ЖАС ҰРПАҚ — АДАЛДЫҚТЫҢ ДІҢГЕГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУШЫ
Жең ұшынан жалғасқан қоғамдық кеселдің алдын алу және оның жолын кесу — бүгінгі күні мемлекет саясатының басым бағыттарының біріне айналып отыр. Бұл ретте, өңірімізде бармақ басты, көз қысты әрекеттерді жою бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті өскелең жас ұрпақтың тұла бойында адалдық пен парасаттылық қасиеттерін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Атап айтсақ, 2019 жылдың 2 қыркүйек күні жалпы республика көлемінде бастау алған «Адалдық сағаты» әлі күнге дейін өз маңызын жоғалтпай келеді. Бұл бағытта білім беру мекемелері жас буынның бойында әділдік, парасаттылық құндылықтарын дарыту мақсатында жиындар өткізуде.
Осы орайда, Н.Оразбаев атындағы жалпы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Балжан Айтбаева 6-сынып оқушыларымен «Адалдық – ардың ісі» тақырыбында тәрбие сағатын өткізді.
Шараның негізгі мақсаты — білім алушыларды мәдениеттілік пен парасаттылық, адалдық, әдептілік құндылықтарына тәрбиелеу және ар тазалығы мен адамгершілік құндылықтарын жастар арасында кең көлемде жаңғырту.
Игі шараға оқушылар белсенді қатысып, қоғам індеті туралы көрініс қойды. Екі топқа бөлініп, сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету бойынша ұсыныс-пкірлерін ортаға салды.
«Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық», — деп қорытындылады Б.Айтбаева тәрбие сағатын.
Сәуле КӨЛБАЕВА,
Н.Оразбаев атындағы жалпы орта мектебінің кітапханашысы.