Білім

МИГЕЛЬ ДЕ СЕРВАНТЕС: АЙЛАКЕР ИДАЛЬГО ЛАМАНЧАЛЫҚ ДОН КИХОТ

Сол екі ортада жаңбыр себезелей бастады да, Санчоның әлгі шұға шығаратын шеберхананың біріне кіріп отыруға ықыласы ауды, алайда тағдырдың күлкі-мазағына ұшыратқан бұл орынға айрықша жеркенішпен қарап тұрғандықтан Дон Кихот онда кіруден бас тартты, оңға қарата бұрылып, алдында өздері жүргенге ұқсас бір жолға барып түсті.

Арада шамалы уақыт өткенде Дон Кихот басында алтындай жалтылдаған әлденендей бір заты бар салт аттыны көріп қалды, сөйтіп, соны көзі шалған бойда-ақ Санчоға қарай бұрылып былай деп тіл қатты:

— Менің білуімше, Санчо, қандай мақалдың болмасын өзегінде шындық жатады, өйткені ол ғылым атаулының анасы саналатын тәжірибе негізінде қорытылған түйін боп табылады, соның ішінде әсіресе: “Бір есіктің жабылғаны — екінші есіктің ашылғаны” деген сөзде үлкен мән бар. Мұны айтып тұрған себебім, кеше ғана жазмыш өзіміз іздеген шытырман оқиғаға кірер есікті қарсы алдымыздан сарт еткізіп жауып тастаған, өйткені шұға шеберханасының тарсыл-гүрсілі бізді жаңылыстырып жіберген-ді, ал енді бүгін ол алдымыздан басқа бір, тәуір және болмай қоймайтыны кәміл, шытырман оқиғаға енгізетін есікті айқара ашып тұр, егер осыған да кіре алмасам, онда бұл арада бәріне кінәлі өзім ғана боп шығам және түннің қараңғылығы да, шұға шығарумен жете таныстығымның жоқтығы да сылтау бола алмайды. Бұны айтып тұрғаным, қателеспесем, қарсы алдымыздан Мамбрин дулығасын киген біреу келе жатыр — бұл, өзің білетіндей, ана жолы ант-су ішетін дулығам ғой.

— Тақсыр, не айтып тұрғаныңыз жөнінде, ал, ең бастысы, қандай қарекет жасағалы жатқаныңыз жайында ойланып көрсеңізші, — деп құлаққағыс етті Санчо. — Ойламаған жерден бұл тағы да шұға шығаратын, бірақ әдеттегі емес, басқа, екеуіміздің есімізді шығаратын, сілемізді қатыра соққыға жығатын шеберхана боп шықса қайтесіз?

— Жоғал әрі, сандалмай! — деді Дон Кихот. — Дулығаның шұға шеберханасына қатысы қанша?

— Білмеймін, — деп жауап қатты Санчо. — Бірақ, өзіме бұрынғыдай еркінірек сөйлеуге ерік берілер болса, онда мен, шын сөзім, мейірімді мырзам қателігін жете түсінерліктей дәлелдер келтірер-ақ едім.

— Ау, сонда мен неден қателесіп тұрмын, ешкімге сенбейтін есуас-ау? — деп айқайлап жіберді Дон Кихот. — Айтшы қане, қарсы алдымыздан теңбіл сұр мінген, басына алтын дулыға киген салт аттының келе жатқанын көріп тұрғаның өтірік пе?

— Өз есегімнен аумайтын тарғыл есек мінген бір адам келе жатыр, одан басқа ештеңе көріп тұрғаным жоқ, — деп жауап қатты Санчо. — Ал, басына жылтыраған бірдеңе киіп алған.

— Міне, Мамбрин дулығасы деген тап сол, — деді Дон Кихот. — Сен былайырақ кет те, онымен оңаша қалдыр мені. Бұл шаруаны артық сөзге бармай-ақ ә дегенше қалай тез тындыратынымды көресің сонда, сосын армандап жүрген дулығама ие болам.

— О не дегеніңіз, әрине, былайырақ барып тұрам ғой, — деді Санчо. — Бірақ қорқып та тұрғанымды жасыра алмаймын: құдай сақтасын, әйтеуір, тек шұға шеберханасы баланың ойынындай көрінетін бірдеңе күтіп тұрмаса болғаны.

— Ей, шырақ, сізге көп сандала бермеңіз, шұға шеберханасы деген нәрсеңізбен басымды қатырмаңыз деп ескерткен тәрізді едім ғой, — деп тиып тастады оны Дон Кихот. — Әйтпесе, ант етем, мен… қысқасы, көкеңізге көрістірем!

Қапелімде аузынан шығып кеткен, салмағы зілбатпан ауыр уәдесін қожайыны қолма-қол орындап қояр деп қауіптенген Санчо жым болды.

Ал, енді Дон Кихоттың көзіне елес берген дулыға, жылқы және салт атты дегендердің не екенін айтар болсақ, бұлардың мән-жайы мынадай еді: осы араға жуық маңда екі елді мекен бар болатын, оның ірілеу біреуінде дәріхана да, шаштараз да бар-тын, ал көршісінде, шағындауында, ондай орындар атымен жоқ-ты, осы себепті, ірілеу мекендегі шаштараз шағындау мекенде тұратындарға да қызмет көрсететін; өзімен бірге мыс легенін ала шыққан ол қазір сондағы науқас адамнан қан алмаққа және екінші бір тұрғынның шашын қимаққа беттеп келе жатқан-ды; алайда, тағдыр-талайына байланысты жаңбырдың астында қалғандықтан қалпағы су болмасы үшін, — шамасы, онысы жаңа қалпақ болса керек, — легенін басына киіп алған-ды, мейлінше мұқият тазартылғандықтан жарты шақырымнан астам жерден жарқырап көрініп тұрған да сол еді. Санчо айтқандай, ол шұбар есекке мініп келе жатқан, ал аталмыш жағдаяттар Дон Кихотқа теңбіл сұр ат, салт атты, алтын дулыға түрінде елес берген, өйткені ол қандай нәрсе көзіне шалынбасын мейлі бәрін рыцарьлыққа әуейілігіне байланысты туындайтын болжалдары мен қырсыққа жетелейтін қияли ойларына оп-оңай орайластыра қоятын. Солай болғасынғы жерде, бейшара салт аттының таяп қалғанын көрген бойда-ақ, оған әлдене деп тіл қатып жатпастан және әй-шайға қаратпай түйреп тастауға ниеттеніп найзасын алдына өңгеріп алған күйі Росинантты қос аяқтап шаптырып алға ұмтылды; алайда, шауып келе жатып былай деп айқайлап та үлгерді:

— Қорған, қасиетсіз хайуан, әйтпесе заңды түрде иеленуге қақым бар нәрсемді өз еркіңмен бер маған!

Мынандай елес-күлеспен ойда жоқта бетпе-бет кездесермін деген нәрсе шаштараздың ойына да кіріп-шықпаған болатын, алайда мән-жайды жылдам аңғара қойған ол найзаның ұшы кеудесіне дарымас үшін сол бойда-ақ есектен жерге домалай кеткенді жөн көрді, сөйтіп жерге жамбасы тиісімен ұшып тұрып желге де жеткізбейтін жылдамдықпен құлдыраңдап зытып берді. Леген жерде қалды, соған қанағаттан Дон Кихот мына мәжуси дұрыс істеді, бүйткенде ол, шамасы, аңшылар жан алқымға алған кезде өзін неге бола қуғындап келе жатқанын табиғи түйсігі бойынша тауып, сол жерін тісімен қырқып үзіп кететін құндыздардың қылығына еліктеген болды, дегенді айтты. Онан соң Санчоға дулығаны жерден көтеруге әмір етті, анау оны қолына алып:

— Құдай ақы, жақсы леген, бұның құрығанда сегіз реал тұратыны кәміл, — деді.

Сосын дулығаны қожайынына табыс етті, Дон Кихот оны сол бойда басына киіп көріп, біресе олай, біресе былай бұрып, бірақ ақыры бет жабарын таба алмай:

— Мына тамаша дулыға кезінде, шамасы, басы қазандай бір мәжусидің өлшемі бойынша соғылған-ау. Ал, ең жаманы, дулығаның жарты бөлегі жоқ екен, — деді.

Сақал қыруға арналған легеннің дулыға атанғанын естіген Санчо тарқ етіп күліп жіберді, бірақ мырзасының ашуланшақ мінезі ойына оралып, сол бойда-ақ аузын жаба қойды.

— Сен неменеге күлдің, Санчо? — деп сұрады Дон Кихот.

— Күлген себебім, — деп жауап қатты анау, — әлгі өзіңіз айтқан мәжусидің, мына дулыға иесінің деймін-ау, басы қандай сұмдық үлкен болған десеңізші: өйткені, бұл кәдімгі шаш қиюға арналған леген ғой.

— Маған қандай ой келгенін білесің бе, Санчо? Менің ұғымымша, мына керемет жақсы етіп соғылған сиқырлы дулыға тағдырдың тәлкегімен бір ноқайлау адамның қолына түскен, ол мұның қандай мақсатқа қолданылатынын түсінбеген, қадір-қасиетін бағаламаған, сөйтіп дулығаның таза алтыннан екенін көрген соң, — абзалы, не істеп жатқанын өзі де білмей, — пайда түсіру үшін жарты бөлегін балқытып жіберген, ал қалған жартысынан сенің көзіңе шаш қиюға арналған леген тәрізді көрініп тұрған мына дүниені жасап шығарған. Бірақ, онда тұрған дәнеңе жоқ: басқа біреу білмесе де мен білем ғой оның бағасын, сондықтан мұның мына құбылысы мені онша қапаландырмайды. Ұстасы бар алғаш кезіккен селода-ақ мен оны қайта соқтырып алам, сонда бұл қолөнер құдайының соғыс құдайына арнап соққан дулығасынан кем түспейтін болады, тіпті одан да артық боп шығады. Ал, әзірше бұл маған осы күйінде де жарай береді — әйтеуір түк ештеңе жоқтан тәуір ғой. Оның үстіне, бұл мені тастан жақсы қорғай алады.

— Әрине, тек тас сақпаннан атылмаса ғана, — деп қарсылық білдірді Санчо. — Өйткені, ана жолы екі әскердің арасында болған шайқас кезінде сақпанның тасы тісіңізді түгел күйретіп, анау әлгі жүрегімді айнытып, ішегімнің қырындысына шейін құстырып тастаған шарапатты бальзам құйылған қалбырды да тесіп кетті емес пе?

— Одан айрылғаныма бола уайым шегіп жүрген ештеңем жоқ, — деп ескертті Дон Кихот. — Оның рецептісін жатқа білетінім өзіңе мәлім ғой, Санчо.

— Мен де қайғырмаймын, — деді Санчо. — Егер оны өмірімде тағы бір рет дайындар болсам немесе дәмін татар болсам, онда саудамның біткені. Алайда, оның маған енді қажеті болады ғой деп ойламаймын; біреуге жарақат салмауым үшін және өзім де жарақат алмауым үшін бес сезімімнің бәрін сақ ұстайтын болам. Ал, енді көрпеге салып қақпақылдауға келсек — бұл басқа әңгіме: бұндай бақытсыздықтың алдын алуың қиын, ондай күн туа қалса, басыңды қорғалап, деміңді ішіңе тартып, өзіңді жазмыш пен көрпенің шарапатына тапсырудан басқа шараң қалмайды.

— Сен жаман христиан екенсің, Санчо, — деп тұжырды оны тыңдап алған соң Дон Кихот, — баяғыда көрген бір жәбіріңді өмір бойы ұмытпайсың, бірақ есіңде болсын — ақ көңіл де ақ жүрек жандар мұндай ұсақ-түйекке көңіл аудармайды. Немене, сол бір әзілді әлі күнге шейін ұмытпайтындай олар аяғыңды сындырды ма, қабырғаңды қаусатты ма әлде басыңды жарды ма? Шынтуайтында, бұл жай әншейін әзіл, көңіл көтеру ермегі ғана болатын, себебі, егер мұны басқаша ұғынған болсам, онда міндетті түрде қайтып оралар ем, кегіңді қайтару жолында оларға гректердің Еленаны алып қашқандардан алған кегінен де зор залал келтірер ем. Иә, айтқандайын, егер Елена біздің заманымызда ғұмыр кешкен болса, немесе Дульсинеям Елена заманында өмір сүрген болса, онда ол, Елена, өзінің сұлулығымен осыншама атақ-даңққа бөленбес еді деп кәміл сеніммен айтуға болады.

Осы арада ол көзін тауға қарай тіктеп, ауыр күрсініп алды. Ал, Санчо былай деп тіл қатты:

— Жарайды, ақыры шынымен кек қайтарар шамамыз жоқ екен, оны әзілге сайып қоя салайық, бірақ бұл олардың ойыны ма әлде шыны ма, оны мына мен жақсы білем ғой, оған қоса мұның бәрі қаперіме де, сүйегіме де мәңгілікке таңба боп қалғаны және шындық. Бопты енді, бұл жайындағы әңгімені осымен доғарайық — одан да, тақсыр, өзіңіз жерге аунатып тастаған әлгі, аты кім еді, Мам… Мартин мына араға қараусыз қалдырып кеткен ана шұбар есектен аумайтын теңбіл сұр атты неғыламыз, соны айтыңызшы. Табанын жалтыратып тайып бергеніне қарағанда оның бұған қайтып орала қоюы да неғайбыл-ау. Ал, аты енді, оллаһи, тәп-тәуір!

— Мен жеңілгендерді тонап дағдыланған адам емеспін, — деп реніш білдірді Дон Кихот, — оған қоса, жауының атын тартып алып, жаяу жіберу деген нәрсе рыцарьлықтың салтында жоқ; тек сайыс кезінде сәйгүлігі майып болған жағдайда ғана жеңімпаз әділ айқаста қолға түсірген олжа ретінде жеңіліс тапқан дұшпанның атына ие болуға қақылы. Сондықтан да, Санчо, бұл атты немесе есекті, — қалай атағың келсе, солай атай бер, — жайына қалдыр, жырақтап кеткенімізді көргенде қожайыны оған қайтып оралады.

— Бұған өзім ие болуға, тым құрығанда есегіммен айырбастауға қалай құлқыным құрып тұрғаны бір құдайға ғана аян, өйткені менің есегім мұнымен шендесе де алмайды ғой, — деп шынын айтты Санчо. — Бір есекті екінші есекке айырбастауға рұқсат етпейтін рыцарьлықтың заңдары да шынымен қатал-ақ екен. Айтыңызшы, тақсыр, бәлкім, онда ер-тұрманды айырбастауға болатын шығар?

— Болады деп кесіп-пішіп айта алмаймын, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Расында да, бұл өзі өте күрделі мәселе, дегенмен, бұл тұрғыда толық мағлұмдар болмауым себепті, оны айырбастауға саған уақытша пұрсат бере алам, бірақ тек соған айрықша мұқтаждық сезіп тұрсаң ғана.

— Айрықша мұқтаж боп тұрғаным сондай, — деді Санчо, — егер бұл ер-тұрман тіпті өз қара басыма қажет болған жағдайда да бұл жайында осыншалықты уайым шекпеген болар ем.

Рұқсат алған ол қолма-қол mutatіo caparum27 ісін атқарып үлгерді,

сөйткеннен соң көз жауын алатын көркем әбзелге ие болған есектің

құлпырып шыға келгені сонша, қарасаң көз тоймайтындай түр тапты. Бұдан кейін олар ана жолы жүк артылған қашырдан олжа еткен азықтарын жеп, бұлақ суымен шөл қандырды, осы шаруаларымен айналысып жатқан шақтарында әлгі зәрелерін зәр түбіне жіберген жеккөрінішті шеберхана жаққа ешқайсысы көз қиығын да салған жоқ.

Жандары жай тауып әрі көңілденіп сала берген олар ақыры көліктеріне мінді; әлденендей бір мақсат-мұрат көздемей-ақ бет-алды қаңғылестей беру кезбе рыцарьлардың дәстүріне айналғандықтан, бұлар да Росинанттың ықтиярына бағынып еш мақсатсыз алға қарай аса берді — қожайынының еркімен қатар, серіктік сезім жетегімен қайда барса да соңынан қалмай еріп жүрген есектің еркі де соның ықтиярында болатын. Қалай болған күнде де, әйтеуір олар қайтадан күре жолға түсіп, ешқандай мақсат-мұратсыз соқыр тәуекелмен тартып кетті.

Сөйтіп, осылай ілініп-салынып жүріп келе жатқан кездерінде ойда жоқ жерден Санчо мырзасына қарап былай деп тіл қатты:

— Сеньор! Бәлкім, өзіңізбен азын-аулақ шүйіркелесуге кеңшілік етерсіз? Әйтпесе, маған сөйлеуге қатаң тыйым салған кезіңізден бері әңгіме етуге тұрарлық бес жағдаят ішімде босқа өліп кетті, сыртқа шығуға талпынып тілімнің ұшында тұрған мына ең соңғысы да солардың кебін құшпаса екен деп ем.

— Ал, айт, ендеше, — деді Дон Кихот, — бірақ тек барынша қысқа бол, өйткені мылжың сөзді ешкім де тыңдамайды.

— Айтайын дегенім, сеньор, — деп бастап кетті сөзін Санчо, — міне, бірнеше күн болды, шытырман оқиға іздеп шарқ ұрудың қандай тиімсіз әрі кірісі де аз шаруа екенін ойлап бас қатырумен жүрмін; өйткені, тақсыр, сіз ондай шытырман оқиғаларды қу медиен дала мен жол тораптарынан іздейсіз, ондай жерлерде қанша жеңіске жетсеңіз де, қандай қатерлі оқиғаны ойдағыдай өткерсеңіз де, бәрібір оны ешкім көрмейді де, білмейді де, сондықтан өзіңіз қаншалықты құштар болғаныңызбен ерлік істеріңіз мәңгі-бақи беймәлім күйде қалады, ал, бұл, әрине, сізге үлкен қиянат. Осы себептен де бізге ең дұрысы, — әрине, тек мұны өзіңіз жөн көрсеңіз, — әлде біреулермен соғыс жүргізіп жатқан императордың немесе басқа бір құдіретті әміршінің қарауына қызметке кіру ғой деп ойлаймын, міне тек сөйткенде ғана, тақсыр, көзсіз батырлығыңызды, білегіңіздің таңғаларлық қуатын және ақыл-ойыңыздың одан да асқан таңғаларлық қабілетін анық таныта алар едіңіз, ал өзіміз қызмет ететін әмірші князь ынта-ықыласымыздың қандай екенін көрген соң еңбегімізге қарай екеуімізден де бар жақсылығын аямас еді, сондай-ақ ол жерден ерлік істеріңізді шежіреге мәңгі өшпестей етіп жазып қалдыратын адамның да табылмай қоймайтыны күмәнсіз. Ал, өзімнің ерлік істерім жайында жақ ашпай-ақ қояйын, өйткені атқосшыға өзі тікелей атқаруға тиісті шаруалар шеңберінен шығуға тыйым салынған, — алайда, осы сөзіме сеніңіз, егер рыцарьларда атқосшылар ерлігі жөнінде жазатын дәстүр қалыптасқан болса, онда менің істерім жайында да жүрдім-бардым айтыла салмас еді деп ойлаймын.

— Сөзіңнің жаны бар, Санчо, — деп мақұлдады Дон Кихот. — Алайда, мұндай құрметке ие болмас бұрын рыцарьдың сыннан өту мақсатында жер-дүниені шарлап шытырман оқиға іздеуі қажет, сол сынақ кезіндегі жеңістері арқасында үлкен абырой-атаққа жетуі шарт, сөйтіп патша сарайында бой көрсетер шақ туғанда осындай істерімен кеңінен мәшһүр болғаны соншалық, оның қала қақпасынан өткенін көрген бойда-ақ балалар жан-жақтан топырласып, қаумалай қоршап, қандай есіммен ұлы ерліктер жасағанына орай: “Мынау Күннің Рыцары” немесе: “Мынау Жыланның Рыцары” десіп улап-шулап жататын болады. “Бұрын болып көрмеген керемет айқаста, — дейтін болады олар, — аса қорқынышты дәу Брокабрунды, теңдесі жоқ қара күштің иесін, жеңген осы кісі, тоғыз жүз жыл бойы жадыланып жатқан парсының ұлы мәмлүгін адам қалпына қайта келтірген осы кісі!” Оның ерлік істері жайындағы хабар осылайша ауыздан ауызға тарай бастайды, сөйтіп балалардың айқайы мен жиналған жұрттың дабырын естіген корольдің өзі сарайының терезесіне жақындап, рыцарьға көз салған бойда-ақ оны сауыт-сайманына немесе қалқанында жазылған девизіне қарап бірден танып, міндетті түрде былай деп айқайлайды: “Әй, менің рыцарьларым! Сарайда қаншаң болса соншаң, бәрің де мына өзімізге қонаққа келіп тұрған, рыцарьлар қауымының абыройы мен мақтанышына айналған адамды қарсы алуға шығыңдар!” Сөйтіп, оның әмірі бойынша бәрі сыртқа шығады, ал корольдің өзі болса тіпті баспалдақтың ортан беліне шейін түседі, рыцарьды кеудесіне қысып құшақтап, ақ пейілінің белгісі ретінде бетінен сүйеді, онан соң оны қолынан алып, сеньора королеваның отауына енгізеді, ол жерде оны корольдің ханымы мен инфанта қарсы алады; әрине, бойжеткеннің үріп ауызға салғандай сұлу әрі нәзік екені өзінен-өзі түсінікті, ондай қызды өзімізге мәлім елдердің ішінен іздеп табу мүмкін болған күнде де үлкен күшке түспек. Кездескен сәтте-ақ бойжеткен рыцарьға жаудырай қарап қалады, рыцарь да одан көз аудара алмайды, сол жерде бұлардың қай-қайсысына да қарсы алдында адам емес періште тұрған тәрізді көрінеді; сөйтіп, олар ненің, қалай және неліктен олай болғанын өздері де білмей, еріксізден-еріксіз махаббаттың қитұрқы торына шырмалып қалады, осы себептен жүректерін торығу билеп алады, өйткені олар өз сезімі мен ынтызарлығын қалай білдіруді білмейтін еді. Онан соң, әрине, рыцарьды сарайдағы жиһаз толы бір бөлмеге алып барады ғой, сол жерде оның сауыт-сайманын шешіп, керемет сәнді алқызыл мантия кигізеді, ол қару-жарағы бойында болған кезде де кескінді көрінсе, енді қару-жарақсыз да сондай кескінді, тіпті одан да сымбаттырақ бола түседі. Кешкісін ол корольмен, королевамен және инфантамен бірге ас ішеді және дастарқан басында отырғандарға білдірмей қызға қайта-қайта қарағыштаумен болады, қыз да оған үргелектене көз тастап қойып отырады, өйткені, әлгінде айтып өткенімдей, бұл өзі аса бір әдепті де көргенді қыз болатын. Сосын олар дастарқан басынан тұрады, сол арада ойда жоқ жерде залға сықпытынан жүрек айнитын кішкене ергежейлі кіріп келеді, оның соңында екі дәуді серік еткен кербез дуэнья28 келе жатады, сосын бұл дуэнья әлдебір ежелгі данагөй ойлап тапқан сынақ барын айтып, осы сынақтың жеңімпазы әлемдегі ең үздік рыцарь атанатынын жария етеді. Король сол заматта-ақ маңайындағылардың бәріне күшін сынап көруге әмір береді, бірақ ақырына дейін шыдап, сынақтан сүрінбей өткен, сөйтіп дабыралы даңқына дақ түсірмеген тек жалғыз қонақ-рыцарь ғана болады, бұл инфантаны шексіз қуанышқа бөлейді, рыцарьдың бейнесін жүрек жылуына орап, биік армандарға бой ұрғаны бекер болмағанына өзін бақытты санайды. Бірақ, іс мұнымен де бітпейді: король немесе князь — кім болса да бәрі бір емес пе — өзі секілді басқа бір құдіретті әміршімен қанды соғыс жүргізіп жатқан болатын, сондықтан сарайда бірнеше күн болған қонақ-рыцарь одан майдан алаңында қызмет көрсетуге рұқсат сұрайды. Король қуана-қуана келіседі, рыцарь оның осынау жақсылығына ырзашылық білдіріп, оны құрметпен қолынан сүйеді. Сол күні түнде-ақ ол өз жүрегінің әміршісіне айналған инфантамен жатын бөлмесінің терезелері қарайтын бақтың тор көзді қоршауы сыртынан қоштасады; қыздың айрықша сеніміндегі қызметші әйелдің қатысуымен және тікелей көмегімен осы қоршау арқылы онымен бұрын да әлденеше рет тілдескен болатын. Ол ауыр күрсінеді, қыз талып қалады, қызметші әйел оған су әкеп береді, сосын инфантаның атына кір келе ме деп қауіптеніп, таң атуға аз ғана қалғанын, біреулердің көріп қалуы мүмкін екенін айтып, аһылап-үһілеп уайым шеге бастайды. Ақыры бойжеткен есін жияды, қоршаудың торынан рыцарьға аппақ білегін созады, анау оның қолын сау жерін қалдырмай сүйіп, көз жасымен жуып береді. Олар бастарынан өткен қуанышты және ренішті жайлар жөнінде бір-біріне қалай хабарлап отыратындары жайында өзара уағдаласады, сосын принцесса одан мүмкін болғанынша тезірек қайтып оралуын сұрап жалбарына бастайды. Рыцарь салтанатты түрде уәде етеді, қыздың қолынан тағы бір сүйеді де, жүрегін жұлып қалдырып кеткендей күйінішті ахуалды бастан кешіп бұрылып жүре береді. Өзі жатқан бөлмеге барып төсекке құлай кетеді, бірақ бойжеткеннен қол үзудің қайғысынан көз іліндіре алмайды, сондықтан таң ағарып атқан бойда-ақ тұрып, корольмен, оның ханымымен және инфантамен қоштасуға барады. Міне, ол корольмен және королевамен қоштасады, бірақ сол жерде оған сеньора инфанта сырқат, сізді қабылдай алмайды дегенді айтады. Мұның себебі — өзінен қол үзгендігі екенін рыцарь сезеді, жаны күйзеліп, не істерді білмей дағдарады, сыр білдіріп қоймау үшін зордың күшімен әрең дегенде сабасына түседі. Бойжеткеннің сырлас қызметші әйелі де осы жерде тұрған болатын, рыцарьдың қалайша күйзелгенін көріп-сезіп тұрған ол принцессаға бәрін жеткізіп барады, көзі жасқа толы принцесса өз рыцарының король тұқымынан ба, жоқ па — кім екенін білмейтіні жанына қатты батып жүргенін айтады. Қызметші әйел оған рыцарьдың бойынан байқалған кішіпейілділік, сыпайылық пен өжеттік оның текті әулеттен, король тұқымынан шыққан адамға тән қасиеттер екенін ұғындырады. Мазасы болмай жүрген бойжеткеннің жаны жай табады. Ата-анасы күдік алып қалмасын деп ойлаған ол амалдың жоқтығынан арада екі күн өткен соң жұрттың алдында жүз көрсетеді. Бұл кезде рыцарь аттанып та кеткен болатын. Ол соғыста аянбай шайқасады, корольдің жауларын күйрете жеңеді, көптеген қаланы қол астына қаратады, талай айқаста жеңімпаз атанады, сөйтіп сарайға қайтып оралып өз жүрегінің әміршісімен дағдылы орындарында жүздесіп, оған атқарған қызметінің өтеміне корольден қызын өзіне ұзатуын өтінбек ойы барын айтады. Король оған қызын беруден бас тартады, өйткені ол мұның кім екенін білмейді. Алайда, рыцарь алып қаша ма, әлде басқа бір амалын таба ма, әйтеуір инфанта оның әйеліне айналады, сөйтіп әкесі ақыры мұны өзіне зор бақыт санайды, өйткені ол әлгі рыцарьдың әлдебір корольдіктің, — меніңше, ол картада көрсетілмеген секілді, — айбынды әміршісінің ұлы екенін анықтаған болатын. Король өледі, инфанта оның мұрагері болғандықтан рыцарь қас қағымда король боп шыға келеді. Міне, атқосшысын да, осындай жоғары дәреже-атаққа жетуіне көмектескен басқаларды да шаш-етектен жарылқайтын кез де осы ғой: ол атқосшысын инфантаның қызметшісіне, әрине, басқаға емес, екеуінің арасына дәнекер боп жүрген қызметші әйелге, үйлендіреді, — сөйтсе, ол жай біреу емес, текті тұқымнан шыққан герцогтың қызы екен.

— Ақ-адал шынымды айтсам, маған да керегі сол еді, — деп қыстырыла кетті Санчо, — және солай болар деп үміттенем де, себебі бұл іске өзіңіз секілді рыцарь, яғни Қайғылы Бейне Рыцары кіріссе, бәрі де ойдағыдай боп шығары кәміл.

— Оған еш күмәнің болмасын, Санчо, — деп сендіре сөйледі Дон Кихот, — өйткені, кезбе рыцарьлар корольдің немесе императордың тағына тап осындай жолмен және нақ әлгіндей сатылар арқылы ғана жеткен. Енді бізге қалып тұрғаны христиан немесе мәжуси корольдерінің қайсысы соғыс жүргізіп жатқанын және қайсысының айдай сұлу қызы барын анықтау ғана. Бірақ, бұл жайында кейінірек асықпай ойлануымызға болады, себебі, әлгінде айтқанымдай, сарайға барып бой көрсетпес бұрын әуелі басқа бір жерде даңққа бөлену керек. Оған қоса, өзіме жетісіңкіремей тұрған нәрселер де жоқ емес: айталық, әлемнен тіпті осындай әрі соғыс жүргізіп жатқан, әрі әдемі қызы бар король табылсын дейік, ал менің даңқым күллі дүниені дүбірлетіп тұрсын дейік, бірақ өзім корольмен қандас туыстығы бар принц немесе тым құрығанда императордың үш атадан қосылатын ағайыны боп шыға алам ба, соған күмәнім көбейіп тұр. Өйткені, нанымды деректерді қолына түсірмейінше король қызын маған бере қоймайды ғой, тіпті ерлік істерім одан да зор құрметке лайықты болса да. Міне, осы олқылықтың қырсығынан айбынды істерімнің арқасында ие болуға әбден хақылы нәрсемнен босқа айрылып қалам ба деп қорқам. Рас, мен өзім ежелгі дворяндық әулеттен шыққан адаммын, помещикпін және жер иеленушімін, өзіме жәбір көрсетілген жағдайда бес жүз суэльдо айып өндіріп алуға ықтиярым бар, сондықтан ғұмыр жолым жайында жазуға тәуекел ететін сол бір оқымысты оғланның тустығым мен шыққан тегімді дәлме-дәл анықтап беруінің нәтижесінде корольдің неменесі немесе туажаты болып та шығуым ғажап емес! Сен біліп қойғын, Санчо, адамдардың ата тегі екі түрлі жолмен қалыптасады: біреулердің арғы аталары айтулы князь, айбынды билеуші болады, бірақ уақыт өте келе олардың тұқымы сұйылып, сиырқұйымшақтанып кетеді, ал енді біреулер қара халықтан шығады, бірақ біртіндеп бір сатыдан екінші сатыға көтеріле береді де, ақыр соңында атақты шонжарға айналады. Сөйтіп, біреулердің баяғы атақ-дәрежесінен бүгін қылау да қалмаса, екінші біреулер бүгін баяғыда қиялына кірмеген құрметке бөленіп отырады — олардың арасындағы айырмашылық осы ғана. Кім біледі, бәлкім, мен осылардың алғашқыларының қатарынан табылып қалармын, яғни ата-бабаларымның даңқы жер жарған ұлы адамдар болғаны ақыры анықталар, ондай жағдайда, қайын атама айналмақшы корольдің бұған, әлбетте, әбден ырза болатыны даусыз. Ол ырза болмаған күнде де, бәрібір, өзімді бар ықыласымен құлай сүйген қыздың ата-ана наразылығына да қарамай, тіпті су тасушының баласы екенімді де біле тұра, мені әміршім және жұбайым деп жариялауы ықтимал ғой. Өйтпеген күнде, ең тәуір амал — қызды алып қашып, көңілім қалаған жаққа әкету боп табылады, ал ата-анасының ашу-ызасына уақыт пен ажал басу айтпақ.

— Олай болса, кейбір антұрғандардың: “Күшпен алуға шамаң жетсе, көзіңді сатып нең бар” дейтіндері жөн-ақ екен ғой, — деп құлаққағыс етті Санчо. — Айтпақшы, одан гөрі бұл жерде: “Ақпейіл жанның дұғасын демеу еткеннен, жағаға жармасқан артық”, дейтін басқа бір мәтел қисындырақ. Мұны айтып тұрған себебім, егер сеньор король, сіздің қайын атаңыз, сеньора инфантаны өзіңізге беруден бас тартқан жағдайда оны алып қашып, әлдебір жаққа аттандырып жіберуге тура келеді, дейсіз. Сонда деймін-ау, қашан сіздер татуласып табысқанша, қашан сіздің төрт құбылаңыз түгенделіп, патшалық құру дәуреніңіз басталғанша бейшара атқосшыңыз жарылқауды күтіп, екі көзі төрт, шерлі жүрегі өрт боп отыра бермек пе? Тек, әрине, оның болашақ жұбайы, инфантаның сырлас қызметшісі, бойжеткенге ере кетіп, қайғыны да, қуанышты да атқосшымен бірге бөліспесе деймін ғой, бірақ, менің ойымша, әлгі қызметші әйелдің атқосшымен қолма-қол некеге тұруына септік жасау деген сіз үшін онша қиын шаруа емес секілді.

— Оған бөгет боларлықтай бірдеңені көріп тұрған жоқпын, — деді Дон Кихот.

— Ендеше, — деп іліп әкетті Санчо, — өзімізді құдайдың құзырына тапсырып, тағдыр-талайымызға сену ғана қалады, бізді соның өзі-ақ жарылқаудай жарылқайды.

— Жасаған ием, тілегімді бере гөр, — деп күбір етті Дон Кихот. — Сенің де, Санчо, не нәрсеге мұқтаж болсаң соныңды таптыра көрсін, ал мүсәпірлік өзін мүсәпір санайтындардың үлесінде қалсын.

— Айтқаныңыз келсін, — деді Санчо. — Мен таза қанды христианмын ғой, ал граф болуым үшін осының өзі-ақ жетеді.

— Артығымен жетеді, — деді Дон Кихот. — Тіпті сен ондай болмаған күннің өзінде де, бұл ештеңеге бөгет жасай алмас еді: король тағына отырған бойымда-ақ саған дворян атағын берем, оны сатып алып та, сол үшін ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып та әуреленбейсің. Саған граф атағын қалай берсем, солай дворян боп шыға келесің, одан соң жұрт не десе о десін; арыммен ант етейін, әркім-ақ сені еріксізден-еріксіз мәртебелі мырза деп дәріптейтін болады.

— Мен граф деген атауға кір келтірмеймін, оған кәміл сеніңіз! — деді Санчо.

— Атауға демеу керек, атаққа деу керек, — деп түзетіп қойды оны Дон Кихот.

— Мейлі, солай-ақ болсын, — деп келісе кетті Санчо Панса. — Айтайын дегенім, мен оған тез оңтайлана алам: ертеректе, — оллаһи шыным, өтірік емес, — бір діни қауымда қызмет еткенмін, сондағы қызметшінің киімі маған өте үйлесіп тұратын, соны көрген жұрт мына етженді пошымыма қарап, қауымды басқаруға әбден лайық екенсің дейтін. Ал, егер иығыма герцог мантиясын іліп, шет ел графтарынша алтын мен інжуге малынып жүрсем ше? Басымды бәске тігуге бармын, мені бір көріп қайту үшін жұрт жер-жерден ағылып келе бастайтын болады.

— Әрине, ондай жағдайда кейпіңнің көзге тартымды көрінері анық, — деді Дон Кихот. — Алайда, жиі қырынып тұруыңа тура келеді, әйтпесе сақалыңның мына қазіргі түрі тым сұрықсыз — әрі қалың, әрі ұйысып, үрпі-түрпі боп кеткен, күн ара болса да қырынуды дағдыға айналдырмасаң, мушкет оғы жететін жерден-ақ кім екенің көрініп тұрады.

— Оның жолы оңай ғой, шаштараз жалдап, жалақы беріп жанымда ұстасам болмай ма? — деді Санчо. — Грандтың соңынан ерген атшы секілді ол да қасымнан қалмай еріп жүретін болады.

— Ау, грандтың соңынан атшы еріп жүретінін сен қайдан білесің? — деп сұрады Дон Кихот таңырқап.

— Қазір айтып берейін сізге, — деді Санчо. — Бұдан біраз жыл бұрын астанада бір айдай тұрғанмын, сонда тәпелтек бойлы бір мырзаның, — жұрттың айтуынша, бойы аласа болғанымен биік мансап иесі көрінеді, — көшеде қыдырыстап жүргенін көргем; бір қызығы, ол қалай қарай бұрылмасын мейлі, бір салт атты қыр соңынан қалмай ереді де отырады. Мен жұрттан бұл атты кісі неге онымен қатар жүрмейді, неге әрдайым артта болады деп сұрадым. Маған жұрт: бұл оның атшысы, грандтарда қайда барса да атшысын соңынан ертіп жүретін дәстүр бар, деп түсіндірді. Сонда бұл сөзді жадымда жақсылап сақтап қалғам, әлі күнге шейін ұмытпаппын.

— Бұл ойыңды қолдайтынымды және соңыңнан шаштараз еріп жүретіндей себеп сенде баршылық екенін айтуға тиіспін, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот. — Дәстүрлер біртіндеп қалыптасып, қолданысқа да біртіндеп енеді, аяқ асты пайда бола кетпейді, сондықтан сен соңынан шаштараз еріп жүретін тұңғыш графқа айналасың. Оның үстіне ат ерттейтін адамнан гөрі сақал қыратын адамға көбірек сенім артуға болады.

— Шаштаразға қатысты мәселе — менің шаруам, — деді Санчо, — ал сіздің шаруаңыз, тақсыр, король болуға тырысу және мені граф атандыру.

— Солай болады да, — деді Дон Кихот нық сеніммен.

Соны айтып, басын көтеріп жол бойына көз жіберген ол әлде бір оғаш көріністі байқап қалды, ал бұл жайында келесі тарауда әңгімеленеді.

ХХІІ тарау

Баруға мүлдем ықылассыз жақтарына күшпен айдалып бара жатқан бақытсыз сорлыларды Дон Кихоттың қалай құтқарғаны жайында

Сид Ахмет Бен-инхали, араб және Ламанча қаламгері, өзінің терең ойлы, биік мақсатты, жасандылықтан ада, жанға жағымды және қызықты хикаясында даңқты Ламанчалық Дон Кихоттың атқосшысы Санчо Пансамен ХХІ-ші тараудың аяқ жағында келтірілген жайлар төңірегінде пікір алысқаннан кейін басын көтеріп, қарсы алдынан, тап сол өздері келе жатқан жолмен, мойындарына байланған ұзын темір шынжыр арқылы бір-біріне таспиықтың тасындай боп тіркелген, қолдары бұғаулы он екі адамның жаяу жылжып келе жатқанын көргенін айтады. Бұл тізбекті екі салт атты және екі жаяу күзетші айдап келе жатыр еді, салт аттылар білтелі мылтықпен, жаяулары — найзамен және семсермен қаруланған болатын; соларды көрген бойда-ақ Санчо Панса:

— Бұлар корольдің каторгалық жұмысқа кесілген басыбайлылары, оларды галераға айдап бара жатыр, — деді.

— Король басыбайлысы дейсің бе? — деп қайталап сұрады Дон Кихот. —Немене, ол біреуге қиянат-зорлық жасаушы ма еді?

— Айтайын дегенім басқа еді, — деп түзетті сөзін Санчо. — Айтайын дегенім, бұлар — қылмыстары үшін галерада корольге еріксіз қызмет етуге үкім шығарылған жандар.

— Әйтеуір, қалай болған күнде де, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — бұл адамдар галераға өз еркімен емес, мәжбүр ету бойынша бара жатыр ғой.

— Әрине, әрине, — деп қоштады Санчо.

— Ондай жағдайда, — деп түйді қожайыны, — мен парызымды орындауға тиіспін: зорлық-зомбылықты түбірімен жойып, кембағалдарға көмек көрсетіп, қамқорлық жасауым керек.

— Мына нәрсені еске алыңыз, тақсыр, — деді Санчо, — әділ сот, яғни корольдің өзі, бұл адамдарға зорлық-зомбылық жасап, жәбір көрсетпейді, ол бар болғаны бұларды қылмысы үшін ғана жазалайды.

Осы тұста каторгаға айдалғандар тізбегі де таяп келген, сол арада Дон Кихот айдауылдарға аса ізеттілікпен бір бұйымтайын орындауға өтініш білдірді, атап айтқанда, мына жарандарды осындай ахуалда алып жүруге өздерін мәжбүр еткен нендей себеп, дұрысы, нендей себептер екенін баяндап, түсіндіріп беруін сұрады. Салт аттылардың бірі бұлар каторгалық жұмысқа кесілген, ұлы мәртебелі корольдің ықтиярындағы адамдар екенін және бәрі галераға айдалып бара жатқанын хабарлап, бұған алып-қосар басқа ештеңесі жоқтығын және оның бұдан артықты білуінің де қажет еместігін мәлім етті.

— Сөйте тұрғанымен, — деді Дон Кихот келісіңкіремей, — бұлардың әрқайсысы жеке-жеке алғанда қандай қасіретке душар болғанын білсем деп ем.

Бұдан соң айдауылдар өз өтінішін аяқ асты қалдырмауын көздеген Дон Кихоттың оларға соншалықты көп қошемет-қолпаш көрсетіп, соншалықты көп дәлелдеме келтіргені сондай, ақыры екінші салт атты оған:

— Бұл міскіндердің іс қағаздарын өзімізбен бірге алып келе жатқанымызбен тоқтап тұратын, қоржыннан шығарып, оқып беретін уақытымыз жоқ. Өзіңіз сұрап көріңіз, мырза, егер қош көрсе өздері-ақ сайрап береді, ал олардың қош көретініне күмән жоқ, себебі бұл шіркіндердің ең сүйікті шаруасы — алаяқтықпен айналысу және осындай әрекеттері жайында жыр қып айту ғой, — деді.

Рұқсат алған соң, — тіпті рұқсат берілмеген күнде де Дон Кихот бәрібір өз дегенін жасар еді, — рыцарымыз тізбекке жақындап, бірінші тұрған бейбақтан қандай күнәсі үшін саяхаттың осындай өнімсіз түрін таңдауға мәжбүр болғанын сұрады. Анау ғашық болғаны себепті осылайша саяхат шегіп жүргенін айтты.

— Тек сол үшін ғана ма? — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Ау, ғашық жандардың бәрін галераға аттандыра берсе менің өзім баяғыда-ақ ескек есіп кеткен болар ем ғой.

— Тақсыр, сіз мүлдем басқа сүйіспеншілік жайында айтып тұрсыз, — деп құлаққағыс етті сотталушы. — Менің ынтызарлығымның түрі бөлек: маған жуылған кір толы себеттің қатты ұнағаны сонша, оны кеудеме тас қып құшақтап алғанмын, егер оны әділ сот күшпен тартып алмағанда өз еркіммен одан осы күнге шейін айрылмас ем. Мені қылмыс жасап жатқан жерімде қолға түсірді, азапқа салып, қинаудың қажеті болмады, сондықтан маған қолма-қол үкім шығарылды: арқамды жүз мәрте соғылған қамшымен әшекейледі, оған қосымша сыйлыққа үш кемешік алдым.

— Үш кемешік деген не? — деп сұрады Дон Кихот таңырқап.

— Үш жыл галерада болу деген сөз, — деп түсіндірді қылмыскер жігіт.

Бұл — жасы жиырманың төртеуі шамасындағы, өзінің айтуынша, Пьедраитада туып-өскен жігіт-ті.

Жаңағы сұрағын Дон Кихот екінші қылмыскерге де қойды, бірақ қабағын қарс жауып, түнеріп алған ол түк үн қатпады: алайда, ол үшін әлгі жігіт жауап берді.

— Бұны, сеньор, бұлбұл болғаны үшін айдап барады, яғни музыка мен ән үшін, — деді ол.

— Қалайша? — деп қазбалай түсті Дон Кихот. — Музыканттар мен әншілерді де галераға айдайтын болғаны ма?

— Иә, сеньор, — деп жауап қатты каторгаға кесілген бейбақ, — қайғыдан әндеткен жаннан жаман адам жоқ.

— Керісінше, — деп қарсылық білдірді рыцарымыз, — естуімше, ән салған адам уайым-қайғыны жеңілдетеді демеуші ме еді?

— Ал, мында басқаша, — деді сотталған, — кімде-кім бір рет әндетсе, сол өмірбақи жылап өтетін болады.

— Түк түсінсем бұйырмасын, — деді Дон Кихот.

Сол арада айдауылдардың бірі оған жүзін бұрып, былай деді:

— Сеньор кавальеро! Қайғыдан әндету деген сөз мына залымдардың тілінде азаптау кезінде айыбын мойындау дегенді білдіреді. Мына күнәкар азапқа салынды, сөйтіп ол қылмысын мойындауға мәжбүр болды, атап айтқанда, бұл жылқы ұрлаумен айналысқан, яғни мініс аттарын ұрлаған, сөйтіп қылмысын мойындаған бойда алты жыл галераға кесілді, оның сыртында екі жүз қамшысы тағы бар, онысын жон арқасы әбден жақсы сезіп тұрғаны анық. Ал, бұның терең ойға батып көңілсізденіп тұрғанының себебі, басқа алаяқтар, — түрмеде қалғаны бар, қазір серік боп келе жатқаны бар, — мұны қылмысын мойындағаны үшін, жалтарып бағуға шыдамы жетпегені үшін жәбірлейді, оған жеркенішпен қарайды, оған қорлық көрсетеді, оны адам санатына қоспайды. Өйткені, жоқ деген сөз қанша әріптен тұрса, бар деген сөз де сонша әріптен тұрады деп пайымдайды олар, сондықтан қылмыскердің бір артықшылығы — оның өмірі мен өлімі куәлар мен айғақтарға емес, өзінің тіліне байланысты. Өз ойымша, олардың бұл тұжырымы ақиқаттан онша аулақ жатпаған секілді.

— Меніңше де солай, — деп қоштады оны Дон Кихот.

Үшіншісінің жанына жақындаған ол басқаларға қойған сұрағын бұған да қайталаған-ды, анау оған еш қысылып-қымтырылмастан ылдым-жылдым үн қатты:

— Галера есімді сеньораға бес жылға бара жатырмын, себебі жанымда он дукат болған жоқ.

— Ау, қасіреттен құтқаруға көмектессе сізге қуана-қуана жиырма дукат берейін! — деді Дон Кихот.

— Қажеті жоқ, — деп басын шайқады сотталған жігіт. — Ол да бір, қалтасы ақшаға толы адамның ашық теңізде қалып, сатып алатын тамақ таппай аштан өлгелі жатқан жағдайы да бір. Мұны айтып тұрған себебім, егер жиырма дукатыңызды дер кезінде берсеңіз, онымен сот қызметшісінің қаламын майлап жіберген болар ем, қорғаушымды да не түрлі қитұрқыны ойлап табуға шабыттандырар ем, сөйтіп қазір мына жолмен қарғы бау тағылған тазыша сүмеңдемей, Толедо қаласында, Сокодовер алаңында алшаңдай басып жүрер ем. Бірақ, құдай тағы не бермес дейсің, шыдай тұру керек, ар жағын көре жатамыз ғой.

Дон Кихот төртінші бейбаққа — түріне қарағанда зиялы адам секілді, белуарға түскен ақ сақалы бар кісінің қасына жақындап, галераға не үшін бара жатқанын сұрады, бірақ анау жылап жіберді де, еш жауап қатпады; алайда бесінші қылмыскер тілмәш міндетін атқаруға өзі тіленіп, былай деді:

— Бұл қадірменді отағасы галераға төрт жылға бара жатыр, ал аттанар алдында оны, үстіне әлеміш киім кигізіп, салт атқа мінгізіп, көше-көшені салтанатпен аралатқан болатын.

— Яғни, менің түсінуімше, оны масқара мазаққа ұшыратқан ғой, — деді Санчо Панса.

— Тап солай, — деп қоштады оны каторгаға кесілген жігіт. — Ал, жазаға тартылу себебі — бұл кісі басқа тауарлармен қатар тірі тауар да жеткізіп тұрған көрінеді. Яғни, айтайын дегенім, бұл кавальеро, біріншіден, жеңгетайлық жасағаны үшін, ал, екіншіден, жадылау жөніндегі күнәсына байланысты айдалып барады.

— Міне, бар пәле тап осы күнәда жатыр, — деді Дон Кихот, — ал, жеңгетайлық дегеннің өзі, жалпы алғанда, галерада ескек есуге емес, оны басқарып, онда билік жүргізуге ерік беретін кәсіп. Екінің бірі жеңгетай бола алмайды: бұл кілтипанды шаруа және төрт құбыласы түгел мемлекет үшін өте қажет нәрсе, сондықтан бұл іспен текті әулеттен шыққандар ғана айналысуы керек. Ал, бұларды, басқа да кәсіптердегідей, яғни саудагерлер арасындағы делдал тәрізді, тиісті мөлшердегі бақылаушылар мен тексерушілер қадағалап тұруға тиіс, міне сонда ғана мұндағы көптеген жөнсіздікке жол бермеуге болады, ал ондай кемшіліктердің болып отырған жалғыз себебі — бұл кәсіп пен істі ақыл-ойы да, сауаты да кем жандар басы бүтін өз қолына қаратып алған: яғни, қайдағы бір құдай атқан қатындар немесе алып кел, барып келде жүретін балалар мен сайқымазақтар — ыңғай жөн де, жоба да білмейтін жарым ақыл жарандар; міне сондықтан да ыждағаттылық көрсету керек болатын қиын сәттерде бұлардың бәрі аузы аңқиып тақырға отырып қалады. Мемлекет үшін аса қажетті осынау қызметке адам тағайындар кезде неліктен мейлінше қатаң іріктеу жұмысын жүргізу керектігі жөнінде әлі де талай нәрсе айтар едім, бірақ бұл үшін мына жер онша қолайлы боп тұрған жоқ, сондықтан өз пікірімді осының бәрін жөнге келтіріп, қалыпқа түсіру қолында тұрғандарға кейінірек бір баяндап берермін. Ал, енді қазір жеңгетайлықпен айналысқаны үшін осынша бақытсыздыққа тап болған, сақал-шашын ақ қырау басқан, түріне қарағанда зиялы адам секілді мына кісіні көргенде пайда болған аяушылық сезімімнің жадылауға қатысты күнәсы барын естігенімде із қалдырмай зым-қайым жоғалғанын ғана хабар еткім келеді. Солай бола тұрғанымен, кейбір ашықауыздар ойлайтындай, біздің күш-жігерімізді жасытатындай немесе тауын қайтаратындай ешқандай сиқырдың жоғын өзім жақсы білем, өйткені күш-жігеріміз бұғауда емес, бостандықта, ендеше жадылайтын шөптер де, дуалау да оған әсер ете алмайды. Құдай ұрған қатындар мен ардан безген алаяқтар әдетте түрлі қоспа мен у әзірлейді де, оны ішкен адам мәңгіріп қалады, әлгілер мұны оларға өздерінің дуалау қабілетінің әсері деп ұғындырады, бірақ, қайталап айтам, адамның күш-жігерін күйрету — ешкімнің қолынан келмейтін нәрсе.

— Жөн-ақ, — деп мақұлдады егде жастағы қарт. — Ақ-адал шыным, сеньор, жадылауға қатысты еш айыбым жоқ. Бірақ, жеңгетайлық жасағаным рас, оны жасырмаймын. Әйтсе де, жарамсыз іспен айналысып жүрмін деген нәрсе ойыма келген емес. Мен тек бір ғана мақсатты көздедім: жер бетін жайлаған барлық адам шат көңілде болсын, жағаласу мен жабырқау дегенді білмей, тыныш та бейбіт ғұмыр кешсін, дедім. Алайда ізгі ниетім барған жағымнан қайтып оралмайтын жерге сапар шегуден құтқарып қала алмады: өзім болсам жасым келген адаммын, ал қуығымның сырқаты болса жанымды қоярға жер таптырмай мазалап, бір сәтке тыным бермейді.

Осыны айтып ол тағы да жылап жіберді, ал Санчоның қарияны қатты аяп кеткені сонша, қойнынан қара бақыр алып, оған садақа берді.

Дон Кихот атын тебініп, келесі қылмыскерге жақындап, одан қандай айыбы барын сұрады, бұл сұраққа анау алдыңғы сотталушыдан да бетер дарақылықпен жауап қайтарды:

— Мені галераға өзімнің екі немере қарындасыммен және басқа да тағы екі қарындасыммен, — бірақ, бұлар өзімдікі емес, — ойнап-күлгенім үшін жіберіп жатыр. Бұл қыздармен арадағы ойынымның түбі шойынға айналып, нәтижесінде шайтанның өзі де шатасатын туысқандық пайда болды. Айыбымды мойындамас амалым қалмады, қанатының астына алар ешкім табылмады, ақша тағы жоқ, сондықтан өзімді дар ағашы тосып тұрғанына еш күдігім болмаған, бірақ маған алты жыл галера берілді, мен келістім: өзіме де сол керек! Оның үстіне әлі жаспын, бар өмірім алда, ал тірі адам тырбанса дегеніне жетпей қоймайды. Егерде, сеньор кавальеро, біз секілді сормаңдайларға аз да болса көмегіңіз тисе, жаратқан иеміз ана дүниеде сізді шапағатына бөлер еді, ал біз мына дүниеде өзіңізге дұғамызды бағыштап, ұзақ жасап, бақуатты, бақытты ғұмыр кешуіңіз үшін түн баласы бар ізгі тілегімізді арнап, құдайға құлшылық етумен болар ек, өйткені өзіңіз секілді, бір қарағанда-ақ байқалып тұрған мейірбан адам сондай ғұмыр кешуге әбден лайықты-ақ қой.

Бұл — үстіне студент киімін киген жігіт еді, айдауылдардың бірі оны бір кісідей көппе және біршама жақсы латинист деп атаған-ды.

Оның артында отыздардағы еркек келе жатқан, бір көзі екіншісіне қарай көбірек үңіле беретіні болмаса, түр-кескіні әжептәуір сымбатты болатын. Серіктеріне қарағанда ол өзгешелеу түрде бұғауланған-ды: аяғы ұзын-шұбақ шынжырмен кісенделген болатын, шынжырдың ұзындығы сонша, бүкіл денесін орап тастауға еркін жететін, ал мойнына екі шығыршық салынған-ды, — бірі шынжырға дәнекерленіп тасталыпты, ал досыңды күзет немесе достық құшақ деп аталатын екіншісі екі қолға салынған темір бұғаумен екі темір шыбық арқылы белдің тұсынан тоғысыпты, қолдағы бұл бұғаулар үлкен құлыптармен бекітілгендіктен анау не қолын аузына апара алмайтын, не басын төмен түсіре алмайтын. Дон Кихот басқаларға қарағанда бұл адамда бұғаудың неге мұнша көптігін сұрады. Айдауыл оған бұның бір өзі ғана мыналардың бәрі жабылып жасаған қылмысты қосып есептегендегіден де көп қылмыс жасаған деп жауап қатты, оның үстіне аяқ-қолы бірдей кісенде болғанына қарамастан мұның өжеттігі мен айрықша айлакерлігін білетін күзетшілердің оған онша сеніңкіремейтінін және қашып кете ме қорқатынын да айтты.

— Бар-жоғы тек галераға жіберуге үкім шығарылса, сонда мұның қандай қылмыс жасағаны? — деп сұрады Дон Кихот.

— Бірақ, бұл галераға он жылға жіберіліп отыр ғой, — деді айдауыл келіспей, — ал ол да бір, азаматтық өлім де бір. Бұл сүйкімді жігітіміз —атышулы Хинес де Пасамонте деген болады. Кейде оны Хинесұмпай де Зәбірильо деп те атайды.

— Сеньор комиссар! Тіліңізді тартыңыз, — деп сотталған жігіт сөзге араласты. — Біреудің есімі мен лақап атын сан-саққа жүгіртпеңіз. Мәртебелі мырзаның айтып тұрғанындай, менің есімім Хинесұмпай емес, Хинес, мен Зәбірильо әулетінен емес, Пасамонте әулетіненмін. Біреуге бірдеңе демес бұрын жұрттың өз сықпытына көз салып қойғаны жаман болмас еді.

— Шектен шықпаңыз, сеньор бірінші дәрежелі қарақшы! — деп комиссар оған ақырып жіберді. — Әйтпесе аузыңызды жаптыра қоюым қиын емес.

— Адам не айтпайды, құдай өз дегенінен қайтпайды, деген ғой, — деп құлаққағыс етті қылмыскер, — бірақ, қалай болған күнде де, әйтеуір менің есімім Хинесұмпай Зәбірильо ма әлде басқа ма, арада бірқатар уақыт өткенде оның бірқатар адамға бек жақсы мәлім болары кәміл.

— Ау, сені жұрт солай атамаушы ма еді, алаяқ-ау? — деп айқайлап жіберді айдауыл.

— Атағандарынша атар, сосын ауыздарын жабар, — деп жауап қатты Хинес, — керісінше жағдайда, атын айтуға қолайсыздау жерлеріндегі жүнін бір талдап жұлып берем. Сеньор кавальеро! Бізге бірдеңе беріп жарылқамақ ойыңыз болса, беріңіз де жөніңізді табыңыз, әйтпесе бөтен біреудің күйкі тіршілігіне деген әдепсіздеу әуесқойлығыңызбен бізді әбден ығыр қылдыңыз. Егер сізді менің өмірім қызықтыра қалса, онда біліп қойыңыз, мен Хинес де Пасамонте деген болам және ғұмыр жолымды өз қолыммен жазып шыққан адаммын.

— Онысы рас, — деп қоштады комиссар, — бұл шынымен-ақ өз өмірбаянын жазып шықты және өте жақсы етіп жазды, бірақ кітабы екі жүз реал кепілдігін күтіп түрмеде жатыр.

— Тіпті екі жүз дукат талап етсе де, бәрібір оны қайтарып алмай қоймаймын, — деп нықтады Хинес.

— Соншалықты жақсы кітап па еді ол? — деп сұрады Дон Кихот.

— Жақсылығы сонша, — деп жауап қатты Хинес, — Тормес жағасында өскен Ласарильо мен осы тақырыпта жазылған және болашақта да жазыла жататын басқа кітаптардың бәрі де онымен салыстырғанда түкке алғысыз боп көрінеді. Осы сөзіме сеніңіз, асыл текті мырзам, онда жазылғанның бәрі шындық, бірақ қызықтылығы мен тартымдылығы сонша, ойдан шығарылған оқиғалардың ешқайсысы онымен шендесе алмайды.

— Кітап қалай аталады? — деп сұрады Дон Кихот.

— Хинес де Пасамонтенің өмірі, — деп жауап қатты қылмыскер жігіт.

— Ол өзі аяқталған кітап па? — деп сұрады Дон Кихот.

— Ау, өз өмірім аяқталмайынша, ол қалай аяқталмақшы? — деп наразылық білдірді Хинес. — Оны жарық дүниеге келген күнімнен бастағам, сөйтіп соңғы рет галераға жіберілген сәтіме шейін жеткізіп үлгергем.

— Ендеше, онда бұрын да бір болып қайтқансыз ғой, шамасы? — деді Дон Кихот.

— Өткен жолы мен онда құдай мен корольге төрт жыл қызмет еткем, — деп жауап қатты Хинес. — Сондықтан мені тағы сонда аттандырғандарына онша көп өкінгем жоқ — ол жерде кітабымды аяқтауға уақытым болады. Өйткені, маған әлі көп нәрсе жайында айтуға тура келеді ғой, ал испан галераларына тап болғандар уақытын қайда жұмсарды білмей әуре; бірақ, ақиқатын айтқанда, жазбаларым үшін соншалықты көп уақыттың қажеті де жоқ: бәрі көңілде сайрап тұрған жайлар ғой.

— Жылтырлау жігіт екенсің, байқағаным, — деді Дон Кихот.

— Әрі бақытсызбын, — деп қосып қойды Хинес. — Бақытсыздық дарынды жандардың қасынан қалмай еріп жүреді.

— Бақытсыздық сұрқиялардың соңынан еріп жүреді, — деп түзетті оны комиссар.

— Сізге тіліңізді тартыңыз деген болатынмын, сеньор комиссар, — деп Пасамонте қайтадан қызына сөйлеп кетті. — Бастықтар қолыңыздағы жезлді бізді, сормаңдайларды, жәбірлесін деп бермеген шығар, керісінше, корольдің өзі белгілеген орынға аман-сау апарып орналастыру үшін берген шығар. Әйтпесе, басымды бәске тігуге бармын… жә, қарғанып қайтем, күндердің күнінде тышқанның көрген тауқыметі мысықтың да басына туатын шақ болар. Жарайды, әзірше көп сөзді қояйық, бір-бірімізге ілтипатпен қарайтын болайық, сөйлегенде одан да ілтипатты бола түсейік; ал енді жолға шығайық: бос былшылмен осынша уақытты босқа өткізгеніміз де жетер.

Қылмыскердің қоқан-лоққысы ызасын келтірген комиссар оны қолындағы жезлмен ұрып жібермекке ұмтылып еді, бірақ Дон Кихот Пасамонтені қалқалап тұра қалды да, қол-аяғы шырмаулы адамның тіліне азды-кем ерік бергенінен келіп-кетер дәнеңе жоқ дегенді желеу етіп, оған жәбір көрсетпей-ақ қоюын өтінді. Сосын тізбекте тұрғандардың бәріне бағыштап былай деп үн қатты:

— Маған айтып берген әңгімелеріңнен, қадірменді бауырларым, мынадай ой түйдім: жазықсыз жапа шеккен ешқайсың жоқ екен, алайда өздеріңді күтіп тұрған жазаны ұнатып тұрғандарың да байқалмайды, оны өтеуге амалдың жоқтығынан бара жатырсыңдар және әсте де өз еріктеріңмен бара жатқан жоқсыңдар. Осындай күйге жетулеріңе және өздеріңді өздерің ақтап ала алмауларыңа біреуіңнің азаптау кезінде шыдамсыздық көрсетуің, екінші бір жағдайда ақша болмауы, тағы біреуіңді құтқарып алатын адам табылмауы, ақыр аяғында соттың теріс үкім шығаруы себепкер болуы әбден ықтимал. Осы жағдайдың бәрі көз алдыма ойша елес беріп, құдіретті күштің маған бұл өмірді рыцарьлық салтын қабылдап, билік иелері жәбір көрсетіп, қуғынға ұшыратқандарды қорғауға ант қабылдауым үшін бергенін өздеріңе дәлелдеуім қажеттігіне көзімді жеткізіп тұр, соған үгіттеп тұр, тіпті, ашығын айтайын, итермелеп тұр. Алайда, даналықтың бір нышаны — келісуге болатын жерде күш көрсетпеу екенін білетіндіктен, күзетшілер мен комиссар мырзаларға бір өтініш білдіргелі тұрмын, дәлірек айтқанда: сендерді бұғаудан босатып, жөндеріңе жіберуді сұрамақпын, өйткені, корольге бұдан әлдеқайда тәуірлеу жағдайда қызмет етуге ынталылар қашан да табылады, ал жасаған иеміз бен табиғат-ана бостандықта ғұмыр кешу үшін жаратқан жандарды құлдыққа салу деген менің ұғымымша шектен тыс қаталдық саналады. Оның үстіне, айдауыл мырзалар, — деп Дон Кихот сөзін әрмен жалғады, — бұл міскіндердің жеке бастарыңа жасаған ешқандай жаманшылығы жоқ. Әркім өз кінәсі үшін өзі жауап тартсын. Аспанда құдай бар, ол ештеңені қалт жібермейді: зұлымдықты жазалап, ізгілікті жарылқап отырады, ал ақ ниетті жандардың өз бауырларының жендетіне айналғаны жарасымсыз нәрсе және ондай іспен айналысуға мұқтаждық та жоқ. Мұның бәрін сендерге байыппен, байсалды түрде әңгімелеп отырмын, өйткені өтінішімді орындасаңдар осыны өздеріңе айтар алғысыма арқау еткім келеді. Ал, егер бұл өтінішімді өз еріктеріңмен орындамасаңдар, онда мына найза мен семсер және білегімнің бұлшық еті сендерді соған күшпен мәжбүр етеді.

— Ау, осындай да қалжың бола ма! — деп дауыстап жіберді комиссар. — Мына мәнжубас не деп тұр өзі! Құдды бір біздің босатуға, ал өзінің тиісті жарлық беруге қақы бар адамша, король басыбайлыларын босатып қоя бер деп тұр ғой мынау! Шамалаңыз, жарқыным, басыңыздағы легенді түзеп киіп алыңыз да жөніңізді табыңыз, сонан соң, сеньор, текке арамтер болғанды қойғаңыз абзал.

— Сенің өзің текке арамтер боп жүрме, сұрқия! — деп айқайлап жіберді Дон Кихот.

Соны айтып, көп ойланып жатпастан, аса бір әбжілдікпен комиссарға тап берді, қорғанып та үлгеруге мұршасы болмаған анау дұшпанының найзасына түйреліп жерге топ ете қалды; бұл Дон Кихот үшін сирек кездесетін сәттілік болды, өйткені тек комиссар ғана мушкетпен қаруланған еді. Мына күтпеген оқиғадан айдауылдар қатты абыржып, аңтарылып қалған болатын; бірақ тез арада оңалып, аттылысы семсерін, жаяулары найзасын оңтайлап бәрі бірігіп Дон Кихотқа тұра ұмтылды, — Дон Кихот болса, былқ етпей сабырмен тосып тұрды; егер бостандыққа қол жеткізер сәт туғанын сезе қойған қылмыстылар соны пайдаланып қалуға жан салып, бір-біріне қозыдай көгенделген шынжырды үзуге кіріспегенде Дон Кихоттың жағдайы онша жақсы бола қоймайтыны анық-ты. Адам түсініп болмайтын аласапыран басталды: айдауылдар біресе шынжырды үзіп жатқан қылмыскерлерге қарай жүгірді, біресе өздеріне қайта-қайта төніп келе берген Дон Кихотты жасқап әлек болды — әйтеуір еш пәтуалы іс тынбады. Санчо өз тарапынан Хинес де Пасамонтенің босап шығуына көмектесті, сөйтіп бұғаудан алғаш боп құтылып, бостандық алған ол жүгіріп барып жаралы комиссардың шпагасы мен мушкетін қолынан жұлып ап, айдауылдарды біресе шпагамен түйреуге талпынып, біресе оларды нысанаға іліктірмек боп әрекеттеніп бақты; бірақ ақыры оқ ата алмады, өйткені бұл нысана іздей бастаған сәтте-ақ майдан алаңы қаңырап бос қалған-ды: айдауылдар бір жағынан Пасамонтенің мушкетінен қорқып, екінші жағынан бұғаудан босаған қылмыстылардың қарша бораған тас кесектерінен бас сауғалап тым-тырақай қаша жөнелген болатын. Бұл оқиға Санчо Пансаның көңілін жабырқатып қойды, өйткені ол қашып құтылғандардың болған жайды Қасиетті ағайындыққа барып мәлім қылатынын, олардың дабыл қағып, қылмыскерлерді іздеуге қолма-қол аттанатынын қауіп етіп еді. Осы қауіпін ол Дон Кихотқа баян қылып, бұл арадан мүмкін болғанынша тезірек қараны батырып, жақын маңайдағы таудың арасына барып жасырынуға кеңес берді.

— Жарайды, жарайды, қандай шара жасау керегін өзім білем, — деді Дон Кихот.

Одан соң ол каторгаға кесілгендерді түгел жанына шақырып алды, ал бұл кезде комиссарды түгін қалдырмай тонап алған олар, айнала-маңайға шашырап кеткен-ді; не айтар екен деп күткен қылмыстылар Дон Кихоттың төңірегіне топырласты, ал анау оларға мына тұрғыда әңгіме айтты:

— Тәрбиелі жандар өздеріне қызмет қылған адамға тиісінше қарымта қайтаруға тиіс, өйткені күнә атаулының ішінде жаратқан иеміздің ашуына әсіресе қатты тиетіні — жақсылықты білмеушілік. Мұны айтып тұрған себебім, сендер, сеньорлар, өздеріңе қызмет қылғаныма өз тәжірибелерің арқылы көзбе-көз куә болдыңдар. Сөйтіп, енді сендерге айтар тілегім, — және мұны өздеріңе міндет қылып та тұрмын, — осы жақсылығымның өтеміне әлгінде өзім босатқан бұғауларыңды қайта киіп, қазір қолма-қол аттанып кетіңдер де, Тобосо қаласына жеткен соң, сеньора Дульсинея Тобосскаяның алдына барып оған өз рыцарының, яғни Қайғылы Бейне Рыцарының, сәлемін айтып, осынау ғажайып шытырман оқиға жайында, арман еткен бостандықты қалай алғандарың жайында егжей-тегжейлі баян етіңдер. Одан соң қайда барғыларың келсе сонда, қалаған жақтарыңа кете берулеріңе болады.

Барлығы үшін Хинес де Пасамонте жауап берді.

— Мейірімді мырза, әміршіміз әрі құтқарушымыз, бізден қолдан келмейтінді талап етіп тұр, — деді ол, — өйткені, бізге топырлап жолды бойлап жүруге болмайды, біздің бөлек-бөлек және жеке-дара жылыстауымыз керек, шындығын айтқанда, Қасиетті ағайындықтың көзіне түспес үшін жердің жарығы болса, тіпті соған кіріп кеткеніміз де артық етпес еді, ал аталмыш ағайындықтың ендігі соңымыздан қуғын шығарып қойғанына да күмән жоқ. Одан да сіздің, тақсыр, — ең дұрысы да осы, — Дульсинея Тобосскаяға тағзым етудің орнына “Құдай-ананы” немесе “Сенемін” дұғаларын қанша рет болса да оқуға әмір еткеніңіз жөн болар еді және бұларды өзіңізді еске ала отырып оқыр едік, — міне, осы тапсырманы күндіз де, түнде де, қашып бара жатқанда да, тынығып отырғанда да, мамыражай мезгілде де, майдан қызған шақта да орындауға әбден болады. Ал, енді бізді жұмақтың рақатын қайта көреді-ау, яғни шынжырларын қайта киеді-ау, сосын Тобосоға баратын жолмен борсаңдап тартып кетеді-ау деп ойлау да бір, тап қазіргі кезді тас қараңғы түн деп ойлау да бір, шын мәнінде қазір әлі таңертеңгі сағат он да бола қойған жоқ, сондықтан бізге мұндай өтініш айту шегіршіннен алмұрт іздеумен бірдей шаруа.

— Олай болатын болса, ант етем, — деп ашулана айқайлап жіберді Дон Кихот, — сіз, дон Хинесұмпай де Жәбірильо ма әлде басқамысыз, жексұрын найсап, сол жаққа құйрығыңызды қысып және барлық шынжырды арқалап жалғыз өзіңіз баратын боласыз!

Пасамонте айта қаларлықтай сабыр иесі емес-ті, оған қоса Дон Кихоттың дәнекүс біреу екенін байқап та үлгерген, өйткені ондай болмаса есерсоқтық жасап бұларды құтқармас еді; сөйтіп, өзіне қандай құрмет көрсетіліп жатқанын көрген ол жолдастарына көзін қысып қалды, содан соң бәрі шегіншектеп кетті де, іле-шала Дон Кихотқа кесекті жаңбырша жаудыра бастады: оның тіпті қалқанмен қорғанарлық та мұғдары болмады, ал бейшара Росинант болса, ағаш атқа айналғандай шпормен қанша тебінсе де былқ етпей қойды. Санчо есегінің тасасына тығылып, бұршақтай жауған кесектен соны қалқалап жан бақты: тас кесек екеуіне бірдей борап жатқан-ды. Дон Кихоттың қалқасы ойдағыдай емес-ті, бірнеше тас дәл кеп тиді және қатты тигені сонша, аттан қалай ұшып түскенін білмей қалды; құлап түскен бойда оған студент жетіп келіп үстіне атша мініп алды да, басындағы легенін жұлып ап, сол легенмен Дон Кихотты арқасынан үш-төрт рет соғып-соғып жіберді, одан соң легенді сонша рет жерге ұрып, қиратып тастай жаздады. Бұдан кейін қылмыскерлер Дон Кихоттың сауыт сыртынан киіп жүрген шолақ кафтанын шешіп әкетті, шұлығын да шешпекші еді, бірақ оған тізеқаптары бөгет болды. Сондай-ақ, олар Санчоның жадағайын сыпырып алды, сөйтіп оның түгін қалдырмай тонаған және басқа да олжаларын өзара бөліске салған қылмыскерлер шынжырларын қайта тағынып Дульсинея Тобосскаяға аттанудан гөрі, Ағайындық құрығына ілініп қалмауға көбірек алаңдаушылық білдіріп, бет-бетіне бытырап кетті.

Ол жерде тек есек пен Росинант, Санчо мен Дон Кихот қана қалды. Көңілсіз ойға беріліп, тымырайған есек құлақ түбінен ызыңдаған тас кесек нөсері әлі тоқтау таппағандай көріп құлағын деміл-деміл қайшылап қояды; тастың бірі құлатып түсірген Росинант қожайынының қасында тырайып жатыр еді; анадан жаңа туғандай жалаңаш Санчо Қасиетті ағайындықтың келуін күтіп үрейден дірдек қағып тұрған, ал Дон Кихот болса, соншалықты көп жақсылық жасаған адамдарының өзіне осынша жәбір көрсеткеніне қатты жабырқап қалған-ды.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close