ТҮЛЕКТЕРГЕ КӘСІБИ БАҒЫТ-БАҒДАР БЕРДІ
Бүгінгі түлек — ертеңгі маман. Сол себепті олардың ой-өрісін дамытуды, дұрыс мамандық таңдауына жол көрсету ата-ана мен мұғалімнің жауапкершілігіндегі іс. Ұстаздар қауымы да осы мақсаттағы жұмыстарды қолға алып келеді.
Ордабасы ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің жұмыс жоспарына сәйкес, мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағыт-бағдар беру мақсатында аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандарымен кездесу өткізілді. Кездесу барысында оқушылар өздерінің сұрақтарын қойып, мамандардан кеңестер алды. Ауданды көріктендіру, әдемі ғимараттар салу бір ғана адамның қолындағы дүние емес, бүкіл бір ұжымның жұмысы болмақ.
Бұдан соң оқушылар аудандық орталық емхана мамандарымен де жүздесіп, болашақ дәрігерлік мамандық туралы өздерінің ойында жүрген сауалдарын айтып, қызу пікірталас болды.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары медицина саласына жоғары оқуға түсіп жатқан жастардың қатары артып келеді. Әйтсе де әр мамандықтың өз қызығы мен қиыншылығы бары белгілі. Өз ісіне ынты-шынтысымен берілген адам ғана сол салада қиындықтарды жеңіп, үлкен жетістіктерге жете алады. Ақ желеңді абзал жандар шәкірттерге осыны ұғындыруға тырысты.