ҮЗДІКТЕРДІ ТӘРБИЕЛЕГЕН МЕКТЕП
Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов тамыз конференциясында білім саласы қызметкерлеріне оқушылардың білім сапасын арттыруды, ұстаздардың өз білімін жетілдіруде үнемі ізденісте болуын және кәсіби тұрғыдан жан-жақты дайындалу керектігін жүктеген болатын.
Бүгінгі оқушы – ертеңгі қала тұрғыны екенін ескерсек, шаһарда жастайынан білім мен ғылымға, мәдениеттілікке ден қойып, бәсекеге қабілетті ұрпақ өсіру маңызды міндет. Осындай дарынды балаларды тәрбиелеп, білім мекемесін қалада озық деңгейге жеткізген ұстаздың бірі – Арман Орымбаев. Бүгінде ол №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептің директоры, әрі тарих пәнінің мұғалімі қызметін атқарады.
2012 жылы Асар шағын ауданындағы №90 мектептің басшылық тізгінін қолға алғаннан қазірге дейін білім ордасынан 60 «Алтын белгі» мен 40 «Үздік аттестат» иегері шықса, 9-сынып оқушыларының 60-ы «Үздік аттестат» алған. Сондай-ақ, аталған мектептің 700 түлегі Мемлекеттік Грантты иеленген. Мұндай жоғары көрсеткішпен №90 мектеп-гимназия қаладағы ең үздік мектеп қатарына енді.
Алғаш ашылғанда, «орта мектеп» деңгейіндегі білім ордасы айтулы жетістіктер нәтижесінде 2020 жылы «мектеп-гимназия», ары қарай «дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы» мәртебесіне көтерілді.
А.Орымбаевтың өзі 15 жасында мектеп бітіріп, 19 жасында ЖОО-ны аяқтаған. Ұстаздар династиясының өкілі бүгінде шебер педагог, педагогика ғылымының магистрі, Қазақстан педагогикалық академиясының профессоры. Ол 2019 жылы еліміздің «Үздік педагог» байқауының 10 финалисінің құрамына кірсе, 2020 жылы TEACHER PRIZE KAZAKHSTAN ұйымдастырған «ӘЛЕМ МҰҒАЛІМІ-2020», «ӘЛЕМ МҰҒАЛІМІ -2021» әлемдік жүлделерінің іріктеу кезеңдеріне қатысты.
Биыл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҰСТАЗЫ» құрметті атағын тұңғыш рет иеленген ұстаз Арман Орымбаев болатын.
«Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Шымкент қаласының «Үздік мектеп директоры» номинация мен «Білім саласының үздігі», ОҚО «Үздік ұстаз -2009», Шымкент қаласында «Үздік ұстаз-2007» және «Үздік жас ұстаз-2006» номинацияларының жеңімпазы. Арман Шымбайұлының «Қазақстан тарихы» пәнінен шығарған 20 авторлық оқулық, оқу-әдістемелік құралдарын еліміздің ұстаздары пайдаланып келеді.
Алғаш еңбек жолын бастаған 1997 жылдан бүгінге дейін қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық пән олимпиадалары, ғылыми жоба, түрлі байқауларда 150-ден астам оқушысы жүлделі орындарға ие болған.
Шымкенттің білім көрсеткішін арттыру – стратегиялық мақсат ретінде қарасақ, басты капиталы – ол адам. Шаһарда жаңа сипатта ойлайтын, білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақты тәрбиелеу жұмысы айқындалып, адам капиталын арттыру міндеттелген.