Білім

ТЫҢ ТАҚЫРЫПТАҒЫ ТАҒЫЛЫМДЫ ІСШАРА

Қашанда игі істерге, тағылымды ісшараларға ұйытқы болып, оның өз деңгейінде өтуіне баса көңіл бөлетін апайымыз «Аяна» балабақшасының құрылтайшысы, Шұбар ауыл округі әйелдер кеңесінің төрайымы Сейдана Қошқарқызының бастамасымен «Жарымның анасы — жанашырым!» атты ісшарасы өтті.

«Аяна» балабақшасының тәрбиешілері ұлттық нақыштағы ою-өрнектелген киімдерді киіп, сахнаның ажарын кіргізді. Салт-дәстүрімізді айшықтайтын көріністер қойып, тамаша өнерлерімен келушілердің ыстық ықыласына бөленді. Аяулы аналардың құрметіне арнап әсем әнмен шашу шашты.

Арнайы түсірілген бейнебаянда балабақшаның тыныс-тіршілігі көрсетіліп тұрды.

Мектеп алды даярлық тобының қыздары апа-әжелеріне би билеп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Ал балабақшаның саз жетекшісі Әділ Тұрарбек ініміз «Сәби көңілім», «Ақ босаға» әндерін шырқап аналардың зор қошеметін алды.

Мерекелік ісшараға арнайы шақырылған Ордабасы аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлия Тайтелиева, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі ата-аналар кеңесінің төрайымы Шәркүл Әзімбаева, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Гаухар Қабылбекова, ауданның Құрметті азаматы Рымкүл Ертаева, Шұбар ауылының тұрғыны қажы Зереш апамыз, Шұбар ауылдық емханасының бас дәрігері Күланда апай, Тоқсансай ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Рахат апай, ауылдық әкімшіліктің өкілдері ісшарадан алған әсерлерімен бөлісті. «Бұл ісшара отбасындағы ана мен қыздың, ене мен келіннің ынтымағын арттыруға көзделген екен. Тәрбиешілердің көрсеткен қойылымдарынан көп нәрсені түюге болады. Озық салт-дәстүрімізді сақтай білейік. Осы игі істің басы-қасында жүрген Сейдана апайға және балабақша ұжымына мың алғыс. Ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынас әдемі көрініс тапқан. Осындай тың тақырыптағы тағылымды ісшараларыңызбен таныла беріңіз. Тек сәттілік тілейміз!», — десті келген қонақтар.

 

«Сыйлық адамдардың арасын жақындастырады» дегендей, ісшара соңында аналарға, әжелерге иықтарына ақ жаулық жабылды.

Қорытынды сөзінде балабақша құрылтайшылары Әбутәліп Монтайұлы мен Сейдана Бедебаева көпшілікке алғысын айтты. Аудан, ауыл әкімшілігі тарапынан жер мәселесі шешімін тапса, Шұбар ауылында бастауыш мектебін немесе оқу орталығын ашсақ деген ізгі ниеттерін де білдірді. Ісшараның жақсы өтуіне атсалысқан барша тәрбиешілерге ризашылығын жеткізді. Осы тақырыптағы ісшаралар басқа ауыл округтерінде жалғасын табады деп сенім білдірді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close