ӘЙТЕНОВТЫҢ “АФЁРАСЫ”
Үшінші қаланың бірінші басшысы қаңтардан бері халықпен кездескен сыңай танытуда. Цифрлар жазылған қағаздарын қолтықтап, түсініксіз статистикаларын аузы көпіріп айтып жүр. Бірақ сөз бен ісі сәйкес келмей жатқандай. Әйтенов іскер болса бүтін бір шағын ауданды кәсіпкердің қас-қабағына қаратып қоймас еді.
Достық шағын ауданының жарығын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын кәсіпкер осы.
Қит етсе, халықты қорлап үйренген Ержан Баймағанбетов биліктен өзіне бәле келмейтінін білетіндей. Жергілікті телеарналардың бірінде жарияланған аудиосында трансформатор қожайыны бұған дейін де талай елді-мекенді қан қақсатқанын қымсынбай мойындап отыр. Сонда жыл сайын жарыққа бөлінген қаржы қайда немесе кімнің қалтасына кетіп жатыр?
Жарыққа жауапты басқарма басшысы аталған шағын ауданға электр желісін тарту 2020 жылы аяқталуы керек еді дейді. Бірақ бәрі әдеттегідей. Сылтау көп, нәтиже жоқ!
Құрметті Мұрат Әйтенов мырза! Құрғақ шөппен ауыз сүртіп қашанғы жүрмексіз? Көп сөзден, іске көшетін кезіңіз келді. Білгенін істеп тайраңдаған трансформатор қожайынын тура жолға түсіріп, бұқараның проблемасын шешуге бет бұрыңыз!