ҚАЗАҒЫМНЫҢ ҮНІ СЕНСІҢ ДОМБЫРА
Назарбаев Зияткерлік мектептері Тұңғыш Президент күнін дәстүрлі «Ұлы дала мұрагерлері» домбырашылар марафонынан бастады. Бүгін еліміздің барлық қалаларында, NIS-тің ұйымдастыруымен халқымыздың атақты күйлері орындалды.
Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі желілік марафонды мегаполистегі «RIXOS KHADISHA» бес жұлдызды қонақ үйінің атриумында өткізді. Интелектуалды мектептің домбыра үйірмесіне қатысатын 40-қа жуық оқушысы Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», Дәулеткерей Шығайұлының «Қосалқа», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» және халық күйлері «Қара жорға», «Келіншекті» орындап, қала тұрғындарын мерекемен құттықтады.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін “Ұлы Дала Мұрагерлері” іс-шарасының мақсаты: тарихи-мәдени дәстүрлерді қайта жаңғырту мен дамыту, ұмыт болған күйлерді еске салып, халық арасында таралған күйлердің тарихын насихаттау. Халқымыздың баға жетпес қазынасы – күйді дәріптеп, күйшілік дәстүрдің мән — мағынасын түсіндіру.