ТІЛІКСІЗ ОТА ЖАСАЛДЫ
Шымкент қаласындағы онкологиялық орталықта бірегей ота жасалды. Дәрігерлер тұңғыш рет қалқанша безінің қатерлі ісігін тіліксіз алды.
Ота жасалған 49 жастағы науқаста бірнеше жыл бұрын қалқанша безінің үстінде ісік пайда болған. Жыл өткен сайын бұл ісік үлкейіп, жұтыну мен тыныс алуды қиындатқан.
Онкохирургтар операция барысында қалқанша безіндегі ісікті эндовидеохирургиялық әдіспен алды. Дәрігерлердің сөзінше, науқастың қазіргі жағдайы жақсы. Бір-екі күнде ауруханадан шығаруды жоспарлап отыр.
Бұған дейін мұндай ота онкологиялық орталықта ашық әдіспен жасалынып келген болатын. Мамандар эндовидеохирургиялық әдіспен жасалған операциялардың ашық тіліктен қарағанда артықшылығы көп екенін айтады. Операциялардан кейінгі асқынулар өте сирек кездесіп, ауырсынуды басатын дәрі-дәрмектерге мұқтаждық болмайды. Ең бастысы мұндай ота тіліксіз жасалғандықтан мойында тыртық қалмайды.
Осы операцияның Онкологиялық орталықта күнделікті тәжірибеге енуіне ат салысқаны үшін «Sofie Med» клиникасының хирург дәрігері Мухамеджан Нургазиевка орталық әкімшілігі алғысын білдіріп отыр.
Дәрігерлер алдағы уақытта мұндай операциялардың үлесін арттыруға ниетті.