СЫҢҒЫРЛА, СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ!
Түркістан облысы, Ордабасы ауданы С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектебінде 11 жыл бойы тәрбие мен білім нәрін бойына құйып, ұстаздарынан тәлім алып, балалық шағын алаңсыз өткізген жас түлектердің мектебімен, әліппеден бастап өмір заңдарына дейін үйреткен ұстаздардың шәкірттермен қоштасу мерекесі карантиндік талаптарды орындай отырып 11 сыныптар үшін ашық алаңда өткізілді.
Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп қабырғасын имене аттаған ұл — қыздарымыз ойы толып, бойы өсіп, алтын ұя мектебімен қоштасты.
Бұл күн – мектеп тарихында, мектеп бітіруші түлектер есінде мәңгі өшпесі анық.
Биылғы оқу жылында мектепте жалпы оқушылар саны — 1397. 1- 10 сыныптар үшін карантиндік талапты сақтай отырып 1325 оқушы сыныптарында «Сыңғырла, соңғы қоңырау» атты тәрбие сағаттары өткізілді. Оның ішінде 72 жас түлек мектеп қабырғасынан ұшқалы тұр..
Іс-шара ҚР мемлекеттік Әнұранымен басталып, алғы сөзін мектеп директоры Омаш Сауле Шапайқызы алып, жас түлектерге ыстық лебізін білдіріп, алдағы ҰБТ-ке және өмірде өз орындарын табуда, бір-бір мамандық иесі атануына тілектестігін жеткізді. Шара барасында жас түлектерге Ордабасы аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінен келген Реңібаева Сабира, сонымен қатар екінші анасындай болған сынып жетекшілері, ардагер ұстаздар сөз сөйлеп, нәтижелі жұмыс көрсеткен пән мұғалімдеріне өз алғыстарын білдірді.
Оқушылардың да ұстаздарына деген алғысын, тілектерін көзге жас алып жеткізді. Өз өнерлерін көпшілік қауымға тарту етті.