ҚАСҚЫР МЕН ЕГІНШІ
Бір қасқыр тамақ іздеп келе жатып, құрулы тұрған қақпанға түсіп қалады. Олай жұлқынып, бұлай жұлқынып зорға құтылады. Қашып бара жатқанында оны аңшылар байқап қалып, соңынан тұра қуады. Қасқыр сасқалақтап бір егіншіге келіп жайын айтады:Қайтсең де мені құтқар, жақсылығыңды еш ұмытпаспын, мені қабыңа салып, жасыра тұр,- дейді.
Қасқырдың мүшкіл халін көрген егінші оны қапқа салып алып, арқалап жүре береді. Кешікпей, мылтық, қылыштарын жарқылдатып аңшылар жетеді. Қашып бара жатқан қасқыр көрмедің бе? – деп сұрайды олар. Жаңа бір қасқыр анау шоқыдан әрі асып кетті, тезірек ұстаңдар,- дейді. Аңшылар ұзаған соң егінші қаптың аузын шешіп, қасқырға «жөніңе бар, кейін маған бір жақсылық етерсің» дейді. Қасқыр қуанып секіріп шығып, егіншіге: Мен сені жеймін, қарным аш, — деп тап береді. Егінші байғұс сасқалақтап: Әй, қасқыр, мұның қалай, мен сені өлімнен құтқардым ғой? Жақсылыққа жамандық ете ме екен? Олай болса төрелігін біреуден сұрайық, қайсымыздікі жөн екен,- дейді. Екеуі керісіп тұрғанда бір жақтан қаңғалақтап түлкі келеді. Бұлар түлкіге оқиғаны бастан-аяқ айтып береді. Түлкі: Жоқ сөзді айтпаңдар, менен басқа біреу естісе күліп жүрер. Дорбаға үлкен қасқыр сыйды дегенге нанбаймын, барып тұрған өтірік,- дейді. Қасқыр мен егінші «бұл рас» деп керісіп болмайды. Түлкі қасқырға: Қапқа кіріп көрсетпесең, сенбеймін,- дейді. Қасқыр оны сендірмекші болып қапқа кіргенде, түлкі егіншіге: Байла қаптың аузын, енді қимылдайтын кезің келді. Күзде егінді қалай орып жүрсің? Кәне, көрсетші маған, — дейді. Егінші құралын алып, қасқырды ұра бастайды. Біраздан соң түлкі: Егінші, енді қаптың аузын аш, — дейді. Сонда қасекең атып шығып, алды-артына қарамай зыта жөнеледі. Артынан түлкі:Көптен бері тапқан бір әдісім еді, — деп сақ-сақ күліпті. Сөйтіп, егінші байғұс түлкінің айласымен ажалдан құтылыпты.