да ештеңе қалмаған-ды), олар жұмысты жеделдетумен бірге жеңілдету үшін Голетаның астын үш жақтан үңгіп, дәрімен қопармақ болды, нәтижесінде осы кезге шейін ең шынжау саналған нәрсе, — атап айтқанда, қамалдың көне қабырғалары, — аспанға күл боп ұшудан аман қалды да, Фратино тұрғызған жаңа қорғанның қалдықтары қас пен көздің арасында қылжиып түсті. Ақыры эскадра жеңіс туын көтеріп, даңқ шуағына шомылып Константинопольге қайтып оралды, ал арада бірнеше ай өткенде қожайыным Улудж-Али қайтыс болды; оның Улудж-Али-Фарташ, түрікше діннен безген қотыраш дейтін лақап аты бар-ды, өйткені ол шын мәнінде де сондай болатын, ал түріктердің біреуге ат қойып, айдар таққысы келсе, адамның әлденендей бір кемшілігін немесе жетістігін желеу ететіні мәлім, — олай болатын себебі оларда Оттомандар тегіне жататын төрт-ақ әулет есімі бар, ал қалғандарына өз есімі мен әулет есімі сол адамның дене мүшесінің кемшілігіне немесе адамгершілік қасиетіне қарап беріледі. Ал, енді мына Қотырашқа келсек, сұлтанның құлдығында жүріп аттай он төрт жыл ескек есіпті, ал отыз төртке келгенінде өз дінінен безетінін мәлім етіпті; өйткен себебі, галерада өзін беттен оңдырмай ұрған түрікке тісін қайрап жүретін, ал дінінен безуі содан кек қайтаруға мүмкіндік беретін. Оның жан-жақты дарынды адам болғаны сонша, сұлтанның маңайындағылар айналысатындай айла-шарғыларға бармай-ақ Алжирдің королі атанды, онан соң генерал-адмирал лауазымына ие болды, басқаша сөзбен айтқанда, маңыздылық дәрежесі жағынан бүкіл империядағы үшінші қызметті атқарды. Ол өзі Калабрияда туып-өскен-ді, жүрегі жұмсақ болатын және құлдарына адамгершілікпен қарайтын, ал құлдарының ұзын саны үш мыңға жететін; ол қайтыс болған соң, қалдырған өсиетіне орай, құлдары сұлтанға, — қарамағындағы қай пендесі қайтыс болмасын, сұлтан оның мұрагері саналатын және марқұмның ұлдарымен бірдей мөлшерде үлес алатын, — сондай-ақ Улудж-Алидің қол астында қызмет еткен діннен безгендерге бөлініп берілді. Мен өзім Венецияда туып-өскен бір діннен безгеннің құзырына тап болдым, — Улудж-Али оны тұтқынға алған кезде ол корабльде кіші матрос екен, ұзамай-ақ Улудж-Алидің сеніміне кіріп, оның ең сүйікті кеңесшілерінің қатарына қосылыпты, ақыр соңында жер-дүниедегі ең қатыгез діннен безгенге айналды. Оның есімі Гасан Аға еді, өте бай адам болатын, Алжирдің королі боп бекіген-ді. Ол мені Константинопольдан өзімен бірге алып кетті, кеткеніме қуандым да, өйткені Алжирден Испания өте жақын ғой, — айтқандайын, басыма түскен тақсірет жайында біреуге хабарлайыншы деген ой менде болған жоқ, мен тек Алжирде тағдыр маған Константинопольдағыдан гөрі кеңпейілдеу болар деп үміттендім: өйткені, мұнда жүрген кезде қашып құтылмаққа қанша талпынғаныммен, бір де бір рет сәті түспей қойған-ды. Сөйтіп, Алжирде өзім соншалықты арман еткен нәрсені іске асырудың басқа бір жолын табармын деп ойладым, өйткені бостандыққа шығу жөніндегі үміттен ешқашан қол үзіп көрмегем, егер өзім жобалаған, жан-жақты ойластырған және іске асырған әрекетімнен ештеңе өнбесе, оған бола сары уайымға салынбайтынмын, болымсыздау, сенімсіздеу болса да мейлі сол бойда-ақ басқа бір үміттің етегіне жармаса кететінмін. Алжирдегі абақтыда, немесе түріктер атайтындай баньяда, жүргенде өзімді жүнжіп кетуден сақтаған да осы еді; бұл абақтыда корольдің құлдары — тұтқын христиандар мен кейбір тұрғылықты адамдар да, сондай-ақ алмахзанның құлдары, яғни қалалық кеңестің құлдары да бар-ды; кеңестің құлдарын қаланы көркейту жұмыстары мен басқа да жұмыстарға салатын және бұлардың бостандыққа шығуы айрықша қиын еді, өйткені олар жеке адамдардың меншігі емес, қауымның меншігі саналатын, сондықтан азаттығы үшін төлейтін ақша тапқанымен, бәрібір, бұл жайында келіссөз жүргізетін адам таба алмайтын. Мұндағы абақтыларда, әлгінде айтқанымдай, құлдар мен жергілікті тұрғын санатындағы жекелеген адамдар жататын, бұлардың басым көпшілігі бостандығы үшін өтем төлей алатындар деп есептелетін, осы себепті оларды қара жұмысқа қуалай бермейтін, өтемі қолға тигенше қарауылдаумен ғана шектелетін. Өтемі әне-міне қолға тиіп қалар деп жүрген корольдің құлдарын да осылайша басқалармен бірге қара жұмысқа тек өтемі кешігіңкіреген кезде ғана салатын; бұндай жағдайда, өтемді жеделірек жасауға ынталандыру үшін, оларды жұмысқа жегіп, басқалармен бірге орманнан ағаш кесуге жіберетін, ал бұл дегеніңіз оңай шаруа емес.

Мен де өтем төлейтіндер қатарына енгізілдім, өйткені капитан екенім анықталғаннан кейін, қаражат жағдайым жарытымсыз, ешқандай дүние-мүлкім жоқ деп сендіріп баққаныма қарамай, бәрібір дворяндар және өтем алуға болатын тұтқындар тобына жатқызылдым. Мені шынжырмен бұғаулап тастады — әрине, күзету оңайға түсуі үшін емес, тек өтем төлей алатын адам екенімді әйгілеу үшін ғана; сөйтіп, осы баньяда өтем алуға жарамды саналатын және осы мақсат үшін ғана қамалған көптеген дворянмен және басқа да айтулы адамдармен бірге тұрып жаттым. Кей-кейде, ал дәлірек айтар болсам, ылғида дерлік аштық пен жалаңаштықтан азап шегіп жүргенімізбен, бізді әсіресе қатты торықтырған жағдай — қожайынның христиандарға құлақ естіп, көз көрмеген қатыгездік жасайтынына адым аттап басқан сайын куә болатындығымыз еді. Күн сайын ол біреуді дарға асып, екінші біреуді қазыққа отырғызып, үшінші біреудің құлағын кесіп жататын, — бұның бәріне түкке татымайтын нәрсені сылтау ететін, кейде тіпті сылтау да іздеп жатпайтын, сондықтан мұның қатыгездік үшін ғана жасалатын қатыгездік екенін, оның бойында адам атаулыны жау көретін туа бітті қасиет барын түріктердің өзі де түсініп жүрді. Оның жақсы қараған жалғыз ғана адамы — Сааведра дейтін испан солдаты болды, оны түріктер де әлі ұмыта қоймаған шығар, өйткені ол онда не түрлі хикметті жасады ғой және мұның бәрін тек қапастан босап шығу мақсатында ғана істеген еді, алайда қожайыным оған бірде-бір мәрте қол жұмсаған жоқ, оны сабауға бұйрық та берген жоқ және оған жаман сөз де айтқан жоқ, ал шынтуайтына келгенде, біз жолдасымыздың ең бейкүнә деген қылығының өзі үшін ғана оны қазыққа отырғызатын шығар деп зәреміз қалмайтын, тіпті оның өзі де талай рет осындай жаза тартудан қауіптенген болатын. Егер уақыт тарлық етпегенде сіздерге бұл солдаттың ерлік істері жайында біраз қызықты нәрсе айтып берген болар ем және бұл әңгімем өз басымнан өткен жайлардан да гөрі әлдеқайда тартымды әрі таңырқауға тұрарлық боп шығар еді.

Айтайын дегенім: әрі бай, әрі атақты бір мавр үйінің терезелері абақтымыздың ауласына қарайтын, терезе дегенде бұлар нағыз терезеден гөрі мавр атаулының үйлеріндегідей болмашы ғана саңылауға ұқсайтын, ол да аз болғандай, барынша қалың, жарық жібермейтін жапқышпен тұмшалаулы тұратын. Күндердің бір күнінде мынадай жәйтке кез болдық: қасымда үш жолдасым бар, бәріміз оңаша қалған соң, — өйткені, басқа христиандар жұмысқа кеткен, — істейтін іс жоқтықтан, аяғымызда кісен барына да қарамай, абақтымыздың кіре берісінде тұрып секірмекке әрекеттеніп жатқанбыз, сол арада әлгі үй жаққа аңдаусыз көзім түсіп кетті де, тұмшалаулы тұрған сол кішкене терезелердің бірінен ұшына орамал байланған қамыс шыбық шығып тұрғанын және оны алуымызға белгі бергендей әлдекімнің шыбықты әрлі-берлі қозғап, бұлталақтатып тұрғанын байқап қалдым. Біз соған қарап қалдық, ақыры арамыздағы біреу шыбықты өзіне тастар ма екен, одан соң не болар екен, көрейін деп ұйғарды, бірақ ол таяп келе бергенде әлдекім шыбықты көтеріп алды да, бейне жақтыртпай бас шайқағандай, оны оңды-солды бұлғалады. Христиан қайтып оралды, сол бойда шыбық тағы төмен түсіп бұрынғысынша бұлғалақтай бастады. Енді екінші жолдасым кетті, бірақ ол да әлгінің кебін киді. Ақыры үшінші жігіт кетті, ол да алғашқы екеуінің сиқын тапты. Сосын мен де бағымды сынап көргім келді, сөйтіп терезенің астына келіп тұруым мұң екен, әлдекім қамыс шыбықты қолынан түсіріп жіберді де, ол абақтының ауласына, тура менің аяғымның астына келіп топ етті. Мен жалма-жан орамалды шешіп, бір ұшынан түйіншек тауып, онда он сиани, яғни сапасыздау алтыннан соғылған он теңге жатқанын көрдім: мұндай теңгелерді маврлар тұтынатын, әрқайсысы біздің он реалға татитын. Осынау олжаның мені қалай қуантып, шаттыққа бөлегенін айтып жатудың өзі артық, оған қоса мұндай жақсылықты бізге, шынын айтқанда, өзіме, кім жасағанын біле алмай дал болдым, өйткені шыбықты менен басқа ешкімге түсіргілері келмеген еді ғой, ал бұның өзі сыйлықтың маған ғана арналғанының айқын белгісі. Теңгелерді қалтама салып, шыбық сындырып тастадым да, кіре беріске қайта көтерілдім, сол арадан терезеге көз салғанымда әлдекімнің аппақ білегі терезені ашып, іле қайта жапқанын көріп қалдым. Тек сонда ғана өзімізді жарылқаған адамның сол үйде тұратын әйел екенін аңғардық, сөйтіп оған деген ырзашылығымызды білдіру үшін маврлар дәстүрімен оған сәлем ишаратын жасадық, яғни басымызды төмен салып иілдік те, кеудемізге қолымызды қойдық. Арада көп уақыт өтпей-ақ терезеден қамыс шыбықтан жасалған кішкене крест төмен түсірілді де, іле қайта жоғары көтеріп алынды. Бұл онда тұтқынға түскен христиан әйел тұрып жатқанын, бізді жарылқаған сол екенін меңзейтіндей белгі еді, алайда білегінің аппақ түсі мен білезіктерінің болуы ол ойымыздан айнытып, біз бұл, шамасы, дінінен бас тартқан христиан әйел шығар деген байламға тоқтадық: дінінен бас тартқандарға маврлар үйленетін және мұны өзіне зор бақыт санайтын, өйткені оларды өз қандастарынан жоғары қоятын. Бұл жорамалымыздың шындықтан ауылы алыс еді, солай бола тұрғанымен, сол кезден бастап біз, бейне бір солтүстіктен көз аудармайтын кеме айдаушылар тәрізді, қамыс шыбық өзімізге жол сілтер жарық жұлдыз боп елес берген терезеге телміріп қараумен ғана болдық, алайда екі апта өтсе де, қамыс шыбық та, ақ білек те, немесе басқадай бір белгі де көрінбеді. Осы уақыт ішінде бұл үйде кім тұратынын, онда дінінен бас тартқан христиан әйелдің бар-жоғын білмекке барымызды салғанымызбен, бізге ешкім пәтуалы жауап бере алмады: әйтеуір тек онда Хаджи Мурат есімді дәулетті әрі ақсүйек әулеттен шыққан мавр тұратынын, сондай-ақ оның бұрын Әл-Батаның коменданты болғанын ғана білдік, ал бұл маврлар айрықша қадір тұтатын қызметтердің бірі еді. Сөйтіп жүргенде, төбемізден сиани жаңбыры жауа қояр деп мүлдем ойламаған шағымызда, күтпеген жерден қамыс шыбық тағы көрінді, оған тағы орамал байланыпты, түйіншегі бұрынғыдан қомақтылау екен; бұл жолы да тап ана жолғыдай, баньяда өзімізден басқа ешкім жоқ болатын. Өткендегі тәжірибемізді тағы қайталадық: менен бұрын үш жолдасым барды, бірақ қамыс шыбық оларға бұйырмады, ол тек мен жақындаған кезде ғана жерге түсті. Мен түйіншекті шешіп, ішінен қырық испан алтын теңгесін және араб тілінде жазылған, соңына үлкен крест қойылған хатты таптым. Кресті сүйіп алдым да, алтын теңгелерді қалтама зытырдым, сосын кіре беріске қайтып оралдым; біз сәлем ишаратымызды жасадық, терезеден тағы да аппақ білек көзге шалынды, мен хатты оқып шығам деген ишарат жасадым, терезе тарс жабылды. Бұл оқиға бізді әрі таңғалдырды, әрі қатты қуантты, өзіміз арабша қара танымайтынбыз, хатта не айтылғанын білуге қанша құмартқанымызбен, оны оқып беретін біреуді табу бізді үлкен қиыншылыққа тіреді. Ақыр соңында мен Мурсияда туып-өскен, дінінен бас тартқан бір жігітке сыр айтуға тәуекел еттім: ол алдымда құрақ ұшып, адалдығына әрдайым иландырып жүретін, ал мен оның басқа ешкімге айтпаған, айтуға тәуекелі де бармайтын сырларына қанық едім, сондықтан құпиямды ашуға батылы жете қоймас деп ойлағам. Біліп қойғанның артығы жоқ, христиан жеріне қайтып оралудан үмітті діннен безгендердің кейбірі әдетте ақсүйек тұтқындардан алдын-ала хат жаздырып алып қояды, бұл хаттарында аталмыш тұтқындар әрқайсысы өз тұрғысынан: дінінен бас тартқан осындай да осындай — жөні түзу адам, христиандармен әрқашан кішіпейіл болды, қолайлы сәт туған бойда-ақ қашуға дайындалып жүрді, деп куәлік етеді. Мұндай куәліктерді біреулер ізгі мақсатпен жинастырады, ал өңгелері бір пайдасы тиер деген оймен жинап, арам ниетін іске асыруды көздейді: христиандар жерін тонаумен айналысып жүрген шақтарында кейде олардың адасып кетіп, тұтқынға түсіп қалатын да жағдайлары болмай тұрмайды, міне тап сол кезде әлгі куәліктерді алға тартады да, өздерінің мұнда қандай мақсатпен келгені осы қағаздардан-ақ көрініп тұрған жоқ па, деседі, — біздің мақсатымыз христиандар арасында қалу, сол үшін сіздерге түріктің қарақшы кемесіне мініп келдік, дейді. Бұл оларды жазадан аман алып қалады, сөйтіп есен-сау құтылған соң шіркеуге де шыдамдылық танытады, ал оңтайлы сәт туған бойда-ақ Бербериясына қайтып оралады да, сол баяғы кәсібіне қайта кіріседі. Бұлардың арасында аталмыш хаттарды ізгі мақсат үшін жинап, пайдаға жарататындары және христиандар арасында қалатындары да бар. Осындай діннен безгендердің бірі менің танысым болатын: бәріміз де оған мақтауын жеткізген хат жазып бергенбіз, егер өзінде сақтаулы жүрген сол қағаздарды маврлар тауып алғандай болса, оны тірідей отқа өртеп жіберер еді. Оның арабша жақсы сөйлеп қана қоймай, жаза да алатынын білетінмін. Алайда, барлық сырым мен шынымды ақтармас бұрын, оған өзім жатқан барактың қуысынан ойда жоқта бір хат тауып алғанымды айтып, соны оқып беруін сұрадым. Ол хаттың бүктеуін жазды да, мұрын астынан міңгірлеген күйі оған үңіле қарап, ұзақ зерделеді. Мен одан мұнда не жазылғанын түсінетін-түсінбейтінін сұрадым, ол өте жақсы түсінетінін, егер сөзбе-сөз аударып бергенін қаласам қалам мен сия әкеп беруім керегін айтты: өзіме сол ыңғайлырақ, деді. Біз сұрағанын тауып бердік те, ол аудармаға кірісіп, бітірген соң:

“Мынау араб хатында жазылған жайдың испан тіліндегі сөзбе-сөз аудармасы, — алдын-ала ескертіп қояйын, Лела Мәриам деген сөз барлық жерде әміршіміз Ару Мария дегенді білдіреді”, дегенді айтты.

Хаттың мазмұны мынадай еді:

“Кішкентай бала кезімде әкемнің күңі маған өз ана тілімде христианша салаатты38 үйреткен болатын және маған Лела Мәриам жайында көп әңгімелеген еді. Бұл христиан әйел дүние салды, бірақ оның жаны тозақ отына емес, Алланың мейірімді құшағына тап болғаны өзіме бек жақсы мәлім, өйткені кейін ол маған екі рет аян беріп, христиандарға баруға, өзімді өте жақсы көретін Лела Мәриаммен жүздесуге әмір етті, ал мен болсам қалай барарымды білмеймін. Мен терезеден талай христианды көрдім, бірақ тек жалғыз сені ғана нағыз дворянға балаймын. Мен жаспын әрі әдемімін және өзіммен бірге көп ақша әкете алам, — менімен бірге кете аласың ба, сол жайында ойланып көрші, сосын, анда барған соң, қаласаң, маған үйленуіңе болады, қаламасаң, оған тіреліп тұрған дәнеңе жоқ: Лела Мәриам маған күйеуді өзі-ақ тауып береді. Бұл хатты кімге оқытуға болатыны жайында ойлан, тек маврларға сенуші болма, олардың бәрі екіжүзді. Осы мені қатты мазалайды, асылы, сенің бұл жайында ешкімге ештеңе айтпағаның жақсы болар еді, себебі әкем бұл жайында біліп қойса мені құдыққа лақтырады да, үстімнен таспен бастырып тастайды. Мен шыбыққа жіп байлап төмен түсірермін, сен оған жауабыңды жалғап жібер. Егер арабша хат жаза алатын ешкімің болмаса, онда ыммен-ишарамен ұғындыр, — не айтқаныңды түсінуге Лела Мәриамның өзі көмек береді. Лела Мәриам мен Алла, сондай-ақ мына крест өзіңе жар болғай, бұл кресті күңнің өзіме тапсыруы бойынша күніне сан қайтара сүйемін”.

Бұл хаттың бізді қалай таңдандырып, қалай қуантқаны сіздерді таңғалдырмауға тиіс, сеньорлар. Соншалықты шаттанып, мәз-майрам болғанымызға қарап әлгі діннен безген бұл хаттың тектен-тек табыла қалмағанын, оның шын мәнінде арамыздағы біреуге арнап жазылғанын аңғарып қойды да, егер бұл жорамалы рас болса, өзіне сенім білдіріп, бәрін түгел айтып беруімізді өтініп, бостандыққа шығуымыз үшін өмірін құрбан етуден де тайынбайтынын айтып жалынып-жалбарына бастады, Сол арада ол мойнындағы темір кресін алып, көз жасын көлдете отырып, сол кресте бейнеленген құдайдың атымен ант беріп, күнәкар әрі жауыз адам болғанымен, оған бәрібір шын көңілден, кәміл сенетінін, ешқашан сатқындыққа бармайтынын, өзіне мәлім қылған сырымыздың бәрін түгел құпияда сақтайтынын айтты, өйткені ол хат жазған қыздың көмегімен азаттық алатынымызға, бізбен бірге өзінің де бостандыққа шығатынына, сөйтіп қасиетті шіркеу-анамыздың аясына қайтып оралу жөніндегі асыл арманының, — білместігіне және күнәға батуына байланысты ол шіркеуден шіріген жұмыртқа ретінде аласталып, біржола шеттетілген болатын, — ақыры орындалатынына үміттеніп, тіпті соған құлай сеніп те қалған еді. Осы сөздерді айтқанда оның еңіреп жылағаны және, бәлкім, шын пейілімен де шығар, өткен істеріне қатты өкініш білдіргені сонша, бәріміз сол жерде бұған бар шындықты айтқан жөн болар дегенге тоқтадық, ақыры солай істедік те: барлығын түгел жасырмай баян еттік. Оған қамыс шыбық түсірілген терезені көрсеттік, бұл үйді қаперіне алған ол онда кім тұратынын анықтау үшін қолынан не келсе соның бәрін жасауға уәде берді. Сондай-ақ, біз мавр қызының хатына міндетті түрде жауап қайтаруды ұйғардық, жазу жаза білетін адамымыз жанымызда болғандықтан, оған хатты қолма-қол айтып жаздыра бастадым; оның мазмұнын қазір өздеріңізге бір сөзін қалдырмай айтып бере алам, өйткені бұл оқиғаға қатысты елеуге тұрарлық ұсақ-түйек жайлардың бәрі әлі күнге шейін жадымнан өшкен жоқ және ақырғы демім біткенше өшпейді де. Сөйтіп, мавр қызына мынадай жауап жолданды:

“Ақ пейілді Алла жар болғай өзіңе, мейірбан ханым, сондай-ақ жүрегіңе христиан жеріне жол тарту жөнінде ой дарытқан, қасиетті құдай анасы, Мәриам әміршіміздің де шапағаты тигей саған. Мәриамға жалын, сұра одан, бәлкім ол саған әмірін қалай орындау керегін ұғындырар, — оның мейірімділігінде шек жоқ, жол тауып берері анық. Өз атымнан, сондай-ақ қасымда жүрген барлық христианның атынан, сен үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын деп уәде берем, ал қажет болып жатса сен үшін жан қиюға да әзірмін. Не істемек ойың барын айтып хат жаз, хабар бер, мен саған жауапты кідіртпеймін, өйткені қайырымы мол Алла бізге сенің тіліңде сөйлей де, жаза да білетін тұтқын христианды жолықтырды, оны осы хат арқылы-ақ аңғарарың кәміл. Сөйтіп, енді ештеңеге жалтақтамай-ақ бәрін жасырмай айта беруіңе болады. Христиан еліне барған соң маған күйеуге шыққың келетіні жайында жазыпсың, мен өз тарапымнан, шынайы христиан ретінде, саған үйленем деп уәде етемін, ал христиандардың өз сертіне маврлармен салыстырғанда беріктеу болатынын біліп қойғаныңның зияны жоқ. Өзіңе Алла мен оның анасы Мәриам жар болғай, аяулы ханым”.

Хат жазылып, желімденгеннен кейін маған аттай екі күн күтуге тура келді, — ақыры банья тағы да қаңырап қалды да, мен кіре берістегі дағдылы орныма барып шыбық көрінбес пе екен деп қарай бастадым, ұзамай шыбық та шошаң етіп шыға келді. Соны байқаған бойда-ақ, оны кімнің ұстап тұрғаны көзіме шалынбаса да, қолма-қол хатты көрсетіп, жіпті төмен түсіруі керегін түсіндірдім. Алайда, жіп шыбыққа жалғанып та қойған екен, соған хатымды байлап жібердім, ал арада аз уақыт өткенде ақ орамал кейпіндегі үмітіміздің жұлдызы тағы жарқ етті. Орамал жерге түскен соң, оны алып, түйіншегінен түрлі күміс және алтын теңгелерден тұратын елу эскудодан астам ақша таптым, бұл қуанышымызды елу есе арттырып, босанып шығуға деген сенімімізді нығайта түсті. Діннен безген сол күні түнде қайтып оралып, өз мәліметтері бойынша, ол үйде өзіміз әжептәуір хабардар маврдың тұратынын, аты-жөні Хаджи Мурат екенін, осынау шылқыған бай адамның зор дәулетіне мұрагер боп табылатын жалғыз ғана қызы барын, оны қала жұртшылығы Берберияда жан тең келмейтін сұлу санайтынын, қызды айттыруға талай-талай вице-корольдің келгенін, бірақ қыздың ешқайсысына шықпағанын айтты. Бұған қоса, оның христиан күңі болғанын, күңнің дүние салғанын хабарлады. Мұның бәрі хаттан өзімізге жақсы мәлім жайттардан жырақтамайтын.

Сол арада біз мавр қызын қалай алып қашуға болатыны жөнінде, сөйтіп бәріміздің христиан жеріне қалай жете алатынымыз жайында діннен безгенмен ақылдаса бастадық, ақыр соңында Зораиданың (қазір енді Мария атанғысы келіп жүрген мына қыздың есімі осындай еді) тағы бір хабарын күтуге байлам жасадық, өйткені оның көмегінсіз қиындықтардың бәрін бірдей жеңе алмайтынымызды бәріміз де бек жақсы біліп тұрғанбыз. Осыған бәтуаласқан кезімізде, діннен безген бізге босқа абыржи бермеңдер, өзім өлсем өлермін, бірақ сендерге бостандық алып берермін, дегенді айтты. Төрт күн қатарынан абақты адамға толы болды, соның салдарынан қамыс шыбық көрініс бере қоймады, ал бесінші күні, абақты тыншу тапқан бойда қайта пайда болды және жеңілденуі бақытқа жеткізетінін мегзегендей әжептәуір көлемде томпайған түйіншекпен бірге бой көрсетті. Жақындай берген сәтімде орамал байланған шыбық жерге түсті де, мен одан хат және өңкей алтын теңгелерден тұратын жүз эскудо таптым. Діннен безген осы жерде болатын, біз оны барагымызға алып кірдік, сол арада ол бізге хатты аударып та берді:

“Испанияға қалай барып жетуімізге болатынын мен білмеймін, мейірімді мырзам, Лела Мәриам да сұрағаныммен ештеңе айтқан жоқ; дегенмен, былай істеуге болатын секілді: мен саған терезеден мүмкін болғанынша көбірек алтын теңге түсіремін, ал сен ол ақшаға өзің үшін және достарың үшін өтемақы төлейсің; содан кейін біреуің христиандарға барып фелюга39 сатып алсын да, қайтып оралып қалғандарыңды алып кетсін, ал мені теңіз жағасында, Бабассун қақпасы маңайында тұрған әкемнің қала сыртындағы мекен-жайынан табасыңдар, — жаз айын әкеммен және малайларыммен бірге сол арада өткіземін. Түн қараңғысында сіздер мені ол жерден онша қиналмай-ақ алып қашасыңдар да, фелюгаға алып барасыңдар; тек байқа, маған үйленетін бол, әйтпесе Мәриамға айтып қоям, сосын ол сенің сазайыңды береді. Егер қайық сатып алуды ешкімге сеніп тапсыра алмайтын болсаң, онда өз өтемақыңды төле де, жалғыз бар, — айтқан сөзіңе бір адамдай берік екеніңе кәміл сенемін: өйткені сен дворян әрі христиансың ғой. Біздің қала сыртындағы үйімізді іздеп тауып ал, үй сыртында серуендеп жүргеніңді көрсем, баньяда ешкімнің қалмағаны маған сол бойда-ақ түсінікті болады, сол жерде саған көп ақша берем. Алла жар болғай өзіңе, мейірімді мырзам”.

Бұл екінші хатта міне осындай жайттар мәлім етілген болатын, оны оқып шыққан бойда бәріміз бір ауыздан өтемақы төлеп босанғымыз келетінін жария қылдық, фелюга сатып алуға барғымыз келетінін айттық және уақытылы қайтып оралуға уәде бердік, олардың қатарында, әрине, мен де болдым; бірақ, діннен безген біздің бұл тілегімізді табан астында тойтарып, ішіміздегі біреудің бостандыққа басқалардан ертелеу шығуына жол бермейтінін мәлім етті: босанып шыққандар тұтқында жүргенде берген уәделерін жарытымды орындамайтынын өз тәжірибемнен білем, деді ол, өйткені тұтқында жатқан ақсүйектер мұндай тәсілді талай мәрте қолданып көрген: жолдастарының бірін өтемақы төлеп босатып алып, қалтасына ақша салып, Валенсияға немесе Майоркаға аттандырған, анау ол жақтан фелюга сатып алған соң өзіне өтемақы төлегендерге қайтып оралуға тиіс-тін, бірақ қайтып оралған бірде-бір адам болмапты, — қол жеткен бостандық пен оны қайтадан жоғалтып алу қорқынышы оларды уәде-серт атаулының бәрін тарс есінен шығаруға мәжбүр ететін көрінеді. Осыған мысал ретінде ол бізге әлдебір ақсүйек әулеттен шыққан христиандардың басынан таяуда ғана өткен, не түрлі таңдай қақтырарлық сұмдықтар қас қағым сайын дерлік болып жататын бұл аймақтағы ең бір ерекше сұмдық саналатын сондай бір оқиға жайында қысқаша түрде баяндап берді. Қысқасы, оның айтқан әңгімесінен аңғарғанымыз: христиандардың бірінің өтемақысы үшін өзімізге табыс етілген ақшаны оның қолына ұстатуға тиіс болады екенбіз, ол бұған осы араның өзінен, Алжирден, Тетуанмен және жағалаудағы елді мекендермен сауда-саттық жүргізем деген желеумен фелюга сатып алмақ, ал фелюга қолға түскен бойда-ақ ол бізді абақтыдан қалай алып шығып, фелюгаға қалай отырғызу жайын қолма-қол бірыңғайламақ. Ал егер мавр қыз уәдесінде тұрып бәрімізді сатып алуға жететін ақша берсе, онда тіптен жақсы, өйткені бостандыққа жіберілген адамдар фелюгаға тапа талтүсте де отыра алады. Ең басты қиындық, деді ол, қарақшылық жасауға арналған дәу кеме болмаса, діннен бас тартқандарға маврлар басқа ешқандай кеме сатып алуға да, ондай кемеге қожалық етуге де рұқсат бермейді, өйткені кемені сатып алушы, әсіресе ол өзі испан болса, оны басқа ешқандай мақсатқа емес, жалғыз тек христиандарға қарай қашу үшін ғана алады деп қауіптенеді. Бірақ, ол бұдан шығар жолды да ойластырып қойыпты: ол фелюганы әлдебір тагарин-маврмен бірлесіп, ақшасын теңдей төлеп сатып алмақ, оған болашақта түсетін пайданың жартысын беруге уәде етпек, сөйтіп осы желеумен кеме билігін өз қолына алмақ, ал қалған шаруаны реттеу мұның өз міндеті боп табылады. Ол осылай дегенімен, маған да, серіктеріме де мавр қызының ақылын тыңдап, Майоркадан фелюга әкелуге басқа біреуді жібергеніміз жөн секілді боп көрінген еді, алайда мұның айтқанына көнбесек, бәрімізді түгел ұстап бере ме деген қорқыныштан оған қарсы келе алмадық, өйткені өзіміз жан құрбан етуге құмбыл Зораидамен арамыздағы әңгіме ашылар болса, онда тек оның ғана емес, біздің де өміріміз харап болары анық-ты. Сол үшін тағдыр-талайымызды жаратқан иеміз бен діннен безгеннің қолына тапсырғанды дұрыс деп таптық, сөйттік те сол секундта-ақ Зораидаға жауап жаздық, онда ақыл-кеңестерін бұлжытпай орындайтынымызды, өйткені құдды бір Лела Мәриам құлағына сыбырлағандай өзі бәрін өте оңтайлы етіп ойластырғанын, енді бұл істі кейінге қалдырған жөн бе әлде қолма-қол жүзеге асыру керек пе, бұл жағы тек оның өзіне ғана байланысты екенін айттық. Сонымен бірге, оған үйленетінім жайында тағы бір мәрте уәде еттім. Ертеңіне, бақытымызға қарай, банья тағы қаңырап бос қалды, сосын Зораида шыбық пен орамалдың көмегі арқылы бірнеше мәрте әрекеттеніп, бізге екі мың алтын теңге мен хат жіберді; хатында ол алдағы жұмада әкесінің қала сыртындағы үйіне баратынын және онда кеткенінше біздерге тағы ақша беретінін, ал егер бұл да аздық ететін болса, онда біздің міндетіміз қанша керегін айту ғана екенін, ал өзі қанша сұрасақ сонша тауып бере алатынын: әкесінде ақшаның көптігі сонша, мұны аңғармай да қалатынын, кілттің бәрі өз қолында екенін хабарлапты. Біз фелюга сатып алуы үшін діннен безгенге сол бойда-ақ бес жүз эскудо бердік, ал сегіз жүз эскудоны мен сол кезде Алжирде жүрген валенсиялық бір саудагерге өзімнің өтемақым үшін бердім, — ол мені корольден кепілдік ету арқылы сұрап алды, өтемақыны Валенсиядан кеме келген бойда төлеуге уәде етті. Ал егер өтемақымды қолма-қол төлесе, онда өтемақының ақшасы Алжирге әлдеқашан келген ғой, саудагер содан үнем айырмаққа үндемей жүрген ғой деп корольдің күдік алып қалуы кәміл еді. Бір сөзбен айтқанда, қожайынымның шектен тыс күдікшілдігі салдарынан оған ақшаны бірден төлеуге батпадым. Жұма күні аяулы Зораида қала сыртындағы үйге жүрмекші еді, ал бейсенбі күні ол бізге тағы да мың эскудо берді, сосын ертеңгі сапары жайында құлаққағыс етіп, егер өзімді босата қалған жағдайда қала сыртындағы үйдің орналасқан жерімен тезірек танысуымды, қандай да болсын бір сылтау тауып үйге кіріп, өзімен жолығысуымды сұрады. Мен қысқаша ғана жауап қатып, бәрін айнытпай орындайтынымды хабарладым, өзімізді Лела Мәриамға тапсыруын, тұтқын әйел өзіне үйреткен дұғаларды түгел оқып шығуын сұрадым. Одан соң үш серігімнің өтемақысы төленді, — олардың абақтыдан шығуын жеңілдету үшін, сондай-ақ, өзіме өтемақы төленгенімен, ақша бола тұра өздеріне ештеңе төленбегеніне реніш білдірмеуі үшін және шайтан азғырып Зораидаға әлденендей бір қиянат жасамауы үшін осылай істеуіме тура келді. Шындығында, жігіттерді жақсы білетіндіктен мұндайдан қауіптенбеуіме де болар еді, дегенмен ойға алған ісіміздің әлде бір жерінен ши шықпауын қалағам, сондықтан бұлардың өтемақысын да тап сол өзіме төлегендей тәсілмен төледім, яғни саудагердің оларды абыржып-алаңдамай, күдік тудырмай кепілдікке алуы үшін ақшаны қолына алдын-ала беріп қойдым, алайда астыртын әрекетіміз бен құпия істеріміз жайында оған ләм деп ештеңе айтқан жоқпыз, өйткені бұл бізге өте қауіпті көрінді.

(жалғасы бар)

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close