ШЫМКЕНТТЕ ӨКПЕСІНІҢ 96% ҚАБЫНҒАН НАУҚАС ЖАЗЫЛЫП ШЫҚТЫ
Шымкентте вирустан өкпесінің 96 пайызы зақымдаған науқас жазылып шықты. 52 жастағы қала тұрғыны Құрманғали Оразбаев 11 қыркүйек күні өте ауыр хәлде Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жедел жәрдем қызметімен жеткізілген. Науқастың жағдайы ауыр болғандықтан, дәрігерлер оны бірден жансақтау бөліміне жатқызады.
52 жастағы азаматтан коронавирус инфекциясы анықталып, өкпесінің 96 пайызы зақымдалғаны белгілі болды. Бұған қоса науқас өздігінен демала алмағандықтан, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Дәрігерлер хаттама бойынша толық ем көрсетіп, антикоагулянтты және антибактерильдық терапия бойынша көмек көрсеткен.
Он күннен аса жансақтау бөлімінде ем алған науқасты дәрігерлер жағдайы жақсарған соң бөлімшеге ауыстырған. Науқастың қазіргі жағдайы жақсы. Өздігімен тыныс алуда. Тыныс алу жиілігі жақсарған дейді дәрігерлер.
Жазылып шыққан ер азамат «жаман ауруға шалдығып, ауыр халде ауруханаға түстім. Менің өмірім үшін аурухананың бас дәрігерінен бастап, барлық медицина қызметкерлері барынша күресті» — деп ақ халатты абзал жандарға алғысын білдірді.
Денсаулығы жақсарған азаматты дәрігерлер бүгін үйіне шығарды.